Білген Шайыр айтады

ЕЛ НАМЫСЫ – ЕР НАМЫСЫ (тарихи драма)

Нұрлан ҚАМИ

ЕЛ НАМЫСЫ – ЕР НАМЫСЫ

(тарихи драма)

Қатысушылар:

Мәделі қожа –   батыр, ақын, 42 жаста.

Кенжехан –       батыр, Мәделінің інісі, 25-терде.

Сапақ би –      қоңырат руының беделді адамы, 60-тарда.

Қанай датқа – қоңырат руының беделді адамы, 60-тарда.

Байзақ датқа –    дулат руының беделді адамы, 60-тарда.

Айым сұлу –    Сапақ бидің қызы, 18 жаста.

Бәйбіше –        Сапақ бидің әйелі, 40-тарда.

Иманберді –     Сапақ бидің ұлы, 30-дарда.

Мұсабек –       батыр, Сапақтың інісі, 40-тарда.

Рысқұлбек –    ысты руының батыры, 40-тарда.

Момынбек –    дулат руының батыры, 40-тарда.

Асқар қожа –    беделді ақсақал, 60-70-терде.

Жәбек би –       Асқардың баласы, 40-тарда.

Мырзаби –       Қоқан ханының зекетшісі, 40-тарда.

Құдияр хан –    Қоқан ханы, 50-лерде.

Уәзірлер –        50-60 жаста.

Жасауылдар –     25-30-дардағы жігіттер.

1-көрініс

Сапақ би төрдегі текеметтің үстіне төсеген көрпеде шалқасынан жатыр, басында жастық, қолында домбыра, тыңқылдатып әлдебір әуенді шертіп қояды. Одан төмен бәйбішесі іс тігіп отыр. Ер балаша киінген Айым жүгіріп кіреді. Сапақ домбырасын қоя салып, басын көтеріп алады. Кемпірі де аңтарылып қалған.

 САПАҚ БИ:        Не болды, ей?!

БӘЙБІШЕ:          Үйге жүгіріп кіргенің не, қарағым-ау?

АЙЫМ:               Апа! Келіп қалды! Қайда тығылайын?!

САПАҚ БИ:        Кім келіп қалды?!

БӘЙБІШЕ:          Тығылғаны несі?!

АЙЫМ:               Зекетшілер! Көріп қалды мені!

САПАҚ БИ:        Қап!

БӘЙБІШЕ:          Шидің ішіне кіре ғой, қалқам.

Қыз тығылып үлгермейді. Дүрс-дүрс басқан аяқ дыбысы естіліп, үш адам сау етіп кіріп келеді. Бастығы – зекетші Мырзаби.

 МЫРЗАБИ:        Жасырынған жерін қарашы! Ұстаңдар мына қызды!

Нөкерлері Айымға тап береді. Қыз шыңғырып жібереді. Бәйбіше қызын құшақтап тұра қалады. Әлгі екеуі шешесінен қызын айырып алмақ болып жұлқылап жатыр. Сапақ би орнынан атып тұрады.

 АЙЫМ:               Апа!..

БӘЙБІШЕ:          Тимеңдер қызыма!

НӨКЕРЛЕР:       Жібер!.. Былай тұр!..

САПАҚ БИ:        Әй!.. Бұл не бассыздық?!

МЫРЗАБИ:        Әәә!.. Сапақ би екен ғой!.. Сенің қызың ба?!

САПАҚ БИ:        Менің қызым!

МЫРЗАБИ:        Ал оны неге ер балаша киіндіріп қойғансың?

САПАҚ БИ:        Онда тұрған не бар! Жылқы қайыруға шыққанда солай киінетін әдеті.

МЫРЗАБИ:                  Апырмай, ә! Ауылыңда жылқы қайыратын еркек жоқ па? Қызыңды жылқыға жіберетіндей не басыңа күн туды?!

САПАҚ БИ:        Бала күнінен еркелетіп өсірген қызымыз, жастайынан жылқыға құмар. Оған несіне шүйлігесің?!

МЫРЗАБИ:        Қулығыңа құрық бойламайды-ау, Сапақ би! Әдейі еркекше киіндіріп, алдамақсың ғой бізді! Тапқан екенсің ақымақты! Зекетке аламыз қызыңды!

БӘЙБІШЕ:          Не дейді, Құдай-ау?!

САПАҚ БИ:        Мырзаби! Қырық қойдың бірін зекет деп, он қапшық астықтың бірін хараж деп аласың, шып-шырғасын шығармастан жинап беріп отырмыз. Соның бәрі аз көрініп, адамға ауыз салдың ба?!

МЫРЗАБИ:        Әй, Сапақ! Бұл – хан жарлығы! Қоқан ханының жарлығын орындамайтын сен кімсің?!

САПАҚ БИ:        О заман да бұ заман, адамнан зекет алғанды кім көрген?! Көрмек түгіл естісем құлағым керең болсын!

МЫРЗАБИ:        Естімесең, – қазір естідің. Көрмесең, – енді көресің. Бұл низамға тап болған бір сен емессің, Қоқан ханының әміріне бағынған жердің бәрінде солай.

САПАҚ БИ:        Низам шықса алдын-ала жариялап, халықты құлағдар етпей ме! Бұл қалай?!

МЫРЗАБИ:        Жаңа низам деймін! Бос сөзді қойып, қызыңды дайында. Бүгін төмендегі ауылдарға түсеміз, екі-үш күнде қайта оралып соғамыз. Киім-кешегін сайлап, дайын қылып қойыңдар. Ұқтың ба?!

САПАҚ БИ:        Жоқ, Мырзаби зекетші! Бұл бұйрығыңды орындай алмаспын.

МЫРЗАБИ:        Не дейсің?!

САПАҚ БИ:        Бауыр еті – баласын ешкім де көзі қиып бермейді сендерге. Өзің болсаң, – қайтер едің?!

МЫРЗАБИ:        Сапақ! Бұл жерде әңгіме менің емес, сенің қызың туралы. Хан саған сенім артып, атақ-дәреже берді, ал сен оның жарлығын орындаудың орнына қыңыраясың! Әлде басқалардан артықпысың?!

САПАҚ БИ:        Ешкімнен артық та емеспін, кем де емеспін, бірақ  мәпелеп өсірген қызымды ермегіңе бере алмаспын!

МЫРЗАБИ:        Маған емес, Қоқан ханына бересің!

САПАҚ БИ:        Ханыңа да айтарым сол!

МЫРЗАБИ:        Тасқан екенсің, Сапақ би! Мүмкін ханның алдына барып айтарсың осы сөзді?!

САПАҚ БИ:        Айтсам – айтамын!

МЫРЗАБИ:        Қырсықпа, Сапақ, қыңырайма! Мен саған өшіккеннен немесе қызыңның жамалына қызыққаннан келіп тұрған жоқпын. Жарлықты естігеніңе де күмәнім жоқ. Әйтпесе қызыңды еркекше киіндіріп, жылқыға жібермес едің. Қулығыңды асырдым деп ойладың ғой?!

САПАҚ БИ:        Бұл – қулық емес. Басқа амал таппаған соң далбасалаған сорлылық! Әбден басынып біттіңдер елді!

МЫРЗАБИ:        Сорлы екеніңді өзің де мойындап тұрсың, Сапақ би. Осылай жөніңе көш. Жарайды, бір жолға кешірейін. Сұлулығы өз қызыңнан кем түспейтін басқа қыз тап, кедей-кепшіктің де небір сұлулары бар шығар. Екі күннен қалдырмай дайын қыл. Әйтпесе, өз обалың өзіңе!

САПАҚ БИ:        Кедей-кепшік те адам. Олардың да намысы бар. Айттым ғой, әлпештеп өсірген қызын ешкім бермейді еріккеннің ермегіне!

МЫРЗАБИ:        Бермесе, – тартып әкетеміз. Сенің шаруаң – бетінің ажары бар қыз тауып беру. Қай үйде, кімнің қызы екенін айтсаң болды, қалғанын өзіміз тындырамыз.

САПАҚ БИ:        Мырзаби! Біздің қазақ: «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейді. Халқымыз қыз баланы қонақ деп құрметтейді, қыз намысын таптатқаннан өлгенім артық деп есептейді. Қайт райыңнан. Буынсыз жерге пышақ салма!

МЫРЗАБИ:        Хан жарлығын орындаудан бас тартпақсың ба, Сапақ би?!

САПАҚ БИ:        Бас тартамын.

МЫРЗАБИ:        Солай де!.. Көзіңнің еті өскен екен, Сапақ би! Сыйлағанды білмей құтыра бастапсың! Олай болса, ханның алдына апарайын сені! Өз аузыңмен айтасың бәрін. Кәне, жүр! (Жасауылдарға бұрылады). Алып жүріңдер мынаны!

Нөкерлері Сапақ биге тап беріп, сүйрелей бастайды. Алыс-жұлыс басталып кетеді. Қызы шыңғырып, әйелі ойбайлап, үйдің іші опыр-топыр.

 АЙЫМ:               Әке!.. Әкетайым!..

БӘЙБІШЕ:          О, Құдай! Көрсетпегің осы ма еді?!

 Сол кезде Мұсабек пен Иманберді кіреді. Нөкерлерді желкесінен бүріп лақтырып жіберіп, Сапақ биді босатып алады. Мырзаби шегіншектеп, бір шетке ығысып кеткен. Жасауылдар үрпиісіп, соның артына жасырынады.

 МҰСАБЕК:        Не болып жатыр?! Босатыңдар, кәне!..

ИМАНБЕРДІ:     Ах, оңбағандар!

МҰСАБЕК:        Сен зекетші Мырзаби емессің бе?

МЫРЗАБИ:        Ия, Мырзабимін. Ал сен кімсің?

МҰСАБЕК:        Мұсабекпін. Естіп пе едің?

МЫРЗАБИ:        Әәә, Сапақ бидің інісі болдың ғой? Ал мынау кім?

САПАҚ БИ:        Ол менің ұлым. Аты – Иманберді.

МЫРЗАБИ:        Ағаң хан жарлығын орындаудан бас тартты, айдап әкетуге тура келіп тұр.

МҰСАБЕК:        Ол қандай жарлық?

САПАҚ БИ:        Өзім түсіндіремін қазір, Мұсабек. (Әйелі мен қызына үндемеңдер деген ишара білдіріп, Мырзабиге бұрылады). Сендер жүре беріңдер, өзара ақылдасып шешерміз. Жарлықты орындауға тырысармыз.

МЫРЗАБИ:        Орындағаның дұрыс. Әйтпесе, мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылған тоқал ешкідей, бір қыздың орнына онын беруге мәжбүр боласың!

МҰСАБЕК:        Қайдағы қыз?

САПАҚ БИ:        Айтамын қазір, Мұсабек. Сабыр сақтай тұр.

МЫРЗАБИ:        Сені батыр деп естіп едім, Мұсабек. Сапақ би қаның қызып кете ме деп қауіп ойлап тұрған шығар. Ақылың тоқтамап па еді әлі?

МҰСАБЕК:        Ақылымда шаруаң болмасын! Жөніңмен сөйле, зекетші!

МЫРЗАБИ:        Ха-ха-ха-ха!.. Жарайды, кеттік. Сапақ би, ұмытпа, екі күннен кейін қайтып келеміз.

САПАҚ БИ:        Әрине, ұмытпаймын!

МЫРЗАБИ:        Жүріңдер.

 

Нөкерлерін ертіп шығып кетеді. Сапақ би шапанының жеңімен маңдайдан аққан терін сүртіп, көрпенің үстіне отырады.

 

МҰСАБЕК:        Аға! Айтсаңшы, бұл неғылған жанжал?!

САПАҚ БИ:        Қазір айтамын… Сәл тізе бүгіңдер. (Қызы мен әйеліне) Сендер де отырсаңдаршы.  

          Мұсабек пен Иманберді Сапақтың қасына, әйелі мен қызы төменірек отырады. Сапақ би терең күрсініп қояды.

 САПАҚ БИ:        Сендер сапарға кеткеннен кейін мына кәззаптар тағы бір өнер бастады. Айтуға аузым бармайды! Басынбақ болады бізді!

МҰСАБЕК:        Ия, тағы не керек оларға?

САПАҚ БИ:        Адамымызды жұмысқа жегіп, малымыз бен астығымызды алғаны аз болыпты! Енді қыздан зекет бересің дегенді шығарды!

МҰСАБЕК:        Астапыралла!

ИМАНБЕРДІ:     Бұл не пәле?!

САПАҚ БИ:        Әбден мейманасы тасыған! Хан жарлығы дейді, өтірік пе, шын ба – кім біліпті, естіген жұрт үрейленіп, қыздарын жасыра бастады.

МҰСАБЕК:        Ал… Сені неге айдап әкетпек болды, аға? Жасырған қыздарды тауып бер дей ме?

САПАҚ БИ:        Біздің Айым да ер балаша киініп, жылқыда жүрген. Әлгі немелер көріп қалыпты… Үйге қуып келді.

МҰСАБЕК:        Айымға көзі түсіп пе?! Дәті барып сұрады ма Айымды?!

Айым солықтап жылап жібереді. Бәйбіше күңіреніп қоя береді.

 БӘЙБІШЕ:          О, Құдай! Нәпсіқұмар сарттан қызымызды айырып алар намысты ұлдар бар ма бізде, жоқ па?!

САПАҚ БИ:        Тәйт! Еркек тұрып, әйел сөйлей ме екен!

ИМАНБЕРДІ: (орнынан атып тұрады)          Бар, апатай! Қазір қуып барып, басын шауып аламын иттердің!

МҰСАБЕК:        Отыр, Иманберді! Алдыңда әкең мен ағаң тұрғанда тілің қышып бара ма?!

ИАМАНБЕРДІ:  Басыну ғой бұл, Мұсабек аға!

САПАҚ БИ:        Қоя тұр, балам. Ашу – дұшпан, ақыл – дос, қызбалыққа салынбаңдар. Бұл үшеуінің басын қағып алу қиынға түспес, бірақ кейін басымыздан әңгіртаяқ арылмай, ауылымызды шауып кете ме деп қорқам!

МҰСАБЕК:        Ауылымызды емес, бүкіл ұлтанды елімізді шапса да арымызға дақ түсірмеспіз, аға! Осыған көнеді деп қалай ойлап жүр?!

САПАҚ БИ:        Айттым ғой, әбден масайрап кеткен. Тәубасына келтіріп қоймасақ болмайды. Бірақ соны ақылдасып істеу керек. Былайғы жұртқа зияны тимейтіндей етіп…

МҰСАБЕК:        Басынғанды көрсетермін оларға! Туған ағамды өз үйінде сабап, қызын күңдікке әкетпек болады!.. Қап, жаңа білмегенім-ай!

САПАҚ БИ:        Әдейі айтпадым, Мұсабек. Сенің мінезің белгілі, үйімде қан төгілмесін деп ойлап едім.

МҰСАБЕК:        Қоқанның қоқаңдаған зекетшісі Мырзаби! Асықпа! Басыңды қағып алмасам жер басып жүрмей-ақ қойдым! Ант етемін!..

2-көрініс

Сапақ бидің үйі толы қонақ. Төрде – басына сәлде салған, қолындағы тәспісін тарқатудан басқаны білмейтіндей көрінген Асқар қожа, оны қоршай үлкендер, олардан төмен жастар орналасқан. Бәйбішесі қымыз құйып, қызы кеселерді таратып отыр. Айым еркектің киімін тастап, өз киімін киіпті. Кенжехан оған сұқтана қарайды, қыз да оған көз тастап қояды. Екеуінің әлсін-әлсін жанар түйістіре бергенін бәйбіше байқап қалады. Соны аңдаған Кенжехан үлкендерге жүзін бұрып, түзеліп отырады.

 

САПАҚ БИ:        Бәйбіше, қалған қымызды өзім құярмын, сендер бара беріңдер. Қонақтарға демалатын орын сайлаңдар.

БӘЙБІШЕ:          Ия, жақсы… Жүре ғой, қарағым.

 

Екеуі шығып кетеді, қызының көзі жаутаңдап, шығып бара жатып бұрылып қарап қояды. Кенжехан оған тағы да қадала қарап қалған.

 АСҚАР ҚОЖА: Ағайындар, күндердің күні болғанда мұсылман діннен шығады деп ілгерідегі үлемдер айтқан, сол заман басталды ма деп қорқамын. Қоқан ханы осындай жарлық беріпті деп естігелі сенер-сенбесімді білмей, түн баласы ұйқыдан қалып жүр едім. Пайғамбар Ғалейкіссаламның үмбеті ондайға бармаса керек, жай қауесет болар деп күмәнданғанмын. Анық хабар болды ғой, көзім енді жетті.

БАЙЗАҚ ДАТҚА: Ия, Асқар қожа, осы қауесет тарағалы елде маза жоқ, жұрттың бәрі үрпиісіп қалған. Онсыз да ыңыршағы шығып, діңкелеп отырған халық ашынып кетпесе жарар еді. Үрпиістің соңы дүрлігіске ұласып, біреулер қаруын сайлап, жорыққа мінетін аттарын белдеуге байлап, қол жинап жатпасын. Қоқанның да діттегені сол, әскерін жауып жіберіп, онсыз да бет-бетіне бытырап, тарыдай шашырап жатқан халықты қынадай қыруға дайын. Қайтсек тоқтатамыз оларды? Не ойларың бар?

ҚАНАЙ ДАТҚА:         Байзақ датқа, біз де елдің арасында жүрміз. Бірақ ондай хабарды естімеп едік, кімді айтып отырсың? Қол жинап, Қоқанды шауып алмақ па? Ондай батыр қайдан шықты?

БАЙЗАҚ ДАТҚА: Ерсіз ел болмайды, Қанай датқа. Мен де бұл анық хабар деген жоқпын, солай болуы мүмкін деймін.

ҚАНАЙ ДАТҚА: Еее, құр жорамалың ба! Бәсе, қылышынан қан тамған Қоқан ханына қарсы шауып, ажалына асыққан ақкөз батыр бұл елден табыла қоймас қазір. Осыдан жеті жыл бұрын мына отырған Мәделі де соғысты Қоқанмен. Не тындырды сонда?

АСҚАР ҚОЖА:  Қанай датқа, біз ешкімді көтеріліске шақырып, соғысуға үндегелі жиналған жоқпыз. Мүмкін ханның алдына барып, арыз айтып, сұқты көздің жүзін аударудың амалын іздеу керек шығар?

САПАҚ БИ:        Қоқан ханы бізді құшағын жайып күтіп отыр деп кім айтыпты? Ханның алдына барамын дегенше, жалаңдаған жасауылдары қанымызды ішіп тынбасына кім кепіл?!

БАЙЗАҚ ДАТҚА: Сапақ би, күйініп отырғаныңды білеміз. Дегенмен, аптықпа. Ашуға берілмей, не істесек те ойланып істейік.

САПАҚ БИ:        Мен де сендерді сол үшін шақырдым. Осы аймақтағы жамағат ауыздарыңа қараған сөз ұстар азаматсыңдар, ақыл қосыңдар. Әйтпесе, Мұсабек інім: «Қоқанға шамам жетпесе де зекетшілердің желкесін үземін!» деп қылышын қайрап отыр.

ҚАНАЙ ДАТҚА:  Қылышын қайрап, найзасын егегенде кімді қырғалы жүр? (Мұсабекке бұрылып) Ал зекетшіні өлтірдің, сосын не істейсің? Іргеңді көтеріп, жортуылшы жолдастарыңды ертіп көшіп кетесің бе? Сен көшсең де басқалар қалады, олардың күні не болмақ?

МҰСАБЕК:        Қанай аға, Бұқар жыраудың Абылай ханға айтқанындай, мен де «еліме жаулық сағынып» жүрген жоқпын. Қарындасымды көкпарға тартқан ешкідей ат көтіне салып әкетемін дегені намысыма тиді. Бірақ ашуды ақылға жеңдіріп, Сапақ ағамның айтқанын тыңдап, алдарыңыздан өту үшін жиналып отырмыз. Әйтпесе, Мәделі мен оның батыр інілері де, Рысқұлбек пен Момынбек те қазір-ақ аттануға дайын. Бас-көз жоқ жекіре бергенше ақыл қосып, жөн үйретіңдер. Алдымыздағы ағаларымыз, осы елдің ақсақалдары емессіңдер ме!

МӘДЕЛІ:            Қанай датқа! «Қоқанмен соғысып, не тындырды!» деп кекетесің! Қоқаннан жеңілуіме әскерінің басымдығы немесе өнерінің асқаны емес, «алтауымыз ала болып, ауыздағыдан айырылған» алауыздық, шілдің боғындай пышырап, басымыздың бірікпеуі себеп болды. Біздің түбімізге Қоқан ханы да, өзгелер де емес, тап осы бетімізбен жайылған берекесіздік жетеді! Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар бірлігіміз болса, қай жауға алдыратын халықпыз?! Елді ел қылатын өздеріңдей басшылар, қара қылды қақ жарған әділ билер емес пе! Біз – батырлар, халқымызға жел жағынан – пана, күн жағынан – сая болар, қара дауыл қаптаса да қаймықпай қарсы тұрар бәйтерек қанамыз. Бәйтеректі тамырының тереңдігі, өзегінің беріктігі сақтайды. Тамыр жайған топырағым – халқым болса, өзегім – сол халқыма деген ыстық ықыласым! Туған елдің қасиетті топырағын аздырмай-тоздырмай сақтайтын – елдің егелері. Сол міндетті қалай атқарып жүрсіңдер өздерің?!

БАЙЗАҚ ДАТҚА: Пай-пай, Мәделі-ай! Батырлығыңа ақындығың сай біртуар азаматсың ғой, сенен сөз асырар адам бар ма екен бұл өңірде! Алайда біз өзара айтысуға емес, Қоқанның жасауылдарына қарсы не істейтінімізді ойласуға жиналдық. Соны ұмытпаңдар.

САПАҚ БИ:        Ия! Алты алашқа жар салып, сауын айтуға шамамыз да, жағдайымыз да жоқ, сыралғы жолдастар деп өздеріңді ғана шақырдым. Сөзді қойып, іске көшейік. Жоспарымызды ойластырайық.

ҚАНАЙ ДАТҚА: Алдымен өзің айтшы, ойың қандай?

САПАҚ БИ:        Өз ойым – есірген жасауылдарды басындырып қоймай, бастарын қағып алу! Бірақ соны қалай істейміз? Қай жерде? Ашық шайқасамыз ба, әлде амалын іздеп, қапысын табамыз ба?

АСҚАР ҚОЖА:  Мұсылмандар, ашық шайқасамыз деп арандап қалмаңдар. Фазылы кең, нығметі шексіз Жаратқан иеміз: «Сақтансаң – сақтаймын» деген. Қазақтар қол жинап, жасауылдарын өлтіргенін естісе, Қоқан ханы әскерін төгіп жібереді. Халықты қырып алмайық. Қай дұшпанның да қапысын баққан жөн.

БАЙЗАҚ ДАТҚА: Біз де сол қара халыққа кесіріміз тиіп кетпесін деп ойлаймыз. Ашық соғысқа шықпай, астыртын қимылдаған жөн. Жасауылдар арғы күні қайтып келеміз депті, алдынан күтіп алып, тұтқиылдан соқсақ қалай болады?

ҚАНАЙ ДАТҚА: Олар – қырық адам, бірін қалдырмай қырып салмасақ болмайды. Біреуі құтылса, бұл хабар ханның құлағына тиеді. Сосын ертесіне-ақ әскер шығарады. Зекетшілерді жазалар болсақ, түгелімен жер жастандырудың амалын ойластыру керек.

МОМЫНБЕК:    Бұл үшін бір ғана амал бар.

САПАҚ БИ:        Қандай?

МОМЫНБЕК:    Әміріне мойын ұсынғандай көрініп, қонақ қылып күтеміз, сосын қапыда бас саламыз.

ҚАНАЙ ДАТҚА: Апырмай, алты алашты аузына қаратқан Төле бидің ұрпағы екеніңді таныттың-ау, Момынбек. Елге тыным бермеген қалмақтың тайшысы Сары Манжыны қапыда басып, құнсыз жіберіп еді, жарықтық! Бірақ ол кісінің заманы басқа болатын, айтарын жария айтып, істерін көрінеу істейтін. Бүгінде ақылың мен қулығың қатар жүрмесе болмайды, тауып айттың. Ал кім қонақ қылады оларды? Қайсымыздың үйімізге түсіреміз?

БАЙЗАҚ ДАТҚА: Олар Сапақ бидің ауылына келеміз депті.

САПАҚ БИ:        Біздің ауылдан қонақжайлық күте қоймас.

БАЙЗАҚ ДАТҚА:  Әрине, жаға жыртысып қалыпсыңдар, оның үстіне, Мұсабектің келгенін көріпті. Ауылыңа барса да достық емес, жаулық күтеді сендерден, қонақ қыламын дегеніңе алдана қоймас.

ҚАНАЙ БИ:       Егер жолдан күтіп алып, басқа ауылда қонақ қылсақ қалай болады?

САПАҚ БИ:        Сонда кімнің ауылына түсіреміз?

ҚАНАЙ БИ:       Олар әзірше қоңырат руынан ғана жаулық күтеді. Осы жерде дулат пен ыстының да адамдары отыр, солардың біреуінің ауылыңа апарсақ күдіктенеді деп ойлайсыңдар ма?

ЖӘБЕК БИ:        Біздің ауылға апарамыз.

Бәрі аңтарылып, Жәбекке қарайды. Ол да мұсылманша киінген, Асқар қожадай сәлде орамаған, басында тақия ғана.

 БАЙЗАҚ ДАТҚА: Сөйлесең сөздің түбін түсіретініңді білеміз, Жәбек би, бірақ әкеңнің алдында үндемеуші едің, бүйтіп батыл шешім шығарады деп күткен жоқпыз. Бұл кесіміңнің мәнісін түсіндірші?

ЖӘБЕК БИ:        Оның рас, әкемнің алдында ешқашан тіл безеген емеспін, дегенмен, бұл баршамызға ортақ зұлмат. Бір ғана қоңыраттың емес, бәріміздің басымызға түскен қиындық. Осындай қысталаң сәтте бас амандығымды ойлап, бұғып қалсам адамдығыма, азаматтығыма сын емес пе! Өз ауылымда қарсы алайық деген себебім, олар бізді – қожаларды қарапайым қазақтан бөлек деп таниды. Сондықтан, бізден жаулық күтпес деп ойлаймын. Дұрыс емес пе, әке?

АСҚАР ҚОЖА:  Әлбәтта, дұрыс, балам. Жөн айттың. Осы аймақтағы тоқсан үйлі қожаның арасынан олар тек Мәдәлінің тентектігін ғана білетін шығар, бірақ басқамызға қырын қабақ танытардай себебі жоқ.

МӘДЕЛІ:            Асқар аға, қоқаңдаған Қоқаның да, дарқан көңілі далиған даласына сыймай тасып-төгіліп жатқан қазағың да мені батыр деп білуші еді. Батырлықты қимаған іштарлары табылса да көптің бірі деуге дәті бармай, ақын дейтін. Тентек екенімді қырықтан асқан шағымда өзіңнен естідім-ау!

Жанжал шығып кете ме деп қауіптенген басқалары бір-бірінің сөзін бөліп, жапатармағай басу айтып жатыр.

БАЙЗАҚ ДАТҚА: Өзімсініп, еркелеткені ғой, Мәделі батыр. Көңіліңе алма.

ҚАНАЙ ДАТҚА:  Ау, Мәделі-ау, «ағасы ұрар болар, інісі жылар болар»  дейтін қазақпыз, ағаңның бір сөзіне шүйліккенің не?!

САПАҚ БИ:        Ия, өзіміз Мұсабекке әлі күнге дейін ұрсамыз, жеңгесі баяғыда қойған атымен «Тентек қайным» дейді. Батыр адам байсалды, етек-жеңі кең, мінезге бай болса керек, ағаңның бір сөзіне шамданбай-ақ қой, Мәделі батыр.

МӘДЕЛІ:            Бұл сөзім шамдану емес – шағыну, шүйілу емес – күйіну, ашуым емес – тосылуым. Осы уақытқа дейін біріңді – қожа, біріңді – қазақ деп бөлмеппін, сендерге біреу тас атса кеудемді тосқаннан басқа жазығым жоқ. Сол еңбегімнің бәрі қазанбұзар тентектің есерлігіне баланса – бекер арамтер болған екенмін. Асқар ағамның сынына толмаппын.

Бір мезет бәрі тым-тырыс тына қалады. Асқар қожа басын көтеріп, қолындағы таспиғын қоя салады да отырғандарды көзімен жағалай шолып шығып, тамағын кенейді.

 АСҚАР ҚОЖА:  Жә, өзім берейін жауабын. Сен, Мәдәлі, ешкімді бөліп-жармадым деп міндетсіме! Мың жылдан бері осы даланы мекендеп, өзім дегенге өзегін жарып беретін бауырмал қазақтың бір руына айналып, ажырамастай сіңісіп кеткен қожаны арамыздан шыққан арамзалар мен пиғылы нас, іші лас мұнапықтар ғана бөледі. Батырмын деп бұлданба, білектегі күш пен жүректегі отты өзіңнің мықтылығыңнан алған жоқсың, Жаратқан иеміз халқыңа қызмет қылсын деп берді. «Өнер алды – қызыл тіл» деп сөз қуған адамсың, оның үстіне, менің бөстекі сөйлемейтінімді білесің, айтқан сөздің мәнісіне неге үңілмейсің? Тентек емес, шынымен батыр болсаң, – осы қауесет таралған кезде-ақ шықпадың ба аттандап?! Мыңын жисаң бірге себі жоқ сарттың Қоқанымен соғыстым деп бұтқа толасың. Кеше ғана Ақ патшаға арындап қарсы шапқан Кіші жүздің Махамбеті не деп еді? «Асыл ердің баласы, егескен жерде шарт кетер, ерегісіп тұрыспас» деген жоқ па? «Батырлықты қимай, ақын деп жақауратады» дейсің. Махамбет өзін ешқашан батырмын демеген. Ақындығын місе тұтып жүре берген. Өйткені, бұл қазақта ақындық пен батырлық қатар жүретін егіз өнер, тел қасиет. Екеуіне де елім деп елжіреген, алашым деп алаулаған жүректің оты керек. Жүрегінің жалыны болмаса, – күші көптің білегінен не пайда, сөзі көптің тіл-ебінен не пайда! Осыны ойладың ба, жарқыным?

БАЙЗАҚ ДАТҚА: Паһ, шіркін! Сөз деп осыны айт!

ҚАНАЙ ДАТҚА:            Әй, кемеңгерім-ай!

САПАҚ БИ:        Айттың-ау, Асқар қожа!

МӘДЕЛІ:            Кешір, кемеңгерім. Кеше көр! (Орнынан атып тұрып, Асқар қожаның алдына барып тізерлеп, басын иеді). Қайтып алдым сөзімді.    Арындаймын деп арандап қала жаздаппын. Сөз иесі өзің екенсің, Асқар аға. Сүйегімнен өтіп кетті айтқаның! Батырмын деп тасырлық көрсетіп алыппын, бұл айыбымды қалай өтейін? Айтшы, аға?

АСҚАР ҚОЖА:  Жетті ме жетеңе, Мәдәлі?

МӘДЕЛІ:            Жетті, кемеңгерім!

АСҚАР ҚОЖА:  Бәрекелді! Сөз ұққан адам қателік жасамас болар. Бар, отыр.

МӘДЕЛІ:     Алдыңда тұрып ант етемін, асыл аға! Сол зекетшілердің бастығы Мырзабиді өз қолыммен өлтіремін!

МҰСАБЕК:        Жоқ! Ондай антты бере алмайсың, Мәделі батыр. Мырзабидің басын өз қолыммен кесуге мен серт еткенмін.

БАЙЗАҚ ДАТҚА: Қос батырдың кек алуға таласуын-ай!

ҚАНАЙ ДАТҚА:  Ел үшін туған ерлер ғой бұлар!

САПАҚ БИ:        Соған бола таласпаңдар екеуің. Олай болса, төрелігін мен айтайын – Мәделі зекетшіге сапы салады, Мұсабек басын кеседі.

ҚАНАЙ ДАТҚА:  Дұрыс.

БАЙЗАҚ ДАТҚА: Болсын.

РЫСҚҰЛБЕК:    Әділ шешім.

МОМЫНБЕК:    Ал біз қалған жасауылдарды жайғастырамыз. Солай ма, Кенжехан?

КЕНЖЕХАН:     Дұрыс айтасыз, Момынбек аға.

САПАҚ БИ:        Ал онда, Асқар қожа, батаңды бер. Мәделі, отыр.

АСҚАР ҚОЖА:

Әуелі Құдай оңдасын,

Қызыр баба қолдасын!

Мұстафадан – шапағат,

Қожахметтен – шарапат.

Тілегенің Алладан

Қабыл болсын, жамағат!

Әумин!

БӘРІ:                            Әумин!..

3-көрініс

Киіз үйдің көлеңкесінде Сапақ бидің әйелі ұршық иіріп, қызы жүн түтіп отыр. Екеуінің де қабақтары салыңқы, көңілсіз.

 АЙЫМ:               Апа…

ШЕШЕСІ:           Әу, қызым?

АЙЫМ:               Тағы да жылқыға кетемін бе?

ШЕШЕСІ:           Жылқыда не бар саған? Әкең үйде бол деген жоқ па?

АЙЫМ:               Ал егер… Зекетшілер келіп қалса ше?

ШЕШЕСІ:           Келмейді олар. Кешегі үлкендердің әңгімесі тегін деймісің, келтірмейтін қылудың амалын тапқан шығар.

АЙЫМ:               Қорқамын, апа…

ШЕШЕСІ:           Қорықпа, қарағым. Қазақта «қарындас намысы» деген бар. Қыз баланың бетіне ешкім жел болып тимейді. Қыздар да бейпіл сөйлеуден, жағымсыз әрекеттен аулақ жүреді. Сонда олардан ешкім күдіктенбейді, өсек-аяң таратуға сылтау таппайды. Ал біреу оспадарлық жасап, қыз баланы ренжітсе, ондайлардың маңдайын тіліп, көк есекке теріс мінгізіп, елден аластайды.

АЙЫМ:               Бірақ, апа, зекетшілер – бөтен адамдар, олар біздің салт-дәстүрімізді не қылсын!

ШЕШЕСІ:           Қызым-ау, еліміз жүректі, намысты ерлерге қашан кенде болып еді?! Қоқаңдатып қояр деймісің оларды!..

Сахнаның екінші шетіне Кенжехан шығады. Қолында қамшы, түртінектеп, әлсін-әлсін еңкейіп, бірдеңе іздеп жүрген сияқты.

 АЙЫМ:               Мына жігіт кешегі кісілердің арасында болған.

ШЕШЕСІ:           Ә, Мәделі батырдың інісі ғой, өзі де батыр. (Жігітке қарап:)         Кенжеханбысың? Жай жүрсің бе?      (Кенжехан жақындайды).

КЕНЖЕХАН:     Сәлем бердік, апа. Хал-күйіңіз жақсы ма? Дін қуатындамысыз?

ШЕШЕСІ:           Қайбір жақсы дейсің, балам. Екі шоқып, бір қараған қарғадай, біз де қазір зекетшілер қай жағымыздан келіп қалады деп алаңдап отыратын болдық.

КЕНЖЕХАН:     Амансың ба, қарындасым?!

АЙЫМ:               Есенсіз бе?!

КЕНЖЕХАН:     Зекетшілер бұл жаққа енді қайтып жоламайды, апа. Құдай қаласа, сазайын тартқызамыз олардың.

ШЕШЕСІ:           Құдай қолдасын, балам. Кел, отыр… Қызым, сусын әкел. Ия, қайдан келе жатырсың?

КЕНЖЕХАН:     Ауылдан. Кеше шідерімді түсіріп алыппын. Жүрген жолымды түгел қарап шықтым, таппадым. Осы жақта қалды ма екен деп келіп едім.

ШЕШЕСІ:           Е, балам-ай, қазір шідер іздейтін уақыт па! Әй, жастар-ай! Жастық шіркін өз дегенін істемей қоймайды-ау. Шідеріңді, балам, ауылдың ішінен емес – ат шалдырған, ат суарған, аулақтау жерден іздемедің бе?

КЕНЖЕХАН (ұялып, жымыңдап)         :        Апа, шынымен жоғалтып алыппын, қарамаған жерім жоқ, енді бұлақтың басынан іздемесем…

АЙЫМ  (Тостағанмен қымыз ұсынады).            Алыңыз, аға.

КЕНЖЕХАН:     Рахмет, қарындасым (сіміріп салады).  Уһ, жан-ай!

ШЕШЕСІ:           Шөлдеп қалыпсың ғой. Ішке кір, шай іш.

КЕНЖЕХАН:     Рахмет, апа. Асығыспын. Шідерімді тапсам, тезірек қайтқаным дұрыс.

ШЕШЕСІ:           Мейлің, балам. Ендеше жолың болсын!

КЕНЖЕХАН:     Рахмет. Сау болыңыз, апа. Жақсылықта жолығайық… Сау бол, қарындасым.

АЙЫМ:               Сау болыңыз.

ШЕШЕСІ:           Қызым, үйде су бар ма еді? Қарашы…

          Кенжехан артына қарап қойып, сахнаның екінші шетіне шығады. Іргеде сүйеулі тұрған иінағашты, екі шелекті алып Айым да солай қарай беттейді. Кенжехан алабұртып, толқып тұр, Айымның жүзі мұңды, бірақ жігіттің сөзі жанын жадырата түсетіндей. Жарық соларға түсіп тұр.  

 КЕНЖЕХАН:     Айым-жан, атыңа бұрын да қанық едім, сәті түспей, жолыға алмай жүргенмін. Кеше көргенімде сол естігенімнің бәрі мыңнан бір сипатыңа жетпейтініне таңданып: «Бұл халық сұлулықты танудан қалған ба?!» деп назаландым.

АЙЫМ (сәл назданып):         Қойыңызшы, бәлкім жұрттың бәрі сіздей емес, көрген түсін шынға балап, қолындағы мысты алтын деп шаттанбайтын болар?

КЕНЖЕХАН:     Жоқ, олай емес! Айым-жан, мен де көрінгенге көз сүзген желөкпе емеспін, бірақ сені көргенде есімнен танып қала жаздадым. Сендей сұлуға көзі түспеген жігітті өз басым жігіт деп санамас едім. Көз салғанға не кінә, сөз салғандар да көп шығар?

АЙЫМ:               Әкемнің қызымды теңіне беремін деген уәдесін естімеген екенсіз ғой. Әзірше сөз салған ешкім жоқ, көз салғандар әкемнің сол уәдесінен аса алмай жүр.

КЕНЖЕХАН:     Ал егер алғашқы болып мен сөз салсам, соңғысы да өзім боламын деп үміттене аламын ба?

АЙЫМ:               Мәделі батырдың інісі, өзінің де жақсы аты танылып қалған Кенжехан батыр әлі күнге дейін жар сүймеген бе? Әкем мені осы күнге дейін алақанына салып аялап келгенде кімнің де болса тоқалы немесе нақсүйері болады деп ойламаған шығар?

КЕНЖЕХАН:     Не айтып кеттің, Айым-жан? Әйелім болса осылай іздеп келіп жолығар ма едім? Сендей аруды әйел үстіне алуға қалай дәтім барар еді! Мен де өзіңдей, таңдап жүріп сүйгенімді аламын деп серт берген адаммын. Әйтпесе Мәделі ағам тұрғанда бұл аймақта кім қызын бермейді маған?! Кімді айттыр десем, ертесіне-ақ құдалыққа аттануға дайын. Таңдауым саған түсті, Айым-жан, бірақ әуелі жауабыңды естуім керек. Шешіміңді айта аласың ба?

АЙЫМ:               Қайдам, Кенжехан батыр. Үйде отырған адамның құлағы түрік, қожалар қара халықтан қыз ала бермейді деп естиміз. Әлде тұқымымыз азып барады деп кеуіліңізге қауіп ене бастады ма?

КЕНЖЕХАН:     Ат төбеліндей аз қожаны аттың түгіндей қалың қазақ аздыра қоймас, қалқам. Кезінде ондай үрдіс болғаны рас, қазір олай емес. Әйтпесе мен қайдан шықтым? Нағашым қоңырат екенін білмеуші ме едің? Түптеп келгенде екеуміз нағашылы-жиенбіз.

АЙЫМ:               «Үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашыдан» дейді, сүйегіңіз аталарыңызға емес, бізге тартып кеткен шығар? Болмаса, сіздің елдің саусағы найза емес, қаламға, еріні арқа қоздырар ұранға емес, өсиетті кәламға бейім емес пе еді?

КЕНЖЕХАН:     Дүниені тітіретіп, жарты әлемді жаулаған сайыпқыран Шыңғысханның да, ұлы қағанның дүниенің төрт бұрышын дәргейіне келтірген төрт ұлының да анасы қоңыраттың қызы екені бекер ме екен? Нағашысы қоңырат болса, перзентіміз жаман болмас, Айым-жан!

АЙЫМ:               Батыр ұлдан дәмелі екенсіз ғой?

КЕНЖЕХАН:     «Алып та анадан туады».

АЙЫМ:               Әрине, Кенжехан батыр. Ұлының ел қорғаны – ер болып туғанын қандай ана қаламайды! Бірақ сізді анау деп, мынау деп емексіте алмаймын, айыпқа бұйырмаңыз. Байдың қызы, бидің қызы болып бұлықсып өскеніммен ертеңім не болары дүдәмал. Зекетші деген пәлесі тағы шықты…

КЕНЖЕХАН:     Ой, содан қауіп ойлап тұрсың ба! Ұмыт оны, Айым! Мүлдем есіңнен шығар. Пәдеріңе нәлет Мырзаби бүгін-ертең қайтып оралады дейді, келісімен жер жастандырамыз! Өзін де, қасындағы нөкерлерін де түгел қырамыз. Сендей аруды сарттың сасық жасауылына көзі қиып кім береді?!

АЙЫМ:               Әуелі осы істің үдесінен шығып алыңыз, Кенжехан батыр. Өз еркім өзімде болғанмен, жолым жіңішке, төмен етек адаммын. Шешімімді содан кейін естірсіз.

КЕНЖЕХАН:     Бұл сөзіңді келіскенің деп түсінейін бе, Айымжан?

АЙЫМ:               Мәделі ағаңыз ел қорыған батыр ғана емес, дүйім жұртты аузына қаратқан ақын деуші еді, сол қасиеті жұқпаған екен сізге. Әйтпесе, сөз ауанын сұрамай-ақ түсінуге болмас па!

КЕНЖЕХАН:     Түсіндім, Айым-жан. Рахмет саған! Құдай бізді жақсылықпен жолығуға жазсын!

АЙЫМ:               Айтқаныңыз келсін! «Жас пен жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір» деуші еді, өзіңіз де бәле-жаладан аман жүріңіз.

КЕНЖЕХАН:     Әмин, қарағым.

АЙЫМ:               Шідеріңіз табылған шығар, қайтыңыз енді, Кенжехан. Ауыл-үйдің өсегіне қалармыз.

КЕНЖЕХАН:     Сендей аруды қандай адам өсек-аяңға қияды?!

АЙЫМ:               Елдің ішінде неше түрлі жан бар… Сау жүріңіз.

КЕНЖЕХАН:     Өзің де аман-есен болғайсың, Айым!

АЙЫМ:               Жолыңыз оң, жолдасыңыз Қыдыр болсын!

Кенжехан адымдай басып шығып кетеді. Айым соңынан қарап қалған.

                                                          4-көрініс

Жәбектің үйінде зекетшілер тойлап отыр. Төрде Мырзаби, қасында үш нөкері бар. Олардан төмен Мәделі, Рысқұлбек, Кенжехан орналасқан. Жәбектің өзі шара табақтан қымыз құйып, таратып отыр.

МЫРЗАБИ:        Қоңыраттан басқаларың түгел жиылыпсыңдар. Мәделі, сенің ақындығың бар деп естиміз, қоңыратты жамандап бір ауыз өлең айт!

НӨКЕРЛЕРІ:      – Ия, сөйт!.. – Өлең айт!.. – Шырқап жібер!

МӘДЕЛІ:            Мырзаби, біздің қазақта: «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген сөз бар, пәлен жүз жылдан бері қоңыраттың отын оттап, суын ұрттап отырып қалай жамандаймын оларды? Басқасын былай қойғанда, олар менің нағашым, шыққан жерін қандай нәмәрт жамандамақ?!

МЫРЗАБИ:        Ха-ха-ха! Сен де айттың-ау, Мәделі! Жамандауға тілің бармайды, бірақ сол қоңыраттың қызын қойныма салып беруге шімірікпейсің. Әй, қожам-ай! Тілің – майда, ісің – қайда-қайда!.. Мен де өлең шығарған жоқпын ба, ә?! Ха-ха-ха!..      (Мырзаби күлген сайын нөкерлері де қостағансып қарқылдай жөнеледі).

1-ЗЕКЕТШІ:       Ағып тұрған ақын екенсіз, Мырза-әка!

2-ЗЕКЕТШІ:       Қазақтың қай ақынынан да кем түспейсіз!

3-ЗЕКЕТШІ:       Ой, қатырдыңыз, Мырза-әка!.. Ой, ішегім-ай!.. Ха-ха-ха!..

ЖӘБЕК:              Мырзаби қолбасшы, ақындықтан өзің де құралақан емес сияқтысың. Алайда қазақтың ақындары өлең-сөзге аса құрметпен қарайды, кез-келген жерде өлең айтпайды. Өлеңді ойланып барып шығарар болар.

МЫРЗАБИ:        Не деп отырсың, Жәбек би? Ау, сендерде ақындар айтысы деген бар емес пе? Өзім де көргенмін. Екі ақын қарама-қарсы отырып алып, ойдан құрастырып өлең шығарып, бір-бірінің ит терісін басына қаптайды. Ха-ха-ха!..  (Нөкерлері тағы да жапырласа күліп жатыр).

1-ЗЕКЕТШІ:       Айттыңыз-ау, Мырза-әка! «Ит терісін басына қаптайды»! Ха-ха-ха!..

2-ЗЕКЕТШІ:       Қатырдыңыз, Мырза-әка! Ха-ха-ха!..    (Үшіншісі ішін басып, өтірік-шыны аралас күлкіге булығып жатыр. Мырзаби оған қарап саусағын шошайтып, бұрынғыдан бетер қарқылдай түседі).

РЫСҚҰЛБЕК:    Мырзаби қолбасшы, дұрыс айтасың, ондай да болады. Бірақ олар сен айтқандай, «бір-бірінің ит терісін басына қаптамайды», кейбір өрескел қылықтарын, оспадар мінезін, лайықсыз істерін сынап, бетіне басады. Әйтсе де ешқашан бір-бірінің намысына тиіп, қорлауға дейін бармайды. Біз – өзімізді де, өзгені де сыйлай білетін халықпыз.

МЫРЗАБИ:        Ха-ха-ха! Рысқұлбек батыр, сендер мені күлкіден өлтіруге жиналған шығарсыңдар. Өз көзіммен көрдім, бір айтыста жеңілген ақын әуелі астындағы атын, сосын үстіндегі шапанын, одан кейін беліндегі кісесін шешіп берді. Сыйлағаны сол екен ғой?! Ха-ха-ха!..   (Тағы да күлкі).

РЫСҚҰЛБЕК:    Соның бәрін қалай беріп еді?

МЫРЗАБИ:        Кәдімгідей! Қасындағы қосшы баласына атты әкел деді, шапанын өзі шешіп, жеңген ақынның иығына жапты, кісесін алдына тастады. Ха-ха-ха!..

РЫСҚҰЛБЕК:    Солардың бәрінен бір нәрсе алып қалған шығар?

МЫРЗАБИ:        Алып па еді?.. Есімде жоқ. Ә, ия, ер-тұрманын алып қалған сияқты.

РЫСҚҰЛБЕК:    Сосын?

МЫРЗАБИ:        Сосын… Кісесінен де бірдеңе алғандай болды.

РЫСҚҰЛБЕК:    Пышағы шығар?

МЫРЗАБИ:        Дұрыс! Пышағын алып қалды.

РЫСҚҰЛБЕК:    Көрдің бе, Мырзаби, соның бәрінің мәнісі бар. Егер атын жүгенімен, ер-тұрманымен қоса берсе – бұл оның кіріптарлығын, амалсыздан бергенін, яки қарсыласының зорлықпен тартып алғанын білдіреді. Сөзден жеңілсе де атын өз еркімен беріп тұр, сондықтан жүгенін, ер-тұрманын алып қалады. Ал шапанды ешкім айтыста бәске тікпейді, оны қарсыласының шеберлігіне деген құрмет, өзінен өнері асқанын мойындау ретінде иығына жабады. Кіседен ұтылған болуы мүмкін, бірақ ондағы пышағын, дәндәкуін алып қалады. Ұтылса да өз еркімен беріп тұр, пышағын бірге берсе – жауласудың, өштесудің белгісі болар еді. Дәндәкуін алып қалуы – ол да ер серігі, серігім жанымда, өз күнімді өзім көре аламын, ұтылғаныма еш қиналмаймын деген нышан.

МЫРЗАБИ:        Ой, сендер, қазақтар, не болса соны нышан деп, ырым деп жүре бересіңдер. Ұтылған адамның сөзі құрсын! Ха-ха-ха!..

ЖӘБЕК:              Былай ғой, Мырзаби қолбасшы. Ақындар айтысының да түр-түрі болады. Аламан айтыс, қайым айтыс, жұмбақ айтыс, үлкен мен кішінің айтысы, қыз бен жігіттің айтысы, өлі мен тірінің айтысы…

МЫРЗАБИ:        Ха-ха-ха!.. Сендер мені күлкіден жаратын болдыңдар! Өлі мен тірі айтыса ма екен?! Ха-ха-ха!.. Қалай айтысады олар?!

ЖӘБЕК:              Ондай да болады. Кейде ақынның өзі немесе басқа ақын өлінің атынан сөйлейді, оған өзі немесе екінші ақын тірінің атынан жауап береді. Оны айтасың, адам мен малдың айтысы деген де бар.

МЫРЗАБИ:        Ха-ха-ха!.. Адам мен малдың айтысы!.. Хи-хи-хи-хи!.. Адам атына айтады: «Мен саған мінемін!» Аты айтады: «Жоқ, мінбейсің! Тулап-тулап жығып кетемін»!.. Хи-хи-хи-хи!.. Немесе қойға айтады: «Мен сені соямын!» Қой оған: «Сойма, мен саған егіз қозы туып беремін» дейді! Хи-хи-хи-хи!..

1-ЗЕКЕТШІ:       Хи-хи-хи!.. Адам айтады!.. Аты айтады!.. Хи-хи-хи!..

2-ЗЕКЕТШІ:       Хи-хи-хи!.. «Мінемін» дейді!.. «Жоқ, мінбейсің!.. Тулап-тулап жығып кетемін» дейді!.. Хи-хи-хи!..

3-ЗЕКЕТШІ:       Қой айтады!.. «Егіз қозы туып беремін» дейді! Хи-хи-хи!..

МӘДЕЛІ:            Менің Майлықожа деген жиенімнің аздаған ақындығы бар. Былтыр сол жігіт Ташкентке кіре тартып жүргенде түйесімен айтысыпты. Қызықты қара, айтысты өзі шығарса да түйесі жеңіп кетіпті.

МЫРЗАБИ:        Ха-ха-ха!.. Түйесі жеңіп пе?! Не депті сонда? Хи-хи-хи!.. Түйесімен айтысып, жеңілген қазақ! Ха-ха-ха!..

МӘДЕЛІ:            Қазір естисің… Рысқұлбек, саған ұнап еді ғой сол айтыс. Мырзабиге айтып берші, көңілі көтерілсін.

РЫСҚҰЛБЕК:    Ал, Мырзаби қолбасшы, осы айтысты сынап көрші. Нөкерлерің де мәз болып қалсын. Кел, ендеше, тыңдай беріңдер. Бірінші болып түйе сөйлейді.

МЫРЗАБИ:        Ха-ха-ха! Түйе сөйлейді! Хи-хи-хи!..

НӨКЕРЛЕРІ:      – Хи-хи-хи! Түйе!.. – Иесімен айтысады!.. – Хи-хи-хи!..

РЫСҚҰЛБЕК:    Түйе айтады:      «Тәшкенге осыменен жеті келдің,

Бұл жерге әзер жүріп жетіп едім.

Қоймайсың жаз кірені, қыс көмірді

Мен сені байытпаққа кепіл ме едім?»

МЫРЗАБИ мен НӨКЕРЛЕРІ:       – Ха-ха-ха!.. – Хи-хи-хи!.. – Түйе айтады!.. – «Жазда – кіре, қыста – көмір»!.. – Иесін байытқалы жүр!.. –  Неткен ақылды түйе!

РЫСҚҰЛБЕК:    Майлықожа:   «Тәшкенге осыменен алты келдім,

Ауыр жүк көтерер деп артып едім.

Ауыспай артқан жүгім жем-шөбіңнен,

Қай жерде жаның шыққыр, жарытып едің?»

МЫРЗАБИ мен НӨКЕРЛЕРІ: – Ха-ха-ха!.. – Артқан жүгі жем-шөбінен ауыспайды!.. – Хи-хи-хи!.. – «Қай жерде жарытып едің?» дейді!.. Хи-хи-хи!..

РЫСҚҰЛБЕК:    Сонда түйе айтыпты:

«Тәшкенге осыменен сегіз келдің,

Адалдықпен ыраң шөпті де жегізбедің.

Ұрасың аямастан басқа-көзге,

Міндетті артатұғын семіз бе едім?!»

МЫРЗАБИ мен НӨКЕРЛЕРІ:   – Ха-ха-ха!.. – Иесі алты рет келдім дейді, түйесі сегіз рет дейді!.. – Хи-хи-хи!.. – «Қашан семіртіп едің?!» дейді!.. Хи-хи-хи!.. Ха-ха-ха!..

МӘДЕЛІ:            Мырзаби, өлең сұрап едің, дәл қазір ойыма бір өлең оралды, соны айтайын саған.

МЫРЗАБИ:        Ия, айт!

НӨКЕРЛЕРІ:      – Айт, ақын, айт!.. – Өлең айт!.. – Тыңдайық…

МЫРЗАБИ:        Айтпақшы, тамаққа да, қымызға да тойдық, енді қыздарыңды әкелмейсіңдер ме?

НӨКЕРЛЕРІ:      Ия, қыздар қайда?.. Қыздарды әкеліңдер!..

ЖӘБЕК:              Қыздар бөлек отауда. Өзің көз салған қызды осында әкеліп, нөкерлеріңді басқа үйге апарсақ деп едік.

МЫРЗАБИ:        Әәә, сол дұрыс. Өзім оңаша қалайын. (Нөкерлеріне): Сендер барыңдар! Мен оңаша қаламын. Барыңдар!

ЖӘБЕК:              Кенжехан, нөкерлерді ертіп апар. Иманберді мен Момынбек те сол жақта жүрген болар.

КЕНЖЕХАН:     Ия, әрине… Жүріңдер.

         Үшеуін ертіп шығып кетеді. Екінші жақтан Мұсабек кіреді. Мырзаби көзі шарасынан шығып, орнынан атып тұрмақ болғанда Рысқұлбек пен Жәбек екі жағынан тап беріп, тыпыр еткізбей ұстап қалады. 

 МӘДЕЛІ:            Өлеңім мынау, Мырзаби. Тыңдап ал!

 

Қара ағашты Тәшкеннен

Мырзаби деген бек шықты,

Екі иінін жеп шықты.

«Қатын менен қызыңнан

Зекет бергін» деп шықты.

Ордабасы басында,

Қотырбұлақ қасында

Жер астынан жік шықты.

Қаһарын шашып халыққа

Екі құлағы тік шықты.

Оның қылған ісіне

Ел денесі түршікті.

Желкеге шашын түйгізіп,

Еркекше киім кигізіп,

Жасырып қыз бен әйелін

Көшкелі беттеп жұрт шықты.

Көштің бетін қайырып,

Ақ білек ару қыздарды

Ата-анадан айырып,

Көзінен жасын ыршытты.

Қанадан асып кеткен соң,

Зұлымдығы өткен соң,

Ел намысын қорғайтын

Қазақтан да ұл шықты.

Қыран құстай түйіліп,

Жеңсіз сауыт киініп,

Әруағына сыйынып,

Мәделі батыр сайланып

Қожа ішінен бұл шықты.

Халықтың қамын ойланып,

Беліне жарақ байланып,

Орта жүзде қоңыраттан

Мұсабек деген ер шықты.

Мінген аты арқырап,

Аққан судай сарқырап,

Алтынды тоны жарқырап,

Ұлы жүздің данасы –

Ер Шонайдың баласы

Рысқұлбек келді арқырап.

Ақбұлақтың басында,

Қарабастау қасында

Үш елдің ері бас қосып,

Үкімін айтқан халық ұнап,

Қоқанның бейбас бектері

Жәбек бидің үйінде

Қымызға тойып балқып ап,

Қазы менен қарта жеп,

Отырған шақта шалқып-ақ,

«Асқанға тосқан осы!» деп,

Бектердің басын кескенбіз

Шариғаттың шарты ұнап!..

 

МЫРЗАБИ:        Сатқындар!.. Опасыздар!.. Нөкерлерім, қайдасыңдар?!

 

Момынбек пен Кенжехан бастаған қазақтың батырлары екі жақтан сау етіп кіріп келеді. Жәбек пен Рысқұлбек сүйрелеген күйі Мырзабиді ортаға алып шығады. Мәделі мен Мұсабек екі жағынан тұра қалып, Мәделі – сапысын, Мұсабек – қылышын суырады. Момынбек жақындайды.

 МОМЫНБЕК:    Мен – дулаттың батыры Момынбекпін. Нөкерлеріңді ана дүниеге аттандырып жібердік.

МӘДЕЛІ:            Бұл – сатқындық емес, Мырзаби. Бұл – жаза! Ел намысын аяққа таптамақ болған қай дұшпан да осылай ажал құшады! Боқ толы қарныңа өз қолыммен сапы саламын!

МҰСАБЕК:        Қарындас намысын қорламақ болған азғындардың бәрінің үкімі осы! Басыңды өз қолыңмен кесемін, Мырзаби зекетші!

ЖӘБЕК:              Адамдықты аттап өтіп, тұтас халықты басынбақ болған озбырға – ит өлімі! Біз, қазақ – малымызды бағып, тып-тыныш жатқан елміз, момын жұртпыз. Бірақ «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп серт берген халықпыз. Арымызды ешқашан кірлетпейміз! Ел намысы – ер намысы!

БӘРІ:                            Ел намысы – ер намысы!..

5-көрініс

Қоқан ханының сарайы. Сейіт-Мұхаммед Құдияр хан төрдегі тақ тәрізді биік орындықта отыр. Екі жағында басына сәлде орап, мұсылман дінбасыларынша киінген екі уәзірі. Сахнаның екі жағында екі-екіден төрт жасауыл, қолдарында қылыш, найза. Ханның алдында төрт-бес қадам жерде Мәделі тұр, батырларша киінген, бірақ қару-жарақсыз. 

 ҚҰДИЯР ХАН:  Ия, Мәделі қожа, менімен жүзбе-жүз жолығамын депсің, не айтпақсың? Құлағым сенде.

МӘДЕЛІ:            Құдияр хан! Мен саған жер-жердегі әкімдеріңнің бассыздығын айтпақпын, басқасын былай қойғанда кеше ғана өзіңмен дәмдес болған Асқар қожа ағамды Тәшкен бегі Мырзахмет у беріп өлтірді. Оны неге жазаламайсың?!

1-УӘЗІР:             Асқар қожаны Мырзахмет бек өлтіргеніне дәлелің бар ма, Мәделі қожа?

МӘДЕЛІ:            Дәлелім – Асқар ағамды өлтіруге Мырзахметтен басқа ешкімнің себебі болған жоқ!

2-УӘЗІР:             Себебі бар де! Демек, Мырзахметтің оны өлтіруге себебі болғанын мойындайсың ғой? «Біз – қожамыз, дін таратамыз, Құдайдың жолын, пайғамбардың сүннетін ұстанамыз» – деп талтаясыңдар, олай болса кісі өліміне не үшін себепкер болдыңдар? Соны айтшы, қандықол қожа?

МӘДЕЛІ:            Қолым қан болса, кегімді алсам тазарады. Ал себеп пен сылтау – бір емес, әкімдігіне мастанған Мырзахмет зорлықшыл зекетшінің ит өлімімен өлгенін себеп деп білсе, ашық кінә тағып, айыбын мойнына қояр еді. Ол мүттәйім қаскөйлігіне бағып, Асқар ағамды қонақ қылып отырып, адал ас деп ұсынған тамағына у қосып берген! Мұсылман баласында одан өткен арамзалық бола ма?!

1-УӘЗІР:             Асқар қожаның баласы Жәбек би де үйіндегі қонағын өлтірді. Бұл арамзалық емес пе? Жәбектің қолынан өлген Мырзаби зекетші – Мырзахметтің туған інісі. Ол да кегін алды.

МӘДЕЛІ:            Кек – қиянаттың жазасы. Мырзаби зекетшінің шектен шығып, астамсып, Құдайдың да, адамның да заңына сыймайтын сорақылыққа барып, мал мен жаннан алатын салығы аз болғандай, қыздан зекет жинаймын дегенін өзің қалай бағалап, қандай жаза кесер едің?

2-УӘЗІР:             Мәделі қожа! Қалай-қалай сөйлейсің?! Мұсылман қауымының шырағы, исламның қорғаушысы, тәжік, өзбек, қазақ халықтарының әміршісі, күн сәулетті Қоқанның ханы құдіретті Сейіт-Мұхаммед Құдияр падишаның алдында тұрсың! Күпірлік сөйлеме! Малмен бірге жайылып, мал болып кете жаздаған жабайы қазақтың арасында өзің де діннен шығып кеткен жоқпысың?

МӘДЕЛІ:            Уәзір! Мүмінге дәлелсіз діннен шықтың деген жанның күнәсі не екенін білемісің? Сонда  әлгі Мырзаби зекетшінің істегені дінге қайшы келмей ме?!

1-УӘЗІР:             Қоқан ханының зекетшісіне жала жапқаның үшін кәллаңды қағып аламыз, Мәделі қожа!

МӘДЕЛІ:            Қорқытпа мені. Шындықты айтқаным үшін басымды кессеңдер, алдарыңнан Алланың қаһары тоспасына кепілдерің бар ма?! Ақиқат деп ажал құшсам – шәйітпін! Оған шаттанбасам, қайғырмаймын! Қорықсаңдар сендер қорқыңдар!

2-УӘЗІР:             Тарт тіліңді, мұнапық қожа!..  (Ханға бұрылып)  Тақсыр!..

МӘДЕЛІ:            Алдымен сен тарт улы тіліңді! «Мұсылманды кәпірге теңегеннің өзі кәпір» деп екі дүниенің шамшырағы Хақ-Расул айтқан. Мұнапық – кәпірдің туысы. Діліңді – дерттен, тіліңді – өрттен сақта, уәзір!

ҚҰДИЯР ХАН:  Айта бер, Мәделі қожа.

МӘДЕЛІ:            Айтсам – сахараны ен жайлап, Алланың берген несібесіне шүкірлік етуден басқаны білмейтін қазақ халқы сенің билігіңе ешқашан қарсы шыққан емес, Құдияр хан. Бірақ мыналар сияқты санасыз уәзірлерің мен Мырзабидей жетесіз зекетшілерің сені сол елге жексұрын қылып көрсетіп жүр. О заман да бұ заман – адамнан зекет алғанды кім көрген?! Әлде шынымен сондай жарлық беріп пе едің?!

1-УӘЗІР:             Өшір үніңді! Ханға сұрақ қоятын кімсің сен?!

МӘДЕЛІ:            Ханнан бұрын сөйлеп, бұйрық беретін өзің кімсің?!

2-УӘЗІР:             Дауыс көтерме оған! Ол – құдіретті Қоқан ханы Сейіт-Мұхаммед Құдияр ханның бас уәзірі!

МӘДЕЛІ:            Бас уәзір аузынан шыққан әр сөзін екшеп айтса керек. Ал мынау – тілінен зәһар шашқан сұржыланға ұқсайды екен.

БАС УӘЗІР:        Тарт тіліңді! Өзің сұржылансың! Улы тіліңді кесермін, кесір қожа!

ҚҰДИЯР ХАН:  Доғарыңдар!.. Мәделі қожа, менің зекетшілерім шынымен қыздан зекет бересің деп пе еді?

БАС УӘЗІР:        Дінсіз қазақтың өзі солай түсінген шығар, Хан ием.

МӘДЕЛІ:            Бас уәзір! Тұтас халықты жабайы деп бір тілдеп едің, енді дінсіз деп екінші рет қаралап тұрсың. Халық деген Құдайдың бір аты емес пе?! Халыққа тіл тигізу – Алланы күстәналау. Он сегіз мың ғаламның иесі Алла тағалаға жала жапқан өзің дінсізсің!

2-УӘЗІР:             Тәйт!.. Құдіретті Қоқан ханының бас уәзіріне не деп тұрсың?! Хан ием, мына кәпірдің басын қағып алайық!

ҚҰДИЯР ХАН:  Сөзді бөлмеңдер!.. Мәделі қожа, сұраққа жауап бер.

МӘДЕЛІ:            Жауабым осы! Зекет деген сөз Мырзабидің аузынан шықты ма, шықпады ма – гәп онда емес. Гәп мынада – астықтан ұшыр, малдан зекет жинап жүрген жасауылдарың қазақтың қырық қызының бірін әкетеміз деп дікеңдеп, жүрегімізді қарайтты. Қырықтың бірі зекет емей не болушы еді? Мына сұраққа жауап берші, Бас уәзір, малға салатын зекетті жанға салған, Алланың әміріне қарсы шығып, дін-исламды масқаралап, адамгершілікті аяққа таптаған Мырзаби дінсіз бе, әлде әділеттің ақ жолында жаным құрбан деп зорлықшыны жазалаған қазақ дінсіз бе?

БАС УӘЗІР:        Бес намазын түгел оқымай, оразасын уақытылы тұтпай, «Құлхуалланы» үш қайырғанына мәз болып жүре беретін қазақты қалай діндәр демексің, қожа?!

МӘДЕЛІ:            Діннің басы – иман екенін ұмытпа, Бас уәзір. Алланы айтпай жатпаған, буаз аңды атпаған, шөпті жапырмаған, суды сапырмаған, үйіне келген бөтенді құдайы қонақ деп қарсы алып, құдасындай сыйлаған, Алла-тағала кемелдікпен жаратқан жанды-жансыздың баршасының обал-сауабы бірдей деп білетін қазақтай иманды халықты қайдан көрдің?! Ислам – жүректің нұры болса, бұл әлемде дәл қазақтай нұрлы жүрек, жаны ізгі, құшағы кең, жақын мен жатқа бірдей әділетті қай халық бар? Кімді атай аласың?! Сондықтан, мені «қожа-қожа» деп қазақтан бөле-жара қарауды қой, біле-білсең мен де қазақпын! Мың жылдан бері осы халықтың отын оттап, суын ішіп келемін, қазақты мен сияқты қайдан білейін деп едің! Бәлкім қазаққа дін үйреткен біз емес, Алла-тағаланың алдында ант берген күн – әлмисақтан бері Жаратқан Жалғыздың мейірімі мен ізгілігін жүрек-жүйкесіне қапысыз сіңірген қазақ бізді иманға үйірген шығар? Осы екеуінің ара-жігін ашып бере аласың ба?!

БАС УӘЗІР:        Ділмәрсыма, қожа!

МӘДЕЛІ:            Ділмәрсып тұрған жоқпын, білгесін айтамын!

ҚҰДИЯР ХАН:  Сөзің жүйелі, Мәделі, бір міні жоқ. Өзіңді батыр деп естиміз. Батыр екенің рас болса, шыныңды айтшы, Мырзабиді кім өлтірді?

МӘДЕЛІ:            Мен өлтірдім.

2-УӘЗІР:             Қазақ өлтірді деп естіп едік қой?

МӘДЕЛІ:            Әй, уәзір! Манадан бері не айтып тұрмын?! Қазақ деген – менмін. Мен десем – қазақ дегенім.

БАС УӘЗІР:        Хан ием!..

ҚҰДИЯР ХАН:  Қазақпын дейсің, Мәделі. Жарайды, енді сені «қожа» деп атамай-ақ қояйық. Сол қазағың «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» дейді. Басыңды да кеспейін, тіліңе де тиек қоймайын. Батырлықпен қатар ақындығың да бар екен. Осы келуіңді өлең қылып айтып берші?

МӘДЕЛІ:            Олай болса, тыңда, Құдияр хан.

 

Бұл жерден үш жұрт өтіпті

Парсы дари – қызылбас,

Ақтабан ноғай, қалмақ-ай.

Төртіншісі біз едік,

Бізге де түсті салмақ-ай.

Бектеріңнің қорлаған

Қорлығына шыдамай,

Көшті елім жапа-тармағай.

Адамға тән ар-ұят

Бектеріңде қалмады-ай!

Атадан қалған жол ма еді

Қу нәпсіге құл болып,

Хайуандай тоят алмақ-ай?!

Біз білмейтін болмаса

Шариғатта бар ма жол

Қыздан зекет алмақ-ай?

Айт десең айтып берейін,

Ақ шындықты сөйлеуден

Тіл менен жағым талмағай!

Жазықсыз елді жазғырма,

Айыптың тұр алдыңда –

Мырзабиді өлтірген

Басын кесіп алмадай.

Кешсең – кеш, кессең – міне бас,

Шариғат жолын сара дер

Даңғыл жатқан сарнап-ай,

Жарлы менен байға да-ай,

Қара менен ханға да-ай!

 

ҚҰДИЯР ХАН:  Батырлығың да, ақындығың да шынайы, арда туған, өзің үшін емес, халқың үшін жаралған жан екенсің, Мәделі. Ерлігіңе де, мәрттігіңе де тәнтімін. Жаның сауға, қайта бер еліңе. Сен Мырзабиді өлтірсең, оның ағасы Мырзахмет сенің Асқар ағаңды өлтірді. Еселерің тең. Енді кек қуыспаңдар. Кесімім – осы. Ризасың ба?

МӘДЕЛІ:            Ризамын.

ҚҰДИЯР ХАН:  Мен де ризамын саған. Қош бол.

МӘДЕЛІ:            Қош бол, Құдияр хан.

 

Мәделі аршындай басып сахнаның ортасына таман, көрермендерге жақындайды. Жарық соған түседі.

 МӘДЕЛІ:            Ел басына күн туғанда ерқашты болған мәстектей ту сыртын беріп, тосырқайтын нәмәрт жоқ арамызда, халайық! Біз – қазақ деген жұртпыз! «Ел намысы – ер намысы» деп басымызды бәйгіге тігуден тайсалмаған жандармыз. Жат жанынан түңілсін деп өзім дегенге өзегімізді жұлып беруге дайынбыз! «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп, бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарған ұйымшыл әлеуметпіз! Ағайынын өкпеге қиса да өлімге қимайтын бауырмал қауымбыз! «Жеті тілді білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деп өзгені де өңменінен итермей, кім-кімге де құшағымызды айқара ашқан кеңпейіл елміз. «Аталы сөзге арсыз дау айтады» деп сөзге тоқтаған, сөз қадірін білетін адамдармыз. Жетімін маңдайдан шертпей, жесірін өсекке таңғызбай, баршаға бірдей қамқор болған ақ ниетті, ақпейіл халықпыз. Сол пейілімізге орай жайлауы мен қойнауы байлыққа тұнған қара жердің қақ төрін мекен етіп келеміз. Біз – қазақпыз! Жаса, қазақ! Жасай бер!..

Соңы.

Алматы.   Шілде-тамыз 2014 ж.  байланыс тел: 8-707-255-59-43.

 

Таңбалар

Ұқсас мақалалар

2 пікір

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған