Қожалар

bfef6034dab7e57f223e48f4dcf3e90d_XLБұл адам қазіргі тілмен айтқанда имам, соғыс дәуірінің тілі мен айтқанда «қожа», парсы тілінде «хвадже». «Хвадже – господин, хозяин, начальство» дейді парсы-орыстың аударма сөздігі (Персидско-руский словарь. Составитель профессор Миллер. Гос. издательство иностранных и национальных словарей. Москва. 1953-г. -199-с.). Ал орыстың «хозяин» сөзін орысша-қазақша сөздік «қожа» деп аударады (Русско-казахский словарь. Под общей Редакцией доктора фил. наук, профессора Н. Т. Сауранбаева. Москва-1954). Өзбек ағайындар да «Хужа – хозяин, владелец» дейді (Узбекско-русский словарь. Ташкент-Уқутувчи- 1987. 214- б.). Орысша – башқұртша сөздікте де «Хужа-хозяин, владелец, содержатель» делінген. (Русско-Башкирский словарь. Гос. издат. иностранных и нацональных словарей. Москва-1958. 607 с.)
Қазақтың жалпақ тілі мен қожа болып кеткен. Демек, күнделікті айналымда бар сөз. Ал бұл сөздің белгілі бір топқа қарап айтылуы сол топтың халық арасындағы әлеуметтік орнын белгілейді. Ислам ілімінде «өзін мұсылман деп есептейтін қауымға имамы жоқ елді мекенде өмір сүру арам» деген қағида бар. Демек, имам ұстау парыз. Парыз парызды туғызады, яғни имам ұстау парыз болса, имамның өмір сүруіне жағдай жасау да парыз. Имамдық көбіне көп қожалардың міндеті болды. Себебі, алғаш «Ислам аша» келген қауым сауатты болды. Атадан балаға ауысып келе жатқан имамдық ісі қожалардың еншісіндей болып көрінетіні де осыдан. Екінші бір күрделі жері – тағдырдың маңдайына жазып берген «қожа» деген атауы. Күнделікті үйінде намаз оқығанды көрген, Алланың атын айтып зарлап отырған қауым ішінде ер жеткен. Жастайынан таухид калимасын айтып, өзінің Құдайдың құлы, Пайғамбардың үмбеті, Шарярдың досы, Құл Қожа Ахмет Иассауидің қауымы екенін дәлелдеп өскен соң, бұл қауым басқа руларға қарағанда қожалыққа, имамдыққа, исламға біртабан жақын тұрады.
Қожа руға жата ма?
Қазақ халқының басқа халықтарға қарағанда бір ерекшелігі – оның рушылдығы. Рушылдық болғанда басқа халықты кемсіту немесе өзін жоғары қою емес, шыққан тегін анықтау, қан тазалығын сақтау үшін жасалынған рушылдық. Руының атауы, тіпті, өрескел рулар да бар, бірақ, олар бұл атауды өзгертпейді. Керек болса сол сөлекет атауды мәртебе санайды. Себебі, тағдырындағы Алланың қалауы солай. Руын жасырған «құлдың тұқымы» деген сөзде бар.
Ал қожалар әулетінің өзге жергілікті халықтан бір өзгешілігі – олардың қолдарында шежіре, насабнамалары болды. Әу басында сауатты, қолында хаты бар халайық, тағдыр талқысымен өз отандарынан мыңдаған шақырым қашық елдерде мәңгілікке қалып бара жатқанына көздері жеткен соң, тарихтың тұңғиық теңізінде жоғалып кетпеудің бірден бір жолы деп өзінің ата-бабасының жадын хатқа түсіріп отырды. Сол жобада біздің қолымызда осы әулетке тиесілі шежіре бар екенін жоғарыда айттық.
Қазіргі Қазақстан жері айқын шекарамен айқындалмай тұрып, қазақ халқы «қазақ» деп хатқа жазылмай тұрып, қожалардың осы өлкеде өркен жайғаны қазақ халқының құрамындағы бір ру екені анық. Ел арасында біреудің қызы тұрмысқа шықса туысқандары шартты түрде «қай ру?» екен деп сұрайды. Құдалар қожадан болса «қожалар екен» деп айтады. Ұлы үйленсе де солай. Мен өзім қожамын, бірақ бір нәрсенің арасы ашық – бұл менің руым. Ұлтым – қазақ, бұл да дау туғызбайтын мәселе. Алғашқы кезінде «қожа» аралық жікті айқындаушы болып айналымға енген сөз. Бар-жоғы осы.
Қожалар жүзге жатпайды. Жатпайды емес, жата алмайды. Оның анық себебі – олардың қожа екендігі. Бұл жерде сөз қожалардың ішіндегі Бақшайыш атасының ұрпағы жайында болып отырғандықтан, осы рудың аумағында сөз айтып көрелік. Бақшайыш бабаның ұрпағынан бір қауым ел көшіп келіп найман ішіне қоныстанды. Сол аймақты мекендейтін тобықтылар үшін имам, молда керек болды да Бердіқожа ата тобықтыға көшіп өтті. Бұл рулардың екеуі де Орта жүздің халқы. Ал біздің қолымызда Кіші жүз шөмекейдің ішіндегі Бақшайыш бабаның ұрпағының шежіресі бар. Осы күні Қазалы қаласында өмір сүріп отырған Бермішов Асылжан Бақшайыш бабаның бір ұрпағы, Текеш қожадан тарайды. Бұл әулет екі ғасыр алдын Сырдың төменгі ағысына бала оқыту үшін келіп, осында қалып қойған. Бұл әулеттен Үш жүзге пір болған Мүсірәлі сопы әзіз шықты. Осы күні Шалқар маңында Бақшайыш бабаның быраз ұрпағы сүріп отыр,сол әулеттен Ақтөбеде, Хромтауда быраз үй бар. Ал Тарбағатайда Бақшайыш бабаның әулетінің бір ұрпағы Құл Мұхаммадтер әулеті отыр. Ал Баб ата, яғни Созақ аймағында мекендеген Бақшайыш атаның бір ұрпағы Ибрагим байбатшаның әулеті кешегі қатаған заманда Өзбекстанға өтіп кетіп, сол жақта өмір сүріп жатыр. Осы әулеттен Шымкент маңында қалып қойған ағайын имам керек болған соң Ұлы жүздің Жаныс атасына көшіп барып, сол елмен ел болып кетті. Демек, бір атаның, яғни Бақшайыш атаның баласы үш жүздің ішінде араласып отыр. Бұл жай барлық қожалардың әулетінің басында бар. Сондықтан қожалар жүзге кірмейді. Бір атаның баласы қазақтың үш жүзінде де бар болып шығады. Ислам заңдылығында бір атаның балалары ғана молда, имам, муфти болсын деген заң жоқ. Ислам ілімін кім толық игерсе, сол дін саясатын жүргізуі керек.
Айтқан соң біраз нәрсенің басып ашып тастайық. Жақсының шапағаты деп осыны айтады. Мұхтар Әуезов – ұлт мақтанышы. Халық, ұлт болып мақтан етіп отырған адамға қожа руы неге марқаймасын. Бірақ, біз мына әулеттенбіз, сен төмендеу тұрасың деу ақымақшылық қана емес, надандық. Тегінде, рулық атау мәртебе болмайды, білім, әділдік, адамшылық мәртебе болады. Қазақ арасында «төр» деген ұғым бар. Бұл бір қазақта ғана емес,барлық жерде мәртебелі құрметті, ілімді, салауатты адамды жоғарыға отырғызу бар. Ислам шариғаты алдымен жасы үлкенді сыйла, екінші есі кірмеген жасты сыйла, үшінші ілімді адамды сыйла дейді. Себебі, еш уақытта мекен ұлық болмайды. Ілім ұлық болады. Сіз оны қанша жерден көтермелеп жоғары отырғызғаныңызбен ілімі болмаса, босағада отырған ғалымның аузына қарауға мәжбүр. Қожалардың басында мынадай бір жағдай бар. Жалпы, үш жүздің ішінде қожа болып сіңіп кеткен әулет баршылық. Бұл олардың нашарлығы немесе намыссыздығы, бостығы емес, тағдырдың талқысы. Тәлкегі емес, талқысы. Әр пенденің тағдырында үш ғайып бар. Ол үш ғайыптың бірінің де билігі пендеге берілген емес деп жоғарыда айттық. Міне, осы жерде сол ғайыптың біреуі көрінеді. Өмірге дін өкілі әулетінің перзенті болып келген жан, жастайынан алған тәрбие, көрген өнеге арқылы дін саласына бейімделеді. Әке қалауы бойынша дін оқуына барады, діни білім алып, ұзақ бір елге молда болып кетеді. Бұл жігіт басында отаны болып, үйленіп келген болса елімен біраз уақыт хабарласып тұрады. Соңынан ұлы өседі, осы елден үйленеді. Қызы бой жетеді осы елге тұрмысқа шығады. Бара-бара елдегі көз көрген азаяды. Жасы жер ортадан асқанда елге барғанымен ешкімді танымайды, оны да ешкім танымайды. Жамағайынмен араласа алмайды, себебі бөлісетін, сырласатын ештеңе жоқ. Енді үйреніп қалған жайына келіп күнде араласып отырған ағайын мен қауышып, осында қалады. Бұл ағайын кірме аталып, бірнеше ғасыр өмір сүруге мәжбүр. Қаракерей Қабанбай мен Мүсірәлі сопы әзіздің өмірлері осыған айқын мысал. Мен осы шежірені зерттеп жүріп Аягөзде Бағдад деген азаматтың үйіне тоқтадым. Сөзден сөз шығып, ел құлақтанып, сол үйге Сабыржан деген азамат келді. Мақсаты түпкі шежіресін білу, бірақ ұшына шыға алмайды. Түпкі атасының аты Абыз, бірақ бұл лақап аты. Абыздан Ордабай, одан – Өсімхан, Сайынхан, Сейілхан атты үш ұл болған. Өсімханнан – Бұқаш – Балтабай – Маңғаз – Қуатжан – Сабыржан – Рахымбай болып тоқтайды. Сонда бұл азаматтың тоғызыншы атасы найман ішінде Құлеке, Байқұлақ атасына имам болып келген. Бұл жерде жағдай былай, бұл азамат осы елге жалғыз өзі келген, жоғарыда айтқандай уақыт өте келе негізгі елден, ағайын-туыстан қол үзіп қалған. Аталарының Абыз аталуына қарап сауатты, салауатты жан болған деп ойлайсың. Негізгі аты-жөні, елдің аты ұмытылған. Бұл бір атадан бір адамның ғана барғандығынан болып отырған жағдай.
Екінші бір жағдай. Сол Аягөздің маңында Қарағаш атты елді мекенде Қайырғали атты азамат өмір сүреді. Кешегі кеңестік дәуірде ауылшаруа шылық маманы ретінде сол жаққа барып, тұрақтап қалған. Зейнетке шығып, өсіп, өніп, осы жерде мекен етіп отыр. Сүйегі қожалардың сейіт құрамының ішіндегі Сабулт атасының Ұланқожа әулетінен тарайды. Түпкі ата-бабасы Қарқаралы маңына келіп, бір ауыл болып орналасқан, жастары ары бері көшіп, қызмет істеп жүргені мен шыққан тегін ұмытпайды. Оның себебі сол – бұлар бір қауым болып келген. Ағайын тумасының қай жерде екенін білген соң, өздері де жоғалмайды. Семейде Нұрсапаров Жора деген бір азамат тұрады. Өз ортасына беделді, сөзі өтімді азамат. Найман ішінде «қарауыл жасақ» деп бөлінеді. Болды, басқасын білмейді. Өзара сен кірмесің деп бетіне баспағанымен араласта, кәдімгідей ара жігіміз ажырап тұрады аға деп ағынан жарылды.Бір үй болып келген болса қоршап отырған руға пәленшенің баласынан тараймыз деп сіңісе алмайды. Бұл жағдай бір адамның нашарлығы емес тағдырдың сыйы.
Мақсатқа қайттық. Қазақ халқының бір ерекшелігі – қан тазалығы. Яғни араға ешкімді кіргізбей ата жолын сұрыптап отырады. Жалпы исламның Түркістан өлкесіне келіп, түркілердің ішіне қожалардың араласқанына он екі ғасырдан артық уақыт өтті. Бір жағынан алсақ қожа-қазақ болып ара жігін ажырата қоятындай мән қалмаған секілді. Осы уақытқа дейін қаншама қан араласып кетті. Тіпті, өзбек ұлысынан бөлініп өз алдына «қазақ» атты алып, ел болған заманда сол түркілер құрамында қожалардың да болғаны тарихи шындық. Яғни, қазақ деген атауға қожалардың қақысы кешегі күнгі түркі, бүгін қазақ аталып, бір атасының атын руының атауы етіп отырған ел мен еншісі, салмағы бірдей.

Кез келген халық ұлт болып қалыптасуы үшін үш шешуші қағида болады. Бірінші, осы халықтың өкілдері мекен ететін белгілі шекарасы мен белгілі жер көлемі, яғни отаны болмағы керек. Екінші, осы аймақта тұратын халықтың бір-бірін толық түсінісе алатын ортақ тілі болмағы керек. Үшінші, осы аймақта тұратын халықтың бір Құбылаға қарап, сәжде қылатын ортақ діні болмағы керек. «Қазақ» өз алдына ел болып, хандық құруға бет алған заманда жоғарыда айтылған алғы шарттың үшеуі де бар еді. Ертіс пен Сырдарияның арасы, Алтай мен Атыраудың арасын жайлаған халық жауын бірге қуып, тойын бірге тойлап, жаназасына қатар тұрып, жырауларының апталап айтатын жыр дастандарын толық түсініп отырды. Мәселе ел тізгінін қолында берік ұстай алатын, елім десе артынан ел ере қоятын бір ердің шығуында тұрған. Сабақты ине сәтімен келіп, бір күнде «ал, көтеріл!» дегенде дүр көтерілген халық өз болашағы үшін көтеріліп шыға келген. Ата-бабасының мекендеп келген жері өз иелігінде қалды. Жүсіп Хас Хажып, Махмұд Қашқари, Құл Қожа Ахмет Иассауиден бастап, Қарға бойлы Қазтуған, Асан қайғы Сәбит ұлы бастаған ақын жыраулардың еңбегі елдің ойлау жүйесін, тіл байлығын дамытумен қатар халықтың діни жүйесі болып та қалыптастырды. Он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген Мәделі қожаның қоңырат Қанай датқаның Қоқанға шағым түсіріп, арандатпақ болған мінезіне өкпелеп:
Датқа-еке осы жерде туып едім,
Саған келген жауыңды қуып едім.
Шаңғырағыңды шайқалтпай ұстайтұғын,
Сен кереге болсаң мен уық едім, – деп айтып тұрғаны осы жай.
Халық – кереге, хандық – шаңырақ. Кереге мен шаңырақты байланыстырып, ажыратпай тұрған – шариғат пен заң жүйесі. Бұл қожалардың ісі болды.
Мақсатқа қайтайық. Араб әскері Амударияның күн шығыс бетіне 651- жылдардың көлемінде өтті деп есептейді ғалымдар. Осы күні біздің (Әшірбек Момынов, Зікірия Жандарбек және мен Сейт-омар Саттарұлы) қолымызда түркілер елінде тұратын қожалардың біраз шежіресі бар. Олардың ішінде көнелері де кездеседі. Сол дүниелерден біздің ұққанымыз – алғаш келгендер Қусам ибн Аббас қолбасшылығында болып, Самарқанд, Шаш, Ферғана маңына дейін жеткен. Қусам ибн Аббас Самарқанд қаласы маңында өлтіріліп, Самарқанд қаласына жерленген. Екінші қауымды бастап келген Халид ибн Валид қазіргі Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам маңына дейін келген. Кейбір деректер бойынша қолбасшы Сайрам маңындағы «Қарабұлақ» деген жерде у беріліп өлген, әскерінің бір бөлігі Төле би ауданындағы «Мың шейт» деген жерде жергілікті исламға қарсы қауымның қолынан шаһид болған дейді. Үшінші лек Түркістанға Абу Мүслімнің қолымен бір деңгейде келген хазіреті Алидің ұлы Мұхаммед Ханафиядан – Абдул Фаттах – Абдул Жаббар – Абдул Қаххардың ұлдары Абд ар-Рахман және Абд ар-Рахым. Абд ар-Рахманның балалары Исхақ баб пен Абд ул-Жалил бабтар болды. 745-750- жылдар көлемінде Сырдың төменгі ағысында Жент қаласының маңында (қазіргі Жаңақорған ауданынан сәл төменде) Оғыз қыратында Сары тонды Өтемістің қолынан Абд ул Жалил баб шаһид болды. Мазар турбаты сондағы «Тоты құс» аралында. Сары тонды Өтемісті Исхақ баб әлейкі рахма жазалады. Сары тонды Өтемістің өлтірілуі мен Шаштан (Ташкент) төменгі елде «Ислам аша» келгендерге ұйымдасқан қарулы қарсылық тоқтады. Осы соңғы келген қосын болды. Мұннан кейін араб елінен Түркістан жеріне қарулы жасақ кірді деген дерек біздің қолымызда жоқ.
Түркістан – Орталық Азия елдерінде Алланың соңғы және ұлы елшісінің төрт халифасының үшеуінен Хазреті Али,Әбу Бәкір Сыддық және Омар Хаттаұлынан төрт ата ұрпақ бар.
Бірінші ұрпақ: Хазіреті Алидің алғашқы әйелі Мұхаммад Мұстафақызы (с.ә.у.) Фатима Зохрадан туған Хасан және Хусайн ұрпақтары. Имам Хасан ұрпақтарынан Ташкент қаласында өздерін Хований қожалармыз дейтін елу-алпыс үй бар. Бұлар өздерін Әмір Темірдің пірі Сайид Баракаға алып барады.
Имам Хусейіннен:
имам Зейдун абд-дин –
имам Мұхаммад Бакир –
имам Жағпар Сыддық –
имам Муса Риза , имам Муса Казимнен тараған екі бала Сайид Ибрахим және Сайид Абу Таллиб. Сайид Иброхимнен тараған Сайид ата ұрпағы және Сайид Абу Толибтен тараған Мақтұм Ағзам ұрпағы сабулут және қылышты қожалар болып екі топқа бөлінеді. Бұл әулеттен Са қожалар (Жалаиддин ұрпағы) тарайды.
Қытайдығы атақты Аппақ қожа (1625-жылы қайтыс болған) осы әулеттен. Аппақ қожа (Хидоятулла) әулеті өсіп өніп осы күні Қытайда Ақ таулық Жаркент маңы, Қара таулық Қашқардың маңы болып екіге бөлінеді. Қылышты қожалардың көпшілігі Өзбекстан мен Тәжікстанда тұрады.
Сайид Ата ұрпағы Сайид Абдуллах Зербахши деген кісіден екіге бөлініп, бір атасы Шұбар атты Мәлім Сейіт болып өз алдына тарайды. Ибрагим ата балалары Қызыр қожадан Мұхаммед Әмин және Нұр қожа балалары болып бөлінеді.Мұхаммад Әминнен Қыдырқожа және Гәдәй қожа болып бөлінеді. Қыдыр қожадан – Әуез Жақып.Әуезден – Ахмет, Кетте.Ахметтен – Нәдірқожа мен Бабақожа. Нәдір қожаның лақап аты Саяқ. Кеттеден Жиенқожа, Кемелқожа, Есенқожа, Батыр қожа Соңынан Нәдір қожаның баласынан Ералы мен Өзбек қожа және Қожахан ұрпағы Арқаға барған. Осы күні бұл әулет Семейде, Абыралы, Қарқаралы және Өскеменде біраз үй бар.Гәдәй қожа балалары Орал, Атырау, Ақтау жақта.Қоңыр үйлі қожалар.
Екінші ұрпақ: Хазіреті Алидің екінші әйелі Ханафия анамыздан туған
Мұхаммад-Ханафиядан:
Абдулфаттах-
Абдулжаббар
Абдулқаххар –
Абд ар – Рахман мен Абд-рахым. Абд ар-Рахман ұлдары Абд ул – Жалил баб пен Исхақ баб.Абд ул Жалил бабтың (Хорасан ата) Хусейн және Ибраһим сопы атты екі баласы болған. Хусейннің ұрпақтары Хорасан қожалар болып Құрбан, Қожахан, Абыла, Жүсіп, Ұлық, Абыт, Жақып және Бабарайым болып сегізге бөлінеді.Хорасан атаның екінші ұлы Ибраһим сопыдан тараған бір әулет Дуана қожалар – Қожажанқожа, Қылыш қожа, Пірзада қожа, Бекпенбет қожа болып төрт атаға бөлінеді. Осы Ибрайым атаның ұрпағының бір тармағы Ниязқожа – балалары-Қарабаулық,Машрап,Тіркіс,Беглер болып төрт атаға бөлінеді.

Алматы – 8-72-72-75-94-32.
Сарыағаш – 872537-71239.
Қалта телефоны-87021466245.
Сейіт-омар Саттарұлы.
Көріскенше Аллаға аманат ағайын, Ассалаумы-әлейкум.

Сондай-ақ, оқыңыз

Сыр өңіріндегі ағартушылық дәстүр

Мемлекетімізді қалыптастыру, іргесін бекіту, халықтың рухани мәдениетін, дүниетанымын жетілдіру, сауаттандыру, әлеуметтік жағдайын көтеру жұмыстарымен айналысқан, …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған