Жарық нұрдың сәулесі

Мәді (Диуана) Қожа ұлы Пірзада ата

Әулие Пірзада қожа бабамыз – ел басына түскен қиын қыстау кезеңде ерекше әрекетімен аты аңызға айналған тұлғалардың қатарынан орын алады.

Діни ұғымда пайғамбар (с.ғ.с.) көзін көргендерді сахаба, оларды көргендерді тәумин, ал тәуминді көргендерді Баб деп атаған. Әбдіжәлел Баб – бабамыз мұсылман дінін таратушы оқымысты, батыр, әскери қолбасшы, бойына қасиет қонған емші болғандығы тарихи шындық.

Мәді (Маһди)-Диуана қожа, деректерге қарағанда, өте киелі әулие болған, бірнеше мәрте қажылыққа барған. «Диуана» – араб сөзі. Қазақшаға аударғанда «ақылды адам» дегенді білдіреді. Сол қажылық сапарының бірінде жаяу бара жатып, жолай қарақалпақ елінде бір ауқатты адамның үйінде құдайы қонақ болады. Үй иелері немқұрайлы карап, дәлізден орын береді. Түнде үй иесі жарқыраған сәуледен оянып кетеді.

Қонақтың үстінен шашыраған нұр саулені көріп, дереу кемпірін оятады. Екеуі таң атқанша ойланып, қонағының тегін адам емесін біліп, алты ұлдың ортасындағы жалғыз қызын бабамызға бермекші болады. Таңертең бұл ойларын ұлдарына айтса, олар

көнбейді: «Қаңғып жүрген адамға айдай қарындасымызды беремін дейсіңдер, екеуіңде алжығансыңдар», деп қонақтың көзін құртпақ болады. Мылтықпен бірнеше рет атса да бабамызға оқ дарымайды. Бейқам отырған бабамыз мына зұлымдықты көріп, алтауын әруағымен бір-ақ атады. Табанда бәрі жан тапсырады. Кейін мән-жайды ұғынған соң, кемпір мен шалды аяп: «Алты ұлынды тірілтейінбе? Әлде соларға татырлық бір ұл Алладан тілейінбе?» – депті. Сонда олар: «-Шырағым, өлер балалар өлді. Ақымақтығы өздеріне сор болды. Енді бәріне татитын ұл бер»- депті. Бабамыздың тілегі қабыл болып, ұлды болыпты, бар қадір-қасиетімен туылыпты. Сол кездегі қызылбастардан (ирандықтардан) елін қорғаған батыр, әулие, әрі ақыл иесі болыпты.

Бұл – Асанас бабамыз еді.(Асанас бабамыз бен Пірзада бабамыздың бейіті жердің ендігінде бір деңгейде жатқанымен, қазіргі уақытта екеуінің арасын Жетікөл мен Айдарлы бағытындағы тас жол екіге бөліп тұр). Үй иелері қызын Мәдіқожаға қосады. Сол жерде 2-3айдай аялдап, онан соң қажылық сапарын жалғастырады. Кетерінде анасына:

«Қызыңның бойында ұл перзентім қалды. Сыр елінде Қожжан, Қылыш деген ағалары бар, 11-12 жасқа келгенде іздеп тапсын»-дейді. Айы, күні жетіп, анамыз ұл тауып, ерінің өсиеті бойынша атын Пірзада қояды. 12 жасқа келгенде керуенге еріп, Сыр бойына ағаларын іздеп шығады. Пірзаданың айтқан жерге жетуіне бір тәулік қалғанда, Қожжан бабам: «Атамның өзі не көзі келе жатыр, өйткені иісі мұрнымды жарып бара жатыр» деген екен. Осылайша,бауырларымен қауышқан Пірзада бабамыз Сыр елінде мәңгілікке қалады.

Пірзада бабамыз қапсағай денелі, кең иықты, отты көзді, ат жақты, сәл дөңестеу мұрынды жан болған екен. Мінезі жайма шуақ, көктем күніндей мейірім шашып тұратын жан болған деседі. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында ілімді меңгерген, жақсыға жаны жақын, жомарт, атадан мұраға қалған қасиетпен талайға шарапатын тигізген екен. Сыр өңірінде бабамыздың Пірзада атымен қоса «Көтімылтық» аты да кең тараған. Бұл лақап атының қалыптасуына мына оқиға негіз болған көрінеді. Жаугершілік кезі. Қаратау бөктерінде орналасқан екі елге қатар қауып төнеді. Елге ирандықтар шабуыл жасамақ. Халық не істерін білмей, дағдарысқа ұшырайды. Ақсақалдар ойласып, Пірзадаға жүгінеді. Бабамыз барлық күшін сарқып, 3күн, 3 түн Құран аяттарын оқып, Аллаһ Тағаладан елдің аман қалуын тілейді. Дұға тілегенді тамамдағанда, жерді көзге түртсе көргісіз тұман басады. Бірін-бірі көрместей болады. Бұл екі күн, екі түнге созылады. Жау бағытынан адасып, елге жетпей, терістікке беткейлеп кетеді.

Пірзада қожа бабамыздан жеті ұрпақ қалады. Бабамыздың тағы бір қасиеті ел аузында мына аңыз түрінде сақталып, тарихта жатыр десек шатаспаймыз. Бабамыздың қолында жаугершілікте орыс қыз қалады. Бұл да оның кең жүректілігі болар, сол орыс қызы бабамыздың қолында тәрбиеленеді.

Соңғы әйелден туған 3 ұлын жиып алып: «Осы қызды қайсысың аласың?»- дейді. Сонда кедей үшінші баласы «Мен алмаймын» деп бас тартады. Сонда бабамыз «Алмасаң аузың асқа жарымасын, тақымын атқа жарымасын, әумин» -деп бата береді. Мәмбетті шақырады. Мәмбетте «Мен алмаймын» деп бас тартады. «Алмасаң екі үйің бір жерге қонбасын»- дейді. Уәлиге айтса «Аламын»- дейді. Сонда бабамыз батасын былай берген екен: «Алты атаға дейін балаң алтаудан болсын, ел билігі сенде болсын, ауыз бірлігі сенде болсын»- дейді. Енді атамыздан тараған ұрпақтарға көз жібертіп қарасақ, Уәлиден тарағандар көбейген, өрісі кең. Қажы да, ғалым да содан тараған. Мәмбеттен тараған 2-3 үйбір жерде тұрмайды, ауызбіршілігі жоқ көрінеді, Әулие бабамыздың әр батасы осылай атылған оқтай болған екен.

«Әулие» деген-араб сөзі. Адам тағдырына ықпал жасайтын «қасиетті киелі жан» деген ұғымды білдіреді. Енді көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдардың бірі: «Қожжан, Қылыш -егіз, Пірзада біздің неміз?»-немесе «Ағаларымен бір кесенеде жатпауына не себеп?»- дегенге келер болсақ:

  1. Пірзада қожа бабамыздың өзінен үлкен ағасы Қылыштан 17 жас кіші, ал үлкен ағасы Қожжаннан 30 жастай кішілігі бар деседі көнекөз қариялар. Ол кездегі 30 жастағы жігіт қазіргінің 40 жастың үстіне шыққан жігіт ағасымен пара-пар болатын. Орта жасқа келген, үржаты жеткен жандар ертеңгі қамын ойлап, Пірзада Сыр бойына келмей тұрып кесене салынып қойылған деген болжам бар.
  2. Пірзада болашақты болжап айтқан мына сөзі де дәлел емеспе!?

«Мен қазақтың даласындай кеулім сияқты түзден болар мекенім. Сендер бұл жерде ағаларын айтып отыр) біріңнің-бірін шалғайынды басып, қара түнекте күмбезде жатасындар. Бірақ алысқа ұзамаймын, етектеріңнен бел аламын» – деген екен. Қазіргі кесенесі осыған дөп келіп тұрған сияқты. Пірзада бабамыздың іс-әрекетінің, айтқан сөздерінің, ғалымдылықты да, Аллаһ Тағала жолындағы адалдықты да, жомарттықты да, Аллаһ Тағала сөздеріне қарсы шыққандарға да қарсы ымырасыз күресі деп бағамдаймыз. Қазіргі «Шіркейлі» ауылында тұратын Пірзада қожалары бұрын 90-100 жылдың ар жағында «Құлке» деген төбенің маңында «Шіркейлі» каналының бойында «Ботбай» шығанағы деген жерде мекендеген («Шіркейлі» ауылының қайырылысына жетпей). Қазіргі «Шіркейлі» ауылы,»Қоғалы көл» ауылындағы қожаларды қанның қожалары деп те атаған. Кеңес үкіметі орнаған кезде «Қан школы» деген оқу орны болған, одан көптеген азаматтар оқып білім алған.

Кейінірек, «Шіркейлі» бойында өріс тарылып, ауыл ақсақалдары: Әлдеке, Әжібай, Емберген, Әріп, Әлайдар т.б.басқаруымен арықтар мен құдықтар қазылып, қазіргі отырған жерлеріне қоныс аударған. Қазірде қызылда «Әлдеке құдығы» жайлы, «Әжібай қазған ақ арық, «Шіркейіліден» саға алып» -деген өлең ел аузында сақталған.

Пірзада баба ұрпағынан көпке танымал, ел қамын ойлаған азаматтар аз шықпаған, олар: Мәмадияр-болыс, Мүзаппар-би, ислам дінін оқытушы, әрі нәсихаттаушы Әкім молда, Ахмет (Шаққар) молда, Ерназар мақсұм. Адам денсаулығының шипагері, тәуіп Құлымбет ақсақал мен белгілі хирург Жақыпов Бекей т.б. Үлкендерден естігеніміз – Шынқожа әулетінен шыққан Әсір ақсақал өте сақи, мырза болған деседі. Сол Әсірдің туған жиені-Әбибулла Мұхамеджанұлы. Ұлы Отан соғысында неміс басқыншыларымен шайқаста, яғни Днепр өзенінен өтуде асқан ерлік көрсетіп, бір өзі жүздеген жауды қырып, армияның стратегиялық шабуылын қамтамасыз еткені және т.б. ерліктері үшін Жаппасбай Нұрсейтов Кеңес Одағаның Батыры атағын алған. Ұлы Отан соғысында асқан ерлік көрсеткендердің бірі-жауынгер Әбілқасымұлы Әріпхан. 1942 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, майданға Сталинград қаласынан бастап, 1945 жылы соғысты жеңіспен Австрияның Вена қаласында аяқтаған. Осы ортада Европаның 25 қаласын азат еткендердің сапында болып, жауынгерлік ерлігі үшін Сталиннен «Алғыс хат » алған және екі рет ІІ-ІІІ дәрежелі »Даңқ» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Әбілқасымұлы Әріпхан даңқты 3-Украин майданының қолбасшысы маршал Толбухинның қолынан «Озат пулеметші», »Озат артиллерист» белгілерімен қоса »Гвардеец» атағын алған. 1945 жылы 9-майда Москвада «Жеңіс парадына» қатысып, 1946 жылы елге аман-есен оралған. Елге келіп, өмірінің ақырына дейін мәдениет саласында қызмет істеді.

ҚАЖЫ МӘДІ (ДИУАНА) ҚОЖА ҰЛЫ ҒАБДРАХМАН

…Абылай Қасымының тәлімгері,

Қожжанның екінші ұлы Заман ақын.

Мен өскен Диуанадан жеті ұрпақ,

Заман ақын немересі аталатын.

Баласы Өтен қожа, Сайыпназар,

Аллалап азан айтып қойған атын.

Мұхаммед-Ханафия дастан қалап,

Ойға алдым отызымда,еттім талап.

Сайпыназар ахунның

«Мұхаммед-Ханафия» дастанынан.

1840 ж.

Бізге дейін келіп жеткен дерек бойынша Қажы Мәді (Диуана) қожа бабамыздың бес ұрпағы аталады. Олар: Қожа Жаһан, Қылыш, Ғабдрахман, Пірзада және Бақ-Мұхаммед қожалар.

Бабамыздың осы бес ұлының төртеуінен ұрпақ өсіп- өнген. Ал үшінші ұлы Ғабдрахманнан ұрпақ өрбімеген.

Қажы Мәді (Диуана) қожа бабаның ұрпақтары көне көз қариялар – Елубай Қосжанов, шежіреші Әбділатиф Әбдіқайымұлы, Әбдікәрім Әбдіхалықұлы және Жарылқасын Камаловтардың айтуынша Ғабдрахман тағдыры төменгідей баяндалады.

Қызылорда облысының қазіргі Сырдария ауданына қарасты Айдарлы, Амангелді және Жетікөл ауылдарының аймағы ертеде «Кеңтүп» болысының қарамағындағы жер болған. Бұл жерді Қажы Мәді (Диуана) қожа бабаның өмір сүрген кезінде негізінен қыпшақтар, қарақалпақтар және қожалар бірге мекендеген.

Күзде егін-терін жұмыстарын аяқтап, бау-бақшаларын жинап алған соң, осы жердің тұрғындары ойын-тойда бас қосатын болған. Осындай жиындарда жыр мен терме тыңдалып, балуандар белдесіп, ат бәйгесі өткізіліп, көбіне көкпар тарту   ұйымдастырылған. Ол кез жігіт-желеңнің ат арқасында өсетін  кезі. Әсіресе, ауылдардың той-томалағы көкпарсыз өтпеген. Ауыл ақсақалдары бастаған барша тұрғындар биік төбе басына жиналып көкпар тартысын қызықтаған, көкпар тарту ойынын жүргізудің тәртібі бойынша кешке дейін, яғни намаздыгерге дейін топ-топқа бөлініп алым-салым ойнап, мәрелі жерге көкпарды әкеліп салғандары үшін той иесінен тиесілі жоралғысын алып, кешке карай ауыл ақсақалдарының рұқсатымен әр ауылдың шабандоздарының ішінен аты жүйрік, тақымы мықты жігіттері көкпарды өз ауылдарына алып кетуге тырысатын болған. Осындай жауапты кезде білек күші мен тақымы мықты бабамыз Ғабдрахман көбіне көкпарды ешкімге бермей, Қожалардың ауылына алып келеді екен.

Бірде Ғабдрахман әулетіне келін алып келіп түсіріп,ауылда той өткізіледі.Әрине,сол кездегі дәстүр бойынша көкпар беріледі, бірақ ақсақалдардың ұйғарған тәртібі бойынша Ғабдрахманды көкпар тартудан тыс қалдырады. Сондада болса ол көкпарға мінетін жараулы атын киіз үйдің белдеуіне қаңтарып қойып, дайындықта болыпты.

Көкпар тартудың бұрыннан белгіленген әдеті бойынша кешке қарай салым ойыны аяқталып, көкпарышыларға төбе үстіндегі тойға жиылған үлкендер көкпарды әрқайсысының өз ауылдарына тартып алып кетуіне рұқсат етеді. Нөпір додадан қарақалпақ ағайындардың шабандоздары көкпарды алып, өз ауылдарына қарай іле жөнелген кезде Қожжан Қожа ауылының көкпарышыл шабандоздары еш қауқар көрсете алмай қалады.

Көпардың Қарақалпақ ауылына кететініне намыстанған Қожжан ақауылының  ақсақалдары, намысты қолдан бермеу үшін келінді бүгін түсірген Ғабдрахманға амалсыздан»балам, атқа мін» дейді.

Өзі де көкпарының қызығына араласа алмай тықыршып тұрған жас өрен Ғабдрахман белдеудегі атына ырғып мініп, қара жердің апшысын қуыра шауып барып, қарақалпақ шабандозының тақымынан серкені жұлып алып, тақымға басады да, денесі енді қызған тың аттың басын қожалар ауылына қарай бұрады. Жүйрік ат бауырын жаза шауып кейінгі көкпарышылардан қара үзіп келе жатқан кезде аттың алдыңғы аяғы майда сексеуіл арасындағы тік оқпанға дөп келіп, мойынын астына ала шаншыла құлайды. «Жазмыштан – озмыш жоқ», -деп, халық бекер айтпаған. Сол жерде ат үстінен құлаған жас өрен Ғабдрахманның мойын омыртқасы үзіліп, желегі желбіреп,жаңа келін боп түскен жар қызығын көрместен қайтыс болыпты. Ең өкініштісі, Ғабдрахман қожаның кіндігінен тым болмаса ұрпақ та қалмапты. Кейін үлкендердің ұйғарымымен Ғабдрахман бабамыздың шымылдықта қалған жас жесірін әменгерлік жолмен Пірзада бабамызға қосыпты.

Диуана қожа әулеті, – Қызылорда: «Қызылорда-Қанағаты» кітабынан алынды

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button