Басқы бет / Ғалымның хаты / Күнгей қазағының Абайы

Күнгей қазағының Абайы

2e2843e2ade511d88df42c8a44a73c77_XLМайлықожа пайғамбар жасына келгенде о дүниеге аттанған екен. Оның өмір тіршілігі де, кешкен қиыншылығы да пайғамбарымыз (с.ғ.с) жүрген жолға ұқсас жатыр. Он төрт жасында жетім қалады. Алғашқы адымын жоқтаудан бастаған. Жоқтау жанры оңай тумайды. Қазақ поэзиясы тарихында айтулы жоқтаулар көп емес. Ірілері мен бірегейлері ғана тарихта қалған.

Түркістандық мұғалім Я.Я.Лютштің «Қырғыз хрестоматиясына» (1888 ж.) бес өлеңі енген. Бұл бес өлең аз болсын, көп болсын, Майлықожа талантының халық арасында танымал болғандығын дәлелдейді. Ақын нені айтса да көңілінің түбіне кір жасырмай ашық-жарқын жеткізіп отырған. Өлең, толғау, дастан, нақылдарында халқын сүйген патриот азамат екендігі көзге ұрып тұр. Бет жүзіне қарамай айтайын дегенін ақтарып салып, шындықты шырқыратып шыңға шығара білген шебердің шебері болған.

Майлықожа сол кездегі өзі ғұмыр кешкен ортаның, қазақ қоғамының күнгей, көлеңке беттерін мәнерлі сөзбен кестелеп, кедей халқына жеткізе білген. Туған өлкесінің бауырында жүріп, соның ыстық-суығын, ащы-тұщысын, мейірімін, мұңын, мінезін кестелі жырмен мәнерлеп берген бірегей, батыл да, батыр ауызды, жанкешті шешен кісі болғаны көрініп тұр.Ақын байлықтың емес бұқараның, әлімжеттік емес әділдіктің, қасқырлық емес қайырымдылықтың тілі боп, тереңнен ой қозғап, жердің, елдің келешегін ойлап, түн ұйқысын төрт бөлген толғауларына тиек еткен.Абай атамыз бүкіл қазақ үшін қандай қызмет атқарса, Оңтүстік өлкесі үшін Майлықожа да Абайы болып, ыстық-суығына күйіп-пісіп, бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алып қалған алғыр, қыран қанатты, қырғи тілді айтқыштардың бірінен саналады. «Сөйлер сөзге келгенде, Ақындардың дүрі едім. Әншейінде көргенде, Көп қазақтың бірі едім» деп өзі айтқандай, аузымен айды керген, сұр жыланның сұсты уын қайырған, қыранмын деп көкіген қарғаларды қағып түсірген, көп сөйлеген қарғаны бұтағымен жерге лақтырған Майлықожаның қолындағы ең құдіретті қаруы – ұлы мәртебелі Сөз болған.

Соншалықты әлеуметі қуатты сөзді Майлықожа орнымен айтып, оспадарсыз билеуші топтың, халықтың қанын сорғандарды, мұсылманшылықты таптағандарды қылыштай өткір Сөзбен тіліп өтіп, арам ниеттердің пиғылдарын әшкерелеп, тас талқанын шығарып отырған. Күнгей әдебиетінде күндей шуақты, шымыр жыр жолдарын найзағай отындай жарқылдатып таратқан Майлықожа бастаған шайырлар тобы әлі күнге дейін лайықты биіктерден алып, байсалды зерттеулер нысанына айналған жоқ.

«Жапалақ тудық сұңқардан, Жалтаңдап жауға шаба алмай» деп ақынның өзі айтқандай шалқып жатқан елі жаттың табанында езіліп, ыңырсып жатқанда жаужүрек ақын елім-ай, жерім-ай, толағай тауларым-ай, жайқалған бауларым-ай деп ұран салды, жыр майданын ашты.

Еліне, жеріне, адамына, табиғатына жаны ашыған ақын отаршылық озбырлықтарды аяусыз әшкерелеп, болған жайдың түп тамырына, салдарына үңілтеді, үстемшілердің әрекеттерінен түңілтеді. Аузынан Алласы, көңілінен иманы, қолынан жыры түспеген батыр ақын Абай қандай қызмет атқарса, Күнгейдің Абайы өзі болып, «дүние қысқа, ақырет мол» заманда зар кешіп, көкірегін кернеген ыза-кекті өлмейтін, өшпейтін өлеңге айналдырып, жырдың сұр жебесін жететін жеріне жарқыратып жеткізе берді.

Майлықожа – халқының бауырында жүріп өсіп, өнген ақын. Оны ешқашан да байлық, даңқ, мал қызықтырмаған, адалдық, жақсылық жолына жүрек жырларын арнаған, ешкімнен тайсалып қорықпаған. Азаматтығы мен ақындығы қатар өрілген, екі сөйлемейтін адам болған. Майлықожаның ең алдымен мұсылманшылығы бақандай берік кісі. Ислам гуманизмін насихаттайтын тамаша дастандары «Патша мен ұры», «Зәйіт ұры», Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірі жайында жазған «Әбділла бала» атты поэтикалық толғауы ислам тарихына бойлап барғандығын паш етеді.

«Болыс болдым мінеки, бар малымды шығындап» деп Абай айтпақшы, Майлықожа да Күнгей жақтың рахатын кешкен би, болыстардың галереясын жасаған. Ақын сөзбен сурет салғандай солардың сүйкімсіз портреттерін келістіріп салады. «Дүние опасы жоқ өткен демде» деп, Майлы ақын халық көкейінде шер боп қатқан шеменді жайларды жайып салып көрсетіп, ендігі баратын бағдарды, берілетін белестерді мегзей кетеді. Кезінде «сегіз қырлы талант» атанған ақын халқының ауызша әдебиеті үлгілеріне қамқор болып, көптеген ертегі, аңыздардың әсіресе, Алдаркөсе, Жиренше маңайында топтасқан әпсаналарды бізге Әбубәкір Диваев арқылы жетуіне Майлықожаның еңбегі ерекше дер едім.

Күнгей қазақ елінің сөз шебері Майлықожа Сұлтанқожаұлы ауызша һәм жазбаша әдебиеттің озық үлгілерін бір-біріне жалғастырып, әрдайым өзіндік соқпағын тауып келген. Майлықожа өлеңдері әманда адамдардың ой-қиялдарын қозғап, оларға шабыт берген, игілік жолында жүрген жандарды бірімен-бірін үйлестіріп, ізгілікке үндеу тастай білген.

Ақылды туған ер жігіт,

«Кедеймін!» деп зар қылма.

Жақсыға тыңдат сөзіңді,

Жаманға айтып қор қылма, –

дейді ақын нақылият топтамаларында. Сөйтіп, ол сөз қадірін түсінгенге, асыл сөзді аялай білгенге, ақыл мен әрекетті үйлесімді ұстауға үндейді.

«Сөз өнері дертпен тең» деген Абайлық қағиданы: «Адал жүріп, анық бас, Біреудің алма инесін» деп, Күнгей ақыны көпке кеңінен тартады. Ақынның қайсыбір шығармасын алсаңыз да өлшеніп берген өмірде өз көргенін, түйгенін, күйгенін, сүйсінгенін ғана айтады. Терме-толғауларында, арнауларында, жоқтауларында, айтыстарында, дастандарында, мысалдарында, өлеңдерінде, сықақтарында, ертегілерінде, қарасөздерінде, нақылдарында тақырыпты аспаннан сауғалап алмайды, жерден алады, өзі ғұмыр сүріп жүрген ортаның ой-қырынан, ыстығынан-суығынан, тереңінен-таязынан, аязынан, көктемінен алады.

Майлықожа – өз уақытының, ғасырының шежіресін өлеңмен жазып кеткен адам. Тәңір сыйлаған талантын тек шындықты сол қалпында бұзбай бірегей етіп беруге арнап өткен. «Көп қазақтың бірі едім»дей келе,ол сол сүйікті ұлтының биігін де,ойысын да,мейірімін де, қаталдығын да,қаналғанын,қамалғанын да,жығылғанын,тұрғанын жасырмай айтып, көпшіліктің көңіліне жол салады, үймелеп-жүймелеп келген сөздің жүйесін табады. «Ісіңді Құдай салмасын, Жетесі жоқ жаманға» деп мәтелдеп, мақалдап сөйлеп, тыңдаушының тың ықыласын жаулап алады. «Жаман менен жақсының, Арасында білгенге, Аспан мен жерше парқы бар» деп сөзді түйдек-түйдегімен бұрқыратып тастап жібереді.

Шын жүректен шыққан сөз,

Тасқа таңба басқандай.

Өтірік сөз өркенсіз,

Майлы күйе жаққандай.

Ауыздан шыққан асыл сөз,

Жаһанға жауһар шашқандай, – дейді ол шабыт отын шалқыта түсіп,

«Тал жібектей есілген,

Жақсының жайы нақ сондай» деп, бір түйіп тастайды.

Майлықожа «Ақынның анық жүйрігі» деген шағын толғауында ақынның міндет, мұратын, сөзге ұсталығын, болаттай берік серіппелі болуын, алыс пен жақынды біріктіруін, жақсы мен жаманды, сахи мен сараңды ажырата білу керектігін нық, мық шегедей қадағалап, қазыққа қаққандай етіп айтып, анық жүйріктің жететін жолын анықтайды. Шеберлік оңай шешіле қоятын нәрсе емес, ол оңайлықпен тумайды. Автор ең алдымен өзінің шығармашылығына оң көзбен қарап, орынды талап қояды. Сосын барып өзгелер өрісіне көз тастап, өркенді нақышқа, өткір, турасын айтуға шақырады. «Халық жиналып келгенде, Тұрмаса сөзге тартынып. Ақынның көбі алжасып, Былғайды-ау сөзді ант ұрып» деп аяқтайды. Ақын «Не жүйрік өтті дүниеден» деген өлеңінде Фирдоуси «Шахнамасының» атақты кейіпкері «Үрістем дастан палуанды, Араптарда шығыпты Әзірет Омар, Әлі шерімен. Аплатондай дүниеде, Не жақсы өтті білікті» деп, араб-парсы әдебиетінен, ислам әлемі тарихынан мол сусын алғанын айғақтайды. Майлықожа ақындық кредоны аялай, бағалай білген:

Сөйле біраз көмейім,

Жыр әсілін төгейін.

Жиылып халқым келгенде,

Ағайын жұртты көргенде,

Боз жорғадай желейін.

Көктемде жауған нөсердей,

Жыр бұршағын себейін – дейді.

«Тәтті жырым төгілсін» деген толғауында ақындықтың азабын, жемісін, жеңісін жинақтай келіп, сөзін халқына арнап бітіреді.

Сіздер де халқым, түсінгін,

Жақсы сөздің парқына.

Мақсатым болды өзімнің,

Бағасы болса сөзімнің,

Сөз қалдырмақ артыма, –дегені жыр миссиясының жиынтық жоспары секілді қорытылады.

Майлықожаның әр сөзі, жолы, жыры нақылдан құйылып шыққандай оқылады. Адам баласының, табиғаттың қыр-сырын, қоғамның мерез жақтарын, болыстардың әділетсіздігін, келін-баланың, шаруаның, жақсымен жолдас болсаң не болатынын, қас сұңқардың қайда шақырарын, ілімге толса көкірегің, жақсы болса жұбайың, алдайтын бұл пендені дүние қудың бар екенін астарлы, мәнерлі, ойлы да өрнекті сөзімен айшықтап, алдыңа әкеліп жайып тастайды. Біздің замандастарымыздың Майлықожа термелеріне салған ән-толғауларын тыңдағанда тебіреніп отыратындықтары сондықтан шығар-ау. «Жақсы адам қартайса, Көкірегі хат болар. Жаман адам қартайса, Пықсып жанған от болар» бүгін айтылғандай естіледі.

Ақын халықтың көкірегін жарып шыққан Майлықожа сынды құймалар, төкпе ақындар адамдар мен ғасырлардың арасына салынған мыңқ етпес мықты көпірлердей маңқайып, марқайып жатып алады да, шығанға шықсаң адастырмас шырақшылардай жүретін жолыңды жарқын етіп көрсетіп, ілгері қарай көсілте береді. Майлықожаның мыңжылдық мерей, шапағаты сонда жатса керек.

Ия, Оңтүстік шайырлары, Молда Мұса, Майлықожа т.б. Күнгей Қазақстанның аспанында жарқырап тұрған жұлдыздар шоғыры болса керек. Бұл жұлдыздардың жарығы мәңгілікке кетеді. Солардың ішіндегі менімше ең биігі Майлықожа жұлдызы болуға тиіс. «Биікке шықсаң – бекінгін» деп өзі айтқандай селкеулік жасама, бойыңды бекінтер қайрат қыл, теңізде жүзем деп, деміңді тарылтып алма, үлкеннің алдында әдепсіздікке барма, аңдаусызда жаза алып қаласың, – дейді ақын.

Құламас деп сенбеңіз,

Құмдағы қазған құдықты.

Жаңбырдың суы езілсе,

Түбіне айдар жұлықты.

Құрдас деп үйір болмаңыз,

Өзіңнен күшті ұлықты.

Қысымын қояр өткізіп,

Ойласа қылар қылықты.

Ағайын-туған еліңе,

Ақыл деп қылма қулықты.

Жақсының жолы сара-дүр,

Жаманның жолы бүлікті, –

деп әрі қарай маржандай тізілген саф таза ойларды толқыннан толқын тудырғандай мөлдіретіп, күмістетіп, бедерлі сөздермен безеп тастайды.

Бұдан бұрын Еуропаның белді ақындары Дантеге, Байронға, Шекспирге, Киплингке табынып келген қайран басым Майлықожа монологтарын оқығанымда, әлгі Еуропа ақындарын он орап тастайтын тарлан талантпен табысқанымда, кеш кездеспедім бе екен деп, бармағымды тістеген кездерімді жасыра алмаймын. Ұлы философ, шежіреші, тарихшы, ғалым, шайыр, сәуегей данышпаным қол созым жерде жүріпті. Қолда бар алтынның қадірін білмей алысқа, айға ұмтыла беріппіз. Ендігі елім, жерім, дінім, тілім деп еміренетін жас ұрпақ Майлықожаны төбесіне көтеріп өтсе кім қой дейді. Көтерсін көкке, мақтансын көпке, алтын ақындардың аруағы қорғайды, қоштайды.

Шаршағандар тыңайған,

Шат болғандар мұңайған.

Жылағандар жұбанған,

Қапа болған қуанған.

Опа қылмас ешкімге,

Өте шығар бұ жалған.

Оқып отырсам, сізге өтірік, маған шын, барлық ойды Майлықожа меңгеріп айтып кеткен сияқты. «Дүниеде айтылмаған ой жоқ» деп Мұхтар Әуезов айтқандай Күнгей қазақтары сөз кенін қопарып алып кетіп, біз солардан қалған масақты теріп жүргендей көрінеміз. Арыстандай ақырған алғыр, ақылды ақындары көп халық дүниеде жалғыз қазақ па деп ойлаймын кей-кейде, Алла күпірлік қылмасын, көптік қылмасын. Иншалла, Күнгей жұлдыздарының жарығы молая берсін.

                               Ө.КҮМІСБАЕВ,  филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Сыр өңіріндегі ағартушылық дәстүр

Мемлекетімізді қалыптастыру, іргесін бекіту, халықтың рухани мәдениетін, дүниетанымын жетілдіру, сауаттандыру, әлеуметтік жағдайын көтеру жұмыстарымен айналысқан, …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған