Басқы бет / Сыр-сұхбат / Ұлық қызметтің бір үзігі

Ұлық қызметтің бір үзігі

69d27a8c4de2047613f0f8e0e1eeae73Ел алдында жүрген ағалар әрқашан халықтың назарында жүреді. Олар жайлы айтылған аз-кем әңгіме, газет-журналдарда жарияланған сұхбаттарды, теледидардан берілген хабарды да қалт жібермей, соған қарап пікірін қалыптастырады. Мұрат Жұрынов ағамызға да біздің қызығушылығымыздың жөні бөлек. Мен де академикпен кездеспес бұрын, аға туралы жазылған мақалалармен таныстым. Ғалымның  бір қалыпты, сабырлы, әрбір сөзін бағамдап, ешкімнің ыңғайына жығылмай,уақыттың сойылын соқпай өз ойын ашық айтатыны ұнады. Бір ғана мысал келтірейін. Осыдан бірнеше жыл бұрын, тәуелсіздігімізді тойлап жатқанда Жаңаөзенде халықтың наразылығы дүрк ете қалды. Осы оқиғаға байланысы ұлт зиялылары жарыса пікірлерін айтып жатты. Сол дәу ағайлардың дені халықты билікке жығып бергені аздай азғырып, сөккендері де болды. Әрине, ұлттың қадірлі ағасы ретінде Мұрат аға да ойын  білдірді. Сонда ағамыз  халықты кіналап емес, оларды осындай қасіретке ұрындырған күштердің барын ескертіп, олардың айтағына ермеңіздер деп халықты сабырға шақырды. Ешкімді даттамады, тек, сенікі жөн деп те айтпады, тек «ұят» болды-ау» деді.

Кейде бір адамға қатысты жайтты келесі бір адамның аузынан олардың әрекетінен де біліп отырасыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын, академик ағамыздың мерейтойы қарсаңында Түркия премьер-министрінің  көмекшісі Хурриет Эрсой ханым келді. Жәй келмепті, ағамыздың тойына арнайы келіпті. Хурриет ханыммен танысып, әңгімелесе келе Түркия басшыларының Мұрат Жұрынұлына деген ерекше құрметін түсініп едім. Ай мен күн ортақ болғандай, жақсы да ортақ. Түркістанда тұратын Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дінтану кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек аға Мұрат ағаның Түркістандағы қызметі туралы былай деп еді: «Үлкен  тұлға ғой. Яссауи университетінің бүгінгі келбетінің іргесін қалаған адам. Бүгінде түркі тілдес мемлекеттер арасында ең алғаш халықаралық мәртебеге ие бірден-бір оқу орны болуына да алғашқы ректордың беделі мен біліктігі ықпал етті. Яссауи тану ісіне қосқан үлесі ұлан-ғайыр. Дәстүрлі дініміздің салтанат құруына ықпал етіп, оның дәнін Түркістан топырағында гүлденуіне мән бергені  көріпкелдіктің белгісі. Әй, қайдам,  өзінің осыншама еңбегін өзі де білмейді-ау» деді. Мен ішімнен, неге білмесін, бәрін біледі, және осы саланы көтеру үшін бар күшін салды. Егер мұны жер-жаһанға жаймаса, қожа тегінен де болар, «мен өзіммін» деп кеуде соғу табиғатында болмаған соң да болар… Осылайша сырттай сыйлап, құрметтеп жүрген Ағамен кездесуді де сәті  түсті. Шаруамды айтып, сұрай келген сұхбатымның тақырыбы қожалар яғни өзінің ата-тегін жайында екенін білгенде кейбіреулер сияқты «үріккен» жоқ. Таң қалған жоқ. «Біз пайғамбар әулетінен тарағанбыз» деп ақырын әңгімесін бастады. Онысы әдемі аңыз екен. «… дулығасы ұшып түскен кезде бетіне қараса – қыз екен… Тұранның қызы Әнифа Әзірет Әліге шарт қояды. Пайғамбардың алдына апар дейді. Пайғамбарға үш шарт қояды. Менің некемді өзіңіз қиясыз, Фатиманы қалай көрсеңіз, мені де туған қызыңыздай көріп, меннен туған баланы атын «Мұхаммед Хәнафия» деп атауға рұқсат етіңіз» депті. Пайғамбардың батасы қабыл болып, көп ұзамай Ханафиядай ұл туып, оның атын Мұхаммед Ханафия деп қояды.  Диуана қожалардаың бастауында тұрған Мәді қады «Диуана қожа) бабамыз Мұхаммед Ханафияға 32 атамен қосылады екен.

«Мен ұстанымды өзгертпейтін адаммын. Ашық қарсы болмаған болармын бірақ кеңестік идеологияға сенген жоқпын, шылауында кеткен жоқпын» деді сөз арасында. Мәскеуден  оқып келгеннен кейін Қазақ химия технологиялықинститутында  оқытушылықтың барлық сатысынан өтеді, ал 1982 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры
болып тағайындалады. «Ұлтшыл» деген атақ осы кезде жабысады. «Он жылдай Қарағандыда жұмыс істедім. Институт қызметкерлерінің 63 пайызы қазақтар болатын. Маған қазақ мамандарын қысқартыңыз деген талап қойды. Мен болсам, қазақ мамандарын азайту туралы заң бар ма, неге олай етуім керек деп қарсы сұрақ қойдым. Ақыры айтқаны болмағасын артымнан домалақ арыз жазушылар көбейіп кетті. Оның бірі Орталық Комитетке Колбинге жетті. Ол Камаладдиновке тапсырады. Алматыдан комиссия жіберді. Тексеру басталды. Комиссияның төрағасы корей жігіт,  өзі таза адам еді. Оқып шығыңыз деп, домалақ арызбен таныстырды. Мен оқып шығып, хатта жазылғанның бәрі жала екенін айттым. «Дұрысы, халықты жинайық, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін өздері айтсын» дедім. Ұжымға сенбесем кімге сенемін?! Ол кезде Михаил Горбачев демократиясын насихаттап, теледидардан түспейтін кезі. Сонымен ғалымдар кеңесі мен партия мүшелерін жиналық деді. Содан кейін академик Валерий Ни сөз алып, хатты  оқып шықты. Байқаймын, домалақ арыз соңына дейін оқылып  болғанша, шыдамы жетпеген жігіттер қомданып, дегбірі кетті. Мен еркін тыныстадым…».

Мұрат Жұрынұлы Мұхтар Әуезовтың қызы Ләйла Мұхтарқызымен кездескенін ерекше жылылықпен айтады. «Сіздің ініңіз болады» деп таныстырғаннан кейін Ләйла Мұхтарқызы «қай қожа боласың?» деп сұрады. «Оның қожалардың тарихын жақсы білетіне таң қалдым, Сөйтсем қожалардың шежіресін әкесі түсіндіріп кеткен екен. «Диуанамын» дегеннен кейін Арыстан әрі қарай орналасқансыздар» деді. Өздерін біздер «Сарыағаштықпыз» деді. Тегіне тартқан, қожа баласы дегенге жүрегі жылып қалатын Ләйла Мұхтарқызына үлкен құрметім оянды» дейді ризалықпен еске алып.

Сөйтіп жүргенде, «Түркістанда университетті көтеру керек, ол оңай жұмыс емес енді сол істі сізді тапсырғалы отырмыз» деген тапсырма алады. 1991 жыл 6 маусымда Түркістан мемлекеттік  университеті Яссауи атындағы университет деп қайта аталды. Мен барғаннан жарты жылдан кейін кеңес үкіметі құлады. Ендігі жерде Қазақстанның  күші келмейді  басқадан елден демеуші керек деп ойластырып жүрдім. Қаржы кімде бар? Сол кездегі американың  қазақстандағы елшісі Кортниді мешітке алып келдім, сол сәтте бір автобус адам келіп қалғаны. Кесененің іші-сырты адамға толы. Елші, мына жұрт күнде келеді ма деп сұрады. Халықтың аяғы үзілмейтін айттым. Кортниге сіздер араб елінен әдейілеп, Александриядан университет аштыңыздар. Сол дәстүрмен кіндік Азиядан оқу орнын ашсаңыздар, ең лайығы Түркістан. Тіпті, Ташкентті таңдағанның өзінде, олардың өздерінің 25 универстиеті бар. Олардың алдына шығам дегенше қаншама уақыт кетеді» деп сендіреді. Кортни  президентіне хат жазды. Президенттің  кеңесшісі Мұрат Жұрыновты  Мәскеуге шақыртады. Ұсынысын тыңдап, жақсы идея деп шығарып салады. Ел басқарған талай жұрттың алдын көрген, адамның аржағындағысын көріп отыратын Мұрат аға кездесудің барысына көңілі толмай, «шыныңды айт, дипломатиялық  тілмен айтқанда оның сөзін қалай түсінеміз» дедім. Кортни бұл кеңесшінің «жоқ» деген сөзі деп, академиктің көңіліндегі күдікті сейілтеді. Сонымен Түркістандағы Яссауи атындағы білім ордасын салудың бұйрығы түрік бауырларымызға бұйырыпты. Бұл да алдымен Алланың, содан кейін қасиетті бабамыздың  қалауы шығар. Бүгінгі күнде оқу ордасының алдығы қатарлы  оқу орнына айналуына алдымен Бабаның мұрасы, түркілердің Яссауиге деген үлкен құрметі себеп болғаны рас. Университет – түркі тілдес мемлекеттер арасында ең алғаш халықаралық мәртебеге ие бірден-бір оқу орны. Мұнда әлемнің 32 түркі жұрағаты тұратын елдерден келген жастар білім алуда.

Нәтижесінде қалың қазақ шоғырланған оңтүстікте  үлкен білім ордасы ашылды, өнегелі білім ордасының түлектері еліміздің барлық саларында қызмет етіп, алдының атағы елге жайылып жатыр. Қасиетті шаңырақтың іргетасы мығым болып, керегесі кең болуына басында жүрген жандарға көп байланысты. Мұрат Жұрынұлының қазақ еліне сіңірген орасан зор еңбегінің бір үзігінің жайы осындай.

Сондай-ақ, оқыңыз

Шортанбайдың «Жиырма бес» әні

Қазақ әні мені қай жерге, қай қиырға апармады. Әлі де… әлі де  жол үстіндемін. Тағы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған