Ғалымның хаты

Бұқар жырау және қазақ ортасындағы ислам

Заманында «көмекей әулие» атанған Бұқар жырау бабамыздың ислам тақырыбына қатысты айтқандары аз емес. Тұтас бір мемлекеттің  ішкі-сыртқы саясатында үлкен орны болғаннан кейін жыраудың өз заманына сарабдал анализ жасап, руханияттағы өзгерістерге пікірін білдіріп, жұртты тура жолға бастап отыруы заңды.  Бұқар жырау ислам ақиқатын Көкілташта оқып жүрген бозбала шағында жыр жолдарына түсіруді бастады деп есептейміз. Ахмет Йассуи мұрасын да сол кезеңде игергенге ұқсайды. Себебі Бұқардың Түркістан аймағындағы діни ағартушылық орталығы  болып табылатын Қарнақ медресесінде қызметте жүрген кезінде айтылған жырлары үлкен дайындықты және деңгейді көрсетеді. Болашақ жыраудың шығыс әдебиетін жақсы игергені сөзсіз. Әсіресе, оның алғашқы толғауларынан сопылық мұраты мен мұндалап тұрады, оның сопылық поэзияны жатқа да білгені де, тікелей әсер алғаны да сөзсіз. Ахмет Йассауи хикматтарынан асқақ арман мен өмірге құштарлық адам қиялы жетер-ау деген кеңістікке алып барады, апырмау бұл өлеңдерде жігерлілік қалай жинақталып тұнып қалған деп таң қаласың:

Шықсам таудың басына,

Шілтен болсам болғай ма?!

Наушаруан ғаділдей,

Сұлтан болсам болғай ма?!

 Ақ бұлттар аударып.

Сансыз жаңбыр жаудырып,

Жасыл ағаш өндіріп.

Бостан қылсам болғай ма?!

Бұлттарға ұштасып,

Сұңқар лашын құс болып.

Сансыз жануар ұқсанып,

Саят қылсам болмай ма!

Ақын қиялы қандай жүйрік, аспанмен таласқан асқар тау шыңына көз тігіп, сондай зор болуға ұмтылу, дүние жүзін қаратып әділ сұлтан болсам деу, ел билеп елдің қолын еркін, бақытты өмірге жеткізем деу нағыз ізгі арман ғой. Ахмет Йассауи бұл қиялға жеткізетін жол ғылым-білім деп есептеген, Ол табиғаттың тілін түсініп, тылсымды сезінуге мүмкіндік береді.

Бұқар жырау Қарнақ медресесінде ұстаздық еткен уақытта қазақ балаларының тіліне, түсінігіне ыңғайлы қылып мұсылмандықтың іргелі қағидаларын жырға қосқаны белгілі. Ұстаздық дәуірінің ескерткіштеріндей мына бір өлеңдер Бұқардың ыждаһатты шәкірттерінің  жадында  жатталынып қалды:

Күллі әлемді қаратқан,

Ең алдымен Алланы айт.

Бойыңа жан таратқан,

Аты жақсы тәңіріні айт,

Төрт Шадияр Мұстафа.

Кітап ашқан ғалымды айт,

Мұхамбеттің аяты.

Алла сөзі құранды айт,

Пайғамбардың сүннәті.

Бес уақытқы намазды айт,

Тәңірім салса аузыңа

Жан жолдасың иманды айт.

Жамандыққа жақсылық,

Еткен таза арыңды айт.

Қара қылды қақ жарған,

Наушаруандай әділді айт.

Лаука менен қаламды айт,

Құдіретімен жаралған,

Он сегіз мың ғаламды айт.

Ақтан сия танытқан,

Дәуіт пенен қаламды айт.

Сөйлеу үшін жаратқан,

Сөз анасы сәлемді айт.

Тірліктегі сыйласқан,

Ата менен анаңды айт,

Адам үшін жарасқан

Қызықты нәубет балаңды айт

Өлгеннен соң жер жұтқан

Қараң қалған денеңді айт!

Бұқар жырау 1683 жылы туып, 1780 жылы қайтыс болды, яғни 97 жыл өмір сүрді. Қазақтың хандық дәуірде таңдаған Ахмет Йассауи жолы жыраудың жасы тоқсанға келген уақытта сыр бере бастады.  Қазақтың ақылгөй жырауы әлі тұғырдан түспегенімен бұрынғыдай Абылаймен бірге жорыққа шығуға қажып, көбінесе Орда маңында болатын кезі еді. Дүниауи істерден гөрі өзіне арнап тігілген шаңырақта тоқалының жанында құс жастыққа жантайып, жабағы жүн бөстекте толғап жатқанды дұрыс көреді. Қазақтың ділмарлары ол кезде тоқсанды көпсінбейді «елуде егеулі найза өңгердім, алпысымда араннан аттап өтемін, жетпісімде аспанға атылған жыланмын, сексенімде топ бастаған серкедеймін, тоқсанымда топтан торай шалдырмаймын, жүзге келгенде жас тоқалымның көңілін қалдырмаймын» – дейді.

Бұл кезеңде үш жүзге билік жүргізген Абылай хан ордасында жан-жақсан келіп-кетуші жолаушы адам көбейді. Қытай, қалмақ, алтай, қоқан, қырғыз, толып жатқан көрші алыс-жақын, алыс-берісі бар елдер елшілік сапармен келеді, орыс болса өзінің жымысқы саясатын көздеп орданы айналдырады. Осы саясаттың бір бесенді көрінісі татардың шала сауатты пысықай адамдарын тілмаш, хатшы, молда есебінде қазақ билеуші топтарының арасына тықпалау. Бір жағы Ібір-Сібір жұртынан Том, Тары, Барабы татарлары ағылып келіп жатыр, екінші жағынан Қазан мен Астраханнан да келу күшті. Соңғы орыстың қатын патшасы Екатерина  ІІ таққа отыра салысымен татардың мойнын босатқаны белгілі. Петр І-нің кезінде бұларды қырып-жойып, дінінен бездіріп, бірталай бөлігін ел болудан қалдырып еді, ал Екатерина ІІ сауда-саттықты жолға қоямын, Ресейге француз тәртібін енгіземін деп елге біраз босаңдық жасады.

Деректерге қарағанда татар-башқұрт  қазақ арасына әр түрлі жоолдармен келеді. Олардың ішінде Ресейдің елшілігімен де, көпес не бақалшы болып арбасын да сүйретіп жүретіні де, солдаттан қашқаны да бар. Бұқар жыраудың көңіліне ауыр әсер еткендері ханға жақындап хатшылық қызметте жүргендері. 1770-1780 жылдары Көкшетаудағы хан ордасында тілмаш-хатшы болып жүрген Ягуде мен Мүнәсіп дегендер Ресей арнайы қызметтері жіберген үкіметтің тыңшылары. Олардан ақпарат алу үшін Ресейден сауда жасаған, жоқ іздеген болып, әр түрлі себептермен адамдар келеді.  Келген сайын жең ұшынан жалғасып жатады және оны қатты жасырмайды да,  жұртқа белгілі. Ертеде қазақ хандарының ордасында Бұхар мен Мысырдың, Самарқанд пен Стамбулдың жоғарғы оқу орындарын аяқтаған ғұлама пірадарлар көп болушы еді. Негізгі түбі пайғамбарға жиен келетін қожа тұқымы Қазақ хандығының кеңсе ісінде де, рухани шаруасында да белсенді болатын. Дін жұмысы тегіс солардың қолында болушы еді. Сонымен бірге ол кезде қазақтың арасынан да Мәуреннахрдың жақындығын пайдаланып әр нәрсені үйреніп қалған азаматтар аз болмайтын.

Міне, осы жағдай Бұқар жыраудың соңғы толғауларынан анық көрінеді. Жырау Сырдан Сарыарқаға көшкенде біржолата оңтүстікпен ат құйрығын үземіз деп жоспарлаған жоқ, жаугершілік амалсыз соған мәжбүр етті. Енді сәл кешіксе орыс Арқаға орнығып қалар еді. Орыспен жақындықтың бір салдары дінге әсер етті, қазақ мәдени  үлгіні татардан қабылдап жатыр. Бұқар жырау толғауынан осыған ыза болғандық және шарасыздық сезіледі.

Ол Бұхара шәріптің Көкілташ, Мір-Араб, Тәшкенттің Барақ медреселерін, сол жерде ұстаздық еткен аузын ашса ар жағынан дүр төгілер білімнің бұлағы мүддәрістерін сағынады.  Кәусәр бұлақ кеуделері толы қанағат, айтатындары шариғат, ұстанатын жолы тариқат. Кей-кейде медресе ауласында қауыз маңында хош иісті гүлзардың жұпарын жүтып байсалды әңгіме құрып отыратын ұстаздарын аңсайды.

Неге екенін білмейді сол жастық шақтың елесіндей болып, нәзік, сыршыл Жүсіп Баласағүни өлеңдері жаңғырды:

Тәңірі ием екі үйді жаратыпты,

Бірі жұмаққа, бірі тозаққа қарапты.

Тәңірі ием екі құлақ, екі көзді сайлапты,

Біріне дүниені, біріне рухты байлапты.

Екі қол беріпті, ұсынып тұту үшін,

Бірі – дүниеге, бірі құдайшылық ету үшін

Екі аяқ берді Тәңірі жүру үшін,

Бірін бұл дүниеге, бірін ол дүние үшін!

Қазақ мұсылмандығының негізгі ережесі -тәубә ! Өмірінді текке өткізбе, шаруаңды ақсатпа,  бірақ мал-дүние жинаймын деп арамға баспа, адалдан аспа:

Шын ақиқат сопылардың,

Сөздерінің жалғаны жоқ.

Дем салып, арқасын ұрып,

Халықтан нәрсе алғаны жоқ,

Азғырушы нәпсі үшін,

Жүзін қара қылғаны жоқ!

Сүлеймен Бақырғани бірадар айтқан өлең Бұқардың өмірінің шын бағасы.

Көмекей әулиенің  Абылай ханға арнаған толғауларының бірі  Ахмед Йассауи жолынан ауытушылықты сынауға арналады:

Он екі айда жаз келер,

Құс алдынан қаз келер,

Айтып-айтпай немене,

Заманымыз аз келер.

Сол заманың келгенде

Ата-бабаң қол берген,

Қожаларын қас көрер.

Ноғайларды ғалым деп,

Әулиедей көресің.

Ноғайлардың бойлары болар сазандай

Сәлдесі болар қазандай.

Ақиретке барғанда,

Ақ сүйекті қор тұтқан,

Қараны онан зор тұтқан,

Ноғайларды пір түтқан.

Тартарсың сонда жазаңды-ай!

“Елу жылда -ел жаңа» деген сөз рас. ХУІІІ ғасырыдың екінші жартысы және бейбіт заман астан-кестен өзгерістер әкелді. Бұқардың толғаулары болса елдің мүддесін, қазақтың алатын үлесін насихаттаған, елді бірлікке шақырған жырлар. Бұқар өз заманына тән сөз ернегін салып, өнер үлгісін жасап кетті. Қазақтың мемлекеті, қазақтың ханы, қазақтың қамал қорғаны деп жырлаған данагөй жырау өз толғауларымен елге ұйытқы болды, азаматтығын нығайтты. Бірақ жыраудың бір бүйрегіндегі сопылық дүниетаным, оны дәуірлік тақырыптарға, шексіз ғарыштық өлең үлгілерін жасауға алып келді. Бұқар толғаулары үлгісінің кемел бастауы мың жылдық көшпелілер поэзиясы – буырқанған бурадай еріксіз елең еткізер бейнелер, қыран құс, құйғытқан жүйрік тұлпар, алмас семсер жауына жұмсалған. Бұқар жыры – дәуір айнасы, оның толғаулары шығыстық нәзік сырлы шайырлар үлгісі мен көшпелілердің өр толғауларынан сомдалған, түзілген қазына. Ол – қымбат, асыл дүние замана тынысынан да хабар береді, мәңгілік құбылыстарға да қатысты.

Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымының докторы,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры

Ұқсас мақалалар

Бір пікір

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button