Басқы бет / Кітапхана / Жаңа жинақ жарық көрді

Жаңа жинақ жарық көрді

e9ad9fee9d0bc73e0b2c055eb0b268ce_XLКеңестік зобалаң тарқап, ел егемендігін алған жылдары қожалардың шежірелері қағазға түсіріліп, ел аузында айтылып келе жатқан аңыз-әпсаналары кітап бетін көріп еді. Осы тұста көзінің қарасындай қызғыштай қорып, әулеттерде сақталған насапнамалар ғылыми айналымға түсті. Мұндай тың деректер ғалымдардың ізденуіне жол ашты. Қазіргі күнде  жарық көріп жатқан түрлі ғылыми зерттеулер осы тақырыптың өміршеңдігін білдіреді. Ал оның қазақ қоғамы үшін маңыздылығы айтпаса да түсінікті.

Жақында «Мәді (Маһди)-Диуана қожа қоғамдық қорының бастамасымен «Диуана қожа әулеті» атты жинақ қалың оқырмандарының қолына тиді. Осы  тақырыпқа қалам тартып жүрген ғалымдар мен шежірешілердің зерттеулерінен тұратын еңбектің жарық көруі – үлкен ізденістің басталғанының бір белгісі екені анық. Кітаптың алғысөзінде айтылып кеткендей, Мәді (Маһди) –Диуана шежіресі  ислам әлемінде ізі бар, танымал тұлғаларымен, тарихи баянымен ерекшеленеді.  «Мұсылман әлемінің  ұлығы Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) төрт халифасының соңғысы Әзірет Әлінің  Мұхаммед-Ханафиясынан бастау алып,  Абдул Жалил бабтан тарқатылатын  Мәді (Маһди)-Диуана әулетінің  ұрпақтары қазақтарға пір болып, хикмет айтып, исламның тура жолына түсуге қызмет еткен». Олардың  қазақ халқы құрамындағы тарихын талдаған  тарих ғылымының  кандидаты Зылиха Ибадуллаева Өмірбекқызы кәсіби тарихшы. Осы тақырыпты зерттеушілердің жаңа толқынының өкілі. Ол белгілі ғалымдардың пікірлеріне, Орта Азия мен Қазақстан аумағына исламның келуі туралы ХІІІ ғасырдың басында жазылған Маулана Сафи ад-дин Орын Қойлақы жазып қалдырған шежіреге сүйене келе дін таратушылар қызметін талдап түсіндіреді. Диуана қожалар жайында, «Насапнама» туралы деректер, сонымен қатар филология ғылымының докторы Серікбай Қосанның  «Көнеден қалған құнды мұра» атты мақаласы да осы тақырыпты байыта түседі.

Жинақтың  басты бөлігі хазреті Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) мен оның сахабаларының өмір жолы мен қызметіне қатысты материалдар топтастырылған.

Айта кететін жайт, жақында аталмыш қордың  жетекшілері Кереку өңірінде болып, түп қазығына қайта байланған пірзада ұрпақтарының қуанышының ортасында болған еді. Ол жайында  журналдың  өткен санында  жазылды. Әулеттің ағасы Амангелді Қайырбекұлы Апушевтың жинақтаған шежіресімен бірге Павлодар өңірін мекен еткен  бауырларымыз туралы толық мәліметтер бар. Бұл әрине,  жаңадан қауышқан туысқандарға деген ерекше ықыластан туындаса керек.

Кезінде, «бармасаң, келмесең жат боласың» деген сөз заманына сай айтылған болса керек. Бүгінде шежіреңді жинақтап, кітапқа басып, келер ұрпақтың қолына ұстату – тарихи жадымызды жаңғыртудың бір амалы ретінде қарастырылып, ағайын арасының ажырамауына да әсер етуде.  Қағазың хаттаулы болса ғана дүние есігін ашқан сәби өсе келе арғы аталарының кім болғанын біліп, әруақты бабаларының қасиетін көңіліне тоқып өседі. Әулетінің шежіресін, халқының тарихын зерделеген ұрпақ бабалар жолынан айнымай, атасына лайықты болып өсері анық.  Мұндайда ақ қағазға түскен әрбір әріптің сауабы мол. Ол өзін-өзі танудағы үлкен арнаға бастап апарды. Қалың оқырман назарына ұсынған, біздер сөз етіп отырған  жаңа жинақ та осынысымен құнды демекпіз.

Сондай-ақ, оқыңыз

«Рашахат айн әл-Хаят – Тіршілік көзінің сыр тамшылары» еңбегі қазақша жарық көрді

Жуырда «Рашахат айн әл-Хаят – Тіршілік көзінің сыр тамшылары» еңбегі қазақ тілінде жарық көрді. Бұл …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған