Басқы бет / Сыр-сұхбат / Дінге қарсы репрессия

Дінге қарсы репрессия

Қазақ халқы өткен ғасырдың өзінде талай нәубетті бастан кешірді. Тәуелсіздікке дейінгі соңғы жетпіс жылда жүргізілген саясаттың бір мақсаты қазақты ұлттығынан айыру болса, екіншісі дінінен айыру еді. Егемендігімізді алып, еншімізді бөлгеннен кейін ұлттық құндылықтарымыз да, мұсылмандығымыз да мығым бола бастады. Сол бір нәубет жылдары қазақ халқы өзінің болмысын, діни ұстанымдарын қаншалықты сақтай алды? Неден ажырап қалды? Бұл сауалдар төңірегінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Арайлым Мұсағалиевамен жолығып, пікірін білгенді жөн санадық.

– Арайлым Сәбитқызы, Кеңес кезеңіндегі ислам тарихы толық зерттелді деп айта аламыз ба?

– Қазір БАҚ беттеріне қарап отырсам, көпшілігі 1920-1930 жылдардың маңайындағы ислам тарихын көбірек қозғайды екен. Сіздердің сайтта дәл солай. Әрине, ол да керек.

Жалпы тарихшыларымыздың өзі ислам діні туралы айтқан кезде бұл діннің кеңес үкіметі кезінде болғандығын ғана айтады. Ал, исламға қарсы жүргізілген мемлекеттік саясат туралы әлі толық зерттелмеген. Яғни, қазақ топырағындағы исламның қудалануы мемлекеттің тарапынан үлкен зерттеуді қажет етеді. Мысалы, мен зерттеуші ретінде көптеген еңбектерді қарап жүрмін. Бізде проваславия дінінің қудалануы, баптисттердің қудалануы мемлекеттік мәселе болып көтеріп, жоғары деңгейде зерттеліп жатыр. Ал, ислам дінін зерттеушілер арасында бұл өте аз. Біздегі зерттеушілер көп жағдайда кеңес кезеңінде ислам болды ма, болған жоқ па деген сауалдың төңірегінен ұзай алмай жүр. Және тағы да сол 1920-1930 жылдардың маңайын қамтиды. «Сол жылдары мешіттер қиратылды, исламға деген қарсылықтар болды», деген мәселелерді ғана көтереді.

Шын мәнінде, кеңес үкіметі орнағаннан бастап ислам діні репрессияға ұшыраған әлемдік діндердің қатарында болды. Қазақстанда бірнеше діннің өкілдері болса, соның ішінде ең үлкен құрылым ислам еді. Сондықтан, ең үлкен қарсылық та исламға болды.  Мысалы, 1918 жылғы КСРО-ның конституциясын алып қарасаңыз, онда дін басшыларын сайлау құқығынан айыру туралы көрсетілген. Оның ішінде көп жағдайда біздің тарихшылар шіркеудің дін басыларын қудалау деп айтып жүр. Жоқ, ол кезде керісінше исламның дін басыларын қудалау болды.

айг Бұл қудалаулар қай дәрежеде жүргізілді?

– Қазір «исламға қарсылық соғыс уақытында біраз саябырсыды да, кейін қайта күшіне мінді» деп айтып жүр. Негізі дінге қарсы ең үлкен репрессия Хрущевтің кезінде болды. Оның «ең соңғы попқа дейін қудалаймын» деген сөзі бар. Осы сөзден кейін үкіметтік деңгейде дінге деген қарсылық науқаны басталды Осы мәселеге байланысты немістер баптисттерді көп зерттеді, орыстар православия шіркеулері туралы көп зерттеді, католиктер де белсенді түрде зерттеу жасап жүр. Бірақ, тағыда ислам діні назардан тыс қалып жатыр. Көп жағдайда ислам дінін 1960-1970 жылдардағы қазақтардың тұрмыстық деңгейдегі дін деп түсіндіріледі. Бірақ, сол кезеңде үкіметке деген қарсылық ислам діні арқылы көрініс тапты. Исламға үкіметтің қарсы екендігін біле отырып, адамдар осы дінді ұстанды.

– Кеңес кезеңінде ислам дінін ұстанушылар оңтүстік өңірде көбірек болды. Ал солтүстік өңір тың игерудің кесірінен орыстанып, ислам дінін ұстанушылар аз болды деген пікір айтылады…

– Бұл пікір қалыптасып қалған. Сосын қайталана беретін болу керек. Мен зерттеуші ретінде солтүстік өңірлердің көптеген ауылдарын аралап шықтым. Орыстанған ештеңесі жоқ. Сол қазақы қаймағы бұзылмаған қалпы отыр. Рас орыстандыру саясаты жүргізілді. Тың игеру кезінде түрлі өзге ұлт өкілдерін әкеліп қоныстандырды. Тіпті қазақтардың өзін мәжбүрлі түрде алыс аймақтарға қоныс аударылды. Соның салдарынан медреселерді ұстап қалуға қауқарлары жеткен жоқ. Ол тұрмақ тың жерлерді игереміз деген желеумен қорымдардың өзін трактормен тегістеп тастады емес пе?!

Сол кездері жасқаншақтап жүргенде ұлттың да діннің де кейбір құндылықтарын жоғалтып алды. Болмаса оңтүстіктегі секілді бұл аймақта да діни жоралғылар жақсы сақталған. Бұл ерлікпен парапар. Бұл туралы көбірек айтсақ, жиі жазсақ, насихаттасақ дұрыс болады.

Мен осы Солтүстік Қазақстандағы ислам дінінің қудалануына байланысты бірнеше мақалалар жаздым. Солтүстікте де ислам діні өте дамыған діндердің бірі болды. Мәселен, Петропавлда, Көкшетауда, Павлодарда және Қостанайда ірі төрт мешіт болған. Кешегі тың игеру кезеңінде ислам дінінің дамып тұрған өңірлердің біреуі осы солтүстік болатын. Тың игеру кезінде түрлі ұлттар мен өзге діннің өкілдерін солтүстікке көптеп әкелгенде жергілікті тұрғындар өз дінін қаншалықты сақтап қала алды деген оймен бірнеше құжаттарды парақтап шықтым. Сонда көптеген қызықты материалдарға жолықтым.

1960-1970 жылдары үкімет жергілікті молдалардан табыстарының белгілі мөлшерін салық ретінде төлеуді міндеттеді. «Молдалар жаназа шығарғанда, бала сүндеттегенде тапқан пайдасымен бөліссін» деген. Кез-келген қазақ ұл баласын міндетті түрде сүндеттейді. Ал, ол исламдағы негізгі атрибуттардың бірі болып саналады. Сондықтан, үкімет балаларды сүндеттеуге тыйым салғысы келді. Бірақ, оған ешкім бағынған жоқ. Осыдан кейін жаппай молдаларды қудалай бастады. Тіпті, мектептің директорларына әрбір баланың шалбарын шешіп, тексеруге бұйрық берген. Нәтижесінде ұлдардың 95%-ы сүндеттелген болып шыққан. Бұл дегеніңіз, сол кезеңдегі адам құқының соншалықты тапталуының бір көрінісі еді. Онымен қоймай, бұл ұлдарды қай молда сүндеттегенін анықтаймыз деп, әрбір ата-ананы жауапқа тартқан. Алайда, өз баласын кім сүндеттегенін бір де бір ата-ана білмейтін болып шығады. Мен үшін бұл қызық жағдай болып көрінді. Қалай өз баласын кім сүндеттегенін білмейді?

Бұл туралы мен сол замандарда өмір сүрген кісілерден сұрастырып көрдім. Сөйтсем ауылдың әйелдері сүндет жасына келген ұлдарын ерітіп, бір үйге жинайды екен де, өздері кетіп қалады екен. Артынан бір молда келіп барлық баланы сүндеттеп кетеді. Бұны білген үкімет молдалардың артына адам салып, бірнеше молданы ұстаған.

Үкіметтің қарсылығын біле тұра, бұл үшін басы кететінін біле тұра осыған саналы түрде барды. Оларды жай қалдырған жоқ әрине. Қудаланды. Бір құжаттарда тергеушімен пікір таластырып, «мен бәрібір дінімді сатпаймын, бұл жолымнан бас тартпаймын» деген қарсылықтарын оқығанда таң қалдым.  Сол кездегі қазақтарды дінге деген ықыластарының, сенімдерінің  соншалықты жоғары деңгейде берік болғанына таң қаласыз. Осыдан кейін бұл өңірлерде ислам діні, қазақылық әлсіз болды деп қалай айтамыз.

Қазіргі тыныш заманда неге біздің дінге деген сондай ықыласымыз жоқ деп ойлаймын кейде. Бұл да кешегі кеңес идеологиясының біздің санамызға қаншалықты деңгейде әсер еркендігінің көрсеткіші.

– Сонда молдаларды қалай ұстап отырған? Олардың намаз оқитынын, жасырын бала сүндеттейтінін қайдан білген?

– Олар молдаларды жаназа шығатын үйден, жетілігін, қырқын, асын беріп жатқан үйлерден, айт намазы кезінде, ауызашар беріліп жатқан үйлерден ұстап отырған. Яғни, КГБ-ның жансыздары сол шаралардың барлығына барып қатысып жүрген деген сөз. Олар да сол жерде отырып, айт намазына қанша адам келді, қанша адам ораза ұстайды, қанша адам намаз оқиды, қандай уағыздар айтылады осының барлығын бақылап жүрген. 1964 жыл Солтүстік Қазақстан бойынша дін істері уәкілі, облыстық қаржы бөліміне қандай молдаларға салық салу керектігі туралы тізім жіберген. Ол уақытта үкіметтік тіркеуде бір де бір мешіт болған жоқ. Ал, шіркеулер тіркеуге алынып отырған. Салық салуда да солай. Шіркеудің табысы өздерінде қалады да, мешіттерге салық төлеу міндеттелген. Сол кезеңде солтүстік өңірде жүзге тарта молда болған деген дерек бар. Олардың жетпісінің аты-жөні толық тізімделген. Барлығын дерлік, жаназа шығарғаны үшін, намаз оқығаны үшін, пітір садақа жинағаны үшін деп түрлі сылтаулармен қудалаған. Басында жай ғана салық салып қудаласа, кейін 1970 жылдары үстерінен арнайы қылмыстық іс қозғап айдауға, абақтыға жіберген. Қазіргі таңда, осы жоралғылардың барлығы солтүстік аймақтарында болмағандай қылып көрсетіледі.

«Кеңес кезінде құдайсыздық идеологиясы басым болғандықтан, ислам діні болған жоқ» деген пікірлер айтылып қалады. Бұған зерттеуші ретінде не айтасыз?

– Рас, сіз айтып отырған пікірді ислам тарихын зерттеп жүрген бір ғалымның ауызынан естіп таң қалғам. Ол кісі де кеңес кезеңінде ислам болған жоқ деген санайды екен. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Ислам болды. Және мұсылмандар қанша қиындық көрсе де дінін сатпайтынын, үкіметтің саясатына деген қарсылығын анық көрсете алды. Мәселен, менің туыстарымның арасында ислам дінін берік ұстанған кісі болған. Бірақ, ол кісі қоғамнан бөлініп қалғандай өмір сүрді. Олай жүруге де үлкен күш керек. Сондықтан, кеңес үкіметінің ислам дініне, ал исламның кеңес үкіметіне қарсылығын толық зерттеу қажет деп ойлаймын.

Тәуелсіздік алғаннан кейін халықтың исламға деген бетбұрысы қалай болғанын өзіңіз жақсы білесіз. Себебі, оларда бұл діннің іргетасы бар еді. Егер кеңес кезеңінде ислам болмаса кейінгі буынның исламнан мүлде хабары болмас еді ғой.

– Қанша қудаланса да кешегі молдаларға деген құрмет жоғары болғандығын аңғарамыз. Ал, қазіргі молдаларда сондай құрмет бар ма?

– Үкімет «халық жауы» деп қудалап жатса да халықтың молдаға деген құрметі ерекше еді. Тіпті, ауылдағы ең беделді адам молда болған. Ал ол молда қандай болған, бүгінгі молдалар қандай? Бар мәселе осы жерде секілді. Ол кезгі молдалар ақыл тоқтатқан, ақ сақалды, үлкен кісі болатын. Бүгінгі ақыл тоқтатқан, жасы ортадан асқандарды қарасаңыз елге ақыл айту былай тұрсын, әлі күнге тілін кәлимаға келтіріп көрмегендер бар. Қазір молда деп жап-жас жігіттерді айтады. Әлі білімі толықпаған жас балаға ақсақалдық бедел қайда. Біз шығыс халқы болғандықтан үлкеннің айтқанын жанымызға жақын қабылдаймыз. Жастар түрлі ағымдарға кетіп қалып жатса, оларды жөнге салатын ақсақалдардың жоқтығынан.

Қазір мешіттерде жастар көп, Құдайға шүкір. Ал, жасы ортадан асқан, ақсақалдық жасқа жеткендер өте сирек. Себебі, олар да сол тұншықтырылған ұрпақ. Әсіресе, кешегі жүйеде қызметте болған кісілер дінге жақындағысы келмеді. Жақындаса қудаланатындарын жақсы білді.

 Сұхбаттасқан 

Олжас СӘНДІБЕК

e-islam.

Сондай-ақ, оқыңыз

Шаяндағы Қосым ишан мешіт-медресесінің беймәлім тарихы

Жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әдіһам Шілтерхановтың қирап жатқан Аппақ ишан медресесінің қалай мәдени мұра ретінде мемлекет …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған