Басқы бет / Ғақлиат / Татулықтың сан сипаты

Татулықтың сан сипаты

 Аллаһ тағала  жаратқан жанды жаратылыстарын  олар,  суда ма, немесе құрлықта өмір сүрмесін, ақылды не ақылсыз болсын түр-түрімен бірлесіп  қауымдасып бірге өмір сүруге бейімдеп жаратқан. Жанды жаратылыстың осы ерекшелігін аңғарған даналарымыз: «Бірлік барда, тірлік бар» деп тірліктің  негізі бірлікте екеніне ұрпағының назарын аударған. Бірлік, отбасы, ошақ қасынан басталатын: ағайын туыстардың, бір ұлттың,  бір мемлекетте тұратын әртүрлі ұлттардың, діни ұстанымы, сенімі бір әртүрлі ұлттардан құралған діндес бауырлардың, діни сенімі әртүрлі діндердің татулығы   деп түсінеміз. Бірліктің негізінің неден бастауына назар аударсақ, бірліктің түп қазығы татулыққа тіреледі. Өзара сыйластық,  түсіністік бар  ортада, отбасы, дін аралық, ұлт аралық татулық қанат жайып, өркендейді. Осымен бірге мемлекет аралық татулыққа  жете алсақ, жер жүзінің халқы бейбіт, мамыражай тіршіліке бақытты өмір сүрер еді. Осы орайда татулықтың, мән мақсатын: отбасының, ағайын арасының, ұлт, дін аралық татулық шеңберінде қарастырудың қажеттілігі туындайды.

Отбасы  татулығы

Дария бұлақтан, көл мен мұхит дариядан бастау алса, әрбір тұтас дене жасушадан түзілетіні секілді, «Отан от басынан» демекші туыстықтың, ұлттың және мемлекеттің негізін отбасы құрайды. Ал отбасын құрайтын адамның әрқайсы, бір әлем. Осы әлемнің өзіндік ұстанымы, өмірде кездесетін жағдайға өзіндік көз қарасы бар. «Дана бабаларымыз, сүтпен берген мінез, етпен кетеді» деп, көп жағдайда пенденің мінезі, әдет-ғұрпын түбегейлі өзгеруі мүмкін еместігін ескеріп, отбасының  мүшелері, бір-бірінің өзіндік ұстанымын өзгертуге әрекет жасамай, өзгелердің түйсігіне, сеніміне түсіністікпен қарап, қабылдай білген отбасында татулық орнайды. Жаратушы иеміз, «Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық». Хұжурат суресі 13 аятымен, адамзатты Адам ата (ғ.с.) таратқандығын білдіруімен, жер жүзінде өмір сүретін бүкіл пенде ұлтына, сеніміне, түсіне, тіліне қарамай, түбі бір туыс, бауыр екен білдірген. Ал Бақара с.187а. «Әйелдерің-сендердің киімдерің, сендер әйелдеріңнің киімдерісіңдер»-деп киім, иесінің дене-бейнесіне жақын және оның әуретін сұғанақ көзден жасырушы, суықпен ыстықтан қорғаныш, «ағаш көркі жапырақ, адам көркі  шүберек»-дегендей, көркейтетіні секілді, сендерде бір-біріңе   қорғаныш, қамқор, сүйеніш,  сыйлап сүйе біліңдер  дегенді аңғартады. Хұжрат сүресі 10-аятында: «Мүміндер анығында (дін) ынтымағындағы жандар. Ағайын арасының бұзылмауын ойлаңдар. Аллаһтың рақымы түссін десеңдер, одан қорқыңдар», Нахыл с.90а. «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырды», Бақара с. 215 а. «(Мұхаммед с.ғ.с.), олар сенен Алла жолында не беретіндерін сұрайды. Оларға: «Қайыр істер болсаңдар, әке-шеше, туыс-жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі деп айт» деп бұйырса, Пайғамбар (с.ғ.с.): «Туысқандық қарым-қатынасты үзген кiсi жәннәтқа кiре алмайды» деп туыстан қол үзудің үлкен күнә екенін білдіріп, ол күнәні арқалағандардың жаннатқа кіре алмайтынын ескертсе, «Жарлыға жасалған садақада бiр ғана сауап бар. Осы садақа туысыңа берiлсе, екi сауапқа кенелесін. Бiрі, садақа сауабы, екiншi туысыңа қарайласқанның сауабы», хадисімен (Имам Термизий) туысқандықтың жібін ешқашан үзуге болмайтындығын көрсеткен. Көрсетілген аяттар мен хадистер Исламнің татулыққа үндейтін дін екендігін айшықтайды. Халық даналығы «төртеу тату болса төбедгі келеді, алтау араз болса қолдағы кетеді», «абысын тату болса ас көп, ағайын тату болса ат көп» деп татулықтың арты береке молшылық екендігін, ал «Құдай қосқан құда,  Пайғамбар  (с.ғ.с.) қосқан дос болады» деп екі адамның өз қалауымен «екі жарты бір бүтін болуы, жаратушымыздың қалауы  болғандықтан, Пайғамбар (с.ғ.с.):«Алланың алдында болатын істің ең сорақысы, әрі жазалауға лайығы ерлі-зайыптылардың ажрасуы» деген.

Бақытты, өз ара сыйластықпен сүйіспеншілік негізінде, Алладан басқаға қарызы жоқ отбасынан  құрылған  мемлекеттің іргетасыда мықты. Көп жағдайда, бақыт түсінігіне: халал мен харамнан жиналған мал-мүліктің, қаражаттың молшылығын, бала-шағаның көптігі мен мансаптың жоғарылығы, өтірік-шыны аралас елдің «пәленшеке», «түгеншеке» деген қолпаштауы мен байланыстырамыз. Ал ой жүгіртіп, сараласақ: алдап, арбап, қорқыту мен үркіту аралас, қайтсем көбейткен үстіне көбейтемін мақсатында, басқаға пайдаң тимей, ұйқы-күлкіден айрылып жинаған мал-мүлікің, оны сұқ көзден ұры-қарыдан, қалай қорғаймын,  мемлекетке кем төленген салықты біреу болмаса біреу біліп қойып, тиісті орындарға жеткізсе жағдайым не болады уайыммен өмір сүрген пенде шын мәнінде өзін бақытты сезіне ала ма? Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, бар ерік-жігерің соның керегіне жарасын ниетімен өсірген ұрпағың: маскүнем, нашақор, екі сөзге келмей ұрыс жанжал шығаратын тоңмойын, көрсе қызар, бардың қадіріне бойламай бекер мал шашуға әдеттенген  адамгершілік қасиеттен жұрдай болып ер жетсе, бұл бала сізді бақытты қыла ала ма? Аз уақытқа ғана басыңа қонған, ертең ақ еріген мұздай, алақаныңнан сусып кететін, аспанда қалықтатып, санаңа  менмендікті сіңіріп, маңайыңа мұрын шиіре қарауға  себепкер мансап өмір бақи бақытты қылама? Осының бәрі бір сәт бақытты сезінуге себеп болғанмен, ерте ме кеш пе өміріңнің соңына дейін ұмытылмайтын өкінішке әкеледі. Нағыз бақыт, барға қанағат қылатын, қайрымды  байлыққа мастанбай, жоққа күйремейтін, тәрбиелі біліммен сусындап өскен отбасы  мен ұрпағың. Уақытша басыңа қонған мансаптан, ел қатарлы құдайдың құлы екеніңді   ұмытпасаң, көпшіліктен жырақтамай, билікті әділдікпен ұштастырғанның   ғана,  шын бақытқа қол жетеді. Яғни отбасының татулығы бүкіл өмірдің негізі деседе болады.  Қасиетті  Құран Кәримнің Хұжурат с. 13 а. «Ей адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық» деп Адам (ғ.с.) ұрпақтарының түбінің бірлігін естеріне салуымен бүкіл адамзатың бірлігі мен татулығына көңілін аударған секілді. Ибн Каср тәпсірінде осы аят «Егер Адамның бәрін еркек қылып жаратып, әйелдерін басқа жаратылыстан жаратқанда, араларында көңіл жарастығы болмай, керісінше жиіркеніш сезімі болар еді. Әйелдерін Адам атаның қабырғасынан яғни бір жыныстан жаратуы, Алланың бүкіл адамзатқа мейірімі» деп тәпсірлесе. Шәмиль Алеуетдин: «Одан (Адамнан (ғ.с.), өзінің жұбайын жаратты. Олар, бірге өмір сүргенде тыныштық: (жұбаныш, жәйлылық, сүйімен  құштарлықты сезінуге, өмірдің  қиыншылығы мен қуанышын бөлісуге» деп тәпсірлеген. Яғни аятта, сүйіспеншілік пен жарасымдылық, сыйластықпен татулықты уағыздалған. Жаратушы жалғыздың, Адам (а.с.) дара топырықтан, анамыз Хауа ананы оның қабырғасынан, екеуінің жұбайлық өмірінен егіз бір ұл, бір қыздан  туғызып,  кейінгі егіздің қызына  алғашқы егіздің ұлын, ал алғашқы егіздің  қызына кейінгі егіздің  ұлын  үйлендіру тәртібімен адамзаттың кейінгі бүкіл ұрпағын осы егіздерден таратуында, ақылды  пенделер, түп  тегінің бір екенін есінен шығармай, бір-біріне мейрімді болсын  ниеті негіз болған шығар. Құдыретті Иемізге, Адам атаны жалғыз жаратпай, топырақтан әлденеше еркек, басқа заттан әйел жаратып, оларды жұптап, солардан кейінгі ұрпақ таратудың  түк қыйыншылығы жоқ. Алла бол десе, ойлағаны болады. Оның, адамзаттың  ұрпағын тек Адам (а.с.) ғана таратуында бізге беймәлім сырлар көп. Сол сырдың бірі, кейінгі ұрпақтың арасында сыйластыққа, сүйіспеншілікке, татулыққа берік негіз салғандығы сияқты. Анығын Аллаһ біледі. Даналарымыздың бізге жеткен нақылдарына Құран аяттры мен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистері негіз болып, «түбі бір түтпейді» деумен, түбі бірлердің  бір-біріне жаманшылық жасамайтындығын тілге тиек еткен. Алайда біз күнәкар пенделер негізіміздің бір Адам (а.с.) тарайтындығын есімізде ұстамақ түгілі, бірге туғын баурымыздың өзіне мейрімділік танытып, жақсылық жасай бермейміз. Аллаһ Тағала  бүкіл адамзат баласының жадынан «түбінің бірлігін»  шығармай, араларында сыйластықты, қайрымдылықты татулықты нәсіп етсін. Әмин.

  Ұлт аралық татулық

Қазіргі жаһанданудың үрдіс алған шағында, бір ғана ұлттың  мемлекет құруы  іс жүзінде іске аспақ түгілі, миға да симайды. Жер жүзіндегі екі жүздің  үстіндегі үлкенді кішілі мемлекеттер барлығыда   әр уақытта, әртүрлі себептермен қоныс аударған, салт-дәстүрі бөлек, өмірге көз қарасы айтарлықтай ерекшеленетін, идиалы басқа басқа ұлт өкілдерінен құралады. Міне жалпы адам атымен біріккен, бірақ сиырдың бүйрегіндей, бөлек-бөлек көптеген ұлт пен ұлыстан құрылған қауымдастық, мемлекет құрып бірігіп тұруына ұлт аралық достық-татулық ауадай қажет. Ұлт аралық татулықтың алғы шарты, ана балаларын алаламай, бірінен-бірін артық та кемде көрмей мейрімін бәріне бірдей төгетіні іспеттес, мемлекет басшысынан бастап, оның қосшыларының бәрі ұлт мүддесіне адалдықпен қарап, мемлекет құраушы ұлтардың бәрінің тең құқылықтылығын, мемлекет иелігіндегі мүлікті пайдалануда теңдігін, тілдерінің, салт-дәстүрінің, әдет-ғұрпының, ұстанған сенімі-дінінің сақталуына және білім алуына бірдей жағдай жасауына саяды.

Расул (с.ғ.с.) «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб, араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан, тақуалығынан (адамгершілігінен) басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Аллаһтың алдында ең мәртебелілерің тақуалы (адамгершілігі мол) болғандарың», «Өздеріңе біреу шабуыл жасаса, Алла жолында сендер де соғысыңдар. Тек өздерің килікпеңдер. Анығында, Алла шектен шыққандарды ұнатпайды» деп, жер жүзіндегі адамзаттың барлығының бір біріне бауыр, туыс тең құқылылығын паш етіп, өзінің күнделікті іс амалында осы ұстанымынан жазбай, мұсылман емес науқастың да көңлін сұрап баратын. Осы орайда мұсылмандардың әміршісі  х-ті Әлидің (р.ғ.) билігі еске оралады. Х-ті Әлиге (р.ғ.) сақабалардың бірі: «Ей, мүминдердің басшысы! Кейде біреуі сені жанындай жақсы көретін, екіншісі саған жаны қас, екі адам келіп сенің төрелігіңе жүгінеді. Сен екінші адамды – дұрыс деп, бірінші адамды – бұрыс  дейсің. Бұл қалай болғаны?- деп сұрағанда, хазіреті Әли (р.а): «Бұл өте күрделі мәселе. Бұл іс маған ғана байланысты болса, өзімнің пайдама қарай шешер едім. Бірақ бұл Аллаһтың әмір еткен әділдік жүйесі болғандықтан, оны бұзуға менің хақым жоқ»-деп жауап берген. X-тi Әлиге бipi – араб, екіншісі – күң еврей, екі әйел келіп қажеттіліктерін айтады. Ол, екі әйелге де бірдей азын-аулақ азық пен қырық дирхамнан ақша беруді әмір етеді. Күң тиесілі сыбағасын алып кетеді де, араб әйел, Әлиге: «Ей, мұсылмандардың әміршісі, мен -арабпын, ол болса күң. Неге маған тура соған бергендей мөлшерде ғана бердің?» дегенде Әли: «Мен Ұлы Жаратушының кітабында x-тi Ысмайылдың ұрпақтары-арабтар, х-ті Ысқақтың – еврейлердің ұрпақтарынан жоғары дегенін кездестірмедім» депті. Мұсылмандардың екінші әміршісі Омар ибн Хаттабқа Египет әкімі Әмр ибн Асстың үстінен египеттік  христиан әйелі, үйінің жерін мешітке қосып, мешіт салғандығы туралы шағымданады.   Тексергенде, арызданушының жерінің ақысы артық бағасымен мемлекет қазынасында алынғандығы анықталады. Алайда келешекте адам ақысы, құқығы аяқ асты етуге жол бермеуді көздеген  Омар ибн Хаттаб, мешітті бұздырып, үй иесіне  үйін қайта салып бергізген.  Міне тарихта, «әділдіктің алтын ғасыры» аталған кезеңде өмір сүрген, мұсылмандардың әміршісі болған, төрт халифаның ұлт мәселесіндегі ұстанымдары әділдіктен ғана сусындаған еді. Адамдардың құқығын, діни сенімін, ұлтына, түсіне, әлеуметтік жағдайына қарамай силап, аяқ асты етпеуде, Қасиетті Құран кәримнің аяттары  мен  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүннетері мен  хадистері пенде  үшін адам құқығын қорғауда адастырмайтын даңғыл жол.

Қасиетті Құран кәрімде:«Дінде зорлық жоқ» Бақара с. 256 а. Бұл аяттың іс жүзінде іске асқандығын, тұрғындарының  көпшілгі мұсылман араб мемлекттерінде басқа діндерді де ұстанатын арабтардың бар екедігінен байқаймыз. Қүранда Аллаһ «Сендермен соғыспаған, сендерді мекендеріңнен қуып шықпағандарға келсек, оларға жақсылық жасаудан, оларға   әділ болудан Алла сендердің жолдарыңды тоспайды. Алланың әділ жандарды жақсы көретіні даусыз» десе. Мұмтахина с.8 а. «Кешірім жолын ұстан, дұрыстыққа бұйыр, надандардан аулақ бол» делінген. Ағраф с. 199 а.

Пайғамбар (с.ғ.с.) «Сіздерге, әһли кітәп иелері христиадар мен яһудилерді аманат еттім», «Жазықсыз жапа шеккен жанның, мейлі ол өзге ұлтың, діннің адамы болсын, дұғасынан сақтан. Өйткені ол Құдайға қол созып жерде тұр», «Зер сал, ойлан! Сенің қара торыдан не қарадан артық еш жерің жоқ. Сенің артықшылығың құдайға жалбарынуыңда» деген хадистерімен яһудейлерге, кітәп иелеріне, жалпы адам баласына әділ қарауды, олардың құқығын аяқасты етпеуді, мұсылманға  жараспайтын қылыққа, басқаға зиян келтірмеуге,  қиянат жасамауды  әмір еткен. Нәби (с.ғ.с): «Намаздан, оразадан және қайыр садақа беруден артық қызмет туралы айтайын ба? Ол халық арасындағы келеңсіз құбылыстарды түзеу, өйткені теріс құбылыстар халықты қырғынға ұшыратады» деп,  исламның негізі: намазбен оразадан, қайыр садақа беруден, сауапты амалдардың жоғарғысынан   халық арасының яғни ұлт аралық достық-татулықтың маңызды екенін ескерткен. Екі дүние сардары, адамзаттың ардақтысының бұл хадисінің қаншалықты маңыздылығын бүгінде Сирия мемлекетінің халқының бірнеше милиондағандары баспанасын, отанын тастап басқа жерге, шет елге қаңғып кетуінен, бірнеше  мыңдаған жазықсыз бейкүнә жандардың опат болуынан байқаймыз. Ел арасы тыныштығының бірден бір кепілі, елдің басшысы. Ардақты Пайғамбар (с.ғ.с.): «бір күн басшысыз болғаннан, елу жыл залым патшаның болғыны артық» десе, «бас-басына би болған ылғый қиқым» деген халық даналығының мән мағнасын, Ирак халқының басындағы жағдайдан пайымдауға болады. Диктат, тиран деп ат қойып, айдар тағып, патшалық құрған отыз жылдан артық мерзімде 148 адамның өліміне себепші болды деп айыптап, С.Хұсейінді дарға асып, балаларының өлтіргенін өлтіріп, өлтірмегенін түрмеге тыққаннан кейінгі 4-5 жылда, Иракта ондаған мың жазықсыздар қырылды. Бұл күндері, дін бұзарлардың ислам құндылықтарына жат, «жазықсыз жандарды қырғаннан жәннатқа барасын» деген уағыздарына сенген теріс жолдағы бауырларымызбен өздерін «шәһид» есептеген  жанкештілер  жасаған жарылыстарынан күн сайын 20-30 астам адам қаза тауып, жүздегені жарақаттауынан, әліде  қанша жанның бұл өмірмен қоштасары беймәлім.

Алла тағала қасиетті Құран кәрімнің:«Әнфал с. 46 а. «(Барлық істе) Аллаһқа және оның пайғамбарына бойұсыныңдар, өзара тәжікелеспеңдер, әлсірейсіңдер, бойларыңнан қуат қашады. Шыдамды болыңдар. Аллаһ шыдамдыны жақтайды», Наһыл с.90.а. «Анығында, Алла (адамды) әділ болуға, жақсылыққа,   ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды. Тағлым тыңдасын деп насихат береді, мүмкін сіздер ес жиярсыздар» десе. Абдулла ибн Умардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман адам, әмірлері оған ұнаса да, ұнамаса да, күнәлі іс бұйрмаса тыңдап, оларға мойынұсынуы қажет. Ал егер оған күнә іс істеу бұйырса, ол осы нәрседе құлақ салмауы және мойынұсынбауы қажет», деген (әл-Бухари). «Сұлтан (патша) Алланың жер бетіндегі саясы. Кім оны (патшаны) құрметтесе, Алла оны құрметтейді. Ал, оны қорлағанды, Алла қорлайды!», «Басшылардың ең жақсылары – сендердің оларды жақсы көргендерің және сендерді жақсы көретіндері. Сендер оларға жақсылық тілейтіндерің және олардың сендерге жақсылық тілейтіндері. Ал басшылардың ең жамандары сендердің жек көретіндерің және сендерді жек көретіндері. Сендердің лағнеттейтіндерің, олардың да сендерді лағнеттейтіндері», (Муслим). Мәлик ибн Динар:«Раббымыздан түскен кітаптардың  бірінде: «Мен-бүкіл патшалардың патшасымын, және Менің қолымда олардың жүректері. Егер адамдар маған бойұсынса, Мен өзімінің рахымыммен оларға әділ патшаларды патша етемін. Ал егер олар Маған бойұсынбаса, Мен өш алып, оларға залым патшаларды патша етемін. Жүректеріңді патшаларың туралы ойлармен мазаламаңдар, қайта Менің алдымда тәубе етуші болыңдар,  сонда мен сендерге рахымшылдық етемін»-деп жазыпты. Пайғамбар (с.ғ.с.):«Басшыларыңды тыңдаңдар және оған бойұсыныңдар, өйткені олар өздерінің жүгін, ал сендер өздеріңдікін алып жүресіңдер» (Муслим), «Сендердің әрбірің-бақташы және әрбір адам өзінің қарамағындағылары үшін жауапты. Имам – бақташы және өзінің қоластындағылары үшін жауапты. Ері-отбасының бақташысы, отбасы үшін жауапты. Әйелі-ерінің үйіне бақташы, сол үшін жауапты. Қызметші, өз қожайынының дәулетіне бақташы және соған жауапты. Бала-әкесінің дәулетіне бақташы және ол соған жауапты. Сендердің әрбірің – бақташы және әрбір адам өзінің қарамағындағылары үшін жауапты»-деген (әт-Тирмизи). Басшылықты қабылдаған адам өзіне зор жауапкершілік жүктейді. Қиямет күні  басшы өз билігінде немесе қарамағында болғандар үшін жауап береді. Мысалы: «Мемлекет басшысы өзінің қоластындағылар үшін, Отағасы от басы мүшелерінің басшысы, солар үшін жауап береді. Аллаһ аяттары мен, Оның елшісі, (с.ғ.с.) хадистері пенденің басына түскен ауыртпашылық, пенденің ниетімен амалдарына тікелей байланысты екендігін  айшықталған. Елінің басшысының залым болуына, сол елдің  тұрғындары өздерінің ниеті мен амалдарының, шариғат үкіміне қайшы екендігін түсініп, Алланың оларға жіберген жазасы ретінде қабылдап, өздерінің ниеті мен амалын, Алланың ырзалығы үшін жасағын тағат ғибадатын шын жүрегімен атқарып, Алладан адал басшы жіберуін жалбарына тілеуі қажет. Қан төгіске әкелетін, залым басшыны зорлықпен биліктен тайдырудан туындайтын, күнәлар мен зиян, оларға бойұсынудан болатын  ауыртпалықтан әлденеше есе ауыр екенін. Мүмін-мұсылмандар, басшысының өздеріне жасалған әділетсіздігіне сабырлық қылса, Аллаһ  күнәларын  кешіріп,  еселеген сауапты нәсіп  қылуы мүмкін. Яғни Алланың  жарылқауы мен жазалауы пенденің амалдарына тікелей байланысты. Алланың дәргақында сауапқа  лайық ниетпен амал  жарылқауға,  ал күнәға  апаратын  ниет пен іс-әрекет  жазаға лайық. Алла тағала қасиетті Құранның «Шура» с. 30 а. «Бастарыңа келген кезкелген қасірет қолекі істегендеріңнің салдарынан болады. Бірақ Алла көбін кешіп жібереді», Әли-Ғимран с. 165 а. «Өздеріңе келген сәтсіздік, сендер жауларың-ның басына келтірген сәтсіздіктің жартысындай-ақ еді. Сонда да сендер: «Бұл сәтсіздік қайдан келді?,-дедіңдер. «Бұл өздеріңнен (пейілдеріңнен) болды»,-деп айт (ей Мұхаммед). Алланың баршаға құдыреті кәміл» деген. Пенденің залым бастықтың жәбірлеуінен құтылатын  бірден бір жол алдымен өздері зұлымдық және әділетсіздіктен тыйылып, Әмірінің бұйрықтары мен, Алланың және Оның елшісінің үкімдеріне қайшы келмей, толық  орындап. Алладан басшысының, адал, әділ болуын жалбарынып сұрау. Абдулла ибн Ұмардан жеткен хадисте: Пайғамбарымыз (с.ғ.у) сахабаларына жамағаттан халыс қалмауын әрдайым есінде ұстауын қатты  тапсыратын. Ислам, Құран аяттары мен хадистер, ынтымаққа, бірлікке, татулық пен берекенің бұзылмауына аса зор мән берген дін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендерге жамағатты өсиет етемін, бөлінуден сақтаныңдар. Шайтан жалғыздар  мен бірге, екі кісіден алыс жүреді», «Кім жәннәттың ортасын қаласа, жамағаттан бөлектенбесін. Кімді істеген жақсылығы қуантып, жамандығы  жеркентсе, міне сол нағыз мүмін», «Мұсылмандар бір-бірін бекем ұстап тұрған ғимарат тәрізді», «Сендерден бірің, өзіне сүйіп қалағанын, басқа  бауырларына да қаламайынша кәміл мұсылман болмайды»-деген.

Сөз жалаң болмасын үшін және ұлт аралық араздыққа, ұлттың кінәлі емес, басшының және оның қосшылырдың бәрі бірдей, Алланың алдында қоластындағылар үшін жауапкер екендігін білмей не ескермей бір ұлтың ғана қамын ойлап, қарамағындағы басқа ұлтарға қысым көрсетуінің салдары ұлт араздығына әкелетіндігінің дәлелі ретінде, қазақ халқының орыс мемлекетіне бодан болған 300 жылға тарта уақытта көрген қиянаттарының бірнешеуін көрсете кеткен дұрыс шығар.  1913 ж. 11 маусымында өткен Мемлекеттік Думаның отырысында Қазақтардың жеріне қатысты мәселе қаралғанда Забайкалдан сайланған депутат Волков; «Біз Сібір депутаттары, үшінші  думадан бергі, міне жеті жыл переселен мұжыққа  жер алғанда қазақтың һәм буряттың  ең жақсы жерін алып, бұларға жер қалдырмай отырсың деп зарлап келеміз. Біздің сөзімізді тыңдаған кісі жоқ. Қазақтың қазулы арығын, салулы бақша, еккен жоңышқасын кесіп алып отыр. Қазақтың жерден қысылған белгісі,  өзідері басқа жаққа переселен  болып көше бастады» деген. Ал, Бакуден сайланған депутат Жағфаров өз сөзінде: «қазаққа артық жер деп қалдырғаны тастақ, татыр, сортаң жер екенін, осы зорлыққа көніп, мінез шығармай тыныш отырғаны, қазақтың дүниеде жоқ момындығы» деген. Өлке ережесінің 136  бабында қазақ жүрген жерде  бөтен патшаның адамы һәм  христиан  дінінде болмаған адам жер сатып алмасын  деген  құқықтық нормаға сәйкес қазақ баласын жер сатып алу құқығынан  айырған. Қазан депуаты Максудовтың:«Сіздер думаның үйінің төбесін түзетеміз деп отырсыздар, әуелі Думаның өз төбесін түзетіңіздер. Түркістаннан, қазақ жерінен, Думада бір депутат жоқ. Осы облыстарға депутат беріңдер» деген. Мемлекеттік Дума қуылып, келер сайлаудың тәртібі «3 маусым Заңы» шыққаннан кейін «қазақ халқы надан, Думада депутатық бұларға қол емес» деген сылтаумен бүкіл қазақ халқын депутатық құқығынан айырған. (Әлеумет газеті 17 наурыз 2016 ж.) Ташкент қаласының  орталығынан, орыс ұлтының адамадары тұратын қала ішіндегі қала салып, қоршап, «Сарт пен итке кіруге болмайды» деп жазып қойған. Халыққа өз тілінде білім беру жүйесіде қатаң бақылауға алынып, жоғарғы оқу орындарын айтпағанның өзінде бастауыш, арнайы орта білім бертін оқу орындарын ашудың өзі, «Дала Ережесінің 99-бабына» сәйкес дала генерал-губернатордың ұлықсатымен ашылатын болып, қазақтар ондай оқу орнын жасырын ашып, құпия ұстауға мәжбір болған. Міне патшалық Россияның  қол астындағы орыс ұлтынан басқа, ұлттарға көрсеткен «құрметі». Үш жүз жыл, бұрын ресейге ерікті түрде қосылуы  мен жері кең, халық саны аз қазақ хандығының, көрші елдердің әсіресе жоңғарлардың мал мен жер байлығына қызыққан, үш жүз жылдан артық тынымсыз шапқыншылығынан құтыламыз деген арманы, өзін соғыссыз ақ жаулап алып, халық ретінде жойылуға апаратын «қан құйлы» саясатқа тап болып, соның тұтқынына айналған. Патша тақтан тайып, Кеңес үкіметі құрылғандағы алғашқы ұраны: «Бәрі адам үшін, Кеңес үкіметінің аумағында тұратын бүкіл ұлттар мен ұлыстар тең құқылы, Кеңестік Социалистік Республикалар одағына (К.С.Р.О.) біріккен  республикалардың құқығы бірдей, делінгенімен, іс жүзінде жағдай басқаша, көпшілігінде «ұлы орыс»  халқының мүддесіне шешілді. Негізгі орыс халқы орналасқан «орталық қара топырықты аудан» деп атау алған құнарлы жер игерілмей жатса да, «тың игеру» науқанымен Қазақстанға бірнеше милиондаған басым көпшілігі орыс ұлтының азаматтары мен азаматшаларын көшіріп, құнарсыз, тастақ, сортаң жерлерге дейін жыртып егін салды. Бұл құнары төмен жерлер, бірнеше жылдан кейін құнарынан айрылып, егін шаруашылығына ғана жарамсыз   болмай, мал жайлымына да жарамайтын: есек мия, қаңбақ, қурай өсетін «өлі топыраққа» айналды. Міне солақай саясат, адам түгілі, жер ананы да жаралады. Жыл өткен сайын үкімет, жергілікті халықтың құқығын шектеуді, үздіксіз жалғастырды. Бұның бір көрінісі Қазақстан республикасының аумағында орналасқан жоғарғы, орта оқу орындарында дәріс орыс тілінде жүргені аздай-ақ, ана тілімізде оқытатын орта мектептерді жаппай жауып, білімді тек орыс тілінде оқытуы арқалы, жастарды ана тілі-қазақ тілінен мақұрым қалдырды. Осы саясат, орыс тілді қазақты, өз тілін, ана тілін білмейтіндерді «шала қазақ»-деп, ал ана тілін меңгергендерді «таза қазақ» деп екі топқа бөлуге әкелді. Осы екі топтың арасында ашық келіспеушілік болмасада, бірін бірі аса жақтыра бермейтіндей жағдай қалыптастырды. Орыс тілді қазақтардың арасынан, өзінің тегін, ұлтын менсінбейтін, қазақпын деп ұлтын мойындауды өзіне ұят санайтын қандастарымызды тәрбиелеп шығарды. Отызыншы-қырқыншы жылдар аралығындағы он жылда, қазақ қалқының он ғасырға жуық пайдаланған арап әріпін, латынға, бес-алты жылдан соң кирилл әрпіне «сауатсыздықты жою» ұранымен ауыстыру арқалы, ондаған ғасырдан бері жиналған халқымызды әдебиетінен, мәдениетінен, салт-дәстүрінен ажыратып, кейінгі ұрпаққа ұлтымызды тағы, жабайы халық дәрежесінде көрсетуге қол жеткізді. Дарияның бастауы бұлақ суалса, аз уақытта арындап аққан дарияның да, ол құятын теңіздің де Арал теңізінің суалғанындай суалып, зардабы бүкіл әлемге жайылғанындай, өткенінен  хабарсыз, тек көргеніне мәз болатын буын тәрбиеленді. Тарихта еш бір халық өз еркімен көршісі басқа халыққа дұшпан ретінде соқтығып көз алартуы кездеспеген. Тек қана, ел басқарушылардың саясаты мен үгітіне еріп, өзгеге көз алартып, жанжалға барған. Бірақ, халықтың санасына, сойқан саясат ұстанған басшыны кінәламай, халықты кінәлау  сіңген. Осының көрінісі, халық арасында «орыстан досың болса, қойныңда ай балтаң болсын» мақалды қалыптасқан. Орыс, елінің басшылырының теріс саясаты, орыс халқын көрші елдердің жеріне ерікті де, еріксізде көшіріп, орналастыруының салдары, бүгінде империя тарап, әр халақ өзінің егемендігіне қол жеткігенде тәуелсіздікке қолы жеткен мемлекеттердің аумағында қоныстанып, сол жердің тұрғылықты халқы, азаматтары орыс халқымен, жергілікті халықтың арасында жүздеген жылдар бойында теріс саясаттың салдарынан  жиналған араздық  уақытында қорқыныштан сыртқа шықпаған ашу ыза,  енді ғана жанар тауша жарылып, халықтар арасының бүлінуіне әкелді. Балтық теңізінің жағалауындағы, үш мемлекет пен Украинаның басшылары, бұрынғы орыс империясының басшыларының солақай саясатына, басқарып отырған  мемлекетте тұратын, сол елдің азаматтары, орыс тілді халықты кіналап, оларға қысым  көрсетуі,  ұлттар арасында келіспеушілікке себеп болып, жағдай шиеленісті.Тіпті Украиына мемлекетінде азаматтық соғысқа ұласты. Міне,  ғасырлар бойғы жүргізілген солақай  саясаттан туындаған өкпе наздың әсері.

Аллаға шүкір, әуеллі Алла, сонсоң Ел басшысының салиқалы ішкі саясаты, ел аумағында тұратын, 130  ұлтқа, өзінің салтын, дәстүрін, тілін дінін, ұлтық ерекшеліктерін сақтауға толық мүмкіндік жасағандықтан елімізде халықтар арасында достық, пен татулық қалыптасып, тыныштық сақталуда. Ұлт аралық татулықтың сақталуына, Призидентіміздің ұсынысымен құрылған тұрақты түрде жұмыс атқаратын «халықтар ассамбелясының» үлесі өте жоғары. Ассмбеляның өзінің шешімімен мәжіліске тоғыз депутат сайлауының өзі, оған артылған жүктің салмақты екенінің көрінісі. Пайымдауымызша Ассамбеля өз  міндетін ойдағыдай атқаруда. Ондай ойға жетелейтін себеп, Ассмбеляның тікелей басшылығы мен Қазақстанның аумағында тұратын, ұлттар мен ұлыстардың салт дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін тілін, ұрпақтың санасына сіңіруде ерекше орын бар мәдени орталықтар театрлар ашылып, табысты еңбек етуі. Және бұларға мемлекет тарапынан тарақты қолдау көрсетілуі. Ата заңымызбен және басқада заңнамаларда республика аймағында тұратын ұлттардың құқығы тең қорғалғандықтан биліктің, билердің  тарапынан   дискреминацияға жол берілмей әділдіктің сақталынуы. Ұлт аралық татулыққа зор әсер ететін факторлардың бірі  мемлекет аралық татулық. Елбасының салиқалы сыртқы саясаты, алыс, жақында орналасқан жер жүзінің бүкіл мемлекеттері мен, оның ішінде, көрші орыс, қытай мемлекеттерімен достық қатынас орнатуға қолмызды  жеткізді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының орасан қол жеткізген сыртқы саясатының жемісі ретінде көрші мемлекеттердің бәрімен, әсіресе алыптар: Қытай халық республикасы және Россия Федерацясы мен шекарамызды белгілеп, демелитация жасауына қол жеткізуі. Олай деуге себеп, Қытай халық республикасы бұрынғы Кеңестер Одағымен досшарлық қарым қатынаста бола тұра, тұрақты түрде  жер даулап, аяғы қарулы қақтығысқа әкелуіп, жиырма   жылдан артық дүрде араз саясат ұстанғандығын тілге тиек етуге болады. Аллаға шүкіршілік, отанымыздың аумағында түратын барлық халық, түсіне, ұлтына сеніміне қарамай, мемлекет құрушы қазақ халқымен түбінің бірлігін, Адам (а.с.) тарағанын ұмытпай, тату-тәті, бір ауыл, бір бауыр болып өмір сүрудеміз. Бұл, әуелі, халқымыздың пейіліне берген Алланың нығметі болса, Елбасы басының, халық аралық аренадағы беделі мен көреген саясатының жемісі.

Алла бірлігімізге сызат түсірмей, елімізге бейбіт мамыражай тұрмысты нәсәп  етсін. Әмин.

 Дін аралық татулық.                             

Адамзаттың мамыражай тыныштықта бақытты өмір сүруіне дүние молшылығы, отбасындағы татулық  және ұлтаралық жарастықпен бірге, дін аралық татулықтың да орны ерекше. Мемлекеттің тұрғындары бір халықтан құралмайтынындай бір дінді ұстанатындардан да құрылмайды. Демек біз оны қалайыз ба, қаламаймыз ба, мемлекет аумағында, елді мекенде, бір қалада, тіпті бір шаңырақ астында (көп этажды) бір емес әртүрлі дін ұстанатын бауырларымызбен бірге тұрамыз. Осы жағдайда пенде өзінің сенімімен шектелмей, басқалардың да сеніміне түсіністікпен, сыйластықпен қарауға міндетті. Кәзіргі техникалық даму шарықтаған дәуірде, жер жүзінде, адам аяғы баспаған, ұлтарақтай жер қалмауымен бірге, күнделікті қажеттілік, танымайтын, білмейтін елдің тұрғындарымен жақын араласып, аз уақытқа болсада бірге тұруға мәжбүрлейді. Осы тұрғыдан адамзатың барлығы, тегі бір бауыр екендігін ескеріп бірін бірі табиғи өзгешелігіне, ұстанған дініне қарамай сыйластықпен татулықта болуы заман талабы. Жаратушы  жалғыз, құлы Адам (ғ.с.) жаратып, оған өзінің құдыретін,   ұлықтайтын құлдық тағат-ғибадаттың жолдары мен ізгі қасиеттер үйретіп жиынтық түрде «адамгершілік» деп атады. Пенденің  осы өмірде  сауапқа жетелейтін амалдарын – халал, ал күнәға себептілерін – харам деген атқа топтастырды. Оның  жағымды не жағымсыз  әрекеттерін  саралап жіктеуді үйрететін   ілім-дін. Дін, үкімдерімен тек халал амалдардың атқарылуын құптатаса, харамнан тиады. Харамнан тыйлмай өзіне ширик қосқанға дейін төмендеп, күнәға батқан қауымды дұрыс жолға салуға Аллаһ, әлсін-әлсін пайғамбарлар жіберген. Бұл жөнінде, Қасиетті Құранның: Бақара c.213 а.«Адам баласы бір-ақ үмбет еді.  Алла (сауап және пейішпен) қуантушы, (азап пен тозақтың хабарын) ескертуші пайғамбарлар жіберді. Олармен берге адамдар арасында келіспеушілік жағдайлар болғанда, турасын тауып, дұрыс шешімге келулері үшін хақ жолды көрсетуші кітапты түсірді. Бірақ, кітап берілгендер өздеріне ап-ашық дәлелелдер келгенмен бірін-бірі күндеп, кітап жөнінде келіспеушілікке барып, талас-тартыс шығарды. Осы орайда, Алла иман етушілерге келіспеушілік пайда болған мәселелердің тура шешімін, өзінің ұйғаруымен көрсетті. Тура жолға Алла өзі қалаған адамын  ғана бастайды» делінсе,   Бақара с. 256 а. «Іштеріңдегі зұлымдық істегендерден басқа кітап иелерімен (яһудилер мен християндар)  ең тамаша    (ғылыми, сыпайы) түрде талас жүргізіңдер. Оларға: «Өзімізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Сендердің Құдайыларың да, біздің  Құдайымыз да біреу-ақ. Біз соған ғана бойұсынушымыз деңдер», деп, Фатирс. 24-а: «Қауымдардың қайсысына болса да (ескертуші) пайғамбар жіберілген», десе, Ръад с. 7-а. «Әр қауымның (өз заманына лайық хақ жолға бастаушы) пайғамбары болған»,-делінген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.), Адам атадан  өзіне дейін 124 мыңға жуық пайғамбарлар келгені айтса, Құран кәримде, олардың 25-нің аты аталған. Адам (а.с.) бері келген пайғамбарларды, әкелген діндерінің негізінің бірлігі яғни Таухидқа, бір Аллаға ғибадат етуге шақыру миссиясымен жіберілгендігі біріктіреді. Таухид, бір Аллағағана, тағат-ғибадат ету және діннің негізі, әрі тірегі. Таухидтан ауытқу, бір Аллаға құлшылықтан ауытқу, адасу. Алла Тағала Құранда: «Сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек, оған, күдіксіз менен басқа ешбір тәңір жоқ. Маған  ғана құлшылық етіңдер, деп аян  еткенбіз»,  «Бақара” с.136 а. «Біз Аллаға, бізге түсірілген шариғатқа (Құранға), Ибраһим, Исмайл және Исқақ пен Жақыпқа, оның әулеттеріне берілген нәрсеге, Мұсаға түсірілген (Тауратқа), Исаға түсірілген (Інжілге) және басқа пайғамбарларға Алла тарапынан берілген игіліктерге иман келтірдік. Біз  пайғамбарлардың (біріне сеніп, біріне сенбейтін  болмаймыз), алаламаймыз. Біз мұсылманбыз, яғни бір Аллаға бойұсынамыз», десе. Анкабут» сүресі, 46. а. Алла тағаланың өзі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) арнайы:  «Ей,  кітап  иелері  (яhуди, християндар)!  Келіңдер, Аллаға ғана  құлшылық  етуге, оған  серік  қоспауға (ғибадаттарымызда ширк жасамауға), өз арамыздан кейбіреулерді тәңір тұтпауға өзара келісіп алайық, деп айт. Олар бұған көнбесе, куә болыңдар, біз мұсылмандармыз (яғни бойұсынушылармыз) дегін» деп бұйырды. Дін  исламның негізгі ұстанымы, жалпы адам баласына, оның ішінде басқа дін  өкіліне жақсылық қана жасау. Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде: «Марямның ұлы аса құрметті Исаға менен жақын ешкім жоқ. Екеуміздің арамызда өзге елші жоқ. Елшілердің бәрі шешелері әртүрлі болғанмен бір атаның ұрпақтары, бірақ олар қалдырып кеткен дін біреу-ақ», «Дін-халыққа берілетін пайдалы нұсқау», «Кімде-кім діні бөтен адамды жәбірлесе, мен оны айыптаймын. Егер мен ақырет күні айыптаушы болсам, міндетті түрде жеңіп шығамын», «Егер біреу мұсылмандармен тату-тәті өмір сүріп жатқан  адамды өлтірсе, ол жұмақтың исін де сезе алмайды»-деп қадап айтып, осы ізгіліктің іске асуын, сақабаларынан талап етіп, кейінгі ұрпаққа өсиет еткен. Медине қаласында тұратын иаһуди, пайғамбар (с.ғ.с.) қонаққа шақырғанына,   барып, дастарқанын  ас  жеген. Араб түбегінде християндар  шоғырланған Иеменнің Нажран жерінде Мазһиж тайпасының, Балхарис руы тұратын аймақтың дінбасылары мен басшылары бастаған алпыс адамдық топ, Мадинаға  келеді. Қаланы аралап, тұрғындарымен араласып, мешіттерді тамашалап, ұнатып, мешітте құлшылық жасауға сахабалардан ұлықсат сұраса, сахабалар көнбепті. Мұны есітіген, Алла елшісі (с.ғ.с.)  мешітте құлшылықтарын жасауларына ұлықсат беріп, олар құлшылық жасаған. Ислам, мемлекеттік дін және халқының көпшілігі ұстанатын араб елдері, діні  басқаларға  оның ішінде   арабтарға, елмен дін басыларының тарапынан, қысым көрсетілмеуі, Бақара суресінің «Дінде зорлық жоқ» деген 256 аяты мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  хадистерінің  мінсіз Қазірге дейін   орындалатынының   дәлелі.

Мекке мүшриктері, алғашқы  ислам дінін қабылдағандарды үйінен, елінін күшпен шығарғанда, оларға, Пайғамбарымыз (с.а.ғ.):«Эфиопияға қоныс аударыңдар. Өйткені сол елді басқарған король туралы жақсы ойдамын. Олармен құдайымыз бір, бір Алла ғана, дініміздің ортақ сенімдері көп. Ол корольдің жерінде ешкім сендерге зұлымдық көрсетпес. Ол жер дұрыс және сенімді өлке. Алла, елде жеңілдік бергенге дейін сол жерде қалыңдар» деген. Сол елдің патшасынан қоныс аударғандарға  көмек сұрап хат  жазып беріп жіберген. Уақыт өте, Хабашыстаннан Мединеге келген христиандарды, «Бұлар кезінде Эфиопияға паналап барған мұсылмандарды құрмет тұтқан», деп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларды аса қадірлеп, үйіне шақырып қонақ етіп, құрметтеп шығарып салған.

Жержүзінде, бүгінгі күннің обасы, адамгершілік қасиетке жанаспайтын, дәстүрлі діндердің негізіне жат ағымдардың терроры белең алуда. Террорлық ұйымдардың көпшілігі, бастауын жуан жұдырық, әлемді ащса аясында, жұмса жұдырығында ұстауға әдеттенген әлді мемлекеттердің қолдауынан бастап, кейін қолдаушысының қалауын да ескере бермейтін, мұсылман атын жамылған дін бұзушылар тобы.  Осы топтың серкелерінің, «жалғанда да ақыреттеде жаннатта өмір сүресін»-деген жалған үгіті мен қолтығына кіргізгенше жалатқан азды көпті тиін-тебеніне алданған,  өмірден  орнын таба алмай, тағдырына ырза емес пешкалары, «ауырдың үсті мен жеңілдің асты мен» жүргенді қалайтын сырты мұсылман, анығында исламның негізінен хабарсыз жандар. Бас бұзарлардың көпшілігі өздерін мұсылман санап, исламның конондарын орындайтындықтан, сырт көзге және ақпарат құралдары жаңсақ, әлде әдейі ұйымдастырған хабарларынан сусындаған жұртшылықтың санасында ислам, оның негізі  Аллаһтың сөзі, Қасиетті Құран қаталдыққа, соғыс өртіне, ымрасыздыққа уағыздайды деген   ұғымды қалыптастырды.

Америкалық бағдарламашы Томас Андерсон мұсылман қауымының  қасиетті кітәбі соғысқа шақырады деген батыс елдерінің  уәжін арнайы бағдарлама арқылы тексерген. Ол осы мақсатта өзі ойлап тапқан Odin Text контент-сараптау бағдарламасымен бірнеше діннің қасиетті кітәбтарына талдау жүргізген. Талдау барысында Құран Кәрим мен Жаңа өсиет (Новый Зовет) кітәбтарында басқыншылыққа қатысты сөздер көрсеткіші шамалас-2,1% және 2,8 %. Алайда, Ескі өсиет  кітәбінда мұсылман кітәбіна қарағанда екі есе жоғары екенін 5,3% байқаған. Томас Андерсон Құран мен Інжіл кітаптарына психалогиялық сезімге қатысты 8 сипаты бойынша талдау жасағанда, Інжілде ашу-ызаға толы сөздер көбірек кездессе, ал  Құранда сенім мен үрей, үміт мәселері ашылған. Мейрімділік пен қайрымдылыққа шақырған сөздер Құранда – 6,3%, Жаңа өсиетте – 2,9%, Ескі өсиетте – 0,7% ғана. Дін жаулары туралы  Құранда – 0,7 %,  Ескі өсиетте – 1,8%,  көтерілген. Талдаудың   нәтижесінде Томас Андерсон қасиетті Құран кітәбінда басқыншылық сипаттары Інжілден асып түседі деуге ешқандай негіз жоқтығын дәлелдеп мәлімдеген.

Дінге байланысты болған соғыстарға назар аударсақ, христиандар «Крест жорығы» атымен Ислам дініне қарсы әлде неше рет соғыс ашқандығына тарих куә. Бүгінгі кезде демократия, жекебастың және сөз бостандығы деген жартылай ұғымға бой алдырған «дамыған ел» атанатын  кәрі құрлыкпен АҚШ басшылары ел тұрғындарының санасына сіңірген  құндылық «бостандықты» ойша саралайық. Науқасты емдеу үшін науқасты қоздырушы вирусті анықтап, соған  қарсы амал атқарса ғана ем шипасын бермек. Олай болса террорға, әкелетін себеп пен салдарға назар аударып оған апаратын себептерді анықтамай террормен күрестің нәтижсіз болатыны даусыз. Демакратия мен сөз, құқық бостандығы дамыған заманда, дүние жүзінде зынының дәуірлегенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бірге туған  егіздердің әкелерінің бөлек бөлек болуы сыяқты масқаралар кездесуі бұған бұлтартпас айғақ. Адам баласын аюаннан ерекшелейтін артықшылығы ақылы мен ұяты. Пенденің Ұятының негізгілері,  тәнінің ұятты жерін-әуретін жат көзден  жасыру, өзгеге дөрекі естілетін  былапыт  сөзден тиылу, көпшілік  арасында оларға ұнамсыз іс пен сөзден сақтану, әдейі басқаның әуретіне қарамау, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсету, сияқты. Міне, адам өмірінде адамгершілік қасиетті өз дәрежесінде сақтауда ақылдан кейігі ұяттың орыны ерекше. Ұяттан  безген пенде жануардан да төмен деңгейге құлдырайды. Ал ұятсыздыққа  апаратын  жолдың  бастауы кәзіргі «бостандық сүйгіш дамыған қауымның», «Әдемілікті неге жасырасын, ашыл да көрсет» деген ұраны, адам біткенді жалаңаштаса. Пайғамбардың  (с.ғ.с.) үмметі: «Жалғыз қалғанда Алладан ұял», «Әйелмен әйелдің арасында, еркекпен еркектің арасында да әурет, ұятты жерлері бар»- хадисіне амаал істейтін. Ұлық имам Әбу Ханифа көпшілік пайдаланатын моншаға барғанда, тыр жалаңаш жүрген ер  кісіні байқап көзін жұмған. Бұны байқаған жалаңаш: «Әй Әбу Ханифа, қашаннан бері көзің ғұзырлы (сырқатты) болған» десе, Әбу Ханифа:«Сенен ұят безгелі көзім ғұзырлы болды» деген. Яғни әуреті жалаңаш пенде, өзі күнәлі болғанымен қоймай, оған  қарағанды да күнәға батырады. Кәзір көшедегі 99 пайыз, жастар мен орта жастағылардың әуреті ашық. Оларға қарамай жүру мүмкін емес. «Ұятың болмаса ойыңа не келсе соны істе» хадсінің мағнасын ойласаң,   жартылай жалаңаш  бауырларымызда ұят бар деуге ауыз бармайды. Ұяты жоқ, ойына не келсе соны істейтіндер деген ой санада қылаң береді.

Ақпарат құралдарына жылдан жылға зына өршіп, әйел  зорлаушылар, жас қыздарды қорлаушы педафилдер жазаға тартылғанмен қылмыстың бұл түрі азаюдың орнына көбеюде. Яғни жалғыз жазамен жауыздыққа тосқауыл қойылмайды дегенге саяды. Дана бабаларымыз «Аурып ем іздегенше, аурмайтын жол ізде» деп, әрбір зауалға әкелетін амалдардан сақтануды ескерткен. Бұл ретте Италияның Кастелламмаре-ди-Стабия қаласының Мэрі Луиджи Боббио, қысқа-юбка кигендерді және көпшілік орындарында тәнін күнге қыздыруынудан тиып, орындамағандарды арандатушы санап  700 доллар көлемінде айып пұл салға шешім шығарған. Мексиканың Сьюдад-Акунья  қалаласының  әкімі,   көшеде қысқа-юбка киген әйелдер мен  әйел киімін киген еркектерге айыппұл салатын шешім қабылдаған. Осы қаланың қауыпсыздық басқармасының бастығы Хавьер Агуайо-и-Камаргон: «бұл шектеу мораль мен әдеп нормаларын сақтап қана қоймай, «жекелеген қылмыстық әрекеттердің» алдын алуға  тиімді» деген. Әлемде қылмыстың өсуіне  жүрегі  аурып, «одан адамзатты қалай  қорғауға болады» деген сауал жан дүниесін мазалаған ел басшыларының ізденісін тілге тиек еткендегі  мақсат, жарты дүниенің астан-кестенін шығарып жүрген бас бұзарлардың, бағытының қателігін  түсіндіріп, теріс жолдан қайтарудың, дүние-танымы төмен ойына алғанын «дұрыс» деп сеніп, жазықсыздарға күшпен жапа шектірумен шешіледі деген сенімімен  террорға   баратын  адасқандарды, теріс жолдан  сақтандырып, дұрыс жолға салуға бағыттаудың, жазадан басқа жолын іздедік пе? Іздеген  жоқпыз. Өкініштісі, іздеуге бас  қатырмай, бірден бір дұрыс жол  оларды  асып, атып, жазалау ғана деп түсінетін сияқтымыз. Құранның   Фуссилат с.  34 а.  «Жамандыққа жақсылықпен жауап қайтар. Сонда ғана дұшпаның өзіңнің сырлас досыңдай болады» делінген. Яғни қате түсінікпен теріс жолға түскендерді тек «жазалаушы»  ғана болмай, бір мезгіл түсіністікпен, жан ашырлық танытып, дұрыс жолға апаратын жол көрсету қоғамның міндеті секілді. Жаза, өзінен кейін, бұрынғыданда артық жаза тудырады.   Террорға баруға  себептердің  негізгісі «шексіз бостандық», оның ішінде «сөз бостандығы ма» дейсін. Пайғамбар (с.ғ.с.): «екі жақ пен екі бұттың арасына ие болған адамның жаннатта болатындығына кепілдік беремін», «Жауыңа  да жамандық тілеме, егер ол жақсы адам болса саған кесірі тимейді» десе, даналарымыз: «сөз бас жарады, бас жармаса тас жарады», «Басқа бәле тілден» деп орынсыз айтылған қаңқу сөз:«отбасы, ұлт, діндер, мен мемлекет арасын ойрандап орны толмас өкінішке әкелетіндігін ескерткен. Әрбір жаратылыс, оның ішінде пенде өзін қоршаған ортадан бөлініп, жеке өмір сүргісі келсе де, өмірлік жекеленіп тұра алмайды. Осыған орай ақыл есі бүтін, ұятты адамның абсолюттік тұрғыдан бостандықта болуы мүмкін емес. Оның ішінде сөз бостандығы. Шектеусіз сөз бостандығы тек ақылсыз, делқұлы, жындыларға ғана тән. Өйткені олар ауруы себепті не істеп, не сөйлегенін  білмейді, оған жауап беруге де  қаблетсіз, оларға ақыл есі бүтіндерге қойылатын талаптың үкімі жүрмейді. Ал ақыл есі бүтін пенденің, өзін асырап, сақтаушы жер анамызды, Алла берген, табиғаттың нығметтерін  қалауынша, қалай болса солай пайдалануға қақығы жоқ. Яғни оны сақтауға жауапты. Меншігіндегі малы екеш малына да жауапкерлігі шаш етектен. Оның орнын тазалап, уақтылы тамақтандырып, бағып қағып, суық пен ыстықтан, азулы аңнан қорғау секілді. Ал сыйласып бірге жүрген, қызық-қуанышы мен ренішін бөлісетін, замандастары мен отбасы ошақ қасының мүшелерінің және Жаратушымыз жалғыздың алдындағы жауапкершіліктерін санап тауыса алмайсын. Жауапкершілік барда, міндет бар.  Міне, соншама міндетті  мойнына алған адамда қандай сезім, амал, сөз бостандығы болуы мүмкін. Жалпы алғанда бостандық шартты түсінік, оның ішінде сөз бостындығы.  Ақыл иесі адамға, мал сыяқта, көшілік арасында дәрет сындыруға,  жұбайына жанасуға, балағаттауға, озбырлыққа,    құқық бермейтіні сияқты, бостандық шектеулі. Шекту барда шексіз бостандықтардың болуы мүмкін емес. Бұл адамгершіліктің догмасы, өзгермейтін заңы. Демократиясы дамыған, адам құқығын қорғауда жоғары деңгейге көтерген «мәдениеттің шыңына шыққан» қоғам, жеке тұлғаның сезімін қорғауға том-том заң шығарып, ал миллиардттағандардың сезімін қорғауды  естерінен шығаруы таң қаларлық құбылыс. Біреуді: «иттің баласы» десең, оның басы жарылып көзі шықпайды, яғни тәні жараланбайды, сезімі қорланды. Сол сияқты Пайғамбар  (с.ғ.с.), өзінен, от басынан артық жақсы көретін, Алла бір, Пайғамбар хақ деген сенімдегі милирдтаған адамның сезімін қорлап, сенімін таптаған, Францияның «Шарли Эбдо» журналының Мұхаммед (с.ғ.с.) мазақтап мақала жариялауы,  бүкіл ислам дініндегілердің   сезімін қорлау. Әшейінде «екі алақанына түкіріп», «қай жерде адам құқығы-сезімі қорланады» деп «сапты аяқтан» қарауыл қарайтындар үндемей, журналдың тиражын көтеріп, сенсация үшін өліге де тіріге де «иненің жасуындай пайдасы жоқ» мақала басылуына «көз жұмып» қарады. Бұл өз кезегінде мәселені ойлап, ақылға салып бейбіт жолмен шешуге болады деген ойдан аулақ,  қызу қандыларды арандатып, террорға баруына бірден бір себеп болды. Өйткені, оған барған адамның санасын: «дінімді, жанымнан жақсы көретін Пайғамбарым (с.ғ.с.) қорғадым, дінім үшін шаһид болам»-деген түсінік  жаулап алған. Яғни «Шарли Эбдо»-журналының Мұхаммед (с.ғ.с.) мазақтаған мақаласы арандатушылық. Арандатуға барған адам озық ойлы адамдар тарапынан айыпталуға лайық болудың орнына, олар «тау қопарған, тас қазған», әлемге   жақсылық әкелген батыр болып танылды. Осыдан он-онбес жыл бұрын, әлем мойындаған, Қасиетті Құран кәримді екі сөздің басын ғана біріктіре білетін, дарынды ақын ретіде дүние жүзі танып білмеген, «шайтанның өлең»-деп поэма жазып, мұсылман қауымын дүрліктірген, Рушидиді, ағылшын елінің исламды жақтырмайтындарының қорғап қалуына  себепші болғаны ел есінде. Әрине жаза басқаны үшін адамды өмірден айыру құптауға жатпайтын үлкен күнә. Кезінде Рушидидің  «сандырағын» арандатушылық деп танып, шара қолданғанда, «Шарли Эбдо» журналы да Мұхаммед (с.ғ.с.) мазақтап,   мақала  жазбай  және оның редакцясында  жарылыс болып, адам шығыны болмауының ықтималдығы жоғары еді ғой. Анығын Аллаһ біледі.

Мұсылмандардың билеушісі екінші халифа ха-ті Омар Құддыс қаласында  болғанда, христиан дін басылары оған   шіркеулерінде намаз оқуға рұқсат берсе де, Омар:«Мен шіркеуде намаз оқысам, кейін мұсылмандар, Омар намаз оқыған шіркеуді мешітке айналдырамыз дегенге  ниеттеніп, дін аралық шиеленістің шығуына себепші болар» деп  ұсыныстан бас тартып, намазды сыртта оқыған.

Адам баласына  жаны ашыған, жүрегі ауырған басшылар өзі өмір сүрген заманда ғана емес,  болашақтада  арандатуға негіз   болдырмауды ойлаған. Дүние жүзіндегі мыңдаған редакторлар мен редакцялар болсада, оларға  қастандық жасалған жоқ қой.  Тек «Шарли Эбдо» журналына ғана қастандық жасалды. Бұның себебін іздеп, қортынды шығарудың орнына «сөз бостандығынан айрылмамыз» деуді ұстанды. Қазақ халқы «жатқан жыланның құйрығын баспа» деп, тиіспесең жылан екеш жылан да, шақпайтынын  ескерткен. «Ештен кеш жақсы» демекші ел  билігін  ұстағандар, заң  қабылдаушылар, ғалымдар мен мамандардың ақыл кеңесіне  жүгініп, бүкіл жаратылыстың  келешегіне  қауіп төнген заманда, болашақта, қандай жолмен жүру мәселесін қарастырса. Арандатушылық амал мен сөзге тыйым салатын, бүкіл әлем мойындайтын заң қабылданса,  қызу қандылармен жүгенсіздік әрекетін іс жүзіне асыруға, теріс жолға түсіп, өзін құрбандыққа шалуға, себеп таппай, арандатушылықтың азаюына көмегі тиер ме еді. Апаттың, жауыздықтың алдын алуға амал қолданылғанда ғана, оның кесапаты толық жоймасада одан келетін зияны  азайтыны  аксиома.

Ел басының тікелей басшылығымен төрімізде екі жылда бір өтететін, әлемдік дәстүрлі діндер  басшыларының  самитінің септігі, Алланың  халқымыздың көңілінің кеңдігіне берген нығыметі, елімізде дінаралық түсіністік пен татулық қалыптасты. Бірлік пен татулық бар елде тыныштық, береке мен молшылық  қалыптасқан. Дана халқамыз «ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп», «Алтау араз болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі кетеді», «Бірлік бар да, тірлік бар» деуімен татулықтың ырыс береке екенін, ұрпағына өсиет еткен.

Аллаға шүкірлік. Жаратушы жалғаз иеміз, татулығымыздан айырмасын. Әмин.

Ауданбай қажы АХМЕТЖАНҰЛЫ

Астана 2016 жыл

Сондай-ақ, оқыңыз

Түркістанда ғаріп болды Кұл Қожа Ахмет

77-хикмет Аяу, достар, ғашық, ышқы болмайынша, Уахаданият дариясына сүңгіп болмас. Ол дарияның гәуһары дүр Хақ …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған