Ғалымның хаты

Осы жұрт Бабажановты біле ме, екен…

салк-2Мұхамбет-Салық Бабажанов

Алла тағала жаратқан адамдардың  бәрі бірдей болғанымен, олардың сол өзі өмір сүрген кезеңге қырын кепқалатындары болады. Оны біреулер, «заманынан озық туған» деп те әспеттейді. Тіпті, «заманынан кейін туған»  дейтіндер де табылады. Мысалы, Кенесары ханды орыс тарихшылары «Әттең, сәл ертерек дүниеге келгенде соғыс өнерінің нағыз майталманына айналар еді» деп тамсанған. Қазақ тарихында заманынан озық туған, өздері өмір сүрген ортасында көзге шыққан сүйелдей ешкімге жақпай қағажау көріп, ғұмыр кешкен өр тұлғалар аса мол болғаны белгілі. Мәселен, Едігенің, Тоқтамыстың, Мамайдың аты аталса, орыс түгілі кей қазақтар осы күнге дейін өре түрегеледі. Арысын ары қойғанда, берісі Бауыржан Момышұлының қиыс заманға ашық көрсеткен қарсылығын көзбен көрдік. Мұның ең басты себебі сол, олардың өмір сүрген заманын, не үшін «арыстандай алысып, жолбарыстай жұлқысқанын» түсінетін орта, ұрпақ әлі қалыптаса қоймағандығынан еді. Оның не екенін, «Есік қорғанынан» үсті басы түгел алтын Ұлы Бейне шыға келгенде, «апырай мынау не өзі?» – деп көп ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, болса да қара халық  алғашқыда абдырап қалғанын көз алдыңызға елестетсеңіз жетіп жатыр. Бірақ, бір қуаныштысы, Уақыттың Ұлы дариясы өз дегенін істетпей қоймайды. Оған әсте-әсте бағынуға, бой үйретуге тура келеді. Себебі, ол шындықтың шұғыласына суарылған әлем. Ол ешқашан тот баспайды. «Ей, халқым, халің нешік, не әрекет жасап  жатырсыңдар?» дегендей рухани әлемің жұтаң тартқанда көзге елестей бастайды. Замана ағымының ұраны мен ыңғайына көнгіш кейінгі ұрпақ тез естен шығарып ұмытқанмен, кейде олардың есімдері кенеттен ел аузында аталып, еріксіз есіңе салады.

Міне, осындай асыл тұлғалардың бірі, бірі емес-ау бірегейі қазақ ғылымының алғашқы корифейлерінің алғы легінен бой көрсетуден танбайтын Мұхамбет-Салық Бабажанов болды. Әрбір ақыл ойы дұрыс,зердесі мықты зиялы қауым өкілдері қазақ атанған халықтың әулие-әнбиеге, пайғамбарлар әлеміне қатысты есімдерді өз перзенттеріне қойғандардың көпшілігі өзгергені белгілі. Мәселен,  Мұхаммед-Ханафия-Шоқан, Ибраһим-Абай, Ибраһим-Ыбырай Алтынсарин, Есмұхаммед-Естай ақын, Дінмұхаммед Қонаев-Димаш, (Мұхаммед)Ханафия-Қаныш, Сәду-Уақас-Сәкен сияқты болып кете береді. Осы ретпен алғанда-Мұхамбет-Салық Бабажановтың да аты-жөні біршама «жаңартылған» деуге болады. Біріншіден, оны Мұхамбет-Салық деп толық атамаған. «Салық» деген. Дәулеткерей сол себепті де «Салық өлген» деген атпен күй шығарған. Екіншіден, біздің «Салық» деп жүргеніміздің өзі де дұрыс болмайды. Оның түп нұсқасы-»Салих»-араб сөзі. (Бәлкім, Салахаддиннен қысқаруы да) Демек, оның әкесі Қарауылқожа Бабажанов сәбиі дүниеге келгенде оған Құран Кәрімді аштырып барып ат қойғаны белгілі болады. Энциклопедиялық анықтамаларда «Мұхамбет-Салық Бабажанов – туған халқы және оның ар-абыройы мен теңдігі үшін қайрат-жігерін аямаған, әділдік жолдан таймаған аяулы, білімді, зерделі азаматтардың бірі, публицист, ғалым-этнограф әрі экономист» деп дәріп­теледі. Бұл арада оның әдебиет ай­ды­нында біршама еңбектенгені ұмыт қалыпты. Мұхамбет-Салық Бабажанов туралы сөз еткенде айналып өте алмайтын аса ірі тарихи тұлға бар.
Жәңгір билік еткен кезде Еділ, Жайық өзендері мен Каспий теңізінің жаға­­лауындағы жерлерді қазақ шаруа­ларының пайдалануына тыйым салынады. Олардың бұл өңірлерге мал жаюға, балық аулауға қақылары болмайды. Бұған салықтың көбеюі мен жер бөлісінде шаруалар үлесінің кемуі келіп косылды да, осының бәрі жиылып келіп, Бөкей ордасында Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған шаруалар көтерілісінің тууына әкеп соғады. Оның басты мақсаты – Жәңгір ханның халыққа жасап отырған озбырлығына шек қою, шаруалар жағдайын жақсарту, Қарауылқожаны, Балқы Құдайбергеновті биліктен тайдыру, жер мәселесінде бел­гілі бір келісімге келу болатын. Бұдан көрініп тұрғандай  бұл ұлы оқиғаны ұлт-азаттық қозғалысы деп атау қиындау болады. Шын мәнінде, ішкі қақтығысқа келеді. Демек, бұған басқаша көзқарас қалыптастыру керек сияқты… Мәселен, Жәңгір хан өзі билік құрып тұрған кезде елді отырықшылыққа көшіру, мектеп ашып балаларды оқыту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Ол ашқан мектептен білім алған алғашқылардың бірі – белгілі қазақ этнографы, Орыс география коғамының қызметкер мүшесі Мұхамет-Салық Бабажанов бұл ретте: «… ханның ықпалымен және жанашырлығымен Ордадағылар білімнің қажеттілігін сезіне бастады. Шәкірттер мен мұғалімдерді ынталандыру үшін марқұм хан ақшасын да, өзінің ынтасы мен ордалықтарға оқу-білімнің пайдасы жөнінде түсіндірмек болған ынтасын да аямады. Өзінің сарайында мектеп ашып, онда 60 адам Мұхаммед діні, орыс жазуы және тілі жөнінде дәріс алды. Бұл мектеп сарай маңында осы күнге дейін «Жәңгір мектебі» деп аталып келеді. Ондағы 30 бала Орданың шаруашылық қаржысы есебінен білім алуда» – деп жазады. Осыған зер салатын болсақ, Жәңгір хан – бойында жетістігі мен кемшілігі жарыса өріліп, атқарған ісінен орайына қарай осының екеуі де көрініс беріп тұратын күрделі тұлғаға айналады. Же­тіс­тігін көріп, асқақтатып, аспанға шы­ғармай, кемші­лігін көріп, жатқа санап, жарға итермей, адамгершілікті биік парасат­тылықпен тарихи бағасын берер кез енді келді деп білеміз. Қалайда Жәңгір ханның халқымыздың тарихында өзіндік орны бар екені ешқандай дау тудырмаса керек. Сонымен, Салық Бабажанов 1841  жылы Жәңгір хан ашқан Ордадағы тұңғыш орыс-қазақ мектебіне түсіп, оны 1844 жылы бітірген осы мектептің алғашқы түлектерінің бірі болады. Мұнан кейін оны әкесі Орынбор қаласындағы Неплюев атындағы кадет корпусының әкімшілік орындармен әскери мекемелерде қызмет істейтін тілмаштар дайындайтын «азиялық бөлімге» оқуға береді. Осындай аса күрделі кезеңде өмір сүріп, еліне еңбек еткен Мұхамбет-Салық Бабажанов – ХІХ ғасырдың орта кезінде Шоқанмен қатар шыққан белгілі ғалымдардың бірі болды. Ресей Географиялық қоғамына мүшелікке Шоқан мен Семенов-Тянь-Шанскийдің кепілдеме бергені, оның ғалымдық дәрежесін айқындай түседі. Солардың тағы бір корифейі – атақты шығыстанушы ғалым В.Б. Григорьев Салықпен хат жазысып, өзара достық қарым-қатынаста болған. Ол кезінде С. Бабажановты «тамаша білім алған қабілетті адам» деп бағалаған. Сол В. Григорьев кейін атақты ағартушы Ыбырай Алтынсаринге сабақ беріп, ұстаздық еткені де тарихта таңбаланған. Мұның сыртында ғылыми еңбектері үшін М. Бабажанов Ресей Географиялық қоғамының күміс медалімен Орта Азия және Қазақстан ғалымдары арасында тұңғыш алған қайраткер екенін де айтып өткен жөн. Ең алдымен айтар сөз сан қырлы саңлақ талант өз отанына, ел-жұртына деген ыстық та айнымас махаббатын ерекше қабілеті арқылы танытып та, дәлелдеп те берген ары биік, ойы терең, ақылы кемел азамат ретінде тарихта қалды. Тағы бір ғажабы, оның өмірі де, өнері де, өресі де, тіпті, білім дәрежесі де Шоқанға өте ұқсас. Екеуі де текті атадан, екеуі де зиялы ортадан, екеуі де бір мектептен. Ең ақыры тағдыры да қаз-қатар өрілгендей, екеуі де өмірден ерте өтті. Олар бір-бірін жақсы білді.  Мәселен, Шоқан 1860 жылғы өзінің сот реформасы туралы «Северная пчела» журналында жазған мақаласында: «Бабажанов деген қазақтың жас жігіті Бөкей Ордасындағы татар мектебіндегі оқуды тамаша баяндаған», –  дейді.
Мұхамбет-Салықты ел-жұрты көбіне Салық деп қысқартып атағанын жоғарыда айтып өттік. Ол 1834 жылы Бөкей ордасында қазіргі Орда ауданында туған. Мұхамед-Салықтың атасы – Бабажан, Бөкейдің бас билерінің бірі, ал, әкесі кәдімгі Исатай мен Махамбет батырлардың Жәңгір ханға қарсы көтерілуінің бас себепшісі болған атышулы Қарауылқожа Бабажанов. Салықтың анасының аты Жәмила, жұбайы Ғазиза атақты күйші Дәулеткерейдің қарындасы. Міне,осындай жақындықтың және оған деген аса үлкен құрметтің көрінісіндей  ұлы күйшінің ол өлгенде «Салық өлген» деп аталатын арнайы күй шығаруының жай-жапсары анықталады.Мұндайда  саз әлемінің жауһары аманат ретінде тек қана Шыңғысханның алдына «Ақсақ құлан-Жошы хан» деген атпен жеткені көкейде тұруы тиіс.
Мұхамбет-Салық Бабажанов – белгілі Жәңгір ханның мектебін бітіріп және оның қамқорлығымен 1845 жылы М. Бекмұхамедов, Ж. Ниязов, М. Жан­төриндермен бірге Орынбордағы Неплюев атындағы кадет корпусында оқы­ған 8 жастың бірі болғаны тарихтан белгілі. Бұлардың бәрі де кейін ел алдында абыройлы қызмет атқарған алғашқы білімді қазақ азаматтарының қатарынан орын алды. Бұл ретте қазақ ғылымының жарық жұлдызы атанған Шоқан Уәлихановтың 1835 жылы дүниеге келгенін еске ұстасақ, бұл екі ұлы жара-тылыстың руханият әлеміне  қаз-қатар самғағанын жадымызға жақсылап тұрып түйіп қойғанның еш  артықтығы болмайды. Салық жас кезінен-ақ өнер мен ғылымға өте құштар болып өседі де, кадет корпусының қабырғасында жүрген бала кезінен-ақ Орынбордағы белгілі шығыстанушы-ғалым В.Григорьевпен танысып алады. Талапты жастың талантын таныған үлкен ғалым оны үйіне шақырып, оған өзінің бай кітапханасының есігін ашып қояды. Сөйтіп, Салық өз бетімен оқып әр салада жан-жақты білім алады. Орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларымен танысады, оларды ден қоя оқиды. Орыс тілін де осы әдебиеттер арқылы жетік біліп алады. Ол Пушкин, Карамзин, Щербаков сияқты ақындар мен тарихшылардың еңбектеріне үңіледі.
Кадет корпусын аса зейінділігімен оқып, үлгілі-тәртібімен бітіріп көзге түскен 1851 жылдың қазан айында кадет корпусын ойдағыдай бітіріп, хорунжий деген офицерлік шен алып шығады. Орынбор шекара комиссиясының басшылары көзге түскен талантты, үздік жас офицерді әуелгіде өз қарамағында қызметте қалдырады. Алайда, 1853 жылы Орынбор казак-орыс офицерлері оған әр түрлі жала жауып, қызметінен босаттырып, Орынбордан қудырып, Ішкі Бөкей Ордасына жер аударып,  соңына аңдушы қояды. Дегенмен, қайда жүрсе де өзінің білімімен, әділеттілігімен, азаматтық жолдан таймаған оның жақсы қасиеттерін таныған және де халық арасындағы аса зор беделінің барын еске ала отырып, сол Орынбор Шекара комиссиясы оны Ішкі Бөкей ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңестің кеңесшісі етіп тағайындайды.
Жоғарыда айтылғандай, Мұхамбет-Салық Бабажановтың есімі оның Шекара комиссия-сындағы қызметімен емес, түбегейлі ғылыми-шығармашылық еңбектерімен және халықшыл, әділ қасиеттерімен танылды. Белгілі этнограф ғалым В.Григорьев оны «…аса қабілетті және тамаша білімді адам» деп өте жоғары бағалаған. Ал, Павел Иванович Неболсин «Бұл хаттың авторы Ішкі Бөкейлік қырғыз (қазақ) ордасының кеңесшілік мүшесі, хорунжий офицер, қожа Мұхамбет-Салық Қарауылұлы Бабажанов Орынбор кадет корпусында білім алған адам. Кадет корпусында оқып жүр­ген алғашқы кезеңдерде Мұхаммед әулиенің бұл ұрпағы казактардың әскери киімін киді, бірақ қазіргі істеп жүрген қызметінде халық шапанын киіп, кәдімгі қазақ өмірінің салтымен Нарын құмында еркін өмір сүреді» – (Салық Бабажанов.Этнографиялық мақалалар.14-бет) деп жазды. Мұнда байқасаңыз, діні басқа бола тұра Павел  Иванович Неболсин «Мұхамбет әулиенің бұл ұрпағы» деген тіркесті сәтімен қолданады. Ал, енді «Қожа» – парсы тілінде Хвадже, Хвадже – господин, хозяин, начальство (Персидско-руский словарь. Составитель профессор Миллер. Гос. Изда-тельство иностранных и нацональных словарей. Москва-1953-г. -199-шы бет.) деп аталса (Русско-казахский словарь. Под общей Редакцией доктора фил. наук, профессора Н. Т. Сауранбаева.) Жоғарыдағы баспа Москва – 1954 жылғы кітапта – Хозяин (владелец) – ие, қожа – депті. Екеуінің де айтпағы бірақ сөз-сол елдің сөзін ұстанушы, халыққа жол көрсетуші, ағартушы.
Ал өзбек ағайындар шығарған: Узбекско-русский словарь-кітабында 214-ші бетте Хужа-хозяин, владелец  – депті (Тошкент-Уқутувчи-1987). Бұл жердегі бір айта кететін жағдай, жоғарыда келтірілген сөздіктің барлығында «қожа» сөзінің тікелей айналымдағы мәні мен мағнасын берген. Осы жағдай Орысша – Башқұртша сөздікте де берілген. Русско-Башкирский словарь. Хужа-хозяин, владелец, содержатель. 607-бет. (Гос. издад. иностранных и нацональных словарей. Москва-1958.) Сонда халықтың тіліндегі «Қожа» парсы тілінде «Хваджа» – оқытушы, ағартушы, басшы, деген сөздердің баламасы болмай ма?!
Иә, қалай болғанда да Мұхамбет-Са­лықтың  атын  шығарған  оның ғылыми-этнографиялық және публицистикалық шығармалары еді. Сегіз қырлы, бір сыр­лы ғалымның бұл еңбегі айрықша тоқ­талуды талап етеді. Қуғындағы кезінде де, бақытты кезінде де, ол қаламын қолдан түсірмей, әділдік, шындық жолындағы өткір мақалаларын жариялап, күресін тоқтатқан жоқ. Бабажанов қазақтың салт-дәстүрі, шаруашылығы, діни нанымы, аңшылық кәсібі жөнінде еңбектер жариялады. Халықтың көне тарихи мұраларын, аңыз-ертегілерін, өлең-жырларын, мақал-мәтелдерін жинап, зерттеді.  1854 жылдан бастап Санкт-Петерборда, Орынборда және іргелес Астрахань губерниясында шығып тұратын «Северная пчела», «Санкт-Петербургские ведомости», «Дея-тельность», «Охота», «Волга», «Орыс географиялық қоғамының хабарлары мен жазбалары», «Этнографиялық жинақтар» сияқты газет-журналдарды жаздырып алып оқыды және оларға маз­мұнды мақалалар жазды.
Мұхамбет-Салықтың заманы алғашқы қазақ зиялыларының туып, өсуі мен шетел және орыс саяхатшылары мен ғалымдарының қазақ өлкесін зерттей бастауымен тұтас келді. Орыстардың жергілікті халық өмірі мен тарихын, әдет-салтын білмей жазған, көбінесе теріс пікірде құраған мағынасы тайыз мақалаларын оқыған ғалым қолына қалам алып, көптеген мәселелерді өзі жазды. Және білгірлікпен дәйекті түрде дәлелдей білді. Оның бұл мақалалары жоғарыда аталған газет-журналдар кідіріссіз жариялап тұрды. Оның әсіресе «Қымыз туралы жаңалық», «Орал казак-орыстары мен Ішкі Орда қазақтарының айтысы», «Ішкі қазақ Ордасының жылқылары және оны бағу», «Нарын құмы жөніндегі мәліметтер», «Ішкі Бөкей ордасындағы аңшылық» деп аталатын мақалалары мен зерттеу еңбектері мән-маңызы өте жоғары еңбектер еді. Әсіресе, мұндағы жылқы, қымыз жөніндегі жазбалары күні бүгінге дейін құны жоғалмайтын дүниелер.
Мұхамбет-Салықтың замандасы Кіші жүздің жыр әлеміндегі үстінен су төгілмес жорғасы Марабайдың:
Құлағын біздей қадаған,
Кекілін қыздай тараған.
Басқан ізін санаған,
Саптаяқтай ерінді,
Сарымсақтай азулы,
Қолтыраудай танаулы,
Қысыр жылан өзекті,
От орнындай тұяқты,
Аш жолбарыс сияқты, – деп төгілген жыр жолдарын ол өзіне лейтмотив алғаны бірден байқалады. Иә, қалай болғанда да ХІХ ғасырдың 60-шы жылдары қазақ халқының тарихы, археологиясы, этнографиясына қатысты құнды зерттеулер жүргізіп, көптеген мақалалар жариялаған зерттеушілердің бірі Мұхамбет- Салық Бабажанов болды. 1860 жылдары Ішкі Бөкей Ордасын басқарған уақытша кеңестің кеңесшісі, аудармашы ретінде көп жерлерде болып, елдің тұрмы-сымен танысты. Ол Ресей империясының қазақ елін отарлау саясатына наразылық танытқан мақалалар да жазды. 1860 жы­лы қазақ депутациясының құрамында Петерборда болғанда оның өз қызметіне тосқауыл болатынын білсе де, ретін тауып, халыққа қарсы жұмыс жасап жат­қан Орынбор генерал-губернаторы В. А. Перовскийдің үстінен патшаға шағым жасай алды. Осы сапарында ол белгілі этнограф, шығыстанушы П.Небольсинмен, ұлы саяхатшы Семенов–Тянь-Шанскиймен жүздесіп, танысады. Атағы зор екі ғалым да жас қазақ ғалымын жақсы көріп, еңбегін бағалады. П.Небольсин: «25 жаста. Келбетті. Ат жақты. Өңі қараторы, көзінің аясы үлкен, шашы қара, қалың. Бабажанов орыстың айшықты әдеби тілін жақсы меңгерген. Сөздері өткір, әрі көркем, әсіресе өзін толғандыратын мәселеге келгенде қызып кетіп, шешен сөйлейді… Әңгімелескен кезімде оны әсіресе екі мәселенің ерекше толғандыратынын байқадым. Оның бірі біздің бәрімізге ортақ кесел – біздің заңымыз және уездік сот қызметкерлерінің қылығы мен былы­ғы болса, екіншісі надандыққа толы татар насихатының қазақ арасындағы зиянды кеселі және ешбір негізі жоқ соқыр сенімдер мен ескі аңыздарды Құранға қосып халықты бұзып, аздыруы еді» деп жазды. Бұл үлкен ғалымның жас ғалымды тануы, әрі берген бағасы еді. Петерборға барған қазақ депутациясы осы сапарында Эрмитажда, мұражайдарда, көркемсурет академиясында, Пулков обсерваториясында тағы басқа тарихи, мәдени орындарда болған. Шоқан Уәлиханов солармен жүздесіп, осы депутация құрамындағы Ғ.Есенбаев, А.Байғалин, М.Жантөрин, М.Бабажанов, Ә.Сейдалин, тағы басқаларды қонаққа шақырғанын депутация жетекшісі Л.Плотников «Русский вестник» журналында (1860 ж. №12, 263 бет) жазған. Қайтар жолында Мұхамбет-Салық Мәскеу шаһарына әдейі соғып Кремльде, Үлкен театрда, тағы басқа мәдени орындарда болған.
Тағы бір айтар сөз, этнограф П. Небольсин аталған қазақ депутациясы туралы «Путешествующие киргизы» деген мақала бастырып, қазақ даласынан келген адамдардың саналы істерін жоғары бағалайды. Осыны оқыған Орал казактарының мүшесі И.Железнов соған қарсы «Киргизомания» атты мақала туындатып («Русский вестник» журналына 1860 ж) қазақтардың намысына тиетін сөздер айтады. Бұған назаланған Мұхамбет-Салық Бабажанов аталған журналға И.Железновқа қарсы мақала ұйымдастырып, қатты соққы береді. Оның шовинистік, пасық ойларын, надандық жазбасын айыптай отырып, кеудемсоқ казактардың ұрдажық, топастық келбеттерін айқын көрсетіп, бұлтартпас дәлелдермен әйгілеп береді. Мұхамбет-Салықтың  жазған ғылыми еңбектері ересен деуге келеді. Нарын құмы­нан табылған әйел мүсініндегі балбал тас үшін ол күміс медальға ие болды. «Заметки киргиза о киргизах» («Қазақтың қазақтар туралы жазбалары») 1861 жылы Санкт-Петерборда басылған. Сонымен бірге, ғалымның батыс қазақ жерінің кен байлығы, географиялық ерекшеліктері топономика, этнография, тарих саласындағы салмақты туындылары да бар. Олардың көпшілігі  көзі тірісінде және бірқатары дүниеден өткеннен кейін де жарияланған. Бір өкініштісі сол, оның баспасөз бетінде басылмаған еңбектері  қолжазба күйінде табылмай кеткен.
Этнография бөлімінің жұмысына белсене қатысып, ерекше үлес қосқаны, қазақ халқының тұрмысына қатысты құнды материалдар жариялағаны үшін Мұхамбет-Салық Бабажанов 1862 жылы Орыс Географиялық қоғамының мүшесі болып сайланды және үлкен күміс медалімен марапатталды. Ол ғылыми еңбектері үшін медальмен марапатталған тұңғыш қазақ болды. Өлкетанушы ретінде оның тапқан, жинаған аса құнды этнографиялық бұйымдары, археологиялық дүниеліктері Орыс Географиялық қоғамының мұражайына қойылып, кейінірек Эрмитажға тапсырылады. Ондағы  Бөкей Ордасының көне заттарының ішінде де Мұхамбет-Салық Бабажановтың  көзіндей көрінетін  заттары да баршылық.
Қазақстанның ерте және орта ғасыр дәуіріне қатысты «Сырдария бойындағы порттың маңынан табылған көне қаланың орны» (1896), «Қырғыз даласынан табыл­ған тас қатынның мүсіні» (1860) деген мақа­лалары орыс ғалымдары тарапынан жоғары бағаға ие болды. Уақыттың керуен көші алға жылжыған сайын жасыққа айналып немесе жайнай түсетін жәдігерлер жиі кездеседі.Осы ретпен алғанда ол бүгінгі күнге дейін құнын жоғалтпаған «Коневодство», «Охота» журналдарында 1871 жылы «Охота во Внутренней киргизской орде», «Лошади и их испытания во Внутренней киргизской степи» еңбектері жарияланды. Ол жылқы тұқымын жақсарту мен өсірудің жолдарын жазған. М.С.Бабажанов өз халқына пайда келтірудің жолын іздеген нағыз қайраткер еді.  1855 жылы Ішкі Орда қазақтарының толқуына қатысты деген желеумен қызметінен қуылып, 2 ай абақтыда отырды, 1855-61 жылдары Ішкі Орданы басқару жөнінде Уақытша кеңестің кеңесшісі болды. 1862 жылы  қызметтен кетіп, 1866 жылға дейін мал шаруашылығымен шұғылданды. 1866-71 жылдары Ішкі орданың Қамыс-Самар бөлімшесінің басшысы қызметін атқарды.
Артына көп мұра қалдырған Мұхамбет-Салық Бабажанов туралы соңғы жылдары бірқатар еңбектер жарық көрді. Келешекте осы тақырыпқа ден қоюшылар болса бір керегі болар ма деп өзіміз барынша пайдаланған және іштей рахметімізді айтқан солардың бірқатарын атап өткенді жөн көрдік. Ыдырысов Қ. «Сбылось предвиденье», Вечерняя Алма-Ата, 14.04.78- ж. Ивлев Н.П., Масанов Н.Э. «Видный казахский ученый М.С.Бабажанов». Вестник Академии наук Каз.ССР, Алма-Ата – 1982, 60 – 65-бет; Сенигова Т.Н. «Қазақ Совет энциклопедиясы», 2-том, 63-бет.   Ерофеева И.В. «История Букеевского ханства. 1801-1852 г.г.», Сборник документов и материалов. «Дайк – Пресс», Алматы-2002, 1020 бет.   Боранбайұлы Т. «Ғасырға сыр». «Елорда», Астана-2001, 74-бет.   Сонда.   Ивлев Н.П. «Находки краеведа». Алма-Ата, 1977, 15-бет. Ысмағұов М., Ыдырысов Қ. «Дүмбілез деректер». Білім және еңбек, 1975, №5.  Зиманов С.З. «Россия и Букеевское ханство». Изд. «НАУКА», Алма-Ата-1982, 148-бет.   Сейтақ Ғ. «Нарынның нар ұлдары». «Жазушы», Алматы – 1998, 21- бет. Х.Маданов пен А.Мұсабаева «Мұхамбетсалық Бабажанов» (Алматы, Санат баспасы, 1995 ж.)  Р.Отарбаев (Жалын, №3, 1988 ж), Т.Боранғалиұлы («Егемен Қазақстан» 24.11.1995 ж), Н.Ивлев («Жұлдыз» №1, 1990 ж, 199-202 беттер), С.Даумов («Жас Алаш» 16.07.2002 ж, және 29.06.2002 ж),белгілі сатирик, зерттеуші-ғалым-этнограф Сейіт Кенжеахметов  және басқа да ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ, интернет иірімдеріне материалдарды орналастырған айтулы азаматтар  көп еңбек сіңірді.  Әйтсе де, осындай ұлан-ғайыр зерттеу материалдары қолымызда бола тұра Салықтың өзі туралы мағлұматты әдеттегідей оның туған жылынан бастайтын болсақ,  дәл бүгінгі күні қолымызда нақтылы анық дерек жоқ десек те болады. Мәселен, «Салық Бабажанов туралы» мақаласында белгілі шежіреші-тарихшы Хамит Маданов 1830 жылды көрсетеді («Салық Бабажанов». «Этнографиялық мақалалар» Алматы. «Қазақстан» Қазақстан тарихи-шежіре қоры.1993жыл. 3-бет).
М. Ысмағұлов пен Қ. Ыдырысов оның туған кезін 1830 – 1831-жыл дейді.
Н.П.Ивлев пен Н.Э.Масанов, Т. Н. Сенигова –1832,  Кіші жүздің, соның ішінде Бөкей Ордасының тарихын терең де толық зерттеп жүрген И.В. Ерофеева да өзінің жуықта шыққан ең соңғы көлемді еңбегінде 1832-1833  жылдарды көрсеткен. «Осы мақаланы жазу барысында, – дейді С.Кенжеахметов, – Аты аталған ғалымдардың пікірлерінен көрі белгілі журналист Тілекқабыл Бо­­ран­­ғалиұлының Салықтың туған жылына байланысты пайымдауы, ме­ніңше, нақтылы және дәлелдірек сияқты. Ол өзінің Салықтың туған жы­лына байланысты пайымдауында сол кезде Санкт-Петербургте шығатын «Северная пчела» газетінің 1861 жылғы 5 қаң­тарындағы нөмірінде жарияланған «Қа­зақтың қазақ туралы жазбалары» деген мақаласындағы Салықтың өз қолымен жазған нақтылы деректерге сілтеме жасайды. Сол мақаласында Салықтың өзі: «…бұл 1845-жылдың басындағы қыс еді. Кейін біраздан соң біздерді жазғы шілде айында Орынборға жібереді деп естідік. Келісім бойынша 1 шілдеде Торғын өзенінің бойындағы ханның жазғы жайлауына жиналдық. Ол кезде менің жасым 11-де болса да, біздерді Орынборға шығарып салғандары әлі есімде», – деп Жәңгір ханның балаларды оқуға аттандыруды елдің тойы ретінде өткізгенін Салық кезінде өз қолымен жазып қалдырған. Егер, Салықтың жастайынан оқып, Жәңгір мектебін бітіргенін, есеп шығарып, хат тани­тындығын ескеріп, өзі 1845 жылы жасым 11-де десе, оның туған жылы не 1834, не 1835 жылдың басында болмай ма деп пайымдайды Тілекқабыл Боранғалиұлы. Әрине, бұл зерттеу, анықтау жүргізуге байланысты қолданылатын белгілі ғылыми тәсілдердің түрлері логикалық ой қорыту, жорамалдау немесе сараптамалық қорытындылаудың қай саласы жағынан алып қарағанда да, Салықтың туған жылын анықтауға байланысты сөзсіз бұлтартпайтын дәлел. Демек, ендігі күдік 1834 әлде 1835 жылдың қайсысында туған дегеннің төңірегінде болуы керек. Осы орайда көңіл аударатын бір жәй, Салық Бабажанов туралы жазған жоғарыда аты аталған ғалымдардың барлығы да өздерінің мақалаларында оның 1860 жылы Петербургте болғанда белгілі ғалым-этнограф Павел Иванович Небольсинмен танысқанын айта келіп, орыс ғалымының 1860 жылғы «Русский вестник» журналының 29-санында жариялаған мақаласындағы Салыққа берген мына мінездемесін келтіреді: «жасы 25-те, келбетті, бірақ тотыққан қара торы өңді, әдемі арайлы көзді, қалың қара шашты Бабажанов орыс тілінде өте мәнерлі сөйлейді. Әсіресе, өзін толғандыратын мәселеге ауысқанда өткір де шешен әрі қызып сөйлейді», – дейді. Бұл жерде аты белгілі ғалымның өзін ой өрісінің кеңдігімен, білімпаздығымен таңдандырып, көңілін аударған бұрын таныс емес жас қазақпен жүздесе отырып, оның жасын сұрап анықтамауы қисынға келмейтінін ескерген жөн. Сондықтан да, П. И. Небольсинның оның «жасы 25-те» деп анық та айқын кесіп айтуы ешкімге ешқандай күдік тудырмауы керек шығар. Демек, бұл жерде де Т. Боранғалиұлының жоғарыдағы келтірілген деректерге сүйене отырып: «Салықтың жасы Шоқанмен құрдас, яғни, 1835- туған» деп ой қорытуы ақиқаттың ауылынан алыс емес сияқты. Олай болса, 2005-жылы халқымыздың аяулы ұлы Мұхамбет-Салық Бабажановтың туғанына 170 жыл толатынын ескерейік, ағайын», – дейді автор.Ол одан әрман «Салықтың дүниеден өткен кезі жөнінде де ғалымдар арасында ортақ пікір жоқ. Мәселен, Н.П. Ивлев пен Т.Н.Синегова С. Бабажановты 1898- жылы қайтыс болды десе, М. Ысмағұлов, Қ. Ыдырысов 1871 жылы мамыр айында қастандықпен өлтірілген дейді. Соңғылардың пікірін «Түркістан уалаяты газеті» растайды» – дейді (Сейіт Кенжеахметов. «Мұхамбет-Салық Баба-жанов».
Мұхамбет-Салықтың бүкілхалықтық даңққа ие болуына біршама кедергі болған ең басты мәселелердің бірі- Ішкі Бөкей Ордасының ең соңғы ханы Жәңгір­дің қаталдығымен аты шыққан биі Қа­рауыл­қожаның ұлы болғандығы еді.1837 жылы 16-қыркүйекте Қарауыл қожаның үйі мен мүлкі, қора-жайы өртеніп,тігірге тұяқ қалмай, кедейленеді. Қарауыл сол өрттен кейін шаруасын қалпына келтіре алмай дүниеден өтеді. Ол өлген соң әркімнен алған берешегін өтеу жар қосағы Жәмилә мен жас Мұхамбет-Салықтың иығына түседі. Содан қашан ол оқу бітіріп, қызметке араласқанша, бұл әулет ес жия алмайды. Патша шенеуіктеріне жақпағаны-Мұхамбет-Салықтың халық жағына шығуы, солардың мұң-мұқ­тажын түгендеуі, ал, Кеңес үкіметіне жақпағаны-әкесінің Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерлісіне қарсы қимыл жасағандығымен  байланысты болды. Қызығы сол, Шоқанның әкесі  Шыңғыс төре де Кенесары көтерлісін қолдай қоймағандардың қатарында болды. Шоқан да Әулиеатаны зеңбірек атып қанға бөктірген генерал Черняеевті тастай қашты. Мұхамбет-Салық та Шоқан сияқты өте жұмбақ жағдайда, (оны казактар улап өлтірген деген қауесет те бар) небәрі 37 жасында Ішкі Бөкей Ордасының Астрахань бетіндегі «Егіндіқұдық» деген жерде көз жұмды. Артында Ғазиза атты жары Мұқамбетжан, Ханахмет атты ұлы қалды. Әйгілі күйшілер Дәулеткерей мен Түркеш «Салық өлген» деген күйді кезек-кезек толғанса, мақал ретінде бізге жеткен «Салық өлді дегенше – алып өлді десейші, Алып өлді дегенше – халық өлді десейші» деген сөз қазаны естіп қайғырып, қапаланған, ел ішінде «Мақаш әкім» деген атымен белгілі Мақаш Шолтырұлы Бекмұхаметовтың айтқаны дейді.

Түйін
Ұлы Отан соғысынан кейін Орда айма­ғының халқы атажұрттан көшіріліп, Капустин Ярдан бастап, бүкіл Нарын, Бекетай, Барша Толыбай, Шалқар, Тайсойған құмдарын алып жатқан аймақта әскери сынақ полигоны құрылады да Мұхамбет-Салық жатқан жер атыс алаңына айналады. Бұл қонысты иемденгендер ондағы ертеден сақталынған кітап, кейбір ескірген мүліктерді, жәдігерлерді қоршауда тұрған Салықтың моласына апарып төгеді де, кейіннен жер қазатын тракторлармен тегістеп жібереді. Көз көргендердің айтуынша, Салық Бабажанов Нарын құмында жүріп-ақ астаналық газеттерді және журналдарды, Белинский, Достаевский, Чернышевский, Писемский, Гоголь, Островский, Гончаров тағы басқа орыс жазушыларының шығар-маларын оқып, ғылым мен әдеби өмірдің соңғы жаңалықтарынан хабардар болып отырған. Оның кітапханасында «Вестник Европы» журналының 32 томы, «Всемирный труд» кітабінің 9 томы, «Морской сборниктің» 3 томы, Бокльдің «История цивилизации в Англии» деген зерттеуінің 2 томы, Россия империясының заң жинақ­тары, Циммерманның физикасы, Карамзин жазған тарих кітабінің 2 томы, «Материал для географии статистики России», «Ежемесячный календарь» тағы да сол сияқты көптеген жинақтар болған.
«…Қалды Салық ісі ұмыт,
Күлге оранып тұрағы.
Кесілгендей тамыры,
Орда барар жол қайда!?
Сөйткен Салық қабірі
Қалды алыста, Торғайда.
Жаныңа осы батады,
Таға аласың кімге сын!?
Ракеталар жатады
Дүңкілдетіп іргесін.
Ауып жатыр жұрт аттан,
Тұманданып тұнық таң.
Не сұрайсың ұрпақтан,
Шын құдайын ұмытқан!» – деп жырлады, өз замандасымыз бөкейлік ақын Ғайса-Ғали Сейтақ.( Сейтақ Ғ. «Нарынның нар ұлдары». «Жазушы «, Алматы – 1998, 21- бет).
Оның жатқан жері жермен-жексен болғанымен, осы өлкеде Мұхамбет-Салық Бабажанов бір кездері правитель болған ежелгі Қамыссамар – қазіргі Жаңақала деген аудан бар екен. Ұлағатты ұрпақ соған атын беру туралы аз-кем ойланса дұрыс болар еді. Несін жасырайық, 1943 жылға дейін қазақ халқы Әл-Фарабидің кім екенін білмей келді емес пе?! Сұлтан Бейбарыстың да бағасын енді-енді беріп жатырмыз.Болса да отызыншы жылдардың екінші жартысында Жезқазған жеріндегі  «Асан Қайғы» ауданын жойып, «Жаңаарқа» деп өзгерттік. Оның есесіне Петропавл, Павлодарға еш шамамыз келмей-ақ қойды… «Өшкеніміз қайта жанып, жоғалғанымыз түгенденуі»  үшін біздерге әлі де көп жұмыс істеу керек сияқты. Мына бір қуанышынан гөрі, мұңы басым мақала да сол себепті жазылса да, «мұсылманшылық әсте-әсте» дегендей Тәуелсіздігіміздің көк байрағы желбіреп тұрғанда, «Мәңгілік Ел» болғымыз кеЖарылқасын Боранбайлсе, мұндай ұрымтал тұсты қалт жібермей пайдалану керек шығар  деп пайымдаймын…

Жарылқасын БОРАНБАЙ,
«Алаш» тарихи-зерттеу Орталығының қызметкері

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button