Басқы бет / 2016 жыл – «Қожа Ахмет Ясауи жылы» / Ясауи туралы аңыз әңгімелер

Ясауи туралы аңыз әңгімелер

Қожа Ахмет Ясауидің ата-бабасы, анасы және ұрпақтары туралы.

Ысқақ баптың ұлы Харун шайық. Оның ұлы Момын шайық. Оның ұлы Мұса шайық. Оның ұлы Ысмайыл шайық. Оның ұлы Хасан шайық. Оның ұлы Осман шайық. Оның ұлы Омар шайық. Оның ұлы Мухаммад шайық. Оның ұлы Ифтихар шайық. Оның ұлы Махмуд шайық. Аның оғлы Ілияс шайық. Оның ұлы  Ибрахим шайық.

Ибрахим шайықтың екі ұлы бар еді. Бірінің аты – Ахмет Қожа және тағы бірінің аты – Садыр шайық еді. Садыр шайықтың да екі ұлы бар еді. Бірінің аты – Әбділмәлік еді және тағы бірінің аты – Данышманд қожа еді. Оның ұлы – Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы еді. Әбділмәліктің ұлының аты – Абдал Али еді (Оған Алланың рахметі болсын).

ХХХХ

Қазіреті Әли Шаһ-и Марданның қазіреті үш ұлы болған: имам Хасан, имам Хұсайын, үшінші ұлы имам Мұхассан бала кезінде қайтыс болып кеткен. Имам Хасанның кәнизактарынан 14 ұлы болған. Имам Хұсайынның алты ұлы, бес қызы болған: Али Акбар, Али Асғар, Жағыфар, Абдаллах, Абу Бакр, Ибрахим, Хазрат имам Мұхаммед Ханафия Ямама патшасы Жағыфар ибн Қайыс қызынан туған.

Қазіреті имам Мұхаммед-Ханафияның үшінші халифа қазреті Османның қызы Бибі Шамсиядан алты ұлы болды: Абу Хашим, Абдаллах, Жағыфар, Шаһ Мансур, Абд ал -Фаттах және Абд ал-Маннан.

Біліңіз: имам Жағыфар – Паһулан Ахмад Замшының арғы бабасы, Абд ал-Фаттах Хазрат Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи және Исмаил Атаның арғы бабасы, имам Мұса – Хазрат Али Құсши Атаның арғы бабасы болған.

Ысқақ баб, Абд ал-Маннан, Шах Абд ал-Қаһһар және Шаһ Абд ас -Саттардың қасиетті әулет ұрпақтары Түркістан өлкесінде көп болып, түркілердің шайықтары және қылует иелерінен есептеледі.

Қазреті Әли және қожалардың төрт атасының келіп шығуы

Қазреті Әли кей жерлерде халықты дінге кіргізгенде Құранның сүрелері мен аяттарын ретіне қарай пайдаланады екен. Халықтың айтуына қарағанда, Қазреті Әли Құранды оқығанда, оның даусы жеткен жердегі кісілер Құранның киелі сөздерін есіткеннен-ақ жерге бас иіп, дінге кіре береді екен.

Қожалардың негізгі төрт аталарының шығуы туралы:

Бірінші – сейіт әулеттері Қазреті Әли мен Бибі Фатимадан тарағандар. Қалған үш атасының келіп шығуы туралы:

Бірде үлкен қан төгіс соғыс болып жатыр екен. Қазреті Әли бір батырмен қылыштасып жатқан уақытында әлгі батырдың басындағы дуылғысы ұшып кетеді. Сол кезде батыр арқасынан шаштың төгілгенін байқап қалған Қазреті Әли ол батырдың қыз екендігін біліп, жекпе-жекті тоқтатады. Кейін тілге келіп, онан әрі ұрыспайтындығын айтып, Мұхаммед пайғамбарға алып барады. Мұхаммед пайғамбар әңгіменің мән-жайын түсінген соң, ол қыздың кім екендігін сұрайды. Ол өзінің юнан (грек) қызы екендігін және дінінің басқа, яғни христиандық екендігін айтады. «Сен өзің әйел екендігіңді жасырғандығың үшін кінәлісің, бірақ кінәңді өтеуге болады. Егер сен мұсылман дінін қабылдап, Қазрет Әлиге шығып жар болсаң, бәрін кешіруге болар еді». Қыз біршама ойланып барып: «Менің үш өтінішім бар, егер солар орындалса, мен өз келісімімді бердім» – деп жауап беріпті. «Біріншісі, мені өзіңізге өкіл қыз етіп аласыз; екіншісі, Қазреті Әлимен екеумізден туған баланың атын екеуміздің атымызды қосарландырып қоямыз, яғни Мұхаммед-Ханифа (себебі: қыздың аты Ханифа болған), ал, үшінші, біз екеумізден тараған ұрпақты Бибі Фатима мен екеуінен тараған ұрпақтай сейіт әулеті деп қабылдайсыз»,- деген екен. Сонымен Мұхаммед пайғамбар келісімін берді де, сол жерде Қазреті Әли мен Ханифаның некесін қиып, үйлендіріпті. Міне содан бірінші перзенттері ұл бала болып, Қазреті Әли мен Ханифаға ұқсаған батыр жау жүрек болған екен. Оның атын келісім бойынша Мұхаммед-Ханифа деп қойыпты. Осы баладан үш ата тарайды.

Сонымен осы үш атадан тараған қожа ұрпақтары қазір де Қазақстан жерінде көбірек ұшырасады.

Ол үшеуі: Абд ал-Джалил Баб. Кесенесі осы күнге дейін сақталған, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында Сырдарияның арғы бетінде құмның ішіне тұр. Жан-жақтан адамдар зияратқа келіп жатады, қасында баласы Сейіт Хусайын жатыр. Қазіргі уақытта бұл кісіні лақап аты бойынша Қорасан Ата деп атайды. Ысқақ Бабтың (лақаб аты – Баба Ата) бейіті Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе деп аталатын жерде тұр. Абд ар-Рахим Бабтың мүрдесі Жамбыл облысында, Жамбыл қаласының маңына жайласқан. Міне, қарап отырсаң бұлардың бәрі де тарихи тұлғалар. Осы айтылған кісілерді Мұхаммед-Ханифадан тараған десек, осы кісілерден тараған ұрпақтарды қожалар деп атайды. Міне, сөйтіп қожа ұрпақтарын негізінен осы төрт атаға бөлуге болады. Оның ішінде тағы жалғасып бөлініп кете береді.

ХХХХ

Қазреті Ысқақ бап Сайрам және Шымкентке келді. Шаһ Таббатдар есімді кісіні исламға шақырды. Ол қабыл етпеді. Үш күн, үш түн соғысты. Тарса кәпірлерінің 20 мың әскері қырылып, тозаққа кетті. Ислам әскерлерінен 1000 кісі шейіт болды. Қазреті Шаһ Абд ал-Азиз Бап осы Сайрам шайқасында шейіт болды. Сосын Таббатдар Солханәк жаққа қашты. Осы кезде түрік тайпаларының атты әскерлері адамдардың айтуы бойынша оны өлтірді. Осыдан соң Ысқақ бап Шынарлық шайықты діни ілімдерді үйрету үшін Сайрам және Шымкентте қалдырды. Осы уақыттан кейін айтылған патша қайтып Созақ қаласын құрды. Имам Мұхаммед Ханафия ұрпағынан болған Білге ханды ол жерге қалдырды. Осыдан соң Ысқақ бап Солхан шаһарын қоршады, бір түн, бір күн соғысты. Қырық мың тарса кәпірлерін өлтірді. 7 мың мұсылман шейіт болды. Ол Таббатдар патшаны екі тарса қауымынан болған патшамен бірге өлтірді. Одан соң қазреті Ысқақ Бап Түркістанға кіретін Ясы, Сүйірі, Қарнақ, Иқан, Темірқуфқан, Бағыстан, Жетікент, Алтмыш, Отрар, Сығанақ және басқа бірі екіншісінен бостан болған қала мен ауылдарды және түрік тайпалары «Теңіз» деп атайтын үлкен су айналасындағы халықтарды мұсылман етті. Осыдан соң бірін-бірі ораған үш қорған, жеті жұма мешітін салды. 80 жыл мұғ кәпірлерімен соғысты.

Біліңіз: Сырдария бойынан Өзгент шаһарына қарай тұрған барлық кәпірлер мүғ кәпірлері болып есептеледі. Сыр жағасынан Ясы шаһары жағына қарай болған кәпірлер тарса кәпірлері болады. Бұхара, Самарқанд және бұл екі қала атырабындағы кәпірлерге келсек, олардың барлығы йахуд кәпірлері болады. «Ей Пайғамбар ұрпақтарына сенушілер! Біліңіз: Ислам негіздерісіз болған әңгіменің ақиқаттығы сауал тудырады. Қазреті Әбді Жалил Баб Баршынлық уәлаятына барды, соғысты. Тарса кәпірлерінің 150 мың әскерлері қырылды. Мұсылмандардан 9 мың кісі шейіт кетті. Баршынлықтың 2 патшасы Қылыш хан, Яшмут хан болған. Қылыш хан соғысты. Яшмут хан Хожанд қаласы жағына кетті. Ысқақ баб өзінің немере ағасы Абд ар-Рахим бапқа елші жіберіп, оны хабардар етті. Қазреті Абд ар-Рахим бап 60 мың мұсылман әскерімен шейіт болып өлді. Ол (Ысқақ Бап) бірден атқа қонды. Темірқуфқан, Талас қалалары арқылы тау артымен өтіп, Қасан қаласын қоршады. Марғинан қаласындағы қазреті Шаһ Мансур, қазреті Шаһ Абд ар-Рахманға өткен жағдайды баян етті. Осыдан кейін екі патша атқа отырды. Олар да Қасан қаласына барып соғысты. Өтеміш Сарығ Толмыш Сарығ Хожанд шаһарына келді. Өйткені хазрат Абд ар-Рахим бап халқы ислам дінінен шығып жалған жолға қайтты. Қасан қаласындағы қалған кісілердің барлығы мұсылман дінінде қалды. Өйткені мен  жоғарыда жалпы түрде айтып өткен едім. Қазреті Әбді Жалил Хожанд қаласына келді, соғысты. Хожанд қаласынды шаһид болды. Қазір онда қасиетті зиярат орыны бар. Қазреті Ысқақ бап Әбді Жалилдің бұл хабарын есітті. Әскер жинап соғысты. Барлық мұғ патшаларымен – Яшмут хан, Өтеміш Сарығпен соғысты. Оны (Әбді Жалилді) өлтірген кісіге көп қарсы болды. Ысқақ бап Яшмут ханның мұсылман болмаған баласын Қарғалық қаласына алып келді. Соңында Яшмут ханның баласы мұсылман болды. Қазретпенен Қағбаға барып хаж жасады. Қағба суретімен Қарғалық мешітін салды.

Ей, Пайғамбар ұрпақтарына сенушілер! Біліңіз: Үргеніш Қарахан қазреті Ысқақ баптың әскер басшыларынан еді. Қазреті Хасан Уасыл және Яуаш бап туббаға табиғиндардан болды. Ол 125 жыл өмір сүрді. Қызырмен 9 жыл сұхбатта болды, шайықтық жасады. Халайыққа ақиқат жолын көрсетті. 80 жыл мұғ-тарса кәпірлерімен ғазат соғысын жасады. Яғни, 9 жыл шайықтық жасаудан бұрын 80 жыл ғази болды. Бұл жалған дүниеден мәңгілік үйіне шайықтық дәрежесінде өтіп кетті.

Пайғамбар ұрпақтары мухлистері! Біліңдер: Ысқақ бап тегі туралы айтылып жатыр. Біл, Ысқақ баптың баласы – Харун шайық, Оның баласы – Умар шайық, Оның баласы – Ифтихар шайық, Оның баласы – Махмуд шайық, Оның баласы-Ілияс қожа шайық, Оның баласы – Ибрахим шайық, Оның баласы – Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи.

ХХХХ

Қызыр әлейкум сәлем, Қ.А. Ясауидің әкесі шайқы Ыбырайыммен оның 10000 шәкіртімен сұхбаттас болған. Шайқы ЬІбырайым алдыңғы қатарлы халифалардың бірі Мұса шайқының қызы Айша Хатунға үйленеді. Бұл некеге, әсіресе, Қызыр әлейкум-сәлем себепші болған.

ХХХХ

Қ.А.Яссауидің әкесі Ибраһим ата Сайрамда жасаған ғұлама кісі болыпты. Ол өзінің ұстазы Мұса шайхтың қызы Айшаға (Карашаш) үйленіп, Гауһаршахназ атты қыз бен одан он жас кіші Ахмет деген бір ұл бала көреді. Ахметтің шешесі жастай дүние салады, әкесі де жеті жасында қайтыс болады. Бала Ахметтің негізгі ұстазы, тәрбиешісі өзіне аталас туыс болып келетін Арыстан баб екен. ҚА.Яссауидің екі ұлы, екі қызы болыпты. Бір ұлы Ташкент маңында жерленген, екіншісі ел әңгімесі бойынша Түркістанда суға таласып сарттар қастықпен өлтірген делінеді. Бір қызының аты Жамал, екіншісінің аты Гауһар. Соңғысының күйеуі — Әли Қожа. Осылардан тараған Яссауи әулеті екі жүзге жетсе керек. Өздерін “қожамыз” деген әулетпен ғана қыз алысатын болған екен…

ХХХХ

Ертеректе  Сайрам өңірінде Ыбырайым ата деген кедей адам адал өмір кешіпті. Қарт ертелі-кеш тынымсыз еңбек етсе де ештеңеге  жарыған емес. Оның бар байлығы өзен жағасындағы шағын бақша ғана болатын. Әлгі адамның балалары көбейген сайын шығындары да көбейе түсті. Оның қыздары ұзатылып, ұлдары ержете бастады. Алла Ыбырайымға мейірім дарытты, оған балалары қуаныш беріп,  қарт көз алдында ойнаған ұлдарын көргенде көкірегі  нұрға  толады. Алайда Ыбырайым өзінің үлкен ұлы Ахметке көзі түскен іштей мұңданатын. Ол өзгелерден ерекшеленіп жүретін. Әрдайым ой үстінде ол бір жаққа жалғыз кетіп қалатын, әрі көп сөйлемейтін, тұйық  жан еді.

Баланың ауыр жұмысқа ебі болмады, одан бойын аулақ салып жүретін. Ахмет мейірбанды еді, қайыршыларға жәрдемдеді ұмтылатын, олармен жалғыз тілім нанын да бөлісіп жейтін. Қарт Ыбырайым осы ұлын қарап отырып ұзақ ойға қалды. “Бұл — Алланың қасиетті еркі ғой” деген сенімге келетін. Жыл артынан жылдар өте берді. Ахмет 15 жасқа толды. Жаздың қапырық ыстығы түскен, Ахмет базарға бармақшы «ол әдеттегісінше қариялардай қолына ұзын таяқты ұстап шығыпты. Жолда бақтағы әкесіне жолықпақшы болды. Ол шыжыған күн астында әжімді бетінен тер сорғалап, жұмыс жасап жатқан қартты көрді. Әлі жұлынатын шөп көп еді. Ахмет әкесіне қарап тұрды оған деген аяныш сезімі оянды.

—  Әке, сіз шөпті неге қолыңызбен тазартасыз? Былай деді- “Арам шөптер тез шығындар, менің бақшамда тек қана жеміс ғана өсетін болсын!”. Осы сөзді Ахмет айтты да, өзінің аса таяғын сермеп қалып еді, сол кезде арам шөптер бақтан өздері ұшып шығып   бір шөмеле болып жиналып қалды.

Ыбырайым атаны бұл ғажайып қатты тандаңдырды. Ол алған сәтте не айтарып  білмесе де Алланың өз ұлына осындай  дарытқанын түсінген соң, аспанға қарап қолын жайып:

— Ұлым менің, Алла сені басқа адамдардан бөлек етіп жаратып саған кереметтер жасайтындай ұлы күш дарытыпты. Сен енді менің  үйімді керек те қылмайсың, соңдықтан пайғамбар қайда сілтесе соның бар — деді.

Ахмет кері бұрылды да жүре берді, ол мүмкін енді үйіме қалай оралмаспын дегендей жай қозғалды. Ол ауылды тегіс аралап шыққан соң, күн батысқа қарай бет алды.

Ахмет сол бетімен бірнеше күн жүріп, Қаратау деп аталған тауға келіп тірелді. Осы жерде өзінің асасын қадады, сол жері бұлақ көзі ашылды, бұл таза салқын су еді. Ахмет одан әрі қарай Түркістан қаласы тұрған тұсқа тоқтады, жан-жағына қарап осының  тұрақтануға бекінді.

Өзіне үй тұрғызды, шағын бақ егіп, осында жұмыс істеп тамаша асырауды мақсат етті.

Ахмет бос уақытында Алланы ауызға алып құлшылық етумен  болды. Өз үйі жанынан өткен адамдарға шама-шарқын жеткенше жәрдемдесуге тырысты.

Оған қаріп болып қалғаңдар мен әртүрлі кеселге душар болған келіп жатты. Ахмет оларды емдеп жіберетін, кейін оның даңқы ғажайып істері көпшілікке мәлім болды.

Бірте-бірте әулиенің жанына Аллаға, ұлы пайғамбарға құлшылық  ету үшін онымен бірге болуға ниет еткеңдер де қоныстана бастады. Жылдар өте берді, бір лашық үй бай кентке айналды.

Қожа Ахмет ұзақ жасады, ол өзінің ғұмырында көптеген ғажайыптар жасады.

ХХХХ

Ахмет Ясауидің балалық шағынан бастап, Құдайға жанын тапсырған сәтіне дейін бойындағы даналық көрініп тұрады. Дінге берілуінен басқа тапқырлық, шешендік сөздері, нақыл-тәмсілдері де оны тұлғаландыра түседі, Әкесі Ибраһиммен жас кезінде өз дүниетанымы  бойынша қайшылықты пікірлерге келетін кездері де бар. Түркістанға барып қайта бір оралғанда, әкесі одан ол жактың елі қалай екен деп сұрайды. Сонда бозбала Ахмет: «Ол  жердің халқы арқаңнан қағып тұрады, аяғыңнан шалып тұрады – дейді. «Осыны біле тұра онда неге кеттің», – дейді. «Жақсыны жолға салу оңай, енді жаманды да жолға салып көрейін деп едім», – дейді.

ХХХХ

Әзиз рухын Алла киелі қылғай шайық Ахмет Ясауидің артықшылықтары. Қожа Ахмет Ясауидің атасы Ибраһим шайықтың бір – Мұса қожа атты асхабы бар еді. Бұл Мұса қожа 15 жыл Ибраһим шайықтың қылуетінде қызымет қылды. Ибраһим шайық Мұса қожаға: «Қызыр (алайх ис-саламның) ишаратыменен Ясы елінде суфра тұтқын»,- деп ижазат берді. 43 жыл Ясы елінде суфра тұтты. 40 жыл Қызыр (алайх ис-саламмен) бірге сұхбатта болды. Ол уақытта Ясауи Ахмет қожа 20 жаста еді. Қызыр (алайх ис-салам) айтты: «Ей, Қожа Ахмет Ясауи иелігіңді бізге бергін», – деді. Қазіреті Қожа Ясауи иеліктерін оларға берді. Қызыр ата иеліктерін алып, былай деді: «120 жыл өміріңіз болсын және тағы қалың муриті бар ұлы машайық болғайсыз». Шайық Ахмет Ясауи (рахмат Аллах алайхи) Сайрам уәлаятынан келіп, Ясы елінде 100 жыл шайықтық қылды. Қожа Ахмет Ясауи (рахмат Аллах алайхи]  бамдат намазының сүндетін Ясыда қылып, парызын Кағбада қылар еді. Және тағы адина намазын Ясыда қылып және Қызырмен бірге Кағбада қылар еді және де Сайрамда қылар еді, және ғид намазын һам осындай. Және Суфи Мухаммад Данышманд Зарнуқи келді. Қожа Ахмет Ясауидің қызыметінде болып,  40 жыл қылует қылды. Содан соң Шайық Ахмет Ясауи Суфи Мухаммад Данышмандқа ижазат берді: «Барғын, Отырарда суфра тутқын»,- деп айтты. Суфи Мухаммад Данышманд Отырарда 40 жыл суфра тутди. 70 жыл Қызыр (алайх ис-саламмен) бірге сұхбатта болды. Және тағы Суфи Мухаммад Данышмандтың бір мүриті – Сұксұк қожа (алайх ис-салам). Ясауи Ахмет қожа ата қасында 12 жыл қызымет қылды. 112 жыл өмірі болды. 3 мың мүриті болды. Нағыз мүриті – Әулие Малік еді. Әулие Малік орнын Малік атаға берді. Малік атаның 90 жыл өмірі болды. Қызыр, Ілияс және абдалдармен бірге 70 жыл сұхбатта болды. Ясауи Ахмет қожа атаның 120 жыл өмірі болды. 12 мың сейіттері мен мүриттері болды. 40 қылуетханасы бар еді. Қылуетке кірер еді. 41-ші күні шығар еді. Ясауи Ахмет қожа ата Кағбаға барар еді. Және тағы айтар еді: «Шайық кім болады, 40 жыл қылуетпен бірге мүритті иеленсе, олай болмаса шайықтыққа жарамас деп, тағы шайықтыққа кім лайық, кім өз кінәсін көрсе, және басқа біреудікін көрмесе – оның қолдаушысы Қызыр мен Ілияс алайх ис-саламдар болар»,- деп айтар еді. «Шайық деуге кім лайық, сүндетті мұнда қылып, парызды Қағбада қылып, оған шайықтық халал болар. Олай болмаса, харам болар»,- деп еді. Сүлеймен қожа хакімге Ургеніш уәлаятын берді. 95 жыл өмірі болды. 70 йыл Қызырмен  (алайх ис-салам) бірге сұхбаты болды. 5 мың мүриті болды. Ясауи Ахмет қожа ата һар күнде өз жағасын ұстап, Хаққа сиынар еді. Ниязбен айтар еді: «Илахи әлем халқы оңалды, мен оңалмадым». Ясауи Ахмет қожа ақыретке ұласар болды. Сонда өз орнынына туысым, балам деп Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақыға берді. Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақының 93 жыл өмірі болды. 50 жыл Қызыр мен Ілияс алайх ис-саламдармен сұхбаты болды. Бірақ Суфи Мухаммад Данышмандтың бір кереметі бұл еді: бұлытқа мініп барар еді, таудан тауға асар еді. Мазары Отырарда сопыханада тұр. Сопыхананың жер суын 300 қызыл алтынға елінен сатып алды. Суфи Мухаммад Данышманд ханақаға уақыф қылды. Бірақ  Қаю тегін Суфи Мухаммад Данышмандты «шайық атам боларсыз», – деп, шеттің жер-суын берді. 9 атамнан келе жатқан бар  адал мүлкім болар. Басы – Өгіз таудан, аяғы – Қарашыққа дейін 200 қостық жер. Тәңрі (азза уа джалла)  ризалығы үшін, Мухаммад Расул Аллах шафағаты үшін уақыф қылдым. Бірақ  Қарғалық – Ысқақ баптың  бар.  Және 11 аталарымыз дүниеден өтті.

 

ХХХХ

Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы туралы аңыз-әңгімелер

(…) Ибраһим шайық атадан екі бала болады. Сол баланың бірінің аты – Садыр шайық. Садыр шайықтан екі бала тараған: бірінің аты Абд ал-Малік, екіншісінің аты Данышманд қожа (лақап аты Орұң Қойлақы). Данышманд қожадан Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы дүниеге келеді. Бұл кісі Қожа Ахмет Ясауидің немере інісі әрі ізбасары саналады. Шежірені ақырғы ұстаған кісі, осы Қойлақы. Осы аңыз-әңгімелер желісі сол аталмыш шежірені пайдалана отырып жазылды. Әрі онда айтылған, көрсетілген жерлерге арнайы барып, көзбен көріп, ой желісін жалғастарып отырмыз.

Бұл кісі тоқсан үш жыл өмір сүрген, ғұмыр бойы тәуіпшілікпен айналысқан. Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы бабамыздың сүйегі Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Өзгент деген жерде жатыр. Ол жоғарыда айтып өткендей, Қожа Ахмет Ясауидің немере інісі, әрі ізбасары. (…) Ясауи ұрпақтарының шежіресін жазған да осы кісі.

Басқа әулие кісілерден бұл кісінің де өзіндік ерекшеліктері туралы аңыз-әңгімелері баршылық. Соның бірі мынадай: бірде оған Сырдарияның жоғарғы ағысында тұратын әулие кісі түсінде аян береді. Әлгі кісі: «Ей, Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы, мен саған мөрі бар тас жібердім, ол пәлен иірімде тұр, сен барып соны ал»,- депті. Орнынан тұрып, жігіттеріне әлгі тас тұрған жерді сілтеп жіберіп алдыртады. Шынында да, әлгі тас иірімде шыркөбелек айналып тұрған екен. Енді бұған жауап берейін деп ойланады. Содан ішіне су өтпейтін мықты бір сандықты жасатып, табанына ақ мата төсеп, ортасынан май шырағдан жағып қояды. Сырдың суын кері ағызып, әлгі сандығын суға жібереді де, өзі әлгі кісіге аян береді. Ол кісімен ертемен тұрып дарияға барса, айтқан жерінен сандықты көреді. Ашып қараса, шырағдан, әлі жанып бітпеген, мақтасы да құп-құрғақ, сол күйінде. Содан әулие кісі қайта аян беріп: «Мен сені мойындадым, әулиелігіңе күмәнім жоқ»,- деген екен. Қойлақының басына қам кесектен соғылған мазараты бар, әлгі тас сол жерде әлі де тұр. Қасында әкесі Данышманд шайық жатыр. Сәл әріде бабасы жатыр.

Садыр шайық бейіті орналасқан жерде ол кісі жайында ел аузында осындай әңгімелер көп сақталған. Біз әңгіме қызықты, тартымды, әрі дәлелді болу үшін осылай қысқа мысалдарға ғана жүгіндік.

XXXX

Біліңдер: қазіреті Расул Алла қазріреті Арслан бапқа бір хырқа, бір құрма беріп айтқан: Миғраж кезінде мәлім болды. Меккеден Мадинаға хижрат жасалғаннан соң, Фатима перзенті имам Хасан нәсілінен соң және екінші халифа Омар ұрпағынан соң және менің үшінші халифам қазріреті Осман зүрриятынан және менің өзім некелеген перзентім ішінен менің төртінші халифам қазреті Әли перзенті имам Мұхаммед Ханафия ұрпақтарынан Сайрам қаласынан болған Қожа Ахмет атты (балаға) – атасы Шайық Ибраһим, анасы Тағай бибіше бибі, лақабы Қарашаш ана қазіреті Арслан бап аталған аманатты сақтауы керек. Пайғамбар қайтыс болған кезде хабар келді: «Ей, Арслан бап, сен мұндай атақты ғалымды қалай көресің, қайтіп табасың?» Одан кейін Арслан бап Уахар Тарке деген уәлаятында тақуалықпен 40 жыл өмір кешті. Қырық жылдық қылуеттен кейін Сайрамға келді. Қазіреті Ибраһим шайықты тапты. Оның әйелін де сұрады. Одан кейін олардан: «Сендердің ұл перзенттерің бар ма?», – деп сұрады. Одан кейін шайық Ибраһим Ясауиді киіндіріп, Арслан бап алдына әкелді. Садыр шайыққа Арслан бап дуа қылды. «Сенің бұл балаң дін дүниесіне атақты болады. Сендердің назарларыңа бұл бала лайықты емес». Әкесі айтты: «Бұның жүріс-тұрысы басқа балаларға ұқсамайды. Кейде өзін топыраққа тастайды, кейде таза жүреді, кейде мектепке бармайды, кейде өзінің есін білмей жатады. Мұнда әр түрлі адам қасиеті бар. Мұның балалығының ықпалы ғажайып». Мұны есітіп Арслан бап қуанып кетті. Балалардың ойнап жатқанын көрді. Бір баланың ойнап жатқан балалардың киімінің үстінде ойнамай отырғанын көрді. Барып оған сәлем берді. Ол бала бақырды: «Ей Баба! Қашанға дейін менің көйлегімді қарайсыз, сақтайсыз және қашанға дейін балалардың көйлектерін сақтаймын». Арслан бап айтты: «Ай, жан ботам, бұл киім Қазіретіңізге мүбәрак. Қазірет Сұлтан ал-арифин айтты: «Менің аманатымды бермедіңіз. Мен сондықтан кейде – топырақта, кейде – суда, кейде – өлең айтудамын, кейде – ғылым ізденудемін. Қазіреті Арслан бап мың ықыласпен (мың жүрек сезімімен) құрманы Қазірет Сұлтан ал-арифинге берді. Қазірет Арслан бап маған да берер ме екен деп қарап тұрды. Қазірет Сұлтан ал-арифин айтты: «Құрманың тәттісін сіз жедіңіз. Маған қабығын бердіңіз». Қазірет Арслан бап жүз мың шүкірлікпен шүкір намазын оқыды. Арслан бап бұл дүниеден ол дүниеге сапар қылды.

XXXX

Садыр ата – Қожа Ахмет Ясауидың ағасы, ол әулие адам болған екен. Қожа Ахмет Ясауидің баласы жас болса да, аңға құмар болыпты. Қарасүйір тауын жайлаған бір рулы елмен Қасен шайық әулеті тау өзенінің суын үшке тең бөліп, егін егіп күн көріп жүріпті. Бірде Әзірет Сұлтанның баласы садақпен аң аулап жүргенде, оның садағының екі жебесі Қарасүйір руының құлақ арығына қадалып, суға бөгет болыпты. Қарасүйір руының сушысы неге су болмай қалды деп келсе, сағадан екі садақ оғын көреді. Төменгі жағында садақпен аң аулап жүрген Әзірет Сұлтанның баласына келіп, «мынау не?» – депті. Бала: «мен білмеймін», – дегенде, әлгі сушы қолындағы кетпенмен баланың басын шауып, денесін сонда тастайды. Басын легенге салып, бетіне ақ шүберек жауып, Әзірет Сұлтанға: «мынау біздің Қарасүйір адамдарынан сауға», – деп алдына қояды.

– Ей, бейәдеп, піспей үзіпсіндер, – дейді Әзірет Сұлтан. Сонда Садыр шайық қылышын суырып, тұра ұмтылғанда, Әзірет Сұлтан оны тоқтатып, «мен дуа етемін, барсаң риза емеспін, қылыш жұмсама», – дейді. Бұған Садыр шайық өкпелеп, Қойлақы ата жаққа кетеді.

– Егінің жұлма болсын, қауының алма болсын, көтеніңе құйрық шықсын, тұқымың сөйтіп құрысын, – деп Әзірет Сұлтан Қарасүйір әулетіне қарғыс айтқан екен. Содан олар азып-тозып кеткен.

 

Арыстан бап және Қожа Ахмет Ясауи.

 

Ан Қазіретіміз салла-л-лаху алайһи уа-саллам, күндердің күнінде Ирақ шаһарында асхабтар құрма жеп отырғанда, сол табақтағы бір құрма жарандардың қайсысы алса да, қолдарынан түсіп кете береді. «Бері әкелші оны жеп қояйын», деп Ан Қазреті алып еді. «Бисмилләһи» деп аузына сала бергенде бұл шарифтың қолынан домалап түсіп кетіпті. Ан Қазірет таңданып, бұл не ғажайып оқиға деп біраз ойлануда болады. Біраз уақыт өтпей Джабраил алайһи-с-салам жетіп келеді. «Я, Мұхаммед, Құдай сізге сәлем айтты. Періштелер де қостап, ишарат үшін білдіруге келдім. Хиджратыңыздан төрт жүз жылдан кейін Сенің әулетіңнен бір Құл Қожа Ахмет атты ұл дүниеге келеді, үмметтеріңе жол басшы болады. Бұл құрманың сіздерге бұйырмай, ауыздарыңа кірмей тұрған себебі, сол ерге бұйырған нәсіп еді», – дейді. Бұған Ан Қазірет, салла-л-лаху алайхи уа-саллам, қайран қалып айтыпты: «Я,  достым,  Жабраил, ол заманға дейін бұл құрма қай жерде тұрып шірімей, сасымай, ескірмей қалай оған нәсіп болады», – дейді. Сонда Жебірейіл алайһи-с-салам, айтты: «Сіз ықылас қылып сахабаларыңыздың біріне бұйырыңыз, бұл аманат құрманы аузына сақтап, Ахмет атты балаға тапсыр деп жүктеңіз. Кімде-кім бұл құрманы аузында сақтаса, оның өмірі ұзақ болады», – дейді. Қазіретіміз салла-л-аху алайһи уа-саллам, олай-бұлай қарап, назары Салман ал-Фариси ради Аллах анһуға түсіпті. Жан-жағын шарлап алып айтыпты: «Я, Салман Фариси, аузыңды аш, тіліңнің астына, тісіңнің түбіне бұл құрманы аманат сақта. Менің хижратымнан төрт жүз жыл өткеннен кейін таңнан тұрып жолға түс, күн шығыста Мадина ал-Байза атты шаһар болар, онда барып айтпай танып, сұрамай білетін жеті жасар Ахмет атты ер балаға аманатты аузыңнан алып тапсыр. Инша Алла бұл құрма шарапатымен сенің өмірің ұзақ болар», – дейді. «Құлдық, тақсыр», – деп Салман ал-Фариси ради Аллаһу анһу құп тұрып, құрманы аузына алып, тіл астына салады.

Тағат ғибадатқа беріліп төрт жүз жылды санап өткізгеннен кейін, күн шығыс жаққа бет алып жүріп, айтылған қалаға келіп, ешкімге жөнін айтпай, қыдырып жүреді. Ол заманда Мадина ал-Байза үлкен қала еді. Бір жағы Алатауға шектелген, екінші жағы Қаратауға аралас еді, Ат бұлағы деген жерлер ат базары еді. Ол шеттен кіріп, ол шеттен шығып, Сайрам суының жағасына келіп тамаша қылып тұрса, үстінде ақ жейдесі бар жеті жасар бір бала мектептен шығып, Калам Алланы төбесіне қойып, бетін ұстазының орнына қаратып, арқасымен жүріп келе жатып,  Салман ал-Фариси ради Аллаху анһуның жолын тосып, бір көпір үстінде тұрып әлде нені бағып, көзден жасы ағып, ғашық шақпағын шағып тұратын еді. Жеті жасар бала, бас көзі ұстазы жақта болса да, көңілі көзі Ираннан хабардар болған көпір үстінде тұрған Зат-и шарифке бетін бұрып қарамастан «Ас-саламуалайкум, Арслан бап, жоғың болса – кешікпей тап»- дейді. Баланың қылған әрекетіне қайран қалып, инша Аллах, Саид-әлем айтқаны осы болғай деп, сынамақ үшін: «Балам атың кім?» – дейді. «Атымды не қыласың, аманатым қайда?» – дейді. «Балам атың Ахмет екен, ішің тола хикмет екен, аш аузыңды!» – дегенде, жеті жасар бала жалт қарап аузын ашқанда, Арслан баптың аузындағы құрма ұшып барып баланың аузына кіреді. Бала ұршықтай ширатылып, хикмет айта бастайды. Аузынан ақ көбік бұрқырап, көпір астындағы суға ағады. Сол судан ішкен жанның бәрі жазылып, көзі жоқтың көзі ашылады. Әулиелік махаббаты бітіп, аузынан аққан ақ көбік су таусылып, орнына насыра атты зат пайда болды. Содан ол «Нұр Ата» атанды. «Сайрамда бар сансыз баб» атанғанның мағынасы осы. Отырар деген жер – Арслан Бабтың күмбезі тұрған жер. Сыр суының күн шығыс жақ жағасында – мұнда отыз әулиенің шаһары болған. Мынадай Хараба ерді, Әмір Темір көрегеннің бай атақты сондай ерді айырды. Бұл күнде шөл болып қалған. Әмір Темір арығының орны бар, ескі арықтардың сусыз болып қалған арналары бар. Малик-и Балқия дейтін түркістандық Абд ал-Халимнің зияраты Арслан Бабтың күмбезінің оңтүстігінде. Абд ал-Халиқ ханның зияраты да сонда, «Отырарда отыз баб» атанған.

ХХХХ

Пайғамбарымыз миғаражға (көкке) шығып бара жатып, үш адамның ұрқын (жанын) көріп таңданып:

— Бұл сәулетті ұрықтар кім болады? — деп жанындағы Жебірейілден сұрапты-мыс. Жебірейіл бұл сіздің үмбеттеріңіз: 1) Имам ағызам, 2) Ғаусыл ағызам (Қожай пауадын) 3) Қожа Ахмет Ясауилер депті-міс. Қожа Ахметке тапсырғайсың деп, пайғамбарымыз өлерінде Арыстан деген сақабасына бір құрма беріп кетіпті (…). Арыстан бес жүз пәлен жыл жасап, сол құрманы Әзіретке  тапсырыпты (…).

ХХХХ

Қожа Ахмет өлерінде маған келетін адам ең алдымен Арыстан бабтың басына зиярат етсін деп өсиет қылыпты. “Арыстан бабқа түне, Түркістандағы Әзірет Сұлтаннан тіле” деген сөз содан қалыпты.

Ясауидің кереметтері мен шәкірттері.

XXXX

Жеті   жасына   дейін    жоғары   рухани    шендерге ақырын-ақырын    көтерілгеннен    кейін    Арыстанбабтың тәрбиесінің арқасында шыңдалып, дамуының шарықтау шегіне   жеткен   кішкентай   Ахметтің   бірте-бірте   атағы, даңқы  жер  жүзіне  жайыла   бастайды.   Онсыз  да  әкесі шайқы Ыбырайым шексіз кереметтері, аңыздарымен аты әйгілі болған бір адам болатын. Сондықтан жерлесінің, отандасының  сөздерін  толық  құрметтеген   бұл  тұйық, томаға мінезді кішкентай баланың ата-тегі тұрғысынан да, мәні жағынан да үлкен орын алатынын білетін. Сол кезде болған    әдеттен   тыс    оқиға   Ахметтің   даңқын   бүкіл  Түркістанға жайған  еді.   Сол дәуірде  Меуреннахр  мен Түркістанда Ясауи деген бір билеуші билік құрып тұрған. Қыста Самарқанда тұрып,  жазда Түркістан тауларында өмір сүретін. Барлық түркі билеушілері сияқты аң десе ішкен асын жерге қоятын бұл падишаһ жазды Түркістан тауларында аң аулаумен өткізетін. Бірде жаз уақытында Қарашық  тауында   аң   ауламақшы   болғанымен,  таудың ойы-қыры оған кедергі жасап,  бұл ойынан  айнытады. Қарашықта  сөйтіп  ешқандай  аң  аулай  алмайды.   Сол  себептен бұл тауды тегістеп тастамақшы болады. Өзі билік жүргізген жерлерде қанша әулие болса, соның бәрін жинап алады да, олардың дұғаларының берекетімен бұл тауды алып тастауларын сұрайды. Түркістан әулиелері билеушінің бұл өтінішін қабыл алады. Ихрам киіп (қажылық заманында киілетін киім) үш күн бойы осы тауды жойып жіберу үшін жалбарынып, сиынады. Бірақ бұл сиынулар, жалбарынулар үміт еткендей болмастан, нәтижесіз қалады. Себебін іздестіреді. «Бұл өңірдегі білгіш, әулиелерден келмеген бар ма?» – деп сұрастырады. Сол кезде шайқы Ыбырайымның ұлы Қожа Ахметтің әлі кішкентай болғандығы үшін [керемет көрсетуге] қатыспағаны жеткізіледі. Дереу Сайрамға адам жіберіп, шақыртып алады. Бала әпкесімен кеңеседі. Әпкесі: «Әкеміздің өсиеті бар. Сенің ортаға шығатын уақытыңның келіп-келмегенін білдіретін нәрсе-әкемнің мазарындағы байлаулы тұрған дастархан. Егер оны ашуға құдіретің жетсе бар, бағыңды сынап көр. Сол кезде белгілі болар»,- дейді. Бала содан кейін мазарға барып, дастарханды ашады. Сөйтіп ортаға шығатын уақытының жеткеніне көзі жетеді. Дереу дастарханды алып Ясы қаласына келеді. Барлық әулиелер  сол жерде дайын боп тұрады. Дастарханындағы бір тілім нанды дуалайды. Мұны қабыл етіп Фатиха оқиды. Сөйтіп нанды жиналғандарға бөліп береді. Барлығына жетеді. Әулиелерден және падишаһтың әмірлері мен әскерлерінен 99000 адам сақадай сай тұрады. Олар бұл кереметті көргенде, Қожа Ахмет Ясауидің ұлылытына бас иеді. Қожа Ахмет әкесінің бешпентін киіп, әкесінің батасының (дұғасының) соңын күтіп отырады. Сол кезде кенеттен көк жүзінен сел ағып, жер атаулы судың астында қалады. Шайқылардың жайнамаздары толқын үстінде қалқиды. Сол себептен бәрі айқайлап-шулап жалбарына бастайды. Қожа Ахмет бешпенттен басын шығарады. Кенеттен дауыл тоқтай қалады да, күн жарқырап шығады. Тау жаққа қараған кезде Қарашық тауының жым-жылас жоқ боп кеткенін көреді. Қазір ол тау орнында Қарашық деген қалашық бар. Ол жер – Қожаның ұрпақтарының мекені және Отаны. Бұл кереметті көрген билеуші Ясауи атының, есімінің қияметке дейін жиһанда мәңгі бақи қалуы үшін Қожадан жәрдем сұрайды. Қожа бұл тілекті қабыл алып: «Әлемде кім бізді жақсы көрсе сенің атыңмен бірге еске алсын» дейді. Міне осыған байланысты сол күннен бері «Қожа Ахмет Ясауи» деп еске алынатын болды.

ХХХХ

Қазіреті Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи бір күні тоқсан тоғыз мың машайық аталған мүриттерін жамиғ қылып, баршасына бұйырды:

— Ан қазіретіміз Мұхаммед ғалайхиссалам миғраж ашып барғанда, Құдай тағаланың құдіретімен тоқсан тоғыз мың сөз сөйлескен екен. Отыз үш мың шариғат, отыз үш мың тариқат, отыз үш мың хақиқат – соның бәрі бір кітапта болмайды, бәрі бір жерден табылмайды. Сіздер баршаңыз бір жерде отырып, бас-басыңызға бір ауыз сөзден сөз айтыңыздар, кейінгі заманға жәдігер  болып  қаларлық болсын. Сол Құдай тағаланың   құдіретімен  Мұхаммед Пайғамбармен сөйлескен сөзін пендеде білуші жоқ. Бірақ сіздердің сөздеріңіз сол сөздің көлеңкесі сықылданып, жұрт аузында қалсын дегенде, қай ретті қылып сөйлейміз деп, Сұлтан қазіреттің өзінен сұрағанда, өзі айтты дейді: «Мақал» деп айтылатұғын сөз болсын. Шаруа көшсе байиды, дәруіш кешсе байиды. Уақытсыз ерден, бақытсыз ұрғашы артық». Осы мақалдар Сұлтан қазіреттің өз аузынан шыққан. Тоқсан тоғыз мың машайх бір төбенің басына орнап, сол жайға «Мәслихат төбе» деп ат қояды. Сондағы орнаған жайлары дария жағасы екен. Бұл Қазіреттің бұлай айтысында бір сыр бар ғой дескеннен, сонан бері дария «Сыр суы» атанды. Қазірет баршамызға бас-басымызға бір-бір сөз айт деп ақырды. Жалғызың дәнеме айтпайсың, өзің білме, білгеннің тілін алма, деген осы екен-ау, – дейді. Сонда олардың аяқ жағында қалғанын айтқан екен. «Сендердін қастарыңа құйысқанға қыстырылған боқ сияқты болып жүріп мен не айтамын», – деген екен. Орта буында біреу дәнеме айтпаған соң: «Кел, мұны қол-аяғын байлап, тіпті ештеме айтпаса, суға тастап жіберелік», – деп бас салғанда: «Құдая, тәуба, көп қорқытады, терең батырады деген осы екен-ау», – депті дейді. Сол ретпен әрқайсысы бір сөз сөйлеп, қазақ ішінде «мақал» деп айтылып жүрген сөз тоқсан тоғыз мың машайықтан қалған десіп келеді.

ХХХХ

Бір күні Ясауи шәкірттеріне дәріс беріп отыр еді, кенеттен көшеде өтіп бара жатқан бір дуананы көріп «Ұстаз» деп алдынан шығып, қолын беріп амандасты. Сонда шәкірттері: «Біз мұны әулие деп жүрсек, өзі қайдағы бір дуананы ұстаз деп қолын алып жүр ғой», – деген ойға қалады. Мұны сезген Ясауи шәкірттеріне: «Бұл кісі маған иттің балиғатқа толғанын айыруды үйретіп, біліміме білім қосып еді. Сондықтан мен оны құрметтеп, өзіме ұстаз санаймын»,  – деп, шәкірттеріне ұстазды қалай құрметтеу керектігінің үлгісін көрсетеді.

ХХХХ

Ахметтің есімін естігенде сырқаты барлар Түркістанға қарай  ағылыпты, әулие олардың кеселдерін жазып жібере беріпті. Оның  даңқы шартарапқа таралады.

Қожа Ахмет азандағы намазының екі бас сүндетін Түркістанда,  екі бас парызын Меккеде оқиды екен. Ол әрдайым ақ атанына мініп,  бұлттың үстімен ұшып  баратын  көрінеді. Бірде әулиенің ғажайып  қасиеттеріне күмәнданған бір жігіт оған келіп: «Сен әулие емессің,  алдаушысың», – деп әжуалайды. Қожа Ахмет оның сөзін сабырлы  қалпымен тыңдап шығады да:

— Ертең азанда маған кел, екеуміз Меккеге барып намазды сонда  оқимыз, — деп жауап қатады. Уәде бойынша әлгі жігіт ертеңіне  Қожа Ахметке келеді. Кенеттен аппақ қардай ақ атан пайда болып, әулиенің алдына келіп шөгеді. Қожа Ахмет жігітке:

— Артыма мінгес, жол үстінде қашан қонғанша көзіңді апша, – дейді. Жол үстінде әлгі жігіт шыдамсыздық танытып, айналасына  қарамақшы болғанда, сол күйінде жолға құлап түседі. Ол Жолбарыс  патша ордасының үстіне түскен екен. Патша оны ағашқа байлап өртеп  жіберуге әмір қылады. Енді өлтірмекші болғанда, Меккеден оралып келе жатқан Қоха Ахмет оны ағашымен бірге көтеріп кетеді. Бұл кереметке таңданған Жолбарыс патша Қожа Ахметті іздеп  келіп, өлгенше қызмет етіп өтіпті.

ХХХХ

Қазан хан Ахмет Ясауидің жұма намазын оқуға мешітке келмегенін байқап, Қожаның ең жақын сырласы Сопы Мұхаммед Данышпан Зарнуқидан хабар беріп жібереді. Ол кезде жұма намазы үшін салауат оқылып жатқан еді. Сопы Мұхаммед жан ұшыра жетіп барып, қорқа-қорқа шайқының алдына кірген кезде, ол: «Ей, Сопы Мұхаммед, кел маған жабысып ал, бірге жұма намазына жетейік», – дейді. Сопы Мұхаммед Қожаның әмірін екі еткізбейді. Сол-ақ екен, мешіттің ішінде сапқа тұрғандардың арасында тұрғанын көреді. Жұма намазы бітер-бітпес бұл таңғажайып оқиғадан әлі есін жия алмаған Сопы Мұхаммед шайқысын қанша іздесе де таба алмайды. Жеті рет мешіттің есігіне барып-келеді, бірақ мұнысынан түк те шықпайды. Сөйтсе, мешіттің қызметшісі сырға қанық екен. Сопыға: «Ей, дәруіш, бұл жер Мысыр, ал бұл жәми (үлкен мешіт) «Жәми Әзхар», – дейді,  –  «Іздеп жүрген досың қаншама заманнан бері жұма намазын осы жерде оқып жүр». Сопы бір апта сол жерде қалғаннан кейін, шайқысын тауып алып, қайтадан көзін ашып-жұмғанша қылуетханаға келеді.

Қожа көргендеріңді барып хабарла деп сопыны жұмсап жібереді. Сопы келеді, басынан өткен-кеткендерін жеке-жеке айтып береді. Бұл уақытта муаззиндер (азан оқушылар) әлі салауаттарын да бітірмеген болатын. Бұдан кейін Қазан хан мен маңындағылар Қожаның ұлылығына көздері жетеді.

XXXX

Өзбек хан заманының төрт әулиесіне Алладан Өзбек ханға барып, оны ислам дініне кіргізіңдер деген аян келеді. Алланың бұйрығымен олар Өзбек хан ордасының сыртына келіп отырып, өздерінің ғибадаттарын жасай береді. Ол кезде Өзбек хан сарайында сиқыршылар мен дінсіз көріпкелдер мынадай сиқыр көрсететін еді: Олар Өзбек хан мәжілісіне өздерімен бал құйылған ыдыс әкелетін. Оған түтік салса, бал түтік арқылы тостағандарға өзі құйылып, тостағандар кісілердің алдына өзі жылжып баратын. Хан бұларды өзінің шайықтары санап, өзімен қатар отырғызып, оларға үлкен қызымет көрсететін. Бірде мұсылмандар келген күні де Өзбек хан әдеттегідей мәжіліс өткізді. Күндегідей оның шайықтары өздерімен бірге бал алып келді. Бірақ бұл күні бал тостағандарға құйылмады, тостағандар өздері жылжып, кісілердің алдына бармады. Өзбек хан себебін сұрады. Сонда оның қасындағы діндарлары: «Осы маңға мұсылмандар келген болу керек», – деп жауап берді. Хан қызыметшілерге мұсылмандарды тауып келуге бұйырды. Қызыметшілер сыртқа шыққанда, орданың сыртында басын төмен салып, ғибадатын жасап отырған киім киісі бөлек төрт кісіні көрді. Қызыметшілер: «Сендер кімсіңдер?» – деп сұрады. Олар: «Бізді ханға алып бар», – деді. Оларды ханға апарды. Хан оларды көргенде, Алла ханның жүрегіне бір жылылық салды. Хан олардан: «Сендер кімсіңдер?» – деп сұрады. Олар: «Біз – мұсылманбыз. Біз Ұлы Жаратушының әмірімен сізді ислам дініне кіргізуге келдік», – деді. Осы кезде хан айналасындағы діндарлар: «Олар – нашар адамдар! Сөйлесуге рұхсат бермеңіз. Біз оларды өлтірейік», – деп шулап қоя берді. Сол кезде Өзбек хан: «Мен оларды не үшін өлтіруім керек? Мен – патшамын. Сендердің ешқайсысыңда менің жұмысым жоқ. Кімнің дені дұрыс, мен сонымен бірге боламын. Егер де олардың діні дұрыс болмаса, неге сендердің балдарың құйылмай қалды? Бәсекелесіңдер! Кім жеңеді, мен соған бас иемін», – деді. Екі топ хан алдында сөз жарыстырып, көп дауласты. Бірінің сөзіне бірі тоқтамады. Соңында екі тандыр қазып, оларға он арбадан сексеуіл салып, бір тандырға сикыршылардың бірін, екінші тандырға әулиелердің бірін салып отқа жағуға шешім қабылдады. Кімнің діні дұрыс болса, сол жанбайды. Ертесіне екі тандыр қазып, оған сексеуіл салып, өртеп, тандырды барынша қыздырды. Осы кезде әулиелер бір-біріне: «Сіз түсіңіз, сіз түсіңіз», – деп жол беріп, соңында Баба Туклас деген кісі түсетін болды. Ол кісі: «Маған сауыт әкеліп беріңдер», – деп, сауыт алдырды. Сауыттың көздерінен түктері шығып тұрды. Сол күйі ол қызған тандыр ішіне кірді. Тандырдың үстіне қойдың бұзылмаған етін қойды. Сиқыршылардың бірі тандырға кірген бойда жанып кетті. Оны көрген Өзбек хан олардың дінінен бас тартты. Ал әулие кірген тандырдан зікір айтқан Баба Тукластың үні шығып тұрды. Тандыр үстіне қойған қойдың еті піскен кезде, олар тандырдың бетін ашты. Баба Туклас бетіндегі терін сүртіп, «Неге ерте аштыңдар, зікір әлі біткен жоқ еді», – деп кейіп, тандырдан шықты. Үстіндегі сауыт қып-қызыл болып балқып тұрды және ол кісінің үстіндегі бір тал түгі күймеген еді. Мұны көрген Өзбек хан мен өзге халық ислам дініне мойынсұнды.

XXXX

Бегім ананың атасы Қарабура әзінің шын аты – Тама. Кіші жүздің жетіру тайпасынан шыққан әулие адам. Бейіті Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда.

Қарабура деп атау себебі: Қожа Ахмет өлер алдында отбасына, туыстарына: «Мен пәлен уақытта дүние саламын. Мені оң жаққа қойғаннан кейін денем суымай тұрғанда, бір қара бура мінген кісі келіп, мені мәңгі жататын орныма ақ жуып, арулап қояды. Мені алып бара жатқанда «Қайда алып барасыз?» – деп оның қолын қақпаңдар», – деп ескертіпті.

Айтқандай-ақ Қожа Ахмет көзін жұмысымен, қара бура мініп келген бір кісі оның мүрдесін алып кетеді. Содан бастап ол кісіні Қарабура әзі деп атаған.

ХХХХ

Жанкенттің билеушісі Санжар сұлтанның жары Бегім ана Қарабураның қызы екен. Күндердің күнінде Санжар «көзіме шөп салдың» деген желеумен Бегім сұлуды үлкен жазаға тартады. Бұған қатты ашуланған Қарабура келіп: «Менің қызым жазықсыз. Оған дәлел: оның кесілген бұрымы мен қолы  орнына бітуі тиіс», – дейді. Ақыры ханға әбден наразы болған Қарабура дұға оқып, «еліңді жылан жайласын», – деп қарғайды. Артынша-ақ дұғасы қабыл болып, қаланы улы жылан басып кетеді. Қалаға кірмекші болғандардың бәрі түгелдей қырылған. Қала тұрғындарын да, билеушісі Санжарды да жылан шағып өлтіреді. Бұхара қаласының әміршісі Жанкент шаһарының байлығына ие болғысы келіп, әскерін жібергенімен, одан да ештеңе шықпайды, бәрі тегіс улы жыландарға жем болады.

Басқа аңыз-әңімелерде Қарабураның шын есімі – Бұрханназар. Жауға қарсы шапқанда ол тек өзінің қарабурасына мінген көрінеді. Содан Қарабура атанса керек. Қарабура атаның кесенесі – Қаратаудың теріскей жағындағы ежелгі Созақ шаһарының орнында.

ХХХХ

Қожа Ахмет Ясауи жолының күн санап күшейіп бара жатқанын ислам әлемінің басқа аймақтарындағы діндарлар хабардар болады. Олар Ясауи жолының дұрыстығына күмән келтіріп, қалай да оның жолына тосқауыл қоюды ойластыра бастайда. Солардың бірі – Қорасан елінен шыққан атақты ғұлама Баба Машын еді. Ол өзінің мықты деген 400 шәкіртімен Ясы қаласына Қожа Ахметті іздеп келеді. Ясыға келген соң, Қожа Ахметке жолығып: «Елді бүлдіріп, жолдан шығарып жүрген жасыл шапанды сенбісің?» – деп дүрсе қоя береді. Ясауи ата шәкірттеріне: «Бұл сөйлеген кезінде есінен адасады, не айтып жатқанын өзі ұқпайды. Сондыктан бұны ұстап, ұстынға байлаңдар!» – деп бұйырады. Шәкірттері ұстап, байлаған соң, оның денесін жалаңаштап дүре соғуға бұйырады. Алғашқы қырық дүре соққанда Баба Машын былқ етпей, Алла атын аузына бір рет те алмайды. Оны біраз уақыт демалдырып, тағы да қырық дүре соғады. Осы кезде ғана баба Машынның құлындай шыңғырып, «Алла»,- деген жан даусы шығады. Ясауи ата дүре соғуды тоқтатуға бұйырады. Мұны көріп тұрған Хасан хан Ясауи атадан:

— Бірінші рет дүре соққанда, ол бір рет те Алланың атын есіне алмады. 40 дүрені екіші рет соққанда «Алла» деп шыңғырған жан дауысы шықты.
Бұның себебі неде? – деп сұрады.

Ясауи:

— Оның арқасына жын-перілер жабысып алып, алғашқы 40 дүрені
өткізбеді. Сол себепті алғашында оған дүре батпай, Алла атын жад етпеді.
Соңғы 40 дүре Баба Машынның арқасына тиіп еді. Сондықтан оның жан
дауысы шықты, – деді.

Одан кейін Ясауи ата есін жиған Баба Машынға қарап:

— Өзіңнің қайдан екеніңді білдің бе? – деп сұрады. Ол көз жасы көл
болып, әдепсіздігі үшін Ясауиден кешірім сұрап, тәубесіне келді. Атаның
шәкірті болды. Үш рет қылуетке түсіп, Ясауидің сүйікті шәкірттерінің біріне айналады.

XXXX

Хакім Атаның анық есімі – Сүлеймен. Балалық шағында мектепке бара жатқанда басқа балалар сияқты Құранды мойнына аспай, қолымен астынан ұстап, құрметпен алып жүретін. Мектептен шыққанда да бетін мектепке қарай, артын үйге қарай беріп қайтатын. Бір күні Қожа Ахмет Ясауи мешіт табалдырығында отырған кезде оны көреді, әлгі әрекеті бұған ұнап қалады. Қожа сөйтіп баланың әкесі мен анасының ризашылығын алып, Сүлейменді Құран оқыту үшін жанына алады. Он бес жасына келгеннен кейін Қожаға шәкірт болады. Бір күні Қызыр әлейкумсәләм Қожаға қонаққа келеді. Қожа тамақ пісіру үшін шамалы отын әкелуге балаларды жұмсап жібереді. Отын әкеле жатқанда қатты жаңбыр жауады. Әкелінген отынның бәрі су-су болып қалады. Тек Сүлеймен киімін шешіп, отынды орағандықтан, ол әкелген отын ған құрғақ болады. Соның арқасында басқа отындар да жанады. Қызыр әлейкумсәләм отынның неге құрғақ болғанын Сүлейменнен сұрайды. Ол себебін айтып береді. Қызырға бұл жауап ұнайды, балаға: «Бұдан былай атың Хакім болсын», – дейді. Содан кейін аузына түкіреді. Сүлейменнің іші нұрға толады. Қызыр: «Қане, тұрма, рухани нәр шығар», – дейді. Хакім Ата сол мезеттен бастап бірнеше хикметтер, өлеңдер айта бастайды.ХХХ

Құрбан айында бір күні Қожа Ахмет Ясауидің теккесінде (медресесінде) 99000 шайқы жиналады. Қожа имам болып, намаз қыла бастайды. Оң жағында Хакім ата, сол жағында Мұхаммед Данышпан тұрады. Намаз кезінде Қожаның даусы шығып кетеді. Жамиғат «Имамның әбдесті (дәреті) бұзылды» деп ойлайды. Бірақ Қожа тырп етпейді. Намазын жалғастыра береді. Ақырында сәлем бергенннен кейін Қожа: «Мен мұны сіздің тариқаттағы мәртебеңізді аңғару үшін әдейі жасадым. Әйтпесе ол дауыс менен емес, беліме таққан ағаш бөлшегінен шықты. Түсінікті болды, менің бір ғана шәкіртім, бір жарты шәкіртім ғана бар екен, қалғандары надан екен», – дейді де, Хакім атаға: «Ертең таңсәріде саған бір түйе келеді, оған мінесің, қай жерде тұрса, сол жерде түсесің», – деп бұйрық береді. Түйе Түркістаннан шығысқа қарай жүреді. Қорасан қаласының батыс жағында, Бейнеу арқасы деген жерге келіп тұрады. Қанша қинаса да, шөккенінен тұрмай қояды, бақырып-шақырады. Осыған байланысты ол жерді «Бақырған» деп кетеді. Түйе тұрмаған соң Хакім ата жерге түседі. Ол жерде Боғра ханның жылқыларының жайылған өрісі екен. Жылқышылар оны бұл жерден қуып жібермекші болады. «Мен – дәруішпін, ешқайда кетпеймін», – дейді. Жылқышылар қолдарындағы құрықтарымен оған шабуыл жасауға кіріседі. Сол кезде Хакім ата сол жердегі ағаштарға: «Мыналарды ұстаңдар!» – деп әмір береді. Ағаштар үшеуін қаттылап ұстап алады, ал қалған екеуі қашып құтылып кетеді де, болған жайды Боғра ханға айтып береді. Хан бұл оқиғаға риза болады. «Үш күннен бері мұрныма әулиенің иісі келіп еді. Демек елімізге бір әулие келген екен ғой», – деп, істің мән-жайын анықтау үшін Абдулла Садыр деген біреуді жұмсап жібереді. Абдулла Садыр келген дәруіштен кім екенін, не қалайтынын сұрайды. [Ол өзінің] Ясауи шәкірттерінің бірі – Хакім Сүлеймен екенін айтады. Жылқышылардың ағашқа байлаулы қалғандарына көзі жетіп, ағаштардан: «Осылай істегеннің жазасы осы», – деген дауыс естиді. Бұл дәруіштің ұлылығына сенген Абдулла Садыр қайтып барып, ханға хабар береді. Боғра хан бұл дәруіштің ризашылығын алып, өзіне жақын тарту үшін, оған Әнуар деген қызын ұзатады. Одан басқа көп түйе, қой, ат береді. Хакім ата бұларды қабыл алады. Бақырған деген ол жерді өзіне мекен етеді. Боғра хан мен барлық уәзірлері оған шәкірт болып, мойынсұнады. Хакім атаның атағы дүниенің төрт бұрышына тарайды.

ХХХХ

Бір деректерде ол Амударияға түсіп, су асты патшасы болып кетті дейді. Екінші бір деректерде Сүлеймен Бақырғани Хорезм ойында өзі қалып, ұлын Хорезм сияқты ежелгі киелі орындарға аса бай, оның үстіне, батысқа беттеген оғыз-қыпшақтардың соқпай өте алмайтын және көк теңізге барып бір-ақ тірелетін ұланғайыр іркіліс кеңістігі Маңғыстауға жұмсапты деседі. Өйткені екінші бір аңызда, Түркістандандағы Құқай тауының бір шоқысына шығып отырған Дәніспанға бір дәруіш кеп, сұлтан Хұббидің кереметтеріне тәу ету үшін Маңғыстауға барғысы келетінін айтады. Дәніспан дәруішке ерейін деп орнынан тұрып бара жатқанда, таудың шоқысы: «Мен де көрейін бе деп едім», – деп ыңырсиды. «Олай болса, мен саған мініп барайын», –  деп Дәніспан шоқыға кеп отырады. Тау батысқа қарай жүріп береді. Маңғыстауға жеткесін: «Киелі жерге көліктен түсіп, жаяу барған дұрыс», – деп орнынан тұрып кетеді. Тау жеткен жеріне тұрып қалады. Дәніспан – Маңғыстау түбегіндегі Таушық кентінің шығыс жақ іргесіндегі оқшау тау. Бұған қарағанда Хубби қожа су түбіне емес, Маңғыстау асып кеткенге ұқсайды.

(…) Тағы бір аңызда Қожа Ахмет мешіт терезесінен асасын лақтырып жіберіп: «Кім тауып әкелсе, соған батамды берем», – дегенде Шопан ата есікке жете беріп, қайтып оралып: «Қазірет, аса Атыраудың жағасындағы Маңғыстауға барып түсті. Алыс жолға аттанатын болдым, батаңызды беріңіз», – деген екен дейді.

(…) Оның [Әзірет Сұлтанның] мүриттері алыс Түркістаннан да, іргедегі Хорезмнен де ат құрғатпай Маңқыстауға ағылған. Хорезмдегі қашып бара жатқан киіктерді «шөрелеп» шақырып алып, тізіп қойып сүт сауған Амбар [Әнуар] ана әулиенің мүриттері болып табылатын киік сауған қожалар мен қоңыр үйлі қожалар да, күні кешегі Пір Бекет ата да – осы Қожа Ахмет Ясауи дәстүрін жалғастырушы қожалар болып табылады.

XXXX

Ата-анасының Зеңгі бабаға азан шақырып қойған аты – Айқожа екен. Тумысынан қап-қара кісі болған соң халық оны Зеңгі ата деп атап кетіпті. Оның төрт атасын білмеген жан тәкбірге күмәндар болады. Яғни ол адам тәкбір айтуды дұрыс білмейді деп есептеледі. Зеңгінің әкесі – Тасқожа, атасы – Мәлекқожа, бабасы – Мансұрқожа (Мансұр ата), арғы бабасы – Арыстан бап.

Зеңгі ата бақташы болып елдің падасын жиып баққан көрінеді. Оның өз меншігінде де қара малы көп болыпты. Баба сиырдың тұқымын молайтып, топ-тобымен жайып, көбейткен екен. Сол кезде бір қыңырлау кісі:

— Сиырды ылғи Зеңгі жая бере ме? Біз де бағайық Елден біз де нәпақа алып пайдаланайық. Неге өзгеге бермейсіңдер? – деп, ел басшысына шағым жасапты. Әміралдар алқасының кеңесінде Зеңгі баба әлгі қыңырға:

— Мақұл, сен бақ, – деп паданы беріпті. Ол адам сиырды жайғаннан кейін бір апта өтпей-ақ оқалақ пайда болыпты. Содан қара малға оқалақ тиіп, быт-шыт боп қашып, падаға қыңыр кісі ие бола алмай қалыпты.

— Қой, болмас, мұның киесі бар екен. Баға алмаймын, – деп, Зеңгінің өзіне қайтарып берген көрінеді.

Арыстан баптың төртінші ұрпағы Зеңгі ежелгі Шаш, қазіргі Ташкент қаласына таяу зерде орын теуіп, сол араны жай етіпті. Ол таңертеңгі уақытта шығып, паданы айдап, алдын қайырмай, еркінше жіберіп; “Ош, Ош!” – деп сонау қырғыздың жерінен бір-ақ қайырып әкеледі екен. Ош қаласының атауы содан пайда болса керек.

Малдың әр түлігінің өз тәңірісі, сақтаушысы бар деп түсінген халық ұғымында Зеңгі баба сиырдың пірі ретінде сақталып қалған.

XXXX

Зеңгі баба сиыр ішіндегі бұзаудың түр-түсін нақтап айтатын, жаңылмай табатын көріпкел, әулие болыпты. Оның өмірлік қосағы Әнуар ананың да іштегі бұзаудың қаңдай екенін ажырата алатын сыншылық қасиеті бар екен. Бірде зайыбы ерінен:

— Мен сіздің әулиелік ісіңізге ортақпын ба? Сауапқа серікпін бе? — деп сұрапты. Зеңгі оған қарап;

— Сен сауапқа серік бола алмайсың. Өзім тақуамын, сондай таза ісіммен әулелікке иемін. Бұл қасиет өзімнен, оған сен ортақ емессің, – депті.

Әнуар ана ері Зеңгіні ерекше ықыласымен күтіп, ас-ауқатын таза дайындап, қызмет етеді екен. Ол ас дайындағанда, ыдыстарды тоғыз мәрте жуып, шайқап, шаятын көрінеді.

Бірде Әнуар түс мезгілінде ас дайындап жатып, ауқаттың ішінде әлдене қараң ете қалғанын көзі шалып, байқап қалады. «Бір ноқатта қара дақ бар екен ғой-ау»-деп, қанша ауыстырып, іздесе де таба алмапты. «Осы арада жүр ме екен» деп шамалап, астың бір-екі шөмішін алып, төгіп тастайды. Пада бағып, ашығып, ыстық күннің астыңда қап-қара боп өзін күткен ерінің жай-күйін ойлап, ауқатты асыға Зеңгіге алып барады. Баба оны лезде ішіп қояды.

Арада біраз уақыт өтеді. «Әлгі қараң еткен нәрсе ас ішінен алынды ма, жоқ па?» –  деген күмән Әнуар ананың көңілінен кетпейді. Ол соны байқау ниетімен иіріле жатқан сиырдың шеткі біреуін қолымен нұсқай көрсетіп,

— Анау сиыр қандай бұзау туады? – деп сұрайды. Сол кезде баба:

— Түсі қызыл, мандайы қасқа бұзау, – деп жауап береді. Сонда жұбайы сөл езу тартып, жымиып:

— Құйрығының ұшы ақ, қызыл бұзау, – депті.

Уақыты жетіп, сиыр бошалап, құйрығының ұшы ақ, түсі қызыл бұзау туады.

Әнуардың айтқаны тура шыққан соң Зеңгі одан:

— Мен қалай жаңылдым? – деп сұрапты.

— Сіздің жаңылғаныңыз, сол күні ауқаттың ішінде бір ноқатта кішкентай қара дақ кетіп, қанша іздесем де, таба алмаған едім. Сол көзіңізге перде боп тұтылып, іштегі бұзаудың құйрығы қайрылып, аяғының арасынан өтіп, мандайына тиіп, жатқанын байқай алмадыңыз; – дейді жұбайы. Сол уақытта Зеңгі;

— Менің әулиелік қасиетім сенің жасаған қылаусыз таза қызметіңмен байланысты болды. Егер сен тазалығыңнан сәл ғана мүлт кетсең, мен ол қасиетімнен айрылып, жарым-жартылап, толық күйде бола алмайды екенмін, – деп мойындаған екен.

XXXX

Зеңгі Ата Ташкент тауларында сиыр бағатын қалың ерінді қап-қара (…) бақташы болатын. Өзі мен отбасын айлық ретінде ташкенттіктерден алатын бес-он теңге ақшамен асырайтын. Өмірі үнемі далада өткендіктен, намазын да далада, жазықтықта оқып, намаздан кейін дауыстап зікір салатын. Сол кезде, аңызға қарағанда, барлық сиырлар жайылуын тастап, оның айналасына шеңбер жасап тыңдайтын болған екен. Зеңгі Ата бір күні тауда бұталардың арасынан тікенді бұтақтардан көп қылып жинап, үйіне апару үшін жіппен байлап жатады. Сол кезде алдынан төрт бозбала пайда болады, сәлем береді. Олардың сәлемін алып, қайдан келіп, қайда бара жатқанын сұрайды. Сөйтсе олар Бұқарда медреседе оқып, білім алып жатқан жерінен бір тариқатта аттарын қалдырғысы келіп , қазір өздеріне жол көрсетуші, ұстаз, шайқы іздеп жүргендерін айтады. Зеңгі Ата: «Біраз кідіре тұрыңдар, дүниенің төрт бұрышын иіскейін. Қай жерден кәміл жол көрсетуші, шайқы иісін алсам, сендерге айтайын», – дейді. Жастар қуана-қуана күтеді. Ата жүзін төрт жаққа қаратып иіскегеннен кейін: «Сендерді кәміл шәкірт қып жетілдіруге күші жететін менен басқа ешкім жоқ екен»,- дейді.

Бұқардан шайқы іздеуге шыққан бұл төрт жас, кейін оның төрт үлкен халифасы болған Ұзын Хасан ата, Сейіт ата, Садр ата, Бәдір ата болатын. Зеңгі Атаның бұл сөздерінен кейін әуелі Ұзын Хасан мен Садр бачи оған шын пейілдерін берген еді, сондықтан кәміл мәртебесіне алдымен солар жетеді. Сейіт Ахмет азды-көпті білім алып, асыл текті бола тұра, бұл сиыр бағатын қап-қара бақташының оған ұстаз болуын ақылға сыймайтындай көреді. Оның бұл көкіректігі жолын байлап, дін үшін күресте онша пайда көрмеген еді. Соңында Әнуар анаға жалбарынып, ұстаздың өзіне рахым жасауын өтінеді. Ана оған: «Зеңгі атаның жолын күзет, бүк түсіп жатып ал. Ол таңсәріде дәрет алуға шыққанда сені сол күйде көріп, жаны ашитын болсын», – дейді. Шындығында бұл кеңпейілді әйел Сейіт Ахметті неге қамқорлығына алмағанын жұбайынан сұрап, оның бұған лайық екендігін айтады. Зеңгі ата күлімсіреп, алғаш көрген кезде Сейіт Ахметтің жүрегінде, көңілінде қалай өркөкіректік, тәкәппарлық оянғанын айтып береді. Бірақ Әнуар ана көрсеткен мейірім шапағатқа сүйене отырып, оның бұл алғашқы қатесін кешіргенін де қосып қояды. Ертесі күні таңертең Зеңгі ата сыртқа шыққан кезде, жолында қарайған бір нәрсенің жатқанын көреді. Не екенін түсіну үшін аяғымен түркен кезде Сейіт Ахмет шайқының аяғын құшақтап, кешірім сұрайды.  Зеңгі Ата сол кезде Ахметке ілтипат көрсеткені соншалық, бүкіл мақсаты сол кезде-ақ түсінікті болады.

XXXX

Түркістан Шаһарында ғұлама Қожа Ахметтен дәріс алған көп шәкіртінің бірі – Шопан ата еді. Бірде ұстазы шәкірттерін сынау ниетімен медресе жанына жинапты. Қолындағы асасын басынан бірнеше қайтара айналдырады да, лақтырып жібереді. Ол сонан соң: «Ал, шәкірттерім, асаны қайсысың бірінші тауып әкелесіңдер», – дегенде, шәкірттер аса таяқтың ұшқан жағын бетке ұстап жарыса жүгіріп кетеді. Шопан ғана орнынан қозғалмай тұрып қалады. Қожа Ахметтің: «Сен неге асаны іздемейсің?» – деген сауалына: «Мархаббатты ұстаз, сіздің асаны табу үшін менің ұзақ сапарға аттануым керек», – деп жауап қайтарады. Шәкіртінің білімдарлығына риза болған Қожа Ахмет сапарына ақ жол тілеп, батасын беріп қош айтысады.

Шопан ата Қожа Ахметтің Түркістанда лақтырған асасын Маңқыстау түбегінен табады. Ол аса қадалған жерді үңгіп, жер асты мешітін салады. Құдық қазады, өткен-кеткен жесін деп тұт ағашын егеді. Ел балаларын оқытып, өзі де ғұлама ұстаз атанады. Оның жер асты мешіті жартылай құлаған күйінде әлі күнге дейін сақталған, ел-жұрты оның басына тәу етіп, түнейтін қасиетті орын.

ХХХХ

Әзірет Сұлтан хақындағы аңызға айналған әңгімелер Мерв шаһарына да жетеді. Маруази деген мұғалім шаһардың мүфти, молдаларын жинап, Ахмет Ясауиге барып, түрлі сауалдар қойып, оны «жеңіп» қайтуды ұйғарады. Ол үшін мынадай сұрақ дайындап жаттап алады. Маруази бастаған 400 мушауар және 40 мүфти Түркістанға бет алады.

Әзірет Сұлтан екі шәкіртіне олардың сапарлары жайын хабарлайды.

—  Шырағым, – дейді сенімді шәкірті Мұхаммедке, – Мың сұрақты олардың есінен шығарып, жадынан өшіріп жібергейсіз. Олар Тәңірінің қолдауын бір көріп таңдансын.

– Мақұл, тақсырым! – деп шәкірт шегініп шығып кетеді. Екінші сенімді шәкірті Сүлейменге де сондай тапсырма береді.

Ертеңіне бесін уақытында күткен меймандар келеді.

– Алла тағаланың тура жолынан азғыратын сенбісің? – деді  мұғалім даусын көтеріп. Мервтен келген меймандар бұл жердегі ұстаз-шәкірттердің үсті-бастарына мысқылдай қарап:

— Мүриттерің сондай жалаң аяқ па? — дейді.

Қожа Ахмет оларға қарсы сөз айтпайды. – Қош келіпсіздер Мейманымыз болыңыздар. Асықпай сөйлесеміз. Тәңір нәсіп етсе танысып та аламыз, – дейді.

Хазірет жанындағыларға қарап былай дейді.

— Меймандар екі-үш күн демалсын.

Үшінші күн үлкен алаңға тұғыр қойылды. Көпшілік жиналды. Меймандар ойға алғандарын орыңдау үшін сауал беретін болды. Қазірет пен мүриттері ерекше құрметпен жауап беруге келісіп алды. Әуелгі сөз кезегі мұғалім Маруазиге тиді. Ол мінбеге көтерілді. Жұрттың назары Маруазиде. Ол маңғаздана не айтқысы келсе де есінен шығып кете берді, оның үні шықпай, тілі күрмелді. Әбден жаттаған сауалдарының  қайсысын айтқысы келсе де, тілі шықпады.  Көпшілік те үнсіз. Тап қазір мінбеде бір ғажайып көргендей, Маруази бір-екі жөтелген болды, бәрібір басына ештеңе келмеді.

Ол жанындағы теріден бір дәптер шығарды. Сауалдар  мен жұмбақтардың бәрі осында жазылған еді. Содан оқып бермекші болды. Дәптердің бетін ашқанда, «Астафыралла» деді. Көзбен көрген беттерінде бірде-бір әріп қалмаған. Ол мінбеден жығыла жаздады «О, бұл не деген керемет, не деген құдірет!»

Мұғалім Әзірет Сұлтан[ның] аяғына жығылды. Жүзін топыраққа сүртті.

— Тақсырым, пірім, менің күнәмды кешір! – деді көзінен  жас тамшылай. Біз оқығанмен, жетіліп оқымаған екенбіз. Аллаға шүкір, кеш болса да адасқанымызды білдік.

Қожа Ахмет өзінен кешірім сұраған мұғалімді екі қолдап орнынан тұрғызды.

Мервтен келгендердің барлығы және бес жыл Қазірет сарайында  мүрит болып, тәлім алды.

ХХХХ

Ел ішіндегі әңгіме бойынша, кезінде Қожа Ахмет Ясауидің өзі ораза, құрбан айт намаздарын осында келіп өткізіп жүріпті. Әзірет Сұлтан Ясыдан шығып, Сауран арқылы Аққұм бекетінің тұсындағы Сырдариядан тас өткел арқылы өтіп, Көкжидедегі Шәмші Қылауыз ауылына бір қонып, Қорасан атаға зияратқа барғанда Бабаға жалбарынып:

Бабам Қорасан, келдім арасан,

Зиярат етейін деп, ісімді сұрасаң.

Мүшкіл ісімді қылғайсың асан,

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.

Атың-дүр мәшһүр Аршы самада,

Тауап етейін деп келдім пияда,

Үміт етіп мен хауф-рижада,

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.

Аршының үстінде Сұхбат құрарсың,

Әзіреті Қызыр ила ұлпат қыларсың.

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.

Сексен шайхыны жаныңда көрдім,

Тоқсан шайхыны артыңда көрдім.

Қағба[ны] махаллаңның алдында көрдім,

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.

Сұлтан Хұсайынның ұлы болармын,

Астанасының құлы болармын.

Шашым-сақалымның шыпта қылармын,

Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.

Әлінің әулеті Шери Құдасың,

Келеген бәлеге дәпі қыларсың,

Таңа Қожа Ахметке жары берарсың,

Рахмет ете гөр, бабам Хорасан, —

деп  жалбарынып дәремет сұрайды екен. Содан бері Қорасан бабаның басынан сан ғасырлар бойы қаншама ұрпақтар келіп түнеп, сиынып, бірі ауруынан айықса, бірі бала сұрап алады екен.

ХХХХ

Қожа Ахмет Ясауи Сыр бойын аралауға келгенде Жақып атамызға:

-Уа, Жақып, мына дариядан қалай өтеміз? – дегенде

-Сізге дариядан өту қиын болып па? Жүре беріңіз деп дуа еткен екен. Әзірет Сұлтан дарияны кешіп өте берген. Міне осы сапарда Сыр бойындағы барлық Қорасан ата, Қасым ата т.б. әулиелерді аралап, қайтадан баяғы судан өтетін жерге келеді. Сол жерде бесін намазын оқиды. Намаз оқып жатқан жайнамаздың бас жағынан кішкене қарақұрт шығады. Бұлар намаз оқып біткенше күрт үлкейіп, адам жұтатын дәрежеге жетеді. Сонда Әзірет Сұлтан намаз оқып болып, Жақып атаға бұрыла қарап:

-Уа, Жақып, сен дем сал! – дейді. Жақып ата дем салғанда әлгі құрт әбден кішірейіп, бұрынғы қалпына келіпті.

Жақып ата:

-Не етейін, құртып жіберейін бе? – дегенде

-Қой, сол қалпында қалсын, – деп, Әзірет Сұлтан шәкіртіне риза болып, Тассуаттан өтіп, арғы бетке шыкқан соң:

-Уа, Жақып, қолынды жай, сенің енді бұдан былай лақап атың «Құрт иесі – Қылауыз»  болсын, – деп батасын берген екен. Содан бастап, қарақұрт, жылан шаққан адамдарды емдейтін болған екен» – дейді.

Қожа Ахмет Ясауи және Әмір Темір.

ХХХХ

Тарағай би түсінде көзге түрткісіз белгісіз қап-қараңғы түнде бір жартастың төбесіне шығып тұрады. Сол кезде оған қаз мойын, қамыс құлақ ақбоз атқа мінген ақ сәлделі, ақ шапанды, ақ сақалды бір қария келіп; «Тарағай балам, мен Қожа Ахмет Ясауи деген атаң боламын. Әдейі өзіңмен жолыкқалы келдім, мына қылышты қасыңа алшы», – деп, Тарағай бидің қолына алмастан соғылған қылышты  ұстатады.

– Ал енді қылышты онды-солды сілте, – дейді қария. Тарағай қылышты оң қолына алып, онды-солды сілтей бастағаны сол-ақ екен қылыштың жүзінен шыққан от жалынға айналып, бүкіл төңіректі жап-жарық етіп жіберіді. Тарағай би оянып кетіп, түсін бір ғұламаға жорытады.

ХХХХ

[Әмір Темір жайында әңгіме көп]. Соның бірінде «Ғайып Ерен қырық шілтендер жиналып  мәслихат құрғаны, оған Қожа Ахмет Ясауи, Бахауаддин, Жанабығауыс қатынасқаны айтылады. Ясауи: «Мен (…) Темірді ұсынамын, ендігі хан Темір болсын», – дейді. Сөйтіп айдалада сиыр бағып жүрген Темір ұшып тұрса, жанағының бәрі түсі екен. Бірақ түс болса да қуанғаны соншалық, сиырын тастап бет алдына жүре береді. Әйтеуір бір кездерде Самарқанд шәһәріне кіре бергенінде, халық алдынан қарсы алып, хан көтереді. Сонда ол: «Менің осындай болуыма себепкер – Қожа Ахмет Ясауи деген әулие. Сондықтан оның қабірі қай жерде болса да тауып, үстіне әлемде теңдесі жоқ ғимарат салдырамын», – деп ант ішіпті (…).

ХХХХ

(…) Бірде Әмір Темір Түркістан өңірінен өтіп бара жатып, бір күн қонады. Сонда ол ұйқыда жатқанда түсіне Қожа Ахмет кіріп: «Тұр балам, Бұқара тарапына аттан, ол жерде сені жеңіс күтіп тұр», – деп аян береді. Түсінен қуанышы қойнына сыймай оянған Ақсақ Темір кейіннен жеңіске жетеді. Өзін Қожа Ахмет Ясауи сияқты үлкен әулие қолдап жүргенін сезген әмір Түркістанда әулие бабаға арнап кесене тұрғызады. Кесенені салдыру үшін әлемнің ең шебер деген ұсталарын алдырады. Бүгінгі кесененің әлі күнге тарихи қалпын сақтауы ұсталардың асқан шеберлігінен болса керек. Иә, осылайша Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салыныпты.

ХХХХ

Әмір Темір өзінің шатыры алдына ағаш қадап, оған қоңырау байлап қояды екен. Кімде-кім сөйлесуге келсе өзі онымен ауызба-ауыз сөйлесетін болған. Сөйтіп олар еш кедергісіз әмірдің өзімен сөйлесуге мүмкіншілік жасалатын болған.

Бір күні таңертең ерте есік алдындағы қоңырау шылдырлайды. Уәзірі Әмірге келіп, келіп тұрған адам емес ақ жылан екен дейді. Темір сауытын киіп тысқа шықса, шын мәнінде қоңыраудың арқанына оралып тұрған ақ жыланды көреді. Жылан Темірді көріп арқаннан сытылып түседі де тәжім қылады, сөйтіп соңымнан ер дегендей ишара білдіреді. Жылан жылжып отырып тауға келіп үлкен үңгірге кіреді. Онда тола ақ жыландар бар екен, олар Әмірге екіге айырылып жол ашады. Түкпірде үлкен сандық тұр,соны аш дегендей белгі береді Темір сандықты найзасының ұшымен ашып қалса, ішінен дәу қара жылан шығады. Темір оны қылышымен шауып өлтіреді. Бұл жағдайдан Темір жыландардың да кәпір, мұсылманы болатындығын түсініпті. Ақ жыландар мұсылман екен да, қара жыландар кәпір екен, сол қара жылан ақ жыланның ұрғашысын тартып алып, сандық түбінен шығармай жатыр екен. Темірді ертіп келген ақ жылан оған сандық түбінде жатқан айнаны ал деген ишара жасапты. Бұл айна Сүлеймен пайғамбардың   сиқырлы айнасы  көрінеді. Сол айнаны алғалы Әмір Темір көреген болғандығы осыдан қалған дейді.

Әмір Темір жаңа жорыққа дайындалып жатқанда, бұл жолы Қытай жерін жаулап алмақшы болып, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Темір станциясы жерінде тоқтағанда, күн суық болып, оған суық тиіп ауырған көрінеді. Өзінің қайтып оңалмасын, ажал жеткенін сезіп, Әмір Темір жанына аздаған сенімді сарбаздарын жинап, өсиетін айтқан екен. Екі үлкен терек ағашын кесіп алып, оны көлденеңінен қиып тор жасаңдар да, ортасына мені қойып алдыңғы жағынан екі, соңынан екі ат жегіп Самарқантқа жеткізіңдер деген екен. Сөйтіп, қаланың оңтүстік қақпасындағы үлкен мешітке барып, песін намазын оқып отырғанда, ақпан айында кенеттен қайтыс болады. Сол заманның өзінде омарташылар болған көрінеді, мәйітті балға орап, Самарқандтқа жеткізіп, қазіргі Гүр-Әмір кесенесі тұрған жерге жерленген екен.

 

(Материалдар “Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты аңыз, әпсана, хикаялар” кітабынан алынды.  Құрастырған ф.ғ.к., Б.Қорғанбек. Алматы: “Эффект”, 2011ж. )

Конец формы

 

 

 

Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы туралы аңыз-әңгімелер

(…) Ибраһим шайық атадан екі бала болады. Сол баланың бірінің аты – Садыр шайық. Садыр шайықтан екі бала тараған: бірінің аты Абд ал-Малік, екіншісінің аты Данышманд қожа (лақап аты Орұң Қойлақы). Данышманд қожадан Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы дүниеге келеді. Бұл кісі Қожа Ахмет Ясауидің немере інісі әрі ізбасары саналады. Шежірені ақырғы ұстаған кісі, осы Қойлақы. Осы аңыз-әңгімелер желісі сол аталмыш шежірені пайдалана отырып жазылды. Әрі онда айтылған, көрсетілген жерлерге арнайы барып, көзбен көріп, ой желісін жалғастарып отырмыз.

Бұл кісі тоқсан үш жыл өмір сүрген, ғұмыр бойы тәуіпшілікпен айналысқан. Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы бабамыздың сүйегі Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Өзгент деген жерде жатыр. Ол жоғарыда айтып өткендей, Қожа Ахмет Ясауидің немере інісі, әрі ізбасары. (…) Ясауи ұрпақтарының шежіресін жазған да осы кісі.

Басқа әулие кісілерден бұл кісінің де өзіндік ерекшеліктері туралы аңыз-әңгімелері баршылық. Соның бірі мынадай: бірде оған Сырдарияның жоғарғы ағысында тұратын әулие кісі түсінде аян береді. Әлгі кісі: «Ей, Маулана Сафи ад-дин Орұң Қойлақы, мен саған мөрі бар тас жібердім, ол пәлен иірімде тұр, сен барып соны ал»,- депті. Орнынан тұрып, жігіттеріне әлгі тас тұрған жерді сілтеп жіберіп алдыртады. Шынында да, әлгі тас иірімде шыркөбелек айналып тұрған екен. Енді бұған жауап берейін деп ойланады. Содан ішіне су өтпейтін мықты бір сандықты жасатып, табанына ақ мата төсеп, ортасынан май шырағдан жағып қояды. Сырдың суын кері ағызып, әлгі сандығын суға жібереді де, өзі әлгі кісіге аян береді. Ол кісімен ертемен тұрып дарияға барса, айтқан жерінен сандықты көреді. Ашып қараса, шырағдан, әлі жанып бітпеген, мақтасы да құп-құрғақ, сол күйінде. Содан әулие кісі қайта аян беріп: «Мен сені мойындадым, әулиелігіңе күмәнім жоқ»,- деген екен. Қойлақының басына қам кесектен соғылған мазараты бар, әлгі тас сол жерде әлі де тұр. Қасында әкесі Данышманд шайық жатыр. Сәл әріде бабасы жатыр.

Садыр шайық бейіті орналасқан жерде ол кісі жайында ел аузында осындай әңгімелер көп сақталған. Біз әңгіме қызықты, тартымды, әрі дәлелді болу үшін осылай қысқа мысалдарға ғана жүгіндік.

(Материалдар “Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты аңыз, әпсана, хикаялар” кітабынан алынды.  Құрастырған ф.ғ.к., Б.Қорғанбек. Алматы: “Эффект”, 2011ж. )

Сондай-ақ, оқыңыз

Ясауи және Түркі жұрты

ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРДЫҢ БІРЛІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ АХМЕД ЯССАУИДІҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МҰРАСЫНЫҢ ОРНЫ Дүние жүзінің мәдениетіне …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған