Басқы бет / Ғалымның хаты / Бір деректің ізімен

Бір деректің ізімен

2009 жылы жарық көрген «Сталинизм и репрессии в казахстане 1920-1940-х годов» деген Мәмбет Қойгелдиевтің еңбегінде мынадай мәлімет берілген екен.

«…Кзыл-Ординская к-р ячейка возглавлялась ишаном Абпаковым Аляутдином, членами этой к-р ячейки являлись: Сеитмагзумов Ильяс, Тургумбаев Кали, Исаходжаев Абиш, Абильасанов Икрам, Бекбергенов Джусуп, Нуржанов Абдулла, Нурикеев Мухамеджан, Джансеитов Баттал, Турумов Султан, Алдабергенов Басафа, Тапалахунов Муретдин, Байбактиев Сейдахмет, Нурумбетов Адильхан, Сарсенов Ералы…. Обвиняются в том что они, начиная с 1925 года по день ареста, вели подрывную работу в соц. секторе на подрыв мощи советской страны,  готовили вооруженное восстание, в цельях свержения советской власти,  ставили задачей отторжение Казахстана и Узбекистана от Советского Союза и конечной целью – создание буржуазно-капиталистического государства. Материалами следствия и признаниями обвиняемых преступность вышеперечисленных лиц, полностью подтвержена…»    

Осы деректен істі болғандардың арасында Басапа ишанның да болғанын білдім. Таныс есім. Біраз жыл бұрын Құрбан қожа жи­нақ­таған Мақтұмсейіт әулие ұрпақтарының шежіресін басып шығаруға атсалыстым. Осы шежіреге сүйеніп, Басапа ишан Алдабергенұлының дерегін жеткізуді жөн санадым.

Басафаның арғы атасы Әбдісейттен: Мәлік, Бектемір, Оспан туады. Мәлік атамыз жасынан ата-анасынан хат танып, сауатты кісі болып өседі. Бөтендей билік, хандыққа араласудан гөрі диханшылықпен айналысқанды жақсы көріпті. Өте қарулы ірі кісі екен. Бірде ауыл маңайындағы бір ескі құдықтың орнына дөненше түйе құлап түсіп, соны шығаруға жеті-сегіз адам әрекет жасап қара тер болып жатқан үстіне Мәлік ата келіп қалыпты, сонан түйенің кеудесінен және артқы аяғының алдынан екі жерден жіп салдырып, «Ал енді кейін тұрыңдар. Иә, аруақ!», – деп, иығымен шылбырды алға тарта ұмтылып түйені сопаң еткізіп шығарып береді. Бір сорлы кедейдің жалғыз малы екен.  Сол түйеден өсіп малы көбейгенде, бұл Мәлік қожа берген малдар ғой деп, айта жүргенін ақсақалдар еске салады.

Мәліктен – Алдаберген, Сейтасан туады. Ол екеуі 1908 жылы Меккеге қажылыққа барып, алты айдан аса уақыт жүріп елге аман-сау оралған екен. Ағайынды кісілердің татулығы мен сыйластығы ерекше болған көрінеді. Бірін-бірі айға жақын көрмей қалса, бар шаруаны тастап, сағынып көріседі екен. Інісі Сейтасан Меккеге зиярат етуді ойлап, ағасына барып рұқсат сұрайын, әрі ойымды айтайын деп барса, Алдаберген ата бұрынғыдай емес науқастанып, жүдеңкіреп отыр екен. Амал жоқ барған жұмысын жасырмай ағасына ойын айтып рұқсат сұрап келгенін айтқаннан кейін, «Алла жар болсын, ниетің қабыл болсын, тек айтарым, мен де Меккеге зиярат еткім келеді. Мені сен апармасаң кім апарады. Тәуекел, егер жолда ондай-мұндай жағдай болса, өзің қолыңнан атқарып қайтасың» дегендей ойын айтады.  Ағаны сыйлау, татулық дәстүрі өте берік кісілер ғой. «Құп болады, аға! Онда жолға әзірлік жасай беріңіз. Өзім 15-20 күнде келіп алып кетемін»,-деп, қол қусырады.

Сонымен ағайынды екеуі бірге 1908 жылы Меккеге қажылыққа аттанады. Ол кезде жолдың біразын теңізбен, параходпен жүреді екен, егер теңіз үстінде келе жатқанда бір кісі қайтыс болса, намазын шығарып болған соң, теңізге лақтырып жібереді екен. Алты айдан аса уақыт жүріп, аман-сау оралыпты.

Алдаберген қажы 1850 жылы дүниеге келген. Өте сауатты кісі болған. Тереңөзек ауданының Аламесек елді мекенінде мешіт ұста­ған имам болған, сол жерде Тама, Сарықасқа, Керейт тағы басқа ағайын­дар ортасында өте қадірлі болып өмірін өткізген. Алдаберген қажыдан: Сейтасқар ишан, Басапа ишан туады. Сейтасқар ишан осы әкесі отырған елді мекенде имамдық еткен. Халықты сауаттандыруға мол үлес қосқан. Мешіт ұстаған, сол жерде өмірін өткізген. Басапа ишан жасынан өте зерек, оқуға алғыр болған. Алғашында әкесінен сауатын ашып, кейін Сұлтан ахуннан дәріс алған. Одан кейін Дәулет  назар ахуннан білімін толықтырған.

1918 жылы Бұхара қаласына барып «МирАраб» медресесіне түсіп оқиды. 1922 жылы тәмамдап, елге оралып, Ақжарма елді мекеніне, мешітке имам болып дәріс оқиды, көптеген шәкірттер дайындап шығарады.

Меккеде бірнеше жыл дәріс берген өте білікті мұсылман қауымына белгілі Ақишан 1922 жылы Ақжарма мешітіне Басапа ишанға жо­лығып үш күндей бірге болып, бірнеше кітаптарға талдау жасап, оның  нақты қатесіз жауап бергенін көріп, халыққа Басапа ишанның өте білімі терең екенін айтып:«осы кісінің дәрісіне мән беріп бағалай біліңдер» деп кетуі тегін емес еді.

1925 жылы «Мир Араб» медресесіндегі ұстазы Ишан атағына қоса батасын берген. Елге келгеннен кейін бірнеше кісілер Басапа ишанға Қол тапсырып пір етеді. Олардың қатарында керейттен-Тәжімбет, Орал, Тоқтыбай, Шіркейлі ауылынан Әкімқожа т.б. көптеген кісілер.

Басапа ишан жайлы тағы бірер сөз. Өзі діни ғұламалар ортасында дүниеге келіп сауатын ерте ашып, сол кездегі атақты Дәулет-назар ақунның діни мектебін бітіріп, Бұхара қаласындағы Бұхарама-Шәріф жоғары оқу орнына аяқтағанын атап өттік. Басапа Алдабергенұлы 1922 жылы жиырма сегіз жасында Ишан атағын  белгілі Ақ Ишаннан алады. Одан кейінгі өмірі қазіргі Ильич атындағы Жал­а­ғаш ауданының «Ақ арық» кеңшарында балаларды діни оқуға  тәрбие­леумен өткен. Осы өңірдің қариялары Басапа ишанның ұлағатты сөздерін жыр етіп айтады екен. 1937 жылы  сталиндік озбырлықтың алғашқы құрбандары ретінде ұсталып, сібір түрмесіне айдалып, 1946 жылы сонда қайтыс болады. Тоқымбай Маханбетұлы жазған естелігінде мына оқиғаны келтіреді. 1952 жыл. Домалақ көл деген жерде түйеге жеккен арбасы бар екі кісі балық аулап жүреді. Олар жүргіншілерден:«Азат» мешіті осы жерде деп еді, соны білесің бе?» деп сұрап, мешіт­тің орнын көрсетуді өтінеді. Сақалдары беліне түскен екі орыстың мұсылман мешіті жайында сұрағанын ерсі көріп, сұрастырса, әкелі-балалы Иван мен Максимнің Орал өңірінен Басапа ишан­ның мешітінің орына бір аунайын деп келгенін біледі. Діні бөлек адамның, «Бұл кеңшілікті сенен сұрамаймын, Басапаның өзі берді» деп жауап берген  екен. Иван Басапа ишанмен сібір лагерінде бірге болыпты-мыс, он бес жылын өтеп шыққан беті екен. Лагердегі  дүйім жұрт Басапаның  әулиелігіне тән­ті болыпты. Әулиені «өз қолынан жер­леген» орыспен дерек беруші осы­лай ұшырасыпты. Басапа ишан ұстаған «Азат» мешітінің орны  бар. Басапа ишан 1910 жылы үйленген, 1941 жылғы соғыстан екі ұлы Сәпиулла, Сайфулла оралмай қалды. Үлкен қызы Әсиядан немерелері баршылық. Ортаншы қызы Зүбайда 1937 жылы әкесін халық жауы деп ұстап әкеткенде екі жасар бала еді. Отбасына түскен қиындыққа төзе білген қыз ел қатарына қосылып, 10-шы сыныпты бітіріп, Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы пединститутының физика-математика факультетіне түсті, институтты бітіріп, Тереңөзек ауданына қарасты Шаған елді мекеніндегі №37 ВЛКСМ-ның ХХХ жылдығы атындағы орта мектепке мұғалім болып қызмет етеді.

Зүбайданың қызы Жанат жоғары білімді дәрігер. Алматыда тұрады, бақытты отбасында: Әйгерім, Айғаным, Аружан есімді перзенттер тәрбиелеп жатыр. Басатаева Тайва ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отыр» деп түйіндейді.

Құпиялық кісені салынған мұрағаттан ишандардың дерегін жинас­тырған Мәмбет Қойгелдиевтің еңбегінің ерен екенін осыдан-ақ баға­лауға болады. Тек қана аты-жөні ғана келтірілген құжаттың соңында осыншама тағдыр жатыр…

Сондай-ақ, оқыңыз

«Әкең – сүдір, сен – орақ, Мәмедәлі Содан-ақ көрмейсің бе кемдігіңді»

2007 жылы жарық көрген «Мәделіқожа» кітабында батырдың бұрын талай мәрте жарияланған 12 шумақтан тұратын Майлықожа …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған