Шортанбай (Әли Мұхаммед) Қанайұлы

«Асыл туған жақсының, Құн жетпейтін пұлы бар»

Смайыл әздердің тегі Қанайұлы Шортанбай қожа. Елге танымал ақын Шортанбай Қанайұлы Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан өңірінде 1818 жылы туған. Шортанбай әрі жазып, әрі аяқ астынан суырып салып айтатын

сауатты ақын болған. Ақынның шығармалары ел ішінде 1870 жылдарға дейін ауыздан ауызға таралып келсе, кейін келе баспа арқылы да жыр сүйер оқырмандарға танылды.

Шортанбай ақын шығармаларында өз заманындағы қазақ даласындағы әлеуметтік теңсіздік пен өмір шындығын шынайы суреттей білген сұңғыла жыршы болған. Ол «Бір тәңірге аянды», «Бір насихат айтайын» және тағы басқа да өлеңдерінде қараша халықтың ауыр тұрмысын, би-болыстар, ұлықтар мен байлардың ел билеудегі кейбір келеңсіз әрекеттерін, озбырлықтарын әшкерелеп көрсетеді.

… Кедейлерге салып шығынды,

Негізі байдың тоймайды, – деп, байлардың тойымсыздығы мен ашкөздігін өткір тілімен түйрейді, олардың бет-бейнесін ашып көрсетеді. Қазақ жеріндегі ел билеушілерді сын садағына алады. Заман көшінің оңалмай, жаңа өзгерісті көре алмаған ақын:

… Мынау заман қай заман,

Азулыға бар заман,

Азусызға жоқ заман, – деп, Асанқайғыша толғанады және торығады. Шортанбай ақынның шығармаларының дені дерлік «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай заманды

аңсап, заман ағысының кері кетіп бара жатқанына налудан  туған. Мысалы, «Зарзаман» деген поэмасында өткен заманның жақсылықтарын аңсау байқалады. Мұнда ақын заман азды, заң тозды, бұрынғы зорлар қор болды, қорлар зор болды, ұрпақ ата-анасын тыңдаудан қалды деп торығады. Ел ішіндегі әлеуметтік мәселені жырға арқау етіп, жұртқа төрелік айтатын билер мен ел билеушілерінің парақорлығы мен әділетсіздігін, ел ішідегі алауыздықты, тағы басқа да мін-қылықтарды шариғат жолымен кінәлап, бұрынғы өтіп кеткен замандағы билердің әділ іс-әрекеттерін аңсайды. Аласапыраны көп алмағайып замандағы өзгерістер мен жаңалық біткенді танығысы келмей, оған үрке қарап:

… Мініп түсер күші жоқ,

Сауып ішер сүті жоқ,

Ақша деген мал шықты… – деп толғайды.

Бойындағы қадір-қасиетінің молдығына, дарынды білім иесі болуына байланысты Шортанбай ақынды ел бүгінге дейін «әулие» деп есептейді. Ақын өмірден өтер алдында көптен сыйлас досы Жанғұтты мен Асанбұғы қожаны шақыртып алып, арыздасады. Заман

ағымы, ұрпақ болашағы, ел болу қам-қаракеті туралы олармен ой бөліседі, пікірлеседі. Екі ақылдасына келер заман туралы өзінің болжамын жаздырады.

…Отыз, отыз бірінші жылдары,

Елдің ері еренде,

Жалғыз-ақ қара қалады.

Ұялмастан бұл кәпір,

Оған да салық салады.

…Сол уақыттың кезінде,

Ұмытпасаң тәубаңды,

Түтін салар соқпаққа.

Түзу жолдан сан қилы,

Жолығарсың күрзі менен соқпаққа, – деп алдағы күннің болжамын, келер ұрпақтың мойнына түсер ауыртпалықты көзбен көргендей, қолмен ұстағандай етіп айтып берген.

Бұдан соң ХХ ғасырда қазақтың басынан өткерер бар қияметіне былай:

…Қайран да халқым, қайтейін,

Кейісті көп тартасың.

Көппен көрген селебе,

Селебені елеме, –

деп, егіле отырып, елін жұбатады.

Бұдан әрі мұсылмандық шарттар мен иманға жасалатын қиянат, адал мен арамның ара қатынасы туралы да болашақ болжамын айтады.

…Зекетсіздің бұйырар

Сүндетсізге жиғаны.

Аузы түкті ие боп,

Қазаққа берер қиғанын, – деп көреген ақын күйініш білдіреді. Бір сөзбен айтқанда Шортанбайды заманның тамыр соғысын дөп басып танитын, мезгіл мұғадарын алдын-ала болжап, күн ілгері көре білетін өз заманының да, одан бергі заманың жаршысы болған кемеңгер де көреген ақын деп бағалауға болады.

Шортанбай Қанайұлы 1881 жылы Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Ақсу-Аюлы ауылында қайтыс болады. Әулие ақын дүниеден озған соң мүрдесі жерленген орынға зират салмауды өсиет етіп кеткен. Ақынның атын атауға оның шығармаларын насихаттауға өткен ХХ ғасырдағы әміршіл саясат рұқсат бермеді. Оның жырларын айтуға тиым салынды, өлеңін айтатындар болса олар қуғындауға ұшырады.

Десе де, Шортанбай ақынның бірқатар өлең-жырлары «ХVІІІ – ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» (1962 ж.), «Айтыс» (1965 ж.) атты жинақтарда жарияланған.

Қазіргі күні айтулы ақынның шығармашылығы толыққанды зерттеуді және өлең-жырларын жинақтап жарыққа шығаруды, жұртшылық арасында насихаттауды қажет етеді. Оның кезеңі келді деп есептейміз.

Диуана қожа әулеті, – Қызылорда: «Қызылорда-Қанағаты», 2015- кітабынан алынды

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған