Басқы бет / Сыр-сұхбат / Қалың қазағым аман тұрғанда

Қалың қазағым аман тұрғанда

bfef6034dab7e57f223e48f4dcf3e90d_XL«Қаншама ғасырдан бері қалың қазақтың ортасында жалғыз үй отырып жеті атасынан бері өз жолынан айнымай, қарасының ислами иманына қалқан болып, алты алашқа қызмет етіп келе жатқандардың қожалар екеніне ешкімнің дауы жоқ. Бұл қазақ қожаларының биік мәртебесі. Қасіреті де осы. Олай дейтінім, күні кешегі арада өткен жетпіс жылдың ылаңы, ақ патшаның боданы қазақ даласының әлеу­меттік құрылымына түбегейлі өзгеріс алып келді. Қожалардың да басына түскен нәубеттің беті ерекше болып,қуғын-сүргінге ұшырады.Егемендігімізді алып ел болған бүгінгі күні де оның салқыны арқамызды аяздай қарып, салқыны сезіліп тұр. Өткен замандардағы Тәуке ханның «Жеті жарғысындағы» қожа баласы қатысындағы үкімі қолданыстан қалуы-уақыттың заңдылығы. Бірақ, дәстүр сақталды. Халықтың жадында жолы қалды. Қазіргі күнде қожалардың  қоғам­дағы орны өзгерсе де, халық алдындағы міндетін қал-қадарынша жалғастырып келе жатқандар көптеп саналады. Оларға деген қалың қарасынының құрметіне сызат түскен жоқ. Қасіретінен мәртебесі биік болатыны да сондықтан дейді жазушы-шежіреші Сейт-Омар САТТАРҰЛЫ.

– Жиырма жылдан астам уақыт көлемінде белгілі тұлғалардың ата-тегін зерттеп, қожалардың шежіресін жинақтауда көп еңбек етіп келе жатырсыз. Ізденісіңіз ондаған жылдарға созылып, өзінің иіріміне батырып әкететінін білдіңіз бе?

– Шежіре арабша «шаджарат» деген сөзден шыққан ағаштың бұтағы, тармақ, деген сөз. Үрімбұтақ тізбесін түгендеу жасы үлкен аталарының міндеті болып, жасы кіші жалғастырып отырған. Бұл да халықтың қасиетті мұрасы, рухани мәдениетінің маңызды бір бөлігі. Адамның тегіне қатысты қазақтың даналық сөздері дөп айтылған. Қазақ қожаларының түп тарихына бойласақ, ата дәстүріне сай, бұғанасы қатпаған баланы «руымыздың қожасы болсын» деп ірі рубасылары атасынан ажыратып, еліне алып кетіп отырған. Алдында айтылған небір дүрбелең заман қожа баласының атасынан ажырауына алып келді. Осы күні ажырап қалған қожа баласының бүгінгі ұрпақтарының түп қазығын іздеуіне түрткі болған көп нәрсе бар. Соның бірі, егемендік алып әр ру өз шежіресін жаза бастағанда сол рудың ішінде өскен аз топ шеттеп қалды. Сол кезде «біз кімбіз?» деген сұраққа жауап іздеу басталды.

Жақында Керекуде керемет кездесу болды. Профессор інім Амангелді Апушевпен біраз жыл бұрын танысқан едім. Оның арғы аталары ертеректе арғынның бәсентині ішіне сіңіп кеткен болса керек. Жөн-жобасын айтатын қарттар дүниеден өткен, кейінгі жас шыққан тегі жайында ойланбапты да. Содан бәсентиндердің ше­жі­ресі шыққанда, өзін тізімнен көрмей «менің руым бәсентин емес пе еді? демей ме. Шежірешілері қай буынға қосарымызды білмедік деп төмен қарапты. Содан іздестіре келе, олардың Диуана қожаның ұрпақтары екенін анықтадық. Мұндай тағдырлар көптеп саналады. Қожалардың біразы Қытайда, Моңғұлда, Түркменстан да, қырғыздар мен қарақалпақтардың арасында да жүр. Осы жиында Омбыдан екі қандасымыз келді. Олар да әкелерінің айтып кеткен бір сөзінің арқасында өзінің тегін тапты. Бір жылда үш-төрт топты қазығына қайта байлап, бірін-бірін табыстырып, сауабын алып жүрмін деуге болады. Ал түп қазығын табудың түрлі әдісі бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын, Ертіс өңірінен Совет қазы Жанкелдіұлы деген бауырыммен танысқанымда, «бұлтқа мініп ұшатын қожалармыз» деген бір ғана мәліметті айтты. Сөйтіп Сәкеңнің «сабұлт» Шахбұзұрұқ қожалардан екенін анықтадым. Алайда, еш ілмегі жоқ, қараның қатарында да жоқ ағайындар да жеткілікті.

– Арқауынан ажырап қалғандар сөз болғанда, Байқара бидің баласы Ақтайлақ бидің тұсында Арқаға келген қожалардың ұрпақтары  жайында ғой.

– Бірде Семейден қырық шақырым жерде тұратын Қайырғали деген азаматтың еліне келдім. Ағайындар жиналып күтіп отыр екен. Қойға бата беріп, қазанға түсті. Үй иесі жан-жағымен хабарласып, «қожалар іздеп келді» деп мәз-мейрам. Қарасам,ақсақалдары көкірегі ашық  адам екен. Осы өңірде көп жылдар бойына зоотехник болып жұмыс істепті. Ұл-қызын жетілдіріпті. «Жасым біразға келді, мен қатарлы ешкім қалмады, әке-шешемнің мазары карьердің астында қалды» деді. «Көзімінің тірісінде негізімізді таппасам, келер ұрпағыма не деймін» деген ойы көңілге қонды. Ол да Орта жүздің мекені Семей өңірінде Ақтабан шұбырындыға дейін, әр тайпаның бір-бір қожасы болғанын айтты, алайда «Қайын сауып, ши шайнап, бақа-шаян қақтап жеген» заманда барынан айырылып қалғаны да рас. Менің ойым 1699-1775 жылдары өмір сүрген найманның сыбан руынан шыққан атақты Байғара бидің оңтүстіктен қожаларды алдыруына қатысты мәліметті анықтау еді. Ол «Шайханның кемпірі бар. Оның жайын бір білсе, сол біледі» деп бір кейуанаға ертіп барды. Аягөздегі апамыз үйінде екен. Татар тақылеттес ақсары келген жеңгемізге жағдайымызды айттық. Содан әңгімесін бастады. «Осы отанға келгеніме алпыс жылдан асып кетті. Келін болып түскен күнімнен бастап өзгеріссіз келе жатқан дәстүр бар. Ол жыл сайын наурызда Байғара бидің  басына үй тігіліп, құран түсіріп, зікір салып, ертесіне Ақтайлақтан бастап басқа  да би-шешендердің басын аралаймыз» деді. «Мен түскенде қайын атам жас еді, баласымен құрдасындай әзілдесетін» деді кемпір жас күндерін еске алып. Сонда бұл қожаларды Байғара бидің әкелгенінің дәлелі ма деп едім, түсініп отырсың ғой деді. Демек, бұл жердегі қожалар үшін Байғара бидің орны ерекше, бірнеше ғасырдан бері ұрпақтарының құрметі қалыптасқан. Қолда бар деректерді салыстырғанда, Арқадағы ел қазақтың қайратының арқасында қалмақтан босаған заматтан бас­тап, Аягөз, Арқат, Шығыстау маңына Байқара бидің бастауымен Түркістан, Шаян мағынан 40-үйге жақын қожалар көшіп барады. Оларды ру-руға бөліп, реттеп отырған Байғара би. Демек, Арқаға алдыртқан қожалардың «құлпы мен кілті» биде болған.

– Одан бергі талай заманның бедері олардың бүгінгі ұрпағы түп негізінен ажырауына әсері қандай болды?

– Оған түрлі себеп болды деп басында айттым. Арқадағы қожа­лардың ізімен көп жүрдім. Совет қажы Жангелдіұлы тұрып жатқан Екібастұзға келіп, Ақкөл-Жайылма деген жерді мекен еткен Исабек ишанның ұрпағының үйінде болдым. Атақты Мәшһұр Жүсіп кезінде ұстазы Исабекті былайша жоқтаған еді.

Ақ көл Жайылмада аз жыл тұрдың,
Пір болып, мүрит бастап, дүкен  құрдың.
Әркімнің көңіліндегі дертін тауып,
Бір түскен сәулесі едің жарық нұрдың.

Ақын «Жоқтайды Қара бұжыр қалпыменен, Әжеке, Дәнен,Тентек халқыменен» деп, ықлас берген Алты ұлы Әжібайдың Абыз-Шомақтың, бір ру ел Жолоба-Қыпшақ пен Күрлеуіт Керей, Ақтілес, Сырым, Күлік, Бәсентин, Найман, Қанжығалы, Айдабол, Қаржас және, Қамбар, Жапар, Есен, Бозым деген төрт арыстың қоса жоқтағанын жыр етеді. Осыншама
жұрттың  қабырғасы қайысып, жоқтағанын айтады. Қарап отырсаңыз,  аталған жоқтау-жырда Ертіс бойын жайлаған рудың аталмай қалғаны жоқ. Мінекей, осыншама елдің ардақтысы болған Исекемнің бүгінгі ұрпағы да халықтың құрметінен кенде емес. Оның шөбересі Жандарбек бертінде дүниеден өткен екен. Ешкімнен секенбей, тірісінде «қожамын» деп кеткен қарияны атағы  бүкіл Керекуге тарап, халқы құрметтеген. Сонда жүргенде Сапаш деген ақсақал  келді. Шәй үстінде Жандарбек атам айтып еді деп күрделі мәселені бастады. «Аққу – шын  аты Әуез ишан, қазір айтпай-ақ қойыңдар, кейін өзі шығар, әкесінің аты Кәлен» деген мәліметті айтып кеткен екен. Аққу атанған себебі «шынымен қожа болсаң анау ұшып бара жатқан аққуды жерге түсірші дегендерге, Әуез ишан дуа оқып, аққуды жерге  қондырады. Содан Аққу ишан атаныпты. Ал оның арғы ата-тегін осы қариялардың сөзінен кейін бір ізге келтірудің мүмкіндігі болды. Сөз арасында жолсерік болып жүрген Совет қажы елуінші жылдары Жәкемнің батасын алғанын айтты. Сонда қария, «әзірге қыпшақ, оның ішінде өтеп болып жүре бер. Қожаға қосылмаймын, «Ертістің қожасымын» дейсіз, солай болсын, өзің қышқыл ішіп, темекі тартады екенсің, оны да қоярсың. Оның бәрі уақытша нәрсе», деп күлді де, «Алла тағала саған қасиет те, дәулет те береді. Мен саған айтатын, тыңда. Кезінде, қожа атанасың, сені қожалар өзі іздеп келеді. Сол кезде сен қожа боласың, осындағы басқа қожалар сені іздеп табады. Ислам дінінің орталығын осында әкеп қоятын сен боласың, іргеде жатқан әруақтардың басын  қарайтатын да сен боласың» деген екен. Міне, үш-төрт жыл өткен жоқ, атаның айтқандары келіп, Ертістің өңіріндегі қожалардың басы болып Совет қажы жүр. Бұл да құдайдың қалауымен болып жатқан іс.

– Артында аңызы қалған әулеттердің бүгінгі ұрпағын түп қазығына қайта байлап, тегін білуіне себепкер болдыңыз, іздені­сіңіздің есте қалған ерекше тұстарын қайталап айтып берсіз ба?

–  Ел ағаларынан сұрастыра бастағанда, шартты түрде бір жетімді сол рудың басы асырап алады. Сол жетімді ардақтап жалғыз қызын береді. Содан өсіп-өнеді. Әңгіме осылай басталады. Кейде осымен-ақ аяқталады. Қазекең сол жетімнің ұрпағының шежіресіне келіп тірелгенде «сенің бабаң елімізге пір болған еді» дейтіні кемде-кем айтады. Алайда, халық арасындағы ислам мәдениеті мен ислам қағи­даларын түсіндірудегі қызметін ешкім жоққа шығар алмас. Бірде Ертіс бойындағы Қарақұдық деген елдің мекенде тұрып жатқан, өздерін «Арғын ішіндегі Сұңқар әулеті» дейтін бауырларымызбен таныстым. Анық тегімізді білмейміз деген соң арнайыл
ап іздеп те бардық. Ағайын құшақ жайып қарсы алып, қолдарында бар жәдігерін шығарды. Бірнеше кітаптардың арасынан ескі түрік баспасынан шыққан Құран кітап, (мәмбай құран) және араб тілінде жазылған Құранға тәпсір, бабаларының мөрі, аталарының кереметтері жазылған кітапша шықты. Әулеттің түп-шежіресін табуда «сұңқар» атауы кедергі болса да, оның Кереку маңындағы Абыз Шомақтың ұрпағы Боқты баба алып келген Тасмағанбет қожаға жаңа жерде таңылған аты болып шығады. Сөйтіп «сұңқарымыз» да өз тұғырына қонды.

– Осындай жайттар Мұхтар Әуезовтың ата-тегін зерттеген еңбегіңізде де алдыңыздан шықты ғой.

– Ұлы жазушының Смағұл Сәдуақасовқа жазған хатында: «Менің тегім – Қаратаудан найманның ішіне келген қожалар. Найманның ішінен Бердіқожа бір топ ағайындарын ертіп, тобықты ішіне көшіп келді деген сөз бар. Бақшайыш пен менің атам Омарханның арасы он сегіз ата болады екен. Тым әрі сияқты» деген сөздер бар. Бұл туралы жазған хатынан басқа ешқандай дерек жоқ болатын. Кезінде ұлы тұлғаның тегін қазбалап бес бірдей жазушы қалам тартқаны белгілі. Біздің мақсатымыз, барша қазақтың Мұхтарын қазағынан бөлу емес, тарихи әділдік үшін іздену ғана еді. Алдыңғы зерттеулерде айтылған Омарханның атасы Саяхов көңілге күдік келтіріп, нақты шежіреден шатастырып жіберді.Кейіннен оның да жөнін білдік. 1845 жылдары Архат тауынның етегін
дегі Қарасазда «түркістандық сарттармыз» деп отырған 40 шақты  үй болғаны анықтадық. Соны негіз етіп, Арқатқа бардық. Жол бастаушы Бекен ағам сақалы беліне түскен ажарлы келген найманның бір шалымен таныстырды. «Өзімнің қожам екенсің ғой», деп бізді бөтенсімеген қария таудың ішіндегі белуардан келетін тас үйілген молалы қорымға алып келді. Ескі жұрттың, («күлтөкпе» деп атайды екен) жайын айтып, «осы жұрт Саяховты кейін шығарды. Оның шын аты – Әбдіқожа. Ол біздің қожамыз. Жылда бір мал сойып тасаттық береміз. Одан басқа қат болған жандар моланы іздеп келіп, қасиетті бабасына тәу етіп, зиярат етіп келіп жатады» де
ді. Міне, осы дәйектерден кейін, Саяхов деп жазылып  кеткен  себебі де белгілі болды. Оның бір ұшы Колпаковский заманына тіреледі. Ол да бөлек бір әңгіме.

– Сонда сіз бір құжатты негізге алып түгендеп отырасыз ба, ол не шежіре? Әлде Арқаға қарағанда оңтүстіктегі ағайындардың шежіресі түгел ме?

– Отызыншы жылдары дін ағартушылары алаш басшыларынан кейін қуғынға түсті. Атылды, асылды, абақтыға жабылды, сібірге жер аударылды. Мешіт-медреселер жабылып құдайсыз қоғам салтанат құрды. Алайда қожалар өз шежіресін сақтап қала алды. Атадан балаға айтылып, жадында ұстаған ауызша шежіресі жоқ әулет кемде-кем. Заман түзелгенде, көзінің қарашығындай сақтап келген  нәсапнамалар да табылды. Оның алғашқысын,  қожалардың шежіресін Түркістанда тұратын Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дінтану кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек тауып, Мекемтас Мырзахметовке көрсетеді. Сол уақытта Алматыдан менің де Түркістанға келген бетім еді. Мен шежіреші боламын деп ойлағам жоқ, Мекемтас аға «ескіше сауатың бар екен, мынаны Зікірия аударып жатыр, өзіңнің ата-бабаңның шежіресі, басында бол» деген соң кірістім. Содан кейін бәрін тастап, шежіреге кіріп кеттім. Оның бір ақыры қайырлы болды. Көп нәрсе жарық көрді. Құдай қаласа, «Қожалар шежіресі» деген жинағымыз қалың кітап болып жарық көрмек. Ал шежіре-насапнамада ислам тарихының дамуы, хан-қараларына қатысты көп мәліметтер жазылған. Бабаларымыздың ата-тегін қуалай келгенде қазіргі күні дүние есігін ашқан бала 52 атаға дейін жетеді. Бұл да рухани қазынамыз. Ғалым Әшірбек Момыновпен бірге қолға түскен барлық шежірелерді жинақтап шығардық, жүйелі түрде зерттеліп жатыр. Жеке адамдардың ата-тегін таратқанда біз басшылыққа алып отырған басты құжат осы. Ол неше дүркін мөрмен бекітіліп ұзындығы үш метрге дейін жетеді. Жалпы, Орталық Азияда ислам дінін таратқан әулет қожалардың арғы тегі Мұхаммед пайғамбардан кейінгі халифалар Әбу Бәкр ас Сыдық, Омар, Оспан және Әли Әбу Талиб ұрпағы болып есептеледі. 13 ғасырдың 1-жартысында Маулана Сафи ад-дин Орын Қойлақи жазып қалдырған “Насабнама” шежіресінде дін таратушы Ысқақ Баб (Баб Ата), Әбдіжәлил Баб (Абд ал Жалил, Хорасан Ата), Әбдірахим Бабтардың (Абд-ар-Рахим) Орталық Азия аумағына 766 жылы келгендігі айтылады. Бұл қолдағы нақты дерек. Қазақ сахарасында қалған шежіреге қатысты бабалардың кесенелері де сөзімізді айғақтай түседі.

– «Қораз керек болады таң азанда, қожа керек болады жаназада» деп айтылған сөздің жаны бар ма, бұл олардың негізгі қызметінен хабар беріп тұр ма?

– Кез келген мәдениеттің басында дін тұрады. Ислам ашқан баба­ларымыздың ұрпақтары осы діннің таралуына, күнделікті тұрмыс­­тағы  садақа, құдайы ас, жаназа, сүндет, неке, ойын-сауық, тойларын ислам қағидаларының шеңберінен шығармай, реттеп отырған. Сол себепті қазақ мәдениетінің бір ұшы қожалардың қолында болды. Оны көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адам жақсы түсінеді. Ол туралы қазақ даласын кезген саяхатшылар еңбектерінде көп айтқан. Әр жағына қазбаламай он сегізінші ғасырдағы қазақ қоғамының тарихына бойласақ, онда Ш.Ибрагимовтың 1874 жылы жазылған «О муллах в киргизской степи» деген еңбегінде, жоғарыда айтылған тұрмыстық рәсімдерді молдалардың  атқаратынын айтқан. Мәселе мынада. «Если  при совершении таких обрядов находились ходжа и мулла, то в таком случае муллы уступали ходже, пусть даже последний будет малограмотным. Здесь только имени ходжи было достаточно для пользования льготным положением. Одним словом, ходжа относился к самой привилегированной, патомственной части духвенства. Другая часть духовенства называлась муллами, они не принадлежали к потомкам «белой кости». Жасыратыны жоқ, «дүмше молдаларға»  қатысты қалыптасқан пікір қазақтар арасында аз кездеспейді. Бірақ оның бәрінің жеті атасынан бері молдалық құрып келе жатқан қожаларға қатысы аз екенін атап өту керек.

– Тақырыптан сәл ауытқып, көптің көкейінде жүрген бір нәрсені сұрағым келеді.  Әулие-әмбиелер, қасиетті аталар жайында айтқан кезде Аллаға серік қоспадық па деп қаламыз, дін танушы ретінде осының ара-жігін ашып бересіз бе?

– Аллаға серік сайлау мәселесі жөнінде біраз ойларым бар. Илохий әлемді тануға талпынған, халайыққа жол басшы болған жандарды «уәли-валий» көпше түрі «әулиелер» деп атайды. Құран-кәрімде  бұл сөз екі түрлі мағына береді.Оның бірі – амалдарын Алла тағала көріп тұратын және оны ләпсі әуресіне бола тастап кетпейтін кісі сипатында. «Ол жақсы пенделерге дос болар» (Ахроф-7-196) екінші мағынасы Аллаға ғибадатпен, тағатпен араға бір сөз, болмаса бөтен амал кіргізілмеген кісі деп түсіну керек. Хаким Тирмизидің айтуынша: «Әулиелердің ең жоғарғысы дәрежесі «Хатамул Әулие». Бұл арада Сырдың жоғарғы және төменгі ағысындағы әулиелердің әулиесі Хорасан ата екенінің бір дәлелі бар. Ол жайлы түркі шайхтарының ұлығы Құл Қожа Ахмет Яссауидің өзі: «Әлінің әулеті Шері Құдасан, Келген бәлені дәпі қыларсың, Құл Қожа Ахметке жар боларсың, Рахым ете гөр бабам Қорасан» деген сөз қалдырған. Тым тереңдемей-ақ, ата-бабаларымыздың дәстүрлі мәдениетіне сай, бабалар жолына адал болсақ бізді адастырмайды деп ойлаймын.

Қалай болғанда да халықтың басының бірігуі үшін, елдің таза пенделік, адамдық дәрежеден ұзап кетпеуіне күш салған ұлық әулие-уәлийлердің, оқымысты-ғалымдардың қайратының арқасында Ислам діні Орта Азияға келіп орнап, тұрақтап қалды. Халайықтың бір Аллаға ғана тағадат етіп, момын мұсылман қалпын сақтауына әулие аталарымыз қандай қызмет етсе, бүгінгі ұрпағының да осы биік мәртебесі жалғаса бермек. Әрине, қалың қазағым аман тұрғанда…

Сондай-ақ, оқыңыз

Қарт Қаратаудың қазынасын әлі ашқанымыз жоқ

    Халқымыздың жыраулық дәстүрін сөз ете қалғанда көкіректен құйылған жырдың екпінін көмеймен, таңдаймен түрлендіріп төгетін …

2 Пікір

  1. Ассаламағалейкум! Мен Қосаева Кульжан Сағинтайкызы.
    Ата-бабаларымыз туралы оқып оз басым қатты қуанып
    қалдым.Үлкендеріміз қалмады өз шежіремізді білгім келеді.
    Қожалар шежіресі кітабын қайдан алуға болады,бағасында айтсаңыздар екен?
    Қожалар туралы жиі-жиі жазылса екен кейінгі ұрпақтар үшин.
    Сіздердің еңбектеріңіз жанып,Сіздерге Алланын нұры жаусын.
    Ораза айтында оқыган дұға-тілектеріңіз,ниеттеріңіз қабыл болсын!

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған