Арыстан Баб

Халық арасында таралған аңызда Арыстан баб Қожа Ахмет Йасаудің ұстазы болумен қатар, Мұхаммед с.а.с. Пайғамбарымыздың аманатын тапсырушы. Ол туралы аңызда былай делінеді: Бірде Мұххамед Пайғамбарға с.а.с. Жебірейіл періште бір табақ құрма алып келеді. Бір құрма табақтан жерге түсіп кетеді. Жебрейіл періште ол құрманы алып Пайғамбарға: «Мына құрманы өзіңізден 400 жыл кейін келетін, сіздің ісіңізді әрі қарай жалғастыратын үмметіңізге аманат етіп қалдырыңыз», – дейді. Пайғамбарымыз с.а.с. сахабаларын жиып, кім бұл аманат құрманы жеткізе алады деп, олардан сұрайды. Сахабалардың ешқайсысы, мен жеткізер едім деп шыға қоймайды. Себебі кімнің өмірі төрт жүз жылға дейін созылуы мүмкін және бәлкім бір жағынан сынап тұрған болар  – деп, күдіктеніп, тұрғанда бұл мәселе Алла Тағаланың әмірімен болып тұрғанын жүрегімен сезген Арыстан баб: «Егер өмірім жетсе, аманатыңызды мен жеткізер едім, бірақ өлшеулі ғұмыр әрі қайдан табамын», – дейді. Пайғамбар с.а.с. разы болып: «Өміріңізді Алла Тағала жеткізеді. Үмметімді Ислам діні тараған елдердің шығысынан іздеу керек. Ол баланың белгісі медресседен қайтқанда кітабын төбесіне қойып, артымен теріс қарап жүреді және ол аманатын сізден өзі келіп сұрайды», – деп жауап қайтарады.

Мұхаммед с.а.с. айтқандай, Қожа Ахмет жеті жасқа келгенде Арыстанбабты өзі танып: «Баба ! – аманатымды беріңіз» – деп кездескен жерде бірден ұстай алады. Арыстанбаб 400 жыл бойы тісінің қуысына сақтаған құрманы балаға ұсынады. Қожа Ахмет ол құрманы кідірместен аузына қағып салады. Сонда Арыстанбаб: «Балам, аманатыңды 400 жыл сақтағанда», «дәм татыңыз» деп мезірет те қылмадың ғой», – дейді. Қожа Ахмет болса: «Сіз маған құрманың маңызын сорып, сүйегін берген жоқсыз ба?» – деген екен.

Бұл туралы Қожа Ахмет өзінің «Хикметнамасында» былай – деп жырлаған:

…Жеті жаста Арыстанбаб келді бабам,

Хақ Мұстафа аманатын берді маған.

Сол сәтінде – ақ көңілім тауып баян,

Нәпсім өліп, Тәңірі жолына түстім міне.

Құрма беріп, мейірлене назар салды,

Сол заматта-ақ кеудемде шырақ жанды,

Еркелете шақырып қасына алды,

Мектеп барып, бек қуанып тұрдым мен де.

Кітап ашып, сүрелердің мәнін сұрап,

Ұққанымша асықтым, әзер шыдап,

Қол қусырып, ұстазымның сөзін сыйлап,

Жаутаң қағып, көңілін бағып тұрдым мен де.

Балам-ау, бұл былай деп айтты, білдім,

Одан соң да сан сауалды қойып жүрдім,

Күндер өтті, әзәзілді ұстап міндім,

Сом темірмен сойылдап ұрдым мен де.

Бұрынғымнан күрт өзгеріп бөгде болдым,

Алла түспес аузынан пенде болдым,

Әділ сөйлеп, адал жүрер жерде болдым,

Тазалықтың тұрағына ендім міне…

Бұл өлең жолдарынан Арыстан Бабтың Қожа Ахметке ұстаздық қызметі айқын байқалады. Тәрбие, оқудың кейбір қырларын «Арыстан Бабам ислам дінін баян қылды» (екінші хикмет), «Мың бір зікір үйретіп, мейірбандық жасады» (тоқсаныншы хикмет) деген сөздерінен де танығандай боламыз.

Арыстан Бабтың шын аты Салман парсы, ол Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа с.а.с. ең қадірлі сақабаларының бірі болған.

Арыстан Баб Қожа Ахметтің рухани әкесі болды. Дж. Тримигэм жазғандай: «Йассауи дәстүрі таза түркілік бағытта болды. Ол түркі шайхы Арыстан Баб дүние салғанша оның қолында тәлім – тәрбие алды».

Арыстан Бабтың қабірі ежелгі Отырар қаласының маңында. Бұл түркі тілді халықтарының ертеден қастерлеп келе жатқан орындарының бірі.

Жазушы Мұхтар Қожаев ағамыз тарихи мәліметтерге сүйене отырып жазған «Отырардың қысқаша тарихы» атты кітабында, «Арыстан Баб алып батыр және үлкен бағбан болған. Арыстан Бабтың бағбандығына сүйсінген Данил пайғамбар оның өмір жасын ұзартып Мұхаммед пайғамбар с.а.с. заманына жеткізген екен. Арыстан Баб Мұхаммед с.а.с. ағаш отырғызуды, оны күтіп-баптауды айла-тәсілін үйреткен делінеді. Сондықтан болар кейбір зияратқа келушілер әдейі ырым қылып ағаш көшеттерін мазарат қасына отырғызу дәстүрі қалыптасқан» – деп көрсетеді.

_______________

Құрайыштар және Сейіттер мен Қожалар. Нүридин Үсен. «Үш қиян» Алматы 2006 жыл. 312-313 беттер

Қытай қазақтары арасында тараған аңызда Пайғамбардың Қожа Ахмет Йасауге қалдырған аманаты туралы аңыз басқаша баяндалады. Бірде Пайғамбар сахабалары арасында отырып, бізден төрт жүз жыл кейін келетін ұрпағыма қалдыратын аманатым бар, соны жеткізіп берушілер бар ма дейді. Көпшілік үндемегеннен кейін Салмани Фарсы тұрып, «Мен жеткізуге уәде берейін. Бірақ оны қайдан және қалай табамыз?» – дейді. Пайғамбар Салман ал-Фарсиге түйіншекке ораған кітапша беріп, мына кітап оның қолына жеткізілуі тиіс. Ол бұл жерде емес, Шығыста Иасы деген шахардан табады. Аманатты бала өзі сұрайды. Аты Ахмет дейді. Содан Салман-ал-Фарси кітапты алып, Пайғамбар аманаты екенін айтып, баласына тапсырады. Сөйтіп бірнеше ұрпақ ауысқаннан кейін, мезгіл жетіп, Салман ал-Фарси ұрпағы Арыстан-баб, Ахметті іздеп Шығысқа Йасы еліне аттанады. Йасыға келгенде оның алдынан бала Ахмет шығып, «Ата аманатымды беріңіз» дейді. Бұл аңызда да Арыстан-баб Қожа Ахметке Пайғамбар аманатын жеткізуші. Бірақ Салман ал-Фарсидің өзі емес, оның ұрпағы.

Арыстан бабтың шығу тегі

Салман ал-Фарси мен Арыстан-баб бір кісі емес екендігін тарихи деректер де растайды. Салман ал-Фарси 644-656 жылдар арасында Усман халифа заманында ал-Мадаина қаласында қайтыс болған. Кейбір деректерге қарағанда Арыстан-баб та Мұхаммад ибн ал-Ханафийа әулетінен тарайды. «Тарихи аминийа» кітабының авторы Мұса Сайрами Арыстанбабтың шайбанилік Убайдулла хан мөрімен бекітілген шежіресін келтіреді. Аздаған өзгерістер болмаса, Арыстан-баб шежіресі мен Қожа Ахмет Йасауи шежіресі арасында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Тек Арыстан-баб аты Ибрахим шайх атымен өзгертілген. Ал «Насаб-намадағы» деректерге қарағанда, Қожа Ахмет Йасауидің алғашқы ұстазы, тәрбиешісі өз әкесі Ибрахим шайх. Қожа Ахмет Йасаудің шайхтан кейінгі ұстазы ғұлама Бахаад-дин Испиджаби болды. Одан кейін ол білімін жетілдіру үшін Отырарға, Арыстан Бабқа аттанады. Зерттеуші Ә.Муминов Қожа Ахмет Йасауи мен Арыстан-баб арасында ешқандай туыстық қатынас болмағанын, Арыстан-баб пен Қожа Ахмет Йасауи арасындағы рухани силсила (сабақтастық) кейінгі ғасырларда шежіреге айналған деген пікірді айтады. Қазір Түркістанда Арыстан-баб ұрпағымыз деп есептейтін қожалар әулеті бар. «Қожа Ахмет Йасауи мөрі» деп аталатын мөрдің бір үлгісі осы қожалар қолында.

___________________

«Насаб-нама» нұсқалары және түркі тарихы. Зікірия Жандарбек. «Дайк Пресс» Алматы 2002 жыл. 139-141 бет.

Сондай-ақ, оқыңыз

Он екі имам

ИМАМ ХАСАН ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕР Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардан кейін төрт Халифа таққа отырды. Оның төртіншісі Хазірет …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған