Басқы бет / Жарық нұрдың сәулесі / Исхақ Баб Әлейкі Рахма

Исхақ Баб Әлейкі Рахма

Гух емесман, кан емасман, Зіл-золоның зарыман,
Зауқымзапран, Дилхамхасрат, пани пушайманиман.
Әсли Араб, РұхиТүрки, Ахмад Түркистаниман-Құл Қожа Ахмед Иасауий

Хазреті Али-МұхммадХанафия-АбдулФаттах-АбдулЖаппар-Абдул Қаххар-Абд ар-Рахман-Исхақ баб-Харун шайх-Момун шайх-Муса шайх-Исмаил шайх-Хасан шайх-Усман шайх-Умар шайх-Мұхаммад шайх-Ифтихар шайх-Махмуд шайх-Ильяс шайх-Ибрахим, шайх-Құл Қожа Ахмед Иассауий.

Садыр шайх-Қожа Махмуд Данышманд-Сафи ад-дин Урынк Қойлақий-Абд ал-Малик, Абд ал-Али Абд ал-Малик-Аққорғандық қожалар, Абд ал-Али – Бақшайыш қожалар Орта Азияға, оның ішінде Түркістанға келген Ислам дінін орнықтырушы, күнделікті өмір салтына айналып, ертелі-кеш орындалатын шартты амалға асырған алыптың бірі – Исхақ баб ибн Абд ар Рахман ибн Абд ул Каххар ибн Абд ул Жаббар ибн Абд ул Фаттах ибн Мұхаммед Ханафия ибн Али Мұртаза, яғни әлемге ислам нұрын шашқан Мұхаммед Мұстафа саллолоху әлейкі-уассаламның төрт Ұлық халифасының соңғысы Ислам жолындағы жихатта «Исламның қылышы» атағын алған, Ислам ілімінде Мұхаммед (с.ә.у.) іліміне кіретін дарбаза Баб ул-Баб дәрежесін иеленген Хазіреті Әли Мұртаза ибн Абу Талибтің жетінші ұрпағы. Түркістан әлеміне «ислам аша» келгендегі орасан еңбегі үшін Орта Азиядағы түркі қауымы арасында Исхақ ат-Түрк деген құрметті атты иеленген. Демек, жергілікті халықпен берік араласып, күдіксіз тіл табысқандығының арқасында ел де оны өз перзентіндей көріп, бауыр басып кеткен.

Жалпы, адамзат тарихында жаулап алып олжаға бату, ел билігін ұстап жылтырағанды өзіне тартып, қолға түскенді тарихи отаны, өз еліне тасу бар. Бұл дүние талабы – тақ, тәж, атақ мәртебе таласы. «Ислам аша» барған ерлердің талабы мен тілегі сол өздері «ислам ашқан» елде қалып, сіңісіп ел болып кету. Бұл жерде өз тарихи отанына қайту есепте болмаған соң олжа алу есепке кірмеген, қолдағы бар әдебиет пен шежірелерде, жыр-дастандарда, халық ауыз әдебиетінде «пәлен баб пәлен елден осынша олжа алыпты» деген сөз кездеспейді. Өзінің серттен айнымағандығын дәлелдеу үшін Сарай Ом қаласы Шашқа 50 теңге мен бір сыпыртқыны бір жылда бір рет жіберіп тұрған. Айтылған уәде орындалып, белгілі алым уақытында барып тұрған соң, ондағы ел де бұл жақта бейбітшілік екенін біліп тыныш отырған. Ислам жолындағы қауымның басшысы ең алдымен өзін тыйған. Өзі оңай олжадан бір теңге де алмаған соң соңына ерген қауым да ештеңе алмайды, мүмкін бірлі-жарым адам алғысы келетін шығар, бірақ ала алмайды. О басында ислам атты мөлдір бұлақтың көзін ашқан жан Алланың соңғы расулы ештеңе алған емес. Бұл көп заман үрдісі болды. Соңынан сопылық (тасаввуф) деген атау алған бір ілім дүниеге осы өз қолында болып тұрған олжадан өз еркімен бас тарту арқылы, яғни пенде өзін өзі билеу, қадағалау арқылы өзіне талап қоя білу ілімі жүзеге асып келді. Орталық Азия, оның ішінде Түркілер арасындағы сопылық ілімінің басында Исхақ бабтың тұруы арқасынды Түркі әлемінде күндей жарқырап, Ахмет Иасауий шықты. Бірақ оған дейін әлі 400 жылдан аса уақыт бар еді. Сөз басында Исхақ бабтың әкесі Абд ар-Рахман баб дедік. Біздің қолымыздағы дерек көздерінде осылай деп айтады.

Демек, ол солай. Атам қазақ «Халық айтса, қалп айтпайды» дейді.

Исхақ баб пен Абд ул-Жалил бабтар Түркістанға «ислам аша» келген алғашқы толқын емес. Исламды осында тұрақтандыруға келген соңғы толқын. Бұл әзіздер елін, жұртын Алланың разылығы үшін тәрк етіп, осында келіп, осында қалып қойды. Біздің қолымыздағы «Насабнамалардың» негізін құрайтын негізгі нұсқа Исхақ бабтан қалып, он бірінші ұрпағы Сафи ад-дин Орын Қойлақыға жетеді. Демек, Исхақ баб – сауатты жазу-сызуды білген және келешек қамын ойлаған, сол себепті артына хат қалдырған жан. Абд ар-Рахман баб, Исхақ баб, Абд ул-Жалил бабтардың Орта Азияға бастап келген қолдарының ішінде бес адам туба-табин бар еді. Бұл Алла расулының көзін көргенді көрген, яғни үшінші буын, ал Баб бұл төртінші буын. Құран жеке-жеке аят болып түскенімен өз уақытында тез жазып қою арқылы Алланың расулы дүниеден өткен соң көп уақыт өтпей, топталып бір жүйеге келтіріп, кітап етіп шығарды. Ислам діні төрт шартпен жүзеге асады. Ең бірінші негіз деп Құран Алланың кәләмін алады. Екінші негіз – Алланың расулының сүннаты, үшінші, «ижмо» ғалымдардың ортақ бір пікірге келіп шығарған пәтуасы. Төртінші, ақылға қияс, яғни алдыңғы үш жолға залал келмейтін етіп ақылмен істелген амал. Исхақ баб Түркістанға келгенде бұл ел исламнан хабардар, ел арасында ұстанған, тұтынған адамдар бар еді. Бірақ тиянақты, тұрақты түрде ислам жамағаты болмауы мүмкін. Себебі, біздің қолымыздағы дерек көздерінде «Түркістанда, Сарай Омда Исхақ баб бірінші болып Әдина (Жұма) мешітін салды. 3500 алтын ақша қаражат жұмсады» деп ашық айтады. Исхақ баб бастап келген соңғы жорыққа дейін бұл маңда жамағат мешіті тек Самарқандта ғана болды. Мешіт болмаған соң жамағат та болмады. Демек, бірінші ислам жамағатын Орта Азия мен Түркістанға тұрақтандырып жолға қойған осы үш ағайынды – Абд Рахым баб, Исхақ баб, Абд ул-Жалил баб. Осы тарихнаманың өң бойында баяндалған оқиғалардың тағдырын шешетін көп жайды өз орнына қоятын бір мәселе бұл – Насабнамадағы үш бабтың араб елінен Ажамға жолға шыққан уақыты мен Шаш, Сарай Ом, Баршынкент, Қашқарға келген кезі. Бұл пікірдің шындық екенін жақын уақытта Жизақ қаласынан табылған шежіре дәлелдеп берді. Бұл шежіреде үш бабтың Мысырдан шыққан уақытын «хижраттың 100-ші жылы еді» дейді. Осы кезеңде Мауеренаhр жерінде Исхақ ат түрк атты бір адам Абу Муслим ілімін жақтап жүрді. Исхақ ат-түрк осы күнгі Қаратауда жатқан Баб-ата, біз айтып отырған үшеуі – бір-ақ адам. Исхақ бабтың Абу Муслим ілімін, дәлірек айтсақ, ұстанған жолын насихаттап жүруіне негіз болған жай Абу Муслимнің заманында «ислам аша» келгендер жергілікті халықтан алым салық алған жоқ. Алғаны өте аз, мардымсыз еді. Жергілікті халықтың әдеп-ғұрып, салт-санасына қарсы болған жоқ. Тек Аллаға шек келтірмесең, арам мен адалдың арасын ашып, обал-сауапқа көңіл бөлсең болды. Осы жайдың, яғни жергілікті халықтың хал-ахуалына түсінікпен қарау араб халқының әдеп-ғұрпында жоқ, барлық амалдарды бидғат деп қараламаған саясат көшпелі және жартылай көшпелі түркі халқының ұлыстарына өте ыңғайлы еді. Міне, осы жайларға байланысты «ислам аша» келгендер мен жергілікті халық тез табысып кетті. Бірлі-жарым Сары тонды Өтеміс секілді билік өкілдері болмаса, қарапайым халыққа бір-бірінің ақысын жемеу, өсек айтпау, өтірік куәлік бермеу, әркімнің табан ақы, маңдай тері мемлекет тарапынан қорғалған меншігі екені жаңа ілім ислам шариғатындағы негізгі заңдылықтар болғандықтан, еңбегімен күн көріп отырған халыққа қолайлы болды. Түркі халқының әдеп-ғұрпын қолдап, қорғап жүргендіктен Исхақ баб, Исхақ ат-түрк, түркілікті қолдайтын Исхақ болып шыға келуі осының нәтижесі еді. Исхақ баб және оның серіктерінің Шаштан өтіп, Ұлы далаға қарап шыққан кезінде бұл аймақтарда қазіргі қазақ руларының ата-бабалары, жергілікті түркі қауымдары, қыпшақтар, үйсіндер, Сырдың екі бетінде қоңыраттар, қаңлылар мекен еткен-ді. Маулана Жалалиддин Румий айтар «Біреу Аттахият, Салауат және Тойибаттың мағынасы не? деп сұрады». Маулана бұйырды: «Аллаға табыну және пенделік қылмақ бізден келіп шықпайды және біз бұл амалдарсыз ештеңе емеспіз. Демек, Тойибат, Салауат және Аттахият бізден емес, Алладан. Аллаға лайық. Мәселен, көктем келгенде адамдар көп қозғалады. Қырларға шығады, әр түрлі істерді бастайды. Бұлардың барлығы көктемнің әсері, көктем болмаса адамдар үйінен шықпас еді. Демек, мына егін, тігін, іс-әрекет, саяхат, ел аралау – барлығы көктемнің әсері. Көктем – адамдардың мәртебесі. Солай болса да, олардың көзі және себепте. Барлық нәрсені себепке байлайды. Тек әулиелерге ғана себептердің жаратушысын білу және себептердің ақиқаттан түсіп тұрған перде екенін аңдау нәсіп болған. Өйткені, адамдар перденің ар жағында тұрып сөйлесе, біреулер сөз иесі перде деп ойлайды. Оның бар-жоғы бір орамал, мата екенін білмейді. Адам қай кезде перденің тасасынан шықса, перденің жай бір тосу, тасалау құралы екенін түсінеді. Тәңірінің уәлилері сол себептер артында мәлім болған және амалға асқан істерден толық хабардар. Мәселең, таудан түйе шыққан, Мұсаның әсесі айдаhарға айналған, қатты тастан он екі бөлек су ағып шыққан, Мұхаммед Мұстафа (с.ә.у.) бір ишаратпен айды екіге бөлген. Адам ата-анасыз дүниеге келген. Ибраhим үшін от бостан, баубақшаға айналған, тағы-тағылар. Әулиелер бұларды көргенде себептердің арадағы байланыс құралы екенін, әсілінде істі бір басқа зат басқарғанын біледі. Себептер адамның ибадатпен, іс амалдармен әуре болуы үшін, олар атқарушыны көруге тосқауыл болған пердеден басқа ештеңе емес. Осы ақиқат уәлиелерге күндей айқын. Міне, біз әңгіме етіп отырған жай, яғни Түркістанға «ислам аша» келу Исхақ бабтың қауымның барлық әрекеті себеп. Ал, орындаушы Алла тағала, Түркістанға келіп орнаған Алланың ұлы діні исламның тез арада дамып жайланып, тұрақтануы Алланың рахметі.

Айтты-айтпады, Исхақ баб әлейкі-рахма дәуірінде қазіргі кездей том-том кітап, жаhанды шарлаған ақпарат құралдары, техникалық жазу-сызу құралдары жоқ. Бірақ таза, сап, әлі 72 пұрқаға бөлінбеген, тек Алланың таухид кәлиамасына ғана байланған ислам бар еді. Ол дәуірдегі таухид ілімі үш қағиданы өз ішіне алып, осы үш шартты шешу арқылы Алланың разылығына жету амалда еді. «Таухид» ілімі үш нұсқа: бірінші, Хақтың өзіне арналған Хақ ілімі, яғни оның, Алланың жеке, жалғыз екендігі ілімі. Екіншісі, халыққа арналған Хақ ілімі, яғни оның таухид жайындағы үкімдері мен пенделерінің көңіліне таухидты жеткізу ілімі. Үшіншісі, халықтың Хаққа қараған таухиды, яғни пенделердің Алла құзырына, рахметіне лайық дәрежеге жету ілімі. (Камилов. Н. Тасаввуф. 55 бет). Ғалым Зікірия Жандарбек: «Ысхақ баб пен оның серіктерінің Түркістан жеріне «ислам аша» келуі тарихы осылай баяндалады. Бірақ «Насабнама» нұсқаларында айтылған бұл тарихи мағлұмматтардың ешқайсысы, Қазақстан тарихының VIII ғасырдың екінші жартысына қарасты бөлімдеріне енбеген» – дейді. Өкінішке орай, шын мәнінде солай екені рас.

Тан империясы Ислам қолын Аспан тауларынан асырмай жою керектігін, әрі бұл жерден өз үлесін алып қалуға ұмтылды. Жетісу жеріне олар Гао сань чжи бастаған 100 мың әскер аттандырды. Шаш патшасының ұлы арабтардан көмек сұрады. Абу Муслим Зияд ибн Салих бастаған әскерді Қытай әскеріне қарсы аттандырды. Екі әскер Талас бойында 751 жылдың Зул-хиджа айында ұшырасып, соғысты. Ұрыстың бесінші күні Қытай әскері құрамындағы қарлұқтар көтеріліс шығарды. Қытайлар екі жақты қысымға түсіп, жеңіліске ұшырады. Қытайдың 50 мың әскері өліп, 20 мың әскері тұтқынға түседі. Гао-сань-чжидің өзі зорға қашып құтылады. Талас соғысы тарихын арнайы зерттеген О.Б.Большаков әл-Мақдиси дерегіне сүйене отырып, Таразда Қытайлар келмей тұрып, араб горнизонының болғанын айтады. Ол әскерге Саид ибн Хумайд атты кісі басшылық жасаған. Қытайлармен соғысқан Саид ибн Хумайд бастаған араб әскері. Ал, Зияд ибн Салых оған көмекке барған. Бұл жердегі бір күрделі жағдай осы кезге дейін қарахандық билік дәуірі жайлы жүйелі түрде мәлімет жоқ. Бұл саясаттың кесірінен болып отырған мәселе. Болмаса есі бар адам 100 мыңдық қытай қолы келе жатқанын біліп отырып, алдын ала дайындық жасап, жер қайысқан қолды қарсы алып, қолға түсіріп, жойып жіберу үшін мықты мемлекеттік жүйе керек екенін білуі керек. Жер қайысқан қолды майдан даласында күтіп алу үшін дұшпан қолына тең түсетін дәрежеде қол жасақтап, ас ауқат пен қару жарақпен, ат көлікпен, тастай түйілген тәртіппен бекітілген мемлекет болғанын мойындау керек.

Ғалымдар «Қытай әскері Талас бойында тас-талқан етіп жеңілгеннен кейін, енді қайтып түркілер еліне беттей алмады. Ал, арабтар бұл өңірде өз билігін жүргізе алмады. Түркі империясы құлағанымен, жер түркілердің қолында қалды», – дейді. Ал, бұл өңірде өмір сүретін халық түркілер болған соң, жер кім жеңсе де, түркінің қолында қалады. Ауысатын тек саясат қана. Арабтарға жүз жылдан астам қан төгіп, «ислам ашып» еткен еңбегі күйіп кетпесе болды. Халық дінді ұстанса басқасында шатағы болмаған. Оларға, яғни «ислам аша» келгендерге халықтың исламды дін ретінде ұстанып қалғаны, осы маңда сол «ислам аша» келгендердің «мазар», «сағана», «мола» болып қалуымен, ұрпағының осы жерде өсіп-өніп отыруы, араб әскерінің түпкілікті жеңісінің бірінші дәлелі болса, екінші, сол ұлық заттарды осы маңдағы халықтың әулие тұтып, әлі күнге дейін басына барып зиярат етуі деп білмек керек. Мінекей, нағыз жеңіс осы. Алланың қалауын пендесіне Алланың қалаған құлы ғана жеткізе алады. Ислам ілімінің Орта Азиядағы бір тұрағы біз айтып өткен Исхақ баб, Абд ул-Жалил баб және Абд ар-Рахым бабтардың салған ғимараттарында. Халайық ертеңді-кеш ағылып келіп жатады. Көңіліндегі зары мен мұңын шағып жатады. Белі қайысып тапқан напақасынан айырып, әулиенің жолына беріп жатады. Алла жолына садақасын өз қолымен шырақшыға берген соң көңілі марқайып үйіне қайтады. Иығынан ауыр жүк түскендей жеңіл, жоғы табылғандай шат, міндетін ада еткендей жүзі жарқын. Себебі, Алла жолына садақа берді. Көңіліне тұрақтылық, сенімділік, сүйеу орнады.

Исхақ баб тұралы қолға қалам алғанда ең алдымен Құл Қожа Ахмед Иасауий көз алдыңызға келеді. Соңғы кезде Құл қожа Ахмет Иасауиге құда түсіп, өз руынан етіп көрсеткісі келген біраз адам арам тер болып, біраз жерге шапты. Бұл азаматтар ұлы шайхтың шәкірті Сүлеймен Бақырғанидің  – Исхақ бабтың жұрыны Ибраһим шайх құлыны Бабам Ахмед Иасауий деген сөзін қаперіне ілген жоқ. Одан ұлы шайхқа зәредей келген зиян, болмаса өтірікшілерге мәртебе болмады. Себебі, Құл Қожа Ахмет Иасауий бір атаның, болмаса бір рудың құшағына сыймайды. Қазақ деген ұлт Түркі дүниесінен енші алып шықпай тұрып, анығы өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікмен, татар, башқұрт заман ағысымен өз кезегімен отау тігіп кетіп жатқанда, қара шаңырақта қозғалмай отырып қалған қазаққа тән болды. Десек те, бұл ұлы шайх – барлық Түркі қауымының ортақ ұстазы, ортақ атасы, ортақ әулиесі. Өйткені, ұлы шайхтың Алланы бір, исламды дін, Құранды хақ, Мұхаммедті Алланың елшісі деп қабылдаған пенденің пенделік мәртебені иеленуінен өзге арманы болмаған. Біз де ұлы шайхқа әулет, ұрпақ, ұл екенімізді мұсылмандық қағиданы ұстану арқылы дәлелдейміз. Басқа жол жоқ.

Сопы болсаң Саф болғын, жарым жалған болмасын.

Тағадат ибадат қылдым деп, көңілің мен-мен болмасын.

Жанды ділден жылатқын, махшарда жалған болмасын.

Сопы нақш болдың ә, әмма мұсылман болмадың.

Бұл ұлы шайхтың ең қатал үкімі, «шәкірт боламын, Алла жолын қалап аламын» деген пендеге қояр талабы.

Ибрахим шайхтың екінші ұлы Сәдір шайх Сайрамда 1039 жылы дүниеге келген, Садр шайх бабамыздан тараған екі әулет бар: Қожа Махмуд Данышманд – Абд ал-Али –Бақшайыш қожалар – Бақшайыш қожа-Камалиддин шайх (Бақшайыш баба) Исхақ бабтың ұрпағы. «Қазақ ұлттық энциклопедиясында» қазаққа белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов «Бақшайыш бабаны Дешті қыпшақтың бас имамы болып сайланды» дейді.

Бақшайыш – Бақсайыс-сопылық ағымының ірі өкілі, М.Әуезовтың арғы аталарының бірі. Бақшайыштың шыққан тегі Араб халифатының төртінші халифы қазрет Әзіреті Әлінің баласы Мұхаммад Ханафияға барып тіреледі. Камалиддиннің Сайд ата қойған лақап аты «Бақшайыш» еді деп беріледі. Сайд ата Бақшайышты он жеті жасында Дешті Қыпшаққа ертіп кетіп, жетілген соң халиф әрі пір етіп тағайындайды. Осы себепті Дешті Қыпшақтың Ханы Бақшайышты Қысырау деген кісінің қызына үйлендіреді. Бақшайыш – Сайд атаның шәкірті. Сайд ата – Айқожа ишанның (Зәңгі ата) шәкірті. Зәңгі ата – С.Бақырғанидің шәкірті. С.Бақырғани – Құл Қожа Ахмед Иассауйдің шәкірті. Алғаш араб тілінде жазылған «Насабнаманы» түркі тіліне аударған Садыр шайхтың немересі Сафи ад-Дин Орын Қойлақы атты бабамыз еді. Осы қолжазба 1992 жылы Ә.Момынов пен З.Жандарбектің аударуымен өз алдына жеке кітап болып жарық көрді.

Кешегі күні қазақты бүкіл әлемге танытқан Мұхтар Әуезов осы әулеттен болса, қазақтың маңдайындағы жарық жұлдызы Абай Мұхтардың бабасы Әуезден тәрбие алды. Бақшайыш баба Алтын орда уақытында Дешті Қыпшаққа пір болған. Мекен жайы Ақтөбе облысында сақталған. Бабаның ұрпағы Мүсірәлі сопы әзіздің әулеті осы күні де өсіп-өніп, Кіші жүз ішінде бірнеше әулетке пір болып отыр. Бақшайыш-Сарықожа әулеті Қытай жерінде Керейлер, Наймандар ішінде.

Өз кезегінде Сафи ад-дин Урынк Қойлақий-Абд ал-Малик – бес ата аққорғандықтар – Үсен Шайық, Қарашайық, Оқшатайлық, Бұрхан Шайық, Ибрахим Қауғани аталары тарайды. Бұл әулет жайында Мұсахан Әбутәліп ұлы ағамыз (Алла рахмет еткен болсын) «Ұлылардың ұрпақтары» деген үлкен еңбек жазып қалдырды.

Осы жылғы 21-22-тамызда Исхақ бабтың әулеті бес ата аққорғандықтар өз бабаларына Созақ ауданында ас берді.

Сейт-омар Саттарұлы

Сондай-ақ, оқыңыз

Он екі имам

ИМАМ ХАСАН ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕР Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардан кейін төрт Халифа таққа отырды. Оның төртіншісі Хазірет …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған