Басқы бет / Ғалымның хаты / Шайх Хованд Тахурдың ғылыми мұрасы

Шайх Хованд Тахурдың ғылыми мұрасы

Тарихат әдебі жайындағы рисала. Шайх Хованд Тахурдың бұл рисаласы «алхамду лиллахи-л-Вохиди-л-Қаххор» калимасы мен басталады. Мақтау мен сана және салауаттан соң, басқа рисалаларға қарағанда басқаша, өз есімін төмендегідей келтіреді:«Йақулу-л-ғабд ул-фақир Тахур ибн ал-Бағистоний» – «фақыр бенде Тахур ибн ал-Бағистаний айтады» деп бастайды. Рисалада әуелі өзі тақуадан ұзақ, пайдасыз сөз айтушыларды сөз етеді. Тарихат пен шариат жолында тақуа және пәркездік (тазалық) бірінші орында тұруын баян етеді. Шайх:«кім тақуа болса, сол шын мәнінде мәрт» деген пікірді алға салады. Соңынан рисаланың жазылу себебін баян етіп: Бір күні дін және дүние жайындағы пікірді ойлап отырған сәтінде таныстарының бірі келіп: «Жалол ибн Мұхаммад Банокатий. Хорасан жақтан өтіп келіп, арыз етіп айтты; Бір қанша уақыттан бері әлем кезіп, адам әулеттерін аралап, сұхбат құрып, бір мүршиддік пір болмаса жетік ілімді пенде таба алмай жүрмін дейді деп, екеуін кездестіреді. Соның нәтижесінде, Шайх қолдағы рисаланы жазуға кіріседі және онда тарихат пен шариаттың пайдалары жайында сөз айтады. Шайх рисаланың негізгі бөлегін «бидонки» (білгін) деп бастап, адамзат өз ләпсі мен көңіл қалауына берілгені себепті өзінің  дүниеге келу себебін білмейтінін баян етеді. «Саған уәжіп болған бір нәрсе, өзіңді білуің, кімсің, қай жерден келдің, не үшін келгенсің, қай жерге кетесің, бұларды білуің керек». Оның жазуынша, адам ғайып әлемінен Аллаға пенделік ету үшін келтірілген және соңғы нәтижеде Аллаға қайтады. Бенделік ету үшін ризаят шегу, қандай жолмен болса да ләпсіге қарсы күресіп, оның қалағанын бермеу керек.  Адамдарға қамқор, мейір шапағат, тағадат қауымы мен солих адамдар мен көп араласып пікірлес болуы  және дінге қарсы адамдармен діннің дұшпандарынан қашуы керек. Шайхтарға, орифтерге, дәуріштерге жала жауып, жапа көрсетуші, кемсітуші және сонысымен мақтанушы кісілерден қашық болу. Сүннат көрсетулерінен шетке шығушы, шариатқа теріс амал етуші кісілерден қашу керек. Бұл қауым адамдар шайтанының мықтылары және әскері.

Шайх сопылардың өмірі, олардың пәк ниеті мен ұстанған жолдарын айтып келіп, бұл жолға кірген адам әр бір кісі тасаввуф қауымының жолдарын білуі, оларға тиесілі болған мәселелердің ақиқатын білуі керек екенін баян етеді. Бұл жерде 13 мәселе  болмаса шарт бір-бірлеп  айтылғанын көреміз.

Бірінші мәселеде: шариат, тарихат және хақиқат баяны берілген. «Бірінші мәселе сол, – деп жазады Шайх, – шариат мәлім, бірақ тарихат не, хақиқат қайсы?» Шайх жауабында арабша рауаятты келтіріп:«Кім шариат, тариқат және хақиқатты бір-бірінен ажыратса, демек ол қатеге жол бергені. Ал кімде-кім мына іс тариқатта мүмкін де, шариатта мүмкін емес  десе, ол мүлде жолдан азғандығы…». Біз осы жерде де шариат пен тариқат бір екенін, олардың арасына парық қойып, қарама қарсы жол жүргізү мүмкін емес екендігін көреміз. Бахауддин Нақшбанд Шайх Хаванд Тахурдың атасы Шайх Омар Бағыстани жайында сөз сөйлегенде бекерге оны шариат пен хақиқатты бірдей алып жүргенін  тастықтамаған.

Шайх Хованд Тахур өз пікірін дәлелдеу үшін және Қожа Ахмед Иассауийге қайрылады. Біз «Рашахат»тан Шайх Хованд Тахурдың Ахмед Иассауий қауымына ізгі ниет пен тілектес болғанын білеміз. Шайх Иассауийя сілсаласының уәкілдері мен ұшырасып  пікірлесіп  ортақ көз қарасты болып, сұхбаттар өткізіп тұрған. Оның Түрістанда Теңіз Шайхпен ұшырасқаны бұған айқын дәлел. Шайх Ахмед Иассауий жайындағы пікірін араб тілінде айтып: «Қола аш-шайх ур-разий Ахмад Иассауий» (Ризоманд шайх Ахмад Иассуий айтады) деп, оның мына  парсыша сөзін келтіреді: «Шариат хамчу пустасту тарихат хамчу мағз» (шариғат қабығы секілді, тариқат дәні). Шайх Хованд жазады: «Бұл иттиход (яғни бірлік және жекелік) баяны ажыралу баяны емес. Ешбір май дәнсіз пайда болмайды, еш бір дәнек қабықсыз мекем тұра алмайды. Бәлкім әуелі, қабық берік жағдайға келеді, соңынан дәнек пайда болады. Қабықсыз дәнек әлемде жоқ, демек тарихат шариатсыз болуы мүмкін емес». Бұл пікірлердің барлығы тарихат басқа, шариат басқа дейтіндерге қарсы айтылған сөз. Шариат пен тарихат не екенін терең біліп алмау хақиқатты білуге жол бермейді.

Екінші мәселеде муридтің Шайхқа «шаш беруі» баян етіледі. Бұл жердегі көзделген мақсат, муридтің өз ықтиярын пірге беруі, мурид мысалы, гөдек жас бала болса, пір тәлім беруші, тәрбиеші екенін аңлатады. Шайх сондай күшті қуатқа ие болып, ол муридтағы жаман әдет, әрекет, пейілдерді, ләпсілік қалауларды, шайтандық қиялдарды қуатын болуы керек.

Үшінші мәселе әссе, (аса таяқ) беру әдеті. Шайхтың жазуынша, муридке аса беру оның сілсалада балиғатқа жеткеніннің белгісі. «Көрмейсің бе,-деп жазады Шайх, – бала жас болып, ойын-күлкіге бейім шағында оған аса ұстатпайды, аса кемел бір мақсатқа бет алған адамға беріледі». Шайх бұл жерде арабша: «Әр кім қырық жетсе, бірақ, аса ұстамаса, жолдан адасқан, бәлкім бұл жолда қорлыққа түскен болады» деген сөзді келтіріп, қырық жас кісінің кемелге жеткен уақты, тариқат кісілерінің  Хаққа жақын болу шағы»-деп жазады. Ғалымның жазуынша, Құдай Муса әлейкіс-саламға жақындық еткенде оған аса сыйлаған. «Егер шайх қурбат (жақындық) таппаған муридке аса берсе-деп жазады ол, – бөріге шопандық бергенмен бірдей, болмаса, есі кірмеген гөдек балаға қолына қылыш бергенмен бірдей».

Шайх мұнан соң 32 мисрадан тұратын аса жайындағы маснавий келтіреді. Демек, пірдің муридке аса сыйлауы тарихат әдептерінің бірі болып, сопының тариқат жолында екенін асаға қарап білуде мүмкін еді. Шайх келтірген мына байт оған мысал бола алады :

Асаны ал да, ақ ниетпен  жолға түзе бетіңді,

Аса саған куә болсын, әшкере етіп ниетіңді. Байттарда жазылуына қарағанда, аса әдетте пірлерден мирас есебінде берілген. Мына байт соның дәлелі бола алады:

Менің мына тұтқан асам мына,

Шайх Булғариден қалған мура.

Шайх Булғарий Шайх Хованд Тахурдың әкесі Шайх Омар Бағыстанидің пірі екенін жоғарыда айтып өткенбіз. Демек Шайх Булғаридің асасы Шайх Омар Бағыстаниға, одан ұлы Шайх Хованд Тахурға жеткен. Шайх Хованд Тахур тарихатта өз әкесінің муриді болған. Екінші жағынан, біз үшін ең қажеті, рисаладағы үлкенді-кішілі оңқай асықтай қолайлы байттар Шайх Хованд Тахурдың өзі жазғаны мәлім болады. Бұл ғажайып байттар Шайхтың ақындық шайырлық талантының жоғары болғанын көрсетеді.

Төртінші мәселе: зікір айту мәселесі болып, «зікірді көп айтыңдар» аятымен басталады және бұл жайында байттар келтіріледі.  Бізге мәлім жағдай, тариқаттарда зікір айтудың екі әйгілі жолы бар: бірі – құпия зікір және бірі – жария зікір. Жахрия, яғни зікірді жария етіп дауыс шығарып айту, Хожаган тариқаты пайда болғанша баршаға мәлім дәрежеде болған. Бахауддин Нақшбандидің пірі амир Кулолда жахрия зікірін пайдаланған. Құпия зікір, яғни зікірді дауыс шығармай айту, Абдулхолиқ Ғиждувонийға (1103-1179) Қызыр әлеикіс-салам үйреткен болғаны мен Бахауддин Нақшбанд бұл зікірдің жайылуына көп еңбек сіңірді. Біз әзірше Шайх Хованд Тахурдың қайсы тарихатта болғанын айта алмаймыз. Себебі, Шайх Хованд Тахур өмір сүрген уақытта Түркістан атты алып аймақтың дерлік көпшілік бөлегінде тек Иассауия тариқаты ғана бар еді. Кубравия атты екінші бір тариқат Хиуа мен Хорезмнен бері аса алған жоқ. Соңынан  Нақшбандия деген атпен мәлім болып осы күні әлемнің көптеген жеріне тараған Хожаган тариқаты Иассауияның ықпалынан шыға алған жоқ. Олай болған жағдайда Түркістанға ғана емес әлемге әйгілі Алишер Науаи Құл Қожа Ахмед Иассауийді Түркістан мүлкінің шайыхтарының Машайыхы деп атамас еді. Шайх Хованд Тахур Ахмед Иассауийдің ізбасарлары мен тығыз байланыста болып, ғазалдарын Ахмед Иассауий хикметтеріне өте жақын жазған. Бұл жердегі бір айта кететін жай, Шайх Хованд Тахур жария зікірдің жақтасы болмаған. Оның өзі бұл жайында: «Бірақ зікір бұл қалб ісі, ауыздан пайда болған нәрсе, бұл – дауыс, зікір емес. Егер тіл әрекетте болып, діл әзір болса, демек кісі зокир (зікір айтушы) болады. Егер тіл әрекет қылмай, діл әзір болса демек, (ол кісі) әзір. Егер тіл әрекетте болып, діл әзір болмаса (ол кісі) ғапыл және мұндай кісі шайтанға жақын». Басқа жерде былай дейді: «Зікірді лажы барынша жасырын  айтыңыз, бұл жалбарынуға жақын және Хақ тағаланың ризалығына лайық. Неге десең, Сұлтан (Алла) алдында дауыс көтеру жақсы іс емес, әрі (оның алдында) мұқтаждық, бейшаралық, сынық болудан артық жол жоқ». Демек, Алланың алдында дауыс шығарып, шу көтеру Шайх Хованд Тахурдың айтуы бойынша мақұл емес. Бұл жерден көрініп тұрғаны шайх кұпия зікірдің  жақтасы, тіпті алғаш бастаушысы болған. Жалпы алғанда, зікірді құпия болмаса, жария айту туралы тарихат қауымдары арасында түсіндіріп бере алмайтын дәрежеде бақталастық бар. Біреулер құпия зікірді көкке көтеріп мақтаса, біреуі жахрияны мақтайды. Әр қайсысы өздерінің жөн екенін аят және хадистер мен дәлелдеуге ұрынады. Қожа Мұхаммад Саммосий Бахауддин Нақшбандиді тарихатдағы тәрбиесін Саид Амир Кулалға тапсырған уақытта Амир Кулол және оның муридтері жахрия зікірі мен айланысар еді. Амир Кулол опаты жақындасқан кезде, барлық муридтеріне Нақшбандиге бағынуларын бұйырады. Муридтер Бахауддин Нақшбандидің құпия зікірмен шұғылданатынын айтады. Амир Кулол бәрібір оларды бағынуға бұйырады.

Бағзы Шайхтар әр түрлі тариқаттағы муридтерді тәрбиелей берген. Мәселен, Ахмад Махмуд Хазиний өзінің «Жавохир ул-Аброр» кітабында былай дейді:

Неше жыл үйреттім Бухорада тариқ,

Маған мурид болды екі парық.

Нақышбандия мен жахирия бірге,

Отырды ғалым мен ауам ірге мен ірге.

Демек, Хазиний Бұхарада екі парық, яғни Нақшбандия мен Иассауияны бірдей тәрбие ете берген. (Махмуд Хасаний, Карамат Қиличева. Шайх Хованд Тахур. Ташкет.2004)

Бұл жердегі бір мәселе құпия зікірдің бастауы  Нақшбанд емес Шайх Хованд Тахур болып шығуы кәдік емес. Себебі, Шайх Хованд Тахур өмір сүрген дәуірде Бахауддин Нақшбанд жоқ еді. Бар болған кезінің балалық шағы Шайх Хованд Тахурдың жасы қайтқан шағы, бар беретін жемісін халыққа беріп болған уақтына тура келеді. Біз қанша жерден құпия зікірді Бақауддин Нақшбандиге таңғанымызбен, шындық біздің болжамнан жоғары тұр. Енді, біз өз болжамымызды осы жерде айтып қалуды жөн көріп отырмыз. Қайсы бір адамның өмірін, болмасы қайсы бір дәуірдің іс-әрекетін зерттеп, оң-терісін айту үшін сол дәуірдің терісіне кіріп, сол дәуір мен күліп, сол дәуір мен қосылып жылай білу керек. Болмаса «аш бала тоқ бала мен ойнамайды, тоқ бала аш баланы ойламайды» болып шығады. Түркілер арасында Құл Қожа Ахмед Иассауий өмір сүрген дәуір, Ұлы түркі қағанаты құлап, Сырдария өзенінің күн батыс жағын, яғни Хорезмді түгелдей парсы патшасы Махмуд Хорезм шахтың билеп тұрған кезі. Бұл кезең Ұлы Шайхтың

Құптамайды алымдар, Сіздің айтқан түркіні,

Орифтерден есітсең ашар көңіл мүлкіні.

Аят, хадис мағнасы түркіге болса лайық,

Мағнасына жеткендер жерге қояр бөркіні, – дей  келіп, хикметтің аяғында:

Ғарып, міскін Қожа Ахмед, жеті пуштыңа рахмет,

Парсы тілін білсе де, құп айтады түркіні, – деп өзінің парсы тілін білсе де, түркі тілінде өлмес мұрасы – хикметтерін түркі тілінде жазғанын мақтаныш етеді. Демек, ел билеуші сырттан келген, басқа ұлт өкілінің үкімімен барлық іс-әрекетті, іс қағаздарын оқу, білімді шеттен келген билеушінің айтуы мен жүрген шақ. Кейін Дешті Қыпшақ деп аталған ұлы даланың әр қойнауында бөлек-бөлек, ру-ру болып өмір сүріп, мал ұстап көшпелі жүрген халайықтың өмір салты, отырықшы егінші халайық пен бірдей бола алмады. Қол өнер мен күн көріп, күнделікті қорегін әр күнгі еңбегінің ақысы мен тапқан халық, шаруа баққан халықтай, бір жерге жыйналып зікір айтуға, бос уақты жоқ болса, әр сайда бөлек бөлек жүрген халықтың бір жерге бас қосатын мешіті жоқ еді. Иассауия тарихатындағы халайық айында жылында бір жиналып, қауым болып зікір айтып, барлық жан дүниесімен зікірдің ішіне кіріп, келесі кездескенше алғашқы кездесудің әсерінен арыла алмай жүретін. Пір ұстау, пірге қол беру, пірдің айында-жылында бір келіп елді аралап, өлгеніне бата, тірісіне насихат айтып, елдің Құдай жолына атағанын жыйып алуы да, қазақы далалық өмірдің бір нышаны-тұғын. Шаруа баққан елде қай кезде де бір басы артық тоқты-торымның болуы сахараның заңдылығы да болып келгені рас. Бұл заңдылық Қазақстанның оңтүстігінде күні бүгінге дейін сақталған. «Ата піріміз»  деп алыстан іздеп келіп, алып кетіп, апталап  күтіп, кезекпен ел болып қонақ етіп разы етіп шығарып салу. Әлдеқалай бәле-қаза болса арнайы көлік жіберіп алдырып, арнайы құран оқытып, ұйып тыңдап, үйріліп отыру көпшілік жерде сақталған. Өзбек арасына сіңіп кеткен, қазақтың салтын, әдеп-ғұрпын ұмытып бара жатқан қауымда бұл ұмытылып барады. Ал солтүстік аймақтарда пір мәселесі тіпті ұмыт болған. Сондықтан, Дештің Халқы пір сақтауға мүмкіншілігі мол болса, күнделікті тамағын қол кәсібі мен тауып отырған халықта бос уақытта жоқ, басы артық тиын-тебенде кемшіндеу болуы заңды. Оған қосымша күнделікті күн көрісті күнде тауып отырған халық ертеңге бір аз нәрсе сақтауға әбден бойы үйренеді. Халық арасында «Өлген сарттың қойнында бір наны бар» деген сөз осыдан қалды. Бұл сарт халқын қорлау емес, сарттың үнемшіл, қанағатшыл, шыдамды қаліне қызығушылық деп қабылдаған жөн.

Демек тариқат сөзін ұғымды етіп, жай, қарапайым қазақы тіл мен айтар болсақ, бұл, шариат бұйырған әрбір амалдың тереңдетіп, мүмкін болса ғылыми жолмен амалға асуы деп қабылдасақ, біздің сопылыққа жете алмай жүрген қалымызға тура келетін шығар.

Бесінші мәселе: Симоғ – дауыс шығарып жыр айту. Симоғ та зікір секілді қарсыластары және тілектестері бар мәселе. Абдулхолиқ Ғиждувоний өзінің жолын тұтынған  перзенті Қожа Әулиейи Кабирге қалдырған «Насихат намасында» айтады. «Симоғқа көп берілме, көбейіп кетсе көңлің өледі, ділді жаралайды. Жоққа шығарма, бұл амалдың жанашырлары көп». Көріп отырғанымыздай-ақ, Абдулхолиқ Ғиждувоний симоғ есітуді бүтіндей жоққа шығармаған, бәлкім азырақ есітудің жақтасы болған. Оның толық жоққа шығаруы, халайық арасында ала ауыздық алып келуі мүмкін еді. Бахауиддин Нақшбанд Абдулхолиқ Ғиждувонийдің жолын бұзбай:«Мо инкор намекуним ва ин кор намекуним» (біз орындама демейміз және біз орындамаймыз) дейді. Нақшбанд тариқатының соңынан ергендер, ұстазының айтуы бойынша, симоғпен шұғылдануды тәрк еткен. Шайх Хованд Тахур симоғ мәселесіне түсіністікпен қарайды. Оның жазуынша:«симоғ – махаббат шарабы, симоғ – өзара достық кілті, симоғ – мәрттік қазынасы, симоғ – Хаққа берілу нышаны. Шайхтың жазуынша, симоғқа берілген кісінің ләпсісі өлік, қалбы тірі болуы керек. Егер кісі симоғта ғашығының (тірі адамның) келбетімен жағдайын ойласа, мұндай кісіге симоғ харам. Бар ұмтылыс, талаптың мұраты Алла болмағы керек. «Бұдан тысқары – деп жазады ғалым, – симоғ тажрид жолы, руханилардың мақсаты, кімде кім ләпсі мұраттарынан күдер үзсе, рухани мұрат ол үшін мубох (мүмкін болады. Мубох – шариат бойынша шұғылдануға болатын амал. Демек, Шайхтың пікірінше, симоғқа амал ету мүмкін. Ғалымның жазуынша симоғ диуана және мәжнүндерді Хаққа алып баратын, жақындастыратын  шынжыр.  Симоғ тариқатта жаңадан іс бастағандардың көлігі болып, олар симоғ арқылы өздерін «өздік», «мен» зынданынан алып шығып, өзінен кешу гүлстанына алып барады. Бұдан тысқары, ғашықтың сөзі мен зары ынтызарына жетуіне  перде (хижаб) болады. Шайх мысал етіп, Мұса әлейкіс-саламды келтіреді. Муса әлейкіс-салам Алладан жамалын көрсетуді сұрады. Алла «көре алмайсың» (лан тароний) деді. Мұхаммад әлейкіс-салам  ғайыпқа сапар етуді ойламаған да еді. Алла тағала өзіне жақын келтіруді иноят (хош) көрді. Демек Шайх Хованд Тахур Симоғты жоққа шығарған емес.

Алтыншы мәселеде: Аллаға толық мойынсұну, адамдардың бұйырған таза емес амалдарына құлақ салмау. Тек қана пірге мойынсұну, пірдің сызған сызығынан шықпау қағидалары өз жөнін тапқан. Мурид кемел Шайх жамалынан Илохий нұрды аңдайды. Блл жолдағы мәжнүндік және сергелдеңнен пір арқылы құтылады. Мурид – Шайхтың   перзенті. Блл жайында Шайх былай деп жазады:  «Я мен шайхтың перзентімін, біздің пірлеріміз сүннат даңғыл жолымен кеткен және Хақ жолына күштерін сарыптаған. Бұл күндері бул заифта дәл сол нәрсеге умтылады». Соңғы сөзден Шайх Хованд Тахурда Хақ жолындағы пірлер секілді муридтерді тәрбиелеуді өз мойындарына алған.

Жетінші мәселе – Хырқа және көк киім кию жайында. Шайхтың жазуынша, «хырқа кию дәуріштік белгісі болса, көк киім кию азада,  тазалық , пәктіктің белгісі». Және:«Әр-кімнің мәртебе аяғын ләпсі қоймасының басына қойуы және жалбарыну мен кемтарлық қолын кедейлік пен пақырлыққа ашуы дәуріштік болады». Ғалым бұл сөздерді төмендегідей түсіндіреді: «Яғни мақтау мен жамандау оның алдында бірдей, бәле мен шаттық тең. Бұл дүниеннің бәле қазасы жалғасулы еместігі, бұл жалған әлемнің мәртебесінің іргетасы жоқ екендігін білген соң, ол үшін адамдардың мақтауы мен жамандауының  парқы қалмайды». Қолын кедейлік пен пақырлыққа ашуды былай түсіндіреді:«Қолын кедейлікке ашу дегеніміз, өз ләпсін Хақ қабыл етуші жақсы нәрсе деп білмеу, сыртынан айтқан өсектер үшін өз жүзін қара деп есептемеу. Әр кімнің етегіне жармаспау. Суға кеткен адамдай әр шөпке асыла бермеу». Ғалымның жазуынша, «дарйуза (кедейлік) өз тамағы үшін, халыққа дәме етіп қарамау, керісінше ләпсіні тыю, Алладан үміт етуді білдіреді. Өзінің әлсіз, нашар екенін білдіру үшін көк киім киіледі, киімді кию, әуестік ләпсінің басына «өлмей тұрып өліңдер» мазмұнына лайық қанжар ұрылған уақыт.

Сегізінші мәселе:- Дастархан жаю жайлы. Ғалымның айтуынша, дастархан жаю, болмаса басқаларға ауқат беру жақсы амалдың бірі. Бірақ, берілген ас адал кәсіппен табылған болуы шарт. Ғалым бұл амалды орындауды төрт шартқа байлайды. Нан беру төрт жағымды шарт пен  амалға асады, – деп жазады ғалым: «Адал жолмен табылған болсын, көз бояушылық болмасын, нан бергенін міндет қылмасын, рысқы беруші мен рысқы алушының арасында өзін жоқ деп білу. Әркім осы жолдармен нан берсе, оңайлықпен жан береді». Демек, тариқат жолындағы кісі адамдарды қолында бар ауқаты мен  ауқаттандыруға ұмтылуы және асы тек адал кәсіптен  табылған болуы шарт. Қазақ арасында бұл жайды «сақылық» деп атайды. Бұл жайында Майлы қожа:

Сақыны мақтар кітапта,

Санасыз дейді сараңды.

Сақылығың келтірер,

Оң жағыңнан намаңды.

Ақыретте көресің,

Бай менен жарлы адамды, – деп, бұл жайды кітаптан оқығанын айтады.

Тоғызыншы мәселе: – муомалат мәселесі. Ғалымның жазуынша муомалат деп муридтың өз піріне алып келетін бірер нәрсесін айтады. Муомалат сөзі сөздікте, екі адамның бір-бірі мен өз ара мәміле қылуы. Мурид шайх үшін бір-ер нәрсе алып келуі мен өзінің кесір және бақылдығынан бір амалды кемейтіреді және малын теберік етіп, рахметке лайық етеді. Пір  муридтің сауғасының ақысына құрметін асырып, тәрбиесін жақсы жолға қояды, демек сауапты жолға себепші болады. Ғалымның жазуынша: «мәміленің үш шарты бар. Бірінші – ең жақсысын бөлу, екінші – төмендік көрсету, үшінші – есте сақтамау және міндет қылмау. Бұл шарттар муридке міндетті. Мәмілені қабылдап алудың да үш шарты бар. Бірінші – ләпсі қалауы болмасын, екінші – лайығынан артық болмасын, үшінші – аздығына менсінбейтін көзбен қарамау. Демек, тариқаттағы муридтің сауға ретінде пірге сыйлық келтіруі және пірдің оны қабыл етуі мүмкін екен, бұл мәміле жоғарыдағы шарттарға  лайық болуы керек. Шайх Хованд және жазады: «Бірақ пір мұндай мәміледе ықтият болуы керек, алып келген нәрсе парадан, болмаса арам малдан, яки алдаумен қолға түсірген болмауы керек. Бұл үш түрлі мәмледен келген нәрсе  қалбтың қарайуына себеп болады».  Бұл мәміле  кей біреуде теріс пікір туғызуы, пірдің муридінен нәрсе алуы қандай болады, деген қиялға алып келуі мүмкін. Тариқат жолындағы пірге мал керек емес.  Ол кембағалдықты абзал көреді. Бірақ, оның алдында көптеген муридтер мен дәуріштер болады, адал жолмен келген мал, міне, осылар үшін  жаратылады.

Оныншы мәселе – Хилвет (халват) мәселесі. Шайх Хованд Тахур Хилветтің жақтаушысы. Бұл мәселеде Нақшбанд пен оның ортасындағы  айырманы көрсе болады. Бахауддин Нақшбанд хиветтің жақтасы емес. «Дил ба еру даст ба кор» ( Діл Аллада, қол істе) деген сөз осының ишараты. Нақшбандилер дүниеден қол жуып, халықтан қашып, хилветке кіріп кетпейді, керісінше, жұмыс пен айналысады, бірақ, Алланы ділінде зікір етуден тыйылмайды. Шайх Хованд хилвет жөнінде Иассауиядегі хилвет әдебіне жақын тұрады. Ал, хилвет Иассауия тариқатының негізгі талабының бірі болып есептелінеді. Шайх Хованд  хилветті бұл жолдағы негізгі заңдылықтың бірі деп атайды. Хилвет жайлы: «Хилвет – сафо бостаны, хилвет – көңіл гүлстаны, хилвет – ғашықтар мекені, хилвет – шүкірдің тұрағы, хилвет – орифтердің іздегені, хилвет – пақырлардың сипаты» – деп жазады. Демек, хилвет – тариқат қаумының ең қажетті орыны. Шайх Хованд  бұл жайында және оның пайдалары туралы 16 байттан туратын маснавийнда келтіреді:

«Ей, ер жекелік пайда бергеніндей,

Хилвет саған нұр береді». Шайх Хованд бұл жерде әлде бір Шайхтың тілі мен хилвет қасиеттерін баян қылады. Шайх дегенде кімді айтып отырғаны мәлім емес. Бірақ, бұл Шайх ғалымның өз атасы болуы мүмкін. Себебі ол басқа рисалаларда өз атасын «атам» деп тілге алмай, «Шайхи бузуруквор» (әулием) деп атайды. «Шайх  айтады, – деп деп бастайды сөзін Хованд, – хилветті құру және хилвет қауымын тәрбиелеу машайыхтардың сүннаты болған». «Сен неге бұл амал мен айналыспай жүрсің, және бұл жолға түскендерге хилветтің пайдалары жайында үйретпейсің?»  Шайх Хованд және жазады:  «Шайх, Алла оның жолын берекелі етсін, біз бидғат (Аллаға серік қосушы) қауымның хилветінен аулақпыз және көз бояушылар жолын қаламаймыз. Бірақ, муридтті дүниенің бір асуында хилветке өткіземіз. Шавхат (жігітшілік) тілегінен оны құтқарамыз, көңіл әуестігінің әскеріне зиян етеміз, ғаплет есігін оған жабамыз, вахдат келінін оның құшағына саламыз,  діл үйін бөтеннің мухаббатынан пәк етеміз, нашардың ділін Илохий қуатпен бақуат етеміз, бұл істердің барлығын істейміз және  Рахмет Сұлтанынан қайырым күтеміз, тағы әулиелер тәуібінен өлік ділге жәрдем күтеміз».

Бізге аты мәлімсіз Шайх жоғарыдағы сөздерде  хилветке берілген терең талдау болып, хилветтегі барлық мақсат өз орнын тапқан. Шайх Хованд бұл жерде ышқыны баян етуші  11 байттан туратын жыр келтірген. Жоғарыда айтылған  Шайхтың айтуынша, хилветте Раббаний жазба болмаса шайтандық қиял пайда болуы мүмкін. Демек, хилветте шайтан амал – айласын іске қосып, қасиетсіз, қияли нәрселерді көрсетуі мүмкін. Рисалада хилветке кіруі мүмкін болған адамның жағдайы айтылады. Мұндай кісі дүние істерінен бүтіндей қол үзген, доспен (яғни, Алла) қалбы толық рахат тапқан, алойиқ (яғни, ділді өзіне қарататын) нәрселерден үзілген, хақиқат ісіне қолы жеткен кісі. «Хилвет жалғыздықтың қылышы, хилвет жекеліктің моншасы – деп жазады ғалым – Көрмейсің бе, моншаға барлық нәрседен азат болып кіреді, хилвет те жалаңаштық жай. Кімде-кім моншаға  киімі мен кіріп кетсе, залал табады және тыныштығын жоғалтады».

Он бірінші мәселе – керемет талап етпек жайында болып, онда Шайх Хованд адамның барлық жаратылған мақлуқатан әзіз және аяулы екендігін баяндайды. Алла тағала Құран  кәрімде пендені әзіз етіп жаратқаны жайында хабар береді. Адам басқа жан-жануардан жеп-ішуі, жүріс тұрысы, ақыл-парасатымен парықтанады. Шайх Хованд Тахурдың жазуынша, керемет дегенде, Хақ тағаланың адамға берген артықшылығын түсіну керек. Әулиенің кереметі дегенде дуа-тілектің қабыл болуы, болмаса кей жағдайларда Алладан бір ізгіліктің келуі. Бұл жайында бір рауаят: «Бір кемеге көптеген саудагерлер жүктерін артып теңізге түседі. Аз ба, көп пе жол жүрген соң теңізде дауыл тұрып, кеменің жағдайы қиындайды. Барлығы бірдей Аллаға жалбарынып, садақа атап, атағанын теңізге лақтырып әбігер болып жатады. Кеменің бір бұрышында жыртық тонды бір дәуріш келе жатқан, бірақ оны елеп-ескерген ешкім болмайды. Өзі де кездесуден қашып, бір бұрышқа тығылып жүрген еді. Кеменің иесі әлгі дәурішке келіп:«Е, Алланың құлы біздің жағдайымыз қиын болып барады, Аллаға бір ауыз дуа етіп жалбарынып, жәрдем сұрасаңыз қайтеді, – деп сұранады. Диуана қолын көкке жайып Алладан кемені апаттан құтқаруды сұрап, дуа қылады. Сәт өтпей теңіз тыныштанып, кеме қалпына келеді. Бұл жайды бақылап тұрған бір оқымысты диуанаға келіп, мен дуаның мұншалықты тез қабыл болғанын көрген емес едім, мәні неде? – деп сұрайды. Сонда диуана: «Біз де Алладан осы уақытқа дейін еш нәрсе сұраған емеспіз»-деген екен. Бұл жерде ғалым айтқан дуаның қабыл болуы оқиғасы жүз береді. Ешқандай шеннен шыққан керемет жоқ, тек бенденің қысылғанда Аллаға шын бенделік көңілмен жалынған тілегі қабыл болды. «Кереметтің негізі Алла мен адам арасындағы екі жақты махаббатта. Құлын қалай жарылқаймын десе Алланың өз еркі. Ол бендесін адам айтқысыз ізгілік пен марапаттап, барлық әлем оны біліп тұратын етуі мүмкін. Сонымен қатар, Ол пендесін кен ішіндегі гаухардай етіп жасырып, бұл жайында басқа адамдар ғана емес, тіпті ол адамның өзі де Алланың бендесіне қаншалықты жақын екенін білмейтіндей етеді!». (Фатхуллах Гулен). Бірақ, кереметтің әшкере етуге мүмкін болатыны, болмайтыны болады. Мужиза  Илохий әмір арқылы әшкере етіледі. Шайхтың жазуынша, кереметтің ішінде истирож деген бар, ол шайтан арқылы пайда болады. Оны ақылды қауым мақтан десе, тариқат қайраткерлері макр (мекер) деп атайды. Истирож – көрініс береді, бірақ өзі өмірде болмайды, тіпті ол елеске, сағымға ұқсайды, көзге көрінеді, түбінде жоқ болады. Оған қарап ұмтылған адам жолынан адасып, өзі майып болады. Алланың бар қалауы Құдірет, Пайғамбардың мәртебесі Мужиза, Әулиенің  кереметі тағадат, ибадатпен Аллаға жақын болған жанның дуасының қабыл болуы. Себебі, бұл ұлық рухани дәрежеге қолы жеткен  адамдар.  Қарапайым халайық біле де, сезе де алмайтын жай, көзге көрінбейтін,  пайғамбарлықтың көлеңкесі сыпаттас. Міне, бізді ол қасиетті адамдардан ажыратып тұрған кеңістік осы ғана. Демек, тариқат қаумы кереметті көзге көрсетуде сақ болғаны жақсы. Кереметшілдік тариқатта қатты қараланады, абырой-атақ алу үшін керемет көрсетуді мақсат тұтқандарды жазалаған жайлар ұлық уламалар өмірінде көп болған. Шайх Хованд осы түсініктер жақтасы болғандықтан, Шайх Абу Тахир жайындағы хикаяны мысалға келтіреді. Оның жазуынша, Абу Тахир әр жұма намазы үшін Мысырға аттанғанда жолдағы дария-теңіздердің екі жағасы бір-біріне жалғасып қалады екен. Бірақ,  Шайх Абу Тахир ұзақ жол жүріп, көпшілікпен бірге барады. Себебі, ол керемет иесі болса да, шайтан болмаса жындар жолдан аздырады деп қауіп етеді екен. Демек, тариқат қаумындағы бір адамда керемет пайда болса, бұл керемет Алладан ба, болмаса шайтаннан ба, терең ойлап, көп тексеріп амал ету керек. Керемет Алланың өзін пайғамбар деп есептемейтін бендесіне берген сыйы. Бірақ, бұл адамдарды ажырата алатын жанға ғана белгілі. Шайх Хованд Тахурдың керемет жайындағы пікірі осы күндерде айдан анық көрініп тұр. Қаптап кеткен көріпкел, тәуіп, экстрасеанс, халықтың басын шыр көбелек айналдырып жіберді. Барлығының мақсаты біреу, халықтың қалтасындағы бес-он теңге.

Он екінші мәселе – ышқы мен махаббат таласы. Шайх Хованд бұл мәселеде, Алла  жолында пайда болған ышқы, оның  дерті мен қиыншылықтары, жанған отының жалыны қаншалықты күйдіру күшіне ие болса да, соншалықты бенденің бойындағы ластықты тазалаушы күшке ие екенін көркем сөз, жалынды жырлары мен айтып, дәлелдеп өтеді. Пәк, таза Илохий мухаббаттың ұмтылыс, ышқы жайын жыр ету Қожа Ахмед Иассауий шығармашылығында өз алдына бір жол болып тәртіпке түскен. Ышқы – рухты дүниелік әурешіліктен тазалайтын, қалыбқа от болып түсіп, нұр болып жанатын, пендені Паруардігер алдына жеткізетін құдірет, Мағрифат пен Хақихатқа дос қылатын, кісінің өздігін аңлау, пенделік дәрежені иеленуге жәрдем беруші күш. Ышқы бір жағынан дерт, екінші жағынан дауа. Бір жағынан азап, бір жағынан рахат. Себебі,  көңлінде ышқы бар адам ғана күні-түні пәктік пен хақихаттың ең жоғарғы мысалы Аллаға қарай ұмтылады. Ләпсіге қарсы шығады, бұл жолдағы барлық азап пен қорлыққа шыдайды. Түпкі мақсатының айқын екеніне көзі анық жеткен жан барлық азап пен қорлықты өзіне разылық көңілмен қабыл алады.  Шын ғашық, шын сопы. Басқаша айтсақ, ышқы Илохты яғни Алланы сүю, оған сыйынып, тағадат ибадат, нала, тілектер айтып қана қоймастан Алланы тану, демек, өз әсілін тану, кемелдікке жету жолы.

Ышқы бағын бейнет тартып көгертпесең,

Қорлық тартып, сұм ләпсіңді өлтірмесең,

Аллах деумен ішке нұрын толтырмасаң,

Валлох – биллох, сенде ышқының нышаны жоқ.

Ия, ғашықтықтың белгісі, кемшілдік, кішіпейілдік, шыншылдық, қайрымдылық. Ғашық болған адам, ынтызарынан басқа дүниелік дәреже, мансап, тәкәппәрлік, көкірек, қаскөйлік, кемсіту, кекшілдік секілді барлық жаман әдеттерден тыйылмағы керек. Тек, бұл ғана емес, дәреже болып саналатын байлық және байлықтың негізі болған  дәмету, дәме етудің нәтижесі дүние байлығын тәрк етпесе, ләпсі қалауынан құтыла алмайды.

Ышқы дауын маған айтпа,жалған ғашық,

Ғашық болсаң бауырыңда көз қаны жоқ,

Махаббаттың шауқы менен жан бермесе,

Зая өтер өмірі оның-жалғаны жоқ.

Қожа Ахмед Иассуий хазреті Мұхаммад әлейкіс саламды,  Боязид Бистомий және Мансур Халлажды шын ғашық дәлелінде келтіреді. Мухаммад (с.а.у.) пайғамбар бар болмысымен Алланың ғашығы еді. Ол заттың көкке көтерілуі, Меғраж түні Алла мен қатынасы, пақырдың нұрлы бейнесін көру, жерге түсіп, пақыр, ғарыптердің басын сыйпауы – барлығы ғашықтықтың белгісі, мәртебесі еді.

Ол Бураққа қарап анда қайран қалар,

Ғашық болмай ол Бураққа мініп болмас.

Хазреті Мұхаммад (с.а.у.) Иассуий үшін биік идеал, кемелдік, ізгілік пен қайрымдылық, иман мен сенім, садық пен мұхаббатты біріктіріп ұстаған жан. Жалпы Ахмет Иассуий тариқаты шариат пен тасаввуфты айтарлықтай біріктіре алған, Ислам заңдылықтарын сопылық тәлімге сіңіріп, Түркілік Рух пен қуаттандыра алған тарихат.  Ал Шайх Хованд Тахур Осы тарихаттан қанып ішкен жан болғандықтан, ышқы мәселесін алға қоя алмай тұра алмайды.

Он үшінші мәселе – Муридке шайықтық үшін рұхсат беру мәселесі. Тариқатта бұл мәселе ең күрделі мәселенің біріне саналады. Шайх Хованд Тахурдың жазуынша, солих тариқат жолының соңына жеткенде, басқаларды бұл жолда тәрбиелеуге кіріседі. Шайх Хованд машайхтардың пікірінен келтіріп жазады: «Пенде мен Құдай тағала арасында мың мақам (басқыш) бар, мурид осы мың мақамды басып өтпесе шайхқа лайық емес. Мурид осы мың мақамды иеленгенде, оны шайх деп атауға болады».

Шайх Хованд муридтың бұл мақам (басқыш) дарды басып өтудегі жолы мен қағидаларын Құран аяттары мен хадистер негізінде түсіндірген. Муридтың ибадаты, оқылатын дуалары, тілектері бұл жерде толық келтіріледі. Шайх Хованд бұл жерде де шариат пен тариқат жолдары бір екенін, оларды бір бірінен  ажыратпау керек екенін жазады. Бұл жайында:  «Есітуімше, бағзы жахыл, ғалым мутасаввифтер орынсыз жол ашып, мына істі шариатта істесе болады, бірақ, тариқатта мүмкін емес, –  дейді екен.  – Шариат пен тариқат арасын ажыратуды парыз ететін, сөйте тұра, өздерін тариқат қаумы деп есептейтіндерден Құдай сақтасын» – дейді. Шайх Хованд рисала ақырында өз Шайхының өнегелі сөздерін келтіреді. Онда жазылуынша, тариқат жолындағы кісі өз өмірінің ішінде бес түрлі іспен әр кезде шұғылдануы керек. Бұның бірі – намаз, намаз діннің ұстаны және Хақтың разылығы. Екінші Құран оқу – Құран жанның нұры және иманның мекені. Үшінші – ораза, ділдің сапасы және сауаптың нақтысы. Төртінші- көңілді шариат бойынша шаттандыру, көңіл Құдайдың Қағбасы. Бесінші – узлат, (жекелену) саламаттықтың себебі және қияметтегі азаптан құтылу мүмкіндігі.

Шайх Хованд және өз Шайхның  бес нәрседен қашу керек екені жайындағы пікірін келтіреді. Бұл бес нәрсенің бірі – зұлымдық, зұлымдық барлық нәрседен құры қалдырады. Екінші – өтірік. Өтірікші ең соңында өзі қорлыққа түседі және оның досы шайтан болады. Үшінші зина – зинақор дүниеде қорлыққа душар болады және ақыретте аяғы аспанда болады. Төртінші – арамқорлық. Арам жеу жаханнам оты мен бірдей және арамқор шайтанның тілектесі. Бесінші – жаман адамдардың сұхбаты. Жаман адамдар мен сұхбаттас болу ақырында бейшаралыққа алып келеді. (Махмуд Хасаний, Карамат Қиличева.Шайх Хованд Тахур.Ташкент-2004.)

Құрметті оқушы! Ұлы бабамыз Шайх Хованд Тахур жайында қолға түскен мәлімет қазірге осы, ия, тек қазірге ғана. Алда Құдай берсе өмір бар, меннен кейінгі әулет бар, алдыңғы сүренін салып, міне осындай ұлы бабамыз болған деп көрсетіп бергенімді бір жетістік санаймын. Келер ұрпақтан бір көкірегі ояу перзенттің бұл істі алға қарай созып, менің қолым жетпеген жерін тауып, толықтырып, халыққа жеткізеді дегенге менің сенімім тіпті мол. Шайх Хованд Тахур бабамыздың өз заманында өте ірі ғалым болғаны осы азғана сөзден көрініп тұр. Бірақ, осы азғана сөзде менің  еңбегім емес. Махмуд Хасаний мен Карамат Қиличева деген Ташкенттік ғалымдардың еңбегі. Мен тек осы еңбекті қазақшалап халқыма жеткізуші ғана бір пендемін. Бұл еңбектің өзінде тауып менің қолыма берген Ташкент қаласында тұратын, тарих ғылымының докторы, Қазақ халқына  достық көңілді  Шодман Вахидов деген азамат. Ұлы бабамыз жайындағы еңбектен көрініп тұрғандай, бұл ұлық зат өлең, хикмет, мисра жазумен шұғылданған. Өкінішті жері сол, мен тәжік, парсы тілін білмеймін, сондықтан, бабаның жәдігерлігін толық оқып маңызын тата алмадым. Келешекте осы жайды қолына алып, бабаның еңбектерін толық аударып халқыма жеткізетін көкірегі ояу бір ұлды халқыма нәсәп ет Раббил Аламин! 

Сейіт-омар Саттарұлы

Сондай-ақ, оқыңыз

Сыр өңіріндегі ағартушылық дәстүр

Мемлекетімізді қалыптастыру, іргесін бекіту, халықтың рухани мәдениетін, дүниетанымын жетілдіру, сауаттандыру, әлеуметтік жағдайын көтеру жұмыстарымен айналысқан, …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған