Басқы бет / Ғақлиат / Ислам құндылықтары

Ислам құндылықтары

Қазіргі таңда Ислам діні өз қарқындығымен өсіп келе жатыр. Ислам дінін дүние жүзінде 1 млд. астам адам ұстанады. Ислам діні адамға мейірімділік, тәрбиелік, моралдық құндылықтарға аса бай дін болып саналады. Әсіресе, Аллаға деген сүйіспеншілікті және шын ниетімен құлшылықты, ата-анаға деген құрметті, туған-туысқандарымен сыйластықты, және де барша мұсылманды өзінің бауырым деп бір-біріне ыстық құрметте болуын үйретеді.
Сөздің түбіріне келсек, ислам діні пайда болмастан бұрын, Араб елінде надандық (джахилия) кезеңі еді. Сол уақыттарда пұттарға, әр түрлі мүсіндерге табынып, оның үстіне әйелдер зиналықпен айналысып білгендерін істеп жүрді. Бір әулетте қыз бала туылса, қыздарын жерге тірілей көметін еді. Сол кез неткен аянышты және адамдық қасиеттінен жұрдай екені ақылға сыйымсыз іс-әрекет болғаны белгілі. Алайда сол қоғамның ислам діні келіп, өркениеті өсіп, сана сезімі түбегейлі өзгерді. Тек жақсылыққа ұмтылып, адамгершілігі молайып, биік жетістіктерге жетті. Бірде Омар (р.а.) баяғы надандық дәуірді есіне алса, кейде күліп, кейде жылайтын. «Жылайтын себебім дейді екен сұрағандарға, ол кезде араб халқы қыз баладан обадан бетер үркетін. Тіпті қыздары төрт бес жасқа келгенде, тірілей жерге көміп тастайтын. Осыны ойласам қамығып жылағым келеді. Ал күлкім келетін себебі халық қамырдан пұт жасап, соған табынатын. Бірақ қарындары ашса сол табынғандарын өздері жеп қоюушы еді» депті. Міне осыдан кейін нағыз шынайы дін екеніне, түбінің тамыры өнегелікке, тәрбиелікке, сонымен қатар тәртіпке, толы екендігі белгілі болып тұр. Ислам дінінде ата-ананы жоғары қойып, ата-анаңа құрметпен қарап, сыйластықпен өтуді ашық айтып кеткен. Тіпті пайғамбарымыз «жаннат – анаңның табанының астында» деп аналарды жоғары бағалап кеткен болатын.
Оған пайғамбардан жеткен көптеген хадистер айғақ. Осыншама ананың абыройын асқақтатқан, оның беделін көтерген діни мәтіндер бола тұра қоғамда ананың алдындағы міндеттеріне салғырт қарайтын жандар жетерлік. Бұл ислам дінінің құлықтық құндылығына бей жай қарағандықтан осындай жағдайлар туындап отыр. Сонымен қатар оның салдары қоғамдағы тастанды жетім балалар, қараусыз қалған қарттар, жазықсыз жапа шеккен жандардың көбеюуіне алып келуде. Негізгі сөздің түйіні, адам деген сөз, адамгершілігімен түбірлес келеді. Бұл өмірде адамзат баласы адамгершілік жолмен жүрмесе, адамдығынан айырылғанмен тең. Адамгершілік – ол мейірімділік әдептілік тәрбиелікпен тәртіптіліктен туындайды. Бұл өмірде адамзаттың жүрегінде мейірімділік болу қажет. Ал мейірімсіздік қатігездіктің жолына душар етеді.
Ислам этикасы дінге негізделгендіктен оның діни-этикалық құндылықтары да діннің негіздерінен алынған. Ислам дінінің қатаң монотеизмнен кейінгі басты мәселесі – адамның қоршаған ортамен болған қатынасы. Бұл қатынас адам мен Алла, адам мен адам және адамның табиғат пен болған қатынасы. Адамның осы қоршаған ортамен байланысты қатынасын реттеу үшін қойылған талап міндеттер, қағида ережелер ислам этикасын туғызды. Демек ислам этикасы тек қана қоғам немесе екі кісі арасындағы қатынас емес, ол адамның барлық ахуалында болатын, сонымен бірге өмір сүретін өмір бейнесі болып табылады.
Ислам көзқарасы бойынша дүние ақыреттік егіс жері. Адам осы өмірде ақыреттік амалын орындап, сол амалға байланысты о дүниеде мәңгі бақыттылыққа немесе азапқа бөленеді. Сондай осы дүние адамның шексіз қабілеттерінің дамуына, кемелденіп өсуіне, Алланы танып оған құлшылық ету үшін жаратылған уақытша орын. Бұл дүние сырат көпірінен өту үшін емтихан орны. Адам осы дүниеде Алла тарапынан сынаққа алынып, өзін о дүниеде қай жерге лайық екенін дәлелдейді.
Ислам этикасы дүниелік істі ақыретпен байланыстырып екеуінің теңдігін ұстауды ұсынады. Яғни шынайы өмірден бас тартып адамды о дүниемен ғана байланыстырмайды. Адамның осы өмірдегі орнын белгілей отыра екі дүниенің де теңдігін қадағалауды талап етеді. Бұны рух пенен тән теңдігі деп айтуға да болады. Осы өмір ақырет өмірінің бір жемісі ретінде қарау қажеттігін белгілей отыра, осы өмірдің маңыздылығын, қажеттілігін, айтып өткен.
Дүниеде тіршілік ету, өмір сүру үшін қажетті шарттардың барлығы орындалған. Өмір сүру миллиондаған процесстерді қажет ететін жағдай. Солардан біреуі орындалмай қалғанда тіршілік өлімге жол береді, ағза ыдырауға, жойылуға ұшырайды. Адам ағзасының бір қалыпта тұруы үшін оның белгілі бір мөлшерде азықтармен қамтамасыз етілу қажеттілігі мәлім. Бұл жерде көңіл аударуды қажет ететін жәйт, адамның өзінің тіршілігі үшін қажет болған зат алмасу процесінен бейхабар болуы. Адам өзі үшін қажетті болған энергияға еріксіз және санасыз қол жеткізуде. Бұл адам табиғатында дағдылы механизм түрінде орналасқан. Олар – аштықты білдіретін ішкі талаптар, дәм сезу, ләззат т.б. ішкі сезімдер. Алла тіршілік ету үшін бұларды тірі организмдерде орналастырғаны секілді, қоршаған ортада да сол дәмдерді жаратқан. Демек, олар объективті. Сол дәмдердің болмысы және соларды сезетін сезімдердің жаратылуы нәтижесінде адам өмір сүруге ұмтылым, санасыз, еріксіз түрде тіршілігін қамтамасыз етіп жатыр. Өйткені адамның секунд сайын дем алып, дем беруі, дене үшін қажетті температураның төмендеуіне байланысты жаурауы, көтерілуіне байланысты ыстықтауы, қарынның ашығуы мен тойған кездегі тәбеттің тоқтауы санасыз және еріксіз түрде орындалуда. Осы бір дағдылы механизмнің арқасында зат алмасу балансы сақталып тұр. Егер бұл процесстер біздің ерік-қалауымызға, санамызға берілгенде, адам бұлардың бәрін есептеп, орындауда әлсіз болар еді. Тіршілік үшін қажет болған зат алмасу балансы бұзылып, өлімге жол берер еді. Азық-тағамдар ішкі сезімдерге, дағдыға емес, ауырған кезде докторлардың рецептісіне негізделген дәрілермен қамтамасыз етілу сияқты ерік-қалауға негізделер еді. Бұларды орындаудан адамдар ләззат алмай керісінше ащы алатын еді. Бұндай жағдай адамды өмір сүруден ләззат алдырмай, одан безуіне себеп болады.
Сайып келгенде сезімдер мен дәмдер тіршілік үшін жаратылған. Демек адам өмір сүру үшін азықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл зат алмасу балансының сақталып қалуы үшін азықтарға дәм, ал адамға оны сезу қабілеті берілген. Азықтармен қамтамасыз етілудің түп мақсаты өмір сүру болса, өмірдің мақсаты не деген сұрақ туады. Ислам дінінде дүниелік өмірдің өткінші, уақытша екенін, ал негізгі өмірдің о дүниеде болатынын жоғарыда атап өттік. Олай болса дүниедегі ләззаттар қайдан келді, не үшін адамдарға берілуде деген ой туады. Негізінде бұлар жаннаттық ләззәттардың үлгілері ғана. Олардың міндеті таным мен жарнама. Дүниені танып білу арқылы адам Алланы да таниды. Демек адам ислам діні бойынша Алланы танып білу үшін жаратылған. Оны танып білу оған құлшылық етуді қажет етеді. Шексіз әлем алдында адамның әлсіздігі, Алланың құдіретіне, шексіз мұқтаждығы оның шексіз байлығына, надандығы оның шексіз біліміне сыйындырады, шексіз әлем ішінде адам өзінің түкке тұрғысыз нәрсе екенін түсініп, оның болмысымен ғана бар болатынын түсінеді де оған құлшылық етеді. Құлшылық етуге лайық сен ғанасың деп, оған бас иеді. Демек өмірдің мәні, оның түп мақсаты Алланы тану болса, одан күтілетін нәтиже – оған құлшылық ету.
Ислам діні тұрғысынан бақыттылық осы өмірдің жаратылыс мақсатымен байланыстырылып қарастырылады. Өмір сүру қаншалықты әрбір жеке тұлғаға тікелей қатысты болғанмен, адам өз өмірінің тағайындаушысы, жаратушысы, оның жалғасы үшін қадағалаушысы емес. Бұл адамға берілмеген. Адам өз өмірінің иесі болмағанына оның тууы, өсуі және өлуі дәлел. Өйткені адам бұлардың ешбіреуін өз бақылауына ала алмайды. Демек өмірді кім жаратқан болса, оның мақсатында сол тағайындайды. Ешкім өмірдің мақсатын өзінің көздеген мүддесіне қарай бағыттай алмайды. Өйткені ол оның жаратушысы емес. Барлық нәрселер өзінің жаратылыс мақсатына сай іс-әрекетте болса, соған үйлесімді болса ғана өзінің кемелдігін табады. Ол оның табиғатының қажеттілігі болып табылады. Бүркітті зәулім сарайда ұстап, алтын таққа отырғызса, ол оны бақытты етпейді. Ол бақытты көк аспанда емін-еркін ұшып жүруде табады. Өйткені оның табиғаты еркін ұшып жүруге сай жаратылған. Бұлбұл бау-бақшада, бөрі орманда ғана өз бақытына ілесе алады. Демек барлық нәрсе өз табиғатына сай, жаратылыс мақсатына сай өмір сүрсе ғана бақытқа қол жеткізеді. Адам болмысының екі табиғатын (рух және тән) ескерер болсақ, бұлардың да табиғи қажеттіліктерін өтеу қажет. Тәнге қатысты қажеттіліктер адамның биологиялық жаратылысына сай келмесе, дене сырқаттанады, адамның мазасын алады. Сол секілді адамның қоршаған ортамен болған қарым-қатынасы, сана-сезімі, ерік-алауы т.б. рухани жағдайлар рухтың табиғатына сай болуы қажет. Егер де бұлар рух табиғатына сай болмаса, онда адамның бақытқа қол жеткізуі де тым мүшкіл болады.
Ислам діні тұрғысынан адам өмірінің мақсаты – Алланы тану және оған құлшылық ету. Демек адам өмірінің бақыты да Оның жарлығына сай өмір сүру арқылы жүзеге асады.

Исламда адамға деген көзқарас
Ислам діні ең алдымен адам мәселесін көтерді. Адамның осы дүниедегі алатын орны, оның жоғарғы сатыда жаратылғандығы, жер бетінде оның халифа болып аталуы, бұлардың бәрі де адам мәртебесін көтеріп әлеуметтік және жаратылыстағы мәнін ашуда. Дегенмен бұл мәртебені сақтап қалу тағы да адамның өз қолында екенін Құран бізге айтуда. Ислам дінінің қалыптасу кезеңіндегі ең басты мәселе, гумандықтың аяқ астында тапталуы еді. Ислам этикасы дінге негізделе отыра бұл мәселенің басын шешті. Ең алдымен әйелдердің беделін көтеріп оларды, ер кісімен тең ұстады. Сондай-ақ, бай мен кедей, араб пен ажам (араб емес), түріне, түсіне, мансабына қарамай Алла алдында тең екенін, арасындағы айырмашылықтың кісінің тақуалығы арқылы ғана екенін уағыздады.
Адамның ерік-қалауы мен ождан бостандығының ислам этикасында маңызы зор. Сондықтан да адам өз еркімен орындаған нәрсесі үшін ғана есепке тартылады, сондай-ақ, басқасы үшін ешкім жауап бермейді. Бұл тұрғыдан алғанда ислам этикасы христиан этикасынан ерекше. Адам дүниеге күнаһар болып тумайды. Ол дүниеге таза болып келеді де сана сезімі қалыптасқаннан кейін өз амалынан ғана жауапты тұтылады. Адам бұл дүниеде халифа болып жаратылды. Алла адамды өзіне құлшылық етуі үшін жаратты. Адамның да бұл дүниедегі басты міндеті осы әлемнің жаратушысын танып, оған құлшылық ету болып табылады. Адам бұған қабілетті де болып жаратылған. Басқа жаратылыстардан ерекшелігі оның атауларды білуі, ғылым-білім иесі болуы. Сол білімі арқылы адам өзінің қабілетін шексіз дамытып, дүниені танып сол арқылы Алланы да кеңінен таниды және оған құлшылық етеді. Бірақ адам осы бір жаратылу мақсатынан ауытқып, дүниелік істерменен шұғылданып оның артындағы жаратушыны ұмытып кетеді. Ислам этикасының да негізгі міндеті осы жерде қажет, яғни адамның жаратушысына деген қатынасын дұрыстау болып табылады.
Ислам этикасының христиан этикасынан ерекшеленетін жағы – күналардың кешірілуі мәселесі. Исламда біреудің күнәсын кешіру жоқ. Әркім өз күнәсын өзі жуу қажет, Құранда жамандықтан кейін жақсылық жасаңдар деген. Күнәның кешірілуі – істеген қателікті дұрыстап, тәубеге келіп, тікелей Алладан кешірім сұрау арқылы мүмкін. Сондықтан да адамға әрқашан өз күнәлары алдында үміт пен қорқу арасында болуы қажет. Алланын мейірімділігінен қол үзбеу және оның қаһарынан қорқу адамды тәубеге келтіріп, күнәлардан бас тартқызатын маңызды сезімдер болып табылады.
Ислам этикасы нақты шариғат нормаларына негізделген. Дегенмен исламда адамға күшінен асатын, орындауға шамасы келмейтін міндеттер жүктелмейді. Тіпті нақты тыйым немесе парыз болған жерде адамның оны орындауға шамасы келмесе онда ол талап одан босатылады. Мысалы доңыз еті харам, бірақ басқа жеуге ешнәрсе болмаса ол мубах (рұқсат) болады. Сондай-ақ, ораза ұстау шамасы келгендерге ғана парыз саналады.

Адамның өзіне деген көзқарасы
Адам осы өмірге жоқтан бар етіліп жаратылған. Бірақ ол өз-өзінің иесі емес. Оның иесі жаратқан Алла. Сондықтанда адамға берілген рух және тән аманат болып саналады. Адам өзінің материалдық және рухани болмысын әрдайым қорғап оған қиянат жасамауға тиіс. Өз-өзін азаптау, өз жанына қол жұмсау исламда ауыр күнә болып табылады. Ол қандай жағдайда жаратылса да (дені сау немесе мүгедек, сырқат, бай, кедей) өз жаратылысына шүкір етіп Аллаға разы болуы қажет.
Адамның адамға деген көзқарасы. Ислам этикасы қоғамдық тәртіпті сақтайтын барлық ережелерді өз мазмұнына дәстүр етіп алған. Адамның адамға деген көзқарасы қаншалықты дұрыс болса олардың өзара қатынасы да соншалықты дұрыс болады. Ислам діні ең алдымен адамның Алла алдындағы теңдігін уағыздайды. Екіншіден, әрбір тұлғаның қаны, жаны, мал-мүлкі, ар-намысы басқасына харам болып табылады. Оған қол жұмсау зұлымдықпен тең етілген.
2.Исламның жақсымен жаманға берген бағасы. Ислам дiнiнде «жақсылық» пен «жамандық» жайлы ұғымдарды анықтайтын көптеген аяттар мен хадистер бар. Бұл аяттар мен хадистердiң қоғамдық өмiрдегi тәрбиелiк мәнi ерекше. Адам жақсылықты сыртта емес, өзінде іздеуі қажет. Жақсылыққа қол жеткізу үшін «жақсы» болу қажет. Бұл мәселе мынадай аятта ескертілген. «Елді ізгілікке бұйырып өздеріңді ұмытасыңдар ма? Кітапты оқисыңдар, ойламайсыңдар ма?».
Сахабалардан Нәууас ибн Сәмған пайғамбардан «жақсылық» пен күнәнi сұрағанда: «Жақсылық» көркем әдеп, «жамандық» жүрегiңнiң ұнатпаған және адамдардың естулерiн қаламаған нәрсең» деп жауап берген.
Бұл хадистің анықтауы бойынша «жақсылық» пен көркем әдеп тең мағынада, яғни әдептi iстердiң бәрi де «жақсылық», ал кiмде-кiм қандайда бiр «жамандық» жасайтын болса, оны өзi де iштей сезiнiп, басқа бiреулерден iстеген жамандықтарын жасырғысы келедi.
Пайғамбар басқа хадисiнде де «Сендердiң ең қайырлыларың көркем әдептi болғандарың» деп, адамдарды көркем әдептiлiкке шақырған.
Құран кәрімде, ізгі істердің достастырушы, жарастырушы қасиеттері де белгіленген. Бұл жайында мынадай аят бар: «Жақсылық» пен «жамандық» тең емес. «Жамандықты» ең көркем түрде жолға сал. (жамандыққа қарсы жақсылық қыл) сол уақытта сенiмен екеуiң араңда дұшпан болған бiреу, өте жақын достай болып кетедi. Бұл қасиет, сабыр еткендерге ғана нәсiп болады. Сондай-ақ бұл сипатқа зор несiбелілер ғана ие бола алады».
Жақсылықты, көркемділікті эстетикада да байқауға болады: пайғамбардың бiр жасқа толмаған ұлы қайтыс болған еді. Оны жерлегенде қабiрдiң шетi кiшкене құлап түскен-ді. Пайғамбар қабiрге түсiп қолымен дұрыстағанда Сахабалар одан: Мұның мейiтке қандай да бiр зияны бар ма? -деп сұраған. Сонда Мұхаммед (с.а.с): «Бұдан мәйiтке зиян да жоқ, пайда да жоқ, бiрақ сендер бiр iс қылғанда ең жақсы түрде орындаңдар» деген.
Құран кәрiмде жақсы адамдар мынадай аяттармен белгiленген:
«Олар Аллаға, ахирет күнiне сенедi де дұрысқа қосып бұрыстан тосады. Сондай-ақ қайырлы iстерде жарысады. Мiне солар iзгiлер».
Жүздеріңді шығысқа, батысқа қарату бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ахирет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және жақындарына, жетімдерге, міскендерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға және құл азат етуге жақсы көре отырып мал сарып қылса, әрі намазды толық орындап зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі олар тақуалар.
Аталмыш аяттың мазмұнына қарай ислам дінінің жақсылыққа беретін түсініктемесін анықтауға болады. Біріншіден, ислам көзқарасы бойынша «жақсылық» таза діни дүниетанымдық сипатта болып, ислам негіздеріне болған имандылықпен көрінеді. Екіншіден, Құран кәрім жақсылықты әлеуметтік тұрғыдан бағалайды. Олар; өзара көмектесу, қарайласу, шапағаттылық болғаны сияқты, ауру, сырқат, соғыс т.б. әлеуметтік немесе жеке бастың қауіп-қасіреттеріне деген төзімділік пен шыдамдық.
Әбу Саид әл-Худри Пайғамбардан мынадай хадисті жеткізді: «Мұхаммед пайғамбар жолда отыруды тыйымдады. Сонда сахабалар:
– Әй Алланың елшісі онсыз болмайды ғой! -дейді. Сонда пайғамбар:
– Ондай жағдайда, жолдың ақысын өтеңдер – дейді. Сахабалар, жолдың ақысы не деген сауалға, пайғамбар:
– Көзді (харамнан) сақтау, (өткендерді) жалықтырмау, (жолаушыға) зиян бермеу, сәлемдесу, жақсылықты өсиеттеу, жамандықтан тыю, – дейді.
Бұл хадистен көп нәрсе алуға болады, оның мәдени-әлеуметтік мәні де ерекше. Адам баласына тек қана «жақсы» болу, ізгі істер орындау парыз емес. Бұны қоғамдық салада іс жүзіне асыра білу өте маңызды. Өйткені қоғам өрісінде «жамандық» болып жатса, оның зияны оған қатысы жоқ адамдарға да тиеді. Сондықтан да әрбір адам ахлақтың субъектісі ретінде оны орындау мен ғана шектелмей, оны дамытып, қоғам ішінде өсиеттей білуі қажет. Сондай-ақ жаман істер алдында адамның бейтарап болмауы қажет.
Араб тілінде «жақсы» және «жаман» ұғымдарын құратын көптеген діни категориялар бар. Олардың бәрі бір мағынада емес, сондай-ақ олар иерархиялық сипатта. Мысалы, жамандықты бейнелейтін «күнә» ұғымы парсы тілінен алынған сөз және Құдайдың әмiрлерiне қайшы келген iс-әрекет, дiни бiр айып, мағынасын бередi. Күнә сөзiнiң арабшадағы баламалары өте көп: зенб, исм, масиет, хата, сеийе, фаһише, кабиһа, зелле, фысқ, фужур, жүрм, сағира және кабира. Бұлардың iшiндегi ең үлкені болып есептелетiні «әл-кабира» деп аталады. Үлкен күнәлардың және олардың санын белгiлеу ислам ғалымдары үшін өте маңызды ізденіс болды. Бұл мәселе үлкен күнәнi жасағанның иманы қала ма, қалмай ма және қандай қылмыстар үлкен күнә болып саналады деген пiкiрталастарға әкелді. Үлкен күнәлар тоғыз, он, он екi екендiгi хадистерге негiзделiп белгiленгенмен, кейбiреулері мұның жетпiс, тiптi 476-ға дейiн көтерген. Олар: 1) Аллаға серiк қосу; 2) себепсiз адам өлтiру; 3) намысты әйелге жала жабу; 4) зина ету; 5) жау шапқыншылығында соғыстан қашу; 6) сиқыршылық; 7) жетiмнiң ақысын жеу; 8) әке-шешеге бас көтеру; 9) пара алу; 10) ұрлық; 11) есірткі, алкагольді iшiмдiк ішу.
Қорыта келгенде, ислам дiнiнде барлық жақсылықты бейнелейтін ұғымдар «иман» сөзiнiң аясына жинақталған. Ал жаман ұғымдары «күпiр» сөзiнiң аясына саяды. Дүниеде қандай да бiр жақсылық жасалған болса, ол имандылықтың белгiсi. Сондай-ақ қандай да бiр жамандық жасалған болса, ол да күпiрлiктiң белгiсi ретiнде қабылдануға тиіс.
Ислам құқығында имандылық немесе күпiрлiк түрінде белгiленген «жақсы» және «жаман» ұғымдары дәрежелерiне қарай бiр-бiрiне қарама-қарсы қойылады.
Имандылыққа жататын ең кiшi жақсылық мүстехаб (ұнамды iс-әрекет) сөзiне қайшы, күпiрлiкте ең жеңiл жамандық «мәкрух» (орындалуы ұнамсыз) сөзiмен белгiленген. Бұл ұғымдардың ең нақты және қатаң бұйрықтары мен тыйымдары да оппозициялық жүйе құрайды. Имандылықта «парыз» ең үлкен жақсылық болғаны сияқты күпiрлiкте оған қайшы ұғым ретінде «харам» (үлкен күнә, яғни ең үлкен жамандық) сөзі қолданылады. Бұл қарама-қарсы ұғымдардың ең соңғы шегi «тәухид» пен «ширк». Ислам дiнiнде жалғыз ғана Құдайға сенуден үлкен жақсылық болмағаны сияқты, бiр Аллаға серiк қосудан асқан үлкен күнә яғни, жамандық жоқ.
Бұл түсiнiктен иманды адамдар әрқашан жақсылық жасайды да, Құдайға сенбейтiндер әрқашан жамандық жасайды деген мағына шықпау керек. Бұл ұғымдар тек қана «иман» және «күпiр» ірі ұғымдарын құрайтын топтастырылған жүйесін көрсетеді. Ал негізінде, практикалық өмiрде ең кiшi жамандық, яғни мәкрух ретiнде қоршаған ортаны ластаған адамды «кәпiр» деп айыптау мүлдем дұрыс емес. Мұндайда оның iстеген әрекетi ғана имандылыққа қарағанда күпiрлiкке жақын iс деп бағаланады. Әрине, қоршаған ортаны ластағандықтан, бұл әрекет кiшi де болса жамандықтың бір түрі ретiнде күпiрлiктiң ең төменгi сатысына жатқызылады.
Сондай-ақ Мұхаммед пайғамбардың жолдағы жатқан тасты шетке алып тастау да «садақа» деп айтуы имандылықтың белгiсi ретiнде кiшi де болса жақсылық. Бұл да имандылықпен байланысты iс-әрекет ретiнде бағаланады.
Қуаныш Тоқсанбайұлы, дінтанушы

1 Құран Кәрім. Қазақша мағына және түсінігі. Аударған: Халифа Алтай. – Сауд Арабиясы: Екі харамның қызметкері фаһд патшаның Құран шәриф басым комбинаты, 1991
2 Рауая бинт Ахмад Абдулкарим әз-Заһар. Хуқуқу әл-инсан фи әл-ислам. – Жиддаһ: Дарул Мухаммади, 2003. – 360 б.
3 Ағдарбеков Т., Әлдайдар А., Алайдаров А.. Құқық негіздері. – Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 260 б.
4 Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» 2004. – 696 б.
5 Keskioğlu О., Fıkıh Tаrihi ve İslâm Hukuku, – Аnkаrа: Diyаnet İşleri Bаşkаnlığı Yаyınlаrı, 1999. – 336 s.
6 Калкаева Н. Б. Шариғат бойынша қылмыс пен жаза. – Алматы, 2010. – 18 б.
7 Мухаммад Садик Мухаммад Юусуф. Права человека в исламе. – М.: «Диля», 2008. – 288 с.
8 Сейітбеков С. Нысанбаев. М., Ислам әдебі. – Шымкент, 2003. –15 б.
9 Асылов Ұ. Даналардан шыққан сөз. – Алматы: «Мектеп», 1987. – 383 б.
10 Көлдейбекұлы Е. Ұлағат сөзім ұрпаққа. – Алматы: «Маржан», 1995. – 320 б.
11 Әбу Хамид әл-Ғазали, Ихия улуми әд-дин. – Бейрут: Дару әс-Садир, 2000. – 5 том.
12 Ахмед ибн Ханбал, Муснад. – Бейрут: Дару Садир. – 8 том.
(тағы басқа дерек көздеріне сүйеніп жазылған)

Сондай-ақ, оқыңыз

Сабыр мен байсалдылық

Пайғамбарымыздан қысқа да нұсқа жауаптар Бұл хадис Халид б.Уалидтен риуаят етілуде. Ол Хазреті Пайғамбарға  (с.а.с.) …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған