Басқы бет / Жарық нұрдың сәулесі / Қажы Мәді ( Диуана) қожа ұлы Қожа Жаһан (Қожжан)

Қажы Мәді ( Диуана) қожа ұлы Қожа Жаһан (Қожжан)

Қожа Жаһан бабамыз да Сырдың орта ағысындағы елге рухани азық беріп, дінін дамытып, ділін сақтауға, ел бірлігін уыздай ұйытуға өзінің теңіздей терең білімін сарп етті.

Енді «Білім – теңіз, түбі де шегіде жоқ» деп ұлы ойшыл, данышпан ақын Ж.Баласағұни айтқандай терең білімімен, білігінен жиналған рухани күшпен көптен озған Қожа Жаһан бабамыз туралы жиған-терген деректерді патша көңілді оқырманның дидарына ұсынайық.

Қожа Жаһан бабамыз ел-жұртқа Қожжан қожа атымен де белгілі. Қожа Жаһан Мәді қожа ұлы Сыр бойында шамамен 1680-1755 жылдары өмір кешкен. Оның өмір сүрген уақыты XVІ ғасырдың соңы мен XVІІ ғасырдың басы деген де болжамды дерек бар. Бабамыздың есімінің ескірмей сандаған ғасырдың қалың қойнауынан біздің заманымызға дейін жетуі қай ғасырда болса да адамдардың оны қадір тұтып, жадынан шығармай келуінде болса керек. Өзі өмірден өтсе де оның есімінің адамдар жадынан төрт ғасыр бойы ескірмей, көмескіленбей сақталып, екінші мыңжылдықтың басындағы біздің заманымызға дейін жетіп отырғаны – қай замандағы ұрпақ болса да бабамыздың ақылы мен қабілетін, қадыр-қасиетін ұлықтай алатындығында болса керек және де Аллаһ та бұл бабамызға ақыл-ой мен қарым-қабілетті өзіне баратын жолды табу үшін бергендігінен болса керек.

Қожа Жаһан бабамыз – Қожа Ахмет Иассауидің ізін басқан және сопылық ілімді ұстанған одан кейінгі екінші тұлға атанған, бірқатар түркі тектес халықтар таныған, Түркістан төңірегіне белгілі дін ілімінің ірі білгірі, керемет иесі болған Қажы Мәді (Диуана) қожаның ең үлкен баласы. Қожа Жаһан бабамыздың өзінен кейінгі тетелес бауырлары – Қылыш қожа, Пірзада қожа және Бақ-Мұхаммед қожалар да алты алашқа аттары танымал, ойлары өзгелерден оқшау, дін ғылымының тереңіне кеңірдектен бойлаған, жау жағадан алған алмағайып замандарда ел мен жерге қорған бола білген, білекті де жүректі батыл тұлғалар болғаны тарих тармақтарынан бізге белгілі.

Қожа Жаһан бабамыз Орталық Азияға әйгілі ілім орталықтары – Самархан мен Бұхара шаһарларындағы дін медреселерінде оқып, алғашқы діни білім алып шығады. Осы медреселерде оқып жүргенде діни ортаның қазанында қайнап, шыңдалған дін жолындағы жас ғалым ислам дінінің тінінің беріктігін, қарымының қуаттылығын, негізінің нәрлілігін жете түсініп, бұдан әрі қарай да дін ғылымының терең де тұнық тұмасынан сусындауды мақсат тұтады. Осы ізгі де айқын мақсат жетегімен Сирияда, Дамаск шаһарында білімін одан әрі жетілдіреді. Бұндағы оқуды бітіріп, терең білімді бойға сіңіріп, бабамыз елге оралады.

Ерте кезде Иранның шығыс бетін билеуші халифтар әлі де болса Әзіреті Әлидің ұрпақтарын мойындағысы келмей, оларды қуғындау жолында болады. Әлидің ұрпақтарына «керемет» көрсетпесеңдер сендерді мойындамаймыз» деген сыңай танытады. Ол кезде кереметі бар кісілерді мұсылмандар «уәли»  (әулие) деп таныған екен. Одан бұрындары керемет көрсету тек Пайғамбарлар арасында ғана болыпты. Ал кереметті болу – Аллаһ тағаланың әулиелерге берген сауғасы, шексіз махаббаты деп танылған екен. Міне, қажетті жерінде осындай керемет көрсету Қажы Мәді (Диуана) қожаға дарыпты. Ол кісі дұғаның күшімен керекті жағдайда кереметін Киік, Бүркіт және Жолбарыс бейнесінде көрсетеді екен.

Қажы Мәді (Диуана) қожаның осы үш кереметі Қожа Жаһан бабамызға әкесінен мұраға қалған екен деген ескіден қалған сөз бар жұрт арасында. Қожа Жаһан бабамыздың өзінен басқа дін иелерінен тағы да бірер ерекшеліктері – оның дін ғұламасы болумен қатар, оның көріпкел әулиелік және емшілік атақпен көпке танымал болуында. Осы қасиеттерімен қалың елге танылған ғұлама бабамыз туралы мына:

Айбарлы ақсүйекте Қожжан әулие,

Төресі тектілердің болған әулие,

Пір тұтқан қарақалпақ, қазақ пен сарт,

Ілімі басқалардан озған әулие, – деген өлеңнің жұқанасы өткен ғасырлар қойнауынан бізге жетіп отыр.

Қожа Жаһан бабамыздан тоғыз бала өрбіген. Олар: Қожакәлән, Заман, Сүлеймен, Қылует, Нысаяз, Әжіқожа, Болат, Бақмұхаммед және Сайдмұхаммед. Бұлар да алуан түрлі қасиеттер қонған, сол тәңірдің берген қасиеттерінің арқасында өз дәуірінде ел-жұртқа кеңінен танылған діни сауаттары бар ірі тұлғалар болған.

Хош, сонымен осы аттары аталған қасиетті бабаларымыздың бір-екеуіне және олардан кейінгі ұрпақтары туралы ежелден есте сақталып бізге жеткен әпсаналарға аз-кем тоқтала кетейік.

Қожжан қожа бабамыздың екінші баласы Заман атамыз терең білімді діндар адам  болумен қатар аузымен құс тістеген жүйрік ақын, таңнан таңға талмай жырлайтын дүлділ жырау, шешен әрі би кісі болған екен. Бұған қоса он саусағынан өнер тамған зергер әрі ағаштан түйін түйген белгілі ұста да болыпты.

Елдің қажеті үшін Сырдың жағасынан ағаш қиып, киіз үйдің сүйегін басып, арба, соқа, ер-тұрман тағы басқа тұрмысқа қажетті жабдықтар жасайды екен. Заман ақын кезінде Едіге батыр туралы 50 дастанды, Тоқтамыс хан туралы 9 дастанды жатқа айтыпты. «Үш күн, үш түн жырлағанда осы дастандардың он бестейін талмай айтушы еді»- деген көнекөз қариялардан қалған сөз бар, әлі күнге дейін ел арасында.

Сыр бойындағы ғұлама, ақын Заманның ұсталық даңқын Арқадағы Абылай хан естіп, Мұхаммед деген төрені арнайы шақыртуға жіберіп, хан ордасына алдыртады. Ұлы ханның өтініші бойынша Заман ұста Көкшетаудың «Майлыкөл» деген жеріндегі ханның жайлауында нән арба үстіндегі жылжымалы хан ордасын соғады. Оны жазда салқын, қыста жылы болатындай, қабырғаларын алмалы-салмалы етіп жасаған көрінеді. Бабамыз осы сапарында Абылай ханның ықылас етуі бойынша Қасым ханның тәлімгері де болған екен. Арқадағы орта жүз найманның Бабас руының бетке ұстар кісілері балаларын оқытып, сауат аштыру үшін Қожа Жаһан бабамыздан әлі үйленбеген Болат атамызды қалап алып кетеді. Содан ұзақ жылдар бойы бала оқытып, шәкірт тәрбиелейді.

Бұл атамызға да әулиелік, көріпкелдік және болжампаздық қасиеттер қонған екен. Бабамызға қонған қасиетті мына жағдайаттан байқауға болады.

Қылыш қожаның ұрпағы Смайыл Әздер атамыз жасы ұлғайған шағына дейін бір перзентке зар болып жүріп, ақылман ақсақалдардың кеңесімен арқадағы Болат атамызға барып, жәрдем сұрауға әйелімен екеуі түйемен жолға шығады. Бұл кезде Болат атамыздың екі жанарынан айырылып, отырып қалған шағы екен.

Болат ата өзінің көріпкелдігімен бір туысының өзін іздеп арып-аршып келе жатқанын сезеді.Төрде отырған ол балаларына қаратып:

– Түстіктен бір туыстарың іздеп келе жатыр, оның жұпар исі менің кеңсірігімді жарып барады, алдынан шығып қарсы алыңдар, – дейді.

Балалары жасы ұлғайған әкесінің сөзіне күмәнмен қарайды да жете мән бермейді. Болат баба тағы да:

– Жолаушылардың енді үш күнде келіп қалатын түрі бар, тездетіп алдынан қарсы алыңдар, -дейді.

Балалары оның айтқанын істей қоймайды. Үш күнен соң Болат бабамыз кіші баласын шақырып алып, былай дейді:

– Мен жас күнімде шалағайлықпен әкемді маған ыңғайсыз бата беруге мәжбүр етіп, соның себебінен Арқада ауып жүрмін. Енді менің кебім саған келмесін, есіктің алдындағы төбеге шығып қара, бауырыңның алдынан шығып күтіп ал, – деп, баласын жібереді. Баласы сапарлап келе жатқандардың алдынан шығып жолығады. Смайыл Әздер әйелін төбе астына қалдырып, өзі келіп Болат бабамызға сәлем береді, бірақ ол сәлемді алмастан:

– Өзіңмен бірге жол азабын тартып келе жатқан серігің бар еді, ол қайда?

– Ия, серігім бар, ол Сіздің келініңіз еді, ибалық етіп, мына төбенің арғы жағында кідіріп қалды.

– Онда сол кісімен бірге келіп менімен сәлемдес.

Смайыл Әздер әйелімен бірге келіп Болат бабамызбен сәлемдесіп, мауықтарын басқан соң, келген мақсатын баяндайды. Болат бабамыз:

– Аллаһтан саған деп бес бала сұрайын ба, әлде бес балаға татитын бір бала сұрайын ба?

– Маған бір күн ойлануға мәулет беріңіз, аға, келініңізбен де ақылдасайын.

– Онда еркің білсін.

Смайыл Әздер Аллаһ берсе қанағат деп, тәңірден бір бала сұрау жөнінде әйелімен екеуінің ақыл қосқандығын ертесіне Болат бабаға келіп, баяндайды.

– Келер жылы өмірге бір бала келер, оның есімін Әбдіхалық қойыңдар, баланың екі дүниесі бірдей болар, – деп, көріпкел баба батасын беріпті.

Енді Қожа Жаһан бабадан тараған, қуаты барда – білегіне, білегі талғанда – тілегіне сүйенген батыр аталарымыз туралы ертеден бері есте қалған деректерге де аз-кем кезек берейік.

Қожа Жаһан бабамыздың үлкен баласы Қожакәленнің екінші баласы Сейіт батыр. Ол соғыс қимылдарының қыр-сырын жетік меңгерген аса дарынды, қабілетті қолбасшы болған батыр.

Қазақ-қалмақ соғысы кезінде Абылай ханның тапсыруымен екі жүздей таңдаулы әскер жасақталып, оған Сейіт батыр басшылық жасап, қалмақ ханының ордасын сырт жағынан шабады. Ойран-топыры шыққан орданың дүние-мүлкімен қоса қалмақ ханның екі қызын олжалайды. Батыр бабамыз қолға түскен хан қызының бірін Абылай ханға сыйлайды, одан Қасым төре туады, екінші қызды үш жүзге пір болған Мүсірәлі Сопы Әзизге береді, одан Қосым әулие туады. Осы сапарда қалмақтың төрт қолбасшысының тұтқынға түскен төрт қызын Сейіт батыр өз балалары Досқожа, Бекқожа, Сұлтанқожа және Садманқожаға қосады.Ордасының шаңырағы ортасына түскенін естіген қалмақ ханының құты қашып, әскерінің саны аз қазақтардан ойсырай жеңіліпті.

Сейіт батырдың ерлігі жөнінде әйгілі жазушы Әнуар Әлімжановтың «Жаушы» романында молынан баяндалған.

Қожа Жаһан бабаның шөбересі Нарбай батыр Хан қожа баласы – құралайды көзге ататын қол мерген, алып күштің егесі, жүрегінің түгі бар, елден ерек өте батыр болған кісі екен. Батыр Нарбай бес қаруды жанына серік етіп, оны еркін меңгеріпті, әсіресе қолының күшінің молдығына байланысты садақ тартысы, жебені дөп тигізуі көпті таң қалдырады екен. Шауып келе жатқан атының бауырынан айналып өтіп, екінші жағынан ерге қайта қонатын өнері болыпты.

Нарбай батырды 1840-1846 жылдар шамасында Кенесары мен Наурызбай іздеп келіп, садақ тартудан батырмен сайысқа түсіпті. «Қасым түбегіндегі» жазыққа ұзын сапты кетпенді тік қойып, сабының ұшына Наурызбай тақиясын кигізеді. Сайыстың шарты – жебені «тайжақы» тақияның бергі жиек тігісінен тигізіп, арғы жиек тігісінен өткізу керек болған. Бірінші болып көз ұшындағы тақияға садақ тарқан Наурызбай батырдың атқан жебесі тақияны әрі қарай іле ұшып, 80 қадам жерге қадалған. Нарбай батыр адырнаға керген жебесін жіберген кезде ысқырып барып, тақияны қылп еткізбей арғы-бергі тігіс жиегінен өте шығады, тақия қозғалмаған күйі орнында қалады. Сонда Наурызбай Нарбай батырдың қолын алып тұрып:

– Сен нағыз қол мерген екенсің, қол күшің өте жойқын екен, тіпті тақия оқтың тесіп өткенін сезбей қалды ғой.

– Енді сізге бел күшімді көрсетейін, – деп Нарбай өзі мініп келген түйесін мойнына салып алып, қара көрдім жердегі батырларға арнайы тігілген үйге дейін көтеріп апарыпты.

Ертеңіне екі батырды ертіп, қалың қамыстан жолбарыс аулауға барып, атып алған жолбарыс терісін Кенесары ханға тарту етіпті.

Қожа Жаһан бабаның тағы бір шөбересі – Таңсық қожа Әлімұлы қазақ-қалмақ соғысында ту ұстап, қол бастаған айтулы батыр болған. Қазақ жерін жоңғар қалмақтарынан азат ету күресінің соңғы шешуші шайқастарында ерлік көрсеткен. Абылай ханның ақыл сұрар, арқа сүйер тірегі болған Бұқар жырау бір толғауында былай депті:

… Қалданменен ұрысып,

Жеті күндей сүрісіп,

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Сіргелі Қара Тілеуке,

Қарақалпақ Қылышбек,

Текеден шыққан Сатай, Бөлек,

Шапырашты Наурызбай,

Қаумен, Дәулет,

Желек батыр қасыңда,

Бақ дәулеті басыңда,

Сеңкібай мен Шойбек бар,

Таңсық қожа, Мәмбет бар,

Қасқараудан Молдабай,

Қатарда жақсы қалдырмай,

Есенқұл батыр ішінде,

Өңкей батыр жиылып,

Абылай салды жарлықты…

Қожа Жаһан бабадан тараған, дін жолын ұстанып, ишан атанған ұрпақтары жайлы аз-кем сөз қозғасақ. Өйткені олар жайлы мағлұмат беретін материалдар осы жинақта бар.

Құлболды ишан Сұлтанқожаұлы кезінде Сыр өңіріне кеңінен танылған Қожа Жаһан бабаның төртінші ұрпағы. Мир – Араб медресесін бітірген. Тұрсынбай датқаның көмегімен мешіт, медресе салдырып, ислам дінінің төңіректе өріс алуына қызмет жасаған, емшілікпен айналысқан, өзінде кереметтер көрсететін қасиеттер болған.

Сайыпназар ахун Өтенұлы (1810-1873 ж.ж.) Қожа Жаһан бабаның бесінші ұрпағы. Кезінде Сайыпназар «мусанниф» деген атақ алған, ол қазіргіше айтқанда «дін тану ғылымының докторы» деген ғылыми дәрежемен деңгейлес атақ деген пікірлер бар.

Сайыпназар ахун бұрынғы Сырдария ауданының «Иіркөл» деген көлінің маңында «Қыстау мешіт» және «Жайлау мешіт» деп аталатын мешіт-медресе кешенін салдырған. Аталмыш «Қыстау мешітінде» су-кәріз жүйелері бар, 500-ден астам адам сиятын намазжайы бар мешіт, 300 балалық медресе,құжыра, кітапхана, дәретжай, жан-жағы қоршалған аула ортасында желмен су көтеретін қыш шегенді құдық, диірмен, асхана, астық пен азық-түлік сақтайтын қойма және жұмыс адамдары үшін 11 бөлмелі үй орналасқан.

Сайыпназар ахун ғұлама ғалымдығымен қатар айтарлықтай ақындығы бар, шығармашылық адамы болған. Оның «Әзіреті Әлі», «Мұхаммед Ханафия», «Қожа Ахмет Иассауи» дастандары мен араб, парсы және түрік тілдерінен қазақшаға аударылған көптеген ғылыми және әдеби шығармалары бар.

Сайыпназар ахунның үлкен баласы Әбдісадық ишан (1848-1888 ж.ж.) Бұхара қаласындағы «Көкалташ» медресесінде білім алған. Меккеге қажылыққа үшінші рет барғанда Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) ең соңғы екі тал қасиетті сақалы -«Мәймүбаракты» және алтын дәспіні алуға қол жеткізген. Бұларды алуға Мекке халифасына өтініш берген төрт жүздей талапкердің ішінде Әбдісадық ишанның өтініші

бәрінен өтімді болған. «Мәймүбаракты» көрген адам Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) жүзін көргенмен бірдей болып есептеледі екен. Өкінішке орай, осы баға жетпес қасиетті жәдігерлерді елге қайтып келе жатқан жолда Әбдісадық ишан ұрлатып алады.

Шайыр сөзі тәтті-ау талмап жұтардай, Дәм мен исі, ұрсаң, таза жұпардай,- деп  Ж.Баласағұни данышпан айтқандай, жыр жауһарларын төккен ақындар мен жыраулар да бар Қожа Жаһан бабамыздың ұрпақтарының арасында. Олардың көш басшысы ретінде жоғарыда аты аталған Сайыпназар ахун тұр. Ақын бабамыздың ізін жалғаушы ретінде Қазақстанның халық ақыны Қуаныш Баймағамбетов (1895-1973 ж.ж.) пен Рахмет Мәзқожаевты (1881-1976 ж.ж.) айтар едік. Бұл екеуі жайлы осы жинақта біраз деректер беріліп отыр.  Енді олардан басқа ақын, жыраулар жайлы мәлімет берейік.

Ақын Нақып Кенесарыұлы (1872-1931 ж.ж.) Сырдария ауданының Айнакөл ауылында бала оқытушы молда болған.

Діндар, айтыс ақыны, белгілі жырау. «Көрұғлы» жырын Қарақалпақ жыршыларынан үйреніп алып, көпшілік арасында жырды жырлап таратқан. Ол ақындық пен дінді қатар ала жүріп, бала оқытып, шариғатты насихаттаған әмбебап ғылым мен өнер иесі.

Жаппас елінің Аппаз, Мырқы (Меккеде Құнанбаймен бірге мешіт-такияжай салдырушы) тәрізді елге танымал тұлғалардың рухани ұстазы, пірі болған. Нақыптың әкесі Кенесары ХІХғасырдың ортасында інісі Шайхымен бірге Жаппас елінің шақыруы бойынша олардың орталарына көшіп барған. Ол кісі де молда. Мырқының Меккеде такияжай салу идеясын, қанша қаражат алу мәселесін ақылдасқан, көзеушісі болған. Қызылорда қаласындағы «Айтбай» мешітінің салынуына мұрындық болған.Сыр бойының 16 ақыны қатысқан үлкен жыр сайысында Нақып ақынның Қаңлы Жүсіппен айтысы ғана сақталған. Нақып Кенесарыұлы1931 жылы Өзбекстанда қайтыс болады.

Баарат жырау Нақыпұлы (1899-1955 ж.ж.) – Сыр бойына белгілі жырау, «Көрұғлы» жырын Рахмет Мәзқожаевқа үйретуші. Жыраудың көзін көрген Сыздық Қожамбетов пен Рахат Боташевтың айтуы бойынша «Көрұғлы» жырының әр саласын жеті күн бойы жырлайтын болған. 1947-1948 жылдары М.Әуезов, белгілі ғалым Ә.Қоңыратбаев Қазақ КСР Ғылым Академиясына жыр жазуға шақырғанда бара алмаған. Себебі, Баарат Нақыпұлы – Ұлы Отан соғысына қатысып, қолға түсіп, немістің тұтқынында болған. Мұстафа Шоқай өкілдерімен кездескен. Жыраудың тұтқында болуы оның адымын тұсап, өнерін көпке көрсетуін тежеген. Өзі туралы, сұрапыл соғыс жайлы шығыс ақындары сарынымен жазылған «Жаннат қыз», «Кесік бас» дастандары 1960 жылдары өртеніп кетеді.

«Өлеңге әркімнің де бар таласы»,- деп хәкім Абай бекер айтпаса керек. Құлболды ишанның үшінші баласы Фазыл ишанның үш немересі де өлең өнерінің ауылына қонбаса да түстеніп өткенін жазған жырларынан байқауға болады. Белгілі ғалым, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Әбіласанов Жалаладдин Икрамұлы (1923-1985 ж.ж.) әрі ақын, әрі жанынан күй шығаратын дәулескер күйші болған. Оның туған інісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты Зұлхарнай Икрамұлы (1936-1975 ж.ж.) өлең, толғаулар шығарумен қатар бірнеше дастан, поэмалар да жазған. Сыр термелерін де мақам-сазын, қайрымдарын келістіре отырып айтатын термеші, бірнеше күйдің де авторы. Жалындағын жиырма жастан енді асқан шағында екінші дүниежүзілік соғыста опат болған Әбіласанов Шаһабаддин Акмалұлы (1922-1943 ж.ж.) да шығармашылықпен айналысып, өзінің қысқа ғұмырында артында көптеген өлеңдер мен бірнеше поэмалар қалдырған.

Диуана қожа әулеті, – Қызылорда: «Қызылорда-Қанағаты» кітабынан алынды

Сондай-ақ, оқыңыз

ШАХЗАДА ШЕРЛЕР

Жалпы, Хазіреті Әли (р.а.) бабамыздан бастап бұл әулетте жастары 63-ке толысымен “дүние ісін тәрк ету” …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған