Білген Шайыр айтады

Сыр саңлағы – Құтбай Дүрбайұлы

Төлеген Айбергенов
Құтбайға
Термесі ұя арман маужыраған,
Зердесі ескен самал тау-жырадан.
Теңдесін бул аймақтан таптырмайтын,
Кеудесі күмбірлеген ән-жыр ағам.

Бұл ағаң қазір елу алтысында,
Жамбылға бұйырған жас жартысында.
Риза бауырлардың ортасында,
Сүйіскен жүректердің дәл тұсында.

Тыңда сен тансық болсаң Құт ағаны,
Арманы лапылдаған от-ағаны.
Оны есітіп қатып қалған тас болсаң да,
Жаныңда бір жанар тау тұтанады.

«Сұлу бар әдемірек сұлулардан»
Жанына дас Хорланнан жылу барған,
Мың бақ бар шуылдаған кеудесінде,
Ырғақ бар қайталанбас үнінде алуан.

Даусында гүрілі бар Қарасудың,
Бәріде өз бойында жарасулы үн.
Бұл ағаң баршасынан асып өткен,
Бұл аймақ жырындағы бар асудан.

Сәтімен туып қалған маңдайлы адам,
Жырлаған алтын шапақ таңдайлы адам.
Қырық жыл той-мереке сапарында,
Халқының қанжығасына ән байлаған.

Құт аға әннің көлін мөлдіреттің,
Алғысын айтпақ болып мен жүректің.
Сіздік мол ықыласқа тиек салып,
Сыр толы көкірегімді домбыра еттім.

Құтбайдың термелері

Қызметкер тілім сөйлеп қал.
Айрылмай тұрып егеңнен.
Ажарлы сөздер әзір тұр
Дәуренің өтпей төбеңнен.
Саяхат қылған сайраның,
Шым батқандай сап болар,
Айдын сәуле берекең,
Кез келсе ерлер келер ме,
Таңдауын таппай еменнен,
Сөзге разы болсаңдар,
Сіздерден сөзім садаға,
Қызмет етем төбемнен.
Үш жүздің көрдім баласын,
Жоғары жүйрік төменнен.
Қоңыратты көп жыл аралап,
Тұз татып, нан көп жегенмен,
Дулатты көп жыл аралап,
Әлімді көрдім Шөменнен.
Арғымақ мініп Маралда,
Әруақ қуған жебемен.
Бай болмағым жол асып,
Қазақстан болды берекем.
Мастығымды білмеген,
Жүгірмемен серуенмен
Елуден жасым асып тұр,
Алпысқа қадам басып тұр.
Біразға келіп күйдірген.
Күйдірген десе көңіл жас,
Жебелеп сөзді алдына,
Іштебір жатып бөгелген.
Менің сөзім сөйлесең,
Халқыма тіпті ыңғайлы.
Шын жүйріктің белгісі,
Жұмырлап сөзді сипайды.
Қабілетсіз қас сыпа,
Қатесіз қадам болмайды.
Бір жеген тойып жемтікке,
Ақсұңқар мойын бұрмайды.
Қатыннан жаман ұл туса,
Нсілдің намын бұлғайды.
Жаман ұғыл байқасаң,
Дәреттен соң қолын жумайды.
Қолыңды жу лас десең
Бар тоқымын қолына ап
Қорс-қорс етіп тулайды.
Көсіліп жатқан көп Дулат,
Сөзімді менің тыңлайды.
Қоңырат, Найман бұ Арғын.
Сөзімді менің талдайды.
Қаңлы менен Шанышқылы,
Аяқ асты қылмайды.
Біздің сөзден хабардар,
Түркмен, татар, Шымбайды,
Сарнатып жүр біреулер,
Қобыз қып ап сырнайды.
Менде соның бірі боп,
Әдет қып жүрмін үрияйды.
Қызық деп мұны жүргенде,
Жас асып елуден ұлғайды.
Саламат кезім келген соң.
Сөйлеші ақын деген соң.
Көңілім болды бір жайды.

***

Домбыра алып қолыма ахау…
Ал, сөзімді енді бастайын.
Көңілге сана тастайын.
Осы өнерді кәсіп қып,
Алып едім жастайын.
Жақсылар сізге жолығып,
Әңгімеге молығып.
Ғанибет болды, қостайын.
Жетпісті қуып желікпей,
Желдемей мінбе көлікті.
Ескілі жау ел болмас,
Езіліп құры елікпе.
Арыстанды қуып арсылдап,
Жетпісті қуып желікпе.
Біразырақ сөйлейін.
Осы отырған жақсылар,
Бекерге қарап желікпе.
Құлақ салсаң жақсылар,
Ақынның кеңес айласын,
Қош алып құлақ салыңдар.
Басыңнан бағың таймасын.
Алдарыңа келгенде,
Тасып көңілің қош ұрып,
Содан әрі қайнасын.
Құдай берген кеңесің,
Ары қарай жайнасын.
Белгілі болған әруақтар.
Гүл ашылған шарбақтар,
Бұлбұлың болып сайрасын.
Бұған тоқтау ете алмай.
Үйдегі мен сар даланы,
Жүреміз іздеп қайдасын.
Жақсыдан көңілім шат болып
Кейде көңілім ақ болып
Жер-жерден көрдік пайдасын.
Сөйткен қайран жұртымнан,
Әйтпесе жүрмей ырқыңнан.
Мына келген ақының,
Үйірді қалай айдасын?
Сөйле десең сөйлейін,
Сөйлемесіме қоймасын.
Тілегенің сөз болса,
Сөз дариясын құяйын,
Жаһанды шарлап айналсын.

Сөз басы
Сөйле тіл, өлшеулі күн демің бітпей,
Ажалға айла бар ма келсе тіктей?
Кім барар өлең айт деп өлгеннен соң?
Топырақ боп төбе-төбе жатқан көктей.
Сайраңда, сазыңды алып, сайра тілім,
Басыңнан қызық дәурен күнің өтпей,
Осындай мерекеге кез келгенде,
Тоқтай ма ақын көңілі өлеңдетпей.
Еркесі ақын елдің ерінбейді.
Ағар ма жырдан бұлақ терең кетпей.
Сөзімді көркем күймен көрсетейін,
Бәйге алған той жиыннан сәйгүліктей.
Төгемін тілден терме көңілден күй,
Иісі аңқып жаңа піскен әңгелектей.
Үнемсіз сөз маржаны қайдан тусын?
Тазартып егін өнбес, тұқым сеппей.
Қадірлі халық ақыны бола алмайды,
Талқылап халқы қалап, сыннан өтпей,
Әсерлі үн, жүрек қозған ән болмаса,
Сөз қонбас қорғасындай ойға шөкпей.
Тағы айт деп тыңдағанды тамсандырса,
Қалатын ойыңда боп естен кетпей.

Жақсы сөз жақсы деген

Жақсы сөз жанға жақсы жекіргеннен,
Көп сөйлеп мән шықпайды көпіргеннен.
Жалғаннан рас айтқан аз сөз артық,
Мақтанып, масаттанып лепіргеннен.
Әуелден ауызбірлік тату жақсы,
Бірікпей ынтымақсыз сөгілгеннен.
Халқыңың жақсы болсаң қамын ойла,
Өз басың оза алмайсың жетілгенмен.
Ісіңді әділ болсаң тура алып бар,
Пайда жоқ өтірік айтып өкінгеннен.
«Сақтықта қорлық болмас» деген сөз бар.
Жабылмас жаман ісің бекінгенмен.
Жағдайсыз болма тапсаң жақсы сөйле,
Қадірді бекер босқа кетіргенмен.
Әр іске сабыр, тағат, шыдам керек,
Құр шошып бекер-босқа секіргенмен.

Октябрьдің 50 жылдығына

Ал, тыңла сәлем бердім жиылған көп.
Ағайын, құда, жекжат жиылған кеп.
Сіздердің қатарында бізде келдік,
Жиынға біраз қызмет етейін деп.
Ішінде өлең айттым жиырманың,
Ән салып талай жерді шиырладым.
Осындай мерекеде кез келгенде,
Жақсы ғой ағайындар жиылғаның.
Сіздерге бас иемін сәлем беріп.
Ағайын үлкен-кіші амандасып.
Қуаныш құтты болсын айтпақ болып,
Кеп тұрмыз мерекеге қадам басып.
Өлең-күй өнерім бар біткен бойға.
Сіздермен сұхбаттасып болып ойда.
Бақытты ел берекелі шаттық заман,
Ұласты тамашамен тойың-тойға.
Мереке бола берсін ұлы жиын,
Тартайын мен шырқатып Отан күйін.
Тұрмысты, еңбекпенен шалқыды елім.
Айқайлып жаңғыртайын әсем үй
Ақын деп естіген көп дабысымды
Ән мен күй жастан менің танысымды.
Шешен тіл, шебердің қолы ортақ,
Азырақ көрсетейін шабысымды.
Жасымнан тарттым гармон-домбыраны.
Балқытып күй мен өлең қондырады.
Асқақтап ақын жыры жазса құлаш.
Құлағын тыңдаушының қандырады,
Ақының сөйлесе сөз табылады.
Айқайлап көпті көрсе ағылады.
Аңсайды ақын тойды, мерекені,
Жақсыны өздеріңдей сағынады.
Жақсылар жарасып тұр бас қосқаның,
Кіші іні, үлкен аға, жас жастарым.
Көтеріп көптің көңілін ән шырқайын,
Өлеңнін жайып кеңнен дастарханын,
Шырқа ән, қанатыңды серме көкке,
Шалқытып шаттық жырмен көрін көпке.
Өзіңнен бар керегің табылады,
Бөлендің халқым жақсы зор құрметке.
Заманға бақытты елім, құлашта елім.
Қызыққа көңіл тасып сыр ашқаның.
Советтің салтанатты сәулетінде,
Ырыстың көріп тұрмыз ұласқанын.
Ақынның айтар сөзге тоқталмайтын,
Ал, халқым келді кезің сөз тыңлайтын.
Осындай ұлы думан мерекеде.
Ән мен күй, жырдың үні толқындайтын.
Ақын ба көмейден күй жыр таппаса,
Өлеңмен отты сөзі ұйқаспаса.
Көтеріп халық көңілін ер шаттығын.
Халыққа қазыналы сый таппаса.
Сайрашы бұлбұл құстай қызыл тілім,
Айқайлап шаттықпенен шықсын үнің.
Осындай зор қуаныш, мерекеде.
Жырымды көңілімдегі төктім бүгін.
Айқайлап арасында ән шырқасам,
Жақсылар айып болмас менің мұным
Шырағдан жағылғандай көңілім жарық,
Жарқырап коммунизм шашты нұрын.
Мереке зор қуаныш қандай қызық,
Көрмеген ешбір заман ешбір бұрын.
Ал, халқым затың бар ма жетілмеген,
Жүрсіңдер шат тұрмыста еркіндеген.
Жеңімпаз батыр туған Совет халқы,
Дұшпанға намыстарын кетірмеген.
Жолы бар партияның атқан таңдай.
Халық үшін жолы жарық жаққан шамдай.
Мың алғыс, миллион алғыс партияға
Қондырған ел мен жерге бақыт қандай.
Ақынның қиялынан төгілді өлең,
Айтылар ақындық жыр шыққанменен.
Қолыма домбыра алып салдым айқай.
Саралап сөзді теріп сайрады үнмен
Саспайды сайра десең сайрап тілім,
Жетілді сағат сайын өнер білім,
Жасанды жер серігі жүрген жоқ па?
Түгендеп дүниенің бар түкпірін.
Ән салып айқай салсам жырым өктем,
Аймағым, ауыл атын Гүлім өскен.
Отанның елу жылдық тойын тойлап,
Айтамын құтты болсын шын жүректен.
Хлқым ен бақытқа бөленіп тұр.
Қамқорлы үкімет пен партиямен.
Жырлаймын шаттық жырмен партияны,
Жеріме байлық пенен бақыт еккен.
Бақытты елім енді есітесің де,
Екпіндеп енді жырым еспесін бе?
Жерім бай, елім де бай, алуан түрлі.
Келіп тұр келісімді кестесінде.
Еңбекті көрсетеміз ерлікпенен,
Береке ер қуаты еңбекпенен.
Әділдік, шындық, достық ынтымақты,
Жаңеміз қиындықты бірлікпенен.
Айтылған бұл бір шындық кәрі жасқа,
Аға-іні, үлкен-жас, қарындасқа.
Тыныштық, бейбітшілік ел тіледі,
Құрысын ұрыс оты тұтанбасқа.

Ақынның аты өшпейді

Сөйлейін халқым ал тыңла,
Ынтымақ, бірлік халқымда,
Тереңнен толға қызыл тіл,
Тасыған судай толқында.
Сәлем беріп бас ием,
Үлкен кіші жалпыңа,
Осы өнерді кәсіп қып,
Шығып ем жастан талпына.
Сөйлейтін кезің келіп тұр.
Сайра бір тілім сартылда.
Шаттық күйін шертейін,
Шалқая жырла саңқылда.
Жырымды жырлап жағдайлы,
Шашайын шашу халқыма.
Даусым сазбен қосылсын,
Ән салайын аңылдата.
Бұлбұлдай сайра тіл-жағым,
Тыңдағанды балқыта,
Тілімнен терме, төгіп күй,
Тасыған судай шалықта.
Көрмегеннің көбі ашық,
Ақын деген даңқыма,
Көмейден күйім төгілсін.
Қызметтен тілім тартынба.
Ақынның аьты өшпейді,
Нақылы қалса артында.
Қызмет етіп берейін,
Даусымды жиып халқыма.

Тасболат ақынның Құтбаймен кездескенде өлеңмен сәлем беріп амандасуы

Ташкент облысы Төменгі Шыршық ауданының орталығы Солдатскіде жақын орналасқан бұрынғы аталуы «Каганович колхозы», қазір қалай аталуын айтып отырған кісі білмеді сол колхоздың тұрғыны Болат шолақ деген кісінің үйінде болған тойда 1955 жылы Құтбай ақынмен Тасболат ақын «Шымкент облысы Ленин ауданы Қазығұрт тауының бөктерінде орналасқан Жаңа Базар ауыл советінің тұрғыны» екеуі кездесіп, жүз көріседі.
Бұл кез Құтбай ақын мен Тасболат ақынның көптен кездеспей кеткен кезі еді. Сондықтан Тасболат ақынның Құтбаймен кездескенде өлеңмен сәлем беріп амандасып тұрған жері.

Жүрсің ба аман, қожа Құтбай
Айтама ақын өлең орағытпай,
Жасыңнан жолдас болып келіп едің,
Шығып ең жасыңнан-ақ әнді жұптай.
Үш-төрт жыл театрда жолдас боп ек
Мен жүрмін әліге дейін сені ұмытпай.
Бұ күнде дәу қара шал боп қалыпсың
О кезде жігіт едің тал шыбықтай.
Сенің салған әніңнен мін шықпады,
Атағың барды елге Құтбай әнші-ай
А, дегенде аузыңнан нұр шыққаны,
Жасыңнан қожа Құтбай бақытты боп,
Оңыңнан ай, солыңнан күн шыққаны.
Ер едің сөзің жақұт, лебізің шірін,
Бір қаяу мінезіңнен сыр шықпады.
Көп болды көрмегелі Құтабай ақын
Аман ба ағайындар Шыршықтағы.- деп сәлемдескен екен Қазығұрт тауының бөктеріндегі, Сіргелі руының белгілі ақыны Тасболат

Ертегілер мен аңыздар
Ташкент көгалына кең көлемде тарап кеткен қазақ аңыздарының бірі «Саудагер – қасап, баққал, қазының оқиғасы» деп аталады. Бұл аңыз осы төңіректегі қазақтар арсында ерте кезден белгілі.
«Саудагер – қасап, баққал, қазының оқиғасы» атты күлдіргі, сықақ, аңыз өлеңді 1921 жылы Ә. Диваевте жазып алған екен.
Ойын-той жиындарда көп айтылады. Ақын Құтбай Дүтбайұлы Ташкент қазақтары арасында «Саудагер – қасап, баққал, қазының оқиғасы» сияқты сықақ, аңыз өлеңді шебер орындап, көп жерлерге таратып, әнмен жеткізген.
Өзбек ақыны Хамза Хакімзада Ниязидің «Майсараның ісі» деген 3 перделі комедиясының өзі ел аузында келе жатқан «Саудагер – қасап, баққал, қазының оқиғасы» атты қазақ ауыз әдебиетіндегі ертегі аңыздың негізінде дүниеге келген. Біздің осы пікірімізді фольклорист ғалым Мансур Афзалов құлаққағыс етті. Біз қолжазба етіп көп уақытты бөліп жазып отырған «Саудагер – қасап, баққал, қазының оқиғасы» атты күлдіргі ертегі аңыздың тағы бір нұсқасы ғана.
«Саудагер – қасап, баққал, қазының оқиғасы»
Қатыны өтпес пұлды қолына алды,
Басына жиып жаулық шашбау салды
Түзетіп өз сәулетін бір қасапқа,
Ет бар деп бір теңгелік жетіп барды.
Етінен бір теңгелік тартты қасап,
Етті алып кетті қатын пұлды тастап.
Қолына пұлды қасап алды-дағы,
Екен деп өтпес теңге қылды оспақ.
Қасап аға Түркістан кетті байым,
Басымда жесірліктен көпті уайым.
Бір хабар тірі болса болар еді,
Үш жылдан бері мен бір жесір айым.
Қарыздар отыз сомға болдым елден,
Үйіме пұл егесі күнде келген.
Білмеймін менің ерім бәлкім өлген,
Деді де қатын тұрып жүзін ашты,
Беріліп сорлы қасап судай тасты.
«Айымжан жесір болсаң, маған ти» деп,
Қасапты сол арада қара басты.
«Айымжан маған тигін бағайын»,-деп
«Айым-ау жаным сенен айналсын»,-деп
«Отыз сом қарызың болса мен беремін,
Деміңнен шырын-шәрбәт татайын», деп.
Көңілінде ол қасаптың жанды алау,
Кірмеді көңіліне анау-мынау,
Қаражат алпыс теңге қылып берді,
Айымжан бар үйіңе басқын палау.
Қасаптың қатын алды ет пен майын,
Бір қадақ тағы да алды жақсы шайын,
Түгі жоқ үйлерінде өзін түзеп,
Қасапқа азады қып тұрды жайын.
Кешқұрым сол үйіне барды қасап,
Кіргізді оны үйіне қатын бастап.
Астына көрпе төсеп, кигіз төсеп,
Қойыпты әдемілеп қойып жастық.
Ішеді таңдап-таңдап әр тамақты,
Қасапқа не қылғанмен қатын жақты.
Екеуі жатайын деп отырғанда
«Кеп қалып» Түркістаннан есік қақты,
Айқайлап қатынының атын айтты
Есікті жылдам аш деп қатын айтты.
Ойбай-ау менің ерім кеп қалды деп,
Қасапқа жүгіріп келіп қатын айтты.
Қасаптың отыз сомдай пұлын алып,
Қасаптың екі көзін бақырайтты.
Деген соң ерім келді састы қасап,
«Жау алып» дарбазаны алғаннан соң,
Тығылып төрт бұрышқа қашты қасап.
Бұл қасап шыға алмай жүр таппай есік,
Шығып ақ кетер еді қайда тесік.
Қасапты бала қылып бөлеп қойды
Бар екен үйінде бір үлкен бесік.

Бесікте қасап тізе бүгіп жатты,
Үстіне алып барып көрпе жапты.
Ылайық нәрсе таппай шүмегіне,
Түйенің бір жілігін шүмек қыпты.
Сонан соң қатын тұрып есік ашты,
Көрісіп еріменен зар жыласты.
Сағынып келгенге ұқсап бұл екеуі,
Азырақ сұхбат қылып отырысты.
Қарайды ері кіріп есігіне,
Жабулы көзі түсті бесігіне.
Қатыным ұл тудың ба, қыз тудың ба?
Жолықты қандай перзент несібеңе?
Қатын айтты мені бір бала тауып
Мені ойнас қылад деп қылма қауіп,
Жалаңаш құры бесік тұрмасындеп,
Әшейін қойып едім көрпе жауып.
Ері айтты аман болса аманатым
Менен жүкті қалып ең, жаным қатын.
Шыныңды әзіл қылмай айта бергін,
Балмның не нәрсе деп қойдың атын.
Көремін айтпасаң да өзім ашып,
Атам мені ашты деп кетпес қашып.
Шырағым ұғылмысың, қызбысың деп
Бесікке жетіп барды қадам басып.
Ақырын барды дағы ашты атасы,
Құшақтап бауырына басты атасы.
Қараса белуардан сақалы бар,
Бұл қалай «Жалмауыз» деп састы атасы.
Ой, қатын мына сорға бар ма амал?
Туған ба нышаналы болып сақал?
Түйедей төрт бүктеліп шөгіп жатыр,
Бала емес туған екен бұл бір тажал.
Құдая, бала берсең мұнан өзге,
Бұл жаман естілед деп айтар сөзге.
Деді-де сақал мұртын күзеп алды,
Бұл құнық көрінед деп көрер көзге.
Баланы асырайық талқанменен,
Байлайық әдемілеп арқанменен.
Бесікке үлкендіктен сыймай жатыр,
Кесейік апкел бұтын балтаменен.
Есітіп қасап тұра қашты,
Ойбай, балам қашты деп айқайласты,
«Атасы» арт жағынан шықты дағы
Онан ары жоғал деп топырақ шашты.
Барады қасап қашып, жаннани кешіп,
Таңулы арқасында үлкен бесік,
Ел-жұртын сақалы жоқ көре алмайды.
Әуліде жатып алды қарасы өшіп.
Ол қатын екінші күн барды базар,
Жүр еді оңды-солға салып назар.
Бар еді ол базарда үлкен баққал,
Сер сәулет, ұзын бойлы қара сақал.
Баққалға қатын тұрып ашты жүзін,
Қатынның күлімдеген көріп көзін.
Айымжан ерің бар ма? деп сұрайды.
Түркістан Баққал аға кеткен байым.
Басымда жесірліктен көп-ті уайым.
Бір хабар тірі болса болса болар еді,
Үш жылдан бермен мен бір жесір айым
Қарыздар отыз сомға болдым елден,
Үйіме пұл егесі күнде келген.
Бір хабар тірі болса болар еді,
Білмеймін менің байым бәлкім өлген.
Бұл сөзге құлақ алды Бақал ұрған,
Сөзіне айым айтқан жаным құрбан.
Отыз сом қарызың болса мен берейін
Қарызын қыстап жүрген қай антұрған.
Үйіне бақал екең бармақ болды.
Төсекті қатын жайлап салмақ болды.
Құдая бір сұлуға кездестім деп,
Сұлуды бақал ағаң алмақ болды.
Ал енді бақал барды кешке жақын
Кіргізді оны үйіне сұлу қатын,
Арқалап байғұс күйеу алып барды
Бірталай пісте, мейіз, әңгелегін
Кіргізді оны үйіне шырақ жағып
Азғана отырады күліп бағып,
Екеуі жатайын деп отырғанда,
Кеп қалды Түркістаннан есік қағып.
Айқайлап қатынының атын атап,
Есікті тезден аш деп қатын айтты.
Ойбай-ау, менің ерім кеп қалды деп,
Бақалға жүгіріп келіп қатын айтты.
Бақалда шығалмай жүр таппай есік,
Шығып ақ кетер еді қайда тесік.
Бала ғып, мұны бөлеп қояп еді,
Қасаптай сиятұған қайда бесік.
Бақал бай қорыққан емес өзі туып,
Бақалды ұстап алды қатын қуып.
Бар екен ауызғы үйде бір арқа отын,
Салды да арасына қойды буып.
Онан соң қатын тұрып есік ашты,
Көрісті еріменен зар жыласты.
Сағынып келген құсап бұл екеуі.
Азырақ сұхбат құрып отырысты.
Ері айтты Түркістаннан келді байың,
Қатынжан, жақын отыр менің айым.
Күн суық, үстім жұқа жаурап келдім,
Қатынжан, от жағып бер кетті жайым.
Қып отыр бір-біріне екі қу наз,
Жақпаймын, қатын айтты, отыным аз.
Бар-жоғы айналдырған бір арқа отын,
Несіне отын бар деп боласың мәз.
Еркекті қатыны сөзбен басындырды,
Ашумен еркек келіп қатынды ұрды.
Отының бар аяған осы ма деп,
Сүйретіп ошаққа әкеп атып ұрды.
Жалп етіп құрғақ отын жанып кетті.
Бақалдың бар сақалын шалып кетті.
Көшірген отқа лаулап алып құсап,
Бақалдың бар сақалын шалып кетті,
Бар екен ойбай қатын мұнда сойқан,
Ойпырм-ай бұл не деген ойпаң-топаң.
Ұстаңдар, аламан қып алдынан шық.
Ұстаңдар, отттан шығып қашты сайтан.
Кәдімгі қасап құсап бақал кетті,
Көңірсіп бас үйіткендей сақал кетті.
Екеудің отыз сомнан пұлын алып,
Түбіне қасап, бақал қатын жетті.
Алдатқан бір қатынға қасап, бақал,
Жақсылар есітпедің мұндай мақал.
Ел көрді бір жылдан соң екеуінде,
Шыққан соң иегіне қайта сақал,
Қазыға бұл екеуі бармақ болды,
Қатынды бір қасамға салмақ болды,
Егер қатын қасам іше алмаса,
Өндіріп алпыс сомды алмақ болды.
Болыпты қасап пенен бақал құрдас,
Айрылған сақал-мұрттан екі мұңдас,
Екеуі шайханада шай ішісіп,
Азырақ сұхбат құрды болып сырлас.
Қасапқа бақал айтты әңгіме айттық
Не істедің, не көрдің айтшы құрдас.
Әуелі көрген сырын қасап айтты,
Басынан бірін-бірін бастап айтты.
Ол қатын не қылғанмен бір қу екен
Кетті деп отыз сомым қақсап айтты.
Барып ем ері тұрды есігінде,
Мен жаттым төрт бүктеліп бесігінде,
Ұрар ма мені құдай шәрменде қып,
Жолықтым ұялудың кесіріне.
Ол қатын бақал айтты мені ұрған,
Қоспастан екеуімізді бөліп ұрған,
Әдемі таза-таза бұйымымды,
Алдына дүкенімнің келіп ұрған.
Қазы айтты ей қатын ұры екенсің,
Аспанда айға ұқсас нұрекенсің,
Қазыға қатын айтты қарызым бар,
Болайын қазы патшам мен сізге жар.
Егерде қатындыққа ала р болсаң,
Үйіме алпыс сомдай пұл алып бар.
Әр-түрлі көрпе-төсек бұйым керек,
Көңіліңіз қушуақ боп тапсын қарар.
Осылай әңгіме айтты сұлу айым,
Келтірді әдемілеп сөздің жайын,
Ал енді қазы барды кешке жақын,
Кіргізді оны үйіне «қазы-байын».
Жал-жая, қазы-қарта, қант-шекер палау,
Тағамның неше түрлі бәрі дайын,
Ұрады қос қолдап көкірекке
Айымды қазы патша көрген сайын,
Қазыға айым назбен жайды қолын,
Қазының құдай қылды енді жолын,
Айымжан, дәл өзіңнен айналайын,
Алпыс сом қазы берді тапқан пұлын,
Екеуі жатайын де отырғанда
«Кеп қалып» Түркістаннан есік қақты,
Айқайлып қатынының атын айтты,
Есікті тезден аш деп датын айтты,
Ойбай-ау менің ерім кеп қалды деп,
Қазыға жүгіріп кеп қатын айтты.
Бұл үйде қазы байғұс секіріп жүр,
Тамағын бүгінгі ішкен кекіріп жүр
Ойпырм-ай мұнда қайдан келіп едім
Бишара сорлы қазы өкініп жүр
Бұл үйден шыға алмайды ес кіргенмен
Аш адам не құсады кекіргенмен.
Әуелде келместен-ақ қоюы еді,
Не пайда өткен іске өкінгенмен.
Қазының екі көзі алаңдап жүр,
Шашақты стан бауы салаңдап жүр,
Есікті енді қашан ашасың деп
Келген қу Түркістаннан жалаңдап жүр.
Бұғанда сұлу айым айла тапты,
Үйінің бір бұрышына қазық қақты
Қазыққа ол қазыны бұзау қылып,
Мойнынан тырыстырып байлап сапты.
Жалаң тұрсаң біліп қояды деп
Үстіне алып барып көрпе жапты.
Бекерге құр тұрғаны жарамас деп,
Алдына бір етектей сабан сапты.
Сабаннан анде-санда тістеп алып,
Тістерін шайнаған боп қашырлатты.
Сонан соң қатын тұрып есік ашып,
Көрісіп еріменен зар жыласты,
Сағынып келген құсап бұл екеуі,
Азырақ сұхбат құрып отырысты.
Ері айтты Түркістаннан келдім аман,
Қатынжан жақын отыр маған таман,
Ойнайық екеуіміз бір жақсы отырып,
Көп болды көрмегелі талай заман.
Қатын айтты пісірдім жақсы палау,
Астын құт пісіріп ем жағып алау,
Палауды жеңіз-дағы дем алыңыз,
Демеңіз, бүгін маған анау-мынау.
Ері айтты Түркістанда жүрдім үш жыл,
Әруақты тептіретер малы түскір,
Қасыма мен шақырсам пәл боласың
Болмаса арман жоғал қараң өшкір.
Ері айтты Түркістанда жүрдім ұзақ,
Жолыңа сен көнбейсің құрсам тұзақ,
Қатыным әсте сенен сиыр жақсы.
Көнеді сен көнбесең мына бұзақ.
Қатыны түспеген соң тұзағына,
Кірмеді айтқан сөзі құлағына,
Кәдімгі едіреңдеп бұқа құсап,
Асылды бара сала бұзауына.
Бұзауы тулап-тулап тұрып кетті,
Құйрығын мінгізбестен бұрып кетті,
Бұқасы едіреңдеп қоймағасын,
«Қазығын бұзау» байғұс жұлып кетті.
Барады қазы байғұс қалбалақтап,
Мойнында арқан, қазық салбыраңдап,
Қуғыншы я жетпейді, я қоймайды,
Келген қу Түркістанна адыраңдап.
Қазықпен арқанды алып кетті қазы.
Түлкіні індетті де қайтты тазы,
Қазының есігінде малайлары,
Қарауыл болады екен қысы-жазы,
Бақалшы отыр еді бағып сарай,
Қазыны барған қашып көрді талай,
Ойпырмай тақсыр қазы келдің қайдан?
Мойныңда қазық пенен арқан қалай?
Сұрайсың несін мұның кетті зәрем,
Ойпырмай оңай емес көрген пәлем,
Қасап пен бір бақалды жығып беріп,
Мойнымда арқан-қазық алған пәрем.

СӘЛЕМ ХАТ ҚҰТБАЙ АТТЫ АҒАМЫЗҒА
1977 жылы Қожатоғай совхозында Түймекожа үлкен той істеп тойында оншақты ақын келіп өлең айтты. Тәшкеннен Құтбай ақын да келген, ауылда екі-үш күн болып танысып аулына кеткен соң сол Құтбайға менің жазған сәлем хатым.
Сәлем хат Құтбай атты ағамызға
Хат жүрсін қатынасып арамызда,
Тұлғалы өрең биік ер екенсің
Серпілмес серілік бар тәнаңызда.
Кездестік дидарласып ақын Құтбай
Кісі едің кең тараған атың жұртқа-ай,
Өр кеуде, күміс көмей, зор дауысың
Көрсеттің көп жыршыдан басымдықты-ай.
Келіскен келбеттерің жігітке тән
Тағдырым сұлу-түлкі асыл қыпты-ай,
Күмбірлеп көмейіңнен жыр төгіліп
Көргенді тамсандырып тәсір қыпты-ай.
Сыйқырлы зор дауысың күмбірлеген
Тұлғаңа жарастырған ақындықты-ай.
Бір тойдың себебімен келген едің
Халыққа қызымет етіп берген едің,
Ел-іші ақын да бар, алым да бар
Теңіздейтілсімікөп ел дегенің
Алуан-алуанжүйрік бар ел ішінде
Өзіңнен өзгені де кем демегін,
Әркімге өнерберген тағдыр өзі
Құдайдың кім алмақшы бермегенін,
Дауысың кең далаға еркін тарап
Кең жайып құлашыңды сермеп едің,
Қаленкожа өзіңді бастап келген
Әр қайсың ел сыйлайтын ерлер едің,
Орындау кабілетің қандай ғажап
Ішінен ән төгіліп кең дененің.
Дүрлердің айтқан сөзін тамылжытып
Сиякты төкпе жорға дөңгеледің,
Басқа жұрт қалай десе олай десін
Мен өзім жақсы баға берген едім.
Жағымды жанға жайлы дауыстарың
Өршідің айтқан сайын тауыспадың
Кенжеқожа, Нартайдай ұстазыңнан
Байкадық біраз өнер ауысқанын,
Бұрын-соңды көрмеген Сыр елімен
Өнердің арқасында танысқаның,
Бас қосып дидарласты талай ерлер
Бұрында кеп жататын дабыстарың
Сынайтын мінейтіндер тағы да бар
Жүйріктің сөз қылатын шабыстарын,
Қырағы қыран болсаң биіктегі
Сыртыңда сықылықтар сауысқаның.
КұтекесізТәшкеннің қаласында
Азада алым жұрттың арасында,
Оңтүстік өңірінде біздер өстік
Қазақтың кең сахара даласында,
Туған жер туған ана сияқты екен
Бұлай ткднтымсалымананасың ба,
Кіндіктің қаны тамған қадірлі жер
Өстік біз өзен Сырдың жағасында.

Сыры көп өзге білмес өзен Сырдың
Болған жер қадам жайы нешедүрдің,
Халық өтті өңірінде неше тайпа
Куәсі неше ғасыр неше жылдың,
Дарияның екі бетін ел мекендеп
Ордасы болғаны рас өлең-жырдың.

Қанша жұрт бұл өңірді жайлап өтті
Сыпайы кедейлер мен бай да өтті,
Жалшылар жарық, көріп жарымастан
Шулатып байлар малын айдап өтті,
Қоңыраттың Қулыншағы Будабай мен
Дәмеқыз, Арғын Мансүр сайрап өтті,
Күдері, Мәделі мен Майлықожа
Елінің еркесі боп сайран етті.
Біржанның Сарасындай Арқадағы
Айтысып Майлыменен Айман өтті
Не ерлер серіліктен серуендеп
Жарқылдап жайтасындай жайнап өтті,
Не ерлер үстем топтан зорлық көріп
Тағдырына тістерін қайрап өтті,
Сандуғаштай сайраған не сұлулар
Сатылып тоқалдыққа байға кетті,

Жүз жылда қазан деген рас екен
Ойласақ сол тайпалар қайда кетті,
Жақсының ел аузында аты қалып
Бәрі де келмейтүғын жайға кетті.
Бір дүркін бұлардан соң ерлер өтті
Бәрі де өз дәуірін өрнекетті,
Әнші, күйші, жыршылар, ақындармен
Өнерін өз халқына ермек етті,
Жолбарыс, Асан ақын кешегі өткен
Аралап нақыл сөзі елге кетті,
Молла Айтбай, Қаракөсе ақын Мұса
Бірнеше дастан жазып термелетті,
Қызыл жыршы сияқты қызба ақындар
Табанда талай сөзді дөңгелетті,
Сақ ақын, Алтыбай мен қожа Айнабек
Дауысы кең даланы кернеп өтті,
Жасақан соларменен қанша халық
Дүниеден тегіс көшіп дем де өтті,
Ажал шіркін бәрін де алып жатар
Біреуді артық біреуді кем демепті.
Исабек кешегі өткен бұл кім еді
Заманның сайрап туған бұлбұлы еді,
Кісі еді сегіз қырлы өнерге сай
Ақылды аса зерек білгір еді,
Жасынан жалынатып даңқы шыққан
Заманның дүбір шашқан дүлдүлі еді,
Қырқында қыршын кетті-ау қайран аға
Жағымды жалпы жұртқа бір дүр еді.

Өзімен бірге туған дарындылық
Өнердің бойға біткен бабын біліп,
Көрген адам қасынан шыға алмайтын
Бар еді тұлғасында жағымдылық,
Өзінің азғана жыл өмірінде
Халыққа кетті атын мәлім қылып,
Көп арман орындалмай өтіп кетіп
Аңсаған халқын кетті-ау сағындырып.

Дүниеге кімдер келіп, кім кетпеген
Туған соң өлімді Алла міндеттген,
Бұл күнде оқымысты кісілер көп
Айтсаңыз тәсібіне тіл жетпеген.
Жағымсыз кейіпкерлер тағы да бар,
Жақсыны халық сыйлап құрметтеген.

Жамандар өз аузымен мақтанып жүр
Өзіне өзі жақсы ат таққалы жүр,
Сынайтын халық барын аңғармай ма
Өзі айтып күнәсінен ақталып жүр,
Сараңдар бар сан түрлі пейілі қашқан
Одан сайын дүние тапқалы жүр,
Ел іші аңқау да бар, пысық та бар
Пысықтар ішін тартып сақтанып жүр,
Кездесер арам ойлы алааяқтар
Опасыз жөні келсе сатқалы жүр,
Лапылдап есіткенін елгежайып
Бар сырын ақ қөңілдер ақтарыпжүр,
Жамандардан дат қалар тат сияқты,
Жақсыдан жарықтың бейне ат қалып жүр,
Тірлікте біреу олай, біреу былай
Өмірін осылайша атқарып жүр.
Бәріміз ажал келсе аттанамыз,
Кейде ренжіп, кей кезде шаттанамыз,
Бұрынғылар сияқпы кезек келсе
Дәуірді басымыздан атқарамыз,
Кәзіргі заманымыз қандай жақсы
Сіз бен біз бұл дәуірге мақтанамыз,
Ініңіз хат жазушы Сыр бойынан
Атымды Арын қожа жаттап аңыз,
Ел сыйлаған ерлерді дәріптей бер,
Жаманды мал берді деп мақтамаңыз,
Тұрайық хат алысып хабарласып
Бір күнісіз де біз де аттанамыз,

Жиналып тойға қанша халық келді
Есітіп той бар деген дәріптерді,
Сол тойға он үш ақын келген екен,
Ортаға өнерлерін салып көрді,
Күмбірлеген жағымды коңыр даусың
Әніңе асқақтатып шабыт берді.

Тірлікте көрген жақсы, жүрген жақсы,
Кадірін сол жүрістің білген жақсы,
Өзіңді сыйлай-тұғын кісілермен
Бас қосып еркін ойнап-күлген жақсы,
Па, шіркін, тауып айтып тамылжытса
Дүниеде өнер бар ма тілден жақсы,
Білетін сөз қадірін жақсы адамдар,
Парқын білмес ақылға тапшы адамдар,
Ойлайды ақын болса бер дейді деп
Пейілі тар өзі сараң пәс-надандар,
Ат сыйлап ақынына шапан жауып
Аз емес ибарат сөзін жатқа алғандар,
Тиеді ақын десе бәрімізге
Тілемсек кімге ұнайды қақсағандар,
Атына ақындардың кір келтірер
Дәметіп дәмсіз сөзден бастағандар,
Сый-құрмет халқымыздың дәстүрі ол
Сыйлайды өзі біліп басты адамдар,
Ел іші алтын бесік, халық қазына
Не жақсы жайсаңменен қасқалар бар,
Құтеке, халқымызғаұнадыңыз
Қалғанжоқұнамастанбірәніңіз,
Әр сөздің авторының атын айтып
Киянат ешкімге де қылмадыңыз,
Кой-ешкі, өгіз мініп, шапан киіп
Малдың да басын біраз құрадыңыз,
Кездестің жақсылармен соның олжа
Жоқ шығар мал жөнінен пыланыңыз,

Айтқандай Байтоғайда болған шығын
Жоғалған жібек жүнді ылағыңыз,
Ылақтың қазығына қой байланып
Тиімді болды-ау деймін бұ-жағыңыз,
Жіберді Әбдез қожа мәрттік жасап
Ылаққа бар деген со ңшүбәлісіз,
Тойханадан шыққаннан бақырыпты
Тыныш болсын деген ғой құлағымыз,
Ылақ сыры бізге аян жұртқа жұмбақ
Бұл сырды білген едік біразымыз,
Ал енді тоқтатайын сәлемімді
Хатқа жауап қайтарсаң сұрағымыз,
Қайыр қош көріскенше сау бол, аға,
Әруақта бір адамбыз ұранымыз.

Манап Көкенов Құтбай аға қайтыс болғанда

Аққуға үнін қосқан аспандағы,
Әнші еді-ау, Құтбай аға асқан бағы.
Жиылса жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар,
Дүбірге ілесуден жасқанбады.
Сырнайға, домбыраға, дарынды аға,
Жасқа да, кәріге де жағымды аға,
Қазақтың үлкен қара шаңырағы,
Әндетті-ау, академия залында да
Қонақтас қазақ, өзбек, қырғызбенен,
Дәм бермей кеткені жоқ көзден келген.
Талайды тәк тұрғызған өнеріне.
Алдынан ән де кесіп, сөз өтпеген.
Ән салса Біржан еді, Нартай еді.
Думанды жүрген жері айқай еді,
Сөзге келсе Майлы мен Мәдәлі боп,
Өнерлінің ішінде Алтай еді.
Той-думан ол болмаса тарқамаған,
Ер еді-ау, елдің жүгін арқалаған.
Мәңгілік көзді жұмып кетсе-дағы,
Өлді деп қалай қиып айтады адам,
Бас көтермес десе де інің келді,
Нұр ұшты көзімізден деп біздің енді.
Тірі деп тұр сырнайы, домбырасы,
Табар кез бар ма, салсақ ізін енді,
Таптырмас тура келсе ақыл айла,
Бермейді қайғы мен зар жанға пайда.
Алдына неше дуан ел қараған,
Қайран ер думан көркі Құтбай қайда.
Ол кетті мәңгі ұйқыға, оянбайды,
Өзіндей енді Құтбай бола алмайды.
Бірақ тірі әр үйде ән мен жыры,
Аузы құрғыр өлдіге бара алмайды.
Бүбіниса сабыр ет, белді байла,
Құтбай үшін сені іздер барлық аймақ
Қайырылармыз аға деп аға орнына
Келе қалсақ жол түсіп тұз дәм айдап.
Осы үйдің үлкені өзің білімдісі.
Адамның сөз түсінер туындысы.
Өкпелесең тағдырға болар еді,
Өлгеннің қайтып келсе бұрынғысы.
Уайымдасаң таң атып, күн батқанда,
Берік бол болған іске болаттан да,
Сен жүдесең жүдейді бала-шаға,
Шүкірлік ет қайтесің жаратқанға.
Өнер деген кеткен бе артып одан.
Думаны бар ма еді ол шалқымаған,
Құтбай марқұм торқа боп топырағы.
Алланың рахметі жаусын оған.
Құтбай ақын қайтыс болғанда ақынның жұбайы
Бүбінисаға Қайназар Әйтбеповтың жазған жұбату өлеңі

Өлімнен жан құтылмас өнерменен,
Баршаға нәубетімен келер деген,
Өкіріп жылай берсең бақыранып,
Түбі жоқ ащы теңіз терең деген.
Кейде шат, кейде қапа тірі пенде.
Бәрінде басқа түссе көрсек деген,
Қазақ риза бәлеге сабыр етсе,
Артынан қуанышы да келер деген,
Қайғы мен әлсіретті берген құдай,
Тілесең қуанышын да берер деген.
Дүниеге әуел адам келген еді.
Адамзат содан тарап өрген еді,
Мекен қып дүние деген жазираны.
Таралып неше тайпа ел боп еді,
Патша қып нешеулерін сайрандатып
Тілеген дүниеде берген еді.
Не десе айтқаны боп, айтқаны өліп,
Қызығын дүниенің көрген еді.
Солардың барлығы да уақытынша,
Дүниеге келіп өткен керуен еді.
Ойласақ бұрынғы аты шыққандардың,
Өлімге бар ма қане көнбегені.
Болсада дүниенің шам шырағы,
Өлшеулі күні бітсе сөнген еді.
Бұйрықта әмір болса бір Алладан
Асты-үстін дүниенің билегенмен
Ешқайсы ажалға айла қылалмаған
Өтті деп Құтбай марқұм есіткенде,
Құтбайдың халық қайғырды қазасына,
Қария үлкен кіші-баласы да,
Көңіл айтып бір-біріне әттең, десті-ау,
Кезжескені халықтың арасында,
Дүниеге мұндай кісі кем келеді.
Қырандай шыңда қанат сермеп еді,
Аузынан а-дегенде дүр шашылып.
Ән мен күй асыл сөздің зергері еді.
Көтеріп төбесіне халық сыйлап,
Жоғары бағы асып өрген еді,
Бай қылып ән мене күй асыл сөзге,
Тіліне шыныменен берген еді.
Тілге берген өнердің арқасында.
Құрметпен халықтан сый көрген еді.
Қадірлі халыққа керек адам еді,
Жайылып сөзі елге тарап еді,
Өзбек, қырғыз, түркмен, қарақалпақ,
Құтбайды білмейтін жан қалмап еді.
Тамаша барған жері думан болып,
Аузына жиналған жан қалмап еді.
Лебіне тартатұғын магниттей,
Маңына көпті жинап алған еді,
Таңдантып, таңырқатып, тыңдаушыны
Көпшілік жүрген жері базар еді.
Көңілдің жабырқаған, тозаң, кірін,
Жұбатып жайлы сөзбен жазар еді.
Бір көрген сәжілісін ынтық болып,
Тағы да бір көрсем деп қалар еді.
Әдейі сөзін барып тыңдағандар,
Құмары тарқап, мейірі қанар еді.
Ән мен күй жастайынан өлең дарып,
Бұлақтай өзегінен шыққан жарып.
Бәрінен ақындардың үздік шығып,
Ән күйге жүйріктігі боп еді анық.
Қазақтың астанасы Алматыға,
Ардақтап өткен жылы алып барып
Сол сайыста бірінші жүлдегер боп,
Бағалы сыйлықтарын келген еді алып,
Ташкентте телевизорға екі-үш шығып,
Ән шырқап түсті көзге шамдай жанып.
Жақсының өзі өлгенмен сөзі өлмейді,
Атағы ел аузында кетті қалып.
Құтбайдың радиодан әнін берсе,
Жұмысын тыңдайды ел қоя салып.
Қадірлеп Құтбай сөзін әсіресе,
Есінен шығармайды біздің халық.
Дүниенің сарайына әркім келіп.
Біреу кеш кетеді ақыр біреу ерте,
Дүниеде кімнің қандай қызығы бар,
Құтбайдай ел-жұртынан сыйлық көрсе.
Білгенге ол өмірдің қызығы не?
Жан білмей, ел сыйламай жүзге келсе.
Өткінші бұл дүние анық білген.
Кетерміз нәубет келсе бізде бір күн,
Бұрыннан бұл дүние ескі сарай.
Сайраңдап өткен жері небір дүрдің.
Шүкір қыл келін сізді сондай ердің,
Жақсымен бірге жүріп, өмір сүрдің.
Армансыз дүниеден жан өтпеген,
Теп-тегіс ойлағаны болды кімнің?
Кімнен бар мұндай дәурен өтпегені,
Арманмен барма адамның кетпегені.
Кеткен жоқ дүниеден ешбір бәнде,
Түп-түгел ойдағы боп көксегені.
Тағдырдың салғанына шүкірлік қыл,
Мұндайға жеткеннен көп жетпегені.
Пайда жоқ көп жылаудан қайғыменен,
Өткенге өкініш қып күйіп-жанып,
Жоқ емес жолдасы мен бауырының,
Кеткенін білмейтіндер қайда қалып,
Армансыз болар ек деп жүргендер бар.
Солардың жатқан жерін көрсек барып
Осыны ойла келін сабыр қылып,
Ел-жұртын кетті амал не сағындырып
Пайдасыз көңілді көп жүдетпегін,
Қайғының теңізіне малындырып,
Ардақтап ел-жұртының кәдесімен,
Апарып қойды қолдан қабір қылып.
Ажалдың жан шыдамас соқса желі
Оның жоқ қарсы тұрар ешбір теңі,
Бір минут тоқтап еш жан тұра алмайды,
Өлшеулі күні таусылып, бітсе демі.
Марқұмның топырағы торқа болып,
Өзіне жайлы болсын жатқан жері,
Құтбайдың асқан ән мен шырын сөзін,
Есінен шығармайды аңсап елі.
Пайда жоқ көп жылаудан келетұғын,
Шүкіршілік әсіретті сол жеңетұғын.
Бендеміз осы бей опа тірілікте,
Бір басқа не түссе де көнетұғын.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button