Ясауи мұрасы

Қожа Ахмет Яссауи сопылық поэзияның көрнекті өкілі әрі ағартушысы

ТҮП ТЕГІ

Оның толық аты – Құл Қожа Ахмет ибн Ибрагим, ибн Махмұд, ибн Ифтихар Яссауи немесе Хазірет Сұлтан Шейх-ул Ислам Қожа Ахмет Йассауи. Бұған мынадай анықтаманы қосқанды жөн көріп отырмыз: «Титул «ходжа»(персид. «учитель, наставник мудрец») был присвоен Ахмаду суфиями братства хваджаган (ходжагон)-накшбандийа, старавшимися исползовать авторитет Ясави своих целях(известно, что все уважаемые шейхи этого братства носили титул «ходжа» (40.стр.61:50,стр.21) Нисба (т.е.произвище по месту рождения или жительства) «Ясави» происходит от названия города Ясы (ныне Туркестан в Казахстане), где жил, умер и был похоронен в грандиозном мавзолее шейх Ахмад. Город известен с ХІ века, название его происходит от реки, протекавшей некогда в пределах города» (А.И.Пылнев. «Ходжа Ахмад Ясави»«Атамұра».Алматы,1997.29-стр).
Қожа Ахмет Яссауи туралы ең алғаш­қы жазылған еңбек Ақсақ Темірдің жорықтарын баяндаған ирандық Шарафаддин Ғали Иаздидың «Зафарнама» деген кітабы боп табылады. Ол біздің жыл санауымыз бойынша 1424-1425 жылдары жазылған. Онда Қожа Ахмет Яссауи туралы: «Темір Сейхуннан өтіп, Ахангаран, Шыназ төңірегінде қыстау үшін тоқтап, әскеріне арнап үй салдырды. Содан кейін «Иассы» ауылына барып, сондағы Иассауи бейітіне зиярат етеді. Иассауидің Мұхаммед Ханафияға туыстығы бар еді» дейді. Тағы бір құнды деректі Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті, жолын қуушы, ұстазының жолымен софылық-дәруіштік поэзияны дамытушы Сүлеймен Бақырғани (Хакім Ата) қалдырыпты. Ол өзінің «Ақырзаман» кітабында былай дейді:
Ысқақ бабтың жұрыны,(яраны)
Ибраһим ата құлыны.
Шайқылардың ұлығы,
Шайқым Ахмет Яссауи!
Мұнан бөлек Қазақстан Ұлттық кітап­ханасының қорында Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың үрім-бұтағын талдайтын шежіре «Нәсабнама» сақталынған. Оның соңында жапырақ тектес етіп жасалынған Қожа Ахмет Яссауидің өз мөрі соғылған. Осы шежіреде, орта тұсында «Мен Хасан Хожа Бабаның оғылы Ибраһим Ата» деген дерек жолығады. Осы шежіреде оның түп-тамыры былай берілгенін көреміз:
«Ұлы атасы Әзірет Ғали (Әзірет-әлі), одан Мұхаммед-Ханапия» – делін­­ген. Шарафаддин Ғали Иаздидың «Зафарнамасындағы»: «Иассауидың Мұхаммед-Ханафияға туыстығы бар еді» дейтіні осы болса керек. «Нәсабнама» одан әрі: «Хазірет Әли Шаһімарданның» Хазірет Фатимадан үш ұлы болған. Бұдан басқа Хазірет Әлидің Иамана (Иемен) патшасы Жафар ибн Қайс қызынан Мұхаммед-Ханапия туған» дейді.
Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың «Диуани Хикметін» кітап етіп шығарған, алғысөз жасаған ақын, зерттеуші М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы, М. Шафиғилар былай деп анықтама береді: «Жаңадан табылған бұл шежіреге («Нәсаб-нама») зер сала қарасақ, ақынның ұлы атасы Әзірет Ғали, одан Мұхаммед-Ханапия болып жалғаса келіп, оның жетінші атасы әйгілі Исхақ баб екенін көреміз. Сонда оған Мұхаммед-Ханапия он төртінші, ал Әзірет Ғали он бесінші Ата боп шығады». Қазақ халқының ауыз әдебиеті, оның ішінде діни тақырыпқа арналғандары Әзіретәлі туралы көбірек сөз қозғайды. Әсіресе, оның қылышын «зұлпұхар» деп дәріптейді.Мінген атын «Дүлдүл» дейді. Осылардан қазақ халқының арасына тараған дін тарауының басында Қазыреті Ғали, оның баласы Мұхаммед-Ханапия тұрғаны анық байқалады. Қазақ халқы «Қазірет» деген сөзді кие тұтады. Онымен әулиенің әулиесін, таудың тауын дәріптейді. Қожа Ахмет Яссауидің халық арасындағы аты «Әзірет Сұлтан». Қарт Қаратауды да халық «Әзіреті Қаратау, Әулиенің кені еді» деп жырға қосқан. Әз Тәуке ханның тұсында «Жеті Жарғыны» жазысқан Мүсірәліні «Дін әзіреті» атандырыпты.
Мұхаммед Пайғамбардың дінін ең алдымен қабылдаған, қолдау көрсеткен, ісін алға алып барғандардың ішінде бірінші халиф Әбу-Бәкір, екінші халиф Омар, үшінші халиф Оспан болса, соларды тұйықтаған төртіншісі Қазіреті Ғали болды. Оның басқадан үлкен айырмашылығы Мұхаммед Пайғамбардың немере інісі, әрі сүйікті қызы Фатимаға үйленген туған күйеу баласы еді. Бізге жеткен аңыз әңгімелерде былай айтылады: «Исламның қылышы» атанған Қазіреті Ғали Иамана елін өзіне қаратады, адамдарын дінге мойынсындырады. Оған дейін соғыс қимылдары қызып, біраз батырларынан айырылып сол елдің әскерлерінің қатарынан бір жас жігіт суырылып шығып, Қазіреті Ғалиды жекпе-жекке шақырады. Шайқас үстінде әлгі жас батырдың дулығасы ұшып түседі де, астынан қобыраған қыздың бұрымы иығына төгіліп сала береді. Әлгі жас жігіт, Иамана патшасы Жафар ибн Қайстың қызы болып шығады. Қыздың аты – Әнәпия.
Тұтқынға түскен қыз соғыс олжасы ретінде Мұхаммед алдына жеткізіледі. Сонда қыз басын иіп, Пайғамбарға құрмет жасап: «Дініңізді өз еркіммен қабылдайын, рұқсат беріңіз» – дейді. Пайғамбар «мақұл» дейді. «Мені енді өзіңізге қыз қып алыңыз, бұған дейін мен бір патшаның перзенті едім» дейді. Пайғамбар «Оған да келісемін» дейді. Осыдан кейін қыз үшінші шартын айтады: «Мені ана жігіт тұтқынға алды. Мен де ешкімге дес бермеген батыр едім. Бірақ, амал қанша, күші, айла-тәсілі басым болды. Соған қосыңыз. Ұл тусам, әуелі сіздің атыңызды, содан кейін өз атымды тіркейін», – дейді. Бұл арада Пайғамбар ойланып қалады. «Бұған менің құзырым жүрмейді. Біріншіден, ол жігіт – менің күйеу балам. Ол сені әйелдікке ала ма, жоқ па, оның өз жұмысы. Бұдан бөлек, оған оның қосағы, менің қызым рұқсат етуі керек. Одан бөлек, сен үйлене қалған жағдайда, перзент бола ма, жоқ па, ол бір Алла тағаланың еркінде, ат сәбиге сонан соң ғана қойылады» – дейді Пайғамбар.
Бұл жерде үлкен ұлағатқа толы оқиға болады. Мұхаммед Пайғамбардың қызы Фатима жарына әлгі қызды әйелдікке алуға қарсы болмайды. Ол әулие адам екен. Кейіннен жылдар өте келе мұсылман әйел қауымы Бибі Фатима, Бибіпатша атандырады. Жаны қысылғанда медет сұрайтын адамға айналады. Қазіреті Ғали мен Әнәпиядан туған ұлға келісім бойынша «Мұхаммед-Ханапия» деген ат беріледі. Осы Мұхаммед-Ханапияның ұрпақтары Қазіреті-Ғали қайтыс болған соң орнына келген Өмеядтер әулетінен ығысып, әуелі Орта Азияға, Қазақстанға келеді. Қожа Ахмет Яссауи – Ысқақ бабтар солардың тікелей ұрпағы боп саналады. Академик В. А. Гордлевский осы деректі қоштай отырып, «Ахмет Иассауидың ұрпағымыз дейтіндер, қожалар Заравшан, Иабу, Тоқшы дейтін елді мекендерде тұратынын» жазып қалдырыпты.
Белгілі шежіреші «Қожалар» деген еңбек бастырған Еркебай Бүрлібаев былай дейді: «Әлінің қазақ жеріне тағдырдың жазымышымен, дәм-тұз айдап келген, қазақ иісі сіңген әулеттері осы Әнепиядан тарайтын Мұхаммед- Әнепия әулеттері мен Фатимадан тарайтын Үсен әулеттері екен. Сонымен Әли Мұртазадан Мұхаммед-Әнәпия, одан Абд аль-Фаттах, одан Абд аль- Наббар, одан Абд аль-Қаһһар, одан Абд-ар-Рахман, одан – Ысқақ баб.
Майлықожа ақында мынадай жолдар бар екен:
Арабта Құрайыш дер, атам – Әшім,
Отыз үш Ата тұрар кәрі жасым…
Жалпы, «қожа» сөзі, ислам діні орна­ғанға дейін Меккеде тұрған балбал тастарға берілген атау көрінеді. Оларға табынғандар «бұлар біздің иеміз, қожамыз» дейді екен. Кейіннен олар тазартылған соң, халық халифаларын солай атай бастапты. Бұл әулеттен көптеген әулиелер шыққан. Жаңақорған-Шиелі аумағындағы әулие, Балабөгенде жатқан Домалақ Ана әулие, Сайрамдағы Ибраһим Ата, Қарашаш әулие, Шолаққорғандағы Бибі Мәриям – Бибі Гауһар әулиелер қазақ халқы құрметтейтін орындар болып саналады.
Мұхтар Әуезовтың өзі қалдырған жазбасында: «Менің аталарым – қожа. Алғашқы шыққан жерлері Қаратау деуші еді. Үлкен әкемнің үйінде сақталған қожалар шежіресінен бала кезімізде бір көргенімде біздің қожалардың арғы атасы Бақшайыш дейді. Бұл – Арқадағы қожа атаулының барлығы ұран қылатын ең қадірлі қожа болса керек», – дейді.

ӨМІРБАЯН ӨРНЕКТЕРІ

Барлық тарихи деректерде ол «63-ке жасым келді. Бұл – Пайғамбар жасы. Енді одан артық ғұмыр жасау маған болмайды. Мен біржолата жер астындағы құлшылық орны – Қылуетке түсем. Жер бетіне қайтып шықпаймын» деп, жарық дүниемен біржолата қоштасқанына анықтама беріп қойған. Кейбір деректерде, осы 63 жасты оның қайтыс болған уағы деп те айтылатын жағдайы бар. Оның Қылуетке түсуі 1165-1166 жылдар деп керсетілген. Хижрамен салыстырғанда, жылдардың осылай екіге жарылып керсетілуі дұрыс. Өзінің айтуынша: «Таң сәріде дүйсенбі күні жерге кірдім» (8-хикмет) – дейді. Қарапайым есеп жолымен анықтағанда, туған жылы 1103 жылы болады. Өйткені, 63 жасында Қылуетке кірген емес пе? Ал, жер астына 1165-66 жылдары түскені анық жазылған. Сонымен, Қожа Ахмет Яссауи қанша жасаған? Бұны анықтағанда түрік ғалымы М. Ф. Көпірлінің оның 1897 жылы ЬІстамболда басылған «Диуани Хикметтегі» Иуз игирма бешке кирдим билалмадым» деген жолдарға сүйеніп, 125 жас жасаған деп төрелік береді. Осыны оқыған, білген М. Жармұхаммедұлы, С.Дәуітұлы, М. Шафиғилар ол 1228 жылы қайтыс болған дейді. Олар үш нәрсені еске алмайды. Біріншіден, 125 жас «сим­воликалық» сан – ол жер бетіндегі және жер астындағы ғұмырдың қосындысы, міне, қараңыз: 63 + 63 =126 (I). Халықтың жады тек «Жүз жасаған Жамбылды» ұстап қалған. Қожа Ахмет Яссауи 125 жыл жасады деген дерек еш жерде жоқ. Оны тек ақынның өзі айтады. Мұнан бөлек адам организмі қара жердің бетінде 63 жасқа әрең шыдас береді, біз мысалы, 63 жаста зейнеткерлікке әзер шығамыз. Ал, енді 63-ке келген қарттың жер астында, қараңғы қапаста, сыз жерде, тамақтың тапшылығында, күндіз-түні мінәжат қылумен отырғанда тағы 63 жасқа созылуы мүмкін емес дейміз. Тағы бір деректі Шарафаддин Ғали Иазди қолға ұстатады. Ол Қожа АхметЯссауи жер астына түскен соң 12 жылдай ғұмыр сүрді дейді ( «Зафар-нама»). Бұған қарағанда 1178 жылдары дүниеден өткені көрініп тұр. Оның аса талантты шәкірті Сүлеймен Бақырғани 1186 жылы қайтыс болған. Ол өз кітабында ұлы ұстазына арнайы жыр арнап, оның әлдеқашан дүниеден өткенін, «орны Дару с-саламда – пейіште» екенін мадақтаған. Міне, оқып көрелік:
Йасы суының арасында,
Гауһардың сынығы жатыр,
Машайықтардың сарасы.
Шайхым Ахмет Яссауи.
Он сегіз мың ғаламда,
Аты машһур(алланың )сөзін (білуде)
Орны-Дару с-салам пейішінде
Шайхым Ахмет Яссауи.
Қыдырменен сұхбаттасқан,
Ілияспен сыйласқан,
Хақ қасында құрметті
Шайхым Ахмет Яссауи…
Шын сұлтан болған бабама,
Мүрид болды күмәнсіз,
Хаким Қожа Сүлеймен
Шайхым Ахмет Яссауи.
Бұл әңгімені созбау үшін түпнұсқадан да үзінді бергім келіп отыр:
Йасы суының арасы,
Йатур гауһар парасы,
Машайықлар сарасы
Шайхым Ахмет Яссауи.
Он сегиз мың аламда,
Аты машһур қаламда,
Орны Дару с-саламда
Шайхым Ахмет Яссауи.
Хызыр бирла сухбатлық,
Илийас бирла илтифатлик
Хақ қашында хараматлиқ
Шайхым Ахмет Яссауи.
Бабама чын ол султан,
Мурид болды бигуман,
Хаким хожа Сулайман,
Шайхым Ахмет Яссауи…
(Ежелгі дәуір әдебиеті» хрестоматия. Екінші кітап. Құрастырған А.Қыраубаева.Алматы. «Ана тілі» 1991 жыл 152 -153,166-167 беттер).
Тағы да мынадай құнды дерек бар:
«Посреди реки(на острове) Ясы лежит драгоценная частица-Могила моего шейха-повелителя шейхов Ахмада Ясави» (А.И.Пылев. «Ходжа Ахмад Ясави: суфиский поэт его эпоха и творчество» Атамұра, Алматы, 1997 29-стр.Сөз танитын адам болса, «Ақырзаман» кітабында дәл бұл жыр жазылған уақытта Қожа Ахмет Яссауидің әлдеқашан қайтыс болғаны анық байқалады. «Ал енді бұны жырлаған адам –Сүлеймен Бақырғани (Хакім Ата) 1186 жылы дүниеден өткені барлық тарихи деректерде таңбаланып қойылған (Жырда айтылатын «Дару-с-саламды» пейіштің софыларға арналған бөлігі деп біліңіз – авт). Мұнан бөлек Қожа Ахмет Яссауиді тым ұзақ жасаттырып, 1228 жылдары дүниеден өтті дейтіндер, сол кезгі сыртқы саясатты, бұл маңда болып жатқан ұлы оқиғаларды ұмытып кетеді. Мысалы, 1219 жылы Шыңғыс хан Отырарды тып-типыл еткен болатын. Болса да Иассы-Түркістан қаласын көктей өткен…
Әмір Темір 1397 жылы Түркістанға келгенде, ұлы әулиенің басында шағын күмбез бар еді. Соны бұздырмай, көрхана қалпында қалдырып, ұлы Кесенемен қоса өріп жібереді. Осындай құрылыс орнының барына қарағанда Қожа Ахмет Яссауи бабамыз монғол шапқыншылығынан көп бұрын, бейбіт заманда көз жұмғаны байқалады. Себебі, басына қанша дегенмен күмбез тұрғызылыпты. Тағы бір байқалатын нәрсе, Қожа Ахмет Яссауи бабамыз «Диуани Хикметті» негізінен жер астында ғұмыр сүргенде жазған көрінеді. «Хикметтегі» суреттелетін нәрселер соған саяды. Ал, мұндай дүниелік тудыру үшін, ең алдымен, жандүние тыныштығы керек қой! Осыларды салыстыра келгенде, Қожа Ахмет Яссауи бабамыз 1103 жылы дүниеге келіп, 1178 жылдары дүниеден өтті дейміз. Өйткені, Қылуеттегі тіршілікті ол былай береді:
Алпыс түн, алпыс күнде бір-бір тағам,
Таң атқанша намаз оқып бердім салам,
Жер астында корлық көрдім көп машақат,
Төсек, жастық тастан қылдым, шектім мехнат!
Бұл арада айта кеткен жөн болар, Қожа Ахмет Яссауи бабамыз Қылуетке бұрын да түсіп тұрыпты. Ол негізінен 40 күнге созылған. Мұндай тірлікті софылар да жыл он екі айда бастарынан өткеріп тұрған. Жерді әуелі қопарып тастап, жер асты құрылыстарды салып болған соң, қайтадан мұқият көміп тастаған. Бір-біріне өтетін жол қалдырған. Онда қысы-жазы қалыпты салқын, қоңыржай ауа ағыны сақталған. Қайтыс болған соң жер бетіне шығарып, жаназасын шығарған. Аңыз бойынша Созақ шаһарында жатқан Тама Қарабура әулие жаназасын шығарған делінеді.
Басында Қожа Ахмет тұрған суфизм – ілгергі ислам дінінен біршама «жұмсартылған» халықтық көрініс қалыптастырды. Ол Дешті Қыпшақтан іргесін бөліп алып, софылық Ясавия Дін Ордасын құрды. Сөйтіп, түркі халықтарымен біте қайнасып жатқан бақсылықтың зікірін дін қағидасына енгізіп, оған әйелдерді де қатыстыратын болды. Сондықтан да, софылық дінді халық тез қабылдады. Бұл дін ұстанымдары Қазақстан мен Орта Азия аясынан асып, Поволжьеге дейін жетті. Кезінде бұл дінді таратушы Қожа Ахметтің шәкірттері Маңғыстауда Шопан Ата, Түркіменияда Гюзли Ата, Өзбекстанда Зеңгі Ата, Башқұртстанда Хусейн Ата, т. б. болды. Ал, түрік ғалымы Көпірлі-заденің жазуынша бұл діннің әсері Қырым арқылы Түркияға дейін жайылыпты. Жасыратыны жоқ, қазіргі біздің қолымыздағы «Диуани хикметтің» бар нұсқасы, түпкі мәтін еместігі байқалып тұрады. Ол жазып алушылар тарапынан бірнеше мәрте өзгерістерге түскен, өнделген нұсқасы десек жаңылыспаймыз. Осылардың ең көнесі Стамбул қаласындағы Бафикпаша кітапханасында сақтаулы. Академик К.Г.Залеман жазып алған төрт қолжазба Санкт-Петербургтегі Ғылым Академиясының Шығыстану бөлімшесінде сақтаулы. Өзбекстан республикасы Ғылым Академиясы мен Ташкент мемлекеттік университеті кітапханасы архивінен 9 қолжазба табылды. Бір өкініштісі, бұлардың бәрі көшірме боп саналады. Рас болса, әулиенің Түркістандағы мазарының бас жағында ақ ешкінің терісіне жазылып, текшеленіп жиналған ұзындығы бір, қалыңдығы бір метр «Хикметтің» жазбасы болыпты-мыс. Бірақ, ол XIX ғасырдың орта шенінде орыстар тарапынан жасалынған шабуыл кезінде жасырылып, кейіннен ұмыт болған көрінеді…
Ендігі әңгіме Қожа Ахмет Яссауидің жасы алпыс үшке келгенде жер астына – Қылуетке түсіп кетуі туралы. Көп жылдар ұлы әулиенің шырақшысы болған, белгілі қаламгер, тарихшы – шежіреші, зерттеуші Орынбай Дастанов «Қылует» туралы:
«Жаңылмасам, жер астында қырықтан астам бөлме бар,
Әр бөлмесі әркімдікі, әрленбеген бәрі тар.
Қабырғасын саз балшықтан сына қағып сылаған,
Сонда да сол жертөлені киеліге балаған.
Тек орталық хұжыраны Қылует деп атаған,
Ол да ондай үлкен емес, бойы да пәс жатаған…» – деп жыр толғайды. Кезінде, 1970 жылдар, мені, осы жолдардың авторын, Қылуетке түсіретін жер асты жолдарымен біраз жерге апарғаны бар. Ол жол Қожа Ахмет Яссауи Мавзолейінің бас Қақпасы – күн түсетін жағындағы, жарты шақырымдай жердегі, шағын ауылдың маңынан жасалыныпты. Кәдімгі азық-түлік сақтайтын жерасты үйшігіне ұқсайды. Жан-жағы күйдірген кірпішпен қапталыпты. Еденге жалпақ тас төселген. Жер асты жолымен сәл-пәл еңкейіңкіреп жүресіз. Бағыт әулиенің жатқан жеріне қарай тартылған. Шамалы жер жүргеннен кейін, ауа кіретін түтікше-тесік жасалыныпты. Іші қоңыр салқын. 30-40 метр жүргеннен кейін, алдын күйдірген кірпіштен қалап тастапты. Тегі жаудан қорғану үшін бе, жоқ болмаса, Қылуетте жатқандар түннің белгілі бір уағында тысқа шығып, түнгі жұлдызға толы ас- панға қарау үшін жасалынған ба, әйтеуір ғажайып жер асты жолымен жүріп өткенім анық.
Қазіргі заманда Түркістан қаласы, негізі­нен әулие жатқан жерден солтүстікке көбірек шоғырланған. Ескі шежірелерде: «Қожа Ахмет Яссауи бейіті тұрған мешіт қаланың солтүстік батыс жағына орналасқан. Жобасында бұл бес бұрыш төбе. Оның «Оңтүстік-шығыс жағы 13 метр, солтүстік-шығысы – 80 метр, солтүстігі – 90 метр, солтүстік батысы – 130 метр, оңтүстік-батысы 200 метр» деп көрсетілген. Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың «Диуани хикметін» анықтап қарасаңыз ғұмырнама екеніне көз жеткізесіз.
Бір жасымда аруақ маған үлес берді.
Екі жаста Пайғамбарлар келіп көрді.
Үш жасымда шілтен келіп халім білді.
Төрт жасымда Хақ Мұстафа берді құрма,
Бес жасымда шариғатқа белім будым.
Алты жаста Арыстан бабам іздеп
тапты.
(Жеті жаста Арыстан бабам іздеп
тапты)
Сегізімде сегіз жақтан жол ашылды.
Тоғызымда толғанбадым тура жолға.
Он жасыңда ұлан болдың, Құл Қожа
Ахмет,
Он бірімде рахмет дариясы толып
тасты,
Он екімде бұл сырларды көрдім, міне.
Он үшімде құштарлықты қолға алдым.
Он төртімде топырақ сипат болдым, міне.
Он бесімде хор қызы мен жігіттері келді.
Он алтымда барлық аруақ үлес берді.
Он жетімде Түркістанда тұрдым, міне.
Он сегізде шілтенменен шарап іштім.
Он тоғызда жетпіс мақам айқын болды.
Жиырма жасым жетті, еттім мақам.
Құл Қожа Ахмет, жасың жетті жиырма бірге,
Не қылғайсың, күнәларың таудан да ауыр?!
Мен жиырма екі жаста толысып жігіт болдым.
Ей, достар, жасым жетті жиырма үшке,
Тағатым жоқ жалған іс пен даукестікке!
Мен жиырма төртке келдім Хақтан жырақ.
Жазумен жасым жетті жиырма беске!
Жиырма алты жасымда «сауда» қылдым,
Мәнсүр сипат дидар үшін талас қылдым.
Мен жиырма жеті жаста Пірді таптым.
Мен жиырма сегіз жасымда ғашық
болдым.
Жиырма тоғыз жасқа келдім, халім харап.
Отыз жаста отқа қақтап күйдірді,
Күллі әулие жиылып дүние қорлықты қойдырды.
Отыз бірде Қызыр Бабам шарап ішірді.
Отыз екі жасымда жетті Хақтан пәрмен.
Отыз үште сақи болып шарап үлестім.
Отыз төртте ғалым болып, дана болдым.
Отыз бесте мешіт кіріп Дәурен сүрдім.
(Отыз алтыны баяндамапты).
Отыз жеті жасқа кірдім,оянбады.
Отыз сегіз жасқа келдім, ғұмырым өтті.
Отыз тоғыз жасқа кірдім, қылдым қасірет.
Құл Қожа Ахмет, қырыққа кірдің
нәпсіңді тый!
Қырық бірімде ықылас қылдым жол
табам деп.
Қырық екімде шәкірт болып жолға кірдім.
Қырық үште Хақты іздеп зар еңіредім.
Қырық төртімде махаббаттың
базарында.
Қырық бесімде сенен қажет тілеп келдім.
Қырық алтымда зауқым асып, толып тасты.
Қырық жетімде жеті жақтан шабыт жетті.
Қырық сегізде ғазиз жаннан безер болдым.
Қырық тоғызда ғашық болып күйіп- жандым.
Елуімде ермін дедім-дәрменсіздік.
Елу бірде шөлдер кезіп, тамыр сордым.
Елу екі жаста кештім мүлік-малдан.
Елу үште сол шарапты несіп қылды.
Елу төртте жан дүнием зар жылады.
Елу бесте дидар үшін тіленші болдым.
Елу алты жасқа кірді мұңлық басым.
Елу жеті жаста ғұмырым желдей есті.
Елу сегіз жасқа кірдім, бейхабармын.
Елу тоғыз жасқа кіріп қылып ем дат.
Көзім жұмып ашқанша жетті алпыс.
Алпыс бірде шермендемін илаһымнан.
Алпыс екі жаста Алла мені жерге тартты.
Алпыс үште хабар келді: Құлым, жерге
кір деген…
Жер астына кіргенде естен тандым.
Жер астына қашып кірдім надандардан,
Жер үстінде өлмес бұрын тірі өлдім.
Жер астында бар жаныммен құлдық қылдым…
Көптеген энциклопедияларда, құзырлы басылымдарды Қожа Ахмет Яссауиді 1165-66 жылы 63 жасында дүниеден өткен деп жазып жүр.Олар:
Алпыс екі жаста Алла мені жерге тартты,
Алпыс үште хабар келді:
Құлым жерге кір деген,
Жер астына кіргенде естен тандым,
Жер астына қашып кірдім
надандардан,
Жер үстінде өлмес бұрын тірі өлдім,
Жер астында бар жаныммен құлдық қылдым – дегендерді түсіне алмайды. «Өлді» деген осы екен деп ойлайды. Ал, екінші біреулер 125 жасқа жеткізіп салады.Осылардың өзі-ақ «Ясауитанушылардың» әзірге дұрыс жолда келе жатпағандарына куәлік береді және де бұған дейін айтылған, жазылған дүниеліктерді қайта қарауды талап етеді.

Жарылқасын Боранбай,
Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің
Құрметті қызметкері

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған