Қарақозы әулие

Өмірде болған, есімі, істеген ісі, қадыр-қасиеті ел есінде сақталған адамдар аз емес. Бірақ, солардың кейбірі туралы бір кездерде жазу былай турсын, әңгіме айтудың өзі қорқынышты еді. Өйткені, құдайсыздар қоғамы үстемдік құрып тұрған заманда дін, әруақ, көріпкелдік, сәуегейлік, емшілік тұралы сөз қозғау өзгеге ғана емес, өз басына да бәле тілеп алудың бір себебі болатын.

Өктем идеологияның пәрмені жүріп тұрған уақытта мұндай киелі қасиеттер Құдайға сенетін адамдардың бір-біріне сыбырлап қана айтатын әңгімелерінің арқауы болған. Сыбырлағанды көлденең біреу ести қалса, тиісті орынға хабарланды дей беріңіз. Онда көп ұзамай жауапқа тартылып қалуыңыз да ғажап емес. Сонау отызынншы жылдардың орта кезінде жағдай осылай болған. Халықты үрей мен үргедектік билеп, адамдар артық-ауыс сөзге бармаған.

Осындайдың әсерінен ел арасында өзінің ерекше қасиетімен танылған адамдардың кейінгі ұрпақтарға белгісіз болып қала беруі заңды. Көне көз қариялар азайған сайын, сол адамдардың өздерімен бірге қасиетті адамдар жөніндегі әңгімелер де көмескі тартып, бірте-бірте ұмытыла беруі заңды нәрсе.

Дегенмен, заман өзгерді, Соған сәйкес сөз де түзелді, «Ел іші – алтын кеніші»-қайран ел талай қазыналарды жадында сақтаған ғой. Қақпақ, тоқпағымен қоса кеткен соң, халқына қамқор болған асылдардың есімі қайта жаңғырды.

Бұған мысал көп: қол бастаған батырлар, әділ билік айтқан билер, айыр көмей шешендер, сөз маржанын терген ақын-жыраулар, халықты имандылыққа баулыған ғұламалар, шапағатты әулиелер, бақсы- балгерлер жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Мұның бәрі тәуелсіз ел болуымыздың арқасында келген игіліктер. «Өлгені тіріліп, өшкені жанды» деген аталы сөз дәл осындайдан шықса керек.

Бүгін біз сонау сұрапыл соғыс жылдарында хабарсыз кеткен бір арысымыз жөнінде белгілі деректерде сүйене отырып әңгімелеп беруді жөн көрдік. Бұл – қожа Ермағамбетұлы Қарақозы деген кісі.

ҚАРАҚОЗЫНЫҢ ӨМІРБАЯНЫ

Қарекең 1898 жьшы Байғанин ауданындағы қазіргі Қопа селолық округіне қарасты Көлтоғай деген жерде туып, Сағыз өресінде өмір сүріп, еңбек еткен адам.

1938 жылға дейін сол кездегі шағын-шағын көп  колхоздардың 6ірі – Шұбарқұдықта   пошта тасушы болса, кейін екі колхозды біріктіруден пайда болған «Қарабұлақ» колхозында колхозшы болып жұмыс жасайды.

1941 жылы күзге қарай балаларын оқыту үшін 7 жылдық мектебі бар «Көкбұлақ» колхозына қоныс аударады. Осы жерден 1942 жылғы қараша айында армияға алынады. Әуелі ол Уфа облысы Қуандық ауданында №16 теміржол колоннасында еңбек армиясынық құрамында жұмыс жегіліп, 1943 жылы желтоқсан айында майданға аттанады. Қарекеңнің елмен байланысы осы кезден бастап үзіледі.

Қарақозы – өте қарапайым, ешкіммен қақ-соғы жоқ жан болған. Оның басқалардан ерекшелігі сол – айтқаны келетін көріпкел, құмалақ ашатын сәуегей, сырқат адамдарды емдейтін тәуіп болған.

Қарекеңнің осы қасиеттеріне оны білетіндердің бәрі имандай сенген және оның айтқандарының бәрі айна-қатесіз келетініне нақты көз жеткізіп отырған. Сондықтан Қарекеңнің айтқан сезіне ешкім күмән келтірмеген.

Қарақозының арғы ата-бабалары әруақ қонған, әулиелік  қасиеттерімен аймаққа белгілі болған қожалар әулеті екен. Олар осы аймақтағы қожалардың үрім-бұтағы бүкіл Батыс  Қазақстан өңірінің халқына ұран болған Бекет Атаның нағашы  жұрты Назар қожадан тартады.

Одан бері қарай Нұрқожа – Күнқожа-Есмембет – Ермағамбет – Қарақозы болып келеді.

Қарақозы – Ермағамбеттің тоғыз баласының кенжесі екен. Оның атасы Есмембет арабша оқыған аса білімдар, әулиелік,  емшілік қасиеттер дарыған кісі болған, ол Маңғыстаудың Ақшұқыр деген жерінде жатыр, ал 1929-1930 жылдары Көлтоғайдан көшіп кеткен Ермағамбет қожа сол Манғыстаудың Бұлыойық деген жеріне барып қоныстанып, сонда қайтыс болған. Қарақозы жас кезінде әкесінен сабақ алып, ескіше сауат ашқан.

ҚАРАҚОЗИН ТӘШЕННІҢ ӘҢГІМЕСІ

Қарақозыдан алты бала қалған екен. Солардан қазіргі көзі тірісінің үлкені – Тәшен Қарақозин. Ол  45 жыл ұстаздық қызмет атқарған, республика оқу ісінің үздігі, қазір зейнеткер. Қарекең женінде жан-жақты сұрау салып, материал жинақтап, осы әңгіменің жазылуына мұрындық болған сол кісі.

-Әкем армияға алынғанда, мен он жаста едім,-деп әңгімелейді Тәшекең.-Әкем жүзі жылы, қатты сейлемейтін кісі еді. Ешкімнің көңілін жықпайтын. Өзіне біреудің өтінішпен келетінін алдын ала біліп отыратын. Оған көбінесе болашағын болжап беруді мақсат еткендер, сырқаттанып жүргендер, мал-мүлкі жоғалғандар келетін.

Әкеміздің оларға не айтып, не істегеніне ол кезде көп мән бермеппіз. Кейіннен ес біліп, етек жиған кезде сол адамдардың өз аузынан талай еңгімелерді естідім. Бірақ «Біздің әкеміз сондай болған» деп мақтана сөз қозғауға батылымыз бармады. Өйткені уақыт солай еді. «Әкең өлсе-өлсін, бірақ әкеңнің көзін көрген өлмесін» деп бекерге айтпаған ғой. Сол көз көргендердің арқасында мен әкем жөнінде біраз жайға қанықтым. Әкеммен ауылда және 1943 жылдың желтоқсан айына дейін Уфа облысында армияда бірге болған кісілермен кездестім.

Біріншісі – Әбіш Өрекбаев деген кісі. Жасы қазір сексеннен асқан болуы керек. Қызылбұтақ селолық округінде турады. Бұл кісіден мен әкемнің соғысқа аттанғанға дейін болған адресін алдым. Бір ғажабы-шала сауатты адамның зерделісі екен. Адресті қағазға жазып алғандай етіп айтып берді. Тіпті командирінің аты-жөнін де ұмытпапты.

Кейіннен мен соның берген адрес бойынша аудандық әскери комиссариат арқылы Москва облысы Подольск қаласындағы орталық архивке сұрау салғызғанымда, мынадай жауап келді: «Сообщаем, что по документам учета безвозвратных потерь сержантов и солдат СА установлено: рядовой 12-мотострелковой бригады Ермаганбетов Каракозы, 1899г.р. уроженец Актюбинской области. Байганинского района призван в СА Темирским РВК, пропал без вести в декабре 1943г. Год рождения-так в документе» Жауап Әбіштің айтқанымен дәлме-дәл болды.

Екіншісі- Оспан Жаманов. Бұл кісі осыдан 4-5 жыл бұрын жүзге қараған жасында қайтыс болды. Біздің екеумізден біршама үлкендігі бар. Ол Қарекең жөнінде былай деп әңгімелеп берген еді.

-Армияға Қарекеңмен бірге алындық, жылдан астам уақыт бірге болдық. Сауат жоқ, оң-солымызды білмейміз Тамақ та жөнді емес, ұлты басқалардан жәбір де көрдік Әлде «трудармия» болғандықтан ба, ол арасын білмеймін Менің білетінім – Қарекеңнің арқасында тамағымыз тоқ болды. Өйткені ол кісіқұмалақ ашатын. Көңіліне демеу іздей ме, қайдам, әйтеуір мұсылман балалары Қарекеңе келіп, құмалақ ашқызады. Құмалақтын жолына деп біреу шекерін, біреу нанын, енді біреулер тиын-тебенін салатын.

Бірде Қарекең: «Мен көп ұзамай, соғысқа аттанамын, сен қаласың, аман-есен елге ораласың» деді. Мен: «Қареке-ау, сен кетсең мен қалай күн керемін» деп налымаймын ба. Сонда ол кісі: «Құмалақ аш» деді. «Ау, Қареке-ау, мен қалай құмалақ ашамын, өмірімде ұстап көрген нәрсем емес- дедім. Сонда Қарекем: «Аш, ойыңа не келсе, соны айта бер-деді.

Мен сөйтіп құмалақ ашатын болдым және бір нәрсені  қиюластырып айтып та жүрдім. Бақсам, мені сөйлететін жарықтық Қарекеңнің әруағы екен ғой. Бірде ол: «Сенің құмалақшылығың ұзаққа бармайды» деп еді. Сол айтқандай, елге оралған соң, менің құмалақ ашуым сап тыйылды. Кетерінде ол соғыстың көктем айында аяқталатынын да айтқан еді. Қарекең соғысқа аттанам деген күннің ертесіне біздің бөлімдерімізді сапқа тұрғызды. Майданға жіберілетіндердің аты-жөндерін айтып, шақырып алып, біздің қарсы алдымыздан екінші сап құрды. Бір кезде Қарекеңнің де аты аталды. Ол да барып келесі сапқа қосылды. Команда беріліп, жаңа сап жүріп кетті. Манадан көз алмай қарап тұрған мен сол саптан Қарекеңді көре алмадым Әлде менің көзіме солай елестеді ме, білмеймін. Әйтеуір Қарақозы көрінбеді. Саптың үстінен бір құс қанқылдағандай болып еді, қалғандарымыз: «Қарекең аққу болып ұшып кетті» деп жорыдық. Оспан ақсақалдың әңгімесі осылай ма, ел де басқа да білетін адамдар бар ма, ел арасында Қарақозы құс болып ушып кетіпті деген әңгіме тарағаны рас еді. Қалай болса да, Қарекең ұрыс даласында опат болды деген дерек жоқ.

ҚАРАҚОЗЫНЫҢ КЕРЕМЕТТЕРІ ТУРАЛЫ

Қарақозының көріпкелділігі, емшілігі жайлы әңгіме көп, оны жұрт аңыз етіп айтады. Енді сол адамдардың өз басынан өткендерін Тәшенге әңгімелеп бергені және осыған байланысты материалдар жинақтау кезінде қағазға түсірілген деректер бойынша естеліктер тінін тарта түселік.

Құдабай Байжанақов – Ұлы Отан соғысының ардагері, сексеннен асқан зейнеткер: «1938 жылы мен қатты ауырдым. Басым айналып, көзім  қарауытады, көзім бір нәрсе елестегендей болады. Тамаққа тәбет жоқ. Екі аптадай дәрі-дәрмек ішкен болдым. Бірақ жағдайым жақсармады. Содан ауылдың үлкендері: «Қарақозы деген қожа бар, соған көрін» деген соң, біреудің атын сұрап алып, «Шұбарқұдық» колхозында тұратын Қарақозыны үйіне іздеп бардым. Күлімдеп сойлейтін қабағы қалың қара кісі екен. «Құдайы қонақты қарсы алайық» -деп жылы шырай 6ілдірді әйеліне көрпе жайғызды. Шәй қайнағанша құмалақ салды да:

-Інім, қазір біз шәй ішеміз. Ал сен мен берген жапырақты қайнатып ішесің,  ауруыңның дауасы осыдан түседі,-деді. Сол күні осы үйге қондым. Екі рет жапырақ қайнатып іштім. Тәбетім ашылып тамақ жедім. Ертесіне атымды өзім ерттеп, ешкімнің көмегінсіз мініп ауылыма қайттым. Кетерімде Қарекең тағы екі жапырақ беріп еді, соны екі күн қайнатып ішкеннен кейін ал келіп терле. Міне, мен осы бір белгісіз сырқаттан осылайша жазылдым. Қарақозының емшілік қасиетіне мен күні бүгінге дейін бас иіп мойындап, мақтаныш етемін».

Досқұл Аққағазов,  зейнеткер:1941 жылдың көктемі болатын. Біз оқушы баламыз. Май айы еді. Бір күні Қарекең біраз ауылдастарымен әңгімелесіп отыр екен. Әңгімеге біз де құлақ түрдік.

-Уа, халайық,-деді ол,- мен бүгін түс көрдім. Түсімде мұртты шалды (Сталинді айтқаны) бір үлкен айдаһар белінен үш орап алып шаққысы келді. Бірақ шал одан сескенген жоқ. Қолындағы зор қылышын үш рет сермеді. Екі ретінде айдаһар өлмеді үшінші рет сермегенде, басын қағып түсті. Бір керемет қиын жағдай болады, халықтың басына ұзақ та ауыр салмақ түседі. Дегенмен арты қайыр, жеңіс мұртты шалдікі болады,-деді. Бір айдан кейін ауданнан өкіл келіп, фашистік Германияның біздің елімізге тұтқиылдан соғыс ашқанын хабарлады.

НАР МАЯ ЖАЙЛЫ

«Шұбарқұдың» колхозында Тұмышев Қоштанбек деген кісі басқарма төрағасы болып жұмыс жасаған. Ол кезде Қарақамыстан (қазіргі Темір қаласы) астық тасып, халыққа таратады екен. Қоштанбек өзінің боталы нар маясын арбаға жегіп, кіре тартуға береді. Бір сапардан керуен оралғаннан кейін нар маяны өріске жібереді. Сол кеткеннен түйе ауылға оралмайды. Бір емес, бірнеше сауымдық уақыт өтеді. Бірақ нар мая күн батқанда да келмейді. Қоштанбектің келіні Ақзер мазасызданып, көкелеп Қарақозыға барып жағдайды айтады. Ақзер бұл кісіге өкіл қыз екен.

-Қарағым, саспа. Малың ешқайда кетпейді, көп ұзамай келіпқалар,-деп жұбатады Қарекең.

Бірақ түйе ертесіне де келмейді. Бота болса зарлап тұр. Ақзердің қолынан келгені: Қарекеңе барып, үмітін жалғап қайтады. Қарекең болса, «мал келеді» деген сөзінен танбайды. Үшінші күні таңертең Жанкелді моласы жағынан нар мая желіп келе жатады. Сүтін бала-шағасының таңдайына қатып отырған малының келе жатқанын көріп, жүрегі жарылардай қуанған Ақзер Қарекеңе жүгіріп келіп, рахметін айтады.

Сол күні түс ауа ауылдың басқа жағынан бір атты кісі келеді. Анадай жерден атынан түсіп, Қарақозының үйіне қарай жүреді. Қ. деген азамат екен. Үйге кіре алмай, кібіртіктеп не істерін білмей тұрады. Сонда Қарекең:

– Ау, неғып тұрсың. Кір үйге. Келетініңді біліп отырмын,-дейді. -Ойбай, Қареке мен қарабет болдым. Не істесең де қолыңдамын,-деп сүріне-қабына үйге кірген әлгі кісі Қарекеңнің алдына қос тізерлеп отыра кетеді.

-Жә, болар енді. Одан да істегеніңді жасырмай айтып шық,- дейді Қарақозы.

-Мына нарды қалаға апарып пұл қылайын деп едім. Өрістен ұстап таса жерге жасырдым. Қараңғы түскен соң, көзге түспей, қыр асып кетем ғой деп ойладым. Бірақ түнде өте қалың тұман түсіп, бағытымнан адастым. Содан келесі түнді күттім. Онда да жолым болмады. Тағы да тұман түсіп, баяғы кеткен жеріме қайта айналып келе бердім. Бір кереметтің жолымды кесіп тұрғанын сонда барып түсіндім. Таң алдында түйені босатып  қоя бердім де, бағытымды өзгертіп, басқа жақтан өзіңнің алдыңа келіп отырғаным осы- депті.

-Дұрыс жасағансың. Келесі түнді күтіп, тағы да түйеге мініп жүргенің де, нар мая ауылға келетін еді де, сенің өзіңе бір қатер болатын еді. Кеш те болса, ақылың кірген екен. Енді менің саған айтарым: бұдан былай сенің біреудің ала жібін аттады деген сыбысыңды естімейтін болайын деп Қарекең ұрының уәдесін алып, рұхсатын беріпті.

ҚАНАЛЫ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ: Кезінде «Байғанин” кеңшарында Социалистік Еңбек Ері Боқанов Қойлыбай деген кісі болған. Қойлекеңнің Қаналы есімді кемпірі жасырақ кезінде көтерілмелі болып ауырыпты. Оны емдету үшін бір күні Қарақозыға алып келеді. Таныстықбілістік сұрасқаннан кейін:

-Е, қарағым, сен жауырыны жерге тимей өткен балуан Әли Балтаның жақын қарындасы екенсің ғой. Қорықпа, жазыласың,-дейді де, Қарекең үйдің ішіне саздан Әли Балтаның қабірін жасап, Қаналыны соның қасында екі күн түнетеді. Содан Қаналы сырқатынан құлан-таза жазылып кетіпті. Ауруынан айыққан Қаналы Ермағамбетке өкіл қыз атанады, Қарақозыға қарындас болған екен.

ЖАНЖАНАЙДЫҢ АЙТҚАНЫ: «Келіншек кезімде аурулы-сырқаулы болдым. Бір күні Қарекеңе келіп қаралдым. Ол кісі маған былай деді:-Саған емделудің қажеті жоқ. Бір жылдан кейін ер балалы боласың. Оған дейін қылыш жасатып қой. Балаңды құндақтаған соң, сол қылышты кеудесіне көлденең қоясың. Балаңның есімін Қылышбай деп атайсың, өмір жасы ұзақ болады. Қалай екенін қайдан білейін, жарықтық Қарекең айтқандай, емделмей-ақ жазылып кеттім. Тапсырмасын орындадым. Бір жыл еткен кезде балалы болып, атын Қылышбай қойдым».

Жанжанайдың сол Қылышбайы казір жасы жетпіске жақындаған ақсақал болды. Әлі қанша емір сүретінін бір құдай біледі, жапырағы жайылған бір әулеттің басшысы.

АҚОРЫННЫҢ АЙТҚАНЫ:-Менің бойжетіп турған шағымда, шешем Қарекеңе барып:»Мына баламның болашағы қандай болады»- деп құмалақ ашқызыпты. Сонда Қарекең: Балаңның несібесі мол болады. Ештеңеден тарлық көрмейді. Дегенмен бір нәрседен кемдік көреді-ау,-депті.

Шешем: «Ол нендей кемдік, оны болдырмау үшін не істеу керек?» деп қайыра сұрамапты.

Қарекең айтқандай, тұрмыс таршылығын көргенім жоқ. Жолдасыммен тату-тәтті өмір сүріп келемін. Бірақ өкінішім сол – бұл жалғаннан балалы бола алмай етіп барамын ғой. Қарекенің болжамының шындыққа айналғаны осы болды, қарағым, – деген еді Ақорын.

НҰРСӘУЛЕНІҢ АЙТҚАНЫ:Жарықтық Қарекең маған: «Өмірің жақсы өтеді, бірақ үлкейген шағыңда көзің жасты болады-ау,»-деп еді. Алпыстан асқанға дейін өміріме өкпем жоқ. Соңғы оншақты жылдың ішінде балам, қызым, келінім, қайным қайтыс болды. Бүгінде екі көзім ғаріп болып қалды. Қартайғанда көзімнің жасты болғаны осы шығар, қарағым, – деп әңгімелеген еді жетпістің үшеуіне келіп отырған кейуана.

ҚАРЕКЕҢНІҢ ТҮРМЕДЕП КЕРЕМЕТІ

Қарақозин Тәшен 1950 жылы Оңтүстік Қазаңстан облысы Сайрам ауданы Манкент селосында мұғалім болып қызмет атқарған. Сол жерде ол Омарходжаев және Өтепбаев Оңберген деген азаматтармен жолығысып, әңгімелеседі. Алғашқысы Манкент маңындағы бір колхоздың басқарма төрағасы екен де, екіншісі капитан шенінде, аудандық әскери комиссар болып жұмыс жасайды екен. Олар Тәшеннің Ақтөбе облысы Байғанин ауданынан екенін біліп келген сыңайлы.

-Омарходжаев (атын ұмыттым) жасы 40-45 шамасындағы орта бойлы, дөңгелек жүздітолықша қара кісі. Үстінде аң китель, аң шалбар, басында ақ фуражка. Осылар әлі көз алдымда,-дейді Тәшен. Амандың-саулық сұрасқаннан кейін, әңгіме басталды және ол менің әкем жайында өрбіді. Алдымен Оңберген:

– Аға, мына баланы танисың ба, кімге ұқсайды-деп жолдасына қарады.

Өзің айта берсейші кімнің баласы екенін. Ол елден кеткелі 14-15 жыл болды ғой,-деді серігі.

-Екеуміз Жарқамыста жұмыс жасап жүргенде, үш түнде үш рет түрменің есігі ашылып қалғанын есіңізге түсіріңізші,-деп күлді Оңкең.

Сол кезде әлгі кісі шошып кеткендей бір қимыл жасады да: «Ие, Қарекең, Қарекең» деп  басын сипал біраз ойланып қалды. Әрі-беріден соң әңгімені өзі айта бастады.

«-1934-38 жылдары біз Байғанин ауданында қызмет жасадық. Мен – аудандың ішкі Істер бөлімінің бастығымын, ал, Оңберген қатардағы милиция қызметкері болды.

1937 жылдың жаз айы болса керек. «Шұбарқұдық» колхозында тұратын қожа Ермағанбетов Қарақозыны ұстап түрмеге әкеліп қамадық. Түрмеде орын жоқтың қасы. Бір үлкен белмеде 40-50 адам жатыр. Ол бір қиын уақыт еді ғой. Күндіз-түні тынымсыз жауап аламыз. Түрменің есігі әр уақытта кілттеулі, күзет берік.

Бірде таңертең түрменің есігі ашылып қалыпты. Тексерсек, күзетші ештеңе білмейді, кұлып сау. Сол күні кешке түрме есігін мұқият кілттеп, күзетті екі есе күшейтіп қойдық. Теңертең тұрып қарасақ, есік тағы да кешегідей ашылып қалыпты.

Адамдарды санадық түп-түгел. Олар да ештеңе білмейді. Үшінші түні де оқиға осылай қайталанды. Мұның нендей кереметекенін білмей, айран-асыр болдық. Бір жағынан өзіміздің зәреміз қалмай қорқып жүрміз. Енді не де болса адамдардан сұрауға тәуекел еттік. Бірақ сұраған адамдарымыздың көпшілігі ештеңе білмейміз деп шықты. Дегенмен бір азамат. Мені түрмеге қамап соттатып жібермесеңдер, айтайын  деді. Біз уәде еттік. Сондағы оның айтқаны:

-Сендер халқымыздың сыйлы да құрметті азаматы Қарақозы деген кісіні түрмеге жаптыңыздар. Оның ешбір кінәсі жоқ. Жеті атасынан бері әулиелік қонып келе жатқан қожаның тұқымы еді. Сол кісінің сендерге көрсетіп жатқан кереметі болуы керек. Содан Қараңозыны жауапқа өзім шақырып алатын болдым. Бірде мына Оңбергенге «Қарақозыны жауапқа алып кел деп пәрмен бердім. Сөйтсем, Оңберген орнынан қозғалмай тұр. «Неғып тұрсың!» дегендей бетіне қарасам, ол:

-Өзі келе жатыр,-деді.

-Түрменің есігін ашқан кім?-деп дауыс көтере бергенімде, «өзіңіз білесіз ғой»-дегендей ишара жасады.

Сол арада Қарақозы да кабинетке келіп үлгерді. Ендә онымен айыпкер емес, ағаша сөйлесуге тура келді. Ол үшін кабинетте емес, үйде сөйлесу сәтін іздедім. Мұнымды Ақзонов деген жолдасқа айтып, келісім алдым.

Сонда бір күні түнде Қарақозыны үйге шақыратын болдым. Шын мәнінде, көріпкел адам болса, біледі ғой, сынап керейін деген мақсатпен әйеліме сандықтың екі бұрышына үш жұмыртқа жасыртып қойдырдым. Шайды дайындатып, қазанға тамақ салғыздым. Қою қараңғылық түскен кезде Оңберген Қарақозыны ертіп келді. Мен оны үйде қарсы алдым.

-Қареке, төрге шығыңыз,- дедім.

-Жоқ, шықпаймын. Сен, жігітім, мені сынайын деп шақырттың ғой. Ана тығып қойғандарыңды келін алсын,-деді Карекең Міне, керемет деген осы емес пе!

-Қареке,сынайын дегенім рас еді. Енді соның не екенін айтып  бер-дедә. Қарекең:-Сандықтың екі бұрышында жатқан үш жұмыртқа болар-деді. Солай дегенде, әйелімнің де таңданысында шек боліан жоқ.

Айтқаны орындалғаннан кейін Қарекең «Енді төрге шығуғаболады» деді. Содан шай ішкізіп, тамақтандырып болған соң Қарекеңді түрмеге қайта апарып салуды ұйғардық. Кетерінде-Ал, інім,сенде менің бір бұйымым бар- деді. -Айтыңыз, Қареке.

-Айтсам, мені босататыныңды біліп отырмын. Менің бұйымым: мына түрмеде жатқандардың көбі жазықсыз азаматтар. Соларға жәрдем ет, босқа күйіп кетпесін. Екінші, бүгіннен бастап 30 күннің ішінде бұл ауданнан кетіп бол, 31 күнге қалсаң, еліңе кауіптісың.  Ал үлгеріп кете алсаң, маңдайыңа шаң тимейді,-деді.

Содан кейін бір кездескенінде Қарекең:

-Сен қожасың, інім. Қожа екеніңді әлі айтарсың,-деп күліп арқамнан қақты.

-Міне біз Қарекеңнің осындай кереметін көрген адамдармыз. Тағар кінә болмағандықтан, оны біз түрмеден босаттық. Ол менің қожа екенімді де айтқызбай білді. Өйткені менің ата -бабамның өзбек арасында өскен қожа екені рас еді.

Содан 29 күн дегенде қызметімнен босап, осы Сайрам жаққа көшіп кеттім. Сөйтіп 1937-38 жылдардағы қиын кезеңнен аман қалдым. Соғысқа бардым, одан да аман оралдым. Шүкір, қазір бір колхоздың басқармасымын. Қарағым, сен менің інімсің,-деп бетімнен сүйді. Әкемнің біреуге істеген жаңсылығы ойламаған жерден менің алдымнан осылайша шьқты.

МАНАСОВҚА БАЙЛАНЫСТЫ ӘҢГІМЕ

Соғыстың алдында және басталған жылдары Байғанин ауданында Манасов Кенжебай деген жігіт аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жүмыс жасаған. Әйелі Малика – прокурор болып істепті. Соғысқа партия, совет қызметіндегі басшыларды да ала бастаған кез еді ғой.

Бір күні Манасовқа да шақыру қағазы жетіп, «Ертең Ақтөбе  қаласына келіп болыңыз» депті. Хатшы Қарақозыны жақсы біледі екен. Оны түн ішінде үйіне шақыртады  да:

-Қареке, мен ертең соғысқа жүргелі жатырмьін. Маған шын көңіліңізбен құмалақ салыңыз. Өзім Арал жағынанмын. Әйелім де жалғыз, ең болмаса алданыш етер баласы да жоқ,- деп налып көңілін білдірсе керек.

Сонда Қарақозы, құмалақ салмай-аң:

-Қарағьім сен ешқайда бармайсың, несібең жүріп тұр. Ертең Ақтөбеден самолет келеді. Сені армияға алмайтьін қағаз келеді. Келешекте бір ер балалы боласың. 1948 жылы бір қатер  бар  одан  өтсең  қауіп  жоқ  деген  екен.Айтқандай  Маназов  армиядан  қалдырылған, ер  балалы болған. Бірақ  1948  жылы ауыр  науқастан  қайтыс  болған екен.

Сейталинге  байланысты  әңгіме.

Отызыншы жылдардың екінші жартысында Сейталин Ақаш деген азамат Байғанин ауданында белді қызмет атқарған. Өзінің ақындық дарын болса керек деді бір әңгімесінде Тәшен Қарақозин.Неге екені белгісіз әйтеуір осы жігіт жауапты болып, ұсталып, сотталып кетсе керек. Әлде 37-38 жылдардың жалынышарпыған да болуы мүмкін. Сол кісі елуінші жылдарда ауданға қайтадан келіп, аудандың оқу бөліміне басшылық жасайды. Білетіндер өте сауатты азамат еді деп айтады.1958 жылы осы Сейталин аудандың партия комитетінің бірінші хатшысы Абатов Нұрдаубаймен бірге сапарға шығады. Мақсаттары-«Қарабұлақ» колхозына барып, шаруашылық жайымен танысып қайту. Жол Жарқамыстан  шығып, тура батысқа қарай тартады да, Сағыз өзенінен өткеннен кейін әлгі колхозға қарай бұрылады. Машина Сағыз өзенінің өресіне жақындаған тұста Сейталин: -Ертеде осьі жерде «Шұбарқұдың» колхозы болып еді. Сонда бір көріпкел қожа тұрған, атын есіме түсіре алмай келемін. Өзінен ұрпақ қалды ма екен?- дейді.

Абатов оған ештеңе демей отыра береді. Бір кезде жол екі айырылады. Сонда Абатов шоферына:

-Мына жолға түс!-дейді.

-Нұреке, біз «Қарабұлақ» колхозына бармаймыз ба! Мына жол басқа жаққа кетеді ғой,- дейді шоферы.-Үндеме, осы жолмен жүре бер,- дейді Нұрекең.

Машина келесі жолға түсіп алып тарта береді. Бағыт енді тура солтүстік. Біраз жүргеннен кейін, алдарында бір қызыл трактор кетіп бара жатады. Бұлар жақындағанда, трактор тоқтаиды, ішінен ұзын бойлы қара жігіт жерге түсіп жолаушыларға сәлем береді. Аман-саулықтан соң машина ілгері жүріп кетеді.

Ол кезде мен Көкбұлақ жеті жылдың мектебінде жұмыс жасайтынмын. Кезекті сабағыма барғалы үйден шықсамауылдың оңтүстік жағынан бір жеңіл машина көрінді. Әне-міне дегенше жүргіншілер жақындап та қалды.  Кете берудің ретін таппай күтіп тұрмын.

Біздің үй ауылдың осы жол жақ шетінде болатын. Бір кезде машина бұрылып алып, тура маған қарай журді. «Жол сұрайын деген адамдар болды-ау» деп ойлаймын. Көлік үйдің қасына келіп тоқтады.

Түсіп жатқан адамдарға қарасам, бірінші хатшы Нұрекең, серігі – өзімнің бастығым Ақаш. Аман-түгел сұрасып, қонақтарды үйге бастадым. Сабақ жөнін реттерсіңдер деп, мектепке бала жібердім. Сол уақытта ауылға қызыл трактор да жетті. Туған ағам Мамбет еді. Оны дереу мал әкелуге жіберіп, шай қамына кірісіп кеттік.

Шәйдің үстінде Нұрекең әңгімені бастады.

-Сен, Ақаш, мана «Шұбарқұдың» колхозы, сонда тұрған қожа туралы айттың-ау. Онда тыңда, сол қожаңның аты – Қарақозы. Мынау соның үлкен баласы Мәмбет, ал бізге дастархан жайып, дем таттырып отырған ортаншы баласы – Тәшен,-деді.

Сол кезде Ақаш:

-Алда, әруағыңнан айналайын, Қарекем. Мен соның ұрпақтарының үйінен дәм татып отыр екенмін ғой. Көзден кетсе, көңілден де кетеді дегендей, мен ұмытқан екенмін. Бірақ ұмытатын да уақыт болды. Жиырма жыл аз мерзім емес шығар,-деді де, Қарекеңе байланысты әңгімесін жалғастырды.

-Сонау бір жылдары мен осы ауданда жұмыс жасадым. Бірде мені «Шұбарқұдық» колхозына өкіл етіп жіберді. Шаруашылыққа атпен барып, жұмыстарымен таныстым. Колхозшылармен жиналыс өткіздім. Кемшіліктер де айтылды. (Ақаш жас кезінде ыссылау да болған сияқты).

«Ертең ауданға жүремін, көргендерімді басшыларға баяндаймын,» дедім ғой. Сонда көпшілік тарап бара жатқанда, бір ересектеу кісі «Әй, бала, ертең жүре алмайсың ғой,»-деді де жөніне кете берді. Мен де ештеңені қаперіме алған жоқпын. Сол ауылға қонып, ертесіне атымды әкелуге адам жібердім. Бір кезде ол адамым ентігіп қайтып келіп:-Өкіл жолдас, атыңыз өлейін деп жатыр.Тұрғызуға әрекеттеніп едім, тұрмады,-деді.

Жазған құлда жату бар ма? Қасыма бірнеше адам ертіп атқа өзім бардым. Шындығында, атымның төрт аяғы көктен келіп, тыпырлап, өлгелі жатыр. Мен сасайын дедім. Оп кезде ат өлтіріп алу да оңай емес, қастандықтың бір түрі болып есептеледі. Енді қайтейін не істейін.

Қасымдағыларға кеше бір шал «Әй бала ертең жүре алмайсың-ау» деп еді..  Соның айтқаны келді, бұған енді не амал жасаймыз?дедім

-Ойбай, ол Қарекең ғой.

-Ол кім?

-Ол Қарақозы деген кісі. Осы аймаққа белгілі көріпкел, әулие, емші адам. Енді соған баруымыз керек-деді.

Амал жоқ. Қарақозыға баруға тура келді. Сөйтіп оның үйіне іздеп бардым. Ол кісі үйінде екен. Е, қарағым келдің бе?  Кеше ертең жүрем деп едің, кете алмаған екенсің ғой,-деді ол. Оған не амал жасаймын, қзіңізден жәрдем күтіп келіп отырмын, – дедім. Ол кісі: Қорықпа, шырағым. Қазір атыңа бар. Аттың артқы жағында жылқының кепкен тезегі жатқан  болуы керек. Соның біреуін ал да, уатып жіберіп атыңның үстіне шаш, содан кейін атты ноқталап тұрғыз. Шамалыдан соң ат сілкінеді, сәлдем кейін сиеді. Сейтіп алдыңа келеді. Ерттеп мініп ал да, жолыңнан қалмай тарта бер,- деді.

Айтқанына айран-асыр болып, біз атқа тағы бардық. Ат манағы көрген күйде. Қарасақ, оның арт жағында жылқының кепкен тезегі жатыр екен. Соны қолға алып, Қарекеңнің айтқанын айнытпай жасадық.

Ат орнынан тұрды, сілкінді, сиді. Қуанғанымнан ерттеп жіберіп, атқа мініп те алдым. Біраң жүріп кете беруге жүрегім дауаламады. «Ойпыр-ай, мұндай да керемет болады екен ғой. Қой, одан да Қарекеңе барып, ең болмаса рахметімді айтып кетейін,»деп соның үйіне қарай бет түзедім.

СӨЗ СОҢЫ

Жоғарыда айтылған әңгімелер Тәшен білетін немесе Қарекеңді көзі керген адамдардың өз аузынан естіген жандардың айтқандарының аз ғана бөлігі деуге болады. Өйткені, бұл кісінің көріпкелдік, емшілік қасиеттерінен шапағаты тиген адамдардың қатары бүгінде сиреп қалды.

Алайда, «Қарекең айтып еді деген сөздер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазір де аңыздай әңгімеленеді.

Бір қызығы, соғысқа дейін Қарақозының отбасы тұрған колхоздарда ұрлық-қарлық дегендер пышақ кескендей тоқтаған екен. Себебі мұндай оқиғалар бола қалса, Қарақозы оны қолмен қойғандай ашып беріп отырған.

Ел ішінде не болмайды: біреулер әруақ аттайды, оған тіл тигізеді, енді біреулер айтуға ауыз бармайтын іс қылады. Сондай қолайсыз істермен кіріптар болып келген адамдарды Қарекең оңаша қабылдайды екен де, оқиғаның мән-жәйі басқаларға беймәлім болып қалады екен.

Ал өзінің ұятты болғанынан гөрі, Құдай алдында арылып, Қарақозының әруағына тәнті болғандығын көпке жария етуге тәуекел еткен адамдар басынан кешірген оқиғасы жөнінде кейін әңгімелеп жүрген. Біздің қағазға түсіріп отырғандарымыз да сондай ағынан жарылған адамдардың айтқаны.

Қарекең көп жағдайда құмалақ ашпай-ақ көріпкелдікпен айта береді екен. Ұлы Отан соғысының ардагері Көптілеуов Қасым ақсақал былай дейді

Майданға аттанар шағымда Қарақозыға барып бал аштьірмақ болдым. Бірақ ол әңгімені көп созған жоқ. «Соғыстан ешқандай жарақатсыз елге ораласың» деді. Мен майданда 5 жылға жуық болған адаммын. Реактивтік қондырғы «Катюша» расчетінің командирі болдым. Бәлкім содан ба, әйтеуір соғыста жарақаталған жоқпын.»

Осындай әңгімені Сасырауов Байман деген ардагер де айтады «Қарекең бізге нағашы болатын. Мен онымен Темір қаласында  әскери комиссариаттың комиссиясына түсіп жүргенде соңғы рет кездестім.

Сонда: «Нағашы, мені соғысқа алатын сияқты, алдағы тағдырым қалай болады»-деп сұрадым. Қарекең: «Жиен, қорықпа, елге аман-есен келесің, жел жағын ал да тарта бер,- деген еді

Құдайға шүкір, сол айтқандай, елге аман-есен оралдық. Балалы-шағалы болдық. Жас болса жетпісті орталап қалды. Қарекең осылай боларын білген болуы керек. Жалпы Қарекең қауіп-қатерге душар болмайтын адамға «Жел жағын ал да тарта бер» дейді екен. Бұл сөз оның мәтелі сияқты. Ал тағдырында өкінішті жағдай болатын адамдарга: «Бәлен уақытта бір қатер, содан өтсең қауіп жоң» дегенді айтады екен.

Қарақозының елден кеткеніне аттай 54 жыл болды. Өткен 1998 жьшьі оның жасы 100-ге толды. Көзден кетсе де, көңілден кетпеген, халықтың қадірлі азаматы болған осы бір адам жайлы жазғандарымызға көпшілік риза болса, аруақ алдындағы парызымыздьің аз да болса орындалғаны деп білеміз.

Қарақозы Ермағамбетұлы жөнінде айтылар әңгіменің бас-аяғы осы болмаса керек. Ақтөбе облысы тұрғындары арасында бұл кісіге байланысты оқиғаларды, оның көріпкелдігін толықтыра түсетін жәйттерді білетін адамдар әлі де бар деп есептейміз.

 Өмірсерік ОРАЗАЛИН,  Ақтөбе қаласы. Заречный-2  482 үй Тел.29-85-05

Сондай-ақ, оқыңыз

Ет жемес ешан атаның ұрпақтары

Осындай саясаттың кезінде Ет жемес ешан атаның ұрпақтары да қуғынға ұшырады. Ешан,молдаларды да байлармен бірге …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған