Жарық нұрдың сәулесі

Мәді (Диуана) Қожа ұлы Қылыш ата

Пенденің бұл пәни дүние мен о дүниедегі жағдайы оның  ұстанған қағидасына (сенім жүйесіне) байланысты. Адам баласының қағидасы дұрыс болса, пенде құлшылығының

арқасында адал ниетінің жемісін көреді. Ал, қағидасы бұрыс болса, тура жолдан ауытқуына бірден-бір себеп болады. Адам иман етпестен, қанша амал, яки қайырлы іс жасағанымен сол амал-істердің пайдасы болмайды. Ислам дінінің сенім жүйесіне қатысты саласын зерттейтін ғылымды «калам» десе, тікелей сенімге байланысты айтқанда «итиқад» термині қолданылады. Сол секілді қағиданы да, көпжағдайда иман негіздері деп айтуымызға әбден болады.

Міне осы Ислам діні – әлемді байланыстырушы күш, яғни,Аллаһ Тағаланың барлығына сенім мен амалдың бірлігі екендігінбіздің жерімізде насихаттаушылардың бірі – Қажы Мәді (Диуана) бабамыз екендігі белгілі.Ендігі әңгіме осы бабамыздың дін ілімін насихаттау істерін

одан әрі қарай өздері өмір сүрген орталарында жалғастырушылар – екінші ұлы Қылыш қожа және оның ұрпақтары туралы болмақ.

Қылыш қожа өмір сүрген аймағы Сырдың төменгі ағысы, яғни, қазіргі Қызылорда облысының Сырдария ауданының төңірегі деп айтуға болады. Ал оның өмір сүрген мезгілін нақты дерек болмауына сәйкес, өзінен үлкен ағасы қожа Жаһан бабамыздың ғұмыр кешкен уақытымен шамалауға болады деп есептейміз. Ауызша дерек көздері бойынша қожа Жаһан баба шамамен 1680-1755 жылдары өмір кешкен деген мағлұмат бар. Бұған қоса оның өмір сүрген уақыты XVІ ғасырдың соңы мен XVІІ ғасырдың басы деген де болжам айтылады. Осыған қарап, Қылыш қожа бабамыз да осы екі кезеңнің бірінде өмір сүрген деп мұғдарлай аламыз.

Осы жоғарыда аты аталған екі бабамыздың дүниеге келуі туралы ел аузында осы кезге дейін аңыз әңгіме бар. Рабайда да болса да «Қожжан, Қылыш егіз» деп айтылып қалады.  Бұлай  айтылуының негізі осы әңгіменің төңірегіндегі «Қожжан мен Қылыштың арқалары жабысып туған екен, оларды қылыштың жүзімен ажыратыпты, осыған байланысты кішісінің есімін Қылыш атапты», – деген аңызға келіп тіреледі. Бұл аңыздың шындығы өткен ғасырлардың қойнауында қалып тұр. Десе де, бабалар туралы деректерден мол мағлұматы бар және бабалар туралы шежірені жинақтаушы ағамыз Абдулатиф Әбдіқайымұлы бұл аңыздың шындығы бар екендігін айтып кетіпті.

Қылыш қожа бабамыз туралы бұдан басқа деректер әзірге қолымызда жоқ. Баба туралы тың мағлұматтар, аңыздар, болжамдар, зерттеу жұмыстары, жаңа деректер алдағы уақытта қолға түсер деген үмітіміз бар. Ондай жағымды жаңалықтар болып жатса қуана қарсы аламыз, әрине.

Енді Қылыш қожа бабамыздың ұрпақтары жайлы қысқаша мәліметтерге тоқталайық.

Қылыш қожа бабамыздан – Жиенқожа, Нұрымқожа,

Қыдырқожа, Медетқожа, Ер Көшек, Дәуіт, Смайыл Әздер,

Әуезбек, Жақып, Бақмұхаммед (Бабақожа) туады.

Қылыш атамыздың жары Ертуған анамыз ақылды дана кісі болған екен. Ол Қожжан қожа бабамыздың дәрет құманын қыс, күз айларында қойнына алып жылытып жатады екен. Анамыздың бұл ісін бабамыз аңғармапты. Бір күні суы жылы құманды бабамыз қолына алып тұрып:

– Шырағым келін, құманды от жағып жылытып жатқаныңды көрмедім, бірақ дәретсуым үнемі жылы болып тұрады, бұл қалай? – десе, келіні:

– Ата мен сіздің құманыңызды жатарда қойныма алып жатып, жылытып даярлап қоямын, – депті.

Келініне риза болған қожа Жаһан баба:

Тілегіңді Алла қолдасын,

Еш жамандық болмасын.

Жаратқан өзі жар болып,

Әулиелер қолдасын…- дей келіп, батасының соңында:

Ер де сенен шықсын,

Шері де сенен шықсын,

Ақын да сенен шықсын,

Батыр да сенен шықсын,

Шешен де сенен шықсын,

Көсем де сенен шықсын,

Дүр де сенен шықсын,

Пір де сенен шықсын, – деп, батасын беріпті. Дуалы ауыз бабамыздың берген батасын Алла қабыл етіп, Қылыш қожадан тараған ұрпақтарына осы айтқан қасиеттер қоныпты. Бабаның қасиет қонған ұрпақтарының бірі әрі бірегейі – Ер Көшек, ол әрі ақын, әрі шешен, би, әрі елін жаудан да, даудан да қорғай білген батыр, қазақ пен қарақалпақ елінің шекарасын белгілеп берген аты аңызға айналған әйгілі мәмілегер тұлға болған көрінеді. Қылыш қожа баласы Ер Көшектен Күдері, Таспа, Есжан, Досжан, Сары, Тұлпар атты балалар өрбиді. Ұлдары Күдері мен Таспа ата жолын қуған дүлділ ақын болған. Ағайынды екі ақын да кезінде атақты айтыстарда алдына жан салмаған Ошақты руының ақын қызы Ұлбикемен айтысқан. Күдері ақынның ағасы Таспа қожа алдымен айтысқан екен. Күдері баба өмірінің біраз жылын арқа елінде өткізген екен. Құнанбайдың аға сұлтан болып сайланарындағы саяси айтысқа, Кеңесары Наурызбай қозғалысының кеңесшілігіне қатысқан деген аңыздар да бар. Ұлбике 24 жасында, Күдері қожа 38 жасында опат болған. Бұлар жайлы деректер «Айтыс», «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды», «Заман-ай» кітаптарында және «Таңшолпан» журналының 2002 жылғы 5-нөмірінде жазылған.

Таспа ақынның шөбересі Нұрмұхаммед Қадырұлы 1848 жылы қазіргі Сырдария ауданына қарасты Шіркейілі ауылында дүниеге келген. Әкесі – Қадыр ишан Құлболды ишанның шәкірті болған.

Қадыр ишан баласы Нұрмұхаммеддің діни сауатын алғаш өзі ашып, жасы 13-ке толғанда Бұқарадағы әйгілі оқу орны «Мир-Араб» медресесіне оқуға береді. Медресе шәкірттерінің арасындағы бойы ең аласа әрі жасы кіші, зерек Нұрмұхаммед медреседе үздік оқып, ұстаздарының сүйіспеншілігіне бөленеді.

Нұрмұхаммедтің зеректігі мен алғырлығына риза болған ұстазы оның бойының тапалдығына қарай үнемі: «Жарасың, Тапалым!» – деп отырады екен. Ұстазының осы ризашылық сезімімен айтылған сөздері шәкірттер арасына таралып, Нұрмұхаммед «Тапал» атанып кетіпті. Нұрмұхаммед медресенің теология бөлімін үздік бітіреді. Медресенің ғылыми кеңесі оған шатырхат (диплом) бергенде, оған «Ахун» деген теология ғылымының жоғарғы дәрежесін бірауыздан беруге шешім шығарады. Сөйтіп, Нұрмұхаммед Қадырұлы 18 жасында Бұқардан елге «Ахун» ғылыми дәрежесін

алып оралады. «Ахун» (парсы) – Мүфтиден кейінгі діни атақ. XVIII ғасырдың 2-жартысында Бұқар хандығындағы ең жоғарғы діни лауазым – ахун болды. Муфтидің шариат бойынша айтқан шешімі ахунның келісімінсіз жүзеге асырылмаған. Ғалым атамызды ұстаздары атаған «Тапал» деген қосымша атына «Ахун» деген ғылыми дәрежесі қосылып Нұрмұхаммед «Тапал ахун» деген лақап атпен елге кеңінен танылады, елге келгеннен кейін мешіт ашып, бала оқытады, халық алдында әділ, тура билік айтып, ел арасындағы дау-дамайға бітімгершілік жасайды. Елден асқан даналығы мен ғұламалығы арқасында бүкіл иісі қазаққа белгілі, құрметті болды. Әулие, ғұлама Тапал ахун жайында Керейт Даңмұрын Кенжебекұлы «Ахундарға арналған» толғауында:

Қалжекең мен Тапал ахун екеуі,

Кітап ашқан Мүсәннифтің бірі еді.

Зәкәр, тахлил, лебізі толған салауат,

Алла досы, нұр гауһарлар шыры еді,- деп Нұрмұхаммед Қадырұлы мен Қалжан ахун Бөлекбайұлының шынайы бағасын берген.

Бір сөзбен түйіндеп айтқанда Тапал ахун өмірінің соңына дейін көптеген шәкірт тәрбиеленген, халық арасында әділ билік айтып ұлттың бірлігін, тұтастығын сақтауға, иісі қазаққа Ислам дінін таратуға, елді сауаттандыруға өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғалым, саяси қайраткер, көрнекті тұлға.

Жунайд Мақсұм әкесі Тапал ахуннан кейін Шурай Ислам партиясының төрағасы болып тұрғанда 46 жасында қайтыс болады. Оның баласы Сағдатдин, немересі Сабыр Ұлы Отан соғысында қаза болған. Сағдатдин діни сауатты, білімді кісі болған. Сабыр кезінде комсомол, партия қызметкері болған. Сабырдың әкесі, Жунайд мақсұмның баласы Камалатдин мақсұм да жоғары діни білімді, ғұлама кісі болған. Камалатдин мақсұмның баласы Аббас облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, Сыр өңірінің экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан белгілі азамат. Көп жылдар бойы Сырдария ауданындағы Шіркейілі, Тереңөзек және Ильич атындағы кеңшарларда директор қызметін атқарып, ауыл халқының әл-ауқатын арттыру, мәдениетін көтеруге күш жігер жұмсап, облыстағы білікті кеңшар директорларының көш басында болды. Одан соң халық депутаттары Қармақшы аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Қызылорда облыстық жер ресрустарын басқару жөніндегі комитет төрағасы, обылыс әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған азамат. Қазіргі таңда туған ауылы Шіркейліде «Мәді қажы» атындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметін атқарып келеді.

Қылыш атаның бесінші ұрпағының бірі Нұреке баласы Мұхамеджан, (лақап аты Қарамолда).

Бұл кісі де үлкен ғұлама, теолог әрі ақын болған. Бұхарадағы «Көкелташ» медресесін үздік бітірген. Өз еліне келіп мешіт салдырып, балаларды оқытып, адалдыққа, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеген. Шәкірттерінің қатарында ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов, халық ақыны Қуаныш

Баймағамбетов, қоғам қайраткері Төлеген Дәуітбаев, Мұхамедия Байменов, халық жырауы Рахмет, тағы басқа да атақты кісілер дәріс алған.

Бұл кісі «Қазақтың Қалтайы» атанған белгілі жазушы Қалтай Мұхамеджановтың әкесі. Мұхамеджан Сыр бойының сүлейлері -Тұрмағамбет, Омар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Керейт Даңмұрын және басқа да атақты ақындарменен достық қарым-қатынаста болған. Олармен жазысқан біраз өлендері ұрпақтарында сақтаулы. Ол кісі 1937 жылы зұлматтың құрбаны болып, хабарсыз кеткен.

Ал, кітаптары мен көптеген өлендері қуғын-сүргін заманда қорқыныштан жасырын киізге оралып, жерге көмілген.

Қылыш бабаның әйелі Ертуған анадан туған жеті ұлдың бірі – Жақыптың шөпшегі – Бегімұлы Қораз дуахант. Бұл кісінің өмір сүрген заманы – Ер Көшектің баласы, әйгілі Күдері ақынның шөбересі Мұхамеджанмен тұстас. Қораз баба «Көкелташ» медресесінің медицина саласының гипнология (дуалау, иландыру) тармағын көп оқыған. Соның арқасында небір кереметтер көрсете алатын қабілеті болған. Оқыған дұғасының құдіретімен адамдардың көзін байлап, таң ғажайып көріністер

көрсететін болған.

Әулие Биқожа, Атсейіс Мырзақожа және Палуан Мырзақожа да Қылыш баба ұрпақтары. Бұл аттас екі Мырзақожа да Қылыш бабаның Дәуіт ата деп аталатын (Ер Көшектен кейінгі) баласынан тарайды. Ер Көшек пен Дәуіт атаның еншісі бір болған екен дейді кариялар. Дәуіт ата, одан – Майғара, одан – Мәзқожа, одан – атсейіс Мырзақожа, Биқожа әулие туады. Бұл кісі заманында бәйгелерде ат жарату, сәйгүліктерді сынау, қосқан атын қалайда бірінші етіп келтіруді жетік меңгеріп және бір көргеннен-ақ шабатын аттың шамасын айнытпай айтатын кісі болған. Атсейіс Мырзақожа: «Мен, атқа бүтін сыншымын, адамға жарты сыншымын», – дейді екен.

Палуан Мырзақожа – Дәуіт бабаның Біләлінің Қарнай аталығынан тарайды. Заманында жаурыны жерге тимеген, қожадан шыққан атақты палуан болған кісі. 60 жасында төмендегі он екі ата байұлы руының бір ұлан-ғайыр асында солардың түйе палуаны – «қоңыраулы палуан » дегенді белінен ұстай беріп: «Иа, бабам, Қожа Ахмет Иассауи, өзің қолдай гөр!» – деп атып ұрып кеткен.

Ал, Биқожа әулие Дәуіт бабаның баласы Майғараның баласы. Атсейіс Мырзақожаның бауыры. Биқожаның әулиелігімен, көріпкелдігімен, болжампаздығымен аты қалың елге мәшһүр болған. Жәрдем сұрап,алдына келген адамның жоғын табуға көріпкелдігімен көмек береді екен. Жоғының қашан және қай мезгілде, қай жерден табылатынын дәл айтып береді екен. Биқожа әулие Алтынқожа деген баласына ана құрсағында жатқанда атын өзі қойып, оның түр-келбетін, қандай азамат болатынын, алдағы болашағын болжап, қашан опат болатынына дейін айтып кетіпті. Сол әкесі Биқожа әулие болжағандай Алтынқожа 1937 жылдың қызыл қырғынында 49

жасында опат болыпты. Қылыш бабаның шөпшегі Қаракөбен Жаппарқожа баласында да алдын болжайтын қасиет қонған жан екен. Қаракөбен арабша сауаты өте жоғары болған, Арқа жерінде

молдалық қылып, бала оқытыпты. Өзінің өмірден өтетінін анасына болжап айтып, менің көзім жұмылған соң үш күннен кейін мүрдемді адамдар келіп алып кетіп, Мүлкілән әулиенің жанына апарып өздері жерлейді, олар келгенше жерлемеңдер деп өсиет айтады. Қаракөбеннің айтқаны дәл келіп, түйе жетектеген екі адам мүрдені алып кетіп Мүлкілән әулиенің жанына жерлепті.

Қылыш баба ұрпағы Бердіқожаұлы Бекқожа 1882-1967 жылдары өмір сүрген. Кеңес үкіметі жаңа орнаған кезде Қызылорда уезінің депутаттар кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған. Шаруаларды серіктестікке ұйымдастырып, кейіннен колхоз құрып, елдің әл-ауқатының

артуына белсене араласқан. Бердіқожаұлы Бекқожаның қызы – Бекқожаева Мүслима халық депутаттары Сырдария аудандық атқару комитетінің хатшысы қызметін ұзақ жыл бойы атқарған.

Оның жұбайы Жүнісбаев Еламан да аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін ұзақ жылдар абыроймен атқарған, елге белгілі, танымал мемлекет, қоғам қайраткері болды.

Халық ақыны Қуаныш айтқандай, талай жүйрік тарлан ақындармен айтысып, теңесерге тең таппаған кешегі күлдіреп өткен Күдері мен Таспа ақындардың үзігін біздің дәуірімізде жалғағандар деп болмыс-бітімі елден ерек, айтқан астарлы  қалжыңдары мірдің оғындай дөп тиіп, әзіл сөздің нысанасына іліккендерді «мақтамен мауыздап» жіберетін дара тұлға, жазушы-драматург Қожа Қалтай Мұхамеджанов пен «Мұхтасарды» тәжірмалаған, қаламының ұшымен айтар ойлары өзгеден ерек Әбіраш Жәмішевті айтар едік. Қылыш Қожаның еліміздің ғылымның сан түрлі өрісіне өзек боларлық ғылыми еңбектерімен елеулі енші беріп, білім мен ғылымның дамуына үлес қосып жүрген оқымысты ұрпақтарының қатары бір шоғыр.

Әрине, Қылыш бабамыздың біздің жадымыздан жырақ қалған, есімдерін еңкейтпей елге жеткізе айтатындай бұлардан да басқа ұрпақтары болуы бек мүмкін. Осы себептен мақаламызда бабамыздың ұрпақтары сапынан аты аталмай қалған бауырладан ғапу өтіне отырып, бұл олқылықтың орнын тәңір жазса, алдағы күндерде толтырармыз деген үмітіміз бар.

Диуана қожа әулеті, – Қызылорда: «Қызылорда-Қанағаты» кітабынан

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button