Тәзкире-и Бұғра хан

Сұлтан Сатұқ Бұғра хан әулетінің шежіресі

Бисмиллаһ-ир рахман-ир рахим

Шексіз мадақ, сансыз мақтан ол Заттың қалауына, [Оның] Илаһи нәрінен он сегіз мың ғалам жаратылып гүлденді. Және сәруар сәулесінің асқақ  нұрымен қараңғылықты жарқыратқан, күпірлік пен асылыққа жарық болып тура жол сілтеген, адамзат жүрегін нұрға толтырған Мұхаммед пен оның барлық ұрпақтарына Алланың мадағы болғай!

Сегізінші тарауда* замананың ғажайып тұлғасы, өз дәуірінің теңдессіз билеушісі, ақырзаман Пайғамбарының шариғат жолын күпірлік пен асылық қылған жандарға көрсетуші Хақан ибн Хақан, яғни әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазының төрт ұлы, үш қызы баяндалады.

Бір қызының аты – Несіп Түркан ханым, екінші қызының аты – Әла Нұр ханым. Марқұм Әла Нұр ханым таза мінезді, жарқын келбетті, пәктік пен тақуалық иесі болған әйел еді. Оның өмір жолында болған оқиға Әзіреті Мәриям (ғ.с.) оқиғасындай еді. Бір түні ол  Хақ Тағалаға ғибадат қылып жатқан-ды. Әзіреті Жәбірейіл (ғ.с.) келіп, мүбәрак ауызына бір тамшы нұр тамызды. Ол рахаттана елжіреп ес жиған болды. Неше күн, неше айдан кейін ашура[1] айының  оны жұма күні – жұма намазы кезінде бір перзент дүниеге келді. Қызыл шырайлы, бөкен көзді, [келбетіне] үлкен-кіші жұрт қайран қалды. “Бұл қандай құбылыс?” деп  Әзіреті патша ызаланып, бұл істің турасын анықтаңдар деп әмір қылды. Ақыр соңында ахун, ұлықтар Әла Нұр ханымнан сұраған-ды. Ол болған, жайтты егжей-тегжей баян қылды. Одан кейін ақылгөй даналар, ахун ұлықтар жиналып, парасаттылықпен әзіреті Әлидің нысбысын алып, [сәбидің] атын Сайид Әли Арыслан хан ғазы падиша болсын деп ат қойды.

Әла Нұр ханым Әзіреті Сайид Әли Арыслан ханды ізетпен құрмет көрсетіп, тәрбие берді. Бес жасқа келгенде мектепке берді. Алты ай мектепте оқыды. Бұл алты ай ішінде [ол] дүниеуи ғылым мен рухани ғылымға кемелденді. Әзіреті Әли Арыслан хан ғазы падиша жеті жасқа толғаннан кейін Әла Нұр ханым шариғат бойынша Тоқа Бұғра хан ғазыға некелесті. Олардан дүниеге үш ұл: Мұхаммед Арыслан, Жүсіп Арыслан, Қызыл Арыслан падиша [лар] келген екен.

Әзіреті Сұлтан Несіп Түркан ханымды Ілік Мазиге некеледі. Бір қыз дүниеге келген. Ол қызды Сайид Кемал Мәжнүнге неке қиды. Одан Сұлтан Бұрһан-ад-дин Қылыш туды. Олардан тараған әулеттердің бәрі де қияметке дейін кемел иесі болды. Және олардың бір қыздарын Сайид Жалал-ед-дин Бағдадидің кіші ұлына берген еді. Олардың ұрпағы Хожа Мұхаммед Шәріп Боржы, оның лақап есімі – Ишан Хожа Мұхаммед Шәріп. Пірлері Әзіреті Сұлтанның үлкен ұлы Хасан Бұғра хан қызы Һедийе Түркан ханымды Сайид Жалал-ед-диннің үлкен ұлына некеледі. Сайид Әлау-еддинге некелескен соң олардан үш перзент болды. Олардың есімдері: Мырза Имам-ад-дин, Мір Сайид һашим, Мір Сайид Жәлел. Қашғар Сайидтері – Сайид Әлау ед-диннің әулеті. Касан, Самарқанд Сайидтері – Сайид Кемал-ед-дин Мәжнүннің әулеті. Ташкент Сайидтері – Сайид Баһауед-динның әулеті. Шежіренаме бойынша – Әзіреті Мазар Мұхаммед Жүсіп Хожам падиша. Оның әйелі Зылиха Бегім (Алланың нұры жауғай) онымен некелескен соң Хунза Бегім падиша атанды. Хунза Бегім падишадан үш ұл бала дүниеге келді. Олар мәртебелі Хожа Һедайатулла Хожам падиша, Қанағәтолла Хожам, Хожа Кереметолла Хожам падиша еді. Олардың аталық шежіресі: Әзіреті Сайид Мұхаммед ибн Сайид Нұролла ибн Сайид Абдолла ибн Сайид Қасым Қәләндәр ибн Сайид Жүсіп ибн Сайид һашим ибн Сайид Әла-ед-дин ибн Сайид Жалал-ед-дин Бағдади Шаһ Хасан ибн Шаһ Хұсайын ибн Сайид Әбдолла ибн Сайид Фәзл ибн Сайид Талиб ибн имам Әли Мұса Риза ибн имам Мұса Казим ибн имам Жағыфар Садық ибн имам Мұхаммед Бақыр имам Зин-әл – Абедин ибн имам Хасан-Хұсайын ибн Әмір-әл Мүминин Әли (ғ.с.), Әзіреті Фатима Зуһра (Алла оған риза болғай), Қадиша (Алла оған риза болғай) Әзіреті Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) [Әзіреті Адамға (ғ.с.) дейін жалғасады]. Шежіренің тізбесін Сайид Қасым Самарқанди жасаған.

Бисмиллаһ-ир рахман-ир рахим!Екі әлемнің Жаратушысына мадақ болғай. Жаратушы Аллаға, оның елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) сәлем болғай. Сансыз мадақ Жаратылыстың қатарындағы таңдаулысы, барлық болмыстардың мәндісі Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) хош иісті Рухының гүлзар бағына тарту болсын. Әлемді жоқ қараңғылықтан бар болуға бастаған, адамды ғайып мекенінен көрініс даласына тасыған ол – Әзіреті Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) өлең:

Мұстафа – жаһанға көз нұры,
Жаһанның жаралу қайнары.
Ғайып құрсағында көз нұры,
Айғақ мүліктің өткелі.
Осы жоқ мүліктің пердесі ашылды,
Бәрінің санасын бұ нұрымен ашты.

Жеңіске бастар «Фатиха»-дүр, сүре басы – «Бисмилла»-дүр, дұға сыйлықтары мен сәлем тартулары. Ол Әзіреттің әдеп кітабы – сахабаларға да жетсін. Ол әр біріне анық иман, ислам жолына жарық, айғақ болар. Әрбірі маған созып қол берсе, құтылу қорғанына жол табар. Әсіресе, ұлық шәдияр шариғат сарайының төрт тірегі, күнәлар себебінің шарасы дүр. Бірі – Әбубәкір, бірісі – Омар, бірі – Осман, бірісі – Хайдар дүр – Хақ бұлағынан сусындаған; Хақ қайнарынан сусындаған жан сәт сайын пейіш бағының қайырына жетер. Бұл бұлақтың тамшысы – илаһи бақытының бір бөлігі, бақыт қаламының хаты, пәктік маржанының дүрі, көркемдік шыңына нысана жебесі, кемел кітабының сәні, көңіл күйдің рахаты, даналық шырағының таңы, тақуалық шыңының құлшылыққа бастар тура жолы, сүйікті достарының айтулысы. Әзіреті Хасан Бұғра ханның бұлағының тамшысы, Әзіреті Сұлтан Әли Арыслан хан тұлғасының бір белгісі, ұлық әулие немересі дүр (Оған Алла рахмет қылғай). Несіб Хожа пәкизат сүйікті дос дүр. Тағы кемел, ақ көңіл, ісін кітап пен шариғатқа, ұранын тақуалықта тариқатқа сәйкес қылған ата-бабаларының ахуалы ежелгі кітаптарда айтылған. Оларды жалпы да жалқы да білмек үшін түрік тіліне жинақтауды мен пақыр – Саллахийат яғни, Молда қажы әлсізден өтініш айлады. Мен де бұл сұранысты қабыл алып, Тауарих Әзіреті Хасан Бұғрахан ғазыны һәм өзге тәзкире шежірелер мен сенімді рауаяттарды жинадым. Бұл жинақ адам болмысының төрт мінезінен құрылғандай төрт бөліммен реттелді. Бір алғысөз, екі әңгіме және қорытындыдан тұрады. Бұл бөлімдердің әрбіріне аят, хадис, ұлықтардың әңгіме-хикаяттарын нақты айғақ ретінде келтіре отырып еңбекті бекіте түстім. Бәйіт:

Тараулардағы сөздерге сән, әр бердім,
Оларды жақсы ұғымдармен қатар бердім.
Бір-бірімен [жолдарды] үйлестіру үшін
Айғақтармен қақтым шегедей келісім.

Бұл тәзкиреде екі патша Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы мен Әзіреті Сайид Әли Арыслан хан ғазының ислам жолына насихат қылмақтары баяндалмақ-дүр. Екіншіден әскери сөзі «Тауарих Бұғра хан» үшін һәмде Әзіреті Сұлтан Хасан Бұғра хан ғазы, Әзіреті Сайид Әли Арыслан хан ғазы және Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазының қадірлі есімдерінің құрметіне орайластыруды көздеп бұған «Тәзкире әл-Бұғра хан» атын қойдым. Бірақ әуелі Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы (Оған Алла разы болғай!) баяндалады. Бәйіт:

Жарқын көңіл, әйгілі шаһинша шіркін,
Бақытты шіркін, бақ табар шіркін.

Бақыт әділетке қорған нышаны,
Құдай көлеңкесі,
Екі әлемге қорған құшағы –
Онда ілтипат нұры көрінер,
Онымен бір жаһан нұрға толар.

Алайда мұндағы мақсат Әзіреті Сұлтан Хасан Бұғра хан ғазы және Әзіреті Сайид Әли Арыслан хан ғазыны (оларға Алланың мейірі жауғай) еске түсіргенде олардың әуеліде мәртебе нәсіп болған кезеңі қысқаша баян қылынды. Бұл сөз шынайы деңгейде айтылған болғай. [Барлығын] екі әлемнің рәббісі. Алла Тағала бұйыртқай! Бәйіт:

Біреуге жандырар болса сарай ішін,
Шырақ тізбелеп көрсетер [оның] ішін.
Алдағы бәрін: үй мен бақта,
Көрің, көктемді әр жылдықта.
Қызғалдақтар жайнамастан бұрын,
Бұтақтар қанат жаяр жапырақтарын.
Өмір болмысы өтпелі болмақ –
Салтанат құру жаһанда соншалық.

Әзіреті Сұлтан Хасан Бұғра хан ғазыға келер болсақ, мұнда бәрі көзбен көргендей айқын көрінер. Бәйіт:

Кәпірге түн болар ислам күні,
Соңында жол көрсетер туар күні.
Шариғаттан қажетті білу керек,
Қалау Хақ Тағалада оны білмек.

Әркімдер одан өтінер болса,
Өзі сара жолды көрсетер қашанда.
Оның өтініші болмас болса,
Оның адасуын мәңгі тұтар деген Алла.

Алла Тағала тура жолға жетелеп, яғни кімде кім өз нұрына иманға, өзі жақсы деген істерге қалауын білдірсе, оның өтінішін қабыл алады. Әуелден қалауы әзіреті Сұлтан Хасан Бұғра хан ғазыға байланыс тауып, оның нұры мұнда көрінді. Егер де Алла Тағала Хасан Бұғра хан ғазының (Алла оны рахметке бөлегей) өтініш тілегін қабыл алмаған болса, қанша тырысқанымен оның пайдасы болмас еді. Хақ Тағала досқа айтқандай: «Алла Тағала қаласа, ғана тура жолға жетеді» Егерде тура жолдың есігі Хақ мейірімен ашылмаса, дінсіз бен адасқандарға мүмкін болмас. Алла қалаған пендесін мейір самалымен еркелетеді. Оны күпірдің қараңғылығынан Ислам Нұрына бастайды. Әзіреті Сұлтан Хасан Бұғра хан ғазыны сондай зұлматтан шығарып, ислам нұрына бөлеген-ді. Алла әрбір сорлыны қаһар отымен күйдіріп, Ислам Нұрынан күпір зұлматына апарады. Сондай-ақ, бірін нұрға бөлейді. Бәйіт:

Бірін нұрға бөлеп береке берді,
Бірін отқа бөлеп жаһаннам берді.

Түрлі әңгіме болғандай Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазының үлкен ұлы Әзіреті Сұлтан Хасан Бұғра хан ғазы падиша Қашғарға патша болып тұрған кезде Жоқта Рашидпен Хәл-Хал Машын отыз мың әскерімен келіп Қашғарды қоршауға алғанда жұт болған-ды. Бұ мұсылмандарға аман болмады. Әзіреті Сұлтан Хасан Бұғра хан ғазы, әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы, әзіреті Сайид Әли Арыслан ғазы барлық әмірлермен бірге қырық мың әскер алып, шаһардан шығып сап түзеп тұрды. Кәпірлер де сап түзеп тұрды. Кәпір жағынан Жоқта Рашид майданға шықты. Мұсылман жағынан Әзіреті Сайид Әли Арыслан ғазы падиша майданға шықты. Майданда бой көрсетіп, мына өлең жолын оқып:

Иә, Құдай, саған тәуекел қылдым,
Барлық шарасыздарға жол сілтедің, – деп соғыс майданына кірді. Оңды солға, солын оңға ұрып орасан шайқас жасады. Қан Жейһұн[2] өзеніндей ағып, бес жүз кәпірді жаһаннамға жөнелтті, мұсылмандардан Сұлтан Махмұд [пәк жанды], Мұхаммед Дәруіш, Мұхаммед Әли Қажы, Сұлтан Махмұд, Хожа Абдолла Әләмдар, Мәулана Мир Әли, Мәулана Жағыфари, Сұлтан Дәруіш Зулфықар, Хожа Әбді Кәрім шәһидтік шәрбатын ішті. Кәпірлер артқа шегінудің дабылын қақты. Тарасып, демалыс ордаларына бет алды.

Сол түні абыржумен таң атқызды. Таң намазын орындағанша кәпірлер сап түзеп тұрды. Намаз оқылған соң Әзіреті падиша да саптарын түзеді. Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падиша атынан түсіп, бірнеше жерде басын иіп айтты: «Иә, ұлық әзіреті әкелерім, [сіздердің] алдыңда кесілер басым, ағылар қаным! Шайқасқа келген осы мұсылмандардың хақында Құдай үшін тілек тілеп, дұға қылсаңдар», – деді.

Әзіреті Сұлтан Хасан Бұғра хан ғазы падиша: «Әуелі Құдай, екінші атам Мұхаммед Мұстафаға, үшінші атам Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы ұлықтарыма тапсырдым», – деп рұқсат берді. Майданға келіп, бой көрсетті. Бәйітті оқып шайқасқа кірісті. Бәйіт:

Ол сырлы мәртебеге жеткен-ді,
Мұстафа дәулетінің бағына жеткен-ді.
Жаулардың басына Зулфықармен жеткен-ді,
Әждаһаны жоюға  зұлфықар жеткен-ді.
Айбарынан даңғыралар құтылды,

Жүрек ісі әл-химиядай алтын екті –деп, ол күні болған шайқаста Жейһұнша қан ақты. Қиямет-қайым болды. Кәпірлерге жаһан түгел қараңғылық болды. Онда есепсіз мал-мүлік, қару-жарақ, әскери заттар мен жылқылар олжаланды. Шайқаста мұсылмандардан алпыс кісі шәһид болды. Жиырма кісі жараланды. Кәпірлерден жеті жүз кісі жаһаннамға аттанды. Бұл түні шабытпен бірге таңды атқызды. Таңғы намазға азан айтылды. Мұсылмандар намазға жиналып тұрды. Кәпірлер сап түзеп тұрды. Мұсылмандар да намаз оқығаннан кейін сап түзеп, қаруларын түгендеп, әрбірі Рүстем-Дастандай өздерін сәндеп тұрды. Жиырма бес мың кісі ислам әскері, елу мың кісімен соғысуға келіп аты-жөнін жариялап тұрған-ды. Қашғарды  Фейзолла Хожамға – Сайид Жалал-ед-дин Бағдадидың үлкен ұлы Сайид Әли балаларына күйеу еді, оларға тапсырды. Оларға он бес мың кісімен шаһарды сақшылыққа алыңыз деді.

Сұлтан Хасан Бұғра хан ғазы соғыс майданына келіп тұрды. Сонда Рашид те әскерімен келіп тұрды. Әзіреті Сұлтан Хасан Бұғра хан ғазы падиша мына киелі аятты: «Сұбхане Тағала кәпірлерді қаһарға ұшыратып жеңіліс бергей», тағы [Әзіреті падиша] мына аятты айтты: «Ұлы Аллаға тәуекел, бәрі де Аллаға қайта оралады». Содан кейін кәпірлермен шайқасты. Аспан мен жер сілкінді. Жеті қабат аспан, жеті қабат жердегі періштелердің бәрі келді. Кәпірлердің қанынан дариялар ағылды. Кәпірлер арасында байланыс жойылды. Сол күні Әзіреті падиша мың бес жүз кәпірді жаһаннамға жөнелтті. Мыңдаған кәпірді жарақаттады. Мал-мүлік, сансыз бұйымдар олжалады. Мал-мүлікті мұсылмандар арасында үлестірді. Мұсылмандардан жүз кісі шәһид болды. Кеш болды. Қайтуға дабыл қағылды. Ордаларға бет алды. Шаң мен тозаң арттарында қалды. Сусын ішіп, тағам жеді. Құран Хатым қылды. Сауабын шәһид болған әруақтарға бағыштады. Бұл түнді абыржумен таң атты. Таңғы намаз оқылды. Намаз оқылғанша кәпірлер сап түзеп тұрды. Әзіреті падиша намаз оқып болып, сап түзеп тұрды. Бұл күн Хасан Бұғра хан ғазы падиша өз орнына Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаны қойып, өзі майданға келіп бой көрсетті. Аты-жөнін жария етті. Майданда тұрып мына өлеңді оқыды:

Біз ешкімге бәле сыйламаймыз,
Атын әулиелерге де қоспаймыз.
Бәленің дәмін құпияда татқанша,
Кім, қайдан бәле дәмін татқанша,

Дертті дауадан артық деп білер, –деп өлеңін оқып майданда шайқасқа кірісті. Кәпірлер сапынан Чиқалу-Хәлхал Машын майданға кірді. Ол күні сондай кескілескен соғыс болды. Қан Жейһұн өзеніндей ақты. Кәпірлер шегіну дабылын қақты. Өздерінің шатырларына қашып барды. Мұсылмандар тәндерінің шаң-тозаңын қағып, жүздерін жуды, кірлерін тазалады. Сусын ішіп, тамағын жеді. Құран Хатым қылды. Сауабыны шәһидтердің рухына бағыштады. Бұл түнде абыржумен бірге таң атты. Таң намаздың азаны оқылды. Таңғы намаз оқылды. Хатым Құран оқыды. Сауабын шәһидтердің рухына бағыштағанша кәпірлер сап түзеді. Мұсылмандар да саптарын түзеп тұрды. Бұл күні де Әзіреті падиша соғыс майданына келіп, аты-жөнін жария етті. Мына өлеңді оқып майданға шықты:

Толқыныс көремін, әрбір жанарда қайғы топанын,
Құлаққа жетеді әрбіреудің мұңды дауыстары.
Әлем тұрғындарын білмеймін қандай халде болғанын,
Анық білетінім – шытырманға айналды әлем істері.

Сондай [зор] шайқас болды – аспан мен жер сілкінді. Барлық мұсылмандар шабыттанып, өздерін рухтандырды. Кәпірлерді бытыратты. Қашып Йәнги[3] Хисар мекеніне барды. Әзіреті Хасан Бұғра хан Әзіреті Сайид Әли Арыслан хан ғазы падишаға тоқсан мың әскер жинап: «Әй перзентім, сізді әуелі Құдайға, екінші Әзіреті Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.), үшінші Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы ұлы мәртебелі әкеме тапсырдым», – деп рұқсат берді.

Әзіреті Сайид Әли Арыслан ғазы падиша тоқсан мың әскерімен жауды қуалап қақтығыса жүріп, Өртең-Қара деген жерге тоқтады. Онда да жиналған неше мың кәпірлер бар екен. Ауыр соғыс болып, қан жейһұндай ақты әзіреті падишаға балта, найза, семсер де кәр қыла алмады. Кәпірлер қайран қалды. Чикалу Хәлхал Машын: «Бұларға балтаның ұшқыры да өтпейді. Әзіреті падишаһқа нендей себептен өтпейді? Қандай қылса өтер екен? Кімде кім бұл жұмбақты ұғып хабар берсе, бойын алтынмен қаптайық», – деп уәде қылды.

Ол уақытта өжет бір әулие бар еді. Бұл істі мен тындырамын деп  айла-амалын тауып, өзі ислам әскерінің арасына кірді. Неше күн қосын ішінде жүріп, әзіреті падишаһтың қарауылханаларында қызмет қылды. Мұнысынан ешкім хабардар болмады. Бір күні ғазауаттан жеңіп шад көңілді отырып бірнеше соғыстың оқиғасын әңгімелеп, әзіреті падишаһты мақтап, сипаттап: «Әй, падишаһ, бақытты сәттеріңді айтсаңдар», – деп сауал қойды. Патша: «Маған ешқашан балтаның ұшы өтпейді – тек қана таңғы намазға тұрғанымда денем босайды. Сол кезде (қару) салынса кеседі», – деді. Жауы бұл сиқыр ма, қандай гәп, неге патшаға ешнәрсе өтпейді – деп  ойланып жүретін еді. Енді Әзіреті патшаның дүрдей шашылған бұл сөзін естіді. Оны ешкім де аңғара қоймады. Осылайша ол (әулие) мұсылман әскерлерінің арасынан шығып кетіп, естіген құпия хабарымен Хәлхал Машынды қуантып тастады. Көңілді болған кәпір әулиеге көп алтын берді.

Бейсенбі күні сусын мен тамақ әзірленді. Мұсылмандарға ас тартылды. Құран Хатым қылды. Сауабын шәһидтер рухына бағыштады. Сол күні Әзіреті падишаһ тоқсан мың әскерімен сап түзеп тұрды. Ол күні шайқаста мыңдаған кәпірлерді тозаққа жіберді. Мұсылмандардан да көптеген кісі шәһидтік шәрбатын татты. Күн кеш болды. Қайту дабылы қағылды. Тарасып ордаларына тартты. Сусын-асын жеді. Құран Хатым қылып сауабын шәһидтер рухына бағыштады. Бұл түнді абыржуда өткізді. Таң намазға тұрды. Намаз оқығаннан кейін сусын-ас берді. Хатым Құран қылып, сауабын шәһидтер рухына бағыштады. Ол күні  де кескілескен шайқас болды. Шынайы сипатын сөз қылар болсақ, қиямет-қайым болды. Қан өзендей ақты. Осы рет қырық күн соғыс болды. Кәпірлердің өлімінің есеп-қисабы болмады.  Неше мың мұсылмандар шәһид болды.

Ашура айының оны күні еді. Таңғы намаз азаны оқылды. Намазға мұсылмандар жиналып,  сап-сап тұрып, сүннетін орындады. Сосын парыз намазына тұрды. Бәйіт:

Ұдайы рәкуғ пен сәжде болған ісі,
Өртеніп іші, ах ұрғанда шығатын ысы.

Алланың жазмыш тағдыры молла имамның  көңілі «Кәусар» сүресін оқуға ауды. Кәпірлерге намаз уақыты хабарланып, олар бұл сәтті ғанибет санап мұсылмандардың намаз сапына кіріп, оларды шәһид қылды. Және «Кәфийә  Аллаһ, шәһидан Мұхаммад Расул Аллаһ»[4] – аяты осы араға жеткенде Әзіреті падишаһтың мүбәрак басына семсер салды. Мүбәрак басы тәнінен бөлінді. Әзіреті падишаһтың мүбәрак басынан әуез келді: «Хош бейқам молла екенсіз» деді. Оның қадірменді есімінің бірі Молла Әлім екен, кейін лақап есімі Хожа Бейқам болып қалды.

Жаһан шаһы болсаң да, қайыршы кедей болсаң да, соңында ақырғы үйіңе барасың. Сол күні қиямет-қайым болды. Жаһан қараңғылыққа батты. Аспан-жер сілкінді. Мұсылмандар жан-жаққа бытырады. Кәпірлер бейбіт тұрғындарға ат қойды. Мұсылмандар қайта жиналып, тоқтап, шайқасқа кірді. Басында біраз кәпір тозаққа жіберілсе де, кәпірлер жеңді. Мұсылмандарды шәһид қылды. Содан бірнеше қыздарымен бірге Мәриям ханым іші өртеніп, аһ ұрып, соғысқа кірді. Жиырма бес кәпірді жаһаннамға жіберді. Кәпірлер жеңіске жеткендей болғанда жерге қарады. Жер жарылды. Сол сағатта [ханым] жерге кіріп ғайып болды. Одан кейін қыздары да  шәһидтік жасады. «Алла қаласа, келеміз және Алла қаласа оған ораламыз» дегендей.

Мәриям жағдайын естіген Әла Нұр ханым да [өз] ахуалын солай етіпті. Әзіреті Сайид шәҺид Арыслан ғазы кемел иесі бола тұра ахуалы да күшті болатын. Өмірі ылғи тақуалық, құлшылық, мейірлі сұхбаттармен өтетін. Бәйіт:

Ұдайы рәкуһ мен сәжде болған ісі,
Аһ ұрғанда ішінен шығар ысы.

Әзіреті падишаһтың шәһид болған хабары Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы, әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы, әзіреті Есен Бұғра хан ғазы падишаһларға келгенде бәрі де естен танды. Ес жиып, өздеріне келгенде аһ ұрып, жоқтау айтты. Олардың нала-зарынан аспан, жер сілкінді. Көктегі құстар мен теңіздегі балықтар налыды. Зар-зар жылап, жаңа көктем бұлттарындай көз  жастарын төкті. Содан соң азасына екі мың қой, екі жүз  түйе, бес жүз жылқы сойып ас берді. Қашғардың үлкенді-кішілі жұрты жиналып, ағайын мен ұлық ақсақалдарға ас берді. Хатым Құран қылып, сауабын шәһидтер рухына бағыштады. Одан кейін «әскерлер жиналсын» деді. Әскер жиналды.

Алпыс мың әскермен Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы «кәпірлердің қанын жейһұндай ағызып, данышпан бауырымның өшін (кегін) алмасам» деп оларға бет алып, әзіреті Сайид Әли Арыслан хан ғазы падишаһ шәһид болған жерге келді. Тәндері мөлдіреп, аппақ болып жатыр екен. Шәһидтердің денелері сап болып тізіліп жатқан-ды. Оларды көргендер аһ тартып, іштей налып, естен танды. Қайта есін жиғанда шыдамдары таусылды. Әрбір тал шаштары жанға батқан тікендей болды. Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы падишаһ мына бәйіттерді:

Сенің берген уәдең маған уәде болар,
Сенің көрген сазайың оның берген жапасы болар.
Сенің уақытың Хақпен өтер.
Менің насихатым таныстыру болар –
Саған қиямет күнін хабар еткендей.
Кәусарын ішуге уәде етіп бергендей,
Сен, патша сазайына.
Қам жеме кәусар суына жеткендей,
Жан салып тәрбиесіне, [көрерсің]

Жүздеген таңды атқызғанда, -оқып, Чикалу Хәл-халдың ордасына бет алды. Кәпірлердің қанын судай ағызды. Бір жақтан Жоқта Рашид, Нүкте Рашид, бір тарапынан Есен Бұғра хан ғазы, әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы, әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы падишаһ майданға кірді. Мұсылман әскері кәпірлерді қырып қанын Жейһұн өзеніндей ағызып, пәре-пәресін шығарды. Мал-мүлкін алды. Жоқта Рашид, Нүкте Рашид, Чикалу Хәл-хал Машын он мың кісімен қашып кетті. Ізінен қуып Көкжар деген жерде жетті. Онда да күндіз-түні шайқасты. Көптеген мұсылмандар шәһид болды. Шайқастың сәті келмеді. Әзіреті Сұлтанның ұлдары Осман Бұғра хан ғазыны алпыс кісісімен шәһид етті. Кәпірлер соғыса келе Шын шаһарына қашып кетті.

Әзіреті падишаһ қайта оралып Осман Бұғра хан падишаһты үйіне жеткізіп, мүлкін қоғамдық қорға өткізіп, шырақшы мен хатшы тағайындап ас берді. Жетісін өткізіп, Жаркент шаһарына келіп жетті. Халықты иманға жетеледі. Иман сөзін тілге алып, бұ халық мал мен жан-тәнін аямай осы жолға жұмсады. Малдарының көбін кедейлерге үлестіріп берді. Бұ халықтың хақында дұға мен қайыр қылды. Барлық мұсылмандар «әумин» деді. Дұғалары қабыл болып орындалды. Бұ дұғаның берекетінен Жаркент ешқашан ойрандалмас депті.

Әзіреті падишаһ Жаркентке Хожа Әбду-л Сәмәд Қашғариды басшы қойды. Одан кейін барлық әскерлерімен Әзіреті Сайид Әли Арыслан хан ғазы патша шәһид болған жерге келді, аза тұтып, зарлап,  жазғытұрымғы бұлттай көз жастарын төкті. Азадан кейін әскерлерге ас берді. Хатым Құран қылып, сауабын шәһидтер рухына бағыштады. Әзіреті падишаһты [мәйітін] «қайтсем екен» деп оған көңіл бөлді. Ғайып әлемінен: «Шәһид болған жерде жерлең» деп әуез келді.

Әзіреті падишаһтың аталарының қасына барды. Мүбәрак  басы жоқ екен, оған қайран қалды. Әңгімелерге қарағанда одан – мүбәрак басы тәнінен бөлінгенде әуез келді: «Басымды қанжығама байлап қойың, семсерімді ердің үстіне қойың» деп, содан Тобышақ Ғирақты алып келіп мүбәрак басын байлап, әскери қаруын ердің үстіне қойды. Содан «Кәпірлер тұрған жаққа кіріп кетті де, кәпірлерді қырып шықты. Бірнеше кәпірді жаһаннамға жөнелтті. Одан кейін ғайып болды» деп рауаят қылған-ды. Сосынғы әңгімеде [падишаһ] «бұл шәһидтерді не істеу керек екен?» деген сөзді айтты дейді. Әмірлер мен әскерлердің бәрі: «Әй, әлем панасы болған падишаһ, шәһидтер хақында дұға қылсаңдар біз әумин десек. Бәлкім, Әзіретінің дұғалары қабыл болғай», – деді. Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы падишаһ басын жалаң қылып, көздеріні көкке тігіп, қолдарын ашып дұға қылды. Мұсылмандар «әумин» деді. Дұға аяқталмай жатып бір қараңғы боран пайда болды. Аспанды жер, жерді аспан қылғандай еді. Біраздан кейін боран бәсеңдеп жаһан жарқырады. Бір қараса, шәһидтердің үстіне құм құйылыпты. Кәпірлердің үстіне cор [тұздық] түсіпті. Сол себептен оларға «Құм шәһидтері» деп ат қойған.

Шәһидтерге арнап мұсылмандарға ас берді. Хатым Құран қылды. Сауабын шәһидтерге бағыштады. Одан кейін шырақшы тағайындап, қырқын өткізіп, Хожа Фәқиһ Әйубты ұлық шейх қылып, қырық кісі жарубкеш күтуші қойып, хатшы қылып: «Сіздер жарубкештік қылыңыз» деді. [Оларға Құран] беріп, майшам алдырып қойып, әр қайсысына бір жер тағайын қылды. «Әзіреті падишаһ Әли Арыслан ғазыға, барлық шәһидтерге дұға, тәкбир қылыңыздар» деді. [Шәркент] Ташкент бойынан бір ширектік жерді бір мысқал алтынға алып, Әзіреті падишаһтың хақында қайырымдылық қорын жасап, Хақ Аллаға зекет, оннан бір табыс өтемін бердік. «Сіздер дұға, тәкбар қылыңыз деп», өздері әскерлерімен Қашғарға бет алды.

[Падиша] Тақсарайына түсті. Қашғар халқының бәрі де зар-зар жылап ерте көктемнің бұлтындай көз жасын төгіп, аза тұтты. Азадан кейін Қашғардың үлкенді-кіші жұртын жинап ас берді. Хатым Құран қылып, сауабын  шәһидтер рухына бағыштады. Бұдан соң айтушы: «Тарихқа төрт жүз сексен тоғыз, ашура айының оны болған-ды. Әзіреті Әли Арыслан хан ғазы падишаһ шәһидтік шәрбатын, пайда болу шарабын ішіп шәһид болды.

Хасан Бұғра хан ғазы келіп Әзіреті падишаһтың мазарын зиярат қылып садақа айтып, дұға қылып, қазандарын қайнатып, шырақтарын жағып, жалбарына жәрдем сұрап, дұға тәкбир қылып мінәжат етті» дейді. Одан әрі «әр кімнің мұқтаждығы болса, Әзіреті падишаһтың мүбәрак Гүлзарын зиярат етіп, шырақтарын жағып, айналадағыларын көңілді етіп, қазан қайнатып, шырақ жандырса, қиямет күні ол мұқтаждар ғылым туының саясында орын тауып, шапағат көретініне еш шек жоқ-дүр» – деп рауаят қылады.

Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы падишаһ он екі жыл халифалық таққа отырды. Олардың заманында сәлде кимеген кісіні көрсе немесе  хабарын естісе басына темір шеге қағып құртатын. Сондай бір мамыражай [уақыт] болыпты. Аш-жалаңаштық дегенді білмеді.

Мынадай рауаят бар: Падишаһ салтанат тағында отырған-ды. Жүз кісі үш сардарымен Түркістаннан елші болып келіпті. Мәулана Сағид Қашғарға хабар берді. Әзіреті падишаһ «кірсін» деді. Хожа Абдолла Түркістани, Хожа Әбубәкір Ташкенди неше жерден жүгініп тұрды.

Падишаһ: «Шешетұғын қандай шаруаң бар. Осынша тауқымет тартып жол жүріп келгендегі халіңіз не екен?» – деп сұрады. Олар тәзім қылып: «Әй, әлем падишасы, Түркістан уәлаяты кәпір болды. Әзіретіңізнен шапағат тілеп келдік», – деп арыз айтты.

Падишаһ сол сәтте «әскерлер жиналсын!» деп жаршы жөнелтті. Есеп-қисапсыз әскер Қашғар шаһарына жиналды.  Файзолла Хожам мен Әбілқасым Қашғариді қолбасшы етіп тағайындады. Сосын «Сіздерді әуелі Құдайға, екінші Әзіреті Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.), үшінші Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазыға тапсырдым» деп [жауға] аттандырды.

Тағы бір шынайы рауаят: «Әзіреті падишаһтың мүбәрак басын семсермен тәнінен бөліп түсіргенде аспанға шығып, ғайып болған депті. Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы падишаһ әлемнің төрт бұрышын кезіп, еш жерде мүбәрак басын таппады. Әла Нұр ханымға: «Меккеге барған, Меккеде ишарат болғанына бүгін қырық күн болды. Меккеден үш там ғайып болды. Нысана – Шынар төңірегі, яки сол там қай жерде болса, ұлыңыздың басы сонда дүр», – деп бұл хабармен Әла Нұр ханым Хасан Бұғра хан ғазы падишаһқа баяндапты. Рас екен деп барлық падишаһлар, әмірлер зар жылап, жаңа көктемнің бұлтындай көздерінен жас төкті. Үлкендер шығып, сол белгі «Шынар» төңірегіндегі әлгі бір жерді тапты. Әзіреті падишаһтың мүбәрак басын хақ рас осында деп сеніп, гүлзарын жөндеп, Қашғардың үлкенді-кіші халқына ас берді. Әзіреті падишаһ хақында Хатым Құран қылып, сауабын шәһидтер рухына бағыштады.

Астарын беріп, Шейх [жарубкеш][5] шырақшы тағайындап, қырқын өткізіп. Сайид Нәсір Хожаны ұлық шейх қылды. Жиырма бес кісіні хатшы қылып сіздер жарублық қылыңыз деп, қазан мен май шамды беріп әр қайсысына бір жер тағайындады. Әзіреті падишаһтың хақында дұға, тәкбир қылыңдар деп тағы ескертті. Қашғардың барлық сыйлығы Әзіреті падишаһтың қазаны мен басшы жарубкештерге болсын деп көп жер-мүлікті қайырымдылық қорына тарту етті. Жер-су алып, зекет – Хақ Алла, оннан бірін Әзіреті падишаһтың хақына бердік. «Сіздер дұға, тәкбир қылыңдар» деп кеңес берді.

Мына әңгімеде: «Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы, Әзіреті Есен Бұғра хан ғазы, Әзіреті Хұсайын Бұғра хан ғазы – бұ патшалар, әмірлер есеп-қисапсыз әскер жинап, Түркістан жаққа аттанды. Бұл кезек сондай батыр, арыстандай ер жүректерді жиған-ды. Әр бірі дұшпан тамырын қопармаққа жұмылған; соғыс майданында сән-салтанатына куә болдық. Бәйіт:

Жар көрдік – барлығы да семсерлі,
Жаудың шырқын бұзар талдай бәрі.
Барлық жаһан бір қарыстай көрінеді,
Талап қылып шыққанда соғысқа бәрі.
Махаббат отында бәрі де жанкүйері,
Жай оғындай әмбесі зор еді.

Мұндай қаһарлы әскердің сұсынан қорыққан Түркістанның үлкен-кіші халқы түгелдей жиналып, Әзіреті падишаһтың аяғына келіп жығылды. Содан соң Әзіреті Сұлтан Хожа Ахмет Йасауи падишаһның [қастарына] келіп, тәуап қылды. Ас-су беріп, Хатым Құран қылып, сауабын шәһидтерге бағыштады.

Әзіреті падишаһ сол жаз бен қыста [тұрып] Ташкент пен Түркістанды бағындырып, жыл соңында Әзіреті Сұлтан Ахмед Йасауи падишаһтың жиені Бүбіше Мәриям ханымды алып, барлық әскерлерімен аттанды. Шаһар-шаһар халықты иманға шақырып мұсылмандарды тура жолға салды. Қалаларды аралады. Әзіреті Имам Нәсір-ед-дин, Имам Қауам-ед-дин, иаам Мүйін-ед-дин, имам Саид-ед-дин – бұл имамзадалар қасына келіп тағына бай шашу, сый-сипатын тарту етті. Имамдармен көрісті. Болған оқиғаларды баян қылды. Сонда зар-зар жылап, жаңа көктем бұлтындай көздерінен жас ақты. Ас берілді. Әскерлерге таратты. Хатым Құран қылды. Сауабын шәһидтер рухына бағыштады. Бірнеше күн аялдады.

Бір күні Әзіреті падишаһ: «Атам әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра ханның ізімен жүріп өтіп, кәпірлерді дінге кіргізсем» деп әзіреті Имамдардан дұға-шапағат тіледі. Имам қол көтеріп: «Әуелі Құдайға, екінші атам Мұстафаға (с.ғ.с.), Әзіреті шаһзада имамдардың имамы Хұсайынға тапсырдым» деп сөзін аяқтады. Одан кейін рұқсат берді. Бұдан соң әскерлерімен шаһардан шаһарға, тайпадан тайпаға аралап жүріп, әкелерінің қылыштары жайнап өтіп жүрген жолдармен жүріп, жолындағы кәпірлерді жеңіп, Әмудариядан Құлзұм[6] теңізіне дейін бұлардың семсерлерінің шұғыласынан ислам діні нұрлана түсті. Мұхаммед шариғаты өрістеп, ислам дінінің ахмади үмметі орнықты.

Бұл уақытқа шейін неше жыл өтті. Енді Қашғар жеріне жетейік деп мәслихат етті. Қашғар «кәпірстан болып кетті» деген хабар келді. Сол сәттен әскерлер жиналсын деп жар салды. Әскерлер жиналды. Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы: «Әй, перзентім, сіз, мәдинеге барың имамдарға: «Қашғар – кәпірстандық болды, әзіреттерден медет тілей-дүрмін» деп арыз қылың», – деді. Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазыға мәдайінге[7] барың» деп рұхсат берді.

Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһ мәдайінге барды. Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы падишаһ жетпіс мың әскерімен бірге сол әңгімені естіп, Қашғар шаһарыны қоршады. Сосын кәпірлердің барлық әскерлерімен соғысты. Кәпірлерді қырып, қанын Жейһұн өзеніндей ағызды. Мұсылмандар жеңіске жетті.

Қашғар халқын кәпірлер өз дініне кіргізіп ит, есек, доңыздың етін жегізіп, харам затты халал санап мүлдем кәпір болып кеткен екен. Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы падишаһ күн сайын соғысатын. Кәпірлер табанды болатын. Алайда мұсылмандар жеңіске жетіп, шат-шадыман тарасып ордасына барды. Бұдан соң бес ай шаһардан бір кісі сыртқа шықпады. Халық жалықты. Кәпірлер шаһар ішінен әскерлерін ретке келтіріп, сап түзеп жүрді. Бұл жақтан да Әзіреті падишаһ әскерлерінің сапын түзеп, оң қанатына Есен Бұғра хан ғазы падишаһ қолбасшы болды. Кәпір жағынан Жоқта Рашид, Нүкте Рашид майданға шықты. Мұсылман жағынан болса  Есен Бұғра хан майданға шығып бой көрсетті. Аты-жөнін жариялады. Сипаттауға тура келместей соғысты. Ол күні күн батты. Ордаларына тарасты.

Ертесі таң намазда азан айтылды. Намаз оқи бастады. Намаз оқыған соң бұл күнді тағы сап түзумен бастады. Әзіреті Хұсайын Бұғра хан ғазы падишаһ өзін көрсете майданға кірді. Кәпірлер тарапынан Нүкте Рашид майданға кірді. Содан шайқас басталды. Кәпірлерді қырып қан Жейһұндей ақты. Аспан мен жерде періштелер «бәрекелді» десті. Ол күн кеш болды. Ордаларына тарады. Шәһидтерін жерледі. Сосын асын ішті. Хатым Құран оқылды. Сауабын шәһидтер рухына бағыштады. Соншама шәһид болғандарды айтып зар-зар жылап жатты. Таң ата намазға азан оқыды. Намазға тұрып оқылғаннан кейін майданға келіп сап түзеп тұрды. Ту түбіне өз орындарында Есен Бұғра хан ғазыны қойды. Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы соғыс майданына келіп бой көрсетті. Аты-жөнін жариялады. Кәпірлер Чикалу Хәлхал Машын басқаруымен сап түзеп қарсы келіп шайқасты. Соғыста қан Жейһұндей ақты. Кәпірлерді қуалап Кусан дариясынан өткізіп, мал-мүліктерін алып, ғиззат абыроймен Қашғар шаһарына келіп түсті. Үлкенді-кішілі қала тұрғындары қылыштарын тастап, садақтарын мойындарына ілді. Қашғардың ахун, ақсақалдары көңілді болып, өте шаттық күйде мына нұрлы назымды [өлеңді] тарту етті:

Хақ мейірінен қалаға келді бір падишаһ,
Әлем түрін нұрландырды күндей пәк.
Мұрат бағы жайнады оның келуіне,
Үміт қауызы ашылды, көктем күні жетті нақ.

Әзіреті падишаһ Қашғар халқына иман жолын көрсетті. Олар иман келтіріп, ислам дініне кірді. Қашғар халқы пұл-малын, жан-тәнін Әзіреті падишаһқа сыйлады. Әзіреті падишаһ [оны] мұсылмандарға бөліп үлестірді. Одан барып Қашғардың үлкенді-кішілі жұртына ас берді. Хатым Құран қылып, сауабын шәһидтер рухына бағыштады.

Әзіреті падишаһтың таққа отырғаны Қашғардың дүйім жұртына мәшһүр болды. Әскерлерінің саны арта түсті. Салтанаты сәт сайын ұлғайды. Сол кезде: «Әскерлер жиналсын, кәпірлерді аман жібермесін!» деп жарлық шығарды. Үш күнде әскер жиналды. Әскердің бәрін алып Иәнги Хисар мекеніне барды. Кәпірлер басы Алтынлықтан аяқ жағы Өртең Қараға шейін жайылған-ды. Бірнеше күн шайқасты. Кәпірлерді жаһаннамға жөнелтті. Тағы бір күн соғыса жүріп таулы шатқалға жетті. Кәпірлерді қырып, қанын Жейһұндай ағызды. Сол жерде тау ішінен бірнеше кәпір шығып, мұсылмандарды шәһид қыла бастады. Сол кезде Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы падишаһтың аузында көбік пайда болып, мас батырдай бұрқырап қатты шайқасты. Қанды Жейһұндай ағызып жүре берді. Алланың тағдырымен бұларға неше жерден оқ тиіп шәһид болды. [Қалу Әнна Аллаһу уа әнна иләйһи рәджиғуна][8]. Олардан Әбу-л Музаффар Тәбризи, Әбу-л Мәнзәр Тәбризи, Абдолла ибн Мұхаммед ибн Әбдірахман Тәбризи шәһид болды. Сол күні үш жүз кісі шәһидтік шарбатын ішті. Сол себептен ол жерге «Тәбриз» атын қойды. Ол күні соғыс майданынан ордаға қайтып мұсылмандарды жерледі. Жарақат алғандарды ем жасады. Сусын-тағам жеді. Хатым Құран қылды. Сауабын шәһидтер рухына бағыштады. Ол түнді бірге өткізді. Барлық падишаһ пен әмірлер жиналып таң намазды оқыды. Намаздан шығып сап түзеп тұрған-ды. Кәпірлер де сап түзеп тұрды. Ислам жағынан Хұсайын Бұғра хан ғазы падишаһ бой көрсетті. Әзіреті падишаһ мына бәйітті оқып соғысқа кірісті.

Әлемге игілік ойлауға бәрінің жар болуы қиын,
Қайғы шектен асты, қамқорсыз болу да қиын.
Жұбатушы кетті жүрек қан болды содан,
Қымбаттылар жұбатушы болмаса о да қиын.

деп шайқасқа кірісті. Қан Жейһұндай ақты. Алайда өлтіргенше бұл кәпірлер тола берді. Бұл кәпірлер маңайдың бәрін қоршап алды. Бұлар ақтарылып қалды. Бұл жазықтан еш жерге шығу ылажы болмады. Сол жерде тұрақтап қалды. Жеті күн бойы бір тамшы су таппады. Мұсылмандар аштық пен шөлге таңылды. Хақ Тағалаға сиынып, көңіл бөліп, Құдай Тағаланың ілтипатының арқасында екі нұрлы, пәк жүзді кісі бірінің қолдарында алтын құман және бірінің қолдарында шылаушын ұстап тұрды. [Мұсылмандар]: «Бұл қандай су?» – деп сұрады. Олар: «Бұл су – зәмзәм суы», – деп жауап берді. Тағы мынадай рауаят бар: «Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы падишаһ сол сумен дәрет алды. Сонан кейін тұрып сегіз қадам жерге келіп, екі рәкәт «шүкір» намазын өтеді. Налып, зарлады. Мұсылмандар хақында сәуірдің бұлтындай жылады. Сонда тамған жастарынан тас үстін сызып су пайда болды. Құдай Тағалаға көп шүкір айта мадақтады. Дәрет алған жерлерінде де тасқа сызып су пайда болды. Мүбәрак асасын шаншып қойып еді. Бір қараса көктеп тұр. Бұл шөл далада су шығуы Хақ Тағаланың ілтипаты, яки біздің ордамыз үшбу-дүр деп, бұл жерде «Көл дала» атады. Бұл мұсылмандарға осы шәрбатын ішіңдер деп көрсеткен мейірі еді. Әскерлердің барлығы да ішіп қанды. Барлық мұсылман Әзіреті падишаһтың бұл кереметтерін көріп, жаңадан иман келтіріп, қайтадан татулық келісіміне келді. Сенімдері еселеп арта түсті.

Бұл «Көл даласы» деген жерде бірнеше күн соғысты. Соңында [жаулары] мұсылмандарды хараб[9] қылды. Бір күн Әзіреті падишаһ тағатсызданып, соғыс майданына келді. Майданға кіріп сонда шайқасты. Оң қанатты сол қанатқа, сол қанатты оң қанатқа соғыстырды. Өлең:

«Қолым әркез оқ атарға – қол,
Ештеңе болмас еді, қате пірі – жол».

Кімде кім Әзіреті падишаһтың бұ кереметтерін теріске шығарса шүбәсіз қатеге ұшырайды. Әлемге рәсуа болып, имансыз кетер-дүр. Және де сонда баяндалған:

Ашур айының төрті, сәрсенбі күні еді. Әзіреті Есен Бұғра хан ғазы падишаһ бес мың кісімен бірге кәпірлерге шабуыл жасады. Кәпірлер жағынан Нүкте Рашид он мың кісімен келді. Қарсыласа, бір-бірімен алысып кетті. Шайқас қызып жатты. Кәпірлер жеңіп, Есен Бұғра хан ғазы падишаһты шәһидтік дәрежесіне жеткізді. Одан кейін шабуыл үдей түсіп, бес мың мұсылманды шәһидтікке жеткізді. Мұны көріп Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы падишаһ, барлық ахун, ақсақал, әмірлер тағатсызданып, бас қосып әскерлерімен соғыс майданына кірді. Соғыс қыла-қыла қан Жейһұндай ақты. Бұ жағынан Бүбі Мәриям ханым шайқасқа кірісті. Неше кәпірді жаһаннамға жіберді. Сосын олар шәһид болды. Ол күн кеш болды. Ордаларына тарасты. Бойларын кір-қоңынан арылтты. Ас-суларын ішіп-жеп, Хатым Құран қылды. Сауабын шәһидтер рухына бағыштады. Ертесіне таңғы намаз азан айтылды. Намаз оқып болған соң майданға келіп саптарын түзеп тұрды. Кәпірлерде сап түзеп тұрды. Соғысуға бір-біріне қарсы тұрып кескілескен шайқасқа кірісті. Соншама кәпірлерді қырды. Дегенмен өлтіргенше, кәпірлердің саны тола берді. Қайран қалды. «Бұл тағдыр не екен?», деп ордаға бет алды.

Бүгін болса ашура айының сегізі еді. Таң намазын оқи бастады. Намаз оқығаннан кейін әскерлермен жолықты. Әскерлерден отыз кісі кеміп қалыпты. Ол күні Әзіреті падишаһ өзі, барлық ахун, ақсақалдар, әкімлер мен әмірлер жиналды. Жаңа көктем бұлтындай зар-зар жылап: «Әй, ғаламның панасы – падишаһ Әзіретіміздің жолында жан-тәніміз пида болсын. Әзіретімізден кейін қалып тұрғанша өлгеніміз жөн-ақ» деп күйініп аһлады. Соғысқа кірісіп, неше кәпірді тозаққа жіберді. Кәпірлер де шабуылдап мұсылмандары бір-бірден шәһид қылды. Бұлардың шәһид болғандарын көріп, Әзіреті падишаһ тағатсызданып, бауыры езіле айқай салып, өзі жауға шапты. Кәпірлердің қаны Жейһұндай ақты. Әзіреті падишаһтың денесінің бірнеше жеріне оқ тиді. Әзіреті падишаһ қансырап жығылды. Нүкте Рашид Әзіреті падишаһтың мүбәрак басын тәнінен бөліп тастады. Әзіреті падишаһ шәһид болғаннан кейін кәпірлер барлық мұсылмандарды шәһид қылды.

Сол күні қиямет-қайым болғандай көрінді. Жаһанды қараңғылық басты. Аспан мен жер сілкінді. Жеті қабат аспан, жеті қабат жер, періштерлер налыды. Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы інісі Есен Бұғра хан ғазымен құшақтасып бір жерде жатқан дейді. Және сөз жетті: Қашғарды түгел кәпір басты. Мұсылмандар бытырап кетті. Басы ауған жаққа кетіп даладан-далаға, шөлден-шөлге түсіп жүре берді. Кәпірлер отбасы- әулеттеріне ат қойды. Һедийе Түркан ханым бірнеше қыздармен қарауыл қырқаға шықты. Кәпірлер жетіп қалып, қолға түсірмек болған жерде: «Әй, Алла, пана болғай», – деді. Сол сәтте жер жарылды. Жерге кіріп ғайып болды.

Тағы мынадай бір әңгіме бар: Хасан Бұғра хан ғазы падишаһ, әзіреті Есен Бұғра хан ғазы падишаһ шәһид болғаннан кейін әзіреті Жүсіп Қадір хан падишаһқа – қалаға хабар келді. Ол сол сәтте әзіреті Имам Нәсір-ед-дин, Имам Қәуам-ед-дин имамзадалар қасына барып: «Әй, падишаһ жаһан- пана, ұлық әкемді кәпірлер шәһадатқа жеткізді. Әзіреттерінен медет тілеймін», – деп арыз қылды. Сол сағатта жиырма төрт мың әскерді Сайид Жалал-ед-дин Бағдадтың үлкен ұлы Сайид Әли-ед-динді басшы етіп аттандырды. Кәпірлер мәдайеннен «Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһ жүз мың әскермен бірге келді» деп барлық әскерлерімен қашып Хәйін шаһарына кетті. Қашғар халқы мол сыйлықтар алып, Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһтың алдына Әндижан тауына барды. Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһтың үзеңгілеріне көздерін сүртіп, аяқтарын сүйді. Олар падишаһтарды, барлық шәһидтерді еске алып, зар-зар жазғы көктем бұлтындай жылады. Аза тұта бастады. Азадан кейін шәһидтерінің хақына ет асып, бұл мұсылмандарға таратты. Сосын Хатым Құран қылып, сауабын шәһидтер рухтарына бағыштады. Ертесіне Әзіреті падишаһ Қашғарға қарай жүрді. Қашғардың үлкен-кіші халқы, ер-әйелдері алдынан шықты. Жазғы көктем бұлтындай зар-зар жылады. Әзіреті падишаһ тағатсызданып, көңілі бұзылды. Аздан соң қалыбына түсіп, бұл мұсылмандар хақында қайыр-дұға қылды. Қашғар халқы пұл-малдарыны тарту етті. Одан кейін Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһ Қашғардан жиырма мың әскер алып, қырық төрт мың әскерге жеткізді. Йәнги Хисар маңындағы Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы падишаһ шәһид болған жерге келді. Шәһидтердің барлығын көрді. Қатты қайғырып атынан құлап түсті. Бір заманда есін жиды. Өлең:

Бұл қолдан жасалған өңім бе?

Не ұйқыда болған керім бе? –деп кеуде қағып, қаны қайнап басына топырақ шашып жазғытұрғы бұлттай зар-зар жылады. Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһ қадірменді әкесін құшақтап зарлады. Барлық әскери орда аза сарайына айналды. Азадан кейін Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазының мүбәрак басын тәніне жапсырып орнына қойды. Дауыстап: «Рәбби, Әнзили мәнзилән мүбәракан уә әнта хайуа-л мәнзилин» дұғасын оқып, оң жағына аударып құбылаға қаратты. Одан кейін барлық ахун, ақсақал, әкім, әмірлерді, түгелдей шәһидтерді қаладан-қала, даладан-дала кезіп тауып жерледі. Бірақ жиырма мың мұсылман Йәнги Хисар мекенінде шәһид болған-ды. Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһ бес мың қой, екі жүз түйе, екі мың [сиыр], бес жүз ат сойып шәһидтердің хақында ас берді. Барлық қашғарлық үлкенді-кішілі шақырылды. Хатым Құран жасалып, сауабы шәһидтер рухына бағышталды. Одан кейін шейх жарубкеш тағайындалды. Сейфаһсалар хожаны қабілетті адам деп ұлық шейх қылып, қырық кісіні жарубкеш қойып, отыз бітімші хан тағайындап хатшы қылды. Һәм сіздер жарубкештік қылыңдар деп қазандық, май шам [әкеліп] қойып, әрқайсысына арнайы бір жер бөліп, «Хасан Бұғра хан ғазыға, барлық шәһидтерге дұға және тәкбир қылыңдар» деп басы Алтынлықтан аяғы [Йәнгиге шейін] қарашанақ… әскерге сай ғып, ширегін бір мысқал алтынға алып: «Міне, мен – Жүсіп Қадір ғазы Әзіреті Есен Бұғра хан ғазы, Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы қадірменді әкемнің хақына қайырымдылық қорына зекет Алла Хақы – оннан бір садақасын бердік. Сіздер дұға қылыңдар» деп рұқсат беріп, тағы да:

«Кімде кім тиісті сыйды шейх жарубкештерге бермей оларды қорласа, кемсітсе, бұл әлемде рәсуа болып имансыз кетеріне ешқандай күмән жоқ» деп жарлық қылды.

Тағы бір әңгімеші былай дейді, Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһ қырық төрт мың әскерін алып, әкемнің кегін алсам деп Хотанға аттанып, жиырма жыл ұрысып, Хотан жұртын жаулап, Чикалу Хәлхал Машынды өлтіріп, әке-аталарының кегін алып, Хотан мал-мүлкін алып келіп, Хан Арықтың жанындағы жеті кентті ширегін бір мысқал алтынға алып, қайырымдылық қорына беріп, оның пайдасын үш үлеске бөліп. Бір бөлігін Сайид Әли Уәл-ед-диннің әулетіне, бір бөлігін шейх жарубкешке, тағы бір бөлігін жолаушылар дастарқанына, ақсақалдар мен тәкбир айтушыларға арнады. «Бұған қол сұққандар қиямет күні болғанда Құдай Тәбарак Тағала қазы болып жазасын көреді. Әзіреті пайғамбардың (с.ғ.с.) шапағатын көргісі келіп отырғанда екі жүзі қара болғай, падишаһлар алдында жаһанға рәсуа болып доңыз кейпінде көрінгей, теріске шығарғандар мүлдем кәпір болғай!».

Күзге таман Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһ Хотанды алып, мал-мүлкін тонап, хош халде Жаркентке келіп түсті. Жаркент халқы алынан шығып сыйлықтар тарту етіп жатты. Бұл мұсылмандарға «қайырлы болсын» деп дұға қылды. Бірнеше күн тұрақтап, Қашғарға жылжыды. Жоғарғы жолмен Қызыл деген жерге жетті. Әзіреті Сұлтан Әли Арыслан ғазы падишаһтың хақында «дәруіштер үйін салдыратын жер екен, бір көл жасаңдар» деп бұйрық берді. Сол сәтте көл жасауға кірісті. Адам басына оқ бойы жер қазып бір күнде «Көл біткен» деген көл қазылды. Әрі Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһ мұнда да жер-су алып, қайырымдылық қор жасады. Шейх жарубкеш ләнгәрші[10] қойып, бірнеше балаларды «сіздер бағып тәрбиелеңдер, есейгенде осында қызмет қылсын» деп әмір қылды.

Одан өтіп тау қырқасындағы шәһидтерге дұға оқып, тәкбир айтты. Мұнда да ас беріп, қайырымдылық қор жасап, шейх жарубкеш қойып, одан өтіп Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы шәһид болған жерге келді. Ол дәрет қылған жерде дәрет алды. Барлығы әскерлермен тәуап қылып, мың қой, екі жүз ірі мал сойып, мұсылмандарға ас берді. Одан кейін Хатым Құран қылды. Сауабын шәһидтер рухына бағыштады. Сосын: «Әй, халайық, сіздерде Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы мәртебелі әкемнің хақтары сіздердің ата-аналарыңның хақтарынан көбірек-дүр» деп жарлық қылды. Одан кейін Қашғарға жүрді. Шаһардың халқы үлкенді-кішілі, ер-әйел, ахун-ақсақал топ-топ болып алдынан шықты. Сөз сөйлеп, қолын көтеріп, дұға оқылды. Патшалар мен әмірлер «әумин» деді.

Әй, падишаһ сарайы,
Аспаның нұрлы болғай.
Әділдік пен ақиқат шарықтаса,
Ақыретің – мамыражай.

[82-п.] Осы өлең жолдарымен дұғаны аяқтады. Шаһардың ішіне кіріп, сән-салтанатты таққа отырды. Қашғар халқы үлкенді-кіші құттықтап жатты. Пұл-малдарын шашу етіп тарту етті. Әзіреті падишаһ барлық кедейлерге үлестіріп берді. Құдай Тағаланың пенделерін тура жолға келтіріп, бір дінді халық болуды [үндеп] Мұхаммед шариғатын орындап, мұсылмандарға әділдік қылып, патшалық тағына жайғасты. Дұрысын Алла біледі.

Тәңірді теріске шығарған патшалар қиямет күні жүзі қара, өзі ұятта болып, шапағаттан махрұм қаларына ешқандай шүбә жоқ. Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы, Әзіреті Есен Бұғра хан ғазы, Әзіреті Сайид Әли Арыслан хан ғазы падишаһтардың шежірелерін оқығандар падишаһтарды еске алып, көз жасын төксе, дүниеден абыроймен аттанып, қиямет күні шапағат көруіне ешқандай кедергі болмасына күмән жоқ. Екі әлемнің Хожасы бір Алла оңғарсын!

Бисмиллаһ-ир рахман-ир рахим!

Ол он сегіз әлемнің таңдаулысы, екі әлемнің мырзасы, пайғамбарлардың төресі яғни, Әзіреті Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) екі жаһанның ең мейірімдісіне мадақ, екі жаһанның төресіне мақтау болғай.

Саһибқыран, кәпірлердің құртушысы аты барлықтарына мәшһүр яғни имам Нәсір-ед-дин, имам Кәуам-ед-дин, имам Зәһр-ед-дин, имам Мүйін-ед-дин ибн әзіреті имам Әфтәһ ибн Қасым ибн Әзіреті имам Хұсайын Әскәри ибн Әзіреті имам Мұхаммед Нәқи ибн Әзіреті имам Мұхаммед Тақауи ибн Әзіреті имам Әли Мұса Риза ибн имам Мұса Кәзим ибн имам Жағыфар Садық ибн Әзіреті имам Мұхаммед Бақи ибн имам Зейн-әл-Әбедин ибн Әзіреті имам Хұсайын (оған Алла разы болғай) оның атасы – Әзіреті Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.).

Мынадай рауаят бар: «Мәдинеде төрт имам салтанатты тақта халифалық мансапта отырған-ды. Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы бесін намазы біткен соң орнынан көтеріліп: «Әй, Алла Елшісінің әулеттері, біз Қашғардан келгенбіз. Қашғар жерінің бәрін кәпірлер басып кетті. Алланың Елшісінің  әулеттері жол көрсетіп, жеңіс таппаса, мұнан құтылу болмас» деп Әзіретінен медет, жәрдем тілеп келіппіз. Рұқсаттары бойынша ислам әскері бұл жұртқа көңіл бөлсе екен», Алла Тағала бұйырса, тағы [83-п.] Құдай Тағаланың ілтипаты болса, жеңіске жетіп Әзіреттерінің алдына келгейміз», – деді.

[Имамдар:] «Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазыға қырық мың әскер жинаңдар» деді. Әскерлерді жинап берді. Егер әлсіз болса, айбарлы бола алмас деп жарлық берді.

Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы әскерлерін тәртіпке келтіріп, Қашғар өлкесіне бет алды. Қашғарға дейінгі аралықты кезең- кезеңімен жүріп, ол жерге де жетті. Қашғар халқы көріп қайран қалды. Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы бір жерге келіп түсіп жатты. Қашғар халқына хат жолдады. «Мен Жүсіп Қадір хан ғазы және Әзіреті имам Нәсір-ед-дин басқаруымен төрт имам Мауарәннәһрден қырық мың әскермен бірге Қашғар жерін жаулағалы келіп тұрмын. Егер иман келтірсеңіздер, әуелі Құдай Тағаланың ризалығы үшін екіншісі барлық пайғамбар, әулиелердің ризалығы үшін, егер де иман келтірмесеңіз, семсердің соққысымен мұсылман қыламыз», – деп жазған-ды.

Қашғар халқы хатты көріп қатты қайғырды. Олар: «Мұның қандай шарасы болмақ? Иман келтірмесек, шаһарды ойрандайды. Егер иман келтірсек, ақыры не болар екен?» деп ойға кетті. Соңында кеңесе отырып, иман келтірейік деп шешті. Сөйтіп, Қашғар халқы иман келтірсе, бұл халықпен соғысу болмас деп имамға хат жіберді. Хаттың мазмұны: «Әй, ұлық падишаһ, біз сіздердей иман келтіреміз. Бізді сіздердің тура жолға ендіруші жоқ еді. Біз күпірдің қараңғылығында едік. Біз мұсылман боламыз деп хат жіберіп отырмыз».

Рауаятқа қарағанда сол кезде Әзіреті имамдар үш айға аңға шыққан-ды. Хатты аңда жүргенде оқыды. Әзіреті имамдар хатты көріп: «Әй, жарандар, Қашғар жерінен хат келді. Біз кәпірлерді жеңу үшін жүрміз. Бұдан басқа ісіміз жоқ» деп Әзіреті Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) Гүлзарына бет қойды. Мүбәрак Гүлзарын тауап етті. Медет-жәрдем тілеп, мүбәрак Гүлзарынан хабар алды. Қашғарды уақытында жаулап алмады Өздері де Қашғарда шәһадат шарбатын ішпеді-дүр. Енді осы уақиғаны көріп қуанып, әскерлерімен бірге Қашғарға қарай бет алды. «Салтанатты сарайға бара жатырғанымызды хабар беріп жеткізіңіз» деп жарлық берді. Он кісіден бір кісіні есепке алғанда жүз мың кісі екен. Әзіреті имамдар: «Әскер өте көп келіпті. Өз қалауымен келгенде бар, саясат жасап келгені де бар. Оларды күштеп алып бару жақсы емес. Исламды тарату – біздің мұрамыз. Біз өз адамдарымызбен жеңіске жетеміз. Құдай Тағаланың  мейірі болса, атамыз Әзіреті Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) көмегі болса исламды кеңінен таратамыз» деп жарлық берді.

Әскерлер тобы бұл жарлықты естіп келіп, Әзіреті имамның аяғына жалынып: «Әй, ұлықтар, біздің жанымыз сіздерге пида болсын» деп зар-зарлап Әзіреттерінің алтын туларын сүйіп, «Әй, ұлық, біздің арман – сіздердің алдында жан пида қылсақ, қиямет күнінде тозақ отына жанбаспыз. Әзіреті пайғамбар (с.ғ.с.) не айтса, соны қылармыз», – деді. Әзіреті имам мейірлене: «Ондай болса ынтаңызға «әумин» деңдер. Біз дұға қылайық», – деді. Төрт имам бастарын, жүздерін құбылаға қаратып, көздерін көкке тігіп дұға қылды. Сол заманда дұғалары қабыл болды. Бұ халық барлығы да жоғары қарап ғарышты көрді. Төменге қарап биікті көрді. Барлығы да шебер әулие болды.

Әлқисса, Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы имамға хат жіберді. Күтуде еді. «Олар келер ме екен немесе келмес пе екен?» деп айтты. Алайда бір күні Әндижан тарапынан тозаң пайда болды. Тозаң арасынан ту-жалаулар көріне бастады. Бір ақ жалау пайда болды. Алла бұйырса, мың кісі шәһидтер жетіп келді. Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһ қарсы алуға алдарынан шықты. Сұлтан Қасым Ошы-дүр. Желаяқ арғымаққа мініпті. Семсерін қиғаштап ұстапты. Қызыл шекпен киіпті. Мықтап белін буыпты. Гауһар тәжін басына қойыпты. Ерлік пен батырлық келбетінен байқалып, Қашғар жерін жапа-жалғыз жеңетіндей айбаты көрінді. Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһқа қараңғы жаһан жарық болды. Атынан өзі түсіп барып көрісті.

Сосын: «Әй, падишаһзадалар, қайдан келе жатырсыз? Әзіреті имамдар қайда жүр?» деп сұрады. Әзіреті Сұлтан шаһ Қасым Ошы айтты: «Әй, ұлық әке, Әзіреті имамдар Әндижан тауына келіп түсті. Мені жалғыз жіберіп, ілгері бар. Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазыға хабар бер. Біз барамыз [деп айтты]», – деді. Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы көңілді болып Әзіреті Сұлтан шаһ Қасым Ошының әскерлерімен өзі үйінде күтті.

Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы Әзіреті имамдардың алдарынан барсам ба деп тұр еді. Әндижан тарапынан тозаң пайда болды. Шаң-тозаң арасынан ту көрінді. Тағы да төрт тарау ту еді. Ол төрт мың кісінің нышанасы еді. Бір сардары Әзіреті Сұлтан Мансұр Ошы, Хожа Сайид Ошы, Хожа Ахмед Ошы, Хожа Әзиз Ошы жетіп келді. Падишаһтық қаруларын тағынып, арғымақ аттарын мініп, семсер қынабына салып, батырлық көрсетіп, туларын желбіретіп келді. Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһ алдарынан шығып көрісті. Хал-ахуал сұрасты. Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы Әзіреті имамларға: «Біз барғанша орналаса берсін», – деп жарлық етті. Бұл төрт мың әскерді шаһардың бір жағына орналастырды. Ол күні кеш болды. Таң атты. Таңертеңгі ас мезгілі болды. Сол уақытта шаң-тозаң пайда болды. Ол шаңның арасынан тоғыз бөлікті ту пайда болды. Ол тоғыз мың кісі екендігінің белгісі еді. Бұл әскердің сардары Сұлтан Санжар Касани, Сұлтан Хайдар Касани, Сұлтан Исмайыл Касани, Хожа Әбу Жүсіп Касани, Хожа Жақып Касани, Хожа Мұхаммеди Касани, Хожа Дәуіт Касани, Хожа Хасан Касани, Хожа Сәлмен Касани жетіп келді. Патшаларша қаруланып, желаяқ арғымақтарға мініп, қызыл қанжарын байлап, өздерін көкке көтере, масаттанып келді.

Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһ бұларды көріп, қатты құрметпен қарсы ала көрісті. Бәрінен хал-ахуал сұрап, шаһардың бір тарапына орналастырды. Күн кеш болды. Таң атты. Таңертеңгі ас уақыты болды. Тағы да шаң-тозаң пайда болды. Ол шаңның арасынан он тармақты ту – жиырма мың кісінің белгісі пайда болды. Бұл әскерлердің сардары Сұлтан Әбу-л Мұзаффар Хорезми, Сұлтан Әбу-л Мәнзәри Хорезми, Сұлтан Қайым Хорезми, Сұлтан Әбу Әли Хорезми, Сұлтан Халим Хорезми, Сұлтан Ағзәм Хорезми, Хожа Жағыфар Хорезми, Хожа Ибраһим Хорезми, Хожа Мүсілім Хорезми, Хожа Шәһбаз Хорезми жетіп келді. Арғымақ аттарына мініп, патшаларша қаруланып, Арыслан сипатты батырлықтарын көрсетіп келді.

Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы бұларды көріп қарсы алуға алдарынан шығып, оларға ізет қалды. Көрісіп, хал-ахуал сұрасып, оларды да шаһардың бір шетіне жайғастырды. Қашғар халқы қайран қалды. Ол күн кеш болды. Жатып оянды. Таң атты. Таңертеңгі ас мезгілі болды. Тағы да бір тараптан шаң-тозаң пайда болды. Шаңның арасынан ту-жалаулар пайда болды. Он жеті тармақты ту көрінді. Жиырма алты мың кісінің белгісі екен. Бұл әскерлердің сардары Сұлтан Шейх Жалал-ед-дин Бағдади және оның оң қолында Сұлтан Сағид Бағдади. Сол қолында Сұлтан Зия-ед-дин Бағдади, арт жағында Сұлтан Әла-ед-дин Бағдади, Сұлтан Шәмс-ед-дин Бағдади, Сұлтан Хасан Бағдади, Сұлтан Мұхаммед Бағдади, Хожа Йаһиа Бағдади, Хожа Шүкүр Бағдади, Хожа Әбдікәрім Әбд Бағдади, Хожа Әбдірахим Бағдади, Хожа Мұхаммед Таһир Бағдади, Хожа Нәсір Бағдади, Хожа Омар Бағдади, Хожа Әбді-Әзиз Бағдади, Хожа Әбу-Мәнсүр Бағдади, Хожа Әбу-л Фарис Бағдади – бұлар жетіп келді. Алдарына бектерді салып баһадүрлік,  батырлық көрсетіп, аттарының жүрісінен жер-көкті тітіретіп, әрі көк темір ішінде бәрі де желаяқ арғымақ аттарына мініп, қызыл және қара сауыт-шекпен киіп, жарақтарын белдеріне байлап келе жатқандарын көріп, Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһқа хабар қылды. «Әзіреті [87-п.] имамдар осы ғой» деп тездетіп жүгірді. Әзіреті Сайид Жалал-ед-дин Бағдади екенін біліп, сұлтандар мен хожалар, Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы оған тағзым етіп, кішіпейілдікпен барша әдеп, құрметпен сәлем қылды. Әзіреті Сайид Жалал-ед-дин Бағдади әлик алып: «Сау-саламат бармысыңдар?» деп сұрады. Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһ тағзым етіп: «Аллаға шүкір, сіздердің мүбәрак жамалдарыңды көру бақытына жеттім», – деп жауап берді.Әзіреті Сұлтандар: «Біз қай араға түсеміз?» деп сұрады. Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһ бастап шаһардың бір тарапына орналасты.

Ол күні кеш болды. Ұйқыға батты. Таң атып таңертеңгі ас уақыты болды. Тағы бір тараптан шаң-тозаң пайда болды. Ол шаңның арасынан ту-жалаулар көрінді. Тағы жиырма бес қанат ту, яғни елу мың кісінің болғандығының нышаны еді. Бәрі де әлемге мәлім, мәшһүр болды. Жаһан падишасы, саһибқыран, кәпірлердің өлтірушісі – Әзіреті имам Нәсір-ед-дин, имам Қауам-ед-дин, Әзіреті имам Мүйін-ед-дин, Әзіреті имам Зәһр-ед-диндер еді. Тобышақ[11] арғымаққа мініпті-дүр Қара сауыт киіпті-дүр Семсерді белдеріне байлапты. Жігіттердей қолдарына көлденең асыл болат [қылыш], бастарына гауһармен сәнделген тәж киіпті, патшалық шынжырын тағып, жырғап шаһтары бастап келді. Әзіреті имамдарының оң қолдарында қырық молда «Фатиха» сүресін бірге оқып келді. Сол қолда және екі жақтарында молдалар «Әғзәм» (Есім әғзәм) оқып келді. Жеті мың патшазада, елу мың әскер мен Әзіреті имамның арқаларынан батырлық көрсетіп, жер-көкті тітіретіп келді. Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы имамдарды көріп қатты үнмен: «Әй, Қашғар халқы, хабардар, парасатты болыңдар. Падишаның ақылын тыңдайтындарың қақпа алдына шығып иман келтірің, егер болмасаңдар, жан берерсіз [менен] қалмастан» деп тағы имамдармен бірге мүбәрак болсын айтты. Одан кейін шаһар халқы өз қалауларымен көңілді күйде болды. Қашғар халқы неше күн қызмет жасады.

Неше күннен кейін Әзіреті имамдар Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһты Қашғар уалаятына патша қылып қойды. Олар: «Әй, Жүсіп Қадір хан ғазы, біз бір жерде шәһидтік шарбатын ішсек, біздің мүрдеміз лас жерде қалмасын, біздің шырағымызды бірге қылып, көп қайырымдылық қорын жасап, біздің хақымызда дұға, тәкбир қылыңдар. Шейх жарубкеш қойғайсыздар», – деп өсиетті аяқтап, өздері Жаркент жаққа қарай бет алды.

Сөйтіп Жаркентке жетіп, көрді. Бірнеше үйлік кісі кірме қазып отырған-ды. Бұл халық Әзіреті имамдардан хабар алып, қарсы алуға алдарынан шықты. Мұқтаждық тартулар қылды. Әзіреті имам оларға иман ұсынды. Олар иман келтіріп мұсылман болды. Имамдар дұға қылды. Олар «әумин» деді. Дұға аяқталған соң тағы да: «Қашғардың астанасы осы жер болсын» деп, қайыр болсын айтты.

Машын жаққа бет алды. Жол бойында бірнеше кісі ұшырасты. Олар барлығы мұсылман болды. Кейбір халық қашып кеткен-ді. Оларда күмән қалды. Шабуылға шықпады. Осымен тамам деді.

Әзіреті имам Шәкір патша неше мың әскерімен ілгері жүріп, құм арасында Жоқта Рашид, Нүкте Рашидтың бес мың қарауылы бар еді. Әзіреті имам Шәкір патша бейхабар еді. Бұл кәпірлер қарсы алдарынан шығып, содан соғысты. Қан Жейһүндай ақты. Кәпірлер жеңіске жетті. Әзіреті имам Шәкір патша сол жерде шәһид болды [Айтқандай: «Барлығы – Алладан және оған оралады»]. Содан соң әскер халқы қарауылды араға алды. Кәпірлерді ұстап бір-бірден өлтірді. Кәпірлер соғыс алаңынан бірі қашып барып, Нүкте Рашидке хабар берді. Олар: «Әй, падишаһым, бір бөлек әскерлер келіп қарауылды ұстап өлтірді. Мен қашып келдім», – деді. Жоқта Рашидтің есі ауып кетті. Көзіне жарық дүние қараң болды. Жан-жаққа адам жіберді. Шаһарды бекем етіп жаптырды.

Имамдар Әзіреті имам Шәкір патшаны сол құмды жерде жерледі. Аза тұтты. Машын шаһарына бет алды. Шаһардың қақпасына келіп аялдады. Кәпірлер бұл әскерлерді көріп қайран қалды. Жоқта Рашидтың бір сиқыршысы бар-ды. Сол уақытта ол: «Әй, падишаһым, неме мұнша тағатсыз болады. Шаһарды көрсе алар ма? Көрмесе алар ма?» деді. Жоқта Рашид тәзім қылып отырды. Барлық кәпірлер қуанды. Думан құрды. Кеш болды. [Мұсылман әскері] ұйықтап тұрды. Таң атты. Таңғы намазға тұрды.

Әзіреті имам намаздан босады. Сосын [Айтты]: «Әй, жарандар! Енді бұл кәпірлерге елші жіберіп көрейік; мұсылман бола ма, не болмай ма!? Егер де мұсылман болмаса, соғысайық, мұсылман болса, соғысуға болмас. Мұсылмандардың қанын төкмек жақсы емес». Сол уақытта жарлық шығарып «барсын!» деп біреуді бұйырды. Сен барып айт, бұ келген Әзіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Мұстафаның әулеті, яғни мүбәрак есім: Әзіреті имам Нәсір-ед-дин, Әзіреті имам Қауам-ед-дин, Әзіреті имам Мүйін-ед-дин, имам Зәһир-ед-дин дүр. Мәуараннәһрден жүз мың әскермен Қашғар жерін жаулап алмақ үшін келді. [Мені бұйырды – сен кіріп айт]. Ол кәпірлер оқ-садақтарын мойындарына асып, менің алдыма келіп мұсылман болса жарайды. Егер де иман келтірмесе, Жоқта Рашид бастаған кәпірлерді өлтіріп, ошақтар есіз қыла-дүр», – деді.

Ол кәпірлер бұл сөзді естіп көздеріне жарық дүние қараң болды. Енді кәпірлер ойланды. Дінімізді бұзбаймыз, егер соғыс болса, соңы не болар екен деп ойға кетті. Сиқыршысы: «Әй, жаһан пана падишаһым, неге абыржып тұрсыңдар?» деді. Жоқта Рашид: «Әй, уәзір, бұл келген әскерлерден елші келіп тұр. Не дерімді білмей тұрмын», – дейді. Сиқыршы: «Бірде біреуіміз ешқашан оның дініне кірмеспіз. Елшінің еңсесін түсіріп жіберу керек», – деді. Одан: «Менің қырық бір шәкіртім бар. Сол шәкіртім кіріссін. Мұның амалын мен табайын», – деп, сол кезде елшінің абыройын түсіріп жіберді. Бір жасыл үй орда үстінде тікті. Шаман бастап қырық бір сиқыршы сиқырын жасады. Елші жүгіріп келіп, кәпірлердің сөздерін баяндап берді.

Әзіреті имам ашуланып, сұлтан шаһ Қасым Ошыға бұйырды: «Сіздер барып Шейх Жалал-ед-дин Бағдадиге айтың, өз әскерлерімен бірге шаһардың бір тарапынан шайқасқа кіріссін. Сұлтан Әбу-л Мұзаффар Хорезми өз әскерімен басқа жағынан соғысқа кіріссін. Сұлтан Санжар Касани өз қолымен бірге ұрысқа кіріссін. Тағы да ұлық жарубкеш бас болып, төрт мың төрт жүз ұлықтар дабыл қағып, соғыс сазын (сыбызғы) даңғыра, дабылдарын ойнатып батырлық, ерлік оятсын. Ер жігіттер патшалық тондарын киіп, қаруларын тағып, семсерлерін қынай салып, аспанды тітіретіп, илаһи махаббатына мас болып, соғысқа кірсін» деп еді.

Шайқасқа әзірленіп, шаһар жаққа қараса, шаһар ғайып болыпты. Бұл кәпір сиқыршылардың сиқыры екенін білді. Әзіреті имам пәк әруақтарға көңіл аударды. Сонда шаһар қайта көрінді. Жан-жақтан аттылар шабуыл жасамақ болды. Тағы да ғайып болды. Әзіреті имамдарға пәк әруақтарға көңіл бөлген-ді. Таң ата шаһар көрінді. Дабыл қағып, батырлық көрсетіп, баһадүрлар соғысқа аттанарда тағы да шаһар ғайып болды.

Әл-қисса, бұл оқиғаның суреті қырық жыл уақыттай Шын шаһары ішінде қарар тапқан-ды. Ең соңында Жоқта Рашид, Нүкте Рашид барлық әскерлерімен қашып кетті. Ер жігіттер атқа қонып соғысайын деп қараса, шаһар ғайып болған. Аңтарылып шаһардың ішіне кірді. Бақса, шаһарда адам аз қалыпты. Бір кісіні ұстап алып: «Бұл уақыт бойынша шаһар көрінбейтін, енді не себептен шаһар ғайып болмады?» деп сұрады. Ол кәпір: «Әй, падишаһзадалар, кәпірлер сиқырлы шаһарды ғайып қылатын. Енді Жоқта Рашид, Нүкте Рашид өз жұртымен бірге бұл түні қашқанда сиқыршы қалмады. Шаһар сол үшін ғайып болмады. Өжет халқы да бірге кеткен-ді. Мені қойып жіберсеңдер, мендей әлжуаз бұл шаһарда толып жүр» деді. Бұлар қоя бермеді. Әзіреті имам алып барды да: «Әй, кәпір, иман қыл», – деді. Ол кәпір иман айтып, мұсылман болды. Әрі: «Жоқта Рашид, Нүкте Рашид қанша адаммен қашты?» деп сұрады. Ол: «Он екі мың кісі [бірге] кеткендер – оның қол астында еді. Тағы сонша кісі қалғандар бар», – деп жауап берді. Имам: «Бұ қалған халық мұсылман бола ма, немесе соғыса ма?» – деп сұрады. Ол: «Соғысатынын не иман келтіретінін мен білмеймін», – деп жауап қайырды. Тағы имам: «Басшысы кім?» – деп сұрады.

Ол: «Хәлхал Машын, оның көп кәпірлері бар. Ол қарғыс атқан кәпірдің қол астында қалған кісілер бар. Ол – ғажап жауынгер кәпір», – деді.

Әзіреті имамдар: «Шаһарға бір кісі елші кірсін. Содан қандай әңгіме шығар. Соған қарай іс қылайық», – деді. Сол кезде Қатус Мағриби деген кісі бар-ды. Ол жауынгер еді. «Мұсылман болса жақсы болар. Егер де мұсылман болмаса соғысамын, соны білсін», – деп ол кісі бастап шаһарға кірді. Хәлхал Машынның ордасына барды. Бұлар ордаға кірді. Бұларды Хәлхал Машын көріп: «Қайдан келдіңіз?» – деді. Қатус Мағриби: «Мен [91-п.] жеті ықылым иесі патшаларының атынан елшілікке келіп тұрмын. Хәлхал Машын барлық халқымен бірге мұнда шығып, иман келтірсін. Болмаса, қол аяғын байлап алып шығуға осында келдім», – деді. Хәлхал Машынның көзіне жарық жаһан қараң болды. Хәлхал Машын зар еңіреді. Әлгі адам: «Тұтқындаңдар», – деді.

Хәлхал Машынның үш жүз палуаны бар еді. Жан-жақтан қол ұзатты. Қатус Мағриби бір айқай сала: «Ұлық Алла, ұлық Алла, әркім білер болса білсін. Білмесе, мен – Қатус Мағрибимін. Пірім – Әзіреті имам Нәсір-ед-дин, Әзіреті имам Қауам-ед-дин», – деп қолына қанжар алды. Кеудесіне қағып, шайқаса бастады. Сол арада жеті палуанды соққыға  жықты. Жаны тозаққа кетті. Хәлхал Машын бұл халді көріп көзіне жарық дүние қараң болды. Олар жеке-жеке әскерлердің арасына кіріп шайқасты. Сонда Хәлхал қышқырып: «Ұстаңдар бұл адамды», – деді. Кәпірлер жан-жақты шабуыл жасады. Ұстай алмады. Тағы да Хәлхал Машынның үйінен бір семсер алып соғысты. Қиямет-қайым болды. Сол арада және дауыс шықты. Тағы даңғыра тартты: «Ұлық Алла, Ұлық Алла! Жаным пида – Әзіреті имам Нәсір-ед-динді біле білсін. Білмесе мен – Қатус Мағрибимін. Бізге – пейіш, сіздерге – дозақ-дүр» деп айғай салды. Әзіреті имамдарына бұл хабар жетті. «Қатус Мағрибидің халі осылай» деп сол заман Әзіреті Сұлтан шаһ Қасым Ошыға қарады. Ол: «Қатус Мағрибиге жәрдем беріңдер», – деді. Шаһ Қасым Ошы мың жеті жүз жауынгермен шығып, жедел түрде шаһарға жетіп барды. Шаһар ішінде өте көп жанжал шықты. Қақпаларды жағып, парам-парша қылды. Бір тарапынан «Мен – шаһпын-дүр» деп мың жеті жүз палуандарымен бірге олар үйлерді бұзып кірді. Ол күні сондай ғажап кескілескен соғыс болды. Хәлхал Машынның үш жүз палуанының жаны тозақ иесіне жөнелтілді. Тағы қалған палуандары шаһар халқымен мұсылман болуға разы болды.

Шаһ Қасым Ошы Қатус Мағрибиге: «Сабыр қылыңдар, адамды жәбір көрсету ауыр, өлтіру оңай, бәлкім, мұсылман болар. Болмаса тағы да соғысармыз», – деді. Сол кезде қайту дабылы қағылды. Олар жиналып, Әзіреті имамдардың хұзырына келді. Әзіреті имамдар: «Әй, Сұлтан Шаһ Қасым, қанша адам шәһид болды? Қанша кәпір өлді?» деп сұрады. Сұлтан Шаһ Қасым Ошы: «Екі жүз жиырма ғаріп шәһид болды. Бес жүз алпыс кәпір жаһаннамға кетті» деп жауап берді.

Хәлхал шаһар халқымен бірге садақтарын мойындарына асып келіп, Әзіреті имамдардың аяқтарына жығылып, бәрі де иман келтірді. Хәлхалды Машын шаһарына патша қылып, барлық халайыққа жариялайды. Таң ата бамдат намаз оқып отырғанда Хәлхал бір топ достарымен бірге көп сыйлықтар алып келіп: «Әй, падишаһым, бір топ өжет халық бар. Олар тілде мұсылман болды. Діни сенімде қатеге ұрынып қашқан кәпірлердің артынан хат жіберелік», – деп Әзіреті имамдарға арыз айтты. Әзіреті имамдар таз арада кәпірлердің артынан жолға шықты. Неше тұрақ жол жүріп, қолдарына бір қара тасты алып, бір-біріне тас атып келе жатқан-ды. Тас жерге түсті. Біреуі түсіп алып берейін деп еді, [Имам]: «Тас түскен жерде ауыр», – деді.

Тағы Әзіреті имам неше тұрақ өткенде қолдарына бір кәпір түсті. Көрсе бір арық түйеге жыртық, ескі шарықтарды жүктеп алып келе жатыр. Әзіреті имам: «Әй, кәпір, қайдан келдің, қайда барасың?», – деді. Ол кәпір: «Жоқта Рашид, Нүкте Рашидтің халқынанмын. Бірақ олармен бірге бармай, осы шарық опырылғанша жол жүріп келдім», – деді. Әзіреті имам: «Басыңды аш (бас киіміңді ал) көрейін», – деді. Ол басын ашты. Ол кәпірге сол заман тас жаудырды. Ол кәпір түйеменен бірге тас астында қалды. Тағы да қаталдық қылдылар. Біраз уақыттан соң тағы бір қара көрінді. Әзіреті Сұлтан Шаһ Қасым Ошы мың кісімен бірге жетіп барып, онда соғысты. Қиямет-қайым болды. Әзіреті имамдар бұл кәпірді қуалап бір ағын суға жетті. Тағы да: «Әй, мұсылмандар, енді біз бір іске кірісейік, тездетіп жүріңдер», – деп айтты. Сосын кәпірлерді іздеп тауып алды. Бұл кәпірлер тастан бір шаһар жасап, бекініп алған екен. Бұлар әрі-бері шабуылдап қамалды ала алмады. Сонда [Әзіреті имам] айтты: «Бұ кәпірлердің суын бермесек,  алармыз», – деді. Бір жасауылды тұтып алып, [93-п.] судың жолын сұрады. Ол жасауыл амалсыздан айтты: «Бұ суды жер астынан дарияның тігінен қазып, арықпен алып барған. Мұның аузын бекіту қиын емес, – деді. Сол заматта бірнеше кісі бекітуге кірісті. Сол жерде алма тәріздес бір дарақ ағаш өсіп тұр екен. Осы алманың жемісінен бірнешеуін дарияға тастады. Ол барып бір жерден бұрылды. Сол мезетте [су] ауызы бекітілді.

Тағы бірнеше күн соғыс қылмады. Тағы бір түн өтіп таңғы кезде әзіреті имам: «Біздің тағдырымыз солтүстіктен оңтүстікке қарай бұйырар. Сөйтіп іздеп баралық», – деді. Ертесі әзіреті имамдар аттанды. Оңтүстікке бет алды. Тағы да барып әзіреті имам Мәһди-Ақырзаманды тапты. Әрі: «Рахмет бұл істеріңізге бізге рұқсат жоқ шығуға. Көңіл бөлермін», – деп хош болың айтып жалындап, одан кейін ғайып болды. Одан кейін оңға солтүстік жаққа жүрді. Барып әзіреті имам Жағыфар Тәийәранның тұрағын тапты. Имам Жағыфар Тәийәран сол жерде әзір болды. «Сіз кім болдыңыз?», – деп сұрағанда әзіреті имам Жағыфар Тәийәран: «Әзіреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) ту ұстаушысы едім. Оһуд ғазауатында шәһид болдым. Басымды қолыма алып шөлден өтіп, осы өлкеге түстім. Осында тұрақтадым. Мұнда келуімнің тағы бір себебі, әзіреті Пайғамбар (с.ғ.с.) «Қашғарға біздің ұрпағымыздан кісі барып, мұсылман қылар. Сол уақытта мен де оларға жәрдем берісермін», – депті. Сол себептен осында тұрақтаппын. Біз де жәрдемші болармыз. Сіздерге жақсылық жасайтұғын үйлеріңіз осы болар», – деп, ғайып болды.

Әзіреті имам іштен терең күрсінді. Алайда түтігіп, дұға, тәкбир қылып, үйлеріне тарады. Әскерлердің бәрі келіп құттықтады. Олар: «Әй, падишаһым, Әзіреттері кетті. Кәпірлердің қорғанынан дабыл мен әннің дауысы шығады. Біз бүгін бірнеше жігіттер барып едік. Кәпірлер қашып кетіпті. Бір құтырған иттің құйрығына даңғыра байлап қойыпты. Құйрығы тебіренгенше даңғыраның дауысы шығады», – деді.

Әзіреті имамдар: «Шаһ Қасым Ошыға артымнан жүрің», – деді. Шаһ Қасым өз әскерімен бірнеше тұрақтардан өтіп бір қамалға жетеді. Ол қамалдың ішінде көп кәпір тылығып жатыр екен. Соғысты. Соңында кәпірлер тосыннан шабуылға шығып, сұлтан Шаһ Қасым Ошыны  шәһид қылды. Әзіреті имамдар жетіп, Шаһ Қасым Ошы шәһид болғанын көрді. Ол [94-п.] күн әскерлердің бәрі Алланың махаббатына мас болып сонда шайқасты. Әзіреті имамдар да сонда соғысты. Әзіреті имамдар қатты абыржыды. Әзіреті сұлтанды сол жерге жерледі. Сосын: Біз осы жерде жатқандаймыз, көзімізге тек қаптаған қан көрініп тұрады», – деді. Тағы да кәпірлер бір жаққа түсті. Ислам әскері барып, басқа жаққа түсті. Әзіреті имамдар пәк әруаққа көңіл бөлді. Пәк әруақтардан: «Әй, әзіреті имамдар, істің нағыз орайы келді. Бізге қосыларсыз», – деп сүйінші хабар берді. Таң атты. Әзіреті имамдар таң намазға тұрды. Намазын оқып болғанша кәпірлер сап түзеп тұрды. Әзіреті имамдар да сап түзеп тұрды. Ол күні сондай қатты шайқас болды. Көп кәпір өлді. Көп мұсылман шәһид болды. Кері қайту дабылы қағылды. Үйлеріне тарасты. Ертесі таң атты. Әзіреті имам: «Кәпірлердің кәпірлерін сойғанша шайқасыңыз», – деп бұйырды. Ол кәпірлер ілгері барып сап түзеп тұрды. Бұлар да сап түзеді. Ол күні Қатус Мағриби кәпірлерге соншама көп шабуыл жасады. Кескілескен соғыс болды. Көп мұсылман шәһид болды. Ол күн кеш болды. Тарасып үйлеріне қайтты.

Сол түні екі ит пайда болды. Әзірет оянды. Имамдар «ату керек», – деді. Біреуі «Итте болса, тыныш болсын» деп аттырмай қойды. Ол иттің терісін киген тыңшы екен. Мұсылмандардың мылтықтарына құм құйып, үзеңгінің оң жағын кесіп кетті.

Таң атты, азан оқылды. Әзіреті имамдар намазға тұрды. Кәпірлер сап түзеп тұрды. Сол күні әзіреті имам жүз жетпіс сап жасап намазға тұрған-ды. Әл-қисса, [тыңшылар] бұл жайттан кәпірлерге хабар берген-ді. Құдай Тағаланың тағдыры солай болған. Әзіреті Хожа Абдолла Ғалам имам еді. Молда имам қысқа сүре оқиын деген. Бірақ ешбір сүре есіне түсе қойған жоқ. Есесіне «Бақара» сүресі намаздың соңғы рәкәтінде есіне түсті. Оқи бастады. Сөйтіп, намазды аяқтағанша кәпірлер осы уақытты ғанибет біліп мұсылмандардың сап-сапына кіріп, шәһид қылды. Жүз жетпіс саптан оң жаққа сәлем бергенше бар жоғы үш сап адам қалыпты. Әзіреті имам ызаланып кәпірлердің қанын өзендей ағызғанша тыным таппаспын деп серт [95-п.] етті. Һәмде «Кәпірлердің қаны үзеңгіге теңеспейінше, атының тізгінін тартпаймын» деп уәде етті. Бірақ, қараса үзеңгі жоқ, қылыш-қынап жабысқан, сауыттары жоқ, мылтық істен шыққан. Бұлардың бәрі ашуларын одан әрі арттыра түсті. Айқай салып аттанды. Сол күні аспандағы барлық періштелері назарына келді, жер тітіреді. Әзіреті имам Алланың махаббатына мас болып, кәпірлерді оңға, солға соққылап жатты. Әзіреті имамдар кейде мас, кейде есті болып, көздерін көкке тігіп, мінәжат қылды. Онда ауыр шайқас болды. Кәпірлердің қаны өзен боп ақты. Мұсылмандардың қаны кәпірлердің қанымен қосылып дариядай ақты. Ол күні [қан] үзеңгіге шықты. Бесін мезгілі болды. Әзіреті имам алдарынан осы сәтте әзіреті Сұлтан Жалал-ед-дин Бағдади кәпірлерді қуалап оңтүстік жаққа жүріп кетті. Әзіреті имамдар мұны көріп «намаз өтейік» деп дәрет алуға кірісті. Дәрет алған жерде дән салған-ды, сол мезетте көгеріп тұрды. Сұлтан Шейх Жалал-ед-дин Бағдади кәпірлерді қуалап бір шұқырға жетті. Ол шұқырда кәпірлер жиналған екен, Әзіреті Шейх Жалал-ед-дин бағдадиды сол жерде шәһид қылды. «Алладанбыз, оған қайтамыз»,- дегендей болды. Сұлтан Шейх Жалал-еддин Бағдадидың әскерлері кәпірлерді қуалап, тауға қарай бет алды. Әзіреті имамдар намазда –кәпірлердің әскерінен жасырын бір жерде тұрған-ды. Мың кәпір көк темір ішінде жасырынып жатқан-ды.

Әл-қисса, күндердің бір күнінде кәпірлер келіп, Әзіреті имамның үзеңгілесімен дос болды. Бұл харамзада кәпір одан сұрағанда, ол: «Әзіреті имамға балта ұшы да өтпейді. Тек намазға тұрғанда ғана балтаның жүзі имамның денесіне өтетін болды», – деп бұл бейбақ – харамзада кәпірлерге айтып берді. Тағдыр осылай болған. Ол кәпірлер уақытты ғанибет санап, саптан-сап тізілген мұсылмандарды шәһид қылды. Әзіреті имамды сәждеде қойдай бауыздады. «Алладанбыз, оған қайтамыз», – дегендей болды.

Одан кейін кәпірлер туды алайын деп ту ұстаушының қолын да кесті. Ол мойынына іліп, туды бермеді. Басын тізесіне тықты. Тізесін де кесті. Одан кейін жоғары көтеріліп, ғайып болды. Күн тұтылды. Жаһан қараңғылыққа батты, аспаннан әуез келді. Жерден айқай шықты. Кәпірлер Машын жаққа қарай қашып кетті. Осылайша он күн өтті. Одан соң жаһан жақырай түсті. Тірі қалған әскерлер жиналды. Қырық бір кісі қалыпты. Бұлар бастарына топырақ шашып, Әзіреті имамның аяқтарына бас қойып, жаңа көктем бұлтындай көздерінен жас төгіп, зар жылады. Кейде естен танып, кейде есін жиып, олар: «Әй, падишаһым, біз сіздің алдарыңда жан берген болсақ, бұл халді көрмес едік. Біз не істеуіміз керек. Біз қаламызға мұнша әскерден айрылып не деп жауап алып барармыз. Егер мұнда жүрсек, ғаріплікте не істеріміз?», – деп мінәжат қылды.

Сонда: «Адамдардың  көзінен ғайып болып, бізді шарлап жүріңдер, кімде кім исламға ниетті болса, оны дос қылың, исламға жар болыңдар», – деген әуез келді. Одан кейін қырық кісі көзден ғайып болды. Бір кісі қалды. Аты – Қызыр еді. Оның анасы Мәуараннәһрден екі қабат болып келген-ді. Бірақ Шын шаһарына келіп туылып, қырық жасына келген-ді. Әзіреті имамдар бір күн: «Сен біздің қонағымызсың, осында бол», – деп еді. Тағы да Әзіреті Баба мінәжат қылды. Ол: «Әй, падишаһым, мен не істейін, әр жерде ғаріппін», – деп жылады. Тағы бір күн қуанышты хабар болды: «Сен біздің құрбанымызда қонағымыз бол және Әзіреті Жүсіп Қадір ханға бар. Біз оған өсиет қылған едік. Біз әр жерде шәһидтік шәрбатын ішсек, біздің мәйітіміз нәпәк[12] жерде қалмасын, біздің ту қыранымызды көтеріп, ту-жалаулар байлап, қайырымдылық қорын жасап, біздің астанамызды гүлдендіріп, жарубкеш қойып, мұқтаждарға дұға қылсын, бізде даяр боламыз деп осы хабарды бергенбіз», – деді.

Баба жылай-жылай Қашғар жаққа бет алды. Қашғарға барып, әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһқа хабар берді. Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы естен танып бір уақ қайта есін жинады. Күндіз-түні келіп қарайтын, әзіреті имам қан ішінде жататын. Бұларды көріп қайтадан естен танып, сосын есін жиятын. Және бір келіп көрді – адамның өлігі сайдың тасындай жатыр екен. Бірақ мәлім емес: ондағылар мұсылман ба немесе кәпір ме, қайран қалды. Тағы да мінәжат қылды: «Әй, Алла, мұсылмандардың тәнін кәпірлердің тәнінен қалай ажырата аламын. Бар нәрсеге данасың», – деп басын сәждеге қойды. Сол заман назағай пайда болды. Тағы да таулардан су құйылды. Аспаннан жауын жауды. Қараса, мұсылмандардың жүздерін құбылаға қаратып қойыпты. Кәпірлердің басын жұлып, бетін жерге қаратып қойыпты. Одан кейін Әзіреті имамдардың мүбәрак мәйітін жерлеп, белгі қойды.

Өзге мұсылмандардың мүрделерін де жер қойнына берді. Рауаятқа қарағанда, қамалға жеткенше де шәһидтердің мәйіттері жерленіп, ту тігіліп нышана қойылды. Қатты аза тұтты. Қырық үйлік кісіні катиб[13] етіп, үй тіктіріп, жарубкеш қылды. Майшам, қазан әкеліп қойды. Әр қайсысына жер бөлігін тағайындап «Әзіреті имамдар хақында дұға, тәкбир қылыңдар» деп Қашғарға келген барлық садақа, сыйлықтарды Әзіреті имамдардың қабірлеріне, жарубкештерге бөлу үшін көптеген қайырымдылық дүние, «Алланың хақы» деп зекет, оннан бірлерді бердік. «Сіздер дұға-тәкбир қылыңдар», – деді.

Сөйтіп Қашғарға қарай бет алды. Онда тарихқа 390-жылының зу-л-хиджа айының оны күні, дүйсенбі еді. Әзіреті имамдар шәһидтік шарбатын ішті.

Әр жылы Әзіреті Жүсіп Қадір хан ғазы падишаһ әзіреті Имамдар кесенесіне келіп зиярат қылып, мол садақа – нәзір беріп, қазан қайнатып, шырақтарын жандырып, медет-жәрдем тілеп, дұға-тәкбир қылып қайтар еді. Тағы былай деген сөз бар: «Әркімнің қажеті болса имамдардың мүбәрак Гүлзарын зиярат қылып, ол маңдағыларды хош уақыт қылып, қазандарын қайнатып, шырақтар жандырып сенім қылса, қиямет күні ол кісілер әзіреті Имамның туының астында орын тауып, шапағат көреріне еш шүбә жоқ. Әрі әркім имамдардың шежірелерін теріске шығарса дүниеден иманменен аттанбай, қиямет күні жүзі қара болғай. Әзіреті Расул Мұхаммеддің (с.ғ.с.) шапағатынан махрұм қалғай. Кімде кім Әзіреті имамдардың шежірелерін оқыса, шабытпенен көз жасын төгіп тілесе, дұға-тәкбир қылса, абырой иманменен бірге дүниеден аттарына еш күмән жоқ.

Инша Аллаһ тағала рабб-ил ғаламин би-рахматики йархаму мин-әл әжмағин.

Мәтіндерді көне түркі тілінен аударған
филология ғылымдарының кандидаты  Серікбай Қосан

_____________________________

* Cегізінші емес, он бірінші тарау болуы тиіс. Қате жазылған тәрізді.

[1] Ашура /а/ – мұхаррем айының оны, оныншы ай, махаббат айы.

[2] Жейһұн – Әмудария өзені, бұл арада теңеу, әсірелеу үшін алынған.

[3] Йәнги /т/ – жаңа деген сөз.

[4] Иә, Алла, Құдай Елшісі Мұхаммедтің шәһидтеріне өзің жар бола гөр!

[5] Жарубкеш – шырақшылардың бастығы болуы керек.

[6] Құлзұм – бір кездері Каспий теңізі осылай аталған.

[7] Мәдине, мәдайын /а/ – қала деген сөз, бұл жерде Қашқар мен Жаркент қаласы сөз болып отыр.

[8] Бұл аяттың мағынасы: «Біз Алланың [пендесіміз] және оған қайтамыз» дейді.

[9] Хараб қылу /а/ – жою, жеңу, ойран ету.

[10] Ләнгәр – дәруіш ұғымын білдіреді.

[11] Тобышақ /т/ – ақбақай, тұқайлары бірыңғай  ақ жылқы.

[12] Нәпәк – лас, кір.

[13] Катиб /а/ – жазушы хатшы деген сөз.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button