Жарық нұрдың сәулесі

Бақмұхаммед (Шайқы Әзиз) ата

Сайыпназар ахунның «Мұхаммед-Ханафия» дастанынан алынған үзінді. Дастан 19 ғасырдың 40-шы жылдары жазылған.

Атам Ғали мұсылманның ұлы имамы,

Арабтың ұлық тегі, асыл затым,

Анам – Ханафия, Хайсар патша қызы,

Сіңлісі Бибі Батима саналатын.

 

Мұхаммед-Ханафия батыр бабам,

Ұрпағымыз сол кісіден таралатын,

Кіші атам Садыр Шайқы, Құл Қожа Ахмет,

Мекеге зиярат ғып көкке ұшатын.

 

Диуана – Қажы Мәді қожа аталықтан,

Қалдан-Серен кәраматынан қан құсатын,

Баласы Қожжан, Қылыш, дүр Пірзада,

Бақмұхаммед – әрі әулие, әрі хакім.

 

«СӨЗДІҢ ДАНАСЫ – АҢЫЗ, ҚҰСТЫҢ ДАНАСЫ – БАЙҒЫЗ» ДЕГЕН

Қажы Мәді-қожа (лақабы – Диуана қожа) адамзат тарихының соңғы пайғамбары, ислам әлемінің ислам дінін қалаушы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың немере інісі, өзінің бас қолбасшысы әрі күйеу баласы Хәзіреті Әлінің 32-ші ұрпағы болып келеді. Өз заманында ол бүкіл Түркістан өлкесіне белгілі болған ірі тұлға. Оның атағы тек Құл Қожа Ахмет Иассауиден төмен болды десе болады. Мәді-қожа (Маһди) тек қазаққа ғана емес, басқа Орта Азия халықтары – қарақалпақ, өзбек, сарт, тәжік, түркпен арасында беделді болған терең білімді дін иесі. Диуана лақабымен тарихта аты қалған Мәді қожа өзінің өмірінің негізгі уақытын Түркістан шаһарының төңірегінде ислам дінін насихаттауға, елді имандылық жолға бағыттауға арнаған. Ол туралы сақталған кейбір аңыз-әңгімелерден оның Әзірет Сұлтан сағанасына кіші қажылықты бетке ұстап алыс жолға шыққан қазақтарға қосшы болғанын аңғаруға болады. Сол себепті оны кейбірде Қосшы ата, Қосшы әулие деп те атайды.

Мәді қожа бабамызға қатысты бір аңыз-әңгімеде ол Ауғаныстандағы Балх шаһарының әкіміне сыйлы болып, оның қызына үйленеді делінеді. Сол шаһарда біраз уақыт тұрақтаған соң Мәдіқожа жолын жалғастыруға ниет етеді. Сапарының ұзаққа созыларын сезгеннен жас жұбайына:

– Бәріміздің иеміз бір Алла, мен алда-жалда хабарсыз кетсем, құрсағыңдағы баланы аман-есен бұл дүниеге әкелсең – ұл болса Бақмұхаммед деп, ал қыз бала болса өзің қалаған есіміңді қоярсың, – деп аманаттап жүріп кетеді.

Мезгілі жеткенде анамыз босанып, Бақмұхаммед бабамыз дүниеге келеді. Шешесінің әкесі туралы айтқан әңгімелеріне қанық Бақмұхаммед есейе келе «Менің енді есім кірді, екеуміз жолға шығып әкемді табайық» деп айтады. Содан анасы екеуі сұрай-сұрай жүріп Түркістан өңірін мекен еткен Мәді қожамен қауышып бірге өмір кешеді.

Бір күні жасы, шамасы 13-15-тердегі Бақмұхаммедті атасы Диуана қожаның ұлы Қылыштың бел баласы Смайыл Әздер Қазалы өңірінде өткен үлкен бір жиын тойға ертіп барады. Дәстүр бойынша кез келген тойдың көркі бәйге, күрес секілді жарыстар өткізіледі. Палуан күресінде сол өңірдің атақты адамы – жалпақ жауырынды Қара-палуан деген барлығына дес бермей мықтылығымен ерекшеленеді. Сол сәтте немере інісінің «Мен шығамын» деген сөзін елең қылмаған Смайыл Әздер келісімін бермей, жас Бақмұхаммедті баласынады. Бір уақытта інісінің қайта-қайта айтып қоймаған соң және төңірегіндегі жұрттың кеу-кеулеуіне иланып батасын беріп белдесуге шығарса, кәнігі палуан да Бақмұхаммедті баласынып белбеуінен тартып менсінбеген сынай танытады. Алайда белдесуге рұқсат берген сәтте Бақмұхаммед қарсыласына көз ілеспес шапшаңдықпен атылып кеп, белбеуінен іле сала көзді ашып-жұмғанша бойынан асыра лақтырып, үстінен аттап кетеді. Көрермен халық ду етіп баланы қоршап, көкке көтеріп түйе палуан деп дәріптеп ала жөнеледі де, аңғалдықпен жер құшқан Қарапалуан бетін басқан күйі шаң жұтып артта қала береді. Немере ағасы Смайыл Әздер інісінің әбжілдігіне риза болып еліне келген соң да ағайындарына болған оқиғаны жария етіп, мал шалып, садақа жасайды. Сол уақыттан бастап Бақмұхаммедтің палуандық аты шыға бастайды.

Бұл әңгімені 2015 жылы жеткізген Қылыш әулетінің тоқсан жастағы бәтегөй ақсақалы Қонысбек атаның айтуынша – Бақмұхаммед ұрпақтары бойшаң, тарамыс болып келеді және олардың аяғына, қолына арқан орап қойған тақылеттес деген сөз бар дегенді де айтып берді.

Бақмұхаммед бозбала болғанында әкесі бірде оны шақырып алып:

– Балам! Мен парызымды орындап Мекеге аттанбақшымын. Сенің Сыр бойындағы Сығанақ қаласында Қожжан, Қылыш, Пірзада деген ағаларың бар еді, анаңды ертіп екеуің соларды тауып табысыңдар, – деп, кенже баласына өзінің сәлдесін, жүзігін мен асатаяғын беріп, – Мына үш затты үш ағаңа әкелеріңнің аманаты дерсің, – деп иығына түйе шекпенін жауып қажылық сапарға жүріп кетеді.

Анасын ерткен Бақмұхаммед ұзақ жол жүріп Сығанаққа келсе шаһардың барлық халқы біраз адамды қоршап, олармен қош айтысып, жылап-сықтап жатқан жағдайға душар болады. Мұның мәнісін сұрастырып білсе соңғылары қожа әулетінен болып, соларға аса құрмет көрсеткен Сығанақтың бұрынғы билеушісі жақында дүниеден өтіп, орнына әмір болған ұлы: «Хақ қожа, шын әулие болсаңдар кереметтеріңді көрсетіңдер. Мен ортаға таудай етіп сексеуіл үйемін, соны қырық күн ішінде кереметтеріңмен шақпақ-шырпысыз тұтандырып жағып бересіңдер. От сала алмасаңдар сендердің тектіліктерің бекер, даңғаза сөз. Бәріңді дарға асамын, бастарыңды шабамын!» деп шарт қойған екен. Сол шарттың бітуіне бір күн ғана уақыт қалып, содан олар қайғырып тұрған екен.

Сонда Бақмұхаммед бабамыз Қожжан, Қылыш, Пірзада ағаларын түр-келбетінен танып, әкесінің аманаттарын тапсырып, бауырларымен қауышады да әміршінің шарты туралы сыр шертеді. Ақыры, ағалары көнбесе де, солардың қатарына отырып белгіленген күннің келуін күтеді. Ертесіне шаһар алаңына жаңа әмірші һәмма халықты жидырып, қожаларды жасауылдарына қоршатып:

– Ал, шын әулие болсаңдар жағыңдар! – деген бұйрық етеді.

Сонда Бақмұхаммед ортаға шығып, сексеуіл жанына барып «я-һу» деп қолын сермеп жібергенінде, қабат-қабат үйілген сексеуіл қағаздай лап етіп, лаулап жана бастайды. Сол уақта әмірші атынан қарғып түсіп Бақмұхаммедтің қолын алып, аяғына жығылыпты дейді. Сөйтсе жас әміршінің бар мақсаты оларды қыру емес, арасында нағыз әулие бар болса, соны анықтап табу екен. Содан бабамыз оған әрі ақылшы, әрі кеңесші болып, әрі пірі атаныпты дейді.

Бақмұхаммед қожа (лақабы – Шайқы Әзиз) Сырдың төменгі ағысының Қызылқұм жақ бетінде, Қамысты қаласының күншығыс жағында орналасқан Кеңтүб болыстығында өзінің ағалары Қожжан, Қылыш, Пірзада қожалармен қатар өмір сүріп, өсіп-өнеді. Уақыт өткен сайын төңірекке аты жайылып, көшпелі елдің де құрметіне бөленеді.

Күндердің күнінде, тарихтың аумалы-төкпелі кезеңдерінің бірінде Сырдың төменгі ағысынан Арқаға көшкен тама руының көзей тайпасы Бақмұхаммед қожаны жаңа қонысқа бірге алып жүрмекке ниет етіп, оның келісімін алған соң мұз қатқан Сырдың жағасына келіп, сол маңайда аялдап пірін күтіп отырады. Күткен пірлерінің күнделікті күйбең шаруасы бітпей, күн артына күн өтіп, ақыры көктем қылаң беріп дария мұзының үстінен жылы су жүріп те кетеді. Бұл жағдай көшкен ел арасында қатты реніш тудырып, ру басылары саса бастайды. Сол уақытта Сыр жағасына жеткен Бақмұхаммед қожа қолдарына байпақ киіп, төрт тағандап әбден жұқалтаң болған мұзды алаңдамай басып өтеді. Мұны көрген көзейлер де үдере көтеріліп оның ізін басып дариядан аман-есен өтіп Арқаға қоныс аударады. Осы оқиғадан кейін Бақмұхаммед қожаны жұрт Жалаңаяқ Әздер деп атап кеткен екен дейді. Алайда аңыз-әңгіменің бұл тұсы шындыққа жанаспайды. Себебі, Жалаңаяқ Әздер Бақмұхаммед қожаның үшінші ұлы болып келеді және оның молда азан шақырып қойған шын есімі Ер Қалмұхаммед болады. Өз кезегінде Жалаңаяқ Әздер де қазақ тарихында әулиелігімен елге танылған атақты әулие болғаны белгілі.

Бүгінгі таңда Бақмұхаммед қожа бабамыздың ұрпақтары Жезқазған, Ұлытау, Жаңаарқа өңірлерінде ғұмыр кешіп жатқаны анықталып отыр. Осыған қарағанда жоғарыда келтірілген аңыз-әңгіменің түбінде бір шындық бар секілді. Өйткені Кіші жүздің ішіндегі ірі тайпалардың бірі болып келетін тама руының ішінде расында да Бақмұхаммед – Шайқы Әзиздің мәртебесі өте жоғары. Тіпті олар оны өздерінің меншікті қожасы етіп қабылдаған деуге негіз бар. Жалпы тама руының орталығы, негізгі бөлімдері қайда болса, Бақмұхаммед қожаның да сонда болатындығы осы болжамды растай түседі. Оның үстіне кейбір ескі сөздерде Бақмұхаммед тама әулетімен бірге Созақ өңірінде ғұмыр кешкен деп те айтылады. Оған бір ғана дәлел Созақ ауылының Қаратау жақ беткейінде Бақмұхаммед деген жердің атауы болуы, ондағы бұлақтың, үлкен сайдың, көшкен жұрттың орнының осы бабаның атымен аталуы тектен-тек емес, бұл жай ойландырмай қоймайды. Бұған қоса оның баласы Ер Қалмұхаммед – Жалаңаяқ Әздердің сағанасының да Созақ ауылының батыс жағындағы «Жылтырақ ата» әулиенің қасында болуы да ойға ой қоса түседі. Қалай дегенмен Созақ кенті, көне Тұран елін мекендеген мұсылман қауымның екінші Мекесі болып танылған Түркістан шаһарынан оншалықты алшақ емес, Қаратаудың ар жақ, бер жағы болып табылады. Сол себепті өз заманында елдің танымал тұлғасы болған, елге имандылық нұрын сепкен Бақмұхаммед қожаға мәңгілік мекені болып әрбір мұсылманның тірі кезінде тәу ететін орыны Түркістан жерінен топырақ бұйырған және оны ел аузында қалған аңыз-әңгімелер де дәлелдей алады. Бұған қосымша оның өзінен тарайтын тағы бір атақты бабамыз Ер Қалмұхаммед –  Жалаңаяқ Әздер қожаның атадан келе жатқан қасиетінен әулие болып танылып, Абылайханнаң пірі атануы да тегінің тектілігінен болса керек. Арқаға барған соң Бақмұхаммед қожаның Көшек деген ұрпағына да әруақ қонып, ел ішінде ол атаның қасиеті жайында сақталып қалған көптеген әңгімелер осы ұрпақтар сабақтастығының айшықты көрінісі болып табылады.

Үлкен ұлы Якубқұрбан әулетінен Айқожаның әуелі Ташкентте, Бұхарада оқып, келесі кезекте ұстаздардың ұстазы Ауғанстандағы Ислам Шайқыдан ілім алып келіп, Жаңақорған өңірінде дін исламды оқытуы, шариғат үйретуі мұсылман қауымына таныс. Айқожа ишан әулетінен Ибадулла, Балта, Әззам, Сейдахмет, Оспан, Усейін, Жаппар, Бұрхан, Мәді, Махмут, Инаят мағзұмдардың шығуы, Жаппар мағзұм ұлы Әкбар қажы Балта қожаның ата жолын ұстауы, ұрпақтары Сәйділлә, Әсілхан, Тәжіхан Шайх, Әбдіқалық, Ахметхандардың дін исламды халыққа жеткізу бағытында қызмет жасаулары бақ қарап, қыдыр дарыған әулет екендерін көрсетеді.

Бақмұхаммед қожа – Шайқы Әзиз ұрпақтарының ішінен табиғи талантымен танылған, еліне халқына қызмет еткен бірнеше көрнекті тұлғалар шыққан:

Раушан Әбенқожаұлы – Кеңес үкіметі орнаған соң алғашқы он жылдың ішінде Петроград (Санкт-Петербург) қаласында оқып жоғарғы білімді суландыру мамандығын алған, еліне ерен еңбек еткен, қазақ тарихында өзіндік орыны бар тұлға. Жаңақорған ауданының оңтүстік шығысындағы Қандөз ауылындағы «Сары ат» сойған оқиғасын көнекөз қариялар әлі күнге дейін қолымен қойғандай етіп әңгімелеп отырады.

Ысмайыл (лақаб аты Нышан) Шәменұлы – 1892 жылы Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылында туып – 1979 жылы Қызылорда қаласында қайтыс болған. Қорқыт атаның күйлерін біздің заманымызға жеткізген қобызшы, абыз. Нышан бір жасында «күйдіргі» (түйнеме) ауруына шалдығып, соның кесірінен екі көзінен зағип болып, өмір тауқыметін көп тартқан өнер иесі. Тоғыз жасынан қобыз тартқан. «Мұсаяз» бейітіне (қорымына) келген Есақай мен Адасқан секілді қобызшылардан Қорқыт атаның, Ықыластың күйлерін және белгілі бақсы-балгерлерден түрлі шығармаларын үйренген. Бүгіндері Қызылорда қаласының бір көшесіне Нышан есімі берілген. Алғаш Нышан абыз есімі Сыр бойы өнерпаздары туралы Әуелбек Қоңыратбаев 1973 жылы келтірген тізімде аталған. 1975 жылы Нышанның «Ұшардың ұлуы», «Тарғыл тана», «Елім-ай, халқым-ай», «Әуіппай», «Сарын» (1-2түрі), «Қоңыр», «Қорқыт», «Башпай», «Желмая», «Байлаулы киіктің зары» күйлері оның орындауында магнитофон таспасына жазылып алынды. Нышан абыздан жазылып алынған бұл күйлер «Елім-ай» (1987 ж.) деген атпен Қорқыт ата шығармалары ретінде жарық көрген. Дұрысында бұл күйлерді Қорқыт ата дәстүрінен бастау алған Нышан абыздың төл шығармалары деуге негіз бар.

Жүсіпбек Арыстанов – 1904 жылы туып, 1993 жылы дүниеден озған. Өз заманының озық ойлы, кеңестік жүйе кезінде жастардың сүйікті жазушысы болған дарынды қаламгер. Оның қаламынан «Жалынды жүрек» (1961 ж.), «Сұңқар да жерді мекендейді» (1966 ж.), «Таң жұлдызы» (1968 ж.) повестері, 1984 жылы «Жер ұйығы – Жетісу» романы дүние келген.

Омаров Қалиолла Нематұлы – 1957 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған қонысында дүниеге келген. Кинорежиссер, деректі фильмдер түсіруші. Ленинград қаласы Мәдени ағарту училишесінің кино-фото бөлімін бітірген. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан кинемотографистер одағының мүшесі, халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты, Бауыржан Момышұлы Құрмет Белгісінің иегері. 50-ден астам деректі фильмдер түсірген. Олардың қатарында «Кісен ашқан» (1981 ж.), «Тәушен» (1989 ж.),  «Мағжан» (1990 ж.), «Мұхаммед Салық мырзаның өмірі мен өлімі» (1991 ж.), «Нәубет» (1992 ж.), «Міржақыптың оралуы» (1993 ж.), «Алаш туралы сөз» (1994 ж.), «Жамбыл: Адамзаттың ұлы жыршысы» (1994 ж.), «Ахмет Жұбанов» (2006 ж.), «Мұхаммед Хайдар Дулати» (19 ж.), «Алашорда» (2009 ж.), «Қазақтың Бауыржаны» (2010 ж.), «Темірбек Жүргенов» (2013 ж.), «Кодекс Куманикус – һәм қарапайым қазақтың қағидалары» (2011 ж.), т.б.

Мәді қажы (Диуана қожа) қожаның ұлы Бақмұхаммед – Шайқы Әзиздің бел баласы Жалаңаяқ Әздер әулетінен шыққан дарынды тұлғалар қатарында әйгілі жазушы, кемеңгер ғалым Мұхтар Әуезовтың соңғы аспирант-шәкірті Ә. Оспанұлының орыны ерекше.

Әсілхан Оспанұлы – 1924 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы Көмешбұлақ ауылында дүниеге келіп, Шымкент қаласында 2005 жылы қайтыс болған. Ғылым жолындағы алғашқы қадамын 1947-шi жылы облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнде қазақтың өткен ғасырдағы ұлы ақыны Майлықожа Сұлтанқожаұлының «Қасқыр» атты мысалын жариялаудан бастап, өзінің бүкіл саналы өмірін ХІХ-ХХ ғғ. жасаған күнгей ақындарының өнері мен өмірлерін зерттеуге бағыштаған ғалым. Олардың сапында Оңтүстiк Қазақстан аймағының алты бiрдей ақиық ақыны – Мәделiқожа Жүсiпқожаұлы, Құлыншақ Кемелұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Молда Мұса (Мұсабек) Байзақұлы, Нұралы Нысанбайұлы, Ергөбек Құттыбайұлы, олардың ізін суытпай басқан Ысқақ Құлыншақұлы, Жолбарыс, Асан, Исабек Майлықожаұлдары, Сауытбек, Ақбөпе ақындар бар. Ғалымның елеулі ғылыми еңбектеріне «Қаратау атырабының ақындары» монографиясы (1983 ж.), «Қаратау шайырлары» атты жоғары оқу орындарына арналған көмекшi құрал кітабы (1991 ж.) жатады. Одан бөлек «ХVIII-ХIХ ғасырлардағы қазақ ақындары» (1962 ж.) және «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындары» (1963 ж.) хрестоматиялық жинақтарды құрастыруға қатысқан. Майлықожаның «Нақыл» (1972 ж.), Нұралының «Сауда ишан» (1974 ж.), Мәделiқожаның «Әдiлет деп…», Құлыншақтың «Өсиетiм», Ергөбектiң «Сағындым дауысын ботаның» атты шығармалар жинақтарын (1991 ж.), Майлықожаның төрт бiрдей кiтабын – «Нақылият», «Дүние-ай», ««Тымсал», «Қара сөз» жинақтарын 1993-94 жылдары, сондай-ақ Мәделiқожа, Құлыншақ, Жолбарыс, Асан, Исабек, Ергөбек, Сауытбек, Ақбөпе ақындардың шығармаларынан құралған «Семсер сөз» (1995 ж.), Майлықожаның «Әмiр Әмзе» (1996 ж.) кiтаптарын, қорытып айтқанда 20 кiтап бастырып шығарған. Әсілхан Оспанұлының, бұл жолы енді журналистік ерлікке пара-пар еңбегі бүгін әрбір қазақтың мақтан тұтатын ҚСРО батыры – генерал Сабыр Рақымовтың тегі қазақ екендігін 1972 жылы дәлелдеп облыстық «Оңтүстік Қазақстан» және республикалық «Лениншіл жас» газеттері арқылы бүкіл елге бетінде жария еткендігі. Қорытып айтқанда Әсілхан Оспанұлы Оңтүстiк Қазақстан облысының қазан төңкерiсiнен бұрынғы қазақ әдебиетiнiң тарихын түгендеп олардың есімдері өшпестей етіп кеткен ғұлама ғалым. Әке жолын жалғастырған ұлдары Бердалы мен Ералысы қазақ мәдениетіне сүбелі үлестерін қосып келеді. Әсіресе қылқалам мен сияқалымды бірден уысында ұстаған Ералының есімі мен еңбектерін тек Қазақстанда емес, басқа да шалғай жатқан шет мемлекеттерде жақсы біледі.

Жалаңаяқ Әздердің ұрпақтарының ішінде өз заманында күнгей өңіріне ерекше қайырымдылығымен аты шыққан Қалжанқожа жайлы айтпай кетуге болмайды.

Қалжанқожа Нұрмұхамедов – 1885 жылы Түркістан қаласына қарасты Ортақ елді-мекенінде туылып, 1942 жылы өмірден өткен. Ерте жетім қалып түркістандық Исламбай деген байдың жалшысы болған. Өзінің етжеңділігі арқасында 1902 жылы медреседе оқып, сауатын ашқан. Кеңес үкіметі орнаған соң әртүрлі жұмыстар атқарып жүріп қаланың локомотив депосына кіріп, сондағы орыс жұмысшылармен тамырласып, орыс тілін жетік меңгерген. Осының арқасында қазақ және өзбек жерлестеріне таптырмас тілмаш болып тірліктерінің дұрыс жүруіне септігін тигізіп отырған. 1921-1931 жылдары Кеңес үкіметі қабылдаған НЭП – жаңа экономикалық саясаттың арқасында Қалжанқожа бағбаншылық, диқаншылық, малшылықпен айналысып жұмыстары өрге басып, көп ұзамай ауқаттылар қатарына іліккен. Түркістан өңірінде алғашқы болып мақта егіп, соны саудаға шығарып дәулетіне дәулет қосыла түскен.

1927-1929 жылдары Средазбюроның жауапты қызметкері Раушан Әбенқожаұлы секілді көзі қарақты азаматтар халықты ұйымдастырып Сыр өзенін бөгеп, каналдар қаздырып Түгіскен тыңын көтеріп, кешегі шөлді жерлерді суландыру іс-шараларын қолға алынады. Бұл жұмыстарды атқару үшін мыңдаған қазақтар тартылады, алайда оларды тамақтандыру жағы қиынға соғады. Сол кезде кедейліктің кермек дәмін ұмытпаған, көшпенділіктің болашағы жоқ екенін бұрыннан сезген, отырықшылықтың елге келтіретін пайдасының әлдеқайда көп болатынын жете түсінген Қалжанқожа бұл үлкен бастамаға белсене араласып кетеді. Сөйтіп каналдарды қазуға кіріскен халықтың бүкіл ас-ауқатын – ұн-майын, қант-шайын жалғыз өзі көтереді.

Игілікті істің Сыр бойында зор қуаттауға ие болған көре алмағандардың ішінде бір азамат ас ауқатқа ыстық күнде терлетіп әкеліп сары ат сойдырады. Нәтижесінде жұмысшылар індетке ұшырап игілікті шара аяқсыз қалады. Сол жұмыс аяғына дейін жеткенде Сыр бойында ашаршылық болмас па еді. Халық жоғарыға қарай үдері көшпес пе еді, – деген әңгіме ел аузында осы кезге дейін айтылады.

Араға қырық жылдай уақыт салып (1967 жылдан бастап) ұзындығы 110 шақырымнан астам З.Мұсаханова атындағы канал өмірге келді. Сол каналды жағалай орналасқан  Көк төбе, Қандөз, Қаратөбе, Келінтөбе, Түгіскен, Қожакент, Өзгент, Ақжол, Қыркеңсе, Жаңа арық, Байкенже ауылдары егін-егіп мал баққан, кәсіптерден береке тапқан, ауылдар санатында.

Кезінде осы секілді игілікті істердің басы-қасында жүрген Қалжанқожа Нұрмұхамедұлы туған өлкесінде жаңа, заманауи өндірістер тұрғызуды көздеп Мәскеуден арнайы инженер алдыртып Түркістан қаласында мақта өңдеп, мата шығаратын тоқыма фабрикасын тұрғызуды қолға алады. Алайда оның орнына бай-құлақтарды таптық жау көрген қызыл белсенділердің құрығына ілініп бүкіл дүние-мүлкі кәмпескеге ұшырап, үй-ішімен 1930 жылы Әндижан жаққа жер аударылады. Ол жерде де Қалжанқожа қарап отырмай түйешілер артелін құрып КСРО-ның Памир тауларындағы Ауғаныстанмен шекарасын күзеткен қызыләскерлерге керуенімен азық-түлік тасып, 1930-шы жылдардағы «коллективизация» салдарынан арып-ашып, сенделіп кеткен халықтың еңсесін көтеріп, хал-ахуалын жақсартуға әрекет жасайды. Бірақ, оған мұнда да тыныштық болмай 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, «халық жауы» деген жаламен Түркістан әскери округінің әскери трибуналы Қалжанқожаны 6 жылға бас бостандығынан айырады. Содан оны Ресей жерінің Архангельск облысына алып кетіп, сол жақта НКВД лагерінде қаза болады.

Баба ұрпақтарының қатарында өз өнері, қарым-қабілетімен елге танылған жаңақорғандық белгілі жыршы-термеші, режиссер Әмір Мажитов, жетісайлық ақын Оразқожа Бекахметұлы, профессор Камал Бұрхановты, ғылым жолында еңбек етіп жүрген белгілі ғалымдар Ә.Омаров, Р.Омарова, Ж.Бұрханова, Ә.Әдиев, Х.Жанбеков, А. Азиддинов, С. Азиддинов, А.Бахуаддинов, Гауһар Қалданқызы, Ақынқожа Қаленұлы, Жұмакүл Абдіғаппарқызы, Рабиға Абдіғаппарқызы, Нұрмұхаммед Зиаудинұлдарын, саясаткер Бөріхан Нұрмұхаммедовті де арнайы атап өткеніміз абзал.

 

Жұмабай ОМАРҰЛЫ
Ералы ОСПАНҰЛЫ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button