Мәңгілік қарыздармын

Әкемнің көзі тірісінде аманат қылып тапсырған бұл жазбаны баспаға берерде, әкем жайлы естелік жазуды өз борышымдай сезіндім.  Өткені, шын мәнінде рухы жәннатта болғыр әкемнің алдында қарыздармын. Әкемнің тәрбиелік сөздерін, ыстық алақанын сағынғандықтан болар, сол сағынышымды қағаз бетіне түсіргенді жөн көрдім.

Әріден бастар болсақ, қайран әкем дүниеге келген жылы атам Әбдіхалықты Ұлы Отан соғысына алып кетіпті. Атам соғыстан оралмады, 30 жасында жесір қалған әжем Бибісара әкемді өз тәрбиесіне алып, қанаттыға қақтырмай,  тұмсықтыға шоқтырмай, аман-есен өсіреді. Өйткені менің әкем ер кіндіктіден жалғыз бала болғандықтан шығар, күндіз-түні Алладан амандығымды сұрап өсірген екен.  Алла тағала тілегін қабыл етіп, ұрпақты жалғастырар жалғыз баласынан  5 ұл, 3 қыз немересін көрді. Өз ері алдындағы аманатты орындаған әжем 79 жасында бұл дүниеден мәңгілік бақи әлемге кете барды.

Әлі есімде, мен тетелес ағам Нұрлыбекпен бірге өстім, күнде әкемнің екі жағына жататын едік. Әкем күнде төсекке жатар алдында «биссимилияны» айтуды және «әшһәду әлла иләһа иллаллаһу уә әшһәду әннә Мухәммәдән ғабдуһу уә расуллуһ» кәлимасын ұмытпай айту керектігін күнде есімізге салып отыратын. Ол кезде біз бұл сөздің мағынасын білмесек те, күнделікті айтып жүруді  әдетке айналдырған едік. Бұдан соң әкем біздерге ел аузынан қалған әңгімелерді, өлең шумақтарын қосып айтатын.Біз бұл әңгімелерді   күнде ести бергендіктен болар, жаттап алатынбыз. Міне, есесіне сол өлең жолдары әлі есімде.

Әкем бала кезімде мені Бұхарадағы діни медреседе оқытамын деп айтатын. Мен сол кезде медресенің не екенін жөнді білмейтінмін. «Қашан өсем, қалай мені Бұхараға оқуға жібересің? деп әкемнің мазасын алатынмын.  Әкем біздерге: «біздің ата-бабаларымыз, сонау Араб өлкесінен дін тарату үшін келген. Ата-бабамыздың ісін әрі қарай жалғастыруымыз керек. Менің кезімде бұл міндетті жалғастырудың еш мүмкіншілігі  болмады, бірақ сендер есейгендеріңде бұл істі жлғастырудың реті келеді. Құдай қаласа, өз егемендігімізге ие болар заман келер, сол кезде қасиетті дінімізді әрі қарай жалғастыруға дайын тұруларың керек» деп айтатын. Шын мәнінде біз есейгенімзде, әкемнің айтқан сөздерінің орындалағанын өз көзімізбен  көрген  бұл заманда ойлап  отырсам, қайран әкем әулие екен.  Шариғат кітабында: «Әулиелік – адам дүние салған соң барып білінеді» деген жолдарына көзім енді жетті. Қайран әкем: «Мен 37 жас мүшелімде анамнан, 49 жас мүшелімде жан жарымнан айырылдым, енді келесі мүшелімде өзім кетемін» дейтін. Біз әкемнің  айтқан бұл сөзін жай айта салған сөзге жорып, көп мән бермейтінбіз. Бірақ келесі мүшелінде тура 10 күннен соң әкемнің фәни дүниемен қош айтысуы – бұл айтылған сөздердің  жай емес екендігіне көзімізді жеткізген еді. Осы сияқты әкемнің айтқан сөзеріне қарап отырсам, ол кісіге Алла тағала «әулиелік» қасиетті берген деп ойлаймын.

Әкем жасымнан-ақ өсиет қылып айта бергендіктен болар, мен «шіркін-ай, араб тілін сөйлеп үйренсем ғой деген ниетте ер жеттім.  9-шы сыныпта жүргенде әкем маған арабша төте жазуды үйретті.  КазМУ-дың журналистика факультетін оқыған кезінде араб әріптерін үйренген екен.  Мен арабтың төте жазуын тез, әрі жақсы меңгердім. Әлі есімде, мектепте оқып жүргенімде ұстаздарым, тіпті директордың өзі келіп, өз аттарын арабша жазып беруін өтінетін. Арабша әріп тануым мен әрі қарай тілді үйренуге деген ниетке жетеледі.

Оқу бітіретін жылы аяулы анам, аяқ астынан көз жұмды. Бұл ауыр қайғыны еш ұмытар емеспін. Анам қазіргі кезде де дүние салмаған, уақытша бір жаққа  кетіп қалған сияқты болады да  тұрады. Анам жайлы айтар болсам,  оның адамгершілгі, адал, кішіпейілдігі жайлы бір кітап жазуға болар еді. Менің анам әрі ақын жанды кісі болатын. Ағам Мұрат әскер қатарына кеткен кезде 5-6 шумақ өлең жазған еді. Сол өлеңді  оқыған адамның отанға деген патриоттық сезімі күшейетін. Ұмытпасам, мен жеті жасқа толғанымда  біз үйді ауыстырып, орталықтан жаңа үй сатып алдық.  Бұрын сауын сиырларды ойға айдайтын болса, жаңа үйге көшкендіктен қырға жіберетін болдық.  Сол кезде мен мамаммен еріп сиырларды қыр жаққа жолға салып жіберуге шығатынмын. Келе жатқанда жолда қабірстан болатын. Ол жерде жан әжем Бибісараның қабірі бар. Анам екеуміз қабірге соғып, оны-мұны жерлерін түзейтінбіз.

Сонда анам әжемнің  қабіріне қарап тұрып, қолма-қол бір шумақ өлең шығарып былай деген еді:
«Жан әжем қабіріне барып келдім,
Үйілген топырағын  көріп келдім.
Жан әжем үндемеді, тіл қатпады,
Бір уыс топырағымды салып келдім».
Осы жолдарды айтып, маған жаттатқан еді. Осы бір шумақ өлеңді әлі күнге дейін есімнен шығарған емеспін. Топырағың торқа болсын, жан анам. Бұл дүниеде көре алмаған қызықтарыңды о дүниеде көр!

1990 жылы мектеп бітірген соң, әкем менің құжатарымды Алматыдағы ҚазМҰУ-дың шығыстану факультетіне тапсыртты. Бірақ әкем маған «Жамбыл облысының Мерке ауданында діни медресе ашылғанын, соған оқуға  тапсырсаң» деген ұсынысын білдірді. Бірақ, ол заманда «медресені» дұрыс түсінбегендіктен бірден бас тарттым. Келесі жылы әскер қатарына ілініп кете бардым. Украинаның  Одесса қаласында әскери қызметімді өтеп жүргенімде, бір күні әкемнен хат алдым.  Ол хатпен бірге «фатиха» және «ықылас»  сүресінің  кирилше жазылуының қалайша  оқу керектігін білдіретін газеттің қиындысын  қоса салыпты.  Мен бұл екі сүрені  жаттап алдып күнделікті оқып жүруді әдетке айналдырдым. Бір жағынан ішімде «әкемнің тілін алып, медресеге оқуға барғанымда дұрыс болар еді» деген өкініш те жүрді. Әскерден соң елге барсам, міндетті түрде әкемнің ұсынысын орындаймын деген шешімге келдім. Әскерден соң елге оралғанымда, әкем маған бұрынғы ұсынысын айтып, діни медресеге барсаң деген ойын білдірді. Мен тағы да пендешілікке салынып, ойланайын болмаса басқа жоғарғы оқу орындарына тапсырсам ба-деп екі ұшты жауабымды айтып жүргенімде, бір күні таң атып қалған кез болатын, керемет бір түс көрдім. Түсімде үлкен бір мұнараның басында бір нұр жанып  тұр. Ол нұрдың ішінде  бес саусақтың ізі бар екен деймін. Маған қанат бітіп, сол мұнараны айналып ұшып жүрмін. Кімде-кім сол 5 саусақтың  ізіне қолын қойса, сол адам қажы болады екен. Мен қолымды қойып, қажы болдым деп, қуанып жатқанымда ұйқымнан оянып кеттім. Сол кермет түсімді әкеме айтқан едім, әкем қатты қуанып, саған діни оқу керек деді. Мен сол көрген түстің әсерінен «Көке, сіздің айтқаныңыз болсын, мен Мерке медресесіне барамын» деп, айналдырған 10-13 күннің ішінде, бүкіл құжатарымыды әкем өзі реттеп беріп, ұшақпен Жамбыл қаласына , одан әрі Мерке келіп, мені медресеге өз қолымен тапсыртты.

Меркі медресесінде Құранды араб әрпімен зуылдатып оқитын дәрежеге тез жеттім, бірақ араб тілінің грамматикасын оқытатын ұстаз болмады, оқып жатқан аяттың оқылуын білгенмен мағынасын білмей ол да бір кемістік сияқты болады екен. Жарты жыл оқыған соң Меркеге Өзбекстан жағынан арабтар келіп, Өзбекстанда араб тілін оқытатын оқу орынын ашқандарын айтып, соған жақсы оқитын  шәкірттеріңізді жіберсеңдер біз қабыл аламыз деп, медресе директорына мекен-жайларын тастап кеткен екен. Ол кезде шәкірттердің барлығы қысқы демалысқа үйлеріне  кеткен болатын.  Демалыстан келген соң, мен бұл жаңалықты естіп медресе директоры Әбдулмәжид ұстаздың  батасын алып, әрі қарай арабтың тілін үйрену үшін Өзбекстанның Андижан қалсына оқуға аттандым. Бір жарым жылдың ішінде  араб грамматикасын оқып, шіркін әрі қарай араб мемлекетінде оқысам ғой деп Құдайдан сұрап жүргенімде, Алла нәсіп етіп, Египет Араб Республиканың астанасы Каир қаласындағы бүкіл мұсылмандарға танымал, аты шыққан «Әл-Әзхар» универстиетінің шақыртуымен, оқуға қабылдандым.  Аллаға сансыз шүкірлер болсын. Менің әрі қарай блім алуыма әкемнің ықпалы зор болды.

Египетте оқып жүргенімде әкем хатында Қаз МҰУ-дың бір аспирант қыздың  жазған мақаласын қоса салыпты. Ол мақала авторы мұсылман еліне оқуға барғанын, бұларды оқытқан професолардың ішінде Насрулла Әт-Тарази есімді академик болғанын, оның негізі қазақтандық екенін жазыпты.  Әкем маған «осындай атақты, мысырлық болып кеткен қазақты ауып ал, ол да сенің туысың болуы мүмкін» деген сөзін қоса айтқан екен. Мен бұл хаттан соң, көп ұзамай ол кісіні іздеп барып,  үйінде қонақта болып, осылайша әкемнің арқасында сонау Африкада өз жерлесімді тауып алдым. Бүкіл Египет мемлекетіне танымал болған ғалым, академик Насрулла Әл-Таразиден дәріс алып, ол кіснің ақылын көбірек тыңдадым. Ол кісі 74 жасында дүние салды.

1996 жылы  Каирдан Сауд Арабиясына қажылыққа аттандым. Кеме  екі күн Қызыл теңіздің  үстімен  жүреді. Біз мінген кеме түн ортасында Жидда деп аталатын портты қаласына жақындап келе жатты.  Біздің  үстімізде ихрам киімі, кеменің алдына шығып алып «тәлбия» дұғасын айтып келе жатырмыз. Бір кезде алыстан төбесінде кемелерге жол көрсететін маягы жарқыраған үлкен мұнара көрінді. Кеме сол мұнараға қарай беттеді. Мұнара көріне салысымен, мен бұл жерде бұрын болғандай сезіндім.  Ішімнен: «мен мұнда болдым ғой, бұл мұнараны көрдім ғой» деп ойлаймын. Мұнараның басында ғы маяк жылтырап,  нұрлы сәулесін шашып тұр.  Сол кезде барып,  мен баяғыда  көрген түсімді еске алдым.

2002 жылы үлкен қажылыққа барғанымда, ол қажылықты әкемнің атынан өтемекке ниет етім. Үйге телефон соғып: «әке, сіз өзіңізді қажылықта жүргендей сеніңіз, егер құдай денсаулығыңызға  шипа берсе, өзіңіз тағы бір барарсыз» деп ризашылығын алып, қажылыққа аттандым. Шариғатта бұны «бәдәл» қажылық деп атайды. Қасиетті Арафа күнінде, Арафада тұрғанымда мен түс көрдім. Түсімде әкем дүние салыпты. Ұйқымнан шошып оянып, әкем ауруынан жазылып, Құдай қаласа ұзақ жасайды екен деп жорыдым. Елге оралғанымда бір жарым айдан соң әкем аяқ астынан дүние салып, қасиетті жұма күні бақи әлеміне қарай кете барды. Қажылыққа киген ихрам киімім, оның  үстіне кебін болып тігіліп, жер қойынна бірге кетті.

Қасиетіңнен айналайын, Әке! Баларыңыз, немерелеріңіз сізді ешуақытта ұмытпайды, Қабірдің рахатын көріп, рухыңыз жаннатта болсын!

Әбдіхалық Аманкелді Еренғайыпұлы
(Еренғайып хожа Әбдіхалық. Ізгілер іздері кітабынан алынды)

Сондай-ақ, оқыңыз

Құттықожаұлы Әбсаттар

Бәйменқожа ұрпағы Құттықожаұлы Әбсаттардың  өзінің басынан  өткендерін былайша еске алады: «Бір күні ішкілікке салынған  Сейсен …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған