Əжінің Арқаға келуі

2013 жылдың наурызында жолым түсіп Шымкентке арнайы барып, Тұрсынай Қалиқызы апамен жолықтым. Ол кісімен əңгімелесіп, көптеген деректерді жазып алудың сəті түсті. Шежіреші апамыздың айтуымен бабаларымыз Əжі қожаның Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленгенін білдім.

Ертесіне Тұрсынай апамыздың күйеу баласы Төрткөлде тұратын Сүлеймен Сəкенұлымен бірге Түркістандағы кесенеге барып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген тұлғалар тізімінен «Əжі қожа ХVІІ ғ. аяғы» деген жазуды көрдік. Кесене қызметкерлерімен кездесіп, мына жайға қаныққан едік.

«Ел аузында жүрген мына аңызға қарағанда «Əжі қожа Арқаға аттанарда он жаста, əкесі Қожжан қожа 96 жаста көрінеді. Бір күні Əжі əкесіне келіп: -Əке, Сырдан Арқаға көп қожалар арқаның ірі руларына Ата пір болуға жүрмекші болып жатыр. Солармен бірге менің де Арқаға барып, бір байға барып Ата пір болғым келеді. Сізден баруға рұқсат алуға келдім» деген екен.

«Сен бармайсың, сен арқаға барған соң ұрпағың арқадан оралмайды» деп əкесі рұқсат бермейді. Бұл сөз əке мен баланың арасында үш мəрте қайталанады. Соңында баланың қалайда кететінін білген əке: «Ал, балам, қолыңды жай ұлыңның ұлы мен қызыңның қызына жететін бата берейін» дейді. Сонда баласы:

-Жоқ, əке, батаңды алмаймын, əкенің берген батасы балаға ауыр болады. Он атаға дейін өз оғым өзіме жетеді,- деп Əжі үйінен бір кішкене қындағы кездікшесін жол қаруға алып, Арқаға баратын көп қожалармен бірге жүріп кеткен екен. Əжі қожа Арқаға келген соң, көп қожалармен бірге «қожа бөліске» түскен. Бірінші кезекті Ата пір таңдау үшін, Арқаның бір сол кездегі сыйлы, беделді аруақты байы Қойлыбай Малай ұлына береді. Кезек берілген бай, «Маған Ата пір болуға сонау үйдің босағасында отырған бала жарайды» депті. Жиналған көпшілік «Бұл кісінің мұнысы несі? Мына отырған ақсақалдардың бірін алмай, балаға ие болғаны несі» деп Қойлыбай байға назырқағандықпен қараған екен. Халықтың бұл ниетін сезген бай Əжіге «Балам-ай, мына халық сізді маған пір болуға қомсынып отырған сияқты. Əруағыңа сыйынып, бір көрініс берсең қайтеді?» дейді. Əжі бала дəрет алып, 2 бас намаз оқып алайын деп, рұқсат сұрайды. Намаз оқып келіп тізерлеп отырып əруағына сыйынып, санын өткір кездікпен тіліп жібергенде ақ боз ат пайда болыпты. Жиналғандар əруаққа дəн риза болып, Малай ұлы Қойлыбай бастағандар, бас иіп Əжі қожаны Ата пір деп таныған екен. Содан бері міне, он ата болды Əжі қожа осы Қойлыбай руының сыйынатын пірі атаныпты.

«Арғын Қойлыбай Малай ұлының Шағырай Қангелді деген батыр інісі болыпты. Ол қалмақ-қырғыз соғысында жаугершілікте жүргенде қолға түсіп, тұтқындалады. Артында қалған елі жылдан астам уақыт күтіп, батырдан хабар болмаған соң өлдіге есептеп, батырға үлкен ас береді. Бұл – елдегі болған жай. Енді Қангелді батырға келсек, қалмақтар оны қосқа қамап, іргесіне қарулы күзетшілерін қойған екен. Батыр күндіз-түні зарланып жатып күнін өткізеді. Бірде батырдың бұл жағдайын біліп жүрген бейтаныс біреу: «Ей, батыр, еліңде сыйынатын бір аруақты адамың жоқ па?» деген екен. Сонда барып, батырдың есіне Əжі қожа түсіп, сыйынады.

Содан қожа түсіне еніп, аян береді. Батырдың түсінде берілген аяны:«Қостың жамылдығын бұрап-бұрап тістеп, тісіңмен ойсаң, өзің сыятын тесік болады. Сол тесіктен күзетшіге сездірмей шығып қаш. Жатқан жеріңнен көл алыс емес. Сол көлге жетіп, салынды қамыстың астына тығыл. Қалмақтар түн ішінде осы жерге құлады деп қамыс үстінен бірнеше рет атпен жүріп өтеді. Таба алмаған соң күдерін үзіп жау жөніне кетеді. Өзің тұтқыннан босап елге жетесің». Айтылған аянның бəрі орындалып, Қангелді батыр еліне оралады. Келген соң батыр Ата пірін шақыртып алып, «Сенің маған еш көмегің болған жоқ, басыңды кесемін!» деп қылышын суырып алады. Сонда Əжі қожа айтыпты: «Сен біраз уақыт тұтқында болғанда мені бірде еске алған жоқсың. Бөтен біреу есіңе салғанда ғана əруағыма сыйындың ғой. Сонан кейін ғана түсіңе кіріп, аян беріліп, міне, аман келдің. Сен қамыстың астында жасырынып жатқанда жаудың салт аттылары сені таба алмай əрлі-берлі сабылғанда, сенің ұзындығыңа түгел жетпеген менің бойымның артығына түскен ат тұяқтарының ізі сенің денеңде тұрған жоқ емес пе?!» деген екен. Денесіне түскен аттың іздерін көріп, Шағырай Қангелді батыр жылап, кешірім сұрап, қылышын қолынан тастай салған көрінеді». Осы мəліметті Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қоскөл ауылының тұрғыны Науханбай Махметұлы «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-мұражайының ғылыми-зерттеу бөліміне жазып қалдырған екен.

Əжінің Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленгеніне қатысты мына дерек ел аузында сақталыпты. Арғын Малай ұлы Қойлыбай жеңгесі Қаныбике жəне Əжі қожамен бірге Меккеге қажылыққа барады. Қайтар жолда Қойлыбай Түркістанда көз жұмып, Кесенеге қойылады. Дүниеден өтерінде Əжіден елге қайтасыз ба деп сұрайды. Сонда Қожа:«сізді тастап қайда барамын» десе керек. Көп ұзамай Қаныбикеде дүниеден озып, Əжі қожаға да топырақ Түркістаннан бұйырады. Малай ұлы Қойлыбай жайында айта кету керек. Сөз еткен арғын Қойлыбай Малайұлының шежіресі былай келеді: Мейрамсопыдан екі бала Қуандық, Сүйіндік, Сүйіндіктен Оразгелді, одан – Мəжит, одан – Малай, одан – Жəдігер, одан – Қойлыбай, Шағырай.

Бұл тарих біздерге жетіп, Мəдіқожа (Диуана) Қожжан баласы Əжі қожа Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген деп айтуымызға себеп болды.

АТАҢЫЗ ƏЖІ ҚОЖА КЕЛГЕН КЕНТТЕН

Қостанай облысы Арқалық ауданы Целинный совхозының тұрғыны 75жастағы Садман Хамитов Əжі қожаның Қожа Ахмет нəсілінен екендігін мына өлең шумақтарымен дəлел келтіріпті. Əжі қожаның ұрпағы Шомат деген қожа Көкшетауда Қарауыл руында болыс болған көрінеді. Шомат қожаның Батима атты қызын алуға келгенде Ақан серіге, «е, балам, бірдеңе деп жібер» дегенде Ақанның айтқаны мынау екен:

Атаңыз Əжі қожа келген кенттен
Үш жүздің баласы қолы жеткен.
Азырақ дəрежеңді көтерейін,
Нəсілің келе жатқан Қожа Ахметтен.
Қыз алған бізден бұрын Шəмші төре,
Əзілхан күйеу болып ол да өткен.
Бірі бай, бірі купец граждандар
Не керек байдың малы, арам тектен.
Олардай бай граждан болмасақ та,
Келеміз біз де қалмай қалың топтан.
Біз-дағы қазақ осал емес,
Сіздердей асыл текке қолы жеткен, – дегенде, əрі қарай айтқызбай қойған екен.

Сондай-ақ, оқыңыз

  Мұқаң мен Бәукең

Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл  Қазақ руханиятының нартұлғаларының қатар жүріп, қадірін білген кездерінен қалған сырды …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған