Тәзкире-и Бұғра хан

Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы мен хожа Әбу-л Фәттаһ

Бисмиллаһ-ир рахман-ир рахим!

Білгейсің, әзіреті Хожа Әбу Нәсір Саманидың ұлы Хожа Әбу-л Фәттаһ – әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазының орынбасары. Хожа Әбу-л Фәттаһ Әзіреті Сұлтанға керемет те тең болу үшін мүбәрак ауызынан көбік келетін. Осыған орай, ол «Хожа Әбу-л Фәттаһ Бұғрам» деген атаумен халық арасында танымал еді.

Хожа Әбу-л Фәттаһ замана әмірі, әуелгі сүйікті адамзаттың сұлтаны, Алланың мейірі Әлидің пәк рухынан тәрбие алған-ды. Әр нәрсеге талап қылып, тырысқандықтан Хожа Әбу-л Фәттаһ баһадүрлықта, күш-қуатта Әзіреті Сұлтаннан бөлек кісі бола алмас еді. Бір күні Хожа Әбу-л Фәттаһ оңашаһанасында отырған-ды. Әзіреті Қызыр (ғ.с.) кіріп келді де: «Әй, Әбу-л, Фәттаһ, не отырсың? Уақыт тығыз, мұрсатты ғанибет біліп, Құдай Тағаланың дәргаһына жақын бол. Бұл өлкелерде исламды жариялаған Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазының қасына бара жатырмын. Осы сағатта Әзіреті Әзірәйіл: «Дінді таратушы, жер бетінің сәні, ислам мұсылмандарының күні, діннің шырағы, зерттеушінің айғағы, сопылардың падишасы, тариқат жолаушыларының көсемі әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы – Алланың пәкзадасына ажал жетті», – деп хабар берді. Уақытты ғанибет біліп бір заман сұхбат қылайық деді», – деді. Әзіреті Хожа Әбу-л Фәттаһ: «Әй, Әзіреті Қызыр, мен де сіздерге келейін деп қиял қылып едім», – деді. Әзіреті Хожа Әбу-л Фәттаһ әзіреті Қызыр (ғ.с) екеуі бірге жолға шықты. Жолда кетіп бара жатқан-ды. Әзірет Сұлтанның бір қызметкері көріп айтты: «Әй, Хожа Әбу-л Фәттаһ, әзіреті Сатұқ Бұғра хан ғазы сіздерді іздеп отыр», – деді.

Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазының оңашаханасына [хылуетіне]  Хожа Қызырмен кіріп барса, Әзіреті Сұлтан қуанғаннан күліп әр жаққа қарай берді. Әзіреті Сұлтан бұл әзиздерді көріп: «Жақсы кезде келдіңіз, мен сіздерді қарап күтіп отырғанмын. Менің сіздерді шақырудағы мақсатым менің рухым самғауға, биіктеуге өзінің негізгі Отаны – ғарышқа бару, қанат қағуға асығып отыр. Тәтті жанның тотысы тәннің қапасынан безіп ұшып кетуге өтінеді. Өйткені, бұл рухтың құсы қанаттарын қағып тәннің қапасының шеңберінен ұшып кетуге әбігерленеді. Мұрсатты ғанибет біліп, бір мезгіл отырып сұхбаттасайық. Өйткені, бұл [жолда] тариқатта жан достардан, жаһандық бауырлардан ажырап кету қиын көрінеді. Бірақ көну керек. Пендешіліктің мәртебесі – Құдай тағаланың тағдырына риза болмақ. Әр уақытта ажалдың таяғын сілкілеп келсе, өлім шәрбатын татырғалы келсе, оның кешігуі болмақ емес. Сондай-ақ, Құдай Тағала өз Кәламында әмір беріпті. Бұл аятта: «Әй, пенделерім, әр қашан ажал жетсе, бір сәтке кейінде болмас. Ілгері де болмас» дегеніндей рухым абыржып отыр», – деді.

Бір табақта қызыл гүл, екі түсті алма, бір шәрбат пияласы сол жерде пайда болды. Аспандағы періштелердің бәрі отырған кісілердей көзге көрінді. Әзіреті Сұлтанға уақыт аз қалғаны мәлім болды. Тез арада халыққа насихат айтуға кірісті.

Ол: «Әй, орынбасарым, Әбу-л Фәттаһ, менің өсиетім сізге – Пайғамбардың дініне өте бекем болың және шариғаттарын сіздерге тапсырдым. Сәбилерге мұқият қараңдар. Менің балаларым жас қалды. Оларды әбден тәрбиелеп кемелге жеткізің. Құдай сақтасын, балаларымнан бір жаман іс бола қоймасын. Ертең қиямет күнінде Құдай тағаланың дәргаһында ұятқа қалмайық. Әй, Әбу-л Фәттаһ, маған ұқсас болың. Мен жүрген жолда жүрің. Ақыреттің абыройын табың. Бұдан артық айтпаймын. Дұға қылып, еңселеріңді биік ұстаң. Мәрт болың. Хақ Сұбхан Тағаладан «жар болғай» деп тілең. Жаратылыстың басшысы, Болмыстардың түйіні, яғни Әзіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Мұстафаның пәк Рухынан медет, жәрдем тілең. Мені де жиі еске алың, бірақ жыламаң», – деді.

Әзіреті Хожа Әбу-л Фәттаһпен ақырет сапарға рұқсат алып, қоштасқаннан кейін Хожа Әбу-л Фәттаһты, Шейх Нәжм-ед-дин Аттарды, Хожа Әләмдарды құшақтап алып: «Әй, Бұғрам, Хожа Әбу-л Фәттаһ, сіз мені ғұсыл қылдырың. Шейх Нәжмеддин ақыретімді (кебін) тіксін. Хожа Әләмдар қабірімді белгілеп, көрімді әзірлесін», – деп өсиет қылды.

Одан кейін: «Хош, Құдайға тапсырдық, ғам жемең, әй достар! Құдай тағаланың шынайы достары ­– әулиелер соңында халық көзінен ғайып болады. Топырақтан жаралған тән топыраққа қауыша-дүр. Рух өз күйінде бақида қала-дүр. Соңында сіздермен де табыса-дүрміз», – деді. Сосын табақтан бір қызыл гүл алып жұлды. Бір алма алып жеді. Пияладағы шәрбатты алып ішті. «Әл-хамдуллаһ» деп шәһадат сөзін  оқып отырып, үш рет айналып мына бәйітті оқыды:

Тамшы теңізге тамып жоғалды, өзін көрмеді,
Киелі рух бейнесі ұят пердесін кернеді.
Көңіл тыныш құсқа жақсы тәрбие бергей,
Көңіл қалған сірә, қолы қанға жеткей.

Сарайында сырлас болар мұратына жеткенде,
Өмірі де зая кеткен болар оған сенбей кеткенде.
Пақыр ғашық Сатұқ кетті фәни үйден,
Тақуалық бұрышта отырып, хылуетті сүйген,- деп осы бәйіт жолдарын оқып, жанын Хаққа тапсырды. [Бұл – әзірет Сұлтан] сапар шеккен күнінің түс мезгілі еді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеттерімен фәни дүниеден бақи дүниеге аттанды. [Әзіреті Расул Алла да дүйсенбі күні түсте бұ ғаламнан сапар шегіп еді].

Әлқисса, әр тарапқа хабар берілді. Барлық халық жиналып, Әзіреті Сұлтанның өсиеттерін орындады: әзіреті Хожа Әбу-л Фәттаһ ғұсыл қылды. Шейх Нәжм-ед-дин ақырет кебінін тікті. Соңында әзіреті Сұлтанды жаназасын шығарып, «тәбәрік» деп қолдан-қолға көтеріп, намазжайға алып барды. Әзіреті Сұлтанның намазына кемелге жеткен екі жүз әулиелер, жетпіс мың ғалымдар, жиырма екі мың ғазылар, қара халықтан он бес мың кісі жиналып намазын өтеді.

Әзіреті Сұлтанды Қашғарда Астын Артұшдағы Мешһед деген жерде жерледі. Қабірдің бетіне әлі кірпіш қоймап еді. Сонда Әзіреті Сұлтан басын көрден көтеріп отырып, асқақ дауыспен: «Әй, Алла, ғажап мүбәрак шаңырақ бердің. Сен – үй берушілердің ең қайырымдысысың», – деп осы аятты оқыды. Одан кейін кәдімгідей ұйықтайтын кісіше құбылаға қарап жатты. Халық көрдің аузына кірпіш тізіп, топырақ салды.

Бұл оқиғалар болғанда тарихқа 409 (төрт жүз тоғыз жыл) еді. Кейбіреулер жиырма деп те айтады. Әзіреті Сұлтанның жаназасын көтеріп барғанша жүзіне бетперде тартқан бір кісі арыстанға мініп келіп, көтеріп аспанға ұшып, ғайып болды деген рауаят та бар. Кейбір рауаятта «Әзірет Сұлтан тірі күйінде ғайып болып кетіпті» дейді. Ал, шынында Әзіреті Сұлтан дүниеден өтті. Артұшқа қарасты Мешһед жерде жерленді.

Әл-қисса, сол түні ғазылардан бір кісі, ғалымдардан үш мың кісі, қара халықтан үш мың кісі түстерінде Әзіреті Сұлтан патшалық жолын үлкен ризалықпен атап жүргенін көрді. Олар патшадан:

«Әй, ұлық, Алла Тағала Сізге не сыйлады?» – деп сұрады. Әзіреті Сұлтан: «Әй, жарандар, Құдай Тағаланың о дүниеде берген дәулеті үш есе. Әй, ғазылар, достарға Құдай Тағала мені Қадірменді етіп мәртебелі шаңыраққа орнықтырды деп айтыңдар. Мен жүрген жолда жүрсеңдер, мен қылған істі қылсаңдар, мен тапқан дәулетті шүбәсіз табасыңдар. Әрі халифем Хожа Әбу-л Фәттаһға «сізді қатты сағынып еске алады», – деңдер». Бұл әңгімені естіп, Хожа Әбу-л Фәттаһ жан жүрегімен қабыл алып, шабыттана орнынан тұрып, үш қайтара отырды. «Бисмиллаһ-ир рахман-ир рахим» деп: «Әй, Алла, еш кедергі жоқ, жанымды алыңдар», – деді. Сол сәтте Хожа Әбу-л Фәттаһға әзіреті Сұлтанның мүбәрак рухы келіп: «Иман, ықылас, ынтаңыздың арқасында неше жыл ішінде мемлекетті басқарып, кемелге жеткіздіңіз, енді менің қасыма келің», – деді.

Әл-қисса, Хожа Әбу-л Фәттаһ үш жыл өмір сүргеннен кейін бұ дүниеден өтті. Хожа Әбу-л Фәттаһты көрге қойғанда әзіреті Сұлтанға ұқсас: «Әй, Алла, ғажап мүбәрак шаңырақ бердің. Сен үй берушілердің ең қайырымдысысың» деген әуез келді. Көр басында тұрған халық ол әуезді естіп  айқай салды. Сосын тағы да: «Мас болыңдар, рахмет қылсын Құдай Тағала сіздерге» деп әуез келді. Барлық халық бұл әуезді естіп мас болып қалды. Тағы естерін жиды. Сол түні Шейх Нәжм-ед-дин Аттар түс көрді. Түсінде: «Әй, Хожа Әбу-л Фәттаһ, Құдай Тағала Сізге не сыйлады?» – деді. Хожа Әбу-л Фәттаһ күліп: «Әй, Шейх, Нәжм-ед-дин, менің рухым әзіреті Сұлтанның рухымен қосылды. Сөйтіп, дүниенің қайғысынан құтылды. Құдайдың достарына үлкен бір айырма жоқ», – деді де, ғайып болып кетті.

– Әй, Алла, осы ғазылардың құрметіне барлық күнәһарлардың күнәсін кешіргейсің. Тура жолға салғай, күпір мен адасудан сақтағайсың. [Оларға] ғылымың, жомарттығың, рахымың, қайырың жаусын. Әумин.

Мәтіндерді көне түркі тілінен аударған
 филология ғылымдарының кандидаты  Серікбай Қосан

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button