Басқы бет / Ғалымның хаты / Қазақ халқы құрамындағы қожалар тарихы

Қазақ халқы құрамындағы қожалар тарихы

475699d297afae315ef802312426354e_XLТарихи өзгерістер салдарынан ұмыт қалған дәстүр мен мәдениетті қайта жаңғырту, жан-жақты зерттеу арқылы ұлттық құндылықтарды арттыру қазіргі кезеңде аса қажет екені даусыз. Бүгінгі күнде этнологтардың зерттеу бағыттарының бірі, жалпы этнос құрамындағы белгілі бір этникалық топтың болмысы болып табылады. Осы орайда этностың тұтас бейнесі мен ерекшелігін құрайтын – этностың шығу тегі, оның басқа халықтармен қарым-қатынасы, туыстық байланыстары т.б. мәселелерін зерттеу этнография, антропология ғылымындағы арнайы міндеттердің бірі.

Қазақстан тарихындағы қожалар, төрелер, төлеңгіттер сияқты субэтникалық топтардың этногенезі мен этникалық тарихын және этномәдениетіндегі ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда зерделеу қазақ этнографиясы үшін маңызды мәселердің бірі. Қазақтар арасында генеалогиялық қатынасқа түспейтін қожалардың этникалық шығу тарихы, саяси әлеуметтік құрылымы мәселелері осы уақытқа дейін төл тарихнамамызда түпкілікті  зерттеліп бір арнаға түсе алмай келген. Кейбір зерттеулерде бұл мәселелер сыңаржақты, үстірт қарастырылған.

Қожалар өзіндік болмыс-бітімімен әдет-ғұрып, салт-дәстүріндегі ішкі этномәдени ерекшеліктерімен дараланған субэтникалық топтың бірі. Қазақ қожалар қазақи этномәдени ортада өмір сүргендіктен, олардың өзіндік әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен тұрмысындағы кейбір ерекшеліктің сақталғанына қарамастан, сол халықпен сіңісуі де қоғамдық тарихи заңдылық. Қазақстан тарихындағы қожалардың этникалық шығу тарихы Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аймағында ислам дінінің енуі негізіндегі рухани процестермен тікелей байланысты. Орта Азия мен қазақ халқының тарихындағы қожалар сол халықтардың арасындағы субэтникалық топтардың  бірі ретінде өмір сүре отырып, олар жергілікті халық арасында шартты түрде «қожалар» деген атпен белгілі болды.

Қожалар тобы тарихи-табиғи күрделі процесс нәтижесінде қалыптасқан этнос құрылымының элементі болып табылатын этникалық жүйе ретінде қазақ ұлтының бір бөлігіне айналғанына да  көптеген ғасыр өтті. Этностың құрамындағы мұндай даралану Л.Н.Гумилов бойынша, субэтнос болып табылады. Субэтникалық ұғым белгілі бір этностан әлеуметтік, мәдени, әдет-ғұрыптық, тілдік, территориялық ерекшеліктері бар топ. Осы орайда, қожалардың әлеуметтік ерекшеліктері мен этномәдениетінде кейбір  ерекшеліктері сақталғандықтан, ол қазақ халқының құрамындағы субэтникалық топтың бірі саналады.

Қожалар елдің рухани өмірінде мұсылмандық мәдениеттің ең жоғарғы қызметшісі, сондықтан да Орта Азия халқы мен қазақ халқы арасында мұсылман дінін таратып уағыздаушы, әрі Мұхаммед пайғамбардың алғашқы халифтарының ұрпағы болып есептеледі. «Қожа» ұғымы парсы тілінде «хваджа»- «ие», «еге», «мырза» деген мағынаны білдіріп, ислам діні тараған елдерде діни адамдарға берілетін құрметті атақ болды, ал араб тілінен  аударғанда «ағартушы» деген мағынаны білдіреді. Өздерін пайғамбар әулетіне санайтын қожалар мен ислам дінінен хабары барлардың барлығы дерлік «қожа» қатарына қосылып, ислам дінін уағыздауға қызмет атқарды. Солардың бірталайы  қазақ даласына да тарайды. Сонымен, қожалар Орта Азия халықтары арасында Мұхаммед пайғамбардың төрт шадиярынан тараған әулеттер.

Мұхаммед пайғамбардың алғашқы халифтарының ұрпағы қожалардың Орта Азия мен Қазақстан аумағында этникалық қалыптасуы араб жаулап алуы немесе «дін үшін соғыс» кезеңімен байланысты.

Дін қақпасын ашқан бабтар

ҮІІ ғасырдағы 30 жылдарында Мәдинадағы  халифат Аравиядан тыс жерлерге «дін үшін соғыс» деп аталатын ұрыс қимылдарын жасады. Нәтижесінде Палестинаны, Египетті, Византия империясын, Иранды жаулап алып,  Солтүстік Африка, Закавказье және Орта Азия мен Қазақстан  аумағына дейін келгендігі тарихтан белгілі. Арабтардың Орта Азияға келуі ҮІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде. Алайда, арабтардың жаулап алуы басталған қарсаңда Орта Азия мен Қазақстан аумағының көп бөлігі Батыс Түрік қағанатының билігінде болған. Олардың Орта Азияға келуі Кутейба ибн Муслим есімімен тығыз байланысты. Ол туралы деректердің  бірінде; «628 ж. Кутейба ибн Муслим, яғни Умайя тұқымының алтыншы халифасы Уәлид ибн Абдул Малик заманында Кашмирге жақын Кануч шаһарын алды, содан Балхтан (Жайхун – қазіргі Амудария) өтіп, Қашғарға беттейді. 714 жылы Кутейба Шашты басып алып, Испиджабқа жорық жасады. Алайда, бұл өңірдің ислам дініне енуі Қарахан мемлекеті тұсында еді. Х ғасырдың басында Қарахан әулетінің негізін қалаушы Сатух ислам дінін қабылдаған болса, оның ұлы Боғрахан Харуб бин Мұса 960 жылы ислам дінін мемлекеттік  дін деп жариялады. Бұл туралы Муддарис Аалам ахун  айтады деп келтіреді Құрбанғали Халиди; «Түркістан жаппай Сыдық Бұғрахан  (Боғрахан ЗИ) алдында исламға енді, себебі «түріктен әуелі исламға енген Сыдық деп» осы Боғраханды айтқан. Түркілердің мұсылман болуы Бұғраханнан бұрын  болса да  Бұғрахан заманында ислам дамып гүлденген». Бұл туралы В.В. Бартольд: «Қарахандық билеушілердің яғма тайпасынан шыққан әулеттің өкілі Сатұқ Боғрахан Абд ал Керимнің алғаш рет исламды қабылдағанын айтса, С.Г.Кляшторный алғаш қарахандық билеушілер дәуірінде болған ірі оқиғалардың бірі түріктердің  исламды қабылдауы деп толықтыра түсіп, алайда Қарахан мемлекетіне 955 жылы  мұсылманды қабылдатқан Сатұқ Боғрахан Абд ал Керимнің өзі емес, оның ұлы Мұса деп айтады. Айта кетелік, бұл саяси діни идеологиялық процестерден бұрын Орта Азияда ислам дінін таратушы арабтарға қарсы 776-780 ж.ж Муканна қозғалысы болған. Дін таратушылардың Орта Азия мен Қазақстан территориясына келуі туралы ХІІІ ғасырдың бірінші жартысында Маулана сафи ад-дин Орын Қойлақы жазып қалдырған шежіре. Бұл шежіре 1988 жылы Сәруаров Қуандық ақсақалдан Мұхамметхан Сайыпназаров және Мұзафар Шалаповтар көмегімен табылған. Ол осы «Насаб-нама» нұсқасын 1896 жылы Түркестанские Ведомости газетінде Н.Лыкошин Ташкенттің Бешағаш бөлігіндегі Яланг-кари махалласында тұрған Исамуддин ханна алынған деген мәлімет бар бойынша жариялаған. Бұл «Насап-намалар» бойынша дін таратушы бабтар; Ысқақ баб (лақаб аты Баба ата), Әбдіжалил баб  (Абд ал Жалил), (лақаб аты Хорасан Ата), Әбдірахим (Абд ар Рахим) бабтар (лақаб аты Әулие Ата) Орта Азия және Қазақстан аумақтарына келді.  Шежіре бойынша  айтсақ, Әли Мұратазаның ұлы Мұхаммед Ханафия, оның 2  ұлы болған. Бірінің аты Абд ал Маннан да, екіншісінің аты Абд ал Фаттах еді. Абд ал Маннанның ұлы Баттал ғазы. Ол Румде (Константинопольде) тарсалармен (христиандармен) соғысып, осы  соғыста қайтыс болады. Абд ал Фаттахтың  ұлы Абд ал Қаһһар, оның  екі ұлы бар. Олар – Абд ар Рахман және Абд ар Рахим. Ал Н.Лыкошин мәліметінде, Абд ал Жалил (әрі қарай Әбдіжәлил), оның баласы Абдул Жаппар, оның баласы Абдул Каһар, оның 2 ұлы – Абдурахман баб және Абдурахим баб. Ал Абдрахманнан 2 ұл – Ысқақ баб және Әбдіжәлил баб болады.  Абдул Каһар Шам (Сирия) патшасы болды. Ол қайтыс болғаннан кейін оның орнына Абдурахман баб, одан кейін Ысқақ баб патша болады. Ал, «Насап-намада» Әбдіжалил Шам патшасы еді. Абдрахман уақытынан соң Ысқақ баб атасының орнына патша болады, інісі Әбдіжалилді Иемен патшасы етеді. Бұл шежіре былай баяндалады: «Бірде Абдурахим баб Ысқақ баб пен Әбдіжалил бабты өзіне  шақырады.  Олар жиналғанда  Ысқақ баб Әбдурахим бабқа; «маған  бір ой келіп тұр», деп ислам  дінін халық аарсында тарту туралы ойын  айтады. Сонда Ысқақ баб: «Әбубәкір Сыдық тұсында… Халидтің ұлы Абдурахман 12 000 әскер жинап Ферғанадан Өзгентке барып тарсалармен соғысты. Олардың бәрі дін үшін шейіт болды…. Ал, Әлі Халиф тұсында Аббастың баласы  Қасым және Әбдіжәлилдің баласы Мұхаммедтер 30 000 әскер жинап Ферғана, Өзгент, Джадж (Шаш) және Испиджабқа барады. Онда олар тарсояндармен (тарсалармен)  соғысуға, яғни исламды таратуға Өзгент, Ферғана елдеріне жылжуымыз қажет,-дейді. Бұл хижра бойынша 150 жыл, яғни 767 жыл еді. Абдурахим баб бұл жайлармен келіседі де, ендігі  кезекте жасақталған әскер санын сұрауға  көшеді. Ысқақ баб Әбдурахим бабтан сұрайды:«Сіздің қанша әскеріңіз бар?». Әбдурахим баб: «Менің жақсы жасақталған 60 мың әскерім бар» деп жауап береді. Әбдурахим баб Ысқақ бабтан «Сенде қанша әскер бар?» деп сұрайды. Ысқақ баб: «50 мың әскер дайын» десе, … Әбдіжалил баб:»40 мың әскер дайын» екендігін айтады. Сөйтіп, 150 мың әскермен Әбдірахим баб, Ысқақ баб және Әбдіжалил баб Шамнан Тебриз арқылы Исфақанға, Мазандаранға, Серахс, Балх, Бұқара, Самарқанд, Өзгент және одан әрі Ферғанаға жылжиды.

Осы үш «баб» (Баб – «қақпа, дін қапасын ашушылар) дінді насихаттуда үлкен күш жұмсаған. Уақыт өте келе, олардан тараған ұрпақтар діни дәріс беретін мешіт, медреселер ашып, жергілікті халықпен жақын араласты. Жергілікті халық оларды дер кезінде ислам дінінің елге сіңірген, арабша сауат ашып, мешіт-медресе егелері болғандықтан «қожа» деп білген. «Қожа» деген сөз «еге», «ие», «мұсылман дінінің егесі» яғни сол дінді уағыздаушы деген мағынаны білдірді.

Шежірелік деректерге сүйене отырып Орта Аия мен Қазақстан территориясында мұсылмандықтың таралуын ҮІІІ ғасырдың 60-шы жылдарымен байланыстыруға болады, себебі Әбдірахим баб, Ысқақ баб және Әбдіжалил бабтардың  ислам ашу туралы кеңесі 767 жылы болғанын ескерсек және  осыдан кейінгі уақытта олардың жорыққа шығуымен түсіндіруге болады.

Қадірлесең, қонар құт пен дәулеті

Қожалардың ел өміріндегі діни қызметтерінің жоғары болғандығы Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастанынан да байқалады. Мұнда Мұхаммед пайғамбардың ұрпақтарын «әулиелер» ретінде санап, олармен байланысу жайын және оларды сыйлауды насихаттайды. Ол бойынша:

  1. Құлдан бөлек, бек кісіден ерекше,

Адамдар бар, араласар керексе.

Бірі олардың пайғамбардың әулеті

Қадірлесең, қонар құт пен дәулеті.

Сүй оларды көңіліңмен, жаныңмен,

Нәрсе сыйлап, жақсылық қыл барыңмен,

Бауыры бұлар пайғамбардың ет жақын,

Пайғамбарлық қақы үшін сүй, ей жаным!.

  1. Сұрастырма еш қарекет, сырларын

Айтқан сөзін еш қайтармай тыңдағын [22] – десе, осы тәріздес өлең жолдары ХҮІІІ ғ. өмір сүрген Бұқар жырау жырларында да айтылады. Ол:

Он екі айда жаз келер,

Құс алдында қаз келер.

Айтып айтпай немене

Заманымыз аз келер.

Ата-бабаң қол берген

Қожаларын қас көрер.

Ноғайларды ғалым деп,

Әулиедей көрерсің.

Ноғайлардың байлары болар сазандай,

Сәлдесі болар қазандай.

Ақыретке барғанда,

Ақ сүйекті қор тұтқан,

Қараны онан зор тұтқан.

Ноғайларды пір тұтқан

Тартарсың сонда жазаңды-ай ! – деп қожалардың қазақ даласында діни қызмет атқарып, қазақ руларының оларға қол бергендігін атап көрсеткен.

Қожалар  қазақ халқындағы ру-тайпаларға рухани мәдениет өкілі ретінде танылып, бірте-бірте сол ру-тайпалардың атасына айналды. Қазақ шежірелері тарихының генеалогиясынан қожа есімдері орын алды. Қазақтардағы сияқты түрікмен, өзбек, ұйғыр, қырғыздар арасында да «қожа» атымен кездесетін есімдер көптеп кездеседі. Мұндай есімдер көп жағдайда көптен күткен балаға қожаның берген батасының негізінде дүниеге келгеннен кейін қойылса, енді бірде осындай қуанышты сәттердің бірінде қожаның сол үйге келуімен де байланыстырылады. Қазақ халқының шежірелік деректерінде «қожа» атауларымен кездесетін есімдерді кездестіруге болады.  Мәселен, М.Ж.Көпеевтің «Қазақ шежіресіндегі» Орта жүз тарихында Жанарыстың екі әйелі болып, олардың бала көтермей жүргендерінде, үйіне Қарақожа, Аққожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа, Есімқұлқожа, Қосымқожа аталған 6 қожаның келгенін, оларға;

Ой, құдай-ай!

Берді ғой бала беретұғын,

Әулиелер келді ғой.

Сыйынбасам маған серт,

Қолдамасаң саған серт,

Сарт болсаң садағам кет – деп сый-сияпат көрсеткен. Сонымен, қожалар ықылас, пейілге разы болып «алтауымызда атымызды бердік, алты ұлға ата боласың» деп бата бергеннен кейін ғана дүниеге 6 ұл келгенін жазады. Мұндай есімдер қазіргі күнде де жергілікті халық арасында, айталық сол елге «пір» болған қожаның аты немесе қожаның ерекше бір қасиеті үшін көптеп кездеседі. Айта кетелік, қазақ халқы арасында діни әдет ғұрып жүргізу қожаларға тән болды. Олар белгілі бір жергілікті халық арасындағы қазақ руларына «ишандық» қызмет атқарып, «пір» болды, ал қазақ рулары оларға «мүрид» болған. Мұндай шындықтарды айтар болсақ, «Әзіреті Ысмайл Ата туралы аңыз» деп аталатын мақалада Ысмайл Атаның әкесі Ибрахимнің 400 жыл бұрын (ХІҮ-ХҮ ғ.ғ. шамасы болу керек) қазақ руы қаңлылардың «Омыртқа», «Мандуд» әулеттеріне пір болғандығы айтылса, ХҮІІІ ғ. қазақтар бас қосып жиылып қажылыққа Құнанбай бастап барғанда, ноғайлар мен сарт өкілдері таласып; бірі маскүптік (мәскеулік- И.З.) десе, сарттар бұқар тілділер  деп таласады. Ақыры Мекке Медине шәріп, шайқылары қазақ қауымынан қажылыққа барғандарды шақырып алып сұрағанда, Құнанбай; «біз маскүп-саскүбіңді, бұқар тіліңді де білмейміз» деп қазақ қоғамындағы қожалар мен төрелердің беделін айтып кеткен. Оның ретін «Біздің тіріміздің билігі «Алдияр» ұранды төреде, өліміздің билігі «Алла» ұранды қожада» деп жауап бергендігінен байқалады. Осы негіздегі, Құнанбай қажы Әуез қожаны (М.Әуезовтің атасы) Тобықтылардың піріне айналдырып, оған қол бергендігі де белгілі. Халық арасында «ақ сәлделі қожа», немесе «Төрені киім кигенінен танырсың, Қожаны басындағысынан танырсың» деп дін иелері ретінде, олардың басындағы сәлдесін меңзеп,  қадір тұтқан.

Қожалардың территориялық орналасуы бойынша статистикалық мәліметтер Кеңес дәуіріне дейінгі мәліметтерде де бар. Дегенмен де, қожалардың бүгінгі күндегі жалпы санын қанша екенін толық және дәл түрде келтірмесек те, олардың санының қанша болғандығы бізге жеткен деректер негізінде көрсетіледі.

Пайғамбардың төрт шадиярынан тараған

 ХІХ ғасырдағы деректер бойынша статистикалық мәліметтерде қожалардың саны былай келтірілді: Жаңақорған болысында барлығы 3083 үй болса, оның 149-ы сунақтар, 92-і қожалар, 97-і сұлтандар, арғындар-850, наймандар-586 болса, Кинтубская (Кентау) болысында барлығы 2076 болса, оның 1644-і жаппастар, ал 432-і қожалар, ал Қармақшы болысында барлығы 1627 үй болса, оның ішінде сұлтандар-30, қожалар – 10, қалғандары Кіші жүз рулары. Сондай-ақ Қазалы уезінде Кіші жүз рулары: шекті, төртқара, шөмекей, қаракесек, қарасақалдан басқа, 4 пайыз – сұлтандар, төлеңгіттер, қожалар болды деп көрсетеді. Ал А.И.Харузин мәліметі бойынша, Кіші жүз Бөкей Ордасында да ХІХ ғ. 80 жылдарында шамамен 500 үй қожа немесе 2750-ге жуық жан болды деп көрсетсе, М.Достоевскийдің жәдігерлігімен шыққан «Эпоха» журналының №11 санында «Внутренняя или Букеевская Киргизская орда» деп аталған мақалада 1801 ж. осы өңірдегі рулардың шаңырақ саны келтірілген, соның ішінде қожалар – 178 үй болған. Шымкент уезі болыстарының тізімінде рулар бойынша үйлер саны Шелек болысында: найман-705, арғын-249, қыпшақ-152, қожалар-154 болған. Демек, бұл мәліметтерден байқайтынымыз, қожалар  аз мөлшерде болса да, тек Сыр бойы немесе Оңтүстік өңірлерде ғана емес Бөкей Ордасында да болғандығы айқындалады.

Ал, қазіргі күнде қожалар қазақ халқы құрамындағы үлкен топты құрайтындығын ескере отырып және қазақ жеріндегі қожалардың ұрпақтары Сыр бойы мен Оңтүстік Қазақстан және Жетісу аймақтарында ғана емес бүгінгі қазақтардың ата-бабалары пір тұтқан қожалар бүкіл Қазақстан аумағы мен көршілес Өзбекстан территориялары мен сондай-ақ Ресейдің Томск өңірінде де 50-ге жуық қожалар бар екендігін атап өтеміз. Сонымен бірге 20-30 жылдары жер ауып кеткен, бұрынғы атамекені Оңтүстік Қазақстан, Сыр өңірлері болған қожалар қайтадан Жаңақорған өңіріне келуде. Бірақ, олар өздерінің «қожа» екендерін айтқанымен, ата-бабасының шежіресін таратып бере алмайды. Олар өздерінің осы өңірге келу себептерін: «Ата-бабамыз бұрындары осы өңірде тұрған және бұл өңір қожалар тобының көп шоғырланған территориясы болғандықтан көші-қон мәселесінде біздің табан тіреуіміз осы жер болды»-деп түсіндіреді. 1998 ж. мәлімет бойынша, Жаңақорған өңіріне шетелдерден 1993 ж. бастап келген жанұялар саны-20 болса, оның 13-14-ке жуығы өздерін қожа, ишандармыз деп айтады. Олар Түркия, Иран, Ауғанстан, Моңғолиядан келген жанұялар. Қожалар Мұхаммед пайғамбардың ең жақын 4 серігінен таралған болса, соның ішінде Әбубәкір, Омар және Әзіреті Әліден тараған (Әзіреті Оспаннан тараған ұрпақтар Қазақстанда жоқ) ұрпақтары Қазақстан территориясында мекен етіп, қазақ руларының бірі болып өсіп-өніп келеді дейді жергілікті көнекөз қариялар.

Орта Азия халықтарының арасында қожалардың этникалық құрылымы

А.А.Семенов «қожаларды-араб жаулап алушыларының ұрпақтары, олар өздерінің қыздарын жергілікті халыққа әйелдікке бермеді, бірақ өздері барлық жергілікті мұсылмандардан қыз алуда ерікті болды. Сондай-ақ оларға көптеген дервиштік (суфистік – И.З.) ордендер мен олардың ишандары жатқызылды» деп сипаттап, Сейіттер – Мұхаммед  ұрпақтары, олар пайғамбардың немерелері Хасан мен Хусейннен тарайды. Сондықтан да олар өздерінің аттарына «Хусейни» және «Хасани»сөздерін қосып «сиедат-панох» – сейіттік ар-намыс (абырой) баспанасы лауазымын иеленді десе, ал қожалар алғашқы араб жаулап алушыларының ұрпақтары, ал мирлар – пайғамбардың сенімді үш серігі – Әбубәкір,  Омар және Оспанның ұрпақтары. Мирлар және қожалар – исолат-панох   «мәртебелі тек баспанасы» лауазымын иеленгендігін атап көрсетеді. Мұндағы Хасанның ұрпақтары «шариф» – ақсүйек, зиялы деп, ал Хұсайынның (Хусейннің) ұрпақтары «саййд» – көсем, мырза, әкім деп аталса, «қожалар» Мұхаммед ибн ал-Ханафияның ұрпақтары саналған.

Өзбектердің ауылдық жергілікті халықтарында қожалар әдетте, әртүрлі «қасиетті» атаулы орындарға жақын қышлақтарда мекен етті. Олар ауылдар мен қалаларда халықтың жарты бөлігін құраумен бірге, өз алдына бір ауыл болып қышлақтарды да иеленді. Мысалы, тәжік қожалар Ховалинг туманында 2880 адам (Баймун қалашығында –2445, ал Сарихасорда-435 адам), ал Яван өңірінде (Солтүстік бөлігінде)-1505 адам. Мұнан басқа Бельджуан туманында 475 қожа тіркелген. Ал, Өзбекстан аумағы Зеравшан округіндегі жергілікті халықтың арасында қожалардың мынадай топтары болды: Ақсүйек қожа (ақ сиақ қожа) – бұлар өздерін Әзіреті Әліден тараған Мұхаммед Халивиядан  (Ханафиядан-И.З.) таратады, Ходженттен шыққандар.

Қазақ ақ сүйек қожа – Әулие атада мазары бар «қасиетті» тұлғадан (Әбдірахим бабтан – И.З) тарағандар. Алайда, аталған қожалардың осы 2 тобын: ақ сиақ қожа мен қазақ ақ сүйек қожаны өзбектерден шыққан деп келтіреді.Бақсайыс қожалар – өздерін Хорасан атадан тарататын ұрпақтар. Олар «шешек егушілер» деген атпен белгілі.

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауиден тараған қожалар.

Хайырчин бектігі, Бұқар хандығынан шыққан шейх, сұлтандар. Ал Қоқан хандығында тұратын қожаларды Ш.Ш.Уәлиханов сейіттер мен шейх әулеттері деп атап көрсетіп, олардың бірқатарын атайды. Олар: Мияндар. Сейіттердің ішіндегі ең беделдісі Фарухтар мен Сахып-зада деп аталған, арғы тегі Омар халифадан тараған мияндар әулеті. Бұларға Әзіреті деген атақ берген. Орта Азия, Ферғана сейіттерін мияндар деп атаған. Қоқан мен Марғұланда тұратын Қашқар қожалары және сейіттер тұқымына жататын Түркістан қожалары. Сондай-ақ сан жағынан өте көп әулеттің бірі Кассан мен Наманганда тұратын Кассан қожалары. Ал Әндіжанда тұратын Майдан қожалары Алатау қырғыздарын аралап, шешекке қарсы дәрі егу ісімен шұғылданады, сондықтан олар чекме қожа (шешекке қарсы дәрі егуші қожалар) деген атпен белгілі. Тәжіктер мен өзбектер арасында күрделенген топты қожалар мен сейіттер құрады, бірақ барлық сейіттер мен қожалардың әлеуметтік жағдайлары бірдей болған жоқ, олардың ішінде бірі нақты жеңілдіктерге ие болмаған қарапайым еңбеккерлер, солай бола тұрса да олар өздерінің қыздарын тек ғана қожаларға берді, ал екінші бір тобы жоғары дін басыларына жатқызылып мұрагерлік үлкен вакуфтық үлкен түсімді иеленіп, ірі жер үлесін пайдаланды. Сондай-ақ Бұқара қышлағы  Соктареде қожалардың 4 руы тұратынын айтады. Олар миракондық, сейд-ато, гиждувандық және соктариндық. Мұндағы Соктариндық қожалар Соктаридың түпкілікті халқы болса, Миракондықтар Мешхедтен, Гиждувандықтар – Гиждуван қамалынан, Сейд ато қожалары – Шафур камның Сейд ато ауылынан шыққандар. Садрриддин Айни өзінің әкесі мен атасының Соктариндық қожалардан шыққандығын айтқан.

 

Зылиха ИБАДУЛЛАЕВА,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, т.ғ.к.

Сондай-ақ, оқыңыз

Сыр өңіріндегі ағартушылық дәстүр

Мемлекетімізді қалыптастыру, іргесін бекіту, халықтың рухани мәдениетін, дүниетанымын жетілдіру, сауаттандыру, әлеуметтік жағдайын көтеру жұмыстарымен айналысқан, …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған