Басқы бет / 2016 жыл – «Қожа Ахмет Ясауи жылы» / Құл Қожа Ахмет Иассауий «Пақырлық» баяны І

Құл Қожа Ахмет Иассауий «Пақырлық» баяны І

Шайх Хасан Басри Рахматуллохи әлейкі рауаят етуінше Хазіреті Расул саллаллоху әлейкі уә саллам Хазреті Әли разиаллоһу анһуға айтыпты: «Межрах кешінде Хақ тағала пәрменімен Хазіреті Жәбрейіл әлейкісаллам пырақ келтірді. Жеті қабат аспаннан асырды. Тәңірі Әзза уа Жәлла құдіретімен ғажайыптарды көрді. Хазреті Раббил Әләмин сәлем қылды. Хақ тағала хабибі жауаб сәлем алды. Битап Раббил әр баптан нидә келді: «Я саиийд-әл мурсалин, жоғары назар қыл».

Хазреті Расули әкрәм назар қылды. Онда ғажайып суреттерді көрділер, оның даңқы жер-көкке сыймас. Онда хайран болып, ессіз болдылар және өздеріне келіп айттылар: «Я Раб, ол не сурет еді, көрдім есімнен айрылдым?. Хазреті Раббил Изеттен нида келді: «Ол сурет пақырлық суреті турар, ей, Мұхаммад, егер мені тілесең пақыр бол, тәжрид уә тафрид болғыл, уә егер дидар тілесең ризаят тартқын, сонда менің жамалыма мушшараф болғайсың. Уә әркім дидар тілесе, ғайри Хақ оған арам турур». Пақырлық суреті көкте еді, көктен жерге түсті. Сахабалар пақырлық суретін көрді, дегенмен машайықтар ол суреттің баянында муһтәліп сөйлеп тұрар.

Хазреті Әли разиаллоху әнһу айттылар: «Хазреті Мұхаммед Мустафа саллалоху әлейки уә саллам ол кеше меһраждан қайтіп келді, мүбәрәк жүздерінен нұрды көрдім, он сегіз мың әлем ол нұрдан маған аян болды. Сонда айттым: «Я, Расул Алла, бүгін жүзіңізден нұр көрдім, күндегіден зияда?». Хазреті Расул саллаллоху әлейкі уә саллам айттылар: «Бұл кеште меһражда Раббил ғаламин Хазіретінде пақырлық суретін көрдім, ғишқ шарабынан бір  тамшы іштім». Хазірет Әли разиоллоху әнһу айттылар: «Бұл жағдайды мен де арман еттім. Хазреті Расул саллаллоху әлейкі уә саллам ғышқ шарабынан маған да бір тамшы берді, іштім, әлсіз болып есімнен тандым, қайтадан есіме келдім».

Әр нәрсе Хазіретке аян уә мушәһада еді, маған да сондай уә мушахада болды. Хазіреті Расул саллаллоху әлейкі уә саллам айттылар: «Я Әли, пақырлықта он мақам бар дүр, уә он нұр бар дүр, уә он жол бар дүр, уә он орын бар дүр, уә бұлар он мәртәбә турур» (Пақырнама).

Бұл жолда Түркі әлемінің ойшылы Түркістан деп аталған ұлан-ғайыр жерді алып жатқан өлкенің мәдени орталығы Сайрам (Сарай Ом) қаласында туып өскен, түркі әлемінің әйгілі ақыны Әлішер Науаи айтқандай Түркістан мүлкінің ұлы машайыхы Құл Қожа Ахмет Иассауий хикметтерінің барлық жинақтарында алғы сөз орнына беріліп келген. Біз ұлы бабамыз Құл Қожа Ахмет Иассауий мұрасын зерттеуді қолға алып, зерттеуді мақсат етсек, шартты түрде сол ұлы шайх өмір сүрген дәуірде бел алып тұрған мәдениет, әдебиет тұрғысынан көз салуымыз керек болумен қатар, сол ұлы бабамыздың мейірін қандыра сусындатқан ілім саласын, яғни, бұл ұлы заттан бұрын өткен ғалымдар еңбегіне зер салуымыз керек болады.

Ал, бұл дәуір ислам мәдениеті алып келген исламдық ілім – Тасаввуф ілімінің бел алып тұрған кезеңі тsұғын. Ал, бұл ілім жетінші ғасырдан бастау алып, кемелденіп, өз көлемін кеңейтумен бірге қоршаған орта, алған білім дәрежесі, өскен ортаның әдеп ғұрыптарына қарай бөлшектене бастаған кезі. Ал исламдық ілімнің негізгі арқауы болып әр кезде де, әрбір сілсала бөлшекте пақырлық (кемдік) алыған.

Пақырлық жайында исламның алғашқы дәуіріндегі орифтер пікірі Шайх Сирри рахматуллохи әлейкі: «Пақырлық бір тау болар, барлық кендердің мекені турар». Шайх Ахмет айтар: «Пақыр тәж дәулет турар, кім басына киді-екі жаһанда мәңгілік сұлтан болды». Шайх Балқии рахматуллохи әлейкі айтар: «Пақырлық бір от турар, әр кімнің көңіліне түсті, ужуді алтын болды» деген және солай көптеген орифтердің пікірлері бар. Ал, бұл пікірлер өз бастауын Алланың соңғы және ұлық елшісінің айтқан «Әл-фақру фақри» хадисінен алып жоғарыдағы пақырнамада айтылған калималардан алады. Бұл жолдардан «пақырлық менің пақырым» калимасы пақыр болу Алла елшісінің сүннәті болды деп, осы жолды өзіне мақсат етіп алып, сол жолмен жүргендер, яғни тәркі дүние дәрушті көптеп білеміз. Бірақ Мұхаммед әлейкіс салам айтқан: «Ло рахбониюн фи ислам» исламда тәркі дүниелік жоқ, араларыңызда әбзелрағыңыз менмін, бірақ мен мешітке барамын, дәмді тағамды да жеймін, әйелдермен де боламын» деп, өз заманында тәркі дүниелікті қалағандарға тойтарыс берген. Себебі, Алла тағала бендесіне берген  барлық жетістіктерден пайдаланбағы керек. «Әл фақру фақри» хадисіндегі мақсат сол нығмет, жетістіктердің аз немесе көптігінде. Ең күрделісісі ішкі көңілдің, ішкі жан дүниенің пәктігінде. Тереңірек бойлап айтсақ, пақырлықтың мағынасы кедейлік, кембағалдық, ал кедей адам әркез қажетшіл, қажеті көп талапкер адам әркез ізденуші. Адамдық, бенделік, дүниелік көзқараста бұл мал жинау, алтын-күмісті көбейту, өзін қоршаған ортаға сыйлы болып көріну, ел-жұрттың оның алдында басын иіп тұруы. Ал, исламдық тасаввуфтық көзқараста бұл бенденің ішкі жан дүние әрекетін қолдау. Себебі, бенделік, әжеттілік болған соң, сол әрекетіндегі кемшілікті түзетуге бар болмысымен ұмтылу. Яғни, адам баласы ориф барлық өмір жолында өз кемелін ғана іздейді. Аллаға лайық болуды қалайды. Аллаға лайық болу үшін бенде өзінен кешеді. Біздің жыл санауымызбен 910 жылы дүниеден өткен ұлы ғұлама Жунайд Бағдадиидан «Аллаға жету қанша жер» деп сұрағанда, «екі қадам, біріншісі өзіңнен өтуің, екіншісі Аллаға жетуің» деген екен.

Дәуіт пайғамбар Аллаға мінәжәт қылды:

– Я,  Алла, дүние жүзіндегі барлық патшалардың қазынасы бар, өзіңнің қазынаң қайсы?, – деді.

– Я, Дәуіт, менің қазынам Аршыдан ұлық, Күрсіден кең, жәннәтән пәк, барлық аспандардан жарық, менің ол қазынамның күні бенделерімнің шауқы (шаттығы), зауқы (қалауы), қазынамның айы сұхбат, жұлдызы момын бенделерімнің көңілі. Қазынамның топырағы әзіздік, талап, мәрттік, айнымастық. Қорғаны ықлас. Менің қазынамның төрт есігі бар: Бірі білім, бірі әдеп, бірі сабыр, бірі ризалық. Ол қазыналарым маған үнемі назар етер, мен де оларға назар етемін. Менің момын бенделерімнің көңілі мен үшін сондай ұлық, әрі кең. Егер жеті қабат жер, жеті қабат көк, Аршы, Күрсі, Ләуһі кәләм, күллі жаратылған заттарды ол көңілге салса сыйып кетер».

Алла жаратқан барлық махлуқаттан, адамның ерекшелігі ойлау қабілеті. Ал, ой ешуақыта бос болмайды, яғни ойдан Аллан құдіреті, кереметі көтерілсе, сол сәтте оны шайтан-ләпсі әурешілігі егелейді. Міне, осы тұрғыдан тасаввуф қауымының жатса-тұрса Алла зікірін айтып жүрмегі жүзеге келеді.

Сопылық ағымдағы қауым ілімінде мақам мақамат сөзіне көп мағына беріледі. Шын мәнінде белгілі бір жолды мақсат етіп алған адам, сол жолды барлық жақсы-жаман жетістіктерімен басып өтуі шарт  болуы керек. Ал, сопы ағым жолындағы әрбір бекет мақам кемелдік дәрежесіне жету жолындағы шешуші күш дәрежеге ие болып, әрбір мақамға жеке-жеке мән беріледі.

Құл Қожа Ахмет Яссауий сілсаласында пақырлық өз жолын қанағат мақамнан бастайды. Бұл жолдардың әрбір басқышын қай дәрежеде, қалай қиыншылықтармен басып өткенін өзінің өлмес хикметтерімен айқындап, айдындап көрсетіп отырады.

Үмбет болсаң, ғарыптерге қорған болғын

Аят-хадис әркім айтса самоғ (тыңдаушы) болғын

Разақ рузы әр не берсе қанағат қылғыл

Қанағат қылып сауық шарабын іштім мен-ә, – яғни ілім жолындағы барлық жетістікті Құран аятары  мен Алла расулының хадистерінен алдым. Ғарыпте қорған болуды, өзім пақыр жолын хадистерден үйрендім. Разақ рузы (несібе беруші) не жіберсе қанағат еттім. Енді міне, көңілім шат, шаттық шарабын іштім дейді. Ислам ғылымында әрбір адамда екі түрлі қауіп бар: біреуі – дүниелік, яғни қарынның аш болуы, киімнің оңды болмауы, жұрт көзіне мәртебелі көріне алмай қалу. Бұл ләпсі әуресіндегі қауіп. Екіншісі –  Алла алдындағы, яғни өзінің нағыз иесі алдында және өз ар-намысы, адамдық болмысы алдында айыпты болу қаупі. Өз нәпсісін тиып, барға қанағат ете алған салих, бұл екі қауіптен де құтылады. Енді көңіліңді шаттық билейді, бұл нағыз шаттық еді. Өз егесінің разылығын алудан және өз ар-намысы алдындағыдан артық шаттық жоқ. Міне, осы жерде ислам ғұламаларынан қалған: «Кім жәннәтқа кірді, қорқудан құтылды, кім сүннәтқа кірді, ол да қорқудан құтылды» деген қағида бой көрсетеді. Ұлы шайхтың қанағат етіп, үмбеттікті қабылдап, сауық шарабын іштім дегендегі айтар ойы – көңілден ләпсі қаупі кетті. Дүниелік әрекеттерден қорқыныш жоқ. Ендігі әрекет тек Алла разылығы, кемел бенделік әрекет» дейді.

Адамдар арасындағы артықшылық мал-дүние, патшалық билікте емес, бәлкім тақуалық-тазалықта. Алла алдында барлық адам бірдей деген ұғымға сүйенер болсақ, белгілі бір дәреже мен ел-жұртқа азар берген, басқалар есебінен өмір сүрген  адамнан, өз еңбегімен азға қанағат етіп, ешкімге азар бермей өмір кешкен адам әлде қайда сүйіктірек.

Ғашықтардың сырын айтам, жалғаны жоқ

Жалған талап бұл жолдарға кіргені жоқ

Жалғаншылар Хақтан үлес алғаны жоқ

Үлес алған пақыр киер еміс. (88 хикмет)

Пақыр сөзі ештеңесі жоқ бейшара деген мағынамен ғана шектеліп қалмайды. Ұлы шайыр шайх өмір сүрген дәуірден әлде қанша ғасыр бұрын Ибраһим Адһам, Боязид Бистомий, Мансур Халлаж секілді өз қолында айтарлықтай билік, мал-дүние бола тұрып, қанағат қамын қатты ұстап, сол дүниеліктен тек өмір сүру дәрежесінде ғана пайдаланған, болмаса түгелдей жарлы-кедейлерге таратып берген. Өзі пақырлық дәрежеде өмір сүрген, артында көптеген өнегелі-ұлағатты ілім орифтер аз болмаған. Ұлы шайх сол ілімдерден тәлім-тәрбие алғанын, сол жолдарды жалғастырушы екенін, өзінен кейін осы жолдарды әрі қарай жалғастырушы боларын үміт ете отырып:

Ышқы жолында көзі жасты, бауры ойран,

Қайран болып өзін іздеп жүрер емес

Ая достар қауап қылды қараңғылық

Үмітім бар осы жолда болар жарық,- деп осы алған жолынан қайтпауын және келер ұрпақтың Әулие бабаның салған жолынан адаспауынан етеді. Айтса айтқандай, Құл Қожа Ахмет Иассауийдің әулеті және ізбасары түрік машайыхтарының бір ірі өкілі, әйгілі ақын Халил-Ата өзбек ғылымы Нажмиддин Комиловтың зерттеулерінде дәруіштік ете жүріп, өз білім дәрежесі арқасында патшалық (шах) қызметін атқарады.  Құл Қожа Ахмет Иассауийдің соңынан екі ғасырдан кейін дүниеге келіп. дәруштік қырқасын киіп, тасаввуф ілімін алға қарай дамытқан  Бахауиддин Нахшбандий рухани тәрбиені Халил-Атадан алғанын, яғни Бахауиддиннің түсінде Хаким Ата оны бір дәрушке таныстырады. «Ол дәруштің бейнесі көңлімде қалды, оянып түсімді әжеме айттым. Әжем:

– Е, перзентім, түрік машайыхтарынан саған несібе болар,- деді». Бұхара базарында сол түсінде көрген дәрушпен табысып, достасып кетеді. Халил Ата патшалық дәрежеде болса да, күнделікті өмір тіршілігінде өзін дәруштік қанағат мақамынан жоғары көтермегенін жазады.

XV ғасырда өмір сүрген Қожа Архар Валий қолда бар деректерге қарағанда мыңдаған танап егістік жері, мыңғырған малы бола тұрып, өзін пақырлық дәрежеде ұстағанын білеміз. Ышқы (тасаввуф) ілімі  жолында өзін кемел адам сыпатында көргісі келгендер әр заманда, әр кезде халық арасында болған, болады да, басқаша болуы мүмкін емес, тазалық жойылса денсаулық жойылатыны, ұят кетсе намыс жойылатыны секілді, қанағат жойылса, адамдық қасиет те жойылады.

Өз қалауы, жүрек, діл әмірімен осы жолды қалап алған адамға қанағатсыз өмір кешуді ойлаудың өзі күнә. Сөз басында Дәуіт пайғамбар туралы бір үзік сыр, яғни көңілді таза сақтау көңіл мәртебесімен барлық әлемді билеу, құпия сырларға жетудің нағыз таза жолы.

Құл Қожа Ахмет қырыққа кірдің ләпсіңді қырқ

Мұнда жыла ақыретте болсаң ұлық

Қабығы иман, шариғаттур дені тариқ

Тариқ кірген Хақтан үлес алды достар, – ләпсіні қырқудың бірден бір төте жолы қанағат. Қанағат ете алмаған адам дүниеге тоймақ емес, көңіл таза болмаса, амал таза болмақ емес, шариғаттың қабығы иман, дәні, маңызы тариқатта. Тариқатқа қарай көтерілер болсаң, бірінші пақырлықты қалап алуың керек, ал пақырлықтың бірінші басқышы қанағат.

Екінші мақам: пақыр бәлеге шыдам қылмақ турыр. Қанағат басқышында нық тұрып, өзін-өзі игеріп алған адам бәлеге, яғни дүние тіршілігінде кездескен ауыр бәле қазаға, әлде қалай тосын, оқыс жағдай, кесірге ұшырау, азап, қорлық, ауыр кесел, от басындағы сәтсіздік, бір өмірдегі көп кесірлі жағдайларда өзін жоғалтпай шыдам көрсеткен, игере алған адам, алға сенімді көз қараспан қарап, әрекет ете алады. Себебі, оның барлық әрекетінде Алла жолбасшы. «Әл әсту-би-раббикум» кәлимасында бір сыр бар:

Әуел «Әл әсту-би-раббикум» деді Худа

«Қалу бәлә» деп рухтар етті садо (дыбыс)

Жылап келдік есігіңе жумла гадо

Лутф етсең, барлық асы хандан болар.  (62 хикмет).

«Алла табарака-о-тағала» барлық адамзаттың рухын жаратты. Әләсту-би-раббикум нідасында «Қолу бәлә» кәлимасын есіткен соң: «Мен сендер үшін жерді жараттым, барып көріңдер», – деп әмір етті. Рухтар жерді барып көрді, көпшілігі сонда қалды. Бір бөлегі Алла құзырына қайтып келді: «Мен сендер үшін жәннәтті жараттым, барып көріңдер», – деді. Рухтар барып көрді, көпшілігі сонда қалды. Азғана тобы Алла құзырына қайта барды. Алла тағала: «Сендер неге келдіңдер, жердегі барлық нығметтерді, жәннәттағы барлық жетістіктерді сендер үшін жаратпадым ба?»,- деді. Рухтар: «Я, Раббіміз! Бізге жердегі наз-нығметтер де, жәннәттағы жетістіктер де керек емес. Бізге сен керексің», – деді. Алла: «Олай болса мен сендерге бәле-қаза, азап, қиыншылықтарды жіберемін, соған шыдайсыңдар ма?», – деді.  Рухтар: «Я, Раббіміз. Сенің бәлеңе біз шыдаймыз, сен бізбен бірге боласың ба?», – деп сұрады. Алла тағала: «Егер қиыншылықтарға шыдасаңдар, мен сендермен бірге боламын».

Алғашқы топ, жерде қалғандар – дүние құмарлар. Жәннәты да, Алла разылығын да дүниеге алмастырғандар еді. Екінші топ – Алланы мойындаушы, дүниеге қатты көңіл бөлмегендер, момындар еді. Үшінші топ – Алла разылығы, дидары үшін жәннәтқа да, дүниеге де қарамаған, көңіл бөлмеген нәбилер, пайғамбарлар, әулиелер еді. (Н.Б. Рабғузи. Қысасы Рабғузи). Демек, әулиелік, орифтік жол, яғни Алла жолы – ауыр жол. Бұл жолға түскен салих қандай қиыншылық болса да көтеруге разы болып қадам басады.

Әйгіл сопы, 714-801 жылдары өмір сүрген әйел Робия Адвия, тәңіріне мінәжәт айтар екен: «Ей, Пәруәрдігәр, егер сенің жәннәтіңнан дәме етіп ибадат еткен болсам, жәннәтіңді нәсіп етпе. Егер дозағыңнан қорқып ибадат еткен болсам, мені дозағыңның отына күйдір, мың-мың разымын. Бірақ сенің жамалың үшін түндерді ұйқысыз өткізсем, жалынамын, мені жамалыңнан бейнәсіп етпе» десе, Құл Қожа Ахмет Иассауий:

Жапа шекпей ғашық болмас, тыңда ғапыл,

Жапа шегіп сабыр болғыл, болма жаһил,

Риза болып, құлдық қылған болар ақыл

Жаһил адам бір-біріне жанбас болар, – дей келіп,

Рахымы келсе, Рахым Маулам рахым қылғай

Қожа құлын әр кез зая қоймас болар, – яғни, қиыншылық көрмей, бейнетіне шыдамай, ғапылдықпен жүріп, ешкім мақсатқа жетпек емес. Алланың Расулының: «Бендесі Аллаға қарай бір қадам жүрсе, Алла тағала өз бендесіне қарай екі қадам жүреді» деген хадисі бұл хикметте өте шебер етіп келтірілген. Шын мәнінде біріне-бірінің махаббаты, разылық көңілі болмаған адамдар бір-біріне сүйіспеншілікпен қарап, бір-бірін іздемейді.

Жоғарыдағы Рабия Адвия айтқан мінәжәт, қаншалықты бауырды езер ауыр болса, ұлы шейх: «Еткен еңбегің босқа кетпейді, адал қызмет еткен құлын қожасы бос қалдырмайды» деп, үміт жібінің ұшын қолына ұстатып, алға жетелейді. Сөзіміздің басында Қожа Ахмет Иассауийдің мұрасын түсіну үшін, ұлы шейх ілім алған әдебиетті білуіміз керек деп айтқан едік.

«Сәлім болып, саф болып, Жунайд, Шибли,

Ләпсі теуіп, қаһар қылды Хасан Басри

Халықты қойып Фәнә болды Зуннун Мисри

Әзіздерге мутабағат еткім келер, – деп, өзінен үш-төрт ғасыр бұрын өткен әзіздер жолын пәк сақтап, сол ілімдерден алған мәртебесін қаншалықты құрмет ететінін көрсетеді. Себебі, ұлы шейх  жолын ұстаған сол «әзіздрер»дің барлығы да кемелдік жолында, Алла разылығы жолында қандай бейнетке болса да шыдаған.

Жунайд Бағдадидан сұрады: «Тасаввуф не деп?». «Көңілді пәк ұстау. Алла разылығы үшін халықтан айрылу, бенделік сыпатта өзін өлтіру, ләпсі қалауларынан аулақ болмақ, касофат (өзін тоқтату)та рухани сыпатқа келмек. Хақ ілімі мен дәрежесін көтермек және барлық үмметке сөз насихат айтпақ, опаны күтпек, пайғамбарымыз с.ә.у. шариғатына мойын сұнбақ». Бұл жердегі көңілді пәк ұстау кәлимасы жайында Дәуіт пайғамбар жөніндегі мысалда еткенбіз. Алла разылығы үшін халықтан айрылу жайын Боязид Бистомий сопылық руханиаятымен байланыстырады, яғни «Фано» және вахдат сондай бір сәтте пайда болады, бұл сәтте солых шарап ішкен адамдай мас болады. Бұл кезең «сукра» мастық деп аталады. Оның айтуынша мас болмаған адам ғашық емес. «Жаны жара болмаған ғашық емес»  бұл кезеңде тілмен түсіндіріп болмайтын бір жай пайда болады. Ал, Жунайд Бағдадий бұл жолдарды әшкере етіп «сукра жолындағы адамның басқаларға пайдасы тимейді. Мақсат бұл жолмен тек өзі ғана пайдалану емес, көпшілікке жол көрсету болу керек» дейді. Бұл жол «сахв» яғни «сукро» да солих теңізге сүңгіген адам болса, «савх» та ал адам теңіз түбінде мағрифат гауһарын алып, енді халыққа жеткізеді, көпшілік көңілін ашып, Алла жолын іздеуші халайыққа жарық сәуле шашады.

Махаббатың дариясына ғаууас болып,

Мағрифаттың гауһарын алғым келер,

Құл Қожа Ахмет ішім, тысым күйе берді

Тәліптерге дүр мен гауһар шаштым достар – деп, теңіз түбіне батып, алып шыққан гауһарының сәулесін тәліптерге шашқанын пәш етеді. Бұл жолдардан ұғарымыз, халықтан үзілген, хилветке кіргендегі мақсат – халыққа пайда тигізу болып табылады екен. Шын мәніндегі ұлы шейх өзінің өлмес мұрасын хикметтерін сол хилветте, жеке жайда отырып жазғандарын айтып жүрміз. Демек, ауырлыққа шыдаудың түпкі мақсаты – Алла разылығы үшін, Алла қызмет ету болып табылады.

Үшінші мақам: пақыр бенделікке кіріптарлық тұрыр. Өзін Алланың құлы, бендесі деп білген адам, сол бенделікті мойындауы, бенделікке кіріптар, яғни берілуі шарт.

Үммет болсаң Хақ, Расулге табын болғыл,

Аты шықса дуруд айтып, тағзым қылғыл,

Ғарып болып, ғарыптерден мағна алғыл

Ғарып болғыл, ғарыптардай кедей болмас (78 хикмет).

Бенде болсаң Аллға, үммет болсаң Расулға мойынсұну, қай жерде аты аталса дуруд айтып, тағзым ету, бенделікке кіріптар болу. Сол бенделікті мойындаумен бірге, сол бенделікті барлық шарттарымен орындау. Ал, бенделік жолы ең алдымен ғарып, пақырлық жолы. «Ғарып болып, ғарыптен мән мағына алу», яғни Алланың құлы болсаң, Расулға үммет болсаң: « Бесіктен қабырға дейін әр бір мұсылман еркек пен әйелге ілім үйрену парыз» деген хадиске амал ету. Ислам ілімнің ең күрделі және қасиетті жолы, әрбір өзін мұсылманмын деген адамға кішіпейілдік, қайырымдылық, мейірімділік, ұлы шейх тілімен айтқанда пақырлық.

Ғарыптарды көрген жерде ауырпаңыз

Ғарыптерге ашуланып, сөз қатпаңыз

Зағып көріп, ғарыптерге тас атпаңыз

Бұл дүниеде ғарыптардай бәле болмас.

Бенделікті мойнына алған солих, еш уақытта ғарыптың көңілін ауыртайды. Бірақ, осы жерде бір нәрсенің басын ашып алу керек секілді. Бұл ғарып жайы. Алла жолында өз ерік қалауымен ғарыптықты мойындағаннан басқа тағдыр жазуымен ғарып болу және бар. Яғни, тума ғарып, кемтар, болмаса ілім алуға шамасы жоқ, болмаса ақыл-есі толық емес ғарыптерге қайырымдылық көрсету, ұлы шейх тілімен айтанда «Зағып көріп, кемсітіп, ғарыпке тас атпаңыз, әркімге қандай дәреже берсе, Алла береді. Ғарыптық, кемтарлық болмаса, бейшаралық тума болса, мұнан өткен дерт болмайды, нағыз бәле осы дейді ұлы шейх.

Һу алқасы жайылды, ей, дәруіштер келіңдер,

Хақ сопрасы жайылды, одан үлес алыңдар,

Қал ілімін оқу мен Хол іліміне жетумен

Жоқшылықта батумен, барлықтардан алыңдар

Жыртып шапағат пердесін, тілеп дидар уәдесін

Ашып көңіл дидасын, мушахада қылыңдар.

Яғни, орталарың һу (Ол) арқасы құрылды, Алла жайында хабар беретін сыпра жайылды, келіңдер, әрқайсысың өз шама-шарқыңа қарай өз үлестеріңді алыңдар деп халайықты шақырса қал ілімін оқу мен хол іліміне жетумен деп, ілімнің алғашқы екі сатысын тілге алады. Шын мәнінде, қол ілімі бұл оқу, сабақ, алумен қолға келетін жай. Қол іліміне күнделікті өмір тіршілік қағидалары, біздің тілімізбен айтқанда шариғат заңдылықтары үйретіледі. Ал шариғат заңдылықтары тек қана бес намаз уақытпен шектелінбейді. Ислам ілімінің негізі – иман, намаз, зекет, ораза және қаж екені баршаға мәлім. Осы бес парыздың ең алғашқысы иман болғандықтан таң намаз оқуға кіріскен адам, сол намазға лайықты болып бармағы керек. Намазға лайық болу ең алдымен тазалық, көңіл әзіздігі. Хазіреті шайх Хотами Асомнан намаз үйретіңіз деп сұрағанада: «Әуелі тахарат ал, сыртыңды сумен тазала, ішіңді тәубемен пәк ет. Онан кейін мешітке бар. Қағбаны екі қасыңның арасында, әзірейілді арқаңда, жәннәтты оң жағыңда, дозақты сол жағыңда, сырат көпірін аяғыңның астында деп біл. Барлығынан да қатығырақ көңіліңді Хаққа бер және Хақты әзір деп біл. Оның құрметі үшін тәкбір айт, одан қорқумен отыр, айбатымен құран оқы, жалынып руку ет, кемтарлықпен сажда ет және зарлықпен тахииат оқы және Аллаға сәлем бер. Иншалла қабыл болар» ,- депті. Қал ілімі деп осы жайды айтар болсақ, яғни біреуден үйренген ілім болса, алдымен тазалық сақтау парыз болды. Ислам ілімінде тазалық тек суға түсумен, болмаса тілмен тәубе етумен ғана қолға келмейді. Көз, қол, аяқ, тіл тазалығы және ең үлкені көңіл тазалығы. Бұл дәрежелердің барлығы тек айтумен ғана емес, күнделікті қатты қадағаланған әрекет арқылы қолға кіреді. Ал, Хол іліміне келер болсақ, бұл мақамат дәрежелерін бірін-бірін егелеп, ілгері басқан сайын айқындалып, ашылып, салихты тілмен айтып жеткізуге болмайтын бір тылсым дүние алып кетеді. Өзбекстандық ғалым Н. Комиловтың айтуынша: «Хол мәртебесі мақаматтан кейін келетін рухии дәреже емес, бәлкім мақамдарды бір-бірлеп игере бастағанда пайда болады. Басқаша айтқанда, мақам қатты күрделі амал, күзету басқышы, жан дүниенің пәктеніп, күшейіп келе жатқанын байқатса, Хол рух шарықтауының нәтижесін білдіреді. (Н.Комилов. Тасаввуф. Ташкент, 1996 ж.).

«Жоқшылыққа батумен барлықтардан алыңдар» деген жолдардан «жоқшылық» бүгін бар, ертең жоқ, алдамшы дүние, басқаша айтқанда ләпсі әурешілігі.  «Барлық» әуелінде және ақырында бар руханият, яғни жан дүниесі.  Қарның тойып ішкен тағамың аздан соң жоқ  болып және ләпсің тілеп тұрады. Рухани барлыққа кенелген адам (солих) негізгі керекке ұмтылады. Міне, осы жайда солих «шапағат пердесін жыртып», дидар талап етеді. Шапағат мейірімінен баз кешіп, Алла дидарын тілейді. Көңіл көзін кең ашып «Мушахада» – яғни сырлы әлемді көреді. Ұлы шайх Мансур Халлаждың ажалына себеп болған осы жай: Анал Хақ!

Білмеділер молдалар Анал Хақтың мағынасын

Қал аһліне, Хол ілімін Хақ көрмеді мүнәсіп, яғни қал ілімінде қалғандар Хол ілімі дәрежесіне жете алмағандар, Қал ілімі қауымына Хол  ілімін Алла лайық көрмеді. Басқаша болуы мүмкін емес, себебі тариқат жолы ауыр жол, осыншама шектеуді екінің бірі көтере бермейді. Өзі осы дәрежені игермеген адам ол дәрежеден хабарсыз, демек оған «Анал Хақ» оғаш тұрмақ,  тұрпайы да көрінеді.

«Жоқшылықтың» екінші бір мағынасы – Фано, өзі дүние бола тұрып, яғни табиғи түрде дүниеде бар, ләпсі, тілек мағынасында жоқ. Орифтер тілімен айтқанда Мағнавият дүниесінде бар, дүниелік сыпатта жоқ. Ұлы шайх Боязид Бистомий алдына келіп, бір кісі жан-жағына қарап тұрды дейді. Боязид: «Кімді іздеп тұрсың?» дейді. Келген кісі: «Боязидті іздеп келдім» дегенде, Шайх: «Мен де Боязидті отыз жылдан бері іздеп таба алмай жүрмін» деген екен.

Бұл сөз Зуннун Мисрға жеткенде: «Бірадарым, Боязидті және оның қауымын Аллах жалла шанху жарылқасында, Хақ жолында жоқ болыпты, және өзін тауысқан екен» деп айтыпты.

Диуана боп, жыртық киіп, Хақты тапқан

Хақ семсерін қолға алып, ләпсі шапқан

Қайда барса, көзді жұмып, сырды тапқан

Ондай сырды тапқан кісі мәрдән болар.

Құл  Қожа Ахмет Иассауиий бабамыздан бізге жеткен жәдігәрлік «Диуана Хикмет»тің ұзын ырғасында негізгі өзек алынған Хақ достығы, Хаққа ғашықтық болса, сол жолдың азығы бенделік, жарым көңілділік, ұйқысыз жыртық киім сөзі, бұл жерде тек қана жаман шапан ғана емес, жарым көңілді, яғни өз іздегенін таба алмай сарсаң болған, сергелдең адам. Өз ынтызарына жеткенше ештеңеге алданбайды. Қайда барса «көзін жұмып» тек қана ынтызарының ғана дидарын көреді. Бенделік айнымастықтың сыры көңілдің тазалағында.

Кімдер үшін кариан (жасты) қылды көздеріні

Үммет үшін бариан қылды өздеріні

Үммет болсаң, аңла осы сөздеріні

Кімдер үшін келді Расул білдіңіз бе? (126 хикмет)

Алланың жердегі елшісі, бенделеріне тура жол көрсетуге жіберген бендесі пайғамбары болғандықтан, Алланы бір бар деп білсең, пайғамбарына мойынсұну шарт. Солай екен бенделікті мойындаған адам, Алланың Расулының салған жолымен ғана жүрсе адаспайды. Бенделік қажеттілік болуымен қатар, бенделік әдептілік. «Бенденің тағадат, ибадаты жәннәтқа (сыйынулары) бастар, әдебі Аллаға жеткізер» деген қанатты сөз ислам әлемінде өте жоғары орынға қойылады. Яғни, Алланы мойындаған солих, сол Алланың ілімін жеткізушіге әдепті болмақ керек. Бенделікке кіріптарлық, бір сөзбен айтқанда толық қанды момындық.

Төртінші мақам: пақыр азап тұрар. Аюп пайғамбардай балмақ турур:     Қалауатсыз жолға кірмек тіпті қата

Жолға кірген мәнзілдерден өтер достар. Белгілі мақсатта жолға шыққан адам сол жолдардың барлық қиыншылықтары мен жетістіктерін қатар басып өтеді. Қалауатсыз, яғни дайындықсыз жолға шыққан адам сол жолдардың бірінші ауырлығында ғана сыр береді. Дүниелік сыпатта бұл дайындық ас, ауқат, киім, көлік, жол қаражаты болуы мүмкін. Рухани сыпатта бұл айнымастық, беріктік, ықылас, өз кемелін іздеу болғандықтан, дүниелік кемшіліктер көзге ілінбейді. Хақ жолында дене азабы, әрбір басқыш мәнзілден өткен, сол дәрежені игеру шаттығымен жуылып, ақталып солихты ара қарай жетелей түседі. Қай бір іс болмасын, басталмаса аяқталмайтынын мойындасақ, сол істі аяқтау, жолаушының беріктігіне, мақсатының анықтығына байланысты. Міне осы тұрғыдан ұлы шайх:

Хас ышқыны көрсет маған, шәкір болайын

Ара қойса Зікриядай зәкір болайын.

Аюп сыпат бәлесіне сабыр болайын

Не қылсаң да ғашық қылғын, пәруәрдігер,  – деп, Зікриядай аралап қақ бөліп тастаса да, Аюп пайғамбардай бірнеше жылдар ауру азабын тартса да, өз жолынан қайтпайтынын, тек қана пәруәрдігердің жолындағы ышқынан айрылып қалмауын ғана сұрайды. Хақтың Хас ышқын көру, дүние қауымына, яғни тірі адамға нәсіп емес. Себебі, Мұса әлейкіс-сәләм Тур тауында Алламен әр кез жауаптасып тұрса да, Хақ жамалын көре алмады.

– Я, Иллохым, мен сенің жамалыңды көре аламын ба?

– Я, Мұса, фәниді фәниде көрер, бақиды бақида көрер, – деген нідә келді. Тәнің фәни, көзің фәни, бақиды қалай көрмекшісің деген (халық сөзі). Міне, осы тұрғыдан:

Махаббаттың бостанына Білал қабы

Сахараларда нала етіп, қонғым келер.

Сол уақытта Аллахымның жамалыны

Мағна көзімен (жеке) көргім келер, – деп Халиқ(Алла)тың Хас дидарын тек қана мағна, яғни ақыл – парасат жолымен азабын тартып, бейнетін көріп қана, өзін барлық дүние тіршілігінен ада етіп барып көретінін, бұл жолдан қайтпайтынын:

Ышқы базары – ұлық базар сауда арам

Ғашықтарға сенен өзге жанжал арам,-  деп ышқы базарына түскен екенсің, енді сауда арам, өз іздегенің табылса, қанша болса да, бағасына қарамай аласың, іздегеніңнің бағасы сенің өмірің де болуы мүмкін. Бұл жерде сауда арам болуымен бірге, жанжал да арам. Тек қана Алла ғашықтығы ортаға қойылған, іздегенін табу жолында барлық азапқа шыдайды. Үй-жай, бала-шаға, барлығы да Хақ ышқының бәсіне қойылып кетуі мүмкін. Көптеген жайларда солай болғаны да рас. Солих, талапкер болғаны үшін ақылы толық адам деп есептеуіміз керек. Ал, ақылы  толық адам үшін жоғарыда айтқан өзін шектеулер азап тарту емес пе? Бірақ, бұл азап тарту әлде қалай бір оқыс жайлардан емес, өз жаны ділі мен қабылданған тілек азабы болғандықтан ешкімге қапалық, өкпе жоқ. Бұл жолда барлық болмыс өз кемелін іздеу, сондықтан ешкімге міндет те жоқ.  Яғни, ләпсіні тиып, бейнет жетсе рахат білгін

Ондай ғашық екі көзі криан болар, – дей келіп,

Кеште, күндіз тынбай жылап кедей болғын

Дертін тартсаң, қожа сенен разы болыр.

Ләпсіңді тиып, шектеп, осы тиылудан жеткен бейнетті рахат деп білу, бұл өз амалына ақылы жетіп, еркімен азап шегу. Ұлы құдірет алдында өзін әлсіз, кедей деп біліп, өз қожасының салған бейнетіне төзіп, бұйрығын орындау арқылы ғана қожасының разылығын іздейді.

Ғашықтың мақсаты машуғына (ынтызарына) жету. Бұл жолда оған ешбір тосқауыл болуы мүмкін емес. Азабына шыдамаған ғашық емес. Ғашықтың жолбасшысы Ышқы, ұмтылу. Ендігі мақсат та, тілек те біреу ақ. Осы мақамды игеру.

Бесінші мақам: пақырлық ғажаптану турар. Шайх Хасан Басри рахматуллохи әлейкі рауаят етер: Хазіреті Расул Әкрәм, Хазіреті Әли разиаллоһу әнһуға айтты: «Меһраж кешесі Хақ тағала пәрменімен Хазреті Жабрейл әлейкіс-салам пырақ келтірді, жеті қат аспаннан асырды. Тәңірі Әззә-уа Жалла құдіретімен ғажайыптарды көрдім. Хазреті Раббил Әләмин сәлем қылды, Хақ тағала Хабибі жауап сәлем алды. Һитап Раббил әрбаптан нідә келді: «Я, Саийидал мурсалин, жоғары назар қыл. Хазіреті Расул Әкрәм назар қылды. Онда ғажайып суреттерді көрділер. Оның даңқы жер-көкке симас. Онда қайран болып, ессіз болдылар және өздеріне келіп айттылар:

– Я, Раб, ол не сурет еді, көрдім, ақыл есімнен тандым.

Хазреті Раббил изеттен нідә келді:

– Ол пақырлық суреті турар. Ей, Мұхаммәд, егер мені тілесең, пақыр бол.Тәжрид уә тафрид болғыл, уә егер дидар тілесең, ризаят тартғыл. Сонда менің жамалыма мушараф болғайсың.

Бұл жолдардағы Тажрид сөзін жекелеу деп түсіну керек те, енді барлық болмыстан өз қалауымызды, әсіл мақсатымыз болған Алла достығын,  болмаса Алла дидарын жеке алып қарауымыз, қалауымыз керек болды. Көзге көрінетін барлық болмыс, ақылмен пайымдайтын әлемнің егесін, сол әлемдердің барлығын бөліп, жекелеп алып қана өз қалауымызды табамыз. Шын ғашық ынтызарын тек қана жеке, оңаша жайда кездестіруге ұмтылады, яғни тафрид, өзі де жекеленуді көксейді. Ұлы шайх:

Жарандар осы жолға қадам ұрды

Муһада мұңы менен амал қылды

Мукашафа батын ішре мағлум болды

Мұндай болмай, дәргәһіне жетсе болмас.

Мужаһада ләпсіні  тұтқын етуге ұмтыл, денеге қиыншылықты лайық көру. Мағына негізгі мақсат үшін соғысқа кіру және жеңіп шығу (Н. Комилов). Ислам іліміндегі негізгі парыздардың біреуі – жихад, яғни дін үшін соғысқа аттану. Өз кезегінде жихадты екіге бөліп жихад кабир және жихад сағир деп атайды. Жихад кабир ұлы жихад, бұл өз ләпсіңмен соғысу болса, жихад сағир кіші жихад, діні бөлектермен және отанды дұшпаннан қорғау. Демек, өз ләпсі тілектермен соғысу ауыр да, қиын әрекет. Міне, осы қиын да, қатерлі дұшпанды жеңумен ғана рухани тұрақтылық қолға кіреді-дағы, енді солих «Мукашафа батын (ішкі түйсік) ішінде мағлум болады. Ұлы шайх:                      Уахданият кемесінің сырын білмей

Ышқы, әсрар сөздерінен хабар алмай

Тәжрид, тафрид істерін ада қылмай

Ол тауридтің миуасынан алса болмас.

Уахданият –бенделік сырын толық игермей, яғни өзінің кім екенін білмеген, Иллохий құдіретті білмес. Өзінің адамдық, бенделік мәртебесін білген солих ғажаптанудың биік шоқысына көтеріледі. Көздің көру қабілеті, сол көргендерді мидың қабылдап, бір сәтте содан мән-мағына шығару, яғни қайсы көрініс қандай жетістіктерге ие, қайсысында қандай дәреже болмаса қандай кемістістік бар? Бұл ғажап дүние емес пе?

Жалпы дүние құрылымы. Аспан әлемі, жердің яғни ұлы шайх тілімен айтқанда: топырақ құдіреті. Топырақтың бүкіл барлықтың негізі екені ғажап дүние. Бұл айтылғанның барлығы әрбір бенденің қолына тек ойлау қабілеті арқылы ғана мәлім болады. Бұл ілімнің жетістігі – ілім қолға жан күйдірер ауыр бейнет арқылы келеді. Дүние тіршілігіне зейін қойған, барлық ой-қиялын дүние жинауға ғана жұмсаған адам бұл дәрежені ойлауға қабілетсіз, қолына тимейді. Пақырлық өзін кемшіл санау, өзін қоршаған ортадан бастап Иллохий құдіретке дейін жету мәрбебесі. Мен ештеңені де білмеймін, менің қолымнан не келеді емес, мен барлығында білуім керек концепсиясынан келіп шығу керек. Болмаса, екі дүние маған сияр, бір дүниеге симаймын. Мен екі дүние жетістігін де, кемістігін де ақыл таразысымен білуім мүмкін, бірақ сол білімнің арқасында өзімді қайда қоярға білмеймін.

Алтыншы мақам ризаят турар.

            Хикматымнан нәр алғандар көзге сүрсін

Ықласы мен көзге сүртіп, дидар көрсін

Шарты солдүр, ризаятқа мойын сұнсын

Жаннан кешіп, жанананы көрдім мен-а.

Ышқы отына күйген солих сол өзі таңдаған жолдан қайтпақ емес, барлық шартын орындауға бар.

Жалпы ұлы шайхтың  бізге қалдырған мұрасында шығармашылық өзегі ышқы. Ал, енді сол ышқының өзі не? деген сұрақ туады. Адамдар арасында бұл сүйіспеншілік, махаббат, яғни екі адамның бір-біріне айрықша, басқаларға қарағанда құрметі. Ер мен әйелдің өмір жолындағы қалаулары. Әрине екі адам бірін-бірі қалап қосылса, бірінің бірі қадірін білсе бұл үлкен дәреже. Барлық өмір жолында бір-бірін қадірлеп, сөздерін жерге тастамай, көңілін жықпай өткендері көріп жүрміз. Бұл адамдық бенделік дәрежесі. Демек, екеуі де бір-бірінің көңіліне қарап, ашық-машығының ыңғайына қарады деу деп білеміз, яғни бірін-бірі бір сөзден түсінді, болмаса бірінен өткен бір ауыз артық сөзді жутып жіберді. Разылық сезімі барлық кемістікті жабады.

Ал, Алла жолындағы ышқы барлық шектеудің, бенделік тілектің соның ішінде ләпсі қалауын жолға алға қоймау. Бенделік мәртебесі ұлы шайх еңбегінде тек дүние талабында емес, бәлкім сол дүние қызықтарынан өзін тежеп, бар мүмкіндікті кемелдік дәрежеге көтеру.

Биссимилай баяндайын хикмет айтып

Тәліптерге дүр мен гауһар шаштым мен-а

Риязатты қатты тартып қандар жутып

Мен дәптері сани сөзін аштым мен-а

Алла сөз  бастау өзін бенделік жолына бағыштау болса, тәліптерге дүр мен гауһар шашу, насихат ету кейінгі ұрпақтың қамы. Риязатты тұтқанда қандар жұту сол рызалық мәртебесінің қаншалықты қиыншылықпен қолға келгенін көрсетсе, «Дәптер сани» түркіше Құран, болмаса екінші кітапты ашып сөз бастайтағаны айтып отыр. Бұл жерде біз ұлы шайхтың тарихат жолындағы басқыштардың ризаят мақамына жетіп, сол мақамды игергені және осы жолдан сол тәліптерге сөз айтуға өзін лайық санағанын көреміз. Ислам әлемінде болмаса ислам ілімінде кімде кім бір мәртебеге өзі жетпесе, ол ілім жайында сөз қозғамағаны мәлім. Мәселен, Иман Ағзам Рахматуллохи әлейкі алдына бір әйел бала жетектеп келеді. Ол әйел:

– Ей, имам, мына бала тәттіге құмар, бірақ тәтті жесе ауырып қалады, осыған бір дуа қылсаңыз етті, тәтті жемейтін болса, – деді. Имам Ағзам:

– Жарайды, қырық күннен кейін келіңіз, – деді. Айтылған уақытта ол әйел баласын жетектеп келді. Имам:

– Бұл  бала енді бал жемейді, – деп, баланың басынан сылады. Ол бала шын мәнінде бал жемейтін болды. Әйел соңынан келіп:

– Сіз неге бірінші келгенде осы бір ауыз сөзді айта салмадыңыз, -деп сұрағанда:

– Мен сол күні бал жалап едім, қашан денемнен соның әсері кетпей бал жеме деп айтқан насихатым орнына келмес еді.

Міне, тарихат жолында риязат – разылық көңіл қалауымен, ілім жетістімен және өзіне ауырлықты лайық көру арқылы қолға кіргізген солих, бұл жерде Имам Ағзам алдымен өзін тиып алып, балаға насихат беріп, оны жолдан қайтарды. Ұлы шайх Имам Ағзам қауымында болғандықтан, онан соң осы өзінен бұрынғы алымдар еңбегімен амалдарынан толық хабардар болған  және осы жолдарды қатты ұстаған.

Ризо көңілден жарамсыз іс-әрекеттердің шығуы, қаза-бәлә үкіміне мойынсұну, ләпсі разылығынан шығу, Хақ разылығына кіру. Қаза әміріне көнген көңілдің мәртебесі. Лохижий: «Ризо бенденің өз разылығынан шығып, Хақ разысына кіруі. Илохий тағдырына зәредей күмән келтірместік. Солихта осы мақамда еш нәрседен – ашыну, қапалық, кінәләу және қайғылану болмайды» (Н. Комилов).

«Шарты солл дүр, риязатқа мойын сұнсын» деген жолдардан біздің көреріміз, риязатқа мойынсұнған «ықыласымен көзге сүртсе дидар көреді», яғни ұлы шайх өзін «риязатты қатты тұтып, қандар жұтып» қана Хақ разысына кірдім деп айтып отыр.

Зохидтерге зухуд пен амал тақуа керек

Риязатты хашықтарға пәтуә керек

Ол тарихтар жар болғанға дауға керек

Сәһәрләрда тұрып тағат қылғым келер.

Зухд тахарат жолының бір басқышы, алғашқы қадамдардың бірі, бұл паркез, сақтану-сақтану тақуасыз іске аспайды. Екінші мағынасы – азарлану – таза емес амалдардан, ас-ауқат, артықша киім, өз бейнетімен келмеген барлық дүниеліктер азарлану, сақтану. Зохид тарихат жолындағы бенде тақуасыз, сақтанусыз өмір кеше алмайтын болса, риязат шегуші ғашық көндіккен болмаса пәтуаға келген, өз ләпсінін көңіл қалауына көндірген адам. «Саһар(таң)ларда тұрып тағадат-ибадат етуге өзін-өзі көндірген. Ислам әлеміне белгілі ғалым Фаридидин Аттардың айтуынша, шейх Сахл бин Ат-Тустарийдің анасынан қалған көп малы бар еді. Бір күні халықты жиып, барлық малын тарқатты, өзіне тиесілі үлесін де тарқатты. Жаяу қағбаға кетті. Жолда «е, ләпсі, муфлис (кембағал) болдың,  менен артықша қалайтын нәрсең қалмады. Егер тілесең де берер нәрсе таба алмайсың деп, ешнәрсе қаламауға уәде етті. Куфа қаласына келді. Ләпсі балық пен нан жеуді қалады. Ләпсімді Меккеге дейін ренжітпейін деп, қалаға кірді. Ұн тартып жатқан ат диірменін көрді.

– Бұл аттың бір күндік еңбегі қанша тұрады?

– Екі дирхам напақасы бар

– Бүгін атты шешіп, орнына мені байла, бір күнге бір дирхам беріңіз.

Атты шешіп, орнына Салхты қосты. Кешке дейін диірменді жүргізді. Бір дирхам берді. Балық пен нан сатып алды, ләпсісіне айтты:

– Әрқашан менен бір нәрсе тілесең, саған лайық осындай қызмет қылармын және тілегіңді сол суретте орнына келтіремін, – деді, ләпсіні қорлады.

Міне, бұл жерде біз екі түрлі көрініс аңлаймыз, біріншісі – қолда бар дүниені көңіл алаң болмауы үшін өз ықтиярымен тарқатып беру, екіншісі өз ләпсісімен пәтуаға келісу. Егер көңілің қалап, бір нәрсе қалайсың ба, сол қалауыңды өз бейнетіңмен тауып, пайдалан. Демек, риязат разы жолындағы, тахарат қаумы үшін бұл Хақ дидарына ғашықтық және хақихат сырларын табу, кемелдік дәрежені иелену, әрі сол дәрежені халайыққа жеткізіп беру. «Қандар жұтып» тапқан дәреже ілім, «дәптери сани» Құран кәрімнен кейінге екінші кітап болып, түркі тілінде сөйлеп отыр.

Жетінші пақырлық мақамы аштық тұрар

Шайх Яхия бин Муаз айтар еді: «Көп жеген тез өлер. Себебі, ол ләпсі отында жанар. Аштық сондай бір тағам, Алланың достары онымен тоқ болар. Аштық муридке риязат, тоиб(тәубе еткен)терге халастық (құтылу), орифтерге (алым) мәртебе. Байлардың тағамынан қарны тойған зохидтен Алла сақтасын». Демек, аштық, тән азабы, жан рахаты деп білген сопылар, бұл дүниеде жан азабын өздеріне лайық көрген екен. Рауаят етілуінше Алланың Расулы Мұхаммад Мустафа қарнына тас байлап жүреді екен. Қызы Фатима:

– Е, ата, бұныңыз не? ,- дегенде:

– Менен бұрынғы не байлар көп жеудің кәсірінен  бәлеге ұшыраған, бір күні қарным тойса, жолдан азып кетемін бе деп, қауіп қыламын.

Алланың рахметінен үміт етіп, өзіне осы жолды мақсат етіп алған дәуріш бір күні аш қалса шаттанар еді.

Шайх Абу Сулаймон Дараний: «Көп жемек ләпсіні аш етер, тоқтаусыз әр нәрсе іздер. Аш болса ештеңе іздемес. Аштық ақырет есігін ашар, тоқтық дүние есігі. Көп жемек ақылды кетірер, ақыл кетсе, қажет бітпес. Аштық ләпсіні қатты етер, бауырды жұмсақ етер, көңілді нұрландырар. Тоқтық көңілді харайтар».

Сегізінші пақырлық мақамы опат болу тұрар

Сопылық ағымдағы халайықта: «Біздің мақсатымыз жамағат, жамағатта сұхбат, сұхбатта шұхрат, шұхратта апат» деген қағида бар. Бұл жамағат жиылған жерде сұхбат, мәжіліс бар, мәжілістің мақсаты  ілім табу, ілім тапқан адам апатқа ұшырайды дегенде, бір бәлеге ұшырайды деген мән шықпайды, бәледен кесірге ұшырауы ойға аламыз. Ұлы шайх:

Муриттерге қызмет қылсаң, ләпсіге апат

Тиме, надан бұл жолдарда қылмас тағат

Садық құлдар бұл жолдарды білер раха

Тірі өлмей, дидар арзу қылмаң достар, – деген жолдардағы «ләпсіге апат» кәлимасы опат болудың анық жолын көрсетіп тұр. Дүнеи талабына опат жеткізу. Тірі өлуі – бұл дүние тіршілігі үшін өлу, рухани сыпатта өмір сүру. Өзім ғана болсам денен ләпсі әурешілігі дер кезінде өзін ұстап қала алмаған адамды күннен күнге елден аулаққа жетелей түседі. Ләпсі тұтқынан түскен адам ешнәрседен тартынбай, арамнан азарланбай, басқа жандар есебінен жақсы өмір сүруді аңсайды, бар болмысымен осы жолға қызмет етеді. Ақырында ол рахымсыз, айлакер, екі жүзді, арсыз болып шығады. Міне, осы себептен тасаввуф қаумы талап еткен, ұлы шайх өмір бойы жырлап өткен ләпсіге апат талабы бұл жұрттың бірін-бірі аңду, таза емес жолдардан бірін-бірі қайтаудан бұрын, әркім өзін-өзі тию талабы келіп шығады.

Шайх Хотами Асом айтар: «Төрт өлімді таптағанша, Хаққа лайық болмассың. Бірінші – мавти абез, аштық; екінші – мавти асвад, аза мен жапаға сабыр ету; үшінші – мавти ахмар, ләпсіге қалағанын бермеу, төртінші – мавти ахкор, ескі және жұпыны киімдерді кимек».

Ғазалық (дін үшін күрес) үш түрлі:

  1. куффор(дінсіз)мен , шайтан және дәпсімен соғысу. Өлгенше яки өлтіргенше дамыл таппас. Ұлы шайх тілімен айтсақ:

Ышқы дертіні талап қылдым, дәрмені жоқ

Ышқы жолында жан бергеннің арманы жоқ

Бұл жолдарда жан бермесе, мүмкіндік жоқ

Не қылсаң да ғашық қылғын, пәруәрдігәр!

Хақ дидарын талап етіп, осы жолды таңдап алған екенсің, мақсатың жолында өлсең армансыз өтерсің. Хақ ғашықтығы сондай ауыр жол, бұл жолда жан бермеуге еш мүмкіндік жоқ. Осы жолды таңдап алған солих барлық ауырлығына, қайғы-жапасына дайын, тек қана осы жолдан ауытқи көрме, өзің соған дем бер, пәруәрдігәр! Ислам ғұламаларының «Кім Хақтан қорықса, Хаққа қашар», яғни Хақтан пана іздер деген ұлағатты сөзі бар.Бұл жерде ұлы шайх сол қағиданы ұстанып, ышқы жолын Хақ разылығы үшін таңдап алдым, өзің соған жәрдем ет деп, Хаққа жалбарынады. О баста барлық жан, зат өлім шарабын ішетін болып жаратылған соң, ойлай білген адамға өлім жаман іс емес, өлім жаман болар еді, біреу өліп, біреу өлмейтін болса, бұл жердегі жанжал қандай жағдайда өлу.

Исламдық философияда «өмірі жоқ өлім, өлімі жоқ өмір» деген қағида бар. Яғни, бір өлім бар, дүниеден көз жұмған соң, сен барлық жұрттың есінен шығып, ұмыт боласың. Дүниеге келдің бе, жоқ па, ешкімнің есінде болмайды, керек те етпейді. Және бір өлім бар, сен тәніңмен жұрт көз алдында көлбеңдеп жүрмегеніңмен, әркез халайықтың көз алдында болмасаңда санасында жүресің. Адасқанға жолбасшы, тарыққанға жәрдемші, ізденушіге темір қазық болып, уақыт өткен сайын жарқырай түсесің. Міне, тарихат қауымының апат болу деп, алға қойып отырған өлімі осы мағыналы өлім.

Елу жаста нида келді, өлмек ансан

Шарты сол дүр, сенде болса нұры иман.

Иман нұры сондай бір керемет, ол егеленген адамның төбесінен жарқырап көрініп нұрын шашып тұрады.Бұған бірнеше ғасыр бұрын өтіп кеткен ғалымдар өмірі, қалдырған асыл жәдігер, айрықша тәлім-тәрбие, адамзатқа әркез керекті ілімдері мысал. Сол ұлылардың салған жолына түсуге, сол ұлылардан қалған ұлағатқа, солардың шашып тұрған нұрлары арқылы жол тауып барамыз. Міне, осы қағиданы иеленген адам үшін өлмек бұл дүниеден мақлұқ есебінде өз міндетін орындады.

Тоғызыншы пақырлық мақамы көңіл жарым тұрар

Сөзді айттым кімдер болса дидар талап

Жанды жанға уластырып, рәкті аулап

Ғарып, жетім, пақырлардың көңілін аулап

Көңлілі бүтін халайықтан қаштым мен-а.

Сөзді орнында, керекті жерін, қажетті шарттарымен айта білу үлкен өнер. Ал, дидар талап еткен қауымға айту өзгеше бір талап етуді қалайды. Яғни, сол қауымға айтылған сөз, солардың алдына қойылған талап міндетте. Жай дүние тіршілігінің өзінде қайсы зат көркем, асыл болса, бағасы жай затқа қарағанда қымбат болады. Алушы қарыздар бұл жерде дидар талап, сатылушы Хақ разылығы. Қарыздардың сол затты алып барып сауға етері жене Хақ. «Жанды жанға ұластыру» өзінен алып, өзіне қайтару. Бірақ бұл жерде «Ракты аулап» негізгі асыл мағынасы қарап, сатып алу бой көрсетеді.

Хақ талабының негізі, бенденің көңілі, көңілдің менмен болмауы. Өзінен төмендерге оң көзімен қарап, ғарып, пақыр, жетімдердің жағдайына қарау.  Көңілі бүтін халайық сенің айтып тұрған сөзіңе мән бере қоймайды. Олардың ой-қиялы басқа жақта. Себебі, бір адамнан обал боларын ойлаған адам, сол обал болар іс әрекетті істемейді. Демек, көңілі жарым болуды қалаған адам, көңілі бүтіндерден қашып, өзін аулақ ұстамағы дәруіштердің ұстанған жолының алғы шарты.

Шайх Абу Хафс Хаддод айтар: «Жомарт сол, бір мұсылман бірадарының дүние және ақыреттегі несібесін және жақсылығын өзінекінен жоғары қойған зат».

Қайда көрсең көңілі сынық мәһрам болғыл

Ондай мәзлум жолда қалса, һәм-дәм болғыл

Қиямет күн дәргәһінә мәһрәм болғыл

Менменсінген халайықтан қаштым мен-а.

Егер шын сопылық жолды таңдап алсаң, көңілі сынық ғарып көрсең қорған бол. Жағдайын сұра, қолыңнан келгеніңше жәрдем ет, ондай бейшара (мәзлум) жолда қалса «һәм-дәм» дем беруші, бір үзім наның қалса сол бейшараға бер. Міне, осылайша қиямет күні дидарға лайық боларсың. Көңлі сынық, ғарып міскіндерді іздеп, тауып жәрдем беруші менменсінген тәкәппәрлықпен жүрген халайыққа дос бола алмайды. Ондайлардан қашып жұрт ұлы шайхтың алға қойған мақсаты болумен бірге, өзінен ілім үйренген, сөзін тыңдаған қауымға айтар насихаты, қояр талабы. Жалпы тарихат жолында сапарға шыққан солих ізденуші, алға қарай ұмтылушы. Ізденудегі мақсат сол жолдың барып тоқтайтын жері, кемел бенделік мекен, тұрақ. Адам мінезіндегі барлық ізгі мінез, көркем табиғат, жақсы құлық ұлы көркемдік Хақ көркемдігі нұрынан нәр алып, сол нұр мекеніне қарай ұмтылу. Барлық жақсы әдептер, іс-әрекеттер бенде қиялына, ой-пікір санасына тек сол ұлы құдіретің нәсіп етуімен келген. Сондықтан сол ұлы құдіреттен нәр алған, барлық болмысымен өз дәрежесін таныған, тану арқылы түпкі иесін таныған көңілдің өз әсіліне барып қосылу үшін ұмтылу табиғи жай. Бұл жерде ғашықтық, өз қалауынан басқаға көңіл бөлмеу, барлық іс әрекетті қандай қиыншылық болса да көндігіп, сол қиыншылықтарды жеңіп, өз әсіліне қосылу. Ал, енді ол сол әсіліне қосылу үшін ол өз әсіліне лайық болуы керек. Солих көңілінде ұлы Алла ешбір кемшіліксіз пәк болумен қатар, қайырымды, мейірімді. Қайырымды, мейірімді затқа барған соң, солих өзі қайырымды болмаса ол жерде қабылданбайды. Бұл жолдарға ақыл жетпеген дәуріш дәруіштік қырқасын киіп жүрген көз боямашы. Ең зор болғанда жол басындағы бірінші, болмаса екінші бекеттен ары қарай бара алмайды. Ал пайғамбарымыз Мұхаммед салоаллоһу әлейкі уассаламнан қалған «Алланың құлықтарымен құлықтаныңдар» деген хадисті өз өмірі етіп алған Солих, Тарихат жолының  барлық басқыштарынан еш бір қынжылмай, ешкімге мен қиналдым деп арыз етпей өтеді.

Оныншы пақырлық мақамы Хазреті Раббил Изет Ликасы тұрар

Шын ділбірлан жылағандар көргей лика

Субхан ием дидарыны қылғай ата

Қалаусыз жолға кірмек, айн қараша

Жолға кірген мәнзілдерден озар достар. Жаны ділімен осы жолға кіріп, барлық болмысымен дидар талап еткен Солих өз бейнетінің рахатын көрері, Раббил Изет ликасына душар болары анық. Бұл дүние бейнетіне шыдап, бенделіктің алғы шарты болған тазалық адалдықтың ұстыны пақырлық мақамдарын бір-бір басып өтіп, Хақ алдына барғанда сап таза болып барған Солих барлық мақсат мұраты болған дидарды қалайша басқа дәрежеге қоя қойсын.

910 жылдар шамасында өмір сүріп өткен ислам ғылымдарының көрнекті өкілі Жунайд Бағдадий жайында Фариддин Аттор былай деп жазады: «Ол зат дүниеден өткен соң бір ұлық зат оны түсінде көрді және сұрады:

– Мункар мен Нікәрға не деп жауап бердің?

– Ол екі періште Иззет дәргейінде менің алдыма келді. Ман Раббука? – Раббың кім?, – деді. Күлдім. Менің жанымды Раббім жаратты. «А ласту би Роббикум?» –  Мен емеспін бе сіздің Раббіңіз? кезінде «Бала» (Сенсің Раббіміз) жауабын бергенмін. Енді сіздер қайта-қайта сұрайсыздар. Сұлтан ол кісіден сұраған болса, бенде және сұрағай ма? Мақұл, сізге Сұлтан сөзімен жауап берейін,- дедім және «Шуаро» сүресінің 78-81 аяттарын оқыдым. Мұны есітіп:

– Бұл мухаббат әсері, салтанат мүлкінен айрылмағандардыкі!, – деп кетті.

Жанабы (құрметті) Хақ:

– Е, Жунайд, жәннәтқа кіресің бе?, – деп, мархабат етті.

– Сұлтаным, мен сені зорға таптым, мені алдыңнан айдама, қайран қалып қарап тұрайын. Хақ тағала:

– Я, Жунайд, мен сенікімін, сен менікісің. Осы сәтке дейін сен менің айтқандарымды орындадың, бұдан соң мен де сенің айтқандарыңды орындаймын,- деп, мархабат етті. Бұл айтылған хикаядан көреріміз Жунайд Бағдадий барлық өмірін тағадат ибадатпен өткізген зат болғаны үшін Хақ ликасына (дидарына) лайық болды. Мақсат орындалды. Енді бұл затқа жәннәт керек емес, барлық өмірінің мақсаты болған Хақ дидары керек.

Ұлы шайх сол жолдарды өзі басып өткен, сол амалдардың тәтті дәмін татқандықтан басқаларға өзі тапқан рахаттың мәнін лайық көріп:

Сәлм болып, саф болды  Жунайд, Шибли,

Ләпсі теуіп, қаһар қылды Хасан Басри

Халықты қойып Фәнә болды Зуннун Мисри

Әзіздерге Мутабағат еткім келер, – деп, сол өзінен бұрын өткен әзіздер жолын ардақтайды. Яғни,

Тән сөйлемес, жан сөйлемес, иман сөйлер

Жаннан кешкен шын ғашықтар Хақты көздер

Арифтерге қызмет қылып, жолын түзер

Ол ғашықты халайыққа Сұлтан қылар.

Хақ алдында барғаныңда тәнің де, жаның да сөйлемес, иманың, өмір бойы еткен жақсы амалың, тағадат ибадатың, жетімдерге көрсеткен мейірімің, халайыққа көрсеткен қызметің, әділдігің сөйлер. Жоғарыдағы жақсы амалдардың толық орындалуы үшін Солих өз жанынан кешуі керек. Жаннан кешу дегенде әлде қалай бір ерекше ерлік көрсету емес, тек кемелдік дәрежеде өзін ұстауы, кішіпейіл болу. Жунайд Бағдадийдің муриттерінің ұлығы шайх ибн Ато жарандарынан сұрады:

– Адам жоғары мәртебеге қайсы амалдармен жетер?

Біреуі тағадатпен, қайсысы мужохада (ләпсімен күрес) деді, біреуі риязатпен, бірі қайыр-садақамен … деді. Ато:

– Жақсы пейілмен, – деді.

Жоғарыда аталғандардың барлығы жақсы әрекеттер, бірақ пейіл пікір жақсы болмаса, ол аталғандардың біріне де жете алмайсың. Алла тағаланың адам баласына барлық жаратылған жан заттан артық бергені ақыл, бірақ ақыл ілімсіз болса жетерлік дәреже бере қоймайды. Ілімсіз адамда кемел иман бола қоюы екі талай. (Бұл жерде тума талант есепке алынбай отыр).

Ұлы шайхтың «арифтерге қызмет қылып, жолын түзер» демегі осы ілім жолы. Өзіде осы жоғарыда айтылған Жунайд, Шибли, Хасан Басри секілді секілді ислам әлеміне белгілі ғалымдарға қарай бой түзегенін көріп тұрмыз.

Ислам ілімі, оның ішінде тасаввуф ілімі көп қырлы, әр түрлі, кейбір кезде бір-біріне қарама қайшы болып көрінетін дүние. Бұл сырт қарағанда солай болып түйілері анық. Бірақ қызыға оқып, ішіне тереңдеп енген сайын тартып кететін тұңғиық, шеті алыс көкжиек, барған сайын айдындалып өзіне тарта түседі. Құран кәрім, хадис сол бұлақтан бастау алған ғұламалар өнегесі. Исламнан бұрынғы басқа да діндер, исламнан бұрынғы ұламалар ілімі барлығы осы ілімде топтанған секілді көрінеді. Бірақ аңлап қараған адамға Тасаввуф ілімі сол әртүрлі ілімдердің адамзатына керекті жерін ғана алып қана қоймай, Құран кәрім негізінде хадистер ықпалына қарай бейімдеп, алға сүріп, дамытып келеді. Адам баласы дүниеге келуімен бірге ләпсі де келген. Сәбидің дүние келе салысымен ләпсіге ұмтылуы, қашан ақыл-есі кіргенше қолына түскенін аузына тартуы ләпсінің әурешілігі болса, ақыл есі кірген соң жақсы мен жаманның арасын ажыратуы ақылдың кереметі. Ислам дүниесінде әрбір өзін момын деп есептейтін адамның алдымен ақылы болмағы керек деген талап осы қағидадан келіп шығады. Хазреті Ғали ұлы Хасанға рауаят етті: «Алла тағала әуелгілер мен соңғыларды жиған (ақырет) күні ізгілік иелері қайда, – деп сұрар. Бір топ халық орнынан тұрып жүрер. Олардан періштелер:

– Сіздер қайда барасыздар?, – деп сұрар.

– Жәннәт талап етіп барамыз.

– Алланың есеп-қысабынан бұрын ба?

– Ия, қысаптан бұрын.

– Сонда сіздер кімсіздер, дүниеде қандай артықшылығыңыз болды?

– Біздер туралы біреу ақымақтық сөз айтса, кешірдік, біреу жауыздық етсе ғафу еттік.

– Жәннәтқа кіріңіз, еткен амалдарыңыз қандай жақсы,- дер.

Алла:

–  Төзім иелері қайда?, –  деп сұрар

Адамдардан бір тобы тұрып, жәннәтқа қарап жүрер. Олардан

– Қайда барасыздар?, – дер

– Біз жәннәтты тілейміз.

– Есептен бұрын ба?

– Ия, есептен бұрын.

– Қандай амалдарыңыз бар?

– Біз Алла тағаланың ибадатына ләпсімізді бағындырдық.

– Жәннәтқа кіріңіз, амалдарыңыз қандай жақсы, – дер.

– Алла тағаланың көршілері қайда?

Бір топ адам тұрып, жәннәтқа қарап жүрер.

– Сіздердің қандай амалдарыңыз бар?, – деп сұрар

– Біздер Алла тағаланың жерінде көршілеріміз,- дер

– Қандай амалдарыңыз бар?

– Бір бірімізді Алла разылығы үшін сыйлар едік. Алла разылығы үшін бір-біріміздің барып қалымызды көруші едік.  Періштелер:

– Жәннәтқа кіріңіздер, амалдарыңыз қандай жақсы, әжірін көріңіздер, – дер.

Алланың разылығы қайырымдылық, мейірімділікпен қолға кіреді екен. Тасаввуф деген не? деген сұраққа шайх Нурий: «Тасаввуф ләпсі ләззәттарынан өзін алып қашу». Болмаса шайх Сафий Алимшах жауабы: «Тасаввуф – бекеттерін басып өту». Шайх Равим жауабы: «Тасаввуф – Алла жолында ләпсіден кешу». Атақты сопы, шайыр Баба Тохир бұл мағынаны және де анық етіп: «Тасаввуф  – өлімі жоқ өмір және өмірі жоқ өлім, яғни ләпсілік хайуандық сыпатта өлмек және адамдық сыпатта жасамақ». Біреулер ләпсіні қаңғырған ит немесе рух етегіне жабысқан ыпыластық дейді (Н. Комилов).

Қожа Ахмет Иассауий хикметтерінің мың жылдық тарихы, өлмес өмірі адам баласының ең бір күрделі, өмір өзегі болар жайын дәл айта білумен бірге осы жолдың басар тау, барар жерін анықтап беруінде екені баршаға мәлім. Адам баласы бір қиыншылыққа кездесіп, жол таппай қиналғанда, басына әлде қалай күн туғанда ақыл берер ғалым, насихат берер алым, дем беретін батагөй іздейді. Түркістан деген ұлан ғайыр жерді алып жатқан өлкеден Түркі деген халықтың  Түркістан қаласына келіп Әзіреті Сұлтан атанған бабаға тілек тілеуі, сол адамның өздеріне медет тілеуі, ұлы шайх тілімен айтсақ: «ол ғашықты халайыққа Сұлтан қылар». Рауаят шайх Ибрахим Адхам шайх Шаққиды іздеп барды деп жазады. Шайх Шаққи:

– Я, Ибрахим ұлы, не амал істейсің?,-  деп сұрайды

– Тапсам шүкір етемін, таппасам сабыр етемін, – дейді Адһам.

Сонда шайх Шаққи:

– Бәллі, біздің елдің иттері де тұра солай етеді, – дейді. Ибрахим Адһам:

– Я, шайх, өзің не амал қыласың?, – деп сұрайды.

– Тапсам садақа қыламын, таппасам шүкір етемін, – дейді. Сонда шайх Ибрахим Адһам:

– Менің ұстазым болдың, – деп,  қолын сүйеді. Бұл жолдардан көреріміз – мәселе садақаның аз-көбінде емес, қолда барын бағыштауда. Жоқ болса және шүкір. Яғни, Аллаға разылық.

 

Пақырлықта он нұр бар.

Нұр тіршіліктің негізі. Ұрық тіршіліктің бастауы. Жерге түскен дән топырақпен беті жабылған соң әрекетке кіріседі. Әрекет рухтың күші, денесіне рух пайда болған тіршілік иесі енді нұрға жетуге әрекет етеді. Яғни, нұрдың тарту күші рухпен байланысып, бірігіп өмір үшін күрес басталады. Ислам ілімінде тіршілік негізі жел, су, топырақ және күн нұры деп осы дәләлмен айтылады.

Жел (ауа), ылғал (су), топарық (жер) және күн нұры. Нұр жоқ жерде тіршілік болмайтындай, ізгілік, қайырымдылық жоқ жерде дін тұрмайды.

Пақырлық мақамдары әрбір басқышы өз алғы шарттары бар болғанындай өз нұры бар. Әрбір мақам өз кезегімен игерілген кезеңде, егер ол бенде рухында кемел тапса, сол кемелділік арқылы нұрға бөленеді. Енді бұл кемелдік рухтың жоғарғы дәрежеге көтерілуіне жол ашып жарқырай көрініп тұрар. Тасаввуф пәлсапасына қарағанда, – деп жазады өзбекстандық ғалым Н. Комилов,  Мұхаммед әлейкіс-салам нұрын жаратты. Соңынан сол нұр негізінде әлемдерді жаратты. Солай болған соң, әлем негізінде Мұхаммед нұры, яки Мұхаммед ақиқаты жатады.  Біз Хақ дегенде оның ілімі және Хабибуллох (достық) нұрын аңлаймыз.

Ақиқат Алланың өзі болған соң, ол жаратқан барлық нәрсе (мажоз образ). Адамдар бастауында Мұхаммед нұры бар болғандығы себебі бірінші адам хазреті Адам Сафиуллохты Мұхаммедтің ұлы, басқаша айтқанда, Мұхаммед әлейкіс-саламды Адам атаға әрі ата, әрі ұл деу мүмкін. (Н.Комилов, Тасаввуф). Және Мұхаммед әлейкіс-саламнан қалған «Сырт көріністе мен адам баласымен, мағына жайынан барлық адамдар менің балаларым» деген хадис бар. (Сияр-Шәріп кітабы, I том, 61 бет). Және осы кітапта «Мен Алла тағаланың нұрынанмын, момындар менің нұрымнан» деген сөз де осы ұлық затқа тиесілі. Бұл жолдарды Қожа Ахмет Иасауий:

Әр кім болса майлың, көтерер Хақ азабын

Ғалам сенің туфайлың, я, Мұстафа Мұхаммед,- деп дәлелдей түседі. Ұлы шайх 26-шы хикметінде Алланың расулының барлық сыпаттарын көркем теңеулермен жырлап өтеді. Оған себеп, барлық ілім жолын осы ұлық заттың салған жолынан алған. Және шын берілгендіктен, ақылмен түсінгендігінің белгісі деп қарауымыз керек.

 

Пақырлықтың әуелгі нұры –  сыдық нұр.

            Ислам ілімінің негізін қалаушы Зуннун Мисридің замандасы шайх Абу Саид Харраздан Рауаят етті: «түсімде көрдім, екі періште аспаннан түсті де, менен:

– Сыдық не?, –  деп  сұрады.          

– Уәдеге опа қылмақ, – дедім. Екуі де:

– Сыдықты рас айттың,- деді де, аспанға қайтты. Демек, сыдық ең алдымен уәдеге опа ету, яғни өз кемеліңнің беделін түсірмеу. Өз ар ожданың алдында рас татулық ету.

Хазреті шайх Юсуф Асбат айтар: «Сыдық нышаны төртеу: біріншісі сөйлеуден әуелі сөзді өлшеу, екіншісі айып нәрселерден жырақ болмақ және кейін олардан ұялып, кешірім сұрамақ, үшіншісі тілін, көзін және құлығын тыймақ, төртінші өз жағдайын білу және оны ғаныбет білу». Басқа бәле тілден денен халық даналығы бұл жерде тек қана байқамай бір адамның алдында қате айтып айыпты болу емес, бәлкім Хақ алдында иманға көлеңке түсер сөз айтып, шариғат жолынан адасуда көзге тұтылады. Сондықтан сыдық (рас) сөйлеуші әрбір сөзін байқап, өлшеп сөйлеуін, болмаса көпшілік орында сөз арасында бір адамның арына тиетін, айып-нұсқанын әшкере ететін сөздерден, әсіресе тарихат жолындағы солих өте сақ болмағы әбзел. Екінші – айып нәрселерден жырық болмақ. Айыпты нәрселер әуелі Алла жолынан адастыратын адамдардың бастаушысы, барлық теріс амалдар әуелі өзін алдаудан басталады. Арақ ішуді мас болмай ішсең зияны жоқ деп өзін алдайды. Ұрлық қылушы осыдан кейін қоямын деп алданады. Пара алушы бұл менің көрсеткен жәрдемімнің ақысы деп алданады. Зінә етуші бұл менің ішкі жан дүниемнің қалауы деп алданады, яғни шайтани қалау. Сыдық (турашыл) сол алдымен өзін тиып алсын. Үшінші тілін, көзін және құлағын тыймақ. Тілдің зиянын айттық. Көздің зияны көз қарауы ыбрат қарау болмаса, ол көздің көрмегін жақсы деген сөз бар. Әр бір көріністен шавхат (ләпсі) тілегін қандырар мағына тілеп қарайтын болсақ, ләпсі не тілемейді?

Жунайд Бағдадий сұрады: «Адам дыбыс есітсе, ықтиярсыз әрекетке келер, бұл ненің керемеі?» Хақ субхану уа тағала «Аласту» демінде Адам балаларына хитоб (дыбыс) берді. Жандар ол кезде дыбыстан ләззәт тауып тұрды. Бұл дүниеде дауыс естігенде сол ләззәт пайда болар және күдіксіз, ықтиярсыз әрекет еткей. Құлақты тыймақ, жаман сөзбен ыбрат алып, теріс әрекетке кіріп кетпеу, болмаса бір адам жөнінде теріс сөз естіп, теріс пиғылда болып қалмау. Алла жолында айыпты сөзбен ужданды былғамау және керексіз, жолдан азғыратын сөзді тыңдамау, сол сөз арқылы өзіңді жолдан шығармау. Яғни, сыдық амалын әркім өзінен бастасын. Ол үшін көзді тию, қарағаның тек мағына алу, жақсы болса үйрену керек, жаман болса жирену керек, бұл көздің қарызы екен.

Екінші пақырлық нұры – сабыр турыр

Хазіреті Расул саллалоһу әлейкіс-салам айттылар: «Ас – сабру кәнзун мин кәнузи-л-жәннәти». Сабыр тағадат, шыдам. Сопылар тілінде қиыншылықтардан арыз етпеу, айрықша құдайдан басқаға нала (қапа) болып, жалынбау. Сабыр етуші (собир) өзін бәлеге (қауіп-қатер) салып, бәлелерден қорықпайтын адамдар. Сабыр күшейуі үшін ынтызарлықтар (сахл), яғни рухани мағыналық қиыншылықтар кез келгенде, сабыр еткен солық айдындады, яғни манзил (бекет)терді меңгерді. Сабыр – иманның жарымы. Себебі сопылардыңд дұшпаны болған ләпсі сабыр арқылы шылауланады. Тағадат мәртебе табу да сабырмен болады. (Н. Комилов).

Бишри Хофи хазреті айтар: «Фақрдың үш үш бөлімі бар, біріншісі ешкімнен ешнәрсе қаламас, берсе де алмас. Бұл қауым рухонилар, Хақтан басқасына мұқтаж болмас, көңілдерінен не өтсе, Хазіреті Хақ өзі берер. Екіншісі халықтан ештеңе қаламас, берсе алар, бұлар көңіл қауымы (авосит) дер. Үшіншісі сабыр етер, ләпсілері қалаған нәрсесін бермес».

Ұлы шайх бұл жайында:

Құлы болып, құлық қылар қожасына

Тәні жанын аямас ол мауласына

Сабыр болып, үміт тұтар уәдесіне

Жапасынан шын ғашықтар қайтпас болап.

Хақ ғашықтығы өмір саудасына айналған бенде, Хақ бенделігін мойнына алған соң, яғни құлықты өзіне мәртебе көрсе, демек сол қожасына мәртебе етуі табиғи жай, енді барлық болмысы мен тәні, жанын сол жолға сарп етуі керек. Тәнімен құлшылық етпеген, яғни өз денесіне құлшылық бейнеттерін лайық көріп, алдымен намазын, оразасын, ішкі жан дүниені, ләпсі әурешіліктерін игермей, қолға келмейді. Демек, тән де, жан да Хақ ғашықтығы жолында бағышталады. Бұл жолдарды меңгерген адамды Сабыр, яғни сабыр иесі деп атайды. Мақсат – ол басында менің бәлелеріме сабыр етсеңдер, мен сендермен біргемін деген Хақ уәдесі бар. Хақ  уәдесі туралы еш бір күмән келтірмейді. Енді тек жапа-жәбір көрдім деп, ешбір нала-қапа болмастан, уәдеден қайтпау керек.

Жапа шекпей ғашық болмас тыңда ғапыл

Жапа шегіп, сабыр болғыл, болма жаһил

Риза болып, құлдық қылған болар ақыл

Жаһил адам бір-біріне жанбас болар.

Ұлы шайхтың хикметтерінің  өн бойында ғашықтық машақаты, ғашықтық азабы және ғашықтық мәртебесіне өте кең орын беріліп, шын ғашықтық қандай болу, қалай қиыншылықтарға төзу керек екені, ғашықтықтың мақсаты не екеніне қатты көңіл бөлінеді. Ал сабыр әрбір сапарға шыққан адамның жолдасы және демеушісі болуы керек. Ал сапарлар ішінде Алла дидарына қарай сапар сапарлардың ең ауыры. Риязат шегіп сапарды өз мойнына алған адам әлде қалай бір қиналған кезінде сабырдан шығып кетсе, ол адам  жаһил болуы өте оңай. Ал енді соңғы жолдарға келер болсақ, Алла дидары, Алла разылығы тұрмақ, жай өмір тіршілігінде екі адам бір біріне жаһил (дұшпан) болса, бірінің кемшілігін бірі кешпейтін болса, бір біріне қарай қадам баспайды. «Жаһил адам бір біріне жанбас болар» дегенде, ұлы шайх екі ғашықтың бір біріне асығуын айтып отыр.  Олар жаһил болса ғашық емес. Себебі Алланың Расулынан айтылған хадисте Алла тағала  айтар: «Егер мені іздеп менің бенделерім маған қарап бір қадам жүрсе, мен екі қадам жүремін» дейді.

Құран кәрімде Вал-асри сүресі міне осы сабыр туралы. Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф тәпсірінде айта келіп, былайша тұжырым жасайды: «Хақ жолына шақыру үлкен дәреже, исламдағы адам өзі Хақ жолында болумен шектеліп қалмай, бәлкім өзгелерді осы жолға шақыру зәрлі. Хақ жолында жүру және оған жамағатты шақыру ансан (оңай) емес. Хақ жолында жүрмекші болған адам өзінің ләпсі әурешілігіне, әкімдердің зорлығына, адамдардың зұлымдығына және көптеген басқа да қиыншылықтарға қарсы шығып, шыдамды іс жүргізу керек. Сол үшін аяттың соңында сабырға шақыру бар. Сабыр бір неше түрлі. Тағадат ибадат ету бұл сабыр дейміз. Ләпсі әурешілігін қалап тұрған күнәләрді орындамау – сабыр. Бәле-апат және мусибат(қаза)қа сабыр. Сабырдың ең жоғарғы дәрежесі, қайғылы оқиға болған кезде бірінші сәттегі сабыр. Сабыр барлық жетістіктердің негізі. Сол үшін Алла тағала құранда момындардың негізгі  сыпаттарының бірі сабыр екенін  қайта-қайта тастықтайды. (Тәпсір хилол, 30 пара, Ташкент, 1991 жыл).

Үшінші пақырлық нұры – шүкір турур

Шүкір баянында «Хуласатул әль-хақайқта» Хазреті Расул әлейкіс-салам  айтыпты: «Әркім Алланың бергеніне шүкір қылса, Алла тағала ол адамға үш нәрсе берер, әуелі Алла тағала ол бендесін аман сақтар; екінші рахметінен оған нәсіп етер, үшінші өзінің махабатын өзінің діліне салар. Нақыл етер: бір көп бар еді, бір күні үйінен шығып айтты: менің екі көзім бомаса да екі аяғым бар, соның шүкіріне мешітке барып, екі ракат намаз оқиын». Мешітке барып, екі ракат намаз оқып, қайтып келіп жатты. Кешесі орнынан тұрса, көзі ашылыпты.

Хабарда келер: бір адам Мұса әлейкіс-саламның қызмет шәріпіне келіп айтты: я, Мұса, дұға қылғыл, Алла тағала маған дүние және ақыретімді берсін. Мұса әлейкіс-салам дұға қылды. Пәрмен келді: Я, Мұса, оған екі дүниеде нығмет бердім, бірақ ол білмеді. Өзіне лайық ораза бердім, ділін әуестен алыс еттім. Ол менің нығметтерімді білмеді.

Рауаят: бір сақы әйел бар еді. Бірнеші машайықтарды көріп еді. Бір күні машайықтар оны көргелі барды. Сәлем берді, әйел жауап сәлем берді. Бұл әйелдің аузынан бір нұр шығар еді, күн сәулесіне қосылар. Бұлар келіп қайран  болып сұрады:

– Не аламатыңыз бар?

– Менде екі шүкір бар, екі жақындық бар, екі қорқыныш бар. Екі шүкірімнің бірі Алла тағала иман және исламды берді, соған шүкір етемін. Екінші мені өз хабибі Мұхаммад Мұстафа саллоллһу әлейкіс-саламға үммәт қылды,  соған шүкір қыламын. Екі жақындықтың бірі – мен момынмын, оған шәк жоқ, және сол момындарға бейішті уәде қылған, бұған да шек жоқ. Екі қауіптің бірі сол, өткен өмірімде өткен күнәлерімді кешіре ме екен, кешпес пе екен? Және бірі сол, өлерімде иманмен өлемін бе, имансыз өлемін бе?

Машайықтар айтты:

– Осы заманның жақсы адамы екенсіз.

Хазреті Расул Әкрәм айтты:

– Ол тайпаны Алла тағала бейішке шақырар, рахат пен бейнетте Алла тағала бара-барында шүкір етсе бәс. Бендеге уәжіп сол, әр халде шүкір етсін, әртүрлі бейнет пен қапалық жетсе де.

Сағид бин Жаффардан рауаят етті: Кең және тар уақытта Аллаға шүкір (хамд) айтқан кісі жәннәтқа кірушілердің әуелгісі болар. Хамд және шүкір әуелгілердің де, соңғылардың да ибадаты. Пайғамбарлардың ибадаты болуының  сол, Адам әлейкіс-салам түшкіргенде «Алхамдулулла» деді. Нұх әлейкіс-саламның халқы батырылғанда, өзінің жанындағы момын кісілерді құтқарған соң, Алла тағала оған: «Егер сен және сенімен бірге кемеде болған кісілер құрғаққа шықсаңыз залым халықтан біздерді құтқарған Аллаға хамд болсын айтқын». Иброхим әлейкіс-салам айтты: «Қарттыққа маған Исмағул мен Исхақты сый еткен Аллаға хамд болсын, шын мәнінде менің Раббім әлбетте дұғаны қабыл етуші». Дәуіт және Сулеймен әлейкіс-салам айтты: «Момын бенделердің арасында біздерді артық еткен Аллаға хамд болсын». Хакім(ғалым)дердің бірі айтты: «Төрт нәрсенің шүкірімен шаттанамын, біріншісі – мақлұқты мың түрлі етіп жаратты, адамдары ең құрметтісі деп білдім, мені  де адам балаларынан етті. Екіншісі – ерлерді әйелдерден артық етті, мені де ерлерден етті. Үшіншісі – ислам дінін басқа діндерден артық етті, Алла тағалаға ең сүйікті дін деп білдім, Алла тағала мені мұсылман етіп жаратты. Төртіншісі  – Мұхаммед әлейкіс-саламның үмбетін үмбеттердің ең артығы деп білдім, мені де Алла тағала үмбеттердің ең артығы етіп жаратты».

Шүкір екі түрлі: ауам шүкірі және хас (берілген) шүкір. Ауам шүкір сол, тіл мен хамд (ұлықтау) айту, Алла тағаланың нығметтерін Алладан деп ықырар қылмақ. Ал хас шүкір сол, тіл мен Алланы ұлықтау, көңілмен танымақ, тәнмен қызмет етпек, адал болмаған нәрселерден тілді және басқа ағзаларды сақтау. Осы екі шүкірді ұлы шайх:

Ілім екеу дүр тән мен жанға басшы турар,

Жан ғалымы хазретіне жақын турар

Махаббаттың шарабынан ішіп турар

Ондай ғалым ғалым болар дастарым-а.

Тән ғалымы залымдарға ұқсар екен

«Бәрә» аятына береді екен

Дозақ ішінде тынбай дәйім күйер екен

Заққум- заһар ішіп дайым достарым-а.

Құл Қожа Ахмет Иассауий шүкір мақамын егелеуді бұл жерде ғалымдық дәреженің беделіне көтереді. Яғни, жан-рух ғылымын иеленген «Хазретіне» өз иесіне жақындық табады, «Махаббат» шарабын ішіп, Алласына жақындық мәртебесіне мас болып, шын мәнінде «ғалым» болады.  «Тән ғалымы» әр кез талап етуші, көп жағдайда қолда жоқ нәрселерді талап етеді. Ләпсі әурешілігіне салады, сол ләпсі әурешілігінде сол талаптарды өтеймін деп жүріп, өмірің өтеді. Бұл жерде жан ләззәтін іздеу мен тән ләззәтін іздеу, болмаса жан рух қажетін өтеу мен тән ләпсі қажетін өтеу бір адамның басында тұр. Жан-рух әжетін іздесең, ізгілік жолына түсесің, барлық дене, тән әрекетін, ойлау қабілетін, күш қуатты ізгілікке жұмсайсың.

Жан мен тәнге қолда барға шүкір етуді лайық көруді шүкір етесің. Тән ғылымын, барлық ойлау қабілетін, күш қуатты майлы-тәтті жеуге, асыл шұға киуге жұмсау, Алла ибадатынан, ізгілік аулынан аулақтатып, қарны тойған кезде ғана шүкірлік етуге жетелейді. Дүние әуестігіне берілген адамның еш уақытта тойуы мүмкін емес. Демек ұлы шайх жан рухы мәртебесі үшін  жан шүкіріне көңіл қойған ғылымды игерген адамды шын мәнінде ғалым дейді.

Жәннәт халқы алты орында Аллаға мақтау айтып шүкір етер: бірінші орын – Ай күнәлі кісілер бұл күн айларыңыз (кунәңіздан) деген Алла тағаларының сөзін естігенде (арам адалдың арасын білген күні). Екінші орын – залым халықтан біздерді құтқарған Аллаға (дүние әурешіліктері) шүкір болсын. Үшінші – сыраттан өткен уақытта, біздерден қайғыны көтерген Аллаға шүкір. Төртінші орын – шын мәнінде Раббіміз кунәләрді кешіруші және шүкірана етуді қабыл етуші. Төртінші орын – хаят (өмір) суы мен ғұсылданған соң жәннәтқа қарар, осы дәрежеңе бізді көндірген Аллаға хамд болсын, егер бізді Алла тағала өзі көндірмесе, біз көнбес едік деп айтар. Бесінші орын – жәннәтқа кірген уақытта уәдесін бізге рас еткен және жәннәт жерін бізге мирас еткен  Алла тағалаға мақтау болсын деп айтар. Алтыншы орын – өз жайларына жайғасқан соң, біздерден қайғыны көтерген Аллаға мадақтау болсын, шын мәнінде біздің Раббіміз шүкіраналарды қабыл етуші деп айтар. (Әбу Лаис Самарханди. Қазан, 1904 жыл).

Заһирдағы  нығмет шүкірін ғапыл білмес

Батындағын қияс пенен көрсе болмас

Заһир көзі  ашуланса анық көрмес

Заһир тән көзі ашылса көрер достар.

Заһир сыртқы көрініс, яғни бізді қоршаған орта, ғапыл адам осы бізді қоршаған ортадағы жер бетіндегі нығмет жетістіктердің бағасын білмейді. Барлық әлем бенденің игілігі үшін жаратылған. Мен осы игілікті пайдалануым керек  деген түйсік онда жоқ.

Ғайыптан келер жемісті күтіп, қолындаға барына, ақыл, қуат, күшіне шүкір етіп өзі ұмтылмайды. Батын-ішкі жан дүние, бұл жетістіктердің мәртебесі жай ойлаумен таба алмайсың, жанқияр еңбек керек. Ақыл тоқтатпай, ашуланған, өзін ұстай алмаған жан ештеңені анық көре алмайды, аңламайды. Сыртқы дүние жетістігін тән көзі ашылғанда, яғни көкірек көзімен көресің. Ол үшін өз мәртебеңе шүкірің болуы керек.

Пақырлықтың төртінші нұры пікір турар

Иманның бес есігі бар: бірінші ықлас есігі, екінші – тастық, орнықтылық, мықтылық, айнымастық есігі; үшінші – парыз есігі; төртінші – уәжіп есігі, бесінші – сүннәт, мустәһәп – әдеп  есігі. Көріп тұрғанымыздай, осы бес есік иманның алғы шарты болуымен қатар, барлығы да ішкі жан дүние әрекеті. Яғни, пікір әрекеті тазалығы мен қолға келетін амалдар. Ол үшін әрине ақыл болуы керек. Ақылы кемел емес адамға әрине бұл жолдар исламның өзі де парыз емес. Ал ақыл деп ең алдымен өз мәртебесін бағалай алатын, өз ар-намысын арзымайтын дүниелікке сатпайтын, орнықты адамды айтады.

Рауаят: Адам әлейкіс-салам жер бетінде жаратылды, жәннәтқа соңынан кіргізілді. Жәннәт ішіндегі көптеген ғаламаттардан соң, күнәлі болып жер бетіне түсетін болды, – деп хабарлайды ескі хабарларда. Алла тағаладан Адамға нідә (хабар) келді:

– Е, Адам, мен сені о басында өніп-өсу үшін жараттым. Жәннәтта сенің күнәға батуың, соңынан ол жерден шығарылуың әзел тағдырыңда бар еді. Мен бендеме бір нәрсені тағдыр етсем, себебін әлде қанша уақыт бұрын жаратып қоямын. Жәннәтта саған арналған үш асыл зат бар, саған соның біреуін ғана беремін.

Адам әлейкіс-салам:

– Ол қандай зат, – деді. Нідә келді:

– Ақыл, ілім, иман. Адам:

– Ақыл берсең болды, – деді. Ақылды алып, жер  бетіне түсіп келді. Ақыл жоқ жерде біз тұрмаймыз деп, ілім мен иман соңынан келді. Яғни, ақыл жоқ жерде ілім болмайды, ілім жоқ жерде иман болмайды. Иман үшінші болды, себебі иман ақыл мен ілімнің нәтижесі. Ақыл имансыз, ілімсіз болса, адамдық қасиет бермейді. Себебі ақылды деп айтатын дәрежедегі көп адамдар барлық өмірін түрмеде, қылмыспен өткізуі мүмкін. Соның қасына ешкімге зиянсыз момын адамды қосып қойсаң, алғашқысы соңғысына ақыл үйретіп, миын ашытып жібереді. Бірақ өзі өмір бойы тек қана зұлымдық етумен өтеді. Бұл ақылдың имансыз болғандығы. Ал кемел ақыл тек қана жақсы пікір, таза игі ниеттен ғана шығады. Демек, пікір тазалығы адамдық дәреженің тек қана алғы шарты екен.  Өз дәрежесін адамдық қасиетін білген жан Ала жолын барлық болмысы мен толық қабылдаса ықырыр болғандығы. Бұл иманның алғашқы шарты. Енді өзі таңдап алған жолға шен берілу үшін ықлас керек. Ықлас мықты болу үшін бұл адамда ерік күші, өзі толық игере білетін орнықтылық, айнымастық болмағы керек. Бұл жолдарды игерген адамға, яғни Алланы бір деп, құдірет деп мойындаған Солих енді Алланың Расулын мойындайды. Себебі иман келтіру дегеніміз ең алдымен: Әмәнту билләһи, уә мәләйкәтиһи, уә кутубиһи. Әр бір өзін мұсылманмын деген адамға Алла жол басы, үкім періштеге берілді, періште Расулге жеткізді. Демек, Алла үкімін Расул қабылдап алып, бенделерге жеткізді. Қабылдап алып, сол жолмен жүретін, айнымай орнықтылық көрсететін, ықыласпен барлық үкімдерді орындайтын адамдар. Алла расулы жолдан адастырмайтын темір қазық. Расулдер дүниеден өткен соң, оның жолын жалғастырушы, дамытушы әулие, ғалымдар міне осы жерде «Ғалымдар менің ізбасарларым» деген Мұхаммад әлейкіс-саламның хадисі өз үкіміне кіреді.

Исламның алғашқы көркеюі дәуірінің ірі өкілі Жунайд Бағдадий: « Әр кім Алла кәләмін оң қолында, Пайғамбар әлейкіс-саламның хадисін сол қолында ұстап, жолда сол шырақ шұғыласымен жүрсе, күдік апатына және бидғад (кәпір) апатына, қараңғылығына түспес», – дейді.

Алла жолын ықлас пен қабылдап, өз еркі мен көңіліне орнықтырған солих енді Алла үкімін сөзсіз орындайды, парыздарды толығымен қабылдайды. Парызды қабылдаған адам, уәжіпті орындамай еш ләж жоқ. Парыз бен уәжіпті мойындаған сүннәтті орнына келтіру керек, ол үшін мүстаһәб бекітуші амалдар және осы жолдардың әдебі болып есептелінетін шарттарды орындайды. Міне, осы иманның бес есігін еш бір күдік келтірмей өту үшін ең алдымен пікір тазалығы алғы шарт. Ұлы шайх:

Ыма қылдым, дана болса мағына алсын

Қал ілімнен бітіп айттым, нышан қалсын

Дүррі, гауһар сөздерімді ішке салсын

Холдан айтып, ғашықтарға бердім мен-а, – деген жолдармен нұсқап көрсеттім, «дана болса» өзі-ақ игеріп кетеді, мағынасын аңласа болды, «Қал ілімін» яғни ислам қағидаларын алғы шарттарын «бітіп айттым», толық айттым, «нышан қалсын» аңлағаныңды білдір, орнында қайсы бір ақыл болмасв «дүр мен гауһар» ілімінің ішінде қалайықтан алыста сақтасын, Хол ілімі әркімге нәсіп емес, тек ғашықтарға лайық дейді.

Сырда мағына түймегендер бейганадүр

Ол ғашықтың мекендері ойрана дүр

Қайда барса, һәмханасы жанана дүр

Түндер тұрмай ғашықпын деп жүрсе болмас, – сыр ішкі жан дүние жемісі, аз сөзбен жеткізілген , яки солихтың мұхитының дәмін білдіретін бір тамшы су. Ал, сол бір ауыз сөзден «мағына түймеген» яғни түсінбеген ол тылсымның мәніне бармайды. Егер көңліңді сақтау қалай болады деп сұраса, айтқын дейді XV ғасырда өмір сүрген ғалым Уағыз Кошифий, бұл көңілді мағсият(күнә)тан азарландырун, яғни Алла тағала әміріне, шариғатқа теріс істерден, күнәдан сақтану және көңіл күнәларының негізі өштік, тәкәппәрлық, менсінбеушілік, екі жүзділік, қамсыздық, бақылдық, дүниеқорлық және соған ұқсаған жаман әдеттер. Және көңіл айнасын пәк ұстағын, бұл Иллохий хилветхана болғаны үшін сафо сыпырғысымен тазалап тұрғын.

Діл үйін сафо сыпырғысымен сыпырмағанша

Хазреті жанан жамалы онда мекен таппағай, яғни көңілдің пәктігі әркез тариқат қауымының назарында шешуші орынды егелейді. Сол себепті көңіл пәктігі пақырлықтың нұры болып алға қойылады.

Пақырлықтың бесінші нұры зікір турар

Қалың шырақ, холың пілте, майы жасың,

Неше айтсам, бәһра алмас көңілі тасың

Жол үстінде топырақ болсын ғазіз басың

Жан мен ділде Хай зікірін айтың достар.

Өзің шырақ болсаң, Хол ілім дәрежең сол шырақтың пілтесі, шырақтың майы көз жасың болсын. Яғни, барлық болмыс адамның өзінде. Бірақ сол айтқаныма сендіре, түсіндіре алмадым «көңілдің тасын» асқақ, тәкәппір көңілді жол үстіндегі топырақ ет, жолмен аш-жалаңаш та, ғарып-кәсір де жүреді, соларға оңай табылатын жерде болғын. «Көз жасыңды» пілтеге азық ет, жан мен ділде Хай (Алла) зікірін айт демекші ұлы шайх. Тарихат жолындағы халайық шүкір, пікір, зікір үштігін әркез  бір қосып қарағын. Шүкірі түгел болмаған, яғни өз қалына көңілі толмаған адамның пікірі түгел болмайды, пікірі таза болмаған адамның зікірі таза болмайды. Ал енді зікір дегенде біз нені түсінеміз, нені түсінуіміз керек. Біздің бала кезімізде елге бақсы келіпті десе, жан жабыла соған кеткен үлкендер соңынан жасырынып, соған барар едік. Сырттан тыңлағанымызда «Лә иллохә Иллоалла» деген дауыс есітетінбіз. Зікір деп әркез Алла жадын есінде ұстап, қайталап жүруді айтады. Солихтың тілі шариғат, Алла жолының насихаттарынан босаса, іштей болса да Алла намын қайталап жүреді. Яғни, көңіл қуысының шарықтап басқа әлемдерді кезіп кетпеуі үшін өзін бір қалыпта, бір жайда ұстап тұруы.

Софылар жиналып, бас қосқан жайларда Самоғ (дауыстап) зікір айту бір кездері Түркістан өлкесінде қатты өркендеген.

Тазартадыд ділдің жадын һу-һу жады

Ғашықтардың күндіз-түні һу мураты

Һу-һу деп жан бергейсің Құл Ахметі

Саһарларда тұрып тағат қылғым келер.

Зікір көңіл кірін, дүние талабын, ләпсі әурешілігін көңілден айдайды, кеудеде Алла достығынан басқа еш қандай қайғы, талап қалмайды. Ышқы ұмтылысы, ышқы күші ғашықтың сәулесін тек қана өз қалуына барар жолға ғана түсіреді. Басқа жақтың барлығы ол үшін қараңғы. Көзіне не көрінсе, соны машығына (қалаулысына) теңейді, әр бір істеген амал тек сол ғашығына жүрер жолдың қамы, ішкен асы сол жолдың азығы. Аузын ашса тек қана Алла, яғни ғашығының намы, ол енді басқаны білмейді.

Зікірін айтғыл, қандар ақсын көздеріңнен

Хикмет айтқын дүрлер тамсын сөздеріңнен

Гүлдер өнсін әрбір басқан іздеріңнен

Гүлге бақсаң, гүл ашылып бостан болар.

Қал ілімі алқымында қалған халайық жолы басқа, тарихат қауымы жолы  күрделі. Бұл жолға кірген солих зікір айтқанда бар болмысы еріп, өзінен кетіп, сырт көріністе ел көзіне көрінгенімен, жаны мен ділі бұл жайда жоқ. Алла құзыныра үлес алу мақсатында, һу-һу деп шартарапты кезіп кеткен. Міне осы кезде көзінен қан ағып отырғанын өзі білмейді. Ал көпшілік арасында хикмет айтса, сөзінен дүрлер тамады. Басқаша болуы мүмкін емес, себебі солихтың бар алған ілімі, барлық іс әрекеті, жан жүйе тіршілігі осы жолда болған соң, бұл жолдың барлық ыстық-суығын түгел біледі және толықтап дүрлер сыпатында айтып бере алады. Тегінде дәруштер ел кезіп, қай жерде ілім мәжілісі бар десе, сол жайды тауып, мәжіліс құрып жүргенін тарихтан білеміз. Сол мәжілісте қаншама адам қатынасып, ғалымдар маслихатынан нәр алып, көңілдеріне гүл ашылады. Міне ұлы шайхтың әр бір басқан қадамынан гүлдер өнсін демегінің мәнісі осы. Басқаша айтсақ, ілім аңсап, ынтызар болған көңілге бақса, ол көңілде гүл өніп шығады. Осы мәртебеге жету жолындағы азап, аштық, жалаңаштық ауырлықтары енді ұмтылады. Ал бұл жерге жету үшін жол азығы әрине алдымен пікір тазалығы және Алла зікірі өз қамының шүкірі. Яғни:

Хош ғайыптан жетісті бір жамағат дәруштер

Батыныңда һу дерлер, сыры пинһән дәруштер

Тынбай рауан жүрерлер, тынса тәкбір айтылар

Тапса сұхбат құрарлар, хош сұхбаты дәруштер.

Алла жолын бекем ұстанғанның барлығы бірдей дәруіш емес, дәруштік мәртебесі өз  алдына бір мәселе. Сондықтан ұлы шайх «бір жамағат» дәруштер деп, басын ашып отыр. Бүкіл ислам дүниесі дәуріштік жанда киіп, жолға шығып кете алмайды, мүмкін де емес. Бірақ ішкі жан дүниесінде Алла жадын айтып, адалды адал деп біліп, арамды арам деп біліп, көзі мен құлағын хасадтан сақтап өмір кешу әркімнің қолынан келеді. Осы тазалық жолында халайықты бастаушы бір қауым, жамағат, аз ғана топ дәруштер. Ішкі сырын қаламайтын жерде сақтай білу де үлкен өнер. Батын дүниесінде һу-һу айтып, сырын жасырын сақтай біліп, «тынбай» алға жүріп, тыныс алған жерінде тәкбірін айтып, талапкер табылса хош сұхбатын өтейді. Сұхбаттан бос уақыттың барлығында зікірде.

Жаратқан бір уә барым жолын іздеп

Шайтан лағнет жолдарынан қайтың достар

Ықыласпен махаббаттың жамын ішіп,

Жан мен ділде Хай зікірін айтың достар.

Алла сыпаты бір және бар яғни барлық басында және аяғында бар, еш бір серігі, ұқсасы жоқ. Сіз көңліңізге қандай сыпатта Алла осындай деп алсаңыз олай емес. Ал Алла жолы «сапар дар ватан», яғни әр уақытта негізгі отанға қайтуға дайындық. Әр бір жолдың өзіне лайықты қиыншылғы боларындай, Алла жолында, Алла құзырында сол мәртебеге лайық болу сапарының жол тосушы қарақшысы шайтан лағнет азғыруы, түсінікті тілмен айтсақ, ләпсі әурешелігі. Ол қауіптің қарауыл, күзетшісі Алла махаббаты. Махаббаттың жамын, шербетін ішіп, жан мен ділінде Хай зікірін айтып, өзін қамшылап жүрген солих шайтан жолына жүрмесі, пақырлық нұрына қарық болары анық.

Хай зікірін айтып, ішкен жамы шарап

Жол үстінде әзіз басы міслі турап

Алла үшін халі Хараб, бауры кәуеп

Жан мен ділде Хай зікірін айтың достар.

Сейітомар  Саттарұлы

жалғасы бар

Сондай-ақ, оқыңыз

«Дордойдың» Түркістанға тартуы

Түркістан қаласы – Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы болып жариялануына орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған