Сыр-сұхбат

Баб басындағы ой

Қызылорда облысы Жаңақорған кентінен он бес шақырымдай жерде ислам құндылықтарының бірі Әбдіжәлел бабтың кесенесі бар. Қай кездері болмасын, дәстүрлі салт-санамызға берік жандар бұл жерді қасиеттеп,  зиярат етіп отырған екен. Ел аузында жүрген аңыз-әпсаналар соның айғағы.

Ал, ел тәуелсіздігін алып, атеистік санадан ажырай бастағанда Хорасан ата  кесенесі жергілікті атқарушы органдардың назарына іліне бастапты. 1992 жылдан бастап кесенені қамқорлығына алып, 1995 жылы кең көлемде ас берілді. 2007 жылы аудан әкімдігі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында «Орта Азия мен Қазақстанға исламның келуі және ондағы Хорасан атаның ролі» атты халықаралық деңгейдегі ғылыми-теориялық конференция, ақындар мүшәйрасы және қыраттап құран оқу жарысын өткізген. 2012 жылы «Қазақстан атом өндіріс» ұлттық компаниясына қарасты «Байкен U» ЖШС басшылығының көмегімен электр желілері тартылып, кесене маңындағы шырақшының үйі мешіт пен қонақжайда электр жарығымен толықтай қамтамасыз етілген. Бір жылдан соң, Хорасан Ата төңірегінің біраз жері қоршауға алынып, онда әр түрлі жеміс ағаштары отырғызылған. Жеміс ағаштары тектен-тек отырғызылмаса керек. Баққа кірер бетте тақтаға жазылған «Бір адам бір ағаш отырғызса, дәптеріне отырғызған ағашының жемісіндей сауап жазылады» деген Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың хадисі халықтың ерекше ықыласын құптап тұрғандай.

Содан бері қалың бұқараның ұйғарымы бойынша әрбір жылдың 23 наурызында Хорасан ата кешенін көркейту – көгалдандыру және абаттандыру мақсатында кездесу күні болып келісілген екен. Сәті түскен күні  күні біздер де қасиетті жерді бетке алған едік.

Насабнама сүйенсек, «Әбд ал-Жалил Баб Шаштан Баршынкент, Балтырсек, Жаркент елдеріне барды. Қылыш Қара хан атты хан бар еді. Тарсаша аты Йашмут еді. Оның екі ұлы бар еді. Бірінің аты Сары тонды Өтеміс еді. Өтеміс хан дер еді. Мың ерге қарсы тұратын еді. Шалса қылыш, атса оқ өтпейтін еді. Женд патшасы еді. Әбд ал-Жалил Баб Йашмут ханды иманға шақырды. Йашмут иман келтірмеді. Қанша күн-түн соғысты. Сансыз тарса өлді. Мұсылмандар шахид болды. Сол жерде Әбд ал-Жалил Баб Өтеміс қолында шахид болды. Женд үстінде Өгіз қыр жағында шахид зираты болды» делінген. Демек, қазіргі сексеуілдің дарағы басқан сусыз, елсіз жер ҮІІ-ХІІ ғғ аралағында Өгіз қыр деп аталса керек. Мың рет естігенмен бір рет көргеннің әсері күшті. Хорасан Ата кесенесі негізінен екі бөлімді кешен.  Кесененің бірінші бөлігі Хусеин атаға арналып соғылған, екінші бөлігі Хусеин атаның әкесі Әбдіжәлил бапқа (Хорасан Ата) арналып салынған, екі бөлім орталық қабырға арқылы бір бірімен тұтасып қаланған. Зиярат жасаушылар алдымен Әбдіжәлил баптың ұлы Сұлтан Хусеин мүрдесі жерленген бірінші бөліміне кіріп, одан соң келесі есіктен Әбдіжәлел баб жатқан бөлмеге кіріп дұға қылады.

Кесененің жанында Қожамберді батырға сағана салып, «Менің денемді Қорасан әулиенің батыс жағына қойыңдар» деген аманатын орындаған ұрпағының ескерткіші  тұр. Одан өтіп, Кесенеден 100 қадам ұзағанда алдығыздан Меккедегі Қағбаның сұлбасына ұқсайтын құрылысты көресіз.  Жұмбақ құрылыстың бір құпиясын тәу етіп келушілердің әулиесі Қожа Ахмет Иасауидің мұрасынан білуге болады. Оның әулиенің басына зиярат ете келгенде:«Тоқсан машайхны артыңда көрдім, Қаабаны Мәккәні алдыңда көрдім, Рахым ете көр, бабам Хорасан», – деп хикметіне қосып айтқаны осы қасиетті орынды меңзеп тұрса керек.

Хорасан Ата мазарындағы Қағба көшірмесінің өлшемі – әлемнің төрт бұрышына қарап салынған, қабырғаларының ұзындығы 6,5х6,5 м, биіктігі 5 м шамасында. Ғажайып құрылыс 1995 жылы қайта қалпына келтіріліп, үйме топырағының үстіне тұрғызылыпты. Құпиясы әлі де қойнауында болар.  Осы ретте археолог Мұхтар Қожаның сөзін айта кеткім келеді. Белгілі археолог «қазақ тарихында ерекше орны бар, халықтың салт-дәстүрінде аса маңызды құндылықтарды – ислам археологиясы деп бөліп қарап, халық игілігінің нысаны ретінде  дамытатын уақыт жетті» деп айтқан болатын. Кәсіби маман Қағбаның сұлбасын жасаған қам кесектердің сақталуына мән берді. Егер жел қағып, күн түспесе кесектері үгілтіліп, бар құпиясын басып қалатынын айтып қауіптенген еді. Баптың басына жиналғандардың да көпшілігін осы ой мазалады. Дәстүрлі дініміздің баға жетпес материалды және материалды емес жәдігелерін ұлықтап, заман талабына сай туризм саласына айналдыра алса, сауабы мол іс болар еді деген ойға тоқтады.  Расында да, тек Жаңақорған төңірегінде ислам дін ағартушылардың медреселері, кесенелері жатыр. Оның артындағы мол тарих әлі зерттеп, қайта бағамдауды талап етеді. Елімізді, өлкемізді, өзімізді тануда рухани дүниеміздің ескерткіштеріне мән беру керектігін қайталап айтқың келеді.

Тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа көп жылдан бері орта ғасырларда салынған қалаларға қазба жұмыстарын жүргізіп, тереңінен зерттеп жүрген археолог. Алғаш рет, неше жыл бойына қожалардың әулетінде құпия түрде сақталып келген «Насабнама» табылып, жарияланған кезде түскенде осында жазылған деректерді археология тұрғысынан зерттеп, негіздеуге талпындым. ҮІІ-ХІІ ғғ аралағында Оңтүстік өңірінде болған түрлі тарихи оқиғалардың қазба деректерін анықтадым. ҮІІІ ғ. Сыр бойындағы халықтарына ислам дінінің келуі тарихын қат қабат жердің арасынан іздедім. «Насабнама» VІІІ ғ. арабтардың Сүткент арқылы Сырдарияның екі жағалауымен жүріп, Отырарды басып алғаны жөнінде айтады. Осы жорықтың ізімен жүріп, қазба жұмыстарын жүргізгенде көне қалалардың, қамалдардың  орын таптық. Сонымен қатар, өзбек ғалым-археологтары да  қазба жұмыстарының нәтижесімен таныстым. Олардың да қолдағы насабнама деректерімен бір текті екеніне куә болдық. Бұл осыған дейін аңыз-әпсана деп мән берілмей келген «насбнамалардың» тарихи құндылығы мол жазба екенінің тағы бір дәлелі» деді археолог. Әбд  ул Жәлел бабтың кесенесінің  де айналасында ескі тарихтың  ізі жатқанына күмәніміз жоқ дейді ғалым аға.

Бұл Қағбаның ескерткішінен әрі өтсеңіз, алдыңыздан құдық шығады. Тұщы суы бар. Шағын гүлзардан өтіп қоршаудың шетіндегі қалқалап қойған жерде осы құдықтың суына шайынуға болады. Зиярат етушілер үстеріне шелектеп су  құйып, тазаратын рәсім осында өтеді екен.

Жиналған жұрт  баққа ағаш оытрғызып, ескі қоқыстарды өртеп, тазартып жатты. Кешенге кіре берістегі үлкен жолды жағалай арша егілді. Үлкен-кішісі қалмай бір кісідей қызмет етті. Баудың  жұмысын бітірген жұрт ақсақалдардың, ғалымдардың сөздерін тыңдау үшін  жиналды. Белгілі қоғам қайраткері Келдібай Уәйісұлы келген қонақтарға алғысын білдіріп, ақсақалдар мен осы кездесуді ұйымдастырып жүрген белсенді азаматтарға сөз берді. Олар халықтың мұнда көптеп келуіне мүмкіндік берудің  қажеттігін айтты. Әруақтарға дұға етіп, рухани көзін ашып, иманын мықтау үшін де осындай қасиетті орындарға зиярат еткеннің абзалын түсіндірді. Ислам атын жамылып келіп, ата-бабасының моласына топырақ шашқандарды тура жолға салып,  жолын көрсетуде рухани кездесулердің қажеттігін, осы орындарды туризм кластеріне айналдырып, насихатталуына мән беру керектігі де айтылды.

Насабнамаға сүйенсек, ислам дінін осы жерге жеткенде қытайдың  жүз мың әскері түркі сахарасын қанға бояп, Қаратаудың сілеміне дейін жетіпті.  Түркілер араб әскерімен келісімге келіп, ислам дінін қабылдап, күшті біріктіріп, жерінен  жауды қуған екен. Содан бері, он үш ғасыр бойына қара қытайлар аспан тауынан бері аспаған. Түркілерді исламға ұйытып, ислам аша келген бабтар бірі –Қаратауда, бірі –  Сырдария бойында, бірі – ескі  Тараз қаласында жатыр. Үш бабтың мұрасы бүгінгі күні де дәстүрлі дініміздің қалқаны болып қалмақ.

Алайда, оның ғасырлар топырағынан аршып алу үшін тындырар жұмыс көп.  Кеудеде кешегі кеңестік идеологияның уытынан әлі арыла қоймаған ұрпақтың қолынан келер ме екен, деген  күдік те қылаң береді…

Айгүл УАЙСОВА

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button