Басқы бет / Ғалымның хаты / ҚОЖАЛАР ТУРАЛЫ ЭТЮДТЕР

ҚОЖАЛАР ТУРАЛЫ ЭТЮДТЕР

«Тіріміздің билігі – «Алдияр» ұранды төреде,

Өліміздің билігі – «Алла» ұранды қожада»

 Құнанбай қажы

   «Қожа» сөзінің этимологиясы туралы

Бұл терминді терең талдайтын арнайы ғылыми зерттеу жұмысы болған жоқ. Оның есесіне ғылыми әдебиетте, көркем – көпшілік басылымдарда үйреншікті әдетпен қожа сөзін парсының /иран/-ие, еге, мырза ұғымдарын білдіретін «хваджа» сөзімен байланыстыру жиі кездеседі. Бұл ресейлік ғылымның жетістігіне сүйетін қазақ зиялы қауымының ортасында ХIХ ғасырдан бар түсінік /2, с. 473/.

«Жүзеге кірмейтін қазақ рулары» дейтін шежіреде «қожа» сөзінің арабша мағынасы ағартушы дегенге келеді дейтін пікір бар /5, 5-6 беттер/.

Сонымен бірге Шығыста «қожа» сөзінің қолданылуы аясы өзінің кендігімен таң қалдырады. Мысалы, орта ғасырлық Мысырда көпестерді, соның ішінде жолаушылап келе жатқан кез келген көпесті «қожа» деп атауы кездеседі. Орта ғасырлық Саманид және Газневид әулеттері билеген Мәуреннахр жерінде «қожа» деп патша әузірлерін де атайды. Осман империясы тұсында бас ұламды, сарай күтушісін, кітапхана иесін да жоғары мансап иесі дегенді білдірсе, ал Түркия елінде ұстаз, оқұға, дінге берілген деген ұғымға сәйкес қолданылады.

Бізге қажеті, әрине, қазақ қожаларына қатысты ғылыми анықтамалар. Қалыпты түсінікте, қарапайым тілде «қожа» қазақтың рухани өмірінің салмақты салаларына жауап беретін әлеуметтік атауы есебінде қолданылады. Қожа әулеттері дін сферасына, қоғамдық әдет- ғұрыптардың бірталай салаларына, неке және отбасылық дәстүрлеріне араласады. Әулеметтік жағынана бұл топты «асыл сүйек, ақсүйек» деп де атайды.

Дегенмен қожа сөзінің тек парсы мен араб ғана емес, өзге де көрші елдерде кездесетінің себеп қыла отырып біз оның көне ұғым екенін сеземіз. Мысалы, орыс тілінде «хозяин» сөзінің түп нұсқасы «хваджа» /қожамен / тікелей байланысты емес пе?! Қазақ тіліндегі «қожа» – иелік, мешіктеу, «қожалық ету» – билеу т.б. мағынадағы сөз қолданыстарының парсы мен хозяиннен айырмашылығы қанша? Ең алдымен  қазақ тілінде бұл сөз етістік түрінде кездеседі, ендеше ол осы ұғымының көнелігін білдіретін айғақтың бірі емес пе?

Сонымен қожа сөзі Еуразия аймағында ертеден айтылып келе жатқан көне ұғым деп шештік.

Атау тұлғада бұл сөз YIII-X ғасырлардан бастап қазақ жеріне қоныс аударып, ислам дінін уағыздай бастаған араб сахабаларына қатысты қолданыла бастады. Тәңіршілдік түсініктердің жуан ортасында өмір сүріп, Еуразия көшпенділерінің тарихи дүниетанымына ие болып отырған түркі қауымдары семит өкілдерінен жеңіліс тапқан бұл дәуір көптеген өзгерістер әкелді. Бұл күрес мындаған жылдар бойы кейде толастамай жүріп жатқан еді. Еуразия топтары мен Самиттер арасындағы бақталастық осы жүз жылдықтарда семит – арабтардың пайдасына шешілді. Осы жеңістің белгісіндей болып Орталық Азияда ислам өкілдерін «қожа» атау қалыптаса бастады.

  1. Қожалардың шығу тегі

Қазақ ішіндегі қожалар өз шығу тегін Мұхаммед пайғамбармен тікелей байланыстырғанды дұрыс көреді. Ол енді бұл жағынана түсінікті да, себебі көшпелі қоғамда дін істеріне жетекшілік жасау үшін ел мойындайтындай салмақты тек керек. Екінші жағынана қазақ қоғамының өзі де қожа тұқымының тапсырылған қызметті дұрыс орындауы үшін мүдделі. Тіршіліктің рухани сферасына үстемдік жасап, елдің рухани құндылықтарына бағыт – бағдар беру үшін қожа тобының әлеуметтік артықшылықтары болуы керек.

Осы талап орайынана шығу үшін қазақ ішіндегі төрелер өз шығу тегін әлемді дүр сілкіндірген Шыңғыс ханға, ал қожа тобы – тұтас бір діннің негізін салып кеткен Мұхаммед пайғамбарға сабақтастырады. Бұл субэтникалық этноәлеуметтік топтардың қалыптасуының, өмір суруінің, қызмет атқаруының негізгі шарты. Тіпті қоғамға қажетті қасиеттерімен ұнаған, бірақ шығу тегі күмәнді адамдардың өзіне осы қоғамның идеологиясын жасайтын адамдар /жыраулар/ қасиетті генеологияны жасап береді немесе жасалуына жәрдем жасайды.

Г.Загряжский, Ш.Ибрагимов сияқты XIX ғасырдың екінші жартысында Түркістан өлкесінде қызмет жасаған белгілі зерттеушілер қожалардың Мұхаммед пайғамбардың тұқымымыз деп айтатының жазады. Қазақтын әдет-ғұрып заңдары туралы тамаша зерттеу жұмысын жүргізген Н.И.Гродеков «қожалар мен сейіттер ақ сүйек тобына кіреді, мұндағы қожалар – Мұхаммедтің серіктерінің ұрпақтары, ал сейіттер қазақтар арасында көп емес, олар Хусейіннің баласы Зейнульабдиннен өрбіген ұрпақ, олар қожаларға қарағанда беделді» дейді.

Расында да қожа тобының генеологиясын зерттей келе Мұхаммед пайғамбардың мұрагерлері төрт шадиярға бастайтынын анықтаймыз. Енді төрт халифтің атын атайық: Әбубәкір Сыдық /632-634/, Оспан /644-656/, Омар /634-644/ және Әзіреті Әлі /656-661/

3.Қожалардың Қаратау бойына келуі

Тарихи деректердің көпшілігінде басымдылық Әзіреті Әлі тұқымына беріледі. Хадисте / Абу Хурайра мен Абу Хузари деректері/ Мұхаммедтің өзі «әр пайғамбардың ұрпағы өз қайынынан тарағандар» деген екен-мыс. Олардың ішінде пайғамбарымыздың қызы Фатимадан туған әл-Хасен мен әл-Хусейіннің ұрпақтары бір бөлек деп есептеледі. Діни деректерге қарағанда әл-Хасанның ұрпақтары – шариф / ақсүйек, зиялы/, әл-Хусейіннің ұрпақтары – сайид /көсем, мырза/ аталады. Ескі шежірелер қожа тобының ортасында жіктеу мағынасында қолданылатын ұғымдардың шығу тегін осылайша түсіндіреді.

Орталық Азия түркілері пір тұтатын Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың өзі де осы ханафия ұрпағы екенін ескере кеткеніміз жөн. Тарихи шежірелердің бірінде «Үрім-Қайсар патшасымен /Византия/ болған соғыстардың бірінде Әзіреті Әліге қарсы бір жас жігіт шығыпты. Жекпе жекте Әлидің зулфықары жігіттің басындағы дулығасын ұшырып жіберіпті – мыс. Сол кезде бірнеше өрім бұрымы толқып арқасына түсіпті де, оның қыз екекнін Әлі де аңғарып қалады. Екеуі пайғамбар алдына барған уақытта қызды Үрім – Қайсар патшасының қызы екендігінің, атының Ханафия екендігі т.б. белгілі болады. Осыдан кейін Мұхаммед пайғамбар екеуін қосыпты, қыз христиан дінінен бас тартып мұсылман болыпты делінеді. Әліге шығар алдында қыз пайғамбарымызға бірнеше шарт қойса керек: біріншіден, өкіл қыз етіп аласыз, екіншіден фатиманың өзінің ықыласы болсын, үшіншіден менен тараған ұрпақта Бибі Фатимадан тараған ұрпақпен бірдей сайид әулеті атансын» деп. Осы шартқа байланысты ханафиядан туған балалар да сайид атананды- мыс. Олардың ішіндегі ең атақтысы Әлі мен Ханафияның алғаш үлкен ұлы Мұхаммед Ханафия дейді аңыздар. Жоғарыда баяндалған өқиға қазақ арасында кенінен тараған Әзіретті Әлі қиссаларында өлең тілімен баяндалған.

Біздің заманымыздың YIII ғасырында қазақ жерінде ислам дінін тарата келген араб жауінгерлерінің басшысы осы Мұхаммед Ханафия мен оның серіктері Мүслим ибн Құтайбы, Құсам ибн Аббас, Үккаша ибн Михсон т.б. еді. Арабтың осынау атақты қолбасшылары туралы тарихи әдебиетте деректер аз емес. Сонымен қатар осы аталған тұлғалар қазақтың Қаратау – Түркістан өлкесіндегі бірнеше жер-су атауларында әлі күнге дейін өмір сүреді. /Үккәше ата құдығы т.б/.

Қазақ аңыздары Имам Мұхаммед – Ханафиянның да өзінің ақылдастары сияқты қаратау қойнауына жерлегненін баяндайды. Олардың әлеміне себепші болған исламды қабылдағысы келмеген отқа табынушы мық жәнтарса қауымдары. Аңыздар Мұхаммед – Ханафиянның жерленген жерін біресе Созақпен, біресе Түркістанмен /Ахмет Яссауи кесенесінің маңы/, байланыстырады. Қалай болғанда да қазақ қожаларының түп атасы, Ахмет Яссауидің арғы бабасы Имам Мұхаммед – Ханафия араб жерінде туғанымен өзіміздің Қаратау баурайында қайтыс болғанға ұқсайды.

Хазірет Мұхаммед – Ханафияның алғаны Оспан /Осман/ шариярдың қызы Бибі Шамсия екен дейді. Одан алты ұл туыпты – Әбу – Хашим, Абдаллах, Жағыпар, Шахмансұр, Абд әль – Фаттах, Әбд әл – Маннан. Орта Азия мен қазақ жеріне кең етек жайған қожалардың көпшілігі өз генеологиясының бастауы осы Әбд әл-Фаттахтан алады. Ескі қиссаларда Имам Мұхаммед – Ханафиянның жолын одан әрі жалғастырып қазақ жерін мекендеген отқа табынушыларды мұсылмандыққа бағындырған щөбересі Ысқақ баб еді делінеді. Оның өмір сүрген заманы Қарахан әулетімен қатар келеді. Міне осы кезде Орта Азия жеріне келген арабтар мен түркілердің тығыз араластыққа түскенін деректерден көреміз.

4.Мық және тарса қауымдары туралы

Қожалар әулеттерінің шежіресі \әулеттік, патронимиялық кестелер\ «Насаб-нама» нұсқаларында Қаратау бойында қыраттарына жақындаған араб қосындарына алғашқы қадсылық жасаған мық \мұғ\ және тарса қауымдары туралы деректер аз емес. Мысалы: «Арғу Тараз, Иетикент мұғлары уа тарсалары келіб 80мың Набддарға қосулған хабарын ешітіб, кафирлар черикеден 100мың мұғ келді. Бадам Сақи йақалаб, Рааис дариячасына таяна түшті. Мусылмандар шығыб үш түн – үш күн тоқуш \соғыс\ қилдилар. 15мың мұғ өлді, 3мың мұсылман шахид болды…» /4, 97 бет/.

Келесі дерек жоғарыдағы мысалды толықтыра түседі: «Рааис дариячасының бойында қорған бина қылып, 7 күн да тамам қылыб, мұғчерикиден хабар алдыра йубарған ғазилар 3000 тарса лар ічіндаки мусылмандарыны кочуруб алыб келділар … ерсе хушкал халықның йоқсылығын коруб, қорғанға кочуруб Калаш ат беріб, илгару тушуб» дейді /4, 97 б./.

Мық \мұғ\ халқы қазақ шежіре деректерінде де кездеседі. М-Ж. Көпейұлы мық елін қазақ жерін ерте заманда мекен еткен жеті жұрттың бірі дейді. Қазақ қариялары Сарыарқа жерінде, сонымен қатар Шығыс және Батыс Қазақстан өлкесінде жиі кездесетін қола дәуірінің қорым тастарын (тас жәшік) «мықтың үйі» деп атайды. Қазақ қарияларының бұл деректерін Ресей ғалымдары мен өлкетанушылары да ХVІІІ-ХІХ ғғ. хатқа түсірген. Солардың бірі Орталық Қазақстанда кен орындарын барлаған И.П.Шангин 1816 жылғы жүргізген экспедициялық барлау жұмыстарының нәтижелері жазылған күнделігінде былай деп жазады: «Кайсач почитают сию могилу,-писал он, -остатоком после народа, еше далеко до пришествия монголов здесь обитавшего, который известен им из преданий под именем «мык». Ни о происхождении сих мыков, ни о переселении их или порабошении каким – либо народом, ни о последовавшей от сего перемены названия ничего они не знают» /10, с.13/.

И.П.Шангин пікірі бойынша «сей народ, кажется, есть тот же самый народ, который населял некогда обширное пространство земли между Иртышом, Обью и Енисеем и который называют чудью». Біз бұл пікірге толық қосыламыз. Мық атауы ең алдымен қола дәурінде /б.з.б. ІІ мың жылдық/ қазақ даласында өмір сүрген арья, тур халықтарына қатысты қолданылған. Мүмкін ең алдымен бұл атаумен осы халықтарының ішіндегі тау-кен ісімен /көне металлургия/ және отырықшылықпен, егін шаруашылығымен айналысқандары ғана аталған болуы керек.

Араб-семит географиялық түсініктері парсы ортасында сақталған көне деректерге негізделгені көрінеді. «Мық /мұғ/ парсы ішінде көне ескерткіштерге қолданылатын атау ретінде көптеген зерттеу еңбектерінен белгілі /3/. Осы себептен «Насаб намеде» айтылып отырған шын мәнінде «мық» – «тарса» қауымдары ең алдымен Ұлы далада мекен қылған оғыз, қарлық, түркеш халықтарына қатысты болуы керек. Сырдың төменгі ағысы бойында «исламды тарата» барған арабтардың ең алдымен солармен кездесіп, соғысуы әбден заңды. З.Жандарбек араб қолбасшысы Әбд-Жалелге қарсы күресті оғыз падишахы Қылыш хан жүргізді деген «Насаб-нама» дерегін келтіреді: «Абд ал-Жалил-баб Барчыкенд, Сарқанд, Жалтырсаққа келділар. Кылыч хан атлығ подшахы бер ерді. Тарсача аты Иашмут ерді. Аның екі ұғлы бар ерді. Бірінің аты сарығ тонлығ Утемиш ерді. Женд падшахы ерді». Бұл тамаша дерек қазақ шежіресіне қатысты тамаша жазбаларды қалдырған М.Ж. Көпейұлының мұрасында да кездеседі: «Сайрам қаласының мешітіндегі тас бағанды кім орнатқанын жазайын. Ерте заманда Алатау, Қаратаудың аралығында Әулиеата мен Шымкент, Сайрамға маңайлас жерде «Қырық қақпалы Қарғалық» атанған шаһар болыпты. Оның билеуші – бастығы Ысқақ бап деген батыр болыпты. Мұның заманында қазақтан сауыр тонды Өтеміс деген батыр шығып, орталарында көп соғыс болып, ақырында Ысқақ Сауыр тонды Өтімісті байлап алып, тірідей қорғанның бір бұрышына қалап жіберіпті. Сол қорған бүгінге шейін бар деседі. Тас бағанды мешітіне, қорғанына сол Ысқақ бап өзі көтеріп әкеп қойған екен» /7/.

Олай болса ислам туын көтерген Әбд әл-жәлелге қарсы соғыстарды басқарған көсемдердің бірі Сауыр тонды Өтеміс батыр қазақтың этникалық тарихына тікелей қатысы бар адам болып шығады. Бұл жерде шежіренің оғыз елінің өкілін / «Насаб-намада» – тарса елі/ қазақ деп тануы қызықты. Бұл соғыстар Орталық Азия жеріне қадам басқан семиттердің жергілікті елмен қоян-қолтық араласуына алып келді.

5.Қожалардың ішкі корпоративті байланыстары

Бұл тақырып әлі де терең зерттеуді қажет ететіні белгілі. Этнография ғылымы тарапынан жаңа ғана басталған бұл бағыттың көтерер жүгі аз емес, себебі әңгіме дәстүрлі қазақ қоғамының ішкі құрылымы, оның әлеуметтік страттары және субэтникалық топтары туралы болып отыр. Бүгінгі күні бұл тәжірибе қазақ тіршілігінде қаншалықты іске асуы мүмкін? Қандай да болсын қоғам ішкі жүйеге сүйенеді, егер ол жүйе нақты құқықтық, әлеуметтік құндылықтарға, ережелерге сүйенсе, егер әр страттың, немесе субэтникалық топтың қоғамда атқарар қызметі мен орыны нақты белгіленсе сол қоғам өміршең. Ең қауіпті қоғамдар белгілі жүйесі жоқ, аморфты қоғамдар. Олар сыртқы жаудың да, ішкі дағдарыстың да құрбандығына тез айналады.

Дәстүрлі қазақ қоғамы бұл жағынан ерекше ілтипатпен атап өтілуге тиіс жүйе құрды. Оның негізін /ядросын/ иерерхиялық тәртіппен жасақталған рулы-тайпалық құрылым жасаса, оның сыртқы қабаттарынан біз – төре, қожа, төлеңгіт сияқты әлеуметтік және субэтникалық құбылыстарды байқаймыз. Осы топтар /страттар/ ру-тайпалық құрылымның сыртынан байлаған кигіз үйдің бауы сияқты, елді ел, жұртты жұрт, мемлекетті мемлекет қылып тұр.

Қожа тобының этноәлеуметтік ерекшеліктері, оның корпоративті қағидалары туралы біз «Казахское обшество в ХІХ в.:«традиции и иновации» аталатын кітабымызда жаздық. Осы қоғамдағы қожалар тобының құқықтық жағдайы туралы З.Ибадуллаеваның жинақталған ережелері назар аударуды қажет етеді:

-«Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» бойынша анықтасақ, бірінші жарлығында халықтың ханы, сұлтаны, пірі – Әзіреді қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін деп көрсетіліп, қожалардың орны, былайша анықталған «Сұлтанды немесе қожаны өлтірген адамның туыстарына жеті адамның құның төлейді, тіл тигізіп ренжітуші 9 мал, ал соққыға жығушы 27 мал айып төлейді» немесе саусағын кеседі. Сонымен, Тәуке ханның бірінші жарлығын бізге келіп жеткен бұл дерек болмаса 200 жылқы болса, сұлтан мен қожаның құны әдетте, олар халықтың ханы, сұлтаны, пірі, Әзіретті болған жағдайда 7000 қой, болмаса 700 түйе, немес 1400 жылқыға тен.

-Екінші жарлығы бойынша, төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлтірілсе, олардың әрқайсысына /ақсүйектің, пірдің тұқымы деп/ екі кісінің құны төленуі тиіс. Ал, қожаларға немесе сейіттерге өлім жазасы мен жан қинау жазасы қалай болғанда да қолданылмайды және олар алым-салықтан босатылған. Халық оларға сиынып мелінше қадыр тұтқан. Осы негіздерге қазақ әдет-құрып құқығы  заңдары бойынша орын алға құқықтық шарттар Омбы қаласындағы Батыс Сібір генерал-губернаторының шешімі бойынша Уақытша комиетте бекітілген батыс Сібір қазақтарының әдеттік құқықтарына Уақытша Комитет өз ұсыныстарын енгізген. Бұл ереже бойынша, қазақтардың әдеттік құқықтық заңдары /Омбы Уақытша Комитетінің Заңы алынған жоқ/ негізіндегі қожалар мен сұлтандардың орны былайша көрсетілген:

1.Кім болса да қожа руынан молдамен таласса, онда қырғыздардың  әдеттік заңы бойынша, олардың /қожалардың/ артықшылықтары мен оған қоса олардың діни қызметтері мен дәстүрлі әрекеттерін ескере отырып қақысы болмаған, ал басқа да жағдайда егер қожаны жарақаттаса, жәбірлеуші жәбірленушіге құрамында 1 түйе бар 27 мал айып төлеген, ал төлейтін ешқандай мүмкіндігі болмаса, онда бір саусағын кескен, алайда қожаның өзі бастаған болса, онда талап ету құқығы қанағаттандырылмаған.

2.Егер кімде-кім қожаны өлтірсе, кінәлі және бүкіл болып мәйіт болған туыстарына 7 адамның құның төлеген егер төлемейтін  болса онда кінәлінің туыстары жақын болыстың бірінен 7 адамды, мұнын ішінде жәбірленушінің өзін де қоса дарға асқан.

3.Қожа немесе сұлтанды сөзбен балағаттаса, немесе бірақ ұрмай қағып кетсе, онда жәбірленуші 9 мал айып төлейді, егер ұрса 26 мал /құрамында түйе бар/, немесе саусағын кеседі. Ал, керісінше, қожа немес сұлтан, қарапайым қырғызды ренжітсе, онда олар кінәлі болып есептелмеген.

Бұл туралы:

4.Сұлтан немесе қожа қарапайым қырғызды ренжітсе және ұрғаны үшін жазаланбайды. Одан басқа көпшілік сұлтан, немес қожа қарапайым адамға қол тигізсе, онда ол кінәлы болып есептелмеген, алайда бұл үшін жәбірленушіге 1 жылқы мен 1 шапан берген. Ал сұлтан немес қожа қарапайым адамды өлтіріп алса, онда өлген адамның туыстарына толық құн төлеген. Егер сұлтан немес қожа осы құнды төлей алмаса, немес төлеуге мүмкіндігі жоқ болса, онда құнды бүкіл болыстық болып төлеуге міндетті, алайда кінәлы сұлтан немес қожа өлім жазасына кесілмейді, дегенмен ол болыстықта беделінен айырылған.

Ал, абақ керейлер ережесіндегі қазақтың әдеттік заңы бойынша: бай, би, молда қатарлы қожалар кедей, жарлы, ғаріп, жетім-жесірлерді жәбірлеп, өктемдікпен басыну қылықтарын көрсеткен болса, шариғат бойынша қамшылау, дүре соғу айыбы жүктелді және молда, қожа дін уағыздаумен қатар өзі ұрлық жасаса, басқаның басы байлы әйеліне ұмтылу қатарлы лайықсыз әрекет жасаса, оны молдалығынан, имандылығынан аластап жер аудару сияқты жеңіл айып түрі белгіленді.

Қожалар басқа қазақ руларына қарағанда артықшылықты иеленгенімен, олар Шыңғыс ханнан тараған әулеттің өкілдерін өлтірген жағдайда 7 есе құн төлеген.

Бұл бойынша:

  1. Алда – жалда қожа сұлтанды, немесе сұлтан тұқымынан кімді болса да өлтіріп алса, онда 7 адамның құның төлеген. Сондай-ақ өлтіріп, оның денесін далаға тастап, ол құспен аңға жем болып зақымданған болса, онда сол құнды 1,5 есеге /яғни 10,5 адамның құның/ және бұған қоса 1 түйе айып төлеген, онымен бірге мәйітті жабатын кілем және қаралы атпен 1 қыз, ол мәйіт болған адамның үйіне түйені жетектеп баратын болған, алайда мындай айыпты орындамаса, онда оның ұрпақтарының /шөбересіне дейін/ қарыз болып қалған. Ал сөзбен балағаттап, қол тигізетін жағдайда қожа мен сұлтанның құқықтары тең дәрежеде болды.
  2. Егер сұлтан немесе қожа өз әулеттеріндегі сұлтанды немес қожаны, сондай-ақ сол әулеттің әйелі мен баласын сөзбен айыптаса, немес қол тигіссе және ұрған болса, онда сотта ешкімнің де талқысына түспейді. Жәбірлеуші жәбірленушіден кешірім сұрау керек, егер бұл жағдайда келіспесе, онда басқа сұлтан оларды татуластыруға тырысу керек, бірақ оған да сот араласпайды.

Енді бір деректе, қожалардың айыбын сұлтандар ғана қарай алды. Онда «қожалар айыпты болған жағдайда, айыпты қожаның мәселесін тек сұлтандар ғана қарай алады» /6, 49-50 беттер/.

Қазақ мемлекетінің құқықтық негізін жасаған ұлы билердің әлеуметтік-этникалық, субэтникалық топтарға берген осындай мүмкіндіктері мен ар ережелері қоғамның дұрыс қызмет атқаруына қажетті алғы шарттарды туғызды. Әркім өз қызметімен айналысуға тиіс, қазақ айтқандай дәстүрлі қоғамда «тірінің билігі – төреде, өлінің билігі /рухани/ – қожада». Бұл үлкен жауаптылықты талап етеді.

Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымдарының докторы,

 Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры

 

Әдебиет және деректер:

  1. Алекперов Н.Э. Суфийское братсво Гюлшаний. СПб., 2002.
  2. Брокгауз Ф.А., Эфрон И.А.. «Энциклопедиялық сөздік». СПб., 1903. т. 37.
  3. Гафуров Б.Г. Таджики. М., 1972.
  4. Жандарбек 3.- «Насаб-нама» нұсқалары және түркі халықтарының тарихи. Алматы, 2002.
  5. Жүсіп қожа Сейдақұлы. Ана тілі. 1875 ж. №15 /сәуір/ 5-6 беттер.
  6. Ибадуллаева З. Қазақ халқының құрамындағы қожалар /тарихи-этнографиялық зерттеу/. Кандидаттық дисс. Қолжазбасы. Алматы, 2001. 49-50 бб.
  7. Көпейұлы М.Ж.. Шығармалары. Павлодар, 2006.
  8. Суфизм в Центральной Азии /зарубежные исследования/. Сост. А.Хисматуллин. СПб., 2001.
  9. Тримингем Дж. С. Суфийские орданы в исламе. Пер. с анг. А.А.Ставинский, под. ред. О.Ф.Акимушкина. М., 1989.
  10. Шангин И.П. Извлечения из описания экспедиции, бывшей в Киргиз-Кайсацкой степи в 1816г:\\ Сибирский вестник. 1820. Х.

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Асылдан жеткен қасиетті дұға

Қазақ халқы көнеден ислам дінімен біте қайнасып, мәдениеті мен дәстүрі сабақтасып келетіні баршаға аян. Себебі …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған