Білген Шайыр айтады

Мұхаммед-Ханафияға арналған дастандар

Бұл шығармалардың сюжетіне ислам дінінің басты тұлғаларының бірі – төртінші әділетті халифа, хазірет Әлидің ұлы – Мұхаммед-Ханафия ерліктері арқау болған.
Мұхаммед-Ханафия – тарихи тұлға. Ол шамамен VІІ ғасырдың орта шенінде дүниеге келіп, 700 жылдары қайтыс болған, мұсылман дінін орнату мен нығайту жолында көп тер төккен Пайғамбар ұрпақтарының бірі.
Дастанда оның батырлығы, ержүректігі кейіпкердің басты қасиеті ретінде баяндалып, батырдың тұлғасы дәстүрлі эпикалық канондарға сай сомдалған. Сондықтан шығармаларда көптеген ертегілік және эпикалық сюжеттер мен мотивтер тұрақты түрде қолданылады. Мысалы, Мұхаммед-Ханафия көптеген ертегі, эпикалық жырлардың кейіпкерлері сияқты ерекше жағдайда туылады. Болашақ қаһарманның дүниеге келу тарихын баяндайтын эпизодтар фольклортану ғылымында “ғажайып туу мотиві” деп аталады. Ертегі, эпос, дастандарда “ғажайып туу мотиві” кейіпкерді әсірелеу үшін пайдаланылатын көркем тәсілдердің бірі екені белгілі.
Осы мотивті жан-жақты зерттеп, дәлелді пікірлер айтқан ғалымдардың тұжырымы бойынша, “ғажайып туу мотивінің” дүниеге келуіне әсер еткен – матриархат, яғни “ана еркі” дәуірінде баланың тууына еркектің еш қатысы жоқ деген түсінік. Себебі байырғы адамдар “бала ғайыптан (күйеусіз, еркексіз) жаралады” деп ұғынған, мысалы: судан, дымнан, жемістен, күн сәулесінен, жұпар иістен, шаштан, түкіріктен, бояудан, жұмыртқадан, тұқымнан, жүректен, күлден, желден, көзден, т.б.
Кейінірек баланың дүниеге келуінің сырларына көз жеткен. Енді ертегі, эпос, дастанның кейіпкері ғайыптан жаратылған емес, ол – адамның баласы, оның әкесі белгілі, өз әкесінің заңды мұрагері. Бірақ ол болашақта бүкіл елді қорғайтын батыр, жалғыз өзі мыңдаған жауды қыратын алып, халықтың қиялы тудырған идеалы болғандықтан, оның туылуы да басқаша болу керек. Сондықтан болашақ кейіпкер дүниеге келер алдында міндетті түрде төтенше оқиға болады: баланың әкесі дүние салады; ата-анасы қуғында жүреді; күтпеген жерден жау шабады; анасы өліп, бала өлі шешеден туылады, т.т.
Демек, феодалдық дәуірде “ғажайып туу” мотивтерінің бірінші, яғни ең көне “ғайыптан туу” формасы күрделі өзгеріске ұшырайды да, жоғарыда көрсетілген түрлері мен мазмұнына сәйкес, “ерекше жағдайда туу” мотиві болып өзгереді. “Ерекше жағдайда туу” мотивінің екінші көрінісі – батырдың анасы жүкті кезінде, керемет аңның бауырына, өтіне, т.б. бір ерекше тағамға жерік болуы, кейіпкерге шешесі етіне жерік болған аңның қасиеті даруы. Сондықтан болашақ батыр арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, айдаһардай сұрапыл болады10.
Аталмыш мотивтің үшінші түрі: бала дүниеге ата-бабалар аруағының, кейінірек әулие, әнбиелердің көмегімен келеді, олар бала туғаннан кейін де оған жәрдем беріп, желеп-жебеп жүреді. Ал Мұхаммед-Ханафия діни дастанның кейіпкері болғандықтан, оның туылуына себепкер жағдайлар, сөз жоқ, діни мифологияның ықпалында болуы қажет. Айтқандай-ақ, мұнда Рұм қайсарының қызы Мұхаммед пайғамбарға өзінің өтінішін айтқанда, Пайғамбар ойланып қалады, сонда Алла Тағала Жәбірейіл арқылы хабар береді. Яғни, Мұхаммед-Ханафияның дүниеге келуіне себеп болғандар: Алла Тағала, Жәбірейіл періште, Мұхаммед пайғамбар.
Әрине, осындай “ерекше жағдайда” туылған баланың өсуі де ерекше: ол он жасында өз қатарынан күшті, алып, сонымен бірге Құранды жетік білетін болып өседі. Ол жалғыз өзі жаудың отыз мың әскерін қырады, ақырында қаһармандық жолмен, яғни қыздың алты ағасын жеңіп, үйленеді.
Сонымен, Мұхаммед-Ханафияға арналған дастандардың мазмұнын құрайтын сюжет пен мотивтер, эпизодтар төмендегідей: 1) кейіпкердің ғажайып жаратылысы; 2) батырға тән балалық шағы; 3) алғашқы ерлігі – сансыз көп жау әскерін жою; 4) қалыңдық үшін күрес және онымен қосылу; 5) қалыңдықты дәудің алып кетуі; 6) дәумен күрес, бас кейіпкердің жеңісі; 7) қалыңдықтың екінші рет жоғалуы; 8) дұшпандардың талқандалуы; 9) бақытты қосылуы.
Осы жіктеуден дастан фабуласының жалпы көрінісі, оны құрайтын мотивтер мен оқиғалардың орналасу тәртібі мен қаңқасы дәстүрлі эпикалық сюжетті құрайтындығы анықталып отыр. Әйтсе де, Мұхаммед-Ханафия эпостық жырдағы секілді туған жерін, халқын қорғамайды, оның негізгі мақсаты – ислам дінін тарату мен нығайту. Сонымен бірге шығармада басқа да көптеген ертегілік-эпикалық сюжеттер мен мотивтер кездеседі. Мысалы, “Үш жолдың қиылысы” мотивін алайық. Үш жолдың біріне қойылған тақтай ағашта “барса-келмес” деп жазылған. Мұның да өзіндік мәні бар. Мұхаммед-Ханафия қасындағы Хасен мен Хұсайын ағаларынан рұқсат сұрағанда “Мұхаммед Мұстафаның құрметі үшін” дейді. Ертегілерде де ең қиын сапарға, “барса-келмес” жолға кіші бала аттанады. Алайда оның ауыр да қатерлі сапарға шығуына әр түрлі жағдаяттар себеп болады, мысалы: бас кейіпкердің үлкен ағасы бұрын ғайып болады, не болмаса үлкен ағалары берілген тапсырманы орындамайды, т.с.с. Бұл дастанда да Мұхаммед-Ханафия – ең кіші бала, бірақ ол “барса-келмес” жолға сұранғанда “Мұхаммед Мұстафаның құрметі үшін” деп сұранады, яғни кейіпкер әрекетінің мотивировкасы басқа.
Жоғарыдағы аталған эпикалық мазмұндағы ірі мотивтер мен сюжеттерге қоса, дастандарда басқа да мотивтердің белгісі мол. Мысалы, Мұхаммед-Ханафия терең зынданға түсіп кеткенде, оны өзінің аты шығарып алады. Аты батырға арқан тастайды, Мұхаммед-Ханафия арқаннан ұстап жер бетіне көтеріледі. Бұл арада осыған ұқсас эпизодтың “Алпамыс” жырында ұшырайтынын айтсақ та жеткілікті. Мұның себебі, діни дастандар да, эпостық жырлар да қазақтардың бірыңғай эпикалық дәстүрінде дүниеге келіп отырғандығында.
Жоғарыда айтылғандар Мұхаммед-Ханафия бейнесі эпикалық канондарға сәйкес сомдалғанын көрсетеді. Соның нәтижесінде өмірде болған нақты тарихи тұлға дастан кейіпкеріне айналып кетеді.
Кеңес дәуіріне дейін осы сюжетке құрылған екі дастан Қазан қаласында басылып шықты:
һаза кітаб Мұхаммед-Ханафия. Алғаш 1882 жылы Қазан қаласында басылған.
һАЗА КІТАП МҰХАММЕД-ХАНАФИЯ

Мұхаммед Құдай досты, Пайғамбарым,
Құрбандық сол тақсырдан менің жаным.
Жарандар, хикаятын сөйлейін мен
Әли ұғлы Мұхаммед-Ханафияның.

Құданың Әли Хайдар Арысланы,
Алланың шын жаратқан данышпаны.
Айында мұхаррамның қылдым кеңес,
Көзіммен көріп тұрып бұл нұсқаны.

Жігіттер, тыңласаңыз менен назым,
Ағалар, айыптама ақылым азын.
Мұхаммед тақсыр Расул бір күндерде
Оқыпты-ау мәсжідінде таң намазын.

Махшарда жүрсек біздер оған еріп,
Тақсырдың алтын жүзін көзбен көріп.
Намаз оқып, батасын қылған екен,
Алдына бір ағраби келген кіріп.

Сол ағраби алдына барған кіріп,
Мұхаммед пайғамбарға сәлем беріп.
– Рұм шаһарын мұсылман қылып Әли
Келе жатыр, мен келдім соны көріп.

Ей, тақсыр, бер сүйінші сөзімді ұғып,
Үміт бар шапағаттан көңілім тоқып.
Бұйырды Пайғамбарым асхабтарға:
“Алдынан Әли ердің бәрің шық”, – деп.

Алдынан сахабалар шықты бәрі,
Келген соң есен-аман батыр Әли.
Мұхаммед пайғамбарға сәлем беріп,
Табылды ер Әлидің ынтызары.

Сөйледі көрген ісін бастан-аяқ,
Жылайды Пайғамбарым Әлиді аяп.
– Үйінде қайсар-патша бір қыз көрдім,
Оған нұр берген Алла аямай-ақ.

Шаһарына қайсар Рұмның барып келдім,
Бәрін де тура жолға салып келдім.
Жеті күн күрес тұтып, әрең жығып,
Сол қызды тірі байлап алып келдім.

Мұхаммед Хақтың досты алтын теңге
Олжасын бөліп берді қадим елге.
Сол қызды өз алдына шақырып алып,
Айтыпты: – Кір, балам, – деп, – ислам дінге.

– Ханафия – менің атым, атам қайсар,
Ап келді-ау асып күші Әли Хайдар.
Алайын тіліңізді қайт қылмастан,
Тапсаңыз менің көңілім, ей, Пайғамбар.

– Ей, қызым, мұсылман бол, тілімді алып,
Барғанда ақыретке – ұжмақ анық.
Кісіге көңілің сүйген сені қосып,
Берейін алтын сарай саған салып.

– Мен көрдім, хақ Пайғамбар, алтын жүзің,
Алдыңа ғаріп болып келген кезім.
Болайын пәк мұсылман тіліңді алып,
Үш ауыз қабыл көрсең айтқан сөзім.

Пайғамбар “сөзіңді айт” деп берген жарлық,
Түсіпті-ау қыз байғұсқа сонда зарлық.
– Кісіге көңілім сүйген қосар болсаң,
Қылмаса ол Фатима іші тарлық.

Әлиден басқа жанға атастырма,
Күндестік Фатимаға таластырма.
Ұл туса Мұхаммед деп атын қойсаң,
Ей, тақсыр, мені мұнан адастырма.

Пайғамбар тоқтай қалды қайран қалып,
Отырды басын тақсыр төмен салып.
Жәбірейіл жетіп келіп хабар берді:
– Иә, тақсыр, тұт қыз сөзін қабыл алып.

Жәбірейіл Мұхаммедке хабар берді,
Қуантты хабар беріп асыл ерді.
Есітіп Ханафия қыз Хақ жарлығын,
Шығарды һеш көңілінен жаман керді.

Болыпты қыз мұсылман айтып иман,
Той қылып хақ Мұхаммед жұртын жиған.
Некелеп ер Әлиге қызды қосып,
Ұл туып, Мұхаммед деп атын қойған.

Ат қойды бала туып Мұхаммед деп,
“Фатима қызым, бұған қыл құрмет” деп.
Төрт жыл, төрт ай болғанда бала өмірі,
Беріпті бір ұстазға “дін үйрет” деп.

Үйретті алиф-әбжад, иман-шарттан,
Кітап Құран тамамдап, өнері артқан.
Жеткенде он екіге ер Мұхаммед,
һәр түрлі өнері асты адамзаттан.

Көр имам бұл Ханафия-Мұхаммедті,
Бір Құдай берді өзіне көп нәубетті.
“Сахарасын Мәдиненің бір көрсем” деп,
Тілейді атасынан рұқсатты.

Рұқсат беріп ол Әли: – Бар, – деп айтты,
Мәдиненің жан-жағы тар, – деп айтты.
Майсара деген бар екен белгілі құл,
Арғымаққа ер-жабдық сал, – деп айтты.

Ат ерттеп құл Майсара даярлаған,
Қызметтен һәр уақытта аянбаған.
Көп дұшпан душар болса Хақ сақтар деп,
Сахараға жөнелмекке аяңдаған.

Ат мінді, киім киді жарақтанып,
Сахараға шықсам бір деп талаптанып.
Жас жігіт Хасен менен ол Хұсайын
Бұл сөзді есітіпті құлақтанып.

– Мұхаммед ол Ханафия аңға шықса,
Атам Әли Арыслан берді рұқсат.
Шығалық біз де, – депті Хасен батыр, –
Мұхаммед батыр бүгін түзге шықса.
Хасен менен Хұсайын екі батыр
Кәпірлерге түсірер заманақыр.
Рұқсат алып атасы Арысланнан,
Екеуі тағы түзге келе жатыр.

Мұхаммед-Ханафияға болды серік,
Атуға киік-құлан бұлар жерік.
Жөнелді сахарасына Мәдиненің,
Шекер-қант, бұл үш ұғлан бал мен өрік.

Қыдырған тау мен тасты дамыл алмай,
Үшеуі киік-құлан, аң таба алмай.
Айтады Хасен батыр екеуіне:
– Далада жатамыз ба үйге бармай?

Біз шықтық киім киіп, атқа мініп,
Еш нәрсе ала алмадық аңға келіп.
Ала алмай тірі тышқан, масқаралық,
Барамыз, ей, ағалар, елге не деп?

Біздерге құр қайтпақтық ар емес пе,
Бұ дүние баяны жоқ тар емес пе?
Үміткер бір Құдайдан бола қалған,
Жігіттер, әуел бастан бар емес пе?!

Үш батыр, жас жігіттер жөнге жүрді,
Басына бір үш жолдың душар келді.
Қасында тақтай тас бар бір құдықты,
Үшеуі тақтай таста жазу көрді.

“Оң жолға түскен адам келер қайтып,
Сол жақтағы жолменен жүрмес артық.
Орта жолға түскенді білуші Алла”,–
Сол тасқа жазылыпты былайша айтып.

Үшеуі қайран қалды мұны көріп,
Құданың құдіретіне көңіл беріп.
– Ағалар, бер рұқсатты Құдай үшін,
Бұ жолға барса-келмес кетсем жүріп.

Мұхаммед Мұстафаның құрметі үшін,
Рұқсат берсең сұраған сөзім үшін.
Барайын барса-келмес не ғажап жол,
Ағалар, Хақ жарылқап, келсе күшім.

– Осыдан қандай болар заманымыз,
Жақсы ғой һәр заманда аманымыз.
Бабамның атын атап сұраған соң,
Құрыды енді біздің амалымыз.

Болмаса жібермеске ыңғайланып,
Тоқтатып жүргізбеске ой ойланып.
Тілендің бабамды айтып, жолың болсын,
Аллаға қыл тәуекел бел байланып.

Мұхаммед ер Ханафия амандасты,
Көзінен қара нәркес төгіп жасты.
Хасен менен Хұсайын бірге жылап,
Үшеуі көп жыласып мауқын басты.

Арғымақ тер ағызды сауырынан,
Қара тас қалды жерде ауырынан.
Жөнелді іші күйіп асыл ерлер,
Айырылмақ қиын екен бауырынан.

Жөнелді ол Мұхаммед жолға түсіп,
Тілейді бір Құдайдан үлкен нәсіп.
Ол күн өтіп, түн бітіп, таң атқан соң,
Бір жерге түс уақтында келді кешіп.

Ойлайды үлкен түсте дем алмаққа,
Ілінер шортан балық жез қармаққа.
Ағашы ақық, лағыл, сүнбіл, райхан,
Келіпті бау-бақшалы бір шарбаққа.

Тұр екен бек ләззатты жеміс пісіп,
Суынан тоймас пенде қанша ішіп.
Бір шатыр орта жерде терегі алтын,
Шаһзада сол шатырға келді түсіп.

Ішінде сол шатырдың бір алтын тақ,
Үстінде бір шал отыр сақалы аппақ.
Кірпігі көзін жауып, мұрты-мұрнын,
Түсінен көрген шошыр, иә, Раббым Хақ.

Шаһзада қалды қайран соны көріп,
Шатырға кіріп барды сәлем беріп.
Көтеріп кірпіктерін көзін ашып,
Келгендігін сөз сұрады қайдан жүріп.

– Рұқсатсыз кіріп келген кім? – деп айтты,
Үмбет пе ең Мұхаммедке сен? – деп айтты.
Мұхаммед ер Ханафия мұны естіп,
– Үмбетпін Мұхаммедке мен, – деп айтты.

Ол кәпір, дінсіз малғұн кәпір екен,
Тағы да жұрттан асқан батыр екен.
Күзетіп Латғазы атты пұт-бұрхана,
Далада шатыр құрып жатыр екен.

Латғазы ауырлығы бір жүз батпан,
Алтын менен күмістен зинат жапқан.
Бұрынғы Шаддад патша заманында
Жиылып төрт жүз ұста әрең тапқан.

Өзінің бек айбатты қылышы бар,
Есепсіз алтын, гауһар, күмісі бар.
– Сәжде қыл бұрханыма, – дейді кәпір,
Болмаса кең дүниені қылармын тар.

Шаһзада мұны естіп пұтқа барды,
“Иә, Алла Акбар” деп шоқпар салды.
Пұт кетті быт-шыт болып қырық бір пәре,
Кәпірлерге “иә, малғұн” деп айқай салды.

Қылышын суырып алып шапты басқа,
Ол кәпір жасырынды қара тасқа.
Көзінен ғайып болып шаһзаданың,
Жөнелді көзі толып қанды жасқа.

Шаһзада тысқа шықса, кеткен кәпір
Жүгіріп құла түзге бара жатыр.
Атына міне сала айғай
Кәпірді қуып келді-ау Имам батыр.

Артына кәпір малғұн қарай салып,
Келетін шаһзаданы білді танып.
“Хақына Құдайыңның қоя бер, – деп,
Өлтірмей жібер”, – депті бек зарланып.

Құдайды жад қылған соң қоя берген,
Шатырға Имам батыр қайтып келген.
Ол кәпір қашып барып өз елінен
Отыз мың жау-жарақты алып жүрген.

Отыз мың ләшкер жиып алып жүрді,
Келеді майыстырып қара жерді.
“Бұ қалай кеп болды?” деп Имам батыр,
Мінді де ат үстінен қарап тұрды.

Келеді ауыр ләшкер қара мұнар,
Түтігіп отыз жерден қызыл шынар.
Шаһзада сабыр қылып тұрды қарап,
Бұл заман қайсымызға ақыр болар.

Отыз мың ләшкер келді шеру тартып,
Бәрінен шаһзаданың қуаты артық.
Ішінде бір кәпір тұр бек айбатты,
Ләшкерден жиырма кез бойы артық.

Кәпірлер қамал қылды-ау миллион сан,
Қараңғы бұ дүниені қаптады шаң.
– Кәпір көп, мен жалғызбын, бұ қалай? – деп,
Шаһзада өзіне-өзі қалады таң.

Кәпірде бар палуан Таһмас атты,
Келбеті адам емес, дию сипатты.
Ашуы көкірегінде оттай жанып,
Майданға аяқ басып шеру тартты.

Найзасын қолына алды жүз жеті кез,
230 Қырық кез алмас қылышы бек өткір тез.
Күрзісі – екі жүз пұт, садағы – алпыс,
Сипатын Таһмас кәпір есітіңіз.

Атына қамшы басып майдан кірді,
Шаһзада мұны көріп қарсы жүрді.
“Жылдам жүріп патшама бас қойғыл” деп,
Ақырып хайуан сипат жетіп келді.

– Жігітің сөзің тұтып бел байласын,
Қолына жиып күшін бек әйласын.
Мен сені бөздей жыртып жіберейін,
Кәпірлер бұ қалай деп ой ойлансын.

– Ей, кәпір, былшылдадың не деп жаңа,
Күшті берген маған артық Хақ Тағала.
Есітіп кәпір мұны ұмтылады,
Қылам деп қылыш шауып қырық пәра.

Қылышпен сермеді найзасына,
Қараңыз Имам батыр айласына.
Найзасын тартып алып аспанға атып,
Кәпірдің енді ұмтылды пайдасына.

Көтеріп ат үстінен алды тұтып,
Лақтырды аспан-көкке қаһар етіп.
Қолымен қағып алып Таһмас ерді,
Жіберді екі жаққа бөздей жыртып.

Таң қалды кәпір елі мұны көріп,
Ішіне бәрінің де қорқу кіріп.
Жалғызы кіре алмайды майдан жерге,
Қалған соң Таһмас батыр былайша өліп.

Шаһзада айғай салып ақырады,
Дауысын кәпірлерге батырады.
– Тастайын жүндей түтіп желге ұшырып,
Біреуің кел шапшаң, – деп шақырады.

Кәпірлер бара алыспай қарап тұрды,
Патшасы “бірің бар” деп айтып көрді.
Әбден тілін кәпірлер алмаған соң,
Майданға бармайсың деп көбін ұрды.

Ұрғанымен майданға келсін нағып,
Шаһзада асыл болат түскен ағып.
Бар екен Имлақ атты бір палуан,
Патшасы бұйырады соған бағып.

Майданға әрең басып Имлақ кірді,
Ағызды қиналғаннан ащы терді.
– Кімсің сен, баян қыл, – деп сұрағанда,
Сол Имлақ шаһзадаға жауап берді.

– Шаһарым Ғамад атты, шаһым – Қатыран,
Атым – Имлақ, атам-дүр Аршуин хан.
Жүр едің мені білмей өзің қайда,
Ғаламға атым шыққан палуанмын.

– Батырдың талай сендей шыққан аты,
Аршуин – Хамза ағамның азаматы.
Сен дағы бол мұсылман, түбің жақын,
Кеудеңде Хақтың бар-ды аманаты.

Есітіп кәпір [сонда] қатты күлді,
Жұмсақ сөйлеп тұрғанға осал білді.
Қылышын қынабынан суырып алып,
Ол Имлақ шаһзадаға ұмтылды енді.

Ақырып, хайуан доңыз шапты қылыш,
Аз ғана шаһзадамен қылып ұрыс.
Қылышпен шапқанына неге болсын,
Болат қой ойып түсер асыл құрыш.

Найзасын тартып алып аспанға атты,
Астында көп кәпірлер өліп қапты.
Көтеріп ат-матымен ұрып жерге,
Іс қылды Имлақ итке сондай бапты.

Аттан жүрді батыр жерге түсіп,
Қуанып бұл шаттықтан көңілі өсіп.
Кәпірдің кеудесіне мініп алды,
Бәлемнің алайын деп басын кесіп.

– Мұсылман тілімді алып бол, – деп айтты,
Құдайға сен боласың құл, – деп айтты.
Мұхаммедке үмбеттік іс қылмасаң,
Кесермін тап басыңды сол, – деп айтты.

Жанынан қылыш көріп кәпір қорықты,
“Мұсылман боламын” деп тілге кепті.
“Болам, – деп, – пәк мұсылман” жалынған соң,
Шаһзада басын кеспей тұра кепті.

Қорыққаннан мұсылмандық Имлақ тапты,
Шаһзада ісін көріп иман айтты.
– Сен болсаң пәк мұсылман, тілімді алып,
Патшаңа барып кел деп елші сапты.

Мұсылман болсын, деп айт, кәпір бәрі,
Шаһардан қалмай бірі тапты кәрі.
Болмаса пәк мұсылман осы жерде,
Құтылмас қылышымнан кәпір жаны.

Қуанып Имлақ барды патшасына,
Айласын есіттірді баршасына.
“Жарайды, жалған алдап сөйтейік” деп,
Бәрі де таң қалыпты айласына.

– Палуанның Әли деген баласы екен,
Мәдине ата-жұрты қылған мекен.
Ұрысып мұныменен шыдамассыз,
Осылай айла қылсақ болмай ма екен.

Алданып бізбен бірге барса шаһар,
Қисабын таппаймыз ба беріп заһар.
Ұрыссақ таң атырып, күн шығармас,
Біздерден қоймас тұқым, қылса қаһар.

Деп Имлақ бастан-аяқ сөзін айтты,
Көндірді айласына жамиғатты.
Бұ сөзді есіткен соң барша кәпір,
Қараңыз, тамашасын енді қайтті.

Кәпірлер патшасы бас бәрі келді,
Қол қусырып Имамға сәлем берді.
Мұсылман болып үлкен-кіші, бәрі,
Шат қылды жалған алдап есіл ерді.

– Біз болдық пәк мұсылман тіліңізбен,
Жығылдық аяғыңа елімізбен.
Қатын-бала, үйдегі жамиғатты,
Көрсеңіз үй, ордамыз жерімізбен.

Деген соң, Имам батыр жарар дейді,
Бұ жалған пәни бізден қалар дейді.
Шаһарға алып жүрді көп кәпірлер,
Айламыз біздің осы жарар дейді.

Кіреді Имам батыр шаһар елге,
Кәпірлер түсіреді қиын жерге.
Түкпірде алтын үйдің болат сарай,
Кіргізді шаһзаданы қамау жерге.

Жайылып жастық болды, иіліп төсек,
Қамаған Арысланды-ай кәпір есек.
“Су бер” деп шөлдегеннен сұрағанда,
У салып су беріпті жалғыз кесек.

Шаһзада кесемен су қолына алды,
350 Ішер-ішпес болды да ой ойланды.
Кәпірлердің ісіне қайран қалып,
Отырып өз-өзінен ғажап қалды.

Имлаққа бұйырыпты “іш, – деп, – өзің”,
Имлақ сонда есітіп не дер сөзін.
– Иә, тақсыр, неге ішпедің сұрап алып,
Сарғайған шөлдегеннен көзің-жүзің.

– Иә, Имлақ, ішпегенім сөзімді есті,
Палуан атам Әли болған күшті.
Ас ішсең, үй иесіменен іш деп,
Атамның айтқан сөзі еске түсті.

Әуелі өзің ішіп, бергіл маған,
Қолына бұл кесені Имлақ алған.
Жіберді суды төгіп кеседегі,
Жығылған болып Имлақ сонда жалған.

Шаһзада бұл кәпірдің сырын білді,
Ішіне қайғы пікір дәйім кірді.
Білген соң дәм татпасын шаһзаданың,
Имлаққа Қатыран патша не дейді енді.

– Имлақ, сен дос болдың ғой әуел барып,
Еркіңе жүрер болса тіліңді алып.
Басына мұнараның шығып тұрып,
Қара, – деп айт, әр жаққа көзің малтып.

Бұл Имлақ шаһзадаға келді тағы,
Шаһзада құс сықылды қапастағы.
– Иә, тақсыр, көңіліңізді көтеріңіз,
Шаһардың тамаша-дүр әрбір жағы.

Басына мұнараның шығып тұрсаң,
Атырабын бұл шаһардың тамам көрсең.
Қайғылы көңіліңізді ашып біраз,
Тамаша бір азғана сейіл құрсаң.

Шаһзада жарайды деп ұнатыпты,
Түн өтіп сол уақытта таң атыпты.
Басына мұнараның шығып тұрып,
Жан-жаққа Имлақ малғұн қаратыпты.

Кәпірдің бұл қулығын білмес ұғып,
Имлақ тұр айла жасап, төмен бұғып.
Шаһзада қарап тұрса айдалаға,
Бір жерден жатыр будақ түтін шығып.

Сұрады: – Қап-қараңғы түтін не? – деп,
Будақтап шыққан түтін не деген көп.
– Бір диюдың хан Сүлеймен заманында,
Сөйледі Имлақ: сушының мекені, – деп.

Қараса бір жағына Имам батыр,
Бір қала көріпті алтын шатыр.
Жан-жағы, айналасы – бәрі әйбат,
Оты лаулап ортасында жанып жатыр.

От жанар [кейде] биік, кейде төмен,
Шарбаққа біткен ағаш терек, емен.
Имлақтан қасындағы және сұрап,
– Білдірші, дәу жанған бұл не? – деген.

Бұл қалай алтын шатыр көзге түскен?
– Бір батыр Жамһұр атты онда деген.
Жамһұрдың қарындасы бар, – деп айтты,
Соған ғашық бірқатар жан, – деп айтты.

Ол Жамһұр жеті ағайын, бәрі палуан,
Шарбағы ағаш өсіп сыймас сепкен.
Келе алмас Жамһұр ерге пар деп айтты,
Ол дию дағы ғашық болып жүреді екен.

Жамһұрдан жан қорқады сырын білсе,
Әрқашан жеті ағасы түзде жүрсе.
Қыз ғаріп от жағады отын өртеп,
Дию малғұн келмесін деп отты көрсе.

Сөйлейді Имлақ батыр сөзін ашып,
Ерлікті жеті ағасы қылған машық.
Есітіп Имам батыр үшбу қызды,
Сыртынан көз көрмей-ақ болды ғашық.

– Алып бар бастап жолды, Имлақ, – дейді,
Біздерге бармай не бар тұрмақ, – дейді.
Имлақ тұрып айтады: – Иә, шаһзада,
Жол бастап жібереміз бірақ, – дейді.

– Жіберсең салып мені тура жолға,
Барайын, Хақ тәуекел, мен дағы онда.
Тез баста тура жолға, Имлақ мырза,
Тоқтатып көңілімді сен қапа қылма.

Ерттеді шаһзаданың мінер атын,
Даярлап қылды бейжай қызмет хақын.
Атына мініп алып қамшы басып,
Көрінген сол қалаға келді жақын.

Бау-шарбақ айналасы аққан бұлақ,
Шарбақтың ортасында жанған шырақ.
Орданың есігінен кіріп барды-ау,
Адам жоқ, білсін жайын кімнен сұрап.

Бір бұлақ суы тұнық ағып жатыр,
Қасында бір бәйтерек, сыпа тас тұр.
Жіберіп атын отқа шөп жесін деп,
Отырды ол сыпаға Имам батыр.

Ол Жамһұр өзі батыр, мерген екен,
Бәрі де аңға шығып жүрген екен.
Қыз байғұс есігінен қарап тұрса,
440 Құдайым оған хабар берген екен.

Түсінде үш күн бұрын көрген екен,
Отырған шаһзаданы көрген екен.
“Бұл нағып келген мұнда адамзат?” – деп,
Қасына шаһзаданың келген екен.

– Ассалаума ғалейкүм, әй, жанар көз,
Атаңды мұнда кетіп қылдың далсыз.
Мұхаммед Мұстафаның өгей ұғлы,
Хал-хабар нешік, қорықпай келдіңіз сіз.

– Қорықпадым берген соң Құдай жәрдем,
Мұхаммед бабам, атам Шаһимардан.
Шекерден сөзің тәтті, бек ләззатты,
Сырымды білдің қайдан, әй, күләндам?

– Мен танып келбетіңді келіп едім,
Құрметтеп, танып сәлем беріп едім.
Түсімде ұйықтап жатқан үш күн болды-ау
Мұхаммед пайғамбарды көріп едім.

Сөйледі: болғыл маған шын үмбет, – деп,
Бір жігіт келер есімі – Мұхаммед, – деп.
Мен сені қостым соған, қызым, – дейді-ау,
Сол жігіт келе қалса, қыл құрмет, – деп.

Өз атым – Зейнүлараб, Жамһұр ағам,
Атақты Рүстем-Дастан өткен бабам.
Ол Рүстем Зал баласы батыр өткен,
Қосылмас перілерменен нәсілі адам.

Ешкімге бермес мені ағаларым,
Төгетін ерегіссе дұшпан қанын.
Түсімде хақ Мұхаммед білдірген соң,
Сіз болдың жатсам-тұрсам ынтызарым.

– Түсіңде көрген жігіт мен бе, – дейді,
Бұ сөздің жалғаны жоқ, шын ба, – дейді.
Қалайша білдірді екен хақ Пайғамбар,
Сөзіңе нана алмадым мұнда, – дейді.

Ибраһим ол пайғамбар өткен халил,
Сақтаған жанған оттан Кәрім, Жалил.
Құраннан қирааттап оқып аят,
Келтірді сөзіне аят дәлел.

– Сөзіңе енді нандым дәлел естіп,
Сұрадым бір Құдайдан қуат күштеп.
Кеткенде ағаларың аңға шығып,
Тұрасың бұл шарбақта не іс істеп?

– Аң қуып ағаларым кетті түзге,
Оңаша берді Құдай нәубет бізге.
Кетелік келмес бұрын жабдықтанып,
Әй, батыр, болса мақұл дініңізге.

– Әуелде – Рахман, сіз көрдің бе түс,
Үйіңде отыр барып бұ күні кеш.
Далада мен жатамын сабыр әйлап,
Бұл қылық – ата-бабам қылмаған іс.

Сөйлесіп бұлар мұнда құрды сейіл,
Мінезі шаһзаданың сондай зейіл.
Алыстан жеті кісі келе жатыр,
Қыз байғұс қайтты көріп үйге кейін.

Үйіне қыз жөнелді қадам басып,
Мұхаммед-Ханафияға амандасып.
Бәрі де ағалары үйге келді,
Шаһзада қысылмайды қорқып-сасып.

Баршасы өтіп үйге жүре берді,
Көрмеді-ау сыпадағы тұрған ерді.
Біреуі кейін түсіп қалып еді,
Отырған шаһзаданы көзі көрді.

Айбаты Арысландай хош көрінді,
Хабарсыз, еш қауіпсіз бос көрінді.
Жүрегі жақындады жарыларға,
Көзіне қорыққаннан қос көрінді.

Үйіне жетіп келді жылдам басып,
Сарғайып өне бойы өңі қашып.
– Қасында аққан бұлақ бір жан көрдім,
Айбаты бұ ғаламнан кеткен асып.

– Өзіңді жын соқты ма мұнша қорқып,
Көзіңе көрінгеннен қашып-үркіп.
Жұмсады Жамһұр батыр бір інісін:
– Алып кел, бәлемнің сесін құртып.

Айырылған ақылынан адам дағы,
Бұ, шіркін, мұнша қорыққан жаман дағы.
Кім дейсің мұнда келген жапа-жалғыз,
Азулы едік қой біз замандағы.

Деп жөнелді біреуі мақтанғансып,
Қолына қылыш, найза ұстанғансып.
Келбетін шаһзаданың көріп жүріп,
Тұрыпты бармай кейін сақтанғансып.

– Неғылған адам едің есер, – дейді,
Қылышым жалғыз шапсам кесер, – дейді.
Азатқа Арысландар душар болса,
Бәрі де һәлакатқа түсер, – дейді.

Айтамын саған сөзді ішім еріп,
Жамһұрға көрінсең деп жылдам жүріп.
Тез жүріп бағынбасаң қол қусырып,
Көзіңді жойылтармын жазаң беріп.

– Жатырмын бұл бұлақты дария Ніл, – деп,
Сен тұрасың нені үйретіп маған біл, – деп.
Құлағым естімейтін саңырау еді,
Көрсетті ол құлағын, – бермен кел, – деп.

Екен деп анық саңырау басынады,
Беліне алмас қылыш асынады.
Ұмтылып маңайына келгеннен соң,
Қуатын енді батыр асырады.

Найзасын әуел баста тартып алды,
Бек байлап, өзін жерге бүктеп салды.
Ағашқа таңып қойып алақтатып,
Осындай мақтаншағың дертке қалды.

Кешікті кеткен батыр келмей-келмей,
Жамһұр отыр бұл істен хабар білмей.
Жіберді тағы дағы бір інісін:
– Кешігіп қала көрме бәрің бірдей.

Ол дағы жетіп келіп айғай салған,
Шаһзада саңыраумын деп шақырып алған.
Бәрін де осылай ұстап байлап қойды,
Келмеген енді мұнда Жамһұр қалған.

– Не болды бәріне де бірі келмей,
550 Біреуі келіп мұнда хабар бермей.
Қара деп қорқақ ерге жұмсап еді,
Көрсе қорқақ: тұтылған бәрі бірдей.

Қорқақ көріп Жамһұрға қайтып барды,
“Бәрі де байлаулы” деп айтып барды.
“Япырым-ау, бұл не қылған жан еді”, – деп,
Ол Жамһұр үйде отырып қаһарланды.

Атына міне сала шауып келді,
Байлаулы көрді ағашта өңшең ерді.
– Байлаған мұның бәрін сен кім едің,
Қылайын мекен саған қазған көрді.

Деп ұмтылды найзасын қолына алып,
Белде – қылыш, иініне қалқан салып.
Ат үстінен көтеріп батыр пілді,
Шаһзада жықты жерге басып қалып.

Мініпті кеудесіне “мені көр” деп,
– Кел, батыр, өліп кетпей дінге кір, – деп.
Махшарда сегіз ұжмақ болса үмітің,
Айт, бәлем, Мұхаммед хақ, Құдай бір, – деп.

– Хақтығы дініңіздің кетті басып,
570 Болмаса шықпас едің күшің асып.
“Лә иләһа илла Алла” иман айтып,
Кіріпті тура жолға көңілі асып.

Байлаулы ердің бәрін шешіп алды,
Мұсылман һәммалары болып қалды.
Бірігіп ойнап-күліп қуанысып,
Шаһзадаменен бәрі үйге барды.

Ас жесіп шаттық етіп, кеңес құрып,
Сөз сөйлеп насихаттан хабар беріп.
– Иә, тақсыр, иман үйрет бұған да, – деп,
Келтірді қарындасын Жамһұр тұрып.

– Сөйлейін, әй, ағалар, ішкі сырым,
Мұсылман болып едім мұнан бұрын.
Төртінші күн болыпты ойлап тұрсам,
Көргенім хақ Мұхаммед раушан нұрын.

Келерін бұл жігіттің білдіргені,
Қуантып түсімде сол күлдіргені.
“Фаинкаху ма таба” деп ол Хақ Расул,
Осылай дәлел аят ендіргені.

Құраннан аят айтып қыз отырды,
Шын деп мұның сөзін бәрі білді.
Имамға Зейнүлараб қызды қосып,
Оңаша екеуіне сарай берді.

Отырды оңашада енді бұлар,
Секілді Сейфүлмәлік ғашық олар.
Дүниеден арманда боп кетті ме екен,
Осындағы дәурен көрген аһи солар.

Кітаптан көп риуаят сөз білінді,
Қызықты қыздың сөзі тез білінді.
Ұйықтамай көптен бері талып жүрген
Аз ғана шаһзаданың көзі ілінді.

Сол қыздың тізесінде жатқан басы,
Адамның байқап тұрсаң оңай қасы.
Аңдып жүрген дию малғұн душар келіп,
Қызды көріп төгілді көзден жасы.

Жөнелді қызды дию алып ұшып,
Сүйенген бас қалыпты жерге түсіп.
“Мені дию алып кетті” деп ат ұстаған,
Есітіп тұра келді-ау батыр шошып.

Айырылып ғашығынан қапы қалды,
Сол жерде күйіп-жанып қапаланды.
Жөнелді түн ішінде атқа мініп,
Қыз үшін ғаріп жанды отқа салды.

Бұл істен қалды Жамһұр хабар білмей,
Шаһзада келе жатыр дамыл көрмей.
Үйінен жүгіріп Имлақ қарсы шықты,
Келді деп шошып қалды-ау нағып өлмей.

Алдынан жүгіріп Имлақ қарсы шықты,
“Тұр шапшаң, атқа мін” деп бұйырыпты.
– Осындай жол жоғалтып сәркарданмен,
Көрсетші диюдың жайын маған, – депті.

– Иә, тақсыр, түн ішінде жүрмеңіз сіз,
Таң атқан соң көрсетіп жіберерміз.
Шаһзада ашуланып ақырады:
– Бастап жүр, былшылдамай, бол шапшаң, тез.

Қорыққаннан Имлақ бастап жүрді дейді,
Қараңғы түнде жолға кірді дейді.
Таң атып күн шығатын мезгілінде,
Қазандық қара жерге келді дейді.

Құдық бар терең шыңырау ауызында,
Аузының айналасы алпыс құлаш.
Қақпақ тас сол құдықта бес мың батпан,
Көтеріп лақтырады шаһзада жас.

Бұл іске Имлақ малғұн қалды қайран,
Шаһзада байқамайды, көңілі ойран.
Беліне темір арқан мықтап байлап,
Түсуге енді ішіне көңіл қойған.

– Иә, Имлақ, тұрамысың арқанды ұстап,
Нетесіз, күшім жетпес, мені қыстап.
Баяғы тасты ап келіп қайта қойды,
Құдыққа жөнелгелі өзін тастап.

Бекітті арқан ұшын тасқа байлап,
– Құдықта білдіремін үш айғайлап.
Ең соңғы айғайымда тарт арқанды,
Ақылмен сол айғайды өзің ойлап.

Құдыққа осылай деп түсіп кетті,
Түбіне бір күн, бір түн әрең жетті.
Түскен соң жоғарыдан миы айналып,
Аз ғана көз қарайып, есі кетті.

Бір уақытта есін жиып, көзін ашты,
Екен деп ойланыпты шын албасты.
Бойы бар алпыс құлаш, кеудесі зор,
Құрулы көрді төрде сыпа тасты.

Басына жастанғаны сандық темір,
Сықылды диюдың өңі қара көмір.
Теректей аяқтары, мұрны – үңгірдей,
Қасында не болады-ау өткен өмір.

Сандықтың сол ішінде Зейнүлараб,
Ішкені дию малғұнның – арақ-шарап.
Дию ұйықтап жатқанда қыз жылайды-ау,
“Құтылар күн бар ма, – деп, – иә, Аллалап”.

Сондағы жылағанда қыз не дейді:
– Құдай-а, қылдың мұндай бізді, – дейді.
Тар қылып дүниені бір сағатта,
Сарғайттың қызыл гүлдей жүзді, – дейді.
Әлидің сүйер ұлы – ғашық жарым,
Көремін бе ол гауһар көзді, – дейді.
Нағылсын іздеп бізді қиын жерден,
Күдерін бір келмей-ақ үзді, – дейді.
Сол бауырым білмей қалды-ау ағам Жамһұр,
Бір сағат қоймас еді бізді, – дейді.
Мұхаммед-Ханафиядай жан-жанайым,
Дариға-ау, көремін бе сізді, – дейді.
Айырылып ғашығымнан қолға түсіп,
Бәләсі бір Алланың тез-ді, – дейді.
Келсін деп сәлем айтсам ғашық жарға,
Бұл хабар кім жеткерер сөзді, – дейді.

Шыбын жан неге жүрген Құдай алмай,
Пендесін жаратпаған қайғы салмай.
Жылаған қыздың сөзін естіген соң,
Шаһзада жүрді төрге шыдай алмай.

Қылышын қынабынан қолына алды,
Бек қатты күшін жиып, қаһарланды.
Шаһзада ақырғанда айбатымен
Көтеріп басын сонда дию оянды.

Ақырып тұра келді, қолда тасы,
Сықылды үлкен таудай диюдың басы.
“Үйіме сұраусыздан келген мұндай,
Түйдің ғой бір шыбындай жаның қасы”.

Қолына бір тас алды бес жүз батпан,
Лақтырып шаһзадаға тасын атқан.
Шаһзада тасын қағып қолыменен,
Басына дию-малғұнның қылыш шапқан.

Кесілді диюдың басы қылыш тиіп,
Жаратқан шаһзаданы Құдай сүйіп.
Айғайын шаһзаданың естіп-біліп,
Имлақ тұра алмады іші күйіп.

Шаһзада “арқан тарт” деп айғай салды,
Дию малғұн қаза жетіп өліп қалды.
Сандықты байлап жіпке жібергенде,
Суырып Имлақ кәпір тартып алды.

Сандықтың аузын ашып қызды көрді,
Көңліне Имлақ ердің шайтан кірді.
Қолыма қалағаным түсті ғой деп,
Қуанып алып қашып жүре берді.

Құдыққа арқан түспей қалды тыста,
Атар таң, шығар күн жоқ бұл байғұсқа.
Айырылып ғашық жардан соры қайнап,
Құдықта жылап-налып қалды босқа.
Әлі тұр арқан қашан келеді деп,
Ойлаған Имлақ малғұн өледі деп.
Келмеді арқан қайта, күн кеш болды,
Отырды Құдай жәрдем береді деп.

Кешке шейін отырды арқан келмей,
Тамаша-қайран қалды хабар келмей.
Бәрінен өлі айырылмай, тірі айырылған,
Күйікке қалды батыр екі бірдей.

Құдықта қалды батыр қылып зары,
Хабарсыз үйде жайға жатыр Әли.
Бұл істен хабар таппай қалды жылап,
720 Ханафия, ол Фатима аналары.

Хасен менен Хұсайын екі ағасы,
Төгілді дін мұсылман көзден жасы.
Мұхаммед-Ханафиядан хабар таппай,
Жылайды-ау сонда зарлап ата-анасы.

Құдықта жатып Имам бір түс көрді,
Көзіне жылаған соң ұйқы кірді.
“Иә, балам, қайғырмағын, шығарсың”, – деп,
Сол келіп хақ Пайғамбар хабар берді.

Қуанды көргеннен соң мұндай түсті,
Жасынан зарлықпенен ғұмыр кешті.
Оянып тұра келсе ұйқысынан,
Құдыққа арқан келіп өзі түсті.

Қуанып Имлақ кете барған екен,
Арқанды аты келіп салған екен.
Құдайым құдіреті себепші болып,
Арқанды аты келіп салған екен.

Шаһзада арқан ұстап талпынады,
Ұмтылып қатты шаршап алқынады.
Ұмтылып Имамзада келе жатса,
740 Ат байғұс сол арқанды тартынады.

Құдықтан Құдай оңдап шықты батыр,
Қызды алып және кетті Имлақ кәпір.
Не болса да сонымен болайын деп,
Шаһзада ашуланып келе жатыр.

Көзіне келе жатса көрінді шаң,
Сол шаңнан көрінеді бір жеті жан.
Қараса батыр Жамһұр ішінде бар,
Жолығып амандасып таңға қалған.

– Келесіз қайдан жүріп, әй, шаһзада,
Бір шыбын жолыңызда жаным пида.
Құтылып диюдан аман қайтқаныңыз,
Сақтаған сізді мұндай патша Құда.

– Ізденіп диюға таман барып едім,
Өлтіріп қызды одан алып едім.
Сандықпен тысқарыға шығарған соң,
Кешігіп арқан түспей қалып едім.

Қасымда кәпір Имлақ жолдас еді,
Маған қас, шын мұсылман қылмас еді.
Берген соң Құдай жәрдем әрең

Бұ көңлім мақсұт таппай тынбас еді.

Есітіп таңға қалды дию өлгенін,
Имлақтың шаһарына жол жүргенін.
Сегіз ер келе жатып ат ойнатып,
Сөйлейін енді түзде шаң көргенін.

Екі адам шаң ішінен көрген анық,
Мұхаммед-Ханафия тұр көзін салып.
“Екі ағам, жан жігерім келеді” деп,
Алыстан Имам батыр білді танып.

Хасен менен Хұсайын батыр екен,
Жаяу тұрып шаһзада сәлем берді,
Өне бойы ойлаған ақыл екен.

Амандасып, көрісті енді бұлар,
Зарлығына есіткен пенде жылар.
Әли келіп ләшкерлермен жатыр екен,
Қосылып қуанып жүрді-ау солар.

Ғамас, Қатыран шаһарын Әли қамап,
Жатыр екен соғысқа қылып талап.
Намазшамда ләшкерге жетті бұлар,
Тамашасын солардың білмес қарап.

Келіп сәлем беріпті Әли ерге,
Мұңын шағып бас қойып қара жерге.
Бастан өткен сөйледі хикаятын,
Жамһұр дағы жылайды жүрген бірге.

Есітіп батыр Әли қайран қалды,
Сөзіне баласының ғажаптанды.
“Қайғырма, ғаріп балам, оның үшін”,
Деп сөйлеп жалғыз өзі кете барды.

Тапсырды Мәлікаждарға сан мың қолды,
790 Жөнелді жалғыз өзі кезіп жолды.
Күні-түні басылмас қайғы-уайым,
Қайғысы шаһзаданың Имлақ болды.

Шаһарға батыр Әли барып кірген,
Ешкім көрмес өзін, ол бәрін көрген.
Аралап шаһар ішін тамаша етіп,
Имлақтың сарайына түзу жүрген.

Келеді батыр Әли Хаққа жылап,
Қыз отыр қапастағы нағып шыдап.
Көрген соң Зейнүлараб қызды Әли,
800 Тоқтады білейін деп мұны сынап.

Бір уақта кәпір Имлақ қызға келді,
Ақырын қол ұзатып сөзге келді.
Қыз жылап Құдайына жалбарынды-ау:
– Бұл кәпір не бетімен бізге келді.

Құдай-а, құдіретің кең, бұл не бәләң,
Басыңа Аллаң салса не-дүр шараң?
Мұхаммед қалды жайда ғаріп болып,
Кісі жоқ іздеп келер, күнім қараң.

Қыз айтып мінәжатты көп жылады,
“Жолама, малғұн, маған”, – деп бұлады.
Шыдамай батыр Әли бір ақырып,
Кәпірді сақалынан бек жұлады.

Кәпірді буындырды тамағынан,
Қар жауған ашуланса қабағынан.
– Япырым-ай, сен кімсің? – деп сасып қалды,
Басылды кәпір көңлі банағыдан.

– Мен едім батыр Әли елге мәлім,
Мақтандың не бетіңмен, кәпір залым.
Бола көр тез мұсылман тілімді алып,
820 Дүниеңнен керек болса шыбын жаның.

Есітіп Әли атын қорқып кәпір,
Ұстады жағасынан Әли батыр.
Қызды ұстап бір қолымен өңменінен,
Жүгіріп дарбазаға келе жатыр.

Кәпірді буындырып, қысып келді,
Қан ағып мұрнынан, ит құсып келді.
Құданың шын жаратқан Арысланы,
Ләшкерге бір сағатта ұшып келді.

Әлидің шыдап тұрар кім бетінде,
Жаман жоқ Мұхаммедтің үмбетінде.
Сол Әли батыр жүгіріп келе жатса,
Тұр екен Мәлікаждар қол шетінде.

Кәпірдің өңін көрді ұзын бойлы,
Көзі – көк, жүзі – қара, ол бәдруйлы.
Шатырға алып келіп батыр Әли,
Имлақты буындырып байлап қойды.

“Бол, – десе, – шын мұсылман”, тіл алмайды,
Ол кәпір өзін-өзі біле алмайды.
Қылышпен Мәлік батыр бір-ақ шапты,
Денесін, басын, түгін көре алмайды.

Келіні Зейнүлараб алып келген,
Пердесін ақ жүзіне салып келген.
Мұхаммед-Ханафиямен оны қосып,
Қуанды дін мұсылман мұны білген.

Ғамастың шаһарына аттанды қол,
Аз емес, ауыр ләшкер қисабы мол.
Шаһарды қамап алып соғыс қылып,
Бәрін де тура жолға көндірді сол.

Мал алды, дін мұсылман олжа қылып,
Той қылды, ол шаһарда ойнап-күліп.
Ләшкердің дін мұсылман бәрі де аман,
Жөнелді Мәдинеге қайта қонып.

Бұл қисса шаһзадаға жад болыпты,
Қыз зуфунун Зейнүлараб хат болыпты.
Қайғыда мұнафиқтар күйге түсіп,
Мұсылман естіп-білген шат болыпты.

Тамам

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button