Басқы бет / Ғалымның хаты / Алла, Алла демейінше, іс өнбес

Алла, Алла демейінше, іс өнбес

аааааааҚазақ сахарасына исламның діни талаптары, құқтық тәртібі келген уақытта қазақтың көне мифологиялық түсініктерімен қатар халық ырымдары, наным-түсініктері қабыл етілмей, өзгеріске ұшырап, біразы өмір тәжірибесінен алшақтады. Ескі діни ғибадат дәстүрлері, көне түрік әдет-ғұрпы ислам талаптарымен үйлесіп, Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті, жаңа мәзһаб келді. Ислам дінінің қанат жайып ескі түрік жұртына тарала бастауымен-ақ біздің ата-бабаларымыздың рухани мәдениетіне мұсылмандық таным орнығып, ой-сана құлпырып, исламдық құндылықтар түркілік сипатта қалыптасты.

Исламға дейін түрікте өзіне тән рухани құндылықтар, әдет-ғұрыптар, салт-санасы, дүниеге деген ерекше көқарасы болса, исламның таралуымен жақсы дәстүрлер молая түсті. Ежелдегі түріктің өзіндік дүниетаным көзқарастарын айшықтайтын бір сөзді түріктің данасы Қорқыт Ата былай айтқан:

Алла, Алла демейінше, іс өнбес.
Әзелде жазылмаса, құл басына қаза келмес.
Ажал уақыты жетпейінше, ешкім өлмес.
Өлген адам тірілмес, шыққан жан кері келмес.
Тәкаппарлық еткенді Тәңірі сүймес.
Көңілін жоғары тұтқан ерде дәулет болмас.
Қадір Тәңірі демейінше ер байымас,
Шолақ сулар тасыса да теңіз болмас.

Түрік жұрты ортасында қалыптасқан ескі сенім-наным жүйесін исламдық қағидалармен өзара келісімге жеткізген мазһаб иесі болған Имам Ағзам Әбу Ханифа, қазақ ортасында бекіген сопылық ілімнің негізін дамытушы қайраткер қожа Ахмет Йассауи болды. Қожа Ахмет Йассауи хикметтерінің маңызы – араб тілінде насихатталып келген ислам қағидаларын сайыдтарымен қатар түрік жұрты ортасына түріктің әдеті, діни салт, ғұрпымен астастырып әлеуметтік тұрмысына бейімдегені.

Бұл құндылықтар тазалық сақтау, тән саулығы, отбасы және неке тазалығы, бала тәрбиесі мен қамқорлық жасау, жасы үлкенге құрмет, кішіге ізет, өзара көмек жасау, қайырымдылық, туыстық қарым-қатынас және қонақжайлық, мұсылманға тән әдептілік пен сыпайылық, қоныс таңдау, қонсымен сыйлас болу, бата беру, тамырлық, жұртшылық, асар, дәстүрлерімен байланысты.

Ислам келу нәтижесінде дала жұртында күрделі идеологиялық әлеуметтік-мәдени жүйе қалыптасты. Тәңірлік пен ислам синтезі нәтижесінде қалыптасқан рухани құрылым пайда болды. Ислам діні келген соң Келес, Отырар, Шауғар, Өзгент қалаларында, мәдениет, ғылым өркендеді. Қазақ ортасына қожалардың дін уағыздау мақсатында келгені айтылады, соның бірінде: «970 жыл бұрын араб ішіндегі Мұхаммед-Әнәпия әулетінен Әбжәлел бап, Шайхы Бұзырық деген ғұламалар ислам дінін үйрету мақсатымен Орта Азияға келеді. Орта Азия мен көшпелі тайпалар жайлаған үлкен байтақ жерлерге діни насихат жүргізіп қолайлы орын деп Бұхара қаласына орналасады. Абжалелдің тұқымынан Ысқақбап деген шариғат жолына жетік, оқымысты адам шығады. Оның баласы ислам дінінің асқан білгірі, белгілі Қожа Ахмет Йассауи Әзірет сұлтан. Әзірет сұлтан дегеніміз араб тілінде бүкіл әулиелердің патшасы деген мағынаны білдіреді» – деп жазылған.

Шежіре мәліметінде қыпшақтың пайғамбармен кездесіп, бірге соғыс салғанын айтады: «Ақкөсе, Имамбайыр, Құттықожа, Аққояндар Қаратауда шәйіт болып, молалары Қаратауда бұл күнге шейін әлі жоғалмаған» – деп, Мәшһүр Жүсіп жазған. «Бұхара қаласы ислам дінін насихаттау орталығына айналады. Әбдіжалелбап пен Шайхы Бұзырық салдырған мешіт-медреселер және олардың зираттары да күні бүгінге дейін бар» – дейді қазақ ортасындағы қожалар.

Мұсылмандық әдет-ғұрып, имандылық, ихсан дәстүрі алғашқы пайғамбар Адам ата заманынан жалғасқан үрдіс болса, ислами рәсім, жол, оның әдет-ғұрыптары мен жалғыз жаратушы Аллаға ислам тәртібімен ғибадат ету әдеті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар заманынан, яғни VІІ-VIIІ ғғ. бері хақ дін ислам келгеннен соң, түріктің бір бөлігі тұтастай бір ислам дінін ұстанды. Қытайлардан теперiш көрген сол кездегі түркеш қағандары мен қарлұқ жабғулары түпкi мақсатына орай өзара жақын рулық одақ құрды, қара түркештер арқылы арабтардың қарлұқ жабғуымен ортақ тiл табысып, өрлеу, iлгерiлеу үстiндегi ислам әскерiнiң күш-қуатына сенiм артқан.

Қарлықтың арабпен қосылып соғыс салу әңгімесі 751 жылғы Талас өзені бойында орын алды. Сол кездегі түрiк руларының iшiнде қарлұқ, шығыл, шуйе, шуми қауымдары Шаш пен солтүстiк Ферғана өңiрiне дендеп еніп, соғды және арабтармен қарым-қатынаста болған. Қытай дерек көздерi араб әскерi туралы сипаттама беріп, арабтар жағында Зият бастаған Хорасан, парсы қолы Соғды бiрлестiгiндегі жұрт болған, арабтарға бағынып, ислам дiнiн қабылдаған. Араб әскері түйелi, найзалы қосын, отпен шабуыл қылушы топ болған. Арабтың қару-жарағы артық болды.

751 жылдың зұл-хиджа (шiлде) айында Талас жерiнде өткен әйгiлi шайқас бес күнге жалғасып, қарлұқ арабқа болысып, екi жақтап Таң әскерін қыспаққа алған. Таң әскерi түн жамыла қашқанда, жол тар болғандықтан адам мен ат көлiк жолға кептелiп, бірі-бірін таптап қырғын көреді. Тек қана қытайдың Гау деген генералы аздаған адаммен жан сақтаған.

Байқасақ, исламның түрік мәдениеті ортасына келуі, орнығуы бірнеше ғасырлар бойы жалғасқан. Бұған көп еңбек еткен түрік ғұламалары болған. Діни ғылым, біліммен қатар келіп, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Йассауи тәрізді ғұламалар мол қазына қалдырды. Түріктің Қарлық-Қарахан мемлекетінде ислам мемлекет дініне айналды.

Ислам дінін қыпшак даласына таратуға күш салған кісінің бірі Алтын Орда ханы Өзбек (1312-1342). Моңғол дәуірінде мұсылмандықтың қазақ даласында өркендеуі Өзбек ханның атын Сұлтан Мұхаммед Өзбек хан есімімен толықтырып, көптеген көшпелі руларға пір болған Сайыд ата әулие. Ұлық Ұлыс атты Алтын Орда мемлекетінде де ноғайлы жұртшылығы, қазақтың Қазақ хандығы құрылмай тұрғандағы кезде жасаған ата-бабалары да дін исламды ұстанды. Даулы мәселелерді дала заңымен де, шариғат тәртібімен де шешетін болған. Марко Поло XIII ғ. былай деген: «Бұл  жерде Арғон дейтін ел бар. Олар екі атаның араласуынан құралған. Ислам дінін қолданады. Түрі сымбатты, өздері ақылды, сауда істейді». Айтып отырған жерлері – Ертіс бойы, Шыңғыстау, Қарқаралы даласы, Аягөз, Алакөл төңірегі, Жошының үлкен баласы Орда-Еженге қараған жерлер.

XVII-XVIII ғасырда Әз-Тәуке заманынан Абылай заманына дейін хан ордасында төбе би боллған данагөй абыз Бұқар жырау Қалқаманұлы (1668-1783):

Ей, айташы, Алланы айт,
Аты жақсы құдайды айт.
Тәнірім сөзі бұрқанды айт,
Кәлим Алла құранды айт.

Мұхамметтің аяты,
Алла сөзі Құранды айт.
Пайғамбардың сүндеті,
Бес уақытқы намазды айт.

Тәңірім салса аузыңа,
Жан жолдасың иманды айт.
Жамандыққа жақсылық,
Еткен таза арынды айт.

Қара кылды қақ жарған
Наушиаруандай әділді айт.
Арсы менен Күрсіні айт,
Лаухы менен Кәләмды айт.

Кұдыретімен жаратқан,
Он сегіз мың ғаламды айт.
Ақтан сия танытқан,
Дәуіт пенен қаламды айт.

Сөйлеу үшін жаратқан,
Сөз анасы сәлемді айт.
Тірілікте сыйласқан,
Ата менен анаңды айт.

Адам үшін жаратқан,
Қызық нәубет балаңды айт.
Өлгеннен соң жер жұтқан,
Қараң қалған денеңді айт, – деп айтқан толғауларында, немесе,

Он сегіз мың ғаламды жаратқан,
Айтар болсаң Алланы айт,
Кемелді етіп санатпен,
Саулық берген тәңірді айт.
Аузыңа иман үйірткен,
Ғалиассалам Мұхамметті айт.
Мұсылман болсаң алдымен,
Іншаллаһи биисмиллаһны айт.
Таңертең азан шақырған,
Дауысы сұлу молланы айт, – деді, сондай-ақ,

Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас.
Ақтың үйі Мешітте,
Аққа құдай кешімді.
Арамзаның қулығы
Таппайды еш кесімді.
Алла жақтаған зар болмас,
Ақтың жолы тар болмас
Тар пейілді кеңімес,
Кең пейілді кемімес.
Илаһим Халел жасаған
Тәңірім үйі Кебені.
Ерлер үшін жасаған
Садақ, сауыт, жебені.
Сол себепті, жарандар…
Берем деген құтылмас,
Берік байлаған шешілмес.
Қазулы жолдар көмілмес,
Қартайсаң қарт бабаңды сыйлай бер,
Күндердің күні болғанда,
Кімдер де кімнің дейсің белі бүгілмес, – деп жырлады.

Мұсылманның бес парызы иман келтіру, намаз оқу, ораза тұту, зекет беру, қажылық өтеу болатын болса, қазақтың хикмет айтқаны данышпаны Абай Құнанбайұлы, иманның толық болуы – Алланы сүю, адамзатқа сүйспеншілік, және әділетті сүюмен болады деп, осы үш нәрсенің болуымен ғана орны толатынын жеткізген:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жол осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл.
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл, – деген екен.

Қорыта айтқанда, қазақ жерінде ислам діні құндылықтарының орнығуы сонау түрік мемлекеттері кезінен бастау алып, орта ғасырларда, жаңа уақытта да үнемі дамып отырған. Құран мен хадис ақиқаты негізінде рухани тәрбие мақсатында хикмет айтушы түрік, кейін қазақ ғұламалары, муфассирлер мен мухаддистер дүниеге аса құнды еңбектер келтірген, артынан қазына боларлық әртүрлі жәдігерлерді мирас еткен – кітап, қолжазбалар, даналық ой мұралары, және т.б. Осынша мағыналы да, мазмұнды келген рухани қазыналарды бүгінгі күні насихаттау зиялы қауымның мемлекет алдындағы, ұлт алдындағы міндеті деп білеміз.

Мақсат АЛПЫСБЕС
тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атын. ЕҰУ-дің
Еуразиялық зерттеулер кафедрасы профессоры

Сондай-ақ, оқыңыз

Қанай датқаға айтқан өлеңнің соңғы табылған нұсқасы

Қазақ хандығының тарихында Ордабасы тауының алатын орыны ерекше екені белгілі. Өйткені бұл жерде Ақтабан шұбырынды-Алқакөл …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған