Ясауи мұрасы

Құл Қожа Ахмет Иассауий «Пақырлық» баяны ІІ

Мұхаммед әлейкіс-саламнан рауаят етілді: Екі кісі намазға тұрды, руундері де, сәждәлері де бірдей, бірақ бұлардың намаздарының арасы жер мен көктей. Махрабты махраб деп не үшін атады, сол үшін атады бұл соғыс майданы, яғни көңілді Алла зікірінен алмасын үшін шайтанмен соғысу.  Рауаят: Хотам әл Заһид Әсам бин Юсуфқа кірді:

– Әй, Хотам, намазыңды көркем етесің бе, – деді.

– Дұрыс, жақсы оқимын, – деді.

– Қалай жақсы оқисың?

– Намаз уақыты жақындасқанда тахаратты кәміл етемін, намаз оқып тұрған орныма барамын, барлық мүшелерім хабарланғанша, қағбаны екі қасым арасына көремін, Ибрахим әлейкіс-салам мақамын көкірегім тусында көремін, көкірегімдегі нәрселерді Алла тағала біледі, аяқтарым сырат көпірі үстінде болады. Ужмақты оңымда, тамұқты солымда көремін. Әзрейілді арқамда деп білемін.Күмән етемін, осы намаз соңғы намазым деп. Тәкбір тәкриманы қайғыланып айтамын, жылап қырағат оқимын, төменшілікпен рукух етемін, жалынып сәжде қыламын, отырып үміт пен қорқу арасында аттәхият оқимын, сүннәттәрінә бойынсұнып сәлем беремін, соңынан ол намазымды барлық ықыласыммен тапсырамын. Қорқу мне үміт арасында намаздан тұрамын, төзім арқылы үміт етемін,- деді.

Хакімдердің бағзысы айтар: Намаз қанақтың үкімінде, Алланы білушілерге Алла тағала оны әзірледі. Әр күні бес рет мұндай құрмет үстінде түрлі-түрлі жетістіктер бар. Әр бір істе бірер түрлі ләззәт және бірер түрлі кемістік бар. Сол секілді намаздың да түрлі-түрлі зікірлері және амалдары бар.

Әр пейіл үшін сауап және күнәләрға кепілдік болар. Намазшылар көп, намазды толық орындаушылар аз. Алла тағала момындарды намазды икомат етушілік арқылы сыпаттады. Намазды икомат етушілер мунафиктарды сыпаттады, оларды намаз оқушылар деді. Алла тағала айтты: Намаздарында намазынан жаңылысып тұрған намазшыларға қандай өкініш. Момындар қақында Алла тағала: намазды икомат етушілер кемел кісі ақылды емес пе, тілінің жұмсақтығы білінген кісі, тағы жомарт кісі және дәрежесі жоғары кісі емес пе ақылды кісі?

Алланың Расуыл айтты: турысында бұл сіз баяндаған нәрселердің әр бірі Раббің алдында мәртебе үшін бір нәрселер, дүние және ақырет үшін керек нәрселер. Ақылды кісі сақтанған кісі. Егер ол төмен қор кісі болса да.

Тақуа кісіден мұрат сол, Алладан және оның арамынан сақтанған кісі, демек ұлы шайхтың алған тәрбиесі сол қаншалықты оқымысты болсаң да, арамнан азарланбасаң, Алладан қорқып, Аллаға қарай қашпасаң, тек оқымысты болып қана қаласың. Тарихат жолына кіре алмайсың. Намаз оқудағы мақсат, егер ол Хақ ышқысында болып, сол ышқыға ғашық болса, өз ынтызарына қарай ұмтылу.

Намаз оқу әр күні бес рет өз ынтызарына жолығу, бес рет Алла құзырында қонақта болу. Ал қонаққа барған кісі, сөзсіз сый-құрмет көреді. Бірін бірі тез-тез еске алып, бір-бірінің айтқанын бұлжытпай орындап жүрген кісі аз-көп өткен қателіктерді уақытында кешіріп тұрады. Ал сол намазды өз уақытында және кемеліне келтіріп шын жан ділімен орындау бұл тарихат қауымының үлесі. Яғни,

Пасық, пажыр, паңдық қылып жерді баспа

Ораза, намаз қаза қылып, мисуақ аспас

Расулла сүннеттерін көзге алмас

Күнәләры күннен күнге артар достар.

Тарихат жолынан қашық шариғат жолының өзін толтыра алмай жүрген пасық, азғана өткінші дүние малына паңдық етіп, жер баса алмай, қайқаңдап шыға келеді. Жұрт көзіне көріну үшін тұтқан оразасы, оқыған намазының көбісінің қазасы бар, мисуақ асу тіпті ойында жоқ. Расулла сүннеттерін тіпті көзге ілгісі жоқ. Бұл жолда күннен күнге күнә үстіне күнә жамалып жатқанымен оның жұмысы да жоқ. Себебі оның көңілінде паңдық, менмендік бар. Бұл көңілде пақырлық нұры қайдан болсын, қалай келсін.

Ессіз ғалым амал қылмай жолда қалар

Оқып  ұқпай дүние малын қолға алар

Менмендікпен ессіз өмірін зая қылар

Жан мен ділде Хай зікірін айтың достар.

Ұлы шайхтың өмір сүрген дәуірі исламның әсіресе Орта Азия және Түркістан деп аталатын ұлан ғайыр өлкеде енді қанат жайып келе жатқан дәуірі болуымен қатар, жеке басқа табыну, жеке билеуші топтың да көркейген дәуірі екенін естен шығармау абзал. Азғана шариғат ілімін қолға кіргізумен шектеліп, билеуші топқа жағына білген, өзін ғалыммын деп жұрт көзіне көрсете білген, шариғат үкімдерін сол билеуші топтың, малды-жандының ығына жығып берген оқымыстыларды ұлы шайх осылай өлтіре сынайды:

Молда, муфти болғандар нақақ дауға қылғандар

Ақты қара қылғандар, ол тамұққа кірерлер

Қазы, имам болғандар, нақан дауға қылғандар

Ол есектей болыпан, жүк астында қаларлар.

Осы жолдардағы молда, муфи, қазы болғандардың барлығы да сөзсіз намаз оқитын, оқымысты қауым, бірақ істеген істері ағымда ғы өмір шырғалаңдарынан ары бара алмайды. Тарихат жолынан тіпті алыс болумен қатар енді бұлар өз кезегінде қолда бар мүмкіншіліктерді пайдаланып, бұл жолдағы солихтарға зиян жеткізеді. Міне осы жерде шариғат қауымы мен тариғат қауымы арасында келіспеушілік бой көрсетеді. Осы пендешілік көп жерлерде  тариғат қауымы үшін қайғылы оқиғаларға себеп те болған.

Хакімдер айтар: егер кісілер алты түрлі нәрсемен шұғылданса, сіздер екінші түрлі алты нәрсемен шұғылданыңыздар. Біріншісі – егер кісілер амалдарының көптігімен шұғылданса, сіздер көркем амалдармен шұғылданыңыздар, екінші – егер кісілер нәпілдермен шұғылданса, сіздер парыздарды түгелдеумен шұғылданыңыздар. Үшіншісі – егер кісілер әшкере істі көрсетумен шұғылданса, сіздер сырды сақтаумен шұғылданыңыздар. Төртіншісі – егер кісілер басқалардың айыптарын іздеумен шұғылданса, сіздер өз айыптарыңызды көрумен  шұғылданыңыздар. Бесіншісі – егер кісілер дүние жиюмен шұғылданса, сіздер ақырет ісін түзетумен  шұғылданыңыздар. Алтыншысы – егер кісілер   мақлұқтардың разылығын істеумен шұғылданса, сіздер Алла тағаланың разылығын іздеумен  шұғылданыңыздар.

Міне, осы жоғарыда айтылған амалдар іске асса, шын мәнінде намаз оқу орнына келеді. Дүние пасықтығынан шыға алмай тұрған адамға намаз уақыты белгілі бір жұмысты орындаудан әрі емес. Намаз үстіндегі кемелдік, намаздан соңғы екінші намазға дейін өзін шектеу, дайындалу көмескі. Себебі, Салман Парсы рази Аллоһу айтыпты: Намаз өлшем, кімде кім ол өлшеуде опалық етсе, оған опалық етілер. Кімде кім қиянат етсе «мутаффифин» сүресінде Алланың не айтқанын анық білдіңіз. Демек, пақырлық нұры намаз үстінде өз кемел дәрежесін толықтырып, орнықтыра түседі.

Пақырлықтың жетінші нұры ораза турур

            Расул Алла айтты, – деп жазады IX ғасырда өмір сүрген ғалым Абу Лаис Самарқандий, – амалдар бес түрлі, бірі амал барабарына сауап, болмаса өзіне ұқсас бір күнә үлесі бар. Екінші – үлесі уәжіп етілген сауап амалы. Үшінші – амал барабарына он сауап, төртінші – амалдың барабарына жеті жүз сауап. Бесінші амалды орындаушыны сауабын Алладан басқа зат білмес. Жазасы өзіне ұқсас болған сауап сол, бір кісі бір жауыздық етер, оған бір жауыздық қана жазылар және бір кісі ізгілік етуге ниет етер, оны орындамай қалдырар, оның пайдасына бір ізгілік жазылар. Ал, сауабы болмаса жазасы уәжіп етілген амал сол, ол кісі Аллаға жолықты, Алладан басқаға ибадат етпес, оған ұжмақ уәжіп болар. Егер сол кісі Аллаға жолықты (таныды) Алладан басқаға ибадат етсе, оған тамұқ уәжіп болар. Сауабы он үлес болған амал сол, бір ізгілік етер, оған он сауап үлесі жазылар. Үлесі жеті жүз болған амал сол, Алла жолында, яғни жиһатта, болмаса ілім жолында амал еткен кісі, болмаса сол жолдарға малын сарп еткен кісі, міне бұларға жеті жүз үлес. Бенденің амалының сауабын Алладан басқа зат білмейтін сауап сол, ол амал ораза тұту. Бұл рауаяттан бенде өз ләпсісін игере білудің қаншалықты ұлық екенін көреміз. Ұлы шайх адам баласына негізгі бәленің қайдан келгенін:

Ләпсі шайтан тұтқын қылды адам ұлын

Шатурламин байлап алды екі қолын

Сорлап қалды, оңы-солын білмей жолын

Уа, дариға, қасыретпен барғым мен-а, – деп қайғыланады. Яғни, адам баласы барлық бәлені өз ләпсі әурешілігінен табады.Ол үшін әлде кімді кінәлап жату керек емес, әркім алдымен өзін тыймағы, өзінен өзі қорқуы керек. Ол үшін ләпсі әурешілігінен қорқып, Алла рахетінен үміт етпек керек. Ал, ләпсі бәлесінен құтылудың ең төте жолы ораза тұту.

Хаким шайх Термизи айтар: «Адамдар әзізі сол, ол дәмесін (тілегін) құл етуші болар. Қожа сол, шайтанға тұтқынға түспес және адамдардың әзізі сол, ләпсіні қор етер». Демек, ешкім зорламай-ақ, Алла разылығы үшін өз кемелін іздеген адам көңіл қалауымен ораза тұтса, ләпсі тілегін қор етер. Тегінде Алладан қорқу деп, Алланың тыйғанынан сақтануды айтар. Алладан үміт ету деп, Алланың бұйрығын орындауды айтар.

Тәжірибелі кісілердің бірі айтар: дүние ісі ғажап, дегенмен бес түрлі нәрседен алданған адам баласынан ғажаптанамын: біріншісі – дүниеде артық мал иесінен ғажаптанамын, мұқтаж және фақыр болатын күннің артығы үшін неге бір қадам баспайды (ақырет күні); екінші – сөйлеп тұрға тілден ғажаптанамын, не үшін ол тіл өз ләпсісіне бойсұнады, Алланың зікірінен неге азарланады, Құран оқудан өзін тартады; үшіншісі – ессіс бос және саламат кісіден ғажаптанамын, мен оны мәңгі оразасыз көремін. Неге ол кісі әр айда үш күн, болмаса соған ұқсас ораза тұтпайды. Неге ол кісі қиямет оразасы жайында бірде ойламайды… Төртіншісі – төсегінде жатып, таңға дейін ұйықтағанға ғажаптанамын, түндегі екі ракат намаздың мәртебесі жайында неге пікір ойламайды. Бесіншісі – Алла тағаланың арамына батырлық еткен кісіден ғажаптанамын, Алла тағаланың тыйған нәрсесіне душар болады (өз еркімен), қиямет күнінде ол іс оған көрсетілер екенін ол кісі біледі, тыйылу үшін ол кісі соңғы іс жайында неге бір рет те пікір етпейді…

Абу Сулойман Дараний айтар: Көп жемек шавхатты  (ләпсі тілегі) аш етер, әр нәрсе іздер. Аштық ақырет есігін ашар, тоқтық дүние есігін ашар. Аш болса адам көп нәрсе іздемес. Көп жемек ақылды кетірер, ақыл кетсе қажет бітпес. Аштық нәпсті қатты (қаһарлы), бауырды жұмсақ етер, көңілді нұрландырар. Тоқтық көңіліді қарайтады. Осы жерде ислам ғұламалары айтып кеткен: Әрбір адам үш нәрсеге зәру. Бірінші асқа зәру, екінші киімге зәру, үшінші баспанаға зәру деген қағида бой көрсетеді. Жоғарыда келтірілген Абу Сулойма Дароний айтқан: көп жемек ләпсіні аш етер демектің мәні – қарын тойған адам басқа дүниеліктерге қызыға бастайды, яғни екінші ләпсі, әуейілік аштық басталады. Аштық ақырет есігін ашады, тоқтың дүние есігін ашар деп осыны айтады. Яғни, дүние ісіне, бенделік әуестігіне батырлық басталады. Қарны тоқ, киімі бүтін болған соң, сәулетті жай, жарқыраған мүлік, мен неге басқалардан кейін қалуым керек деген тілек келіп шығады. Көіңілдің қараюына ләпсі бәле алып келеді. Себебі, басқадан артық болу үшін енді ештеңеден тартынбайды. Ұлы шайх бұл жолдарды былайша жеткізеді:

Көп кісілер дауға қылар ләпсі күзетіп

Жеп, ішіп, хайуан тәріз түндер жатып

Ораза тұтпас, зекет бермес һәм оянып

Хақ тағала қадырын қашан білер,- деп өзін Хақ тағала жолындамын деп, тарихат жолына дауға етіп, ішіп-жеуден, түндер жатып ұйықтаудан, ораза тұтып, зекет беруден жырақ болар, осы ұйқылы кезіннен оянатын кезі жоқ. Бұл адам Хақ тағала қадырын қайдан білсін. Тегінде белгілі бір затты анықтап білу бар дағы, сол заттың барлық қадір қасиетін мойындау бар.. Бұл екеуі екі басқа дүние, екі басқа түсінік, екі басқа әрекет. Хақ тағаланы толық мойындап, оған итағад етумен сол үшін жан пида ету де екі басқа әрекет. Сол  себептен ғалымдар Алла тағала әлемін «Ұлы әлем (Әлеми қабир)» деп атаса, адам әлемін «Әлем сағир (кіші  әлем)» деп атайды. Солих кіші әлемді өз кемелін толық меңгермесе, өзі тұрған жайынан көтерілу, шарықтау кемеліне келе алмайды. Түсініктілеу етіп айтар  болсақ, бенде өз мүмкіншілігін толық меңгеру арқылы ғана басқа ілімдерді игере алады. Қиыншылық кез болғанда төзімді тән, ауырлық кез болса толық қайрат, дұшпан кез болса селт етпес жүрек, бейнет кез болғанда қажымас білек, барлығынанда ұлысы өз кемелін таныған толық ақыл керек. Жоғарыдағы айтылғандардың барлығы өз бастауын ең алғаш астан алады. Сол барлық жетістіктердің бастауын өз қалауына көндіру әриен үлкен қайрат керек етеді. Міне, ораза тұту, яғни аштық ақырет есігін Аллаға барар жолды нұрға толтырды деп сондықтан айтады.

            Пақырлықтың сегізінші нұры иман турар

Иман – ислам ілімінің бастауы, иманы кемел, намазы қазасыз, зекеті міндетсіз, оразасы күдіксіз, қажысы алаңсыз, яғни исламның алға тартқан бес шарты орындалса, міне осы жерде ислам тұрақтанады, өз кемелін табады.

Тарихат жолындағы солихтың иманы бұл шариғат қауысмының иманынан әлде қайда күрделі, жолы ауыр, бейнеті көп, азапты жол. Өз қалауымен осы жолды қалап алған солих үшін бұл бір рахат. Ал иман өз бастауын ең алдымен ұяттан алады. Яғни, Алланың Расулы «Егер адамдардан ұялмасаңыздар, қалағандарыңызды істей беріңіздер» деп мархабат етеді. Ұлы шайх:

Ұлық кіші жарандардан әдеп кетті

Әйел-қыздан жас-жалаңаш ұят кетті

«Ал-хая-у мин ал-иман» – деп Расул айтты

Ұяттан ажырап көп ғажаптар болды достар.

Себебі ел ішіндегі көптеген келеңсіз жайлар ұятсыздықтан болады. Ұры ұрлықты көп жайларда аш болғандықтан істемейді, ұяты болмаған соң істейді. Ертең елден ұят болады-ау, қолға түскен күні елдің бетіне қалай қараймын, менің бетіме солар түкіреді ғой, адамгершіліктен шығып қаламын деген жай, адамдық түйсік те жоқ. Ал Алла алдындағы ұят қайдан болсын. Өсекшінің имансыз болуы, бендеден ұялмайды, ертең артым ашылып қалса, қалай етемін деген түйсік, ұят жоқ.

Тегінде ел арасында «бендеден ұяламған, Құдайдан қорқпайды» деген қасиетті сөз осыдан шығады. Иманның бір жолы әдеп, ал тарихат жолындағы солих әрбір амалға кірерде, сол амалдың әдеп, қағидаларына қатты көңіл бөледі. Әдебі, алғы шарты орындалмай еш бір амал орнына келуі мүмкін емес. Себебі, IX ғасырда өмір сүрген ғұлама Хусайн Воиз Кошифи «Футувватномаи султании» (жомарттар тарихаты) кітабында «тарихат қауымының әдебі жайында» бөлімінде:  «Білгін, ұлылар дербіштік түгелдей әдебтілік деген. Яғни, әрбір уақыттың, әрбір холат (жағдай)тың, әрбір мақамның өз әдебі бар. Ал кім әдебті сақтаса, мәрттер мақамына жете алады. Хакім Абдулмажд Саноий «Хадиқатул хақиқат» (хақиқат бақшалары) кітабында айтыпты: «сұхбат (мәжіліс) әдеп нәтижесінен, ал әдеп құрмет нәтижесі, ал құрмет сафрат (саф, таза) нәтижесі, ал сафрат көңіл нәтижесі, ал көңіл ақыл қазынасы, ал ақыл сыр қазынасы, ал сыр мағрифат (ілім) қазынасы. Және айтыпты – Зохрий (сыртқы) көрініс әдеп ботин (ішкі) түйсік әдебінің белгісі (Н.Комилов аудармасы, Ташкент, 1994 ).

Ұлы шайх «ұлық кіші жарандардан әдеп кетті» дегенде ұлықтың өзіне тиісті әдебін сақтамауының арқасында, кішіден әдеп кетті; «әйел-қыздан жас жалаңаш ұят кетті» яғни, әйел-қыз елдің келешегі, тәрбие бұлағы, өзі әдепсіз, ұятсыз болса, бұлардан тәрбие алған қандай болып жетілмекші. Аллаға лайық болу былай тұрсын, адамға лайық болу да ауыр мәселе болып қалмайма? Алланың Расулы айтқан: «Ал-хаяу ман ал-иман» калимасы «иман ұят бар жерде тұрақтайды, ұят, әдеп бар жерле тұрақтайды» деп түсінуіміз керек.

Және «солихтың әдебі Аллаға бастар, тағадат ибадаты жәннәтқа бастар» деген қағида сопылық ағымдағы халайыққа, тарихат қауымына жол басшылық еткен. Ал, тарихат қауымы әр кез тек Алла разылығы үшін амал етенін білеміз. Яғни, жоғарыда айтылған Абулмажид Саноий тағлымы: сұхбат әдеп нәтижесі, сұхбат болмаса ілім мәжілісінде әдепсіз адам қатыса алмайды, ол мәжілістің күрделі жайлары тұрмақ, отырып-тұру әдебін де білмейді. Әдепті адам құрмет етуге лайық, құрметті адам саф, таза болады. Бұл жерде ел арасындағы арнайы құрмет, мал үшін, қызмет үшін, қауым қарындастық, бір ұлықтың қызметі үшін, басқа біреуді құрметтеу назарға алынбайды. Бұл құрмет әр бір солихтың Алла жолындағы қызметі, ілімі, ұстанған жолы үшін құрмет деп түсінеміз. Саф тазалық ең алдымен көңіл тазалығы, амал тазалығы. Көңліді таза сақтай білу ақылдың жемісі. Ақыл ішкі жан дүние, сыр қазынасы ілім арқылы қалыптасады. Кері айналдырып айтқанда ілімнен сыр, ішкі жан дүние қалыптасады, қазынаға толы көңіл ақылға толады. Ақылға толық көңілде саф тазалық орын алады. Демек, бұл адам иманға көлеңке түсіретіндей іс-әрекеттерге бармайды. Ілегері айтып өткенімдей, «ең құрметті адам, ақылды адам» хадисі де бой көрсетіп, мен мұндалайды. Ислам ілімінде иманның үш ұлық жолын  – имананан бұрын не жақсы? иманда иманнан не жақсы? иманнан соң иманнан не жақсы? деген қағидамен түсіндіру бар. Иманнан бұран иманда не жақсы дегенде –Алланың мейірімділігі қайырымдылығы жақсы; иманның ішінде иманнан жақсы – иманның толық, бүтіндігі; иманнан соң иманннан жақсы  амал – иманды бүтін күйінде өзімен Алла құзырына алып бару болып табылады. Бейнетсіз рахат жоқ, әркім қандай мәртебеге жетсе, жақсы жамандығына қарамай әрбір жолдың өзіне лайықты бейнетін көріп жетеді. Бұл жайды ұлы шайх:

Лоқут қарай мурит егер мақам тұтса

Дәруштікке қырық төрт мақам, оннан өтсе

Шайхымен деп, үй тұрғызып, отты жұтса

Машақатсыз таппас иман халофатын, – деп, иман жолының шайхылық жолындағы мурид үшін қаншалықты ауыр екенін айтады. Лохут әлемі Илохейт әлемі деген сөз, онан кейін Жабарут яғни биіктік әлемі, онан соң Мәләкут әлемі, яғни періштелер әлемі жаратылды.

Лахут әлемі құдірет әлемін бейнелесе, жабарут нұрлардан болған әлем, малакут әлемі латиф (көркем, нәзік) рухтардан түзілген әлем (Н.Комилов)

Демек, лохут Хақ әлеміне қарай ұмтылған мурит, ең алдымен дәруштік қырық төрт мақамды өтуі керек. Жол басшы болар мақсат иман кемелі. Ал, иман кемелі машақатсыз, бейнетсіз келмейді. Бұл жерде басын ашып айтатын бір жай, жоғарыдағы үш әлемде бейне (образ) жоқ. Көзге елестетіп, болмаса қолға ұстай алмайсың. Сөзіміздің басында Рух пен Нұр тіршілік бастауы екенін айтқанбыз. Онсыз тіршілік әрекетке келмейді. Рух күшінің шарықтауымен нұр әлеміне ұласамыз, ал нұр әлемі бізді Илохет құдірет әлеміне жалғайды. «Шайхымен деп үй тұрғызып, отты жұтса» дегенде ұлы шайх Абу Бакр Каттоний айтқан: «қырық жыл болды, көңілімің ішінде бір үй тұрғыздым, сол үйдің есігінде отырдым, еш айрылмадым. Бұл үйге қазірге дейін Алладан басқа нәрсені және дүние қызығуларын жібермедім, кіргізбедім» деген сөзін басшылыққа алған болуы мүмкін. Себебі шайх Абу Бакр Каттоний Құл Қожа Ахмет бабамыз өзіне пір санайтын Жунайд Бағдадийдің замандасы болғаны анық. Көңіл ішінде, өз жаны-ділінде Алла үшін жай салып, оған басқа ешбір күдікті кіргізбеу, сол машақат яғни дүние тіршілігі азаптарымен арпалысып от жұту, сол арқылы Алла разылығын іздеу кемел иман тұрағы.

Дәуір соңы жетіп келді ей, бейхабар,

Ішкізер қоймас қанша жерден болсаң азар

О, қасырет иманыңда көп дүр қатер

Құтылмассың бермей оның аманатын.

Сөз басында айтып кеткеніміздей, бұл жердегі қауіп иманнан соңғы, яғни иманды саламат алып кету. Солих барлық өмірінде Хаққа лайық болу мақсатында әрекет етіп, дәуірі, өмірі таусылға сәтте имансыз болып шықса, мұннан өткен өкініш болар ма? Сол себептен ұлы шайх әр бір жан иесіне дәуір соңы келеді, қанша жерден азар болып, ішпеймін десең де құтылмассың. Рух жан денеге енген Алла аманаты, сол аманатты пәк таза күйінде Хаққа, өз егесіне тапсырған зат, сол егесінің назарына лайық бола алады. Сол себепті иман қатері көп деп айтады. Бұл жерде тек қана тағадат, ибадатпен мақсат орындалмайды. Иллохий нұрына ғашықтық, дидар талабы үстін келмегі керек. Ышқы отына күйген солих әр не көзіне түссе, сол көріністен Алла құдіретін көретін халге жетер. Яғни,

Зохид болма, обид болма, ғашық болғын

Бейнет тартып, ышқы жолында садық болғын

Ләпсі теуіп, дәргейіне лайық болғын

Ышқысыздың жаныда жоқ, иманы жоқ.

Бұл жерде ұлы шайх ғашық болмасаң Зохид (тәркі дүние), обид (ибадат етуші) болуыңа пайда жоқ, егер сенде ғашықтық, ышқы саудасы болмаса дейді. Шын дидар талап болсаң, Хақ жолындағы барлық бейнетке көнесің. Ышқы жолында садық, әділдік етуің керек, ол үшін алдымен өз ләпсі қалауларыңнан кешу керек. Яғни, Хақ қалауы үшін өз қалауыңнан кешесің, сонда сен Хақ дидарына лайық боласың. Хақтың бенделерінен қалауы қайсы десек, тек қана әділдік, тазалық, шын берілген ықлас, тұрақтылық.  Ал бұл жолдар бейнетсіз, жаннан кешпей келмейтінін бір неше қайталап айттық. Бейнетті жеңу үшін шын берілген махаббат, ышқы керек. Ышқы тұрақты болмай, Хақ жолына түскендердің, оның ішінде пақырлыққа  дауға еткендердің жаны да жоқ, иманы жоқ.

Тоғызыншы пақырлық нұры садақа турар

Пақырлық Алла алдында талапкерлік, әжеттілік болумен қатар пенделер алдында әділдік пен жомарттықтың сақшысы болу. Қажет болған жерде ғана емес, барлық жерде де Алла разылығы үшін, біреуден бірдеңе дәме етпей жәрдем ету, әділдік ету. Себебі, садақа сөзінің әсіл нұсқасы әділдік. Ұлы шайх бұл жайды:
Хаққа ашық  содиқтары жүрер хилвет (жеке)

Таңда барса, Хақ қабында көрер ізет

Жәннәт кіріп, дидар көрер әне рахат

Пинхам (жасырын) жүрер, халыққа не деп рая қылсын, – яғни, міне мен мынадаймын деп, өзін әшкере етпей ақ, тек Алла разылығы үшін қызмет ету.

Бұл арада садақа сөзі қайыр-көмек мағынасында айтылып отырғандықтан, садақа сөзінің түсінігі де басқа мән алады. Ислам дүниесінде

Алла разылығы үшін садақа беру, арылу, өзін тазалау мағынасында пайдаланады. «Жоғарыдағы беруші қол, төмендегі алушы қолдан абзал» деген Алланың Расулының хадисін басшылыққа алған Абдулнажиб Сухравардий «бағыштаушы қол  пақыр есігін  ашушы» деген пікірді айтады. Яғни, бұл ғалымдар байлықты қаралап, байға кінә тақпайды, бәлкім арамқор, зұлымдықпен табылған малға кінә қояды. Адал жолмен табылған, қайыр садақасымен тазаланған малды абзал деп есептейді. «Лә иллаһә илла Алла»  кәлимасымен Мұхаммед Расулла кәлимәсі арасында екі амал бар. Олар қауып пен реже (үміт). Алланы таныған адам сол Алланың азабынан қорқып, жаман әдеттен тыйылуы, бұл қауіптің әсері болмақ. Алланың рахметінен үміт етіп ізгі амалдар істеу, бұл үміт әсері. Барлық ізгі әрекет, тағадат, ибадат тек Алланың разылығы үшін демектің мәні осы.

Ал, өз қолында тұрған дүниенің бір бөлегін ақы дәме етпей, қайтарымын сұрамай, міндет етпей садақа етіп, аш-арық, кембағалға таратып беру бұл Алла жолындағы ибадаттың үлкені, абзалы болып табылады. Және бір айта кететін мәселе, садақа тек қана бес-он теңге үлестіріп берумен ғана шектеліп қоймайды. Жақсы құлық, әдеп, кішіпейілдік секілді жақсы үрдіс бұл да садақа. Әлде қалай тарыққан, жол таппай қиналған адамға ақыл кеңес беру, теріс жолдан қайтару, бұлардың бәрі де садақа болып есептелінеді. Рауаят шайх Иброхим Адхам Шаққиді іздеп барды деп жазады. Шайх Шаққи:

– Я, Ибрахим ұлы, не амал істейсің?,-  деп сұрайды

– Тапсам шүкір етемін, таппасам сабыр етемін, – дейді Адһам.

Сонда шайх Шаққи:

– Бәллі, біздің елдің иттері де тұра солай етеді, – дейді. Ибрахим Адһам:

– Я, шайх, өзің не амал қыласың?, – деп сұрайды.

– Тапсам садақа қыламын, таппасам шүкір етемін, – дейді. Сонда шайх Ибрахим Адһам:

– Менің ұстазым болдың, – деп,  қолын сүйеді. Бұл жолдардан көреріміз – мәселе садақаның аз-көбінде емес, қолда барын бағыштауда. Жоқ болса және шүкір. Яғни, Аллаға разылық.

Түндер жатып ұйықтамас, тілеуетті Мұхаммед

Ғапіп пенен жетімге муруатты Мұхаммед.

Бұл жерде Муравват қайырымдылық, Алланың Расулының негізгі ұстанған жолдарының бірі екенін көрсетеді.

Садақа берушінің бір аты Жомарт. Біздің Атымтай жомарт деп жүргеніміз арабтардың тоий халқынан шыққан Хотам атты адам. Әркез жомарттық жайы сөз болғанда бұл ұлы адамның аты аталады. Бірақ, қолыңдағыңды басқа біреуге беруде, артынан дәме ету, қайтарымын күтуге болмайды.

Мурувват барга бермекдүр, емак йук

Футувват барга қылмандүр, демак йук, – деп Әлішер Навоий айтқандай қайыр, садақа міндетсіз болмағы керек. Себебі, сіз садақаны Алла разылығы үшін бердіңіз. Демек, Алла тағала әржерде  дайын, әзір екенін естен шығармаңыз.

Абу Хафс атты ислам ілімінің ұлығы айтар еді: «Жомарт сол, бір мұсылман досының дүниелік және ақыреттік несібесін, жақсылықтарын өзінен артық көру». Умар бин Яшардан рауаят етті: «Әрбір адамда үш қасиет болса, ол адам барлық иманды жиды. Бірінші – жоқшылық уақытында садақа берсе; екінші – өзіңді ойлауың; үшінші – халыққа исламды жаю. Яғни, кімде-кім жоқшылық-ашаршылық уақытында садақа берсе, өзінде бар нәрсені аз көбіне қарамай бөліссе, еш күмәнсіз дос арттырған болады. Өзін ойлау, өз  болашағы-келешегі үшін бейнет ету деп осыны айтпақ керек. Халыққа исламды жаю да осы тұрғыдан келіп шығады. Ары-сары күйде жүрген адамға танымайтын біреу келіп, Алла разылығы үшін, менің мұсылмандық хақым үшін мынаны ал десе, сөз жоқ ол адамның көңіліне мұсылмандық нұры ұялайды. Демек, садақа беру бірінші Алла разылығы болғанымен қоса, өз қамын өзіңнен қойып беру, арылу, жеңілдеу. Ал, екінші тұрғыдан садақа бәлеге, қауып, қатерге тосқауыл. Ислам дүние танымында иман намазсыз болмас, ілім кітапсыз болмас, бәле садақасыз қайтпас, малдың берекесі зекетсіз кірмес деген берік қағида бар.

Пақырлықтың оныншы нұры жаны пәк турар

                        Ей, асылар, тәубе қылғын, Хақ есітсін

Налаңыздан жер мен көктер нала қылсын

Малаиктер Хақтан тілеп үлес берсін

Үлес алған құлдың намы болар ма екен.

Ислам іліміндеге негізгі мәселе адамзат жайы десекте бұл жерде адамның сыртқы  (зохрий) көрінісі емес, ішкі жан дүниесіне бар назарыңды қаратып, жан дүние, сезім-сана қалыптасуын игеру үшін амалға келген ілімді Тасаввуф деп атаған. Ал  алғашқы дәуірде ең көп ізделінген, көп мән берілген ілім Таухид, яғни Алла ілімі болды. Алланың жеке екенін дәлелдеу, Алланың сыпаттарын дәлелдеу осы ізденуден келіп шықты. Алланың сыпаттарын дәлелдеу арқылы Алланың мың бір атын Исми ағзам жолға қойылды. Бұл жайларды Ахи сүннәт ғалымдары бұл жолды ақыл ілім, яғни көп іздену арқылы жолға қоюға талпынды.

Ал, сопылар басқа жолмен, таухид ақылымен емес, уахи құпия хабар, сезім арқылы иеленеді деп түсінген. Бұл жерде еген ақыл толық болмаса, сол уахи хабардың өзінде иелену мүмкін емес деген пікір келеді. Сопылардың айтуынша «Хақты Хақтан басқа көре алмас» көз қарас келіп шығады. Жалпы таухид жолын иеленудің үш шартын, үш мағынасын алға қойып, сол үш жолды игеруге көп күш жұмсалады:

  1. Алланың өзінің жеке екенін білуі және білдіруі;
  2. Алла адамда өзінің жекелігін пайымдау қуатын жаратуы;
  3. Адамның Алланың жекелігін білуі және бұл жайындағы үкімді білуі.

Кушайрии бұл жолдың біріншісін – Хақтың Хақ үшін таухиды; екіншісін – Хақтың халық үшін таухиды; үшіншісі – халақты Хақ үшін таухиды деп балағайды. Бұл жерде бірінші қағида «Мен жасырын қазна едім» деген Құдай хадисі арқылы Алла тағала бендеге ақыл-сана, сезім беріп, Алласын, Хақты тануына жол ашады. Сол ақыл жүйесі арқылы өз әмірімен өзін тануын екінші қағидаға, яғни Хақтың халық үшін таухидін шығарса, үшінші қағида халықтың Хақ үшін таухидына алып келеді. Кеңірек етіп айтсақ, бенде өз ақыл кемелі арқылы Хақ құдіретін танып, ғажаптанып, толық мойынсұнып, Хақ құдіретін Хақтың өзіне паш етеді. Сол мойындау арқылы Хаққа сана, мадақтау айтып, тағадат, ибадат етіп, өз қалына шүкір етіп, бенделік дәрежесін жоғалтпа үшін амал етсе, исламды Хақ ілімін халыққа жаю арқылы халайықты Хаққа қарай бастап үшінші қағиданы «халықтың Хақ үшін таухидін» алға сүреді. Осы жерде Алланың Расулының «ғалымдар менің ізбасарларым»  деген хадисі толық өз құдіретін көрсетеді.

Әрине, бір ғалымнан есіте салып барша халық толыққанды сопылық жолға түсу керек деген ұғым шықпайды. Өз кезегінде таухид (Хақ ілімі) үш дәрежеге бөлінеді. Бұл жайды өзбек ғалымы Усман Турар былай дәлелдейді: а) адам таухиды. Бұл ілімнің ілім егесіне, көркем өнердің өнерпазды дәләл етуі негізінде әрекет етіп, дәлел құжат келтіру арқылы әлемнің де бір жаратушысы барлығына үкім етуінен мысал. Бұл «таухид иманий» және «ілім таухиды» деп аталады. Мұндай таухид түсінігі тек қана сол пікір егесін серік қосудан құтқарады және ислам мәртебесіне көтереді. Сол арқылы оған мұсылмандық жолы көрсетіледі. Бұл таухидтың ең төмен дәрежесі.

б) хостар (ғалымдар) таухиды. Себептерді бір шетке ысырып, әлемдегі жүз берген жаман мен жақсы, пайдалы және зиянды әр істе Хақтан басқа нәрсені көрмеу. Бұл таухидқа жеткен кісі тәуекелге бейіл болып, халыққа өз мұңын айтпайды, зұлам етпейді. Себебі, барлық құбылысты Алладан деп біледі. Оның үкіміне тұтқын және разы болады. Мұндай таухид түсінігіне ие болған кісі жасырын (іштей) ширк (күмән) сезімінен құтылады. Тіпті Хақтың затымен сыпаттарында жоқ болып, яғни сол сезімге батып кетеді де оның көзіне Алладан басқа нәрсе көрінбейді. Бұл жай «тавхиди холий» яғни «хол тавхиды» делінеді. Имам Ғазалий көп қаламшыларды (жазушы) таухидтың бұл түрін аңламағандықтарын, аңлағандар да онымен сыпатталмағандықтарын дәлелдейді.

ә) Хостардың хостарға тиесілі таухиды. Бұл таухидқа қарағанда Хазреті Хақ әр кез фардоният (жалғыздық) вахдоният (жекелік) сыпаттарына еге екендігі және ақиқат, одан тыс ешнәрсе жоқтығын шын пейілмен білмек. Бұл орифтер және сыддықтар таухиды. Мұны «тавхид илохий» дейді (Усман Турор, Тасаввуф тарихы). Бұл жайды ұлы шайр:

Вахдет хуми ашылды, майханаға кірсем мен

Бір жам ішіп сол майдан мәсту қайран болсам мен

Осы майдың мазасы іш-бауырымды қан етті

Бауырым қанын ағызып, жанон қарай барсам мен, – деп келіп

Қожа Ахметтің хүмінде махаббаттың шарабы

Ғашықтарға сол майдан мұратынша берсем мен.

Яғни, жоғарыдағы үш саты игерілді, Вахдат (Алла) көзесі бар майхана (хақиқат дүниесі) ашылды, мақсат сол жайға кіру. «Бір жам» (тамшы) ішсең мас боласың, басқа дүниеден бөлінесің. Сол бір тамшы іші-бауырымды қан қылды,  сол  күйімде (күйіп-жанып) жанан(ғашығыма)ыма қарай барсам. Әр бір жолдың мақсаты белгілі бір дәрежедегі бекетке бару, сол ойына алған бекетте сіз күткен мақсат бар. Ғашықтың мақсаты өз ынтызарына жету. Ал ғашық сол ынтызарына жетуде барлық дүние игілігі бақ-дәулеттен бас кешіп келген соң, әрине машығынан басқа мақсаты жоқ болған соң, жаны пәк. Ұлы шайр тек өзі ғана мақсатына жеткеніне тоқмейіл болмай, пақырлық мәртебесіне жету жолында алған ілімі, ботни (ішкі сана-сезім) шарықтау, кемелдену дәрежесіне игерілген ілімін махаббат шарабы құйылған көзесінен ғашықтарға муратынша (қалауынша) берсем деп арман етеді.

Ал, бүгінгі күні арада он ғасыр уақыт өткенде де осы ұлық заттың қалдырған мұрасының өз күшін жоймай, тіпті әр бір ғасырда бір қырынан көрініп, өзін Алла жолына бағыштағандарға ұстаз. Халайыққа иман кемелін иеленуіне қолданба болып жарты әлемді алып жатқан Түркістан атты өлкеде өз алдына бір тариқат жолын салуды бұл да сол пәк жанды, пәк иманды, пәк махаббаттың бірден бір белгісі.

Шариғаттан, тарихаттан баян болды

Хақиқаттан құран сөзі қалам болды

Бұл жаһанға Мұхаммедтің нұры толды

Ол нұрменен екі жаһан жарық болғай

Шариғат жайын баян еттік, қолға алдық, игердік, сол жол арқылы тарихатқа кірдік, тарихат әдептерін игеріп, Құран мағынасын түсіндік. Құран мағынасынан әлемге толған Мұхаммед с.ә.у. нұрын көріп, сол нұрдан күш-қуат алдық. Ол нұр екі дүниенің жарығы еді деп жырлайды ұлы шайх. «Надарул мехраж» атты кітапта «жәннәт барлық Алланың берген ғажайып жетістіктерімен, әсемдік, көркемдігімен безеніп тұрса да күңгірт бір жай деп жазады. Жәннәтқа лайық болған бенде дүниеде істеген күнәсінан айрылып таза пәк күйде, маңдайынан иман  нұры жарқырап жәннәтқа кірер, сол нұр иеленген адамдамен жәннәттің сәні кірер, жәннәтқа жан кіреді. Ал, сол нұрды осы дүниеде игермеген адам, сол нұрға лайық болмаған адам, арғы дүниеге өткен соң ол нұрды қайдан алсын? Ол үшін ризаят тартып, бейнет көріп қана ие болады. Демек, алдымен шариғат жолдарын кірлетпей таза ұстанып қана тариқат, әдеп жолына өткен, тарихат мақамдарын толық игеріп, хақиқаттан сөйлей парыз болды.

Ғалымдар арасында мынадай бір сыр бар: «Иман нұры ол бір ғажайып дүние, ол нұрды иеленген адамның басынан көз көрім жерден жарқырап көрініп тұрады. Сәуле шашып тұрған нұрды көрген адам, ол нұрға қайырылмауы, сәлем бермеуі мүмкін емес. Сол нұрды біз де көріп жүрміз, бірақ мән бермейміз. Сол секілді барлық денесін, сана сезімін күпірлік ластық басқан адамның басынан, аяғынан, денесінен бақа-шаян секілді лас нәрселер көрініп тұрады. Мұндай адамдар дәл қазір де бар, болған және бола  береді. Басқаша болуы мүмкін емес.

Алғашқы нұр шашып тұрған адам сол, өзі ешкімге артық сөзі жоқ, ешкімге зиян-зұлым етпейді. Тапса жақсы сөзін айтады. Сұрасаң ақыл-кеңесін айтып, жол көрсетеді. Қауым арасында сыйлы адамдар. Міне бұл адамды көргенде тоқтап сәлем бересіз, алыс болса қайрылып барасыз. Бір сәт қауышқаныңыздан көңіліңіз өсіп, жай тауып, шаттанып, марқайып қаласыз.

Екінші күпір дәрежесіндегі адам кездесіп қалса, сіз одан аулақ жүруге, лажы болса сәлем бермеуге әзір тұрасыз, себебі ол адам сізді балағаттауы мүмкін. Өзі кір, сасық иісті болып, жаныңызды түршіктіреді. Бір күнге, болмаса көп уақыт жан-жүйеңіз тітіркеніп, өз жайыңызды билей алмайсыз

Бұл жайлардан бізге мәлім болары, адам баласы Алланың жердегі халифасы демек иман нұры, бенделік кемел әрбір адамның негізгі мақсаты болмағы керек.

Сөз басында әлемнің негізгі нұр бастауы рух десек, әлемнің тұрағы да осы екі зат. Әрбір бенде үшін жарық дүниенің соңы да нұрға толы болса, яғни өткен өміріңіз нұрлы болса, енші Алла ақыретте нұрлы болар.

Диуани хикмет және бүгінгі аударма.

Соңғы кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде Қул Қожа Ахмед Иасауийдің асыл мұрасы «Диуани хикмет» жайында талас тартыс көбейіп кетті. «Қазақ әдебиеті» №44, 11-18 бет, №46 …. Құл Қожа Ахмет Иассауийдің аудармасына таласқан Есенбай Дүйсенбайұлының хаты. Іле шала Шығыстану институтының қарсы жауабы. Редакцияның көз қарасы, ең соңында арнайы жиналыстағы шешім. Әдебиетті құрмет тұтатын жан болғандықтан, мен де осылардың барлығын қадағалап отырғанмын.

Қазір менің қолымда «Хикметтің» 7 нұсқасы тұр:

  1. 1890 жылғы Қазан баспасы;
  2. Өзбек тілінде жарық көрген, түркістандық Расул Мұхаммад Әшірбайұлы аударған 1992 жылғы Ташкент баспасы;
  3. Расул Мұхаммад Әшірбайұлы аударған қазақша нұсқасы. Түркістан, Атамұра, 1992 жыл;
  4. Қуаншыбек қажы, Ғалия Қамбарбекова, Расул Исмаил Заде дайындаған. Тегеран, 2000 жыл.;
  5. Сары Ағаштық Тұрсынәлі Айнабеков аударған 2001 жылғы нұсқасы, Шымкент баспасы;
  6. Есенбай Дүйсенбай дайындаған 1998 жылғы Алматы нұсқасы;
  7. Ибатов Ә.М, Жандарбек З., Нұрманов А.Ш. аударған Алматы нұсқасы.

Өзім әдебиетші емеспін, бірақ сол ауылға қарай көп жайыламыз. Осы нұсқаларды оқып шығып, көріп, әттең-ай деп қойып отыратын едім. Енді мына дау басталған соң, өз ойымды білдіруге тәуекел етіп отырмын. Маман емес екенімді айттым, бірақ мен білетін дүние асыл нұсқаға, автордың айтайын деп тұрған ойын теріс мағынамен басқа арнаға бұрып жіберуге ешкімнің де қақысы жоқ. Әдейі тапсырыспен болса, оған амал жоқ. Жалаң сөзді қойып, іске кірісейік.

  1. Қазан баспасы, 1 хикмет:

Бисмиллаһ – деп баян айлай – хикмет айтып

Талапларға дур уа гаухар шаштым мна

Риазатны қаттығ тартып, қанлар уитуп

ман дафтари сани сузин аштим мна;

  1. Өзбекша:

Бисмиллох деп баен айлай хикмет айтып

Толибларға дурру гавхар сочтим мана

Риезатни каттиғ тортиб, қанлар ютиб

Ман дафтари соний сузин агтим мана;

  1. 1992 жылғы Түркістан нұсқасы:

Бисмиллаһ деп баяндайын хикмет айтып

Толиптерге дур мен гаухһар шаштым мәна

Ризаятты қатты тартып, қандар түтіп,

Мен «Дәптер сани» сөзін аштым міне.

  1. Есенбай Дүйсенбай нұсқасы, көркем аударма:

Баяндап хикмет айтып бисмилдамен

Дүр-гауһар шәкірттерге шаштым міне.

Еркіммен қан жұтып, шер құштым да, мен

«Екінші дәптер» сөзін аштым міне.

  1. 2000 жылғы Тегеран тұсқасы:

«Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып

Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым міне

Жылды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып

Мен «Дәптер сани» сөзін аштым, міне.

  1. 2000 жылғы Алматы, ҚР БҒМ Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының нұсқасы (бұдан былай Ибатов Нұсқасы):

«Бисмиллә» деп баяндайын хикмет айтып

Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым міне

Жанды жаралап, қайғы шегіп, қандар жұтып

Мен «Дафтари-и сани» сөзін аштым міне.

Міне, алғашқы үш нұсқа Қазан баспасы, өзбек нұсқасы мен М. Әшірбайұлы нұсқасы бір жөн, кейінгі қазақша аудардық деген үш нұсқа бір бөлек. Алғашқы үш нұсқада «баян айлай» «баяндайын» деп жолға енді кіріскенін білдірсе, кейінгі үш нұсқада Есенбай нұсқасы мен Тегеран нұсқасында баян еттім деп, жұмыстың біткенін, яғни, бастамай тұрып тауысқанынан хабар береді.

Алғашқы үш нұсқада бірдей «риазатни» «риязатты» қатты тартып, қандар жұтып» деп, негізгі хикметті жазудағы мақсат, исламдық тариқат жолындағы мақам, басқыштардың біреуін, шыдамдылық, төзім, шүкірдің жетілген, солихтың ғана амалында кездесетін орындауда қандар жұтып, яғни өзіне тән қанша қиын болса да Алла разылығы үшін қабылдаған амалды айтып отыр.

Соңғы үшеуінде, яғни Есенбай, Тегеран, Ибатов нұсқасында бұл жай жоқ. Есенбай мен Тегеран нұсқасындағы жанды жалдап қайғы шегіп, қандар жұтып деген жолдар ештеңе де айтып тұрған жоқ.

Алғашқы үш нұсқада бірдей «талиптерге» деп ислам ғылымын үйренуге, меңгеруге ұмтылған саналы азамат жайын айтса, соңғы үш нұсқада бірдей «шәкірттерге» деп, жаңадан молда алдын көрген жеткіншек дәрежесіндегі жастарды меңзейді. Яғни, шәкірт ислмдық шариғатты оқитын, үйренетін жастар болса, толиб-тариқат жолына түскен Ризаятқа дайын азамат.

Көрініп  тұрғанындай, алғашқы шумақты соңғы үш нұсқада ұқсастық өте мол. Тек, соңғы Ибатов нұсқасында жанды жаралап және «Дафтари- и сани» деген сөздер шығыс әдебиетінен сәлде болса хабары бар жанның қолынан шыққанын көрсетіп тұр. Екінші шумақ:

  1. Қазан нұсқасы:

Сүзни айдим һәрким булса дидар талаб

Жанны жанға пайуанд қылип ракни аулап

Ғарып, итим, фақирларни кунклин аулап

Кункли бутун халаикдин қагтим мәна;

  1. Өзбек нұсқасы:

Сузни айдим харким булса диидор талаб

Жонни жонга пайванд қилиб, ранги улаб

Ғариб, етим, фақирларни кунглин сийлаб

Кунгли бутун халайқдин қагтим міно;

  1. Түркістан нұсқасы:

Сөзді айттым әркім болса дидар талап

Жанды жанға ұластырып, рәккі аулап

Ғарып, жетім, пақырлардың көңлін қосып

Көңлі бүтім халайықтан  қаштым міне;

  1. Есенбай нұсқасы:

Сөзді айттым кімдерге де етсе талап

Ашық сөйлеп, жақын жанды жалға балап

Ғарым, пақыр, жетімдердің басын сипап

Діні қатты халайықтан қаштым міне;

  1. Көркем аударма:

Жаратса ықылас қойып ақылға кім

Жалғанда тұтар соны жақын жаным

Жедім де жетім, жесір, пақыр қамын

Жетесіз кердеңдерден қаштым міне;

  1. Тегеран нұсқасы:

Сөзді айттым кімдерге де етсе талап

Ашық сөйлеп, жақын жанды жанға балап

Ғарып, пақыр, жетімдердің басын сыйлап

Діні қатты халайықтан қаштым міне.

Міне, алғашқы үш нұсқа бір келкі, азғана айырмашылық «Қазан» баспасында «ракни а, а, аулап» деп әліптің үстіне мәт белгісін қойып а-ны созған. Өзбек нұсқасында  «рагни улап» дейді. Түркістан нұсқасы «рәкті аулап» депті. Қазан нұсқасы «кунклин аулап», өзбек нұсқасы «кунглин сиилап», Түркістан нұсқасы «көңлін қосып» депті.

Қазан нұсқасында  « жанни нарға пайуанд килип» дейді, өзбек нұсқасы «жонни жонга пайванд қилип», Түркістан нұсқасы «жанды жанға ұластырып» депті. Осы жерде бір айта кететін мәселе «пайвонд қылып» деген сөз. Жеміс ағаштары көп жылдық болғандықтан дәнін сеуіп, шыққан көшетін әркім қалаған сортқа улай алады. Алманы алманың жақсы сортына, өрікті өрікке ұламаса шыққан көшет жабайы болып, өнімі нашар, көп жағдайда жеуге келмейді. Қазақша улау деген сөзді ескі түрік тілінде, қазіргі өзбек тілінде «пайвонд» дейді. Бұл жерде ұлы ғұлама өз сөзін түсінетін жанды, адамды өз біліміне улап, жақсы өнім беретін дәрежеге жеткізіп, Рак-ты, яғни адамды негіз «кемел бенделік» жолға салып «дидар талап» ететін, яғни Алланың дидарына лайық етіп тәрбиеледім демекші.

Ал, біздің қолымыздағы Есенбай нұсқасында «етсе талап», Тегеран нұсқасы да «етсе талап» десе, Ибатов нұсқасы «дидар талап» деп мақсатқа жақындағанымен үшеуі де «ашық сөйлеп жақын жанға балап» деген сөз ешқандай бір ой айтып тұрған жоқ, анықтаушы, жол басшы сөз қайсы, ой қайсы  анық емес. Ал, мақсат дидар талап ететін толиб тәрбиелеп шығару.

Айта кететін бір жайт «пақыр» бейшара емес. Хан тағында отырып та «фақырлық» қырқасын кигендер аз болған жоқ. Пақыр демек, әжеті бітпеген, дидар көрмегенше зар еңіреп тынбайтын, алтын-күмісті топырақ құрлы көрмейтін жан. Ол сізге маңдайынан сипатпайды.

Ал осы хикметтегі 12 төрт таған, шумақты аударғанын көргенде жағамды ұстадым.

Қазан нұсқасы:

Иманча чанкал уруб килди ғамнак

Пир муғон хазр бул шашти тарнақ

Шайтан лағин қачип китти бипак

Бихам Аллаһ нур иман ачтим мна;

Өзбек нұсқасы:

Имонимга чангал уруб, қилди ғамнок

Пири муғон хазир бұл, деп сачти тарек

Шайтан лағин меннен қачип бепок

Бихамдиллох, нури иман огтим мано;

Есенбай нұсқасы:

Иманыма қол ұрып қайғы салдым

Пір мұған әзір  бол деп апиын алды

Шайтандығым бар күнәсімен кете барды

«Биһамдилла» – нұрлы иман аштым міне;

Көркем аударма:

Жебеб бір кезінде сол шырылдаған

Жетті ғой жеті кәміл пірім маған

Қалпында қалды ібіліс бұрылмаған

Нұр иман биғамдиллах аштым міне;

Тегеран нұсқасы:

Иманыма қол ұрып қайғы салды

Пір мұған әзір бол деп, апиын шашты

Шайтан қарғыс мүндан қашып кете барды

«Бихамдилла» нұрлы имам аштым міне;

Ибатов нұсқасы:

Иманыма тырнақ сап қайғы қылды

Тәрік шашты пір мұған әзір бол деп

Шайтан лағнет менен қашып тұрды

Иман нұрын – «биһамдиллах» айттым міне.

Айнабеков нұсқасы:

Иманыма шеңгел ұрын салды қасірет

Кәміл пірім дайындал деп, тұрды жебеп

Шайтан ләһин қашты менен қара ниет

Шүкір етіп нұр иманыма аштым міне.

Алғашқы екі нұсқасыда иманға шеңгел салғанын айтады, ал тырнақтың екі мағынасы бар екені біздің аудармашыларымызға белгісіз болған. Апинның бір атауы тарнак екені рас, бірақ сол көкнәрінің өсімдігінен дайындайтын, апиынның зәрін қайтаратын дәрі бар, оның өзінің атауы тарнак. Бұл жерде Есенбай да, Тегеран нұсқасы да пір мұған маған апиын берді, маған қарап шашты деп, кешегі дін апиын көз қарасын айтып отырғандай әсер қалдырады. Ал Ибатов нұсқасында «иманына тырнақ салды деп, әсіл нұсқаға сәл жақындағанымен, тәрік шашты дегені дүние мүлік апиынына, мәнсәп, білім мастығына ұрынып қалмасын деп «тырнак шашты» демекші секілді. Ал Есенбай шайтандығым менің қашты деп, Шайтанды жекелендіріп алған. Бірақ, асыл нұсқадағы би пак» деген сөзге мән бермеген, яғни шайтан өзі, бе пәк «таза, пәк» болмаған соң, пір мұғаның етегінен ұстаған менен қашты демекші. Біз мұны аңламадық.

Жағалап отырып 23 хикметке келдік.

Қазан нұсқасы:

Ун сегз минк ғаламға саруар булған Мухаммад

Утуз учминк асхабға раһбар булған Мухаммад

Иаланкач, ачликқа қанағатлик Мухаммад

Ғасы, жафи умматқа шапағатлик Мухаммад;

Өзбек нұсқасы:

Ун сәккиз миң оламга сарвар булған Мухаммад

Утуз уч миң асхобга рахбар булған Мухаммад

Елонғачу, очликка қоноғатлик Мухаммад

Осий, жофий умматға шофоатлиғ Мухаммад;

Есенбай нұсқсы:

Он сегіз мың ғаламға даңқы шыққан Мұхаммад

Отыз үш мың сахабаға басшы болған Мұхаммад

Жалаңаштар мен аштарға қанағат болған Мұхаммад

Кемтарлық көрген үмбетке шапағат болған Мұхаммад;

Көркем аударма:

Он сегіз мың ғаламға сардар болған Мұхаммед

Отыз үш мың сахабаға арман болған Мұхаммед

Аш-жалаңаш ғарыптердің қанағаты Мұхаммед

Жарылқаған кемдік көрсе жамағаты Мұхаммед;

Тегеран нұсқасы:

Он сегіз мың ғаламға даңқы шыққан Мұхаммед

Отыз үш мың сахабаға басшы болған Мұхаммед

Жаңаштар мен аштарға қанағат болған Мұхаммед

Кемтарлық көрген үмбетке шапағат берген Мұхаммед;

Ибатов нұсқасы:

Он сегіз мың бұл ғаламға сардар болған Мұхаммед

Отыз үш мың сахабатқа арман болған Мұхаммед

Аш-жалаңаш ғаріптердің қанағаты Мұхаммед

Жарылқаған кемдік көрсе жамағаты Мұхаммед.

Көріп тұрғанымыздай, алғашқы екі нұсқаға, яғни Қазан нұсқасы мен өзбек нұсқасына біздің үш аудармашымыз да оқ бойы жақындай алмаған. Бұл жердегі кілтипан Бертельс айтқандай «софылықтың өзін білмей тұрып, сопылық поэзияны білу мүлде мүмкін емес». Себебі, Қазан нұсқасы «саруар», өзбек нұсқасы «сарвар» болған Мухаммед десе, Есенбай нұсқасын «даңқы шыққан Мұхаммед» Тегеран нұсқасы еш қатесіз қайталайды. Тек Мұхаммед деп д-ны т-ға айырбастайды. Ибатов нұсқасы «сардар» болған деп, басқа төбеге шығып кетеді. Екінші жол Есенбай мен Тегеран нұсқасында бірдей алынса, Ибатов нұсқасында «отыз үш мың сахабатқа арман болған» дей салады. Үшінші, төртінші жол аударма ретінде тіпті сын көтермейді. Асыл нұсқа деп алынған қазақ баспасында – жалаңаш, аштыққа қанағатлы Мухаммад деп айдан ашық етіп, сол ұлы заттың өзін – яғни Мұхаммад (с.ә.у) ды айтып отырса, біздің аудармашылар – Есенбай «жалаңаштар мен аштарға қанағат болған» дейді. Тегеран нұсқасы осыны қатесіз қайталайды. Ибатов нұсқасы «аш-жалаңаш ғаріптердің қанағаты» дейді. Яғни, біздің оқымыстылар ұлы шайырдың ойын түсінбеген. Себебі, ұлы шайыр Алланың соңғы Расулы осы дәрежеге аш-жалаңаш болса да қанағаттығынан ажырамай жетті демекші еді. Ал, төртінші жолдағы Асы-жафи деген сөздің теріс жағын, яғни кемтарлық, қорлық көрген үммәт деп түсінген. Олай емес, «асы» деген асылық, менмендің, тәкәпбарлық. «Жафи» дегенде өзін қоршаған ортаға жәбір берген, бірақ тәубе еткен соң пайғамбардың шапағатына лайық болған үммәт. Өзі тәубе етіп Аллаға қарап қадам қоймаса Алла да оның расулы да оған қайдан шапағат етсін.

Ұлы шайых Алланың расулы өз қара басының әрекетімен қанағат етуге көндірді. Қанағат  арқылы халайықтың қарнын тойғызды.

Өзінің көркем мінезімен асылық еткен менмен тәкәпбар үммәтпен жафи қоршаған ортаға жапа берген үммәтты жақсы жолға бет бұрғызып Аллының рахметін лайық етті демекші.

Қазан нұсқасы:

Астанаға башим куииб зари қилсам

Халққа куруб ким зкр айтса иари бирсам

Зикрин айтиб ол сухбатда дурлар тирсам

Жан уа дилда хай зкрин айтиң дуслар;

Өзбек нұсқасы:

Астанаға бошим куйиб зори қилсам

Халққа куруб ким зикр айтса ери берсам

Зикрин айтиб ұл сұхбатдин дурлар терсам

Жону дилда хай зикрин айтинг дустлар

Есенбай нұсқасы: жолма жол аударма, 33 хикмет, 3-ші шумақ:

Аруақтарға басым қойып, зор илесем

Сопылармен зікір айтуға жарай берсем

Зікір айтып сол сұхбатта дүрлер терсем

Жан мен ділде хақ зікірін айтқын достар.

Есенбай нұсқасы, көркем аударма:

Бір аунап түскенше кіл аруақ қашан

Қосылып сопыларға зар қақсасам

Дүр теріп сол сұхбаттан бармақтасам

Қан жүрек хақ зікірін айтқын достар.

Тегеран нұсқасы:

Аруақтарға басым қойып зор илесем

Сопылармен зікір айтуға жарай берсем

Зікір айтып сол сұхбатта дүрлер терсем

Жан мен ділде хақ зікірін айтың достар.

Ибатов нұсқасы:

Бір аунап түскенше кіл аруақ қашан

Қосылып сопыларға зор қақсасам

Дүр етіп сол сұхбатта бармақтасам

Қан жүрек хақ зікірін айтың достар.

Алғашқы екі нұсқадағы астана, табалдырық, есіктің көзі, хай деп аттап өту керек. Ал біздің аудармашылар өз алдына түйе айдап кетті.

Зікір айтып отырған халайыққа қалқа, пана болсам деген ұғымды «сопылармен зіркір айтуға жарай берсем» дейді. Есенбай жолма жол аудармада өзі дәл қарсы бетіне қойып қойған хай сөзін неге хақ деп алғанын өзі ғана білетін болар. Себебі, Иассауиа зікіріне «хаий» деп ішті бір босатып, одан әрі Алла жадын айтатын зікір бар. Бәлкім, «хаий» деп несіне әуре боламыз, хақ десек түсінікті болады десе керек.

Осы хикметтің бесінші шумағы, Қазан нұсқасы мен өзбек нұсқасы:

Мункир накир «Ман раббук» диб савал қилғай

Қол илмидан бір нұқтасы кор қилмағай

Во хасрато, амалсизлар нечук қылғай

Жону дилди хай зикирини айтинг дустлар

Есенбай нұсқасы, жолма-жол аударма:

Мәңкүр-нәңкүр: «Раббың кім» деп сұраққа алғай

Қанша зарласаң да айтқаныңнан пайда болмас

Е-сорлылар, сонда халің нешік болғай

Жан мен ділді хақ зікірін айтып достар.

Көркем аударма:

Қорлығы мәңкүр-нүңкүр сыйың болар

«Раббың кім?» деп шаққанда миыңды олар

Е-сорлы сонда халің қиын болар

Қан жүрек хақ зікір айтың достар.

Тегеран нұсқасы:

Мәңкүр-нәңкүр «Раббың кім» деп сұраққа алғай

Қанша зорласан да айтқаныңнан пайда болмас

Е-сорлылар, сонда халің нешік болғай

Жан мен ділде хақ зікірін айтқын достар.

Ибатов нұсқасы:

Қорлығы мәңкүр-нүңкүр сыйың болар

«Раббың кім?» деп шаққанда миыңды олар

Е-сорлы, сонда халің қиын болар

Қан жүрек зікір айтқын достар.

Бұл шумақтағы екінші жолда «қол илимидан бир нұқтасы қол қылмағай» дегенде, ұлы шайыр дүниеге ауынып істеген ешқандай амалың жәрдем етпейді, қол ілімі дегенде өмір сүру заңдылықтарын айтып отыр. Себебі, осы күні «Мен ешкімнің ақысын жеген жоқпын, неге намаз оқуым керек», – дейтін тоғышарлар табылады. Міне, күнделікті күйбең тірлік, қора-қора мал, қап-қап ақша ешкімге жәрдем бермейді. «Во хасрато» міне қасірет, сол күні амалы жоқтар не істей алады. Сол себептен жан діліңізбен хай зікірін айтыңыз демекші.

Осы хикмет барысында Есенбайдың айтып жүргенінде шындық бар. Тегеран нұсқасында осы хикмет толық берілген. Бұл жердегі бір қызық мәселе Есенбайдың еңбегін   Тегеран нұсқасы да, Ибатов нұсқасы да еркін пайдаланғаны анық. Жоқ, осы екі нұсқадан алып Есенбай пайдаланды ма? Бұлай бола қоюы нейғабыл, себебі, Ибатов нұсқасы Түркістанның 1500 жылдығына үрдіс дайындалған секілді. Ал, Есенбай 1998 жылы баспадан өз еңбегін шығарған.

55 хикмет, өзбек нұсқасы:

Қол илимини уқубон, хол илимига етибон

Йуқлуқ ичра бобитон  борлиқлардан олиңлар, – деген екі жол Қазан нұсқасында да осылай қоспасыз берілген. Сөзбе сөз аударма, Есенбай нұсқасында 47 хикмет:

Сөз өнерін меңгеріп, өмір іліміне жетіңдер

Жоқшылықпен күнелткен, бар байлықты алыңдар, – дейді.

Көркем аударма:

Сөз өнерін таныңдар, өмір нама қаныңдар

Жоқшылықпен күнелткен бар  байлықты алыңдар, – десе, Тегеран нұсқасы:

Сөз өнерін меңгеріп, өмір іліміне жетіңдер

Жоқшылықпен күнелткен бар байлықты алыңдар.

Ибатов нұсқасы:

Сөз өнерін таныңдар, Өмір нама қаныңдар

Жоқшылықпен күнелткен бар байлықты алыңдар.

Бұл жерде біздің аудармашылар сопылық ілімі тасаввувтан мүлде хабарсыз, яғни қол ілімі мен хол ілімінің не екенін білмейді.

Бұл жерде ұлы шайыр қал ілімін, шариғатты толық біліп меңгерсең, яғни қал-ахуал заңдылығын игеріп, дүние былығынан пәктену керек екенін міне осы кезде ілгері ұмтылған жанға хол ілімі Илохий ілім жолы ашылады, ислам іліміндегі «өлмей тұрып өлу» – қағидасы амалға асады. «Жоқтық ішіне бату»дегеніміз осы, яғни өзің мына дүниеде бар бол, бірақ ләпсі тілегің, көңіл қалауың бес күндік барлыққа емес, мәңгілік барлыққа, Илохий рахметке ұласып, Алла дидарына дауға қылатын дәрежеге жетіңдер дейді.

Есенбай нұсқасы, 9 хикмет, сөзбе сөз аударма:

Пірмұған ықылас етті, шарап іштім

Шәбілге ұқсап зікір айтып, жаннан кештім, – десе, көркем аударма:

Пір берген шарапқа елтіп қара бастым

Шәблідей жан дертімен жағаластым,- дейді.

Міне, осы жерде мен де зерттеуді тоқтаттым. Себебі, бұдан ары қарай мына кітапты оқуда мән қалмады. Ақын өзі аударып отырған жәдігердің  түпкі мақсатын білмейді. Яғни, мына асыл дүние халыққа игілік болсын деп емес, аудару үшін ғана аударып отыр. Ал, халайық бір кездері мемлекеттік бақылау цензура ақын-жазушыларға қол байлау болды деп жүрді. Бақылаудан босағандағы шыққан төбеміз осы болса, бұл масқаралықтың басталуы. Сегіз ғасыр не бір аламан тасыр, ғаламаттардан аман өткен асыл жәдігер ел егемендік алды деген заманда осынша қорлыққа ұшырайтын болса, яғн «Түркістан мүлкінің шайх ұл-мошайхы» деп Алишер Навоии дәріптеген Құл Қожа Ахмед Иассауий Пір Мұғаннан шарап ішіп, қара басты деп айтты деп отырсақ, ары қарай сөз айтуға болмас.

Сонымен, соңғы сөз жоғарыдағы ойымызды жинақтасақ, біз сөз еткен аудармашылар Құл Қожа Ахмед Иассауий шығармасын аударуға еш дайындықсыз келген. Оны тәптіштеп тексерген ешкім болмаған. Аудармаға қол тиуімен Құдай жарылқады деп ала жүгіріп, баспаға тапсырып, кітап етіп шығарып, осы күні өздері соның буына мас болып отыр.

Бұл әрине ғылым саласының үлкен кемістігі. Бұл мәселені қолға алуға тиесілі әр деңгейдегі әдебиет-мәдениет ұйымдары, ғылыми зерттеу институты, жоғары оқу орындарындағы осы салада қызмет етіп жүрген азаматтар осы мәселені, яғни Құл Қожа Ахмет Иассауий мұрасын зерттеуді қолға алмаса, тағы бір-екі аудармашыдан кейін осы бағытта кете берсе, халайық Құл Қожа Ахметтен шынымен ат-тонын ала қашатын болады.

Біз есті білетін кезде ел арасында «азған халық алдымен пірін жейді, сонан соң бірін бірі жейді» дейтін мақал бар еді. Осы тұрғыдан иісі түркі халқының пірі, машайыхы атанып, әлемге жайылған Құл Қожа Ахмед мұрасын қастерлеп, қадір қасиетін халыққа жеткізіп, тыныш тіршіліктің насихаты ету қарыз да парыз болып тұр.

Есенбай Дүйсенбай қаншалықты дәл түсіп, әділ аударма жасай алмаса да, көз майын тауысып жазған еңбегінің қолды болғаны рас. Сондықтан, Ибатов марқұмның атынан Шығыстану институты Есенбайдан кешірім сұрауы керек. Ал, аударманың мәні Есенбайдың ар-намысына қалсын.

Есенбай нұсқасынан: 15, 17, 18, 19, 20, 22, 23, 24, 27, 29, 30, 31, 32, 33, 34, 35, 36, 37, 38, 39, 40, 41, 48, 50-ші хикметтердің Ибатов нұсқасында  13, 15, 16, 17, 23, 27, 25, 28, 30, 31, 32, 36, 37, 38, 39, 40, 42, 43, 44, 45, 46, 47 48-ші хикметтері барымтаға ұшыраған.

Сонымен қатар, Тегеран нұсқасы оңып тұрған жоқ. Есенбай нұсқасының жолма жол аудармасының егізінің сыңары. Қажеттілік болмаған соң, қадалып сұрыптауға зауқым соқпады.

Сейіт омар Саттарұлы

соңы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button