Басқы бет / Ғалымның хаты / Ресей мұрағатындағы деректер

Ресей мұрағатындағы деректер

Ресей мұрағатындағы деректер және қожалардың қоғамдық-саяси қызметі

Қожалар қай заманда да елдің рухани өмірінде мұсылмандық мәдениеттің қызметшісі саналды және Орта Азия мен қазақ халқы арасында ислам дінін таратып уағыздаушы, әрі Мұхаммед пайғамбардың алғашқы ізін қуушы болып есептеледі.

Қожалар тарихымызда ақсүйектер қатарына кіргенімен, оның иерархиялық сатысында екінші қатарда тұрды. Орыс зерттеушісі И.Г. Георги «Описание всех в Российском государстве обитающих народов» атты еңбегінде: «Дворянство их многолюдно: нижний род оного называют они ходжами… высший же состоит из салтанов», – деп анықтаған болатын [2]. Тарихшы И.Ерофеева: «Второй слой наследственной кочевой аристократии «белой кости» был представлен в традиционном казахском обществе XVI-XIX вв. социальными группами сайидов (сеид, сейид, сеит, сейит; от араб. саййид – «вождь», «глава») и кожа (ходжа, хожа, худжа; от перс. хваджа – «хозяйн», «господин»), – дей келе, олардың қоғамдық-саяси қызметін өзінше жіктейді [3, с. 11-18].

Қожалар қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымында екінші сатыда тұрғанымен, олар да сұлтандар тәрізді зекет салығынан босатылған. Ол турасында Ресей мемлекеттік тарихи мұрағатындағы құжаттар: «От усмотрения хана зависело назначение этого сбора, причем хан основывался на предварительно собранных им сведениям о количестве скота в Орде, в каждом роде и отделения ея, стараясь, чтобы с лошади и верблюда поступало в сбор не более 1 рубля ассигнации (мұндағы ассигнация – Ресей империясының қағаз ақшасы – Ә.М., Ж.Н.), с коровы 50 копеек и барана и козы 15 копеек ассигнации. От платы зякета на основании древнего значения этого сбора, освобождаются султаны, ходжи, бии, старшины, муллы и тарханы», – деп тарқата түседі [4, 9 п.].

Сонымен қатар орыс мұрағаттарында Бөкей Ордасындағы қожалардың, олардың меншігіндегі малының, кейбір жерлерде ер адамдардың белгілі бір жылдардағы статистикалық саны берілген. Мәселен, 1827 жылы Орынбор шекаралық комиссиясының асессоры Кузнецов құраған Ішкі Бөкей Ордасы бойынша үй және қырғыздардың (қазақтардың – Ә.М., Ж.Н.) әр түрлі бөлімдері бойынша ер адамдардың саны туралы және әр рудың мал саны туралы жазылған есебінде нақты көрсетілген. Құжатта: «Еще особое не принадлежащее ни к какому роду отделение ходжей людей свободного состояния, перешедших с Киргизской степи. Зимуют по разным отделениям смешенно с киргизами и состоят под управлением старшины Караула ходжи. Число кибиток – 80, душ мужеска пола – 320, верблюдов – 400, лошади – 1600, коровы – 800, бараны – 24000», – десе [5, 161 п.], 1844 және 1845 жылдардағы әр рудағы үй және мал саны жөніндегі есебінде: «Название родов: поколения ходжей – число кибиток: 300. Обыкновенного зякята и сугума не собирается», – делінген [6, 3 п.]. Бұл арада  ескеретін бір жайт, 1827 жылы тек старшын Қарауыл қожа билік еткен қожалар саны берілсе, 1844 және 1845 жылдары Бөкей Ордасындағы қожалардың жалпы саны айтылады.

1851-1852 жылдары Орынбор губернаторы мен Самар генерал-губернаторы өз  есептерінде: «По последним, собранным в 1850 году сведениям считается во Внутренней Орде 23598 кибиток, или, полагая по 5 душ на кибитку, до 118 000 обоего пола душ. Перед тем, в первой половине 1840-х годов, кибиток показывалось 21 363 или до 107 000 обоего пола душ. Увеличение числа кибиток в 1850 году против 1840-х могло произойти как вследствие действительного народонаселения, так и в следствие большей точности при перечислении, но ни в каком случае при переселения во Внутреннюю Орду Киргизов Зауральских, ибо перепуск сия последних воспрещен с 1828 года. Из числа 23 598 кибиток считается: 1. Киргизов 16 родов…23 223; 2. Ходжей или потомков Магомета…178; 3. Султанов или потомков прежних киргизских ханов…197», – деп нақтылайды [4, 40 п.]. Ал  1854 жылы қырғыз (қазақ – Ә.М., Ж.Н.) Ішкі ордасы руларының үй саны мен мал саны көрсеткіштері туралы есебінде: Наименование рода: ходжи – 1. Число кибиток: 179. 2. Число скота (верблюдов): 956. 3. Лошадей: 2662. 4. Рогатого: 1354. 5. Баранов и коз: 12092. 6. Всего: 16 064», – делінеді [6, 1 п.].

Мұның өзі XVIII-ХІХ ғасырларда қожалардың қазақ қоғамында біртіндеп көбейе бастағанын айғақтайды. Олар Қазақ хандығында мемлекеттік және қоғамдық қызметтерде ерекше белсенділік танытқан.

Тарихымызға  сәл шегініс жасасақ, 1731 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында Әбілқайыр мен Сәмеке хандарының, Нұралы сұлтанның, Бопай ханымның, қарақалпақ ханы мен старшындарының Ресеймен қарым-қатынасында Мұхаммед қожаның елшілік қызметі байқалады [7, с.37-38]. Міне осы Мұхаммед қожаны 1731 жылы 26 тамызда А.И.Тевкелев Сыртқы істер алқасына жолдаған хабарламасында айрықша атап өтіп, оның ағасы (есімі жазылмаған – Ә.М., Ж.Н.) Әбілқайыр ханның жанында жүрген белгілі адам, әрі  руханияттағы бірінші адам екенін, барлық хандар мен старшындар оны аса құрметтейтінін алға тартады [7, с. 45-46 ].

Мұрағат деректеріндегі осындай деректер қожалардың хан сеніміне ие боғанын айғақтайды. Сондықтан да олар көршілес елдермен жасалған қарым-қатынаста көзге түседі. Алдымен, орыс елшісі 1731 жылы тамызда Уфаға Әбілқаыр хан атынан келген қазақ елшілерімен кездеседі. Қазақ елшілеріне жол бастаушы башқұрт тарханы Алдар Есенгелдин болатын. Алғашқы кездесу барысында-ақ  А.И.Тевкелев  Мұхаммед қожаға назар аударып, оның бүкіл қазақ мойындаған Түркістандағы атақты пірдің немере туысы екенін анықтайды. Кейін Мұхаммед қожа Әбілқайыр ордасында өткен қазақ-орыс келіссөзіне қатысып, Бас ханның саясатын қолдайды. Алғашқы кедліссөз барысында – ақ орыс патшасына жіберілетін қазақ елшілері қатарына енеді. А.И.Тевкелев өз күнделігіне елшілер қатарына Әбілқайыр хан атынан Бөкенбай батырдың туысы Баке батыр, Сәмеке хан атынан Құлеке батыр, Батыр сұлтан атынан Мұхаммед қожа қосылғанын жазып алады [8, с.12, 60].

1733-1734 жылдары Мұхаммед қожа қазақ елшілері құрамында орыс патшасы қабылдауында болады.

1742 жылы 7 маусымда А.И.Тевкелев Сыртқы істер алқасына жолдаған хабарында қазақтар, қалмақтар және башқұрттар арасындағы қарым-қатынасы туралы жолдаған құжатында Жәнібек батырдың елшісі Жан-Құрман қожаны атап өтеді [7, с. 203-205]. Мұның өзі орыс шенеуніктерінің қазақтың игілері жанындағы атақты адамдарға, соның ішінде би-батырлармен бірге қожаларға да назар аударғанын дәлелдейді.

Мұрағат құжаттарында XVIII ғасырдың ІІ жартысында Кіші жүзде Әбдіжәлел қожа ерекше көзге түседі. Ол бүкіл қазақ халқының пірі ретінде аталады. Оны қазақ руларының беделді би, батылары 1785 жылы 21 шілдеде ІІ Екатеринаға жолдаған хатта: «Пир всего киргиз-казахского журта Абул-желил хожа», – деп астына қол қоюы растайды [9, с. 50,56 ].

Әбдіжәлел қожа 1785 жылы 31 қазанда Жайық өзенінің Еуропа бетіне өткен қазақтарды бақылаушы және солардан салық жинаушы қызметіне бекітіледі [7, с. 45-46]. Аталған құжаттар қожаның тек қазақтар арасында ғана емес, қазақ-орыс шекарасындағы орыс әкімшілігінің де сеніміне ие болғанын дәлелдейді. Кейін  Әбдіжәлел қожа, оның баласы Араслан  өзге де қазақ рубасыларымен бірлесе ел ішіндегі талас-тартыс мәселелерді шешуде күш біріктіреді. Олар Ерәлі сұлтан қолында болған Сырымды Жайық бойына қайтаруға жұмыстанады [9, с.72-73].

Әбдіжәлел 1787 жылы 14 қыркүйекте белді қазақтармен бірлесіп Орынбор өлкесі бағындырылған Уфа-Симбирскі генерал-губернаторы О.А. Игельстромнан Нұралы ханның елге қайтарылуын өтініп, өтініш орындалмаған кезеңде оған қарсылық ретінде қазақтардың Бұқарадан шыққан орыс керуендерін тоқтатуына келіседі. 1787 жылы 25 маусымда Орынбор обер-коменданты Я.М. Зенбулатовқа жазылған хатта олардың орыс керуендерін тоқтатуы орыс әкімшілігі саясатына қарсылығы екені толық дәлелденеді.

Бұл кезеңде қазақтың игі-жақсылары қазақ-орыс қарым-қатынасын реттеу мақсатында шекаралық орыс әкімшілігімен келісімге келуді де жоспарлайды. Әбдіжәлел оған да қатысады.  1787 жылы тамыз айында О.А. Игельстромға хат жолдаған хатындағы: «Сырымды хан балалары мен «жауыз» Есқара 110 адаммен ұстап әкетті. Дөнен батырды босатып жіберді. Егер олар Сырымды ерікті түрде бермесе, күшпен барып қайтарамыз. Шекаралық сотқа қажетті 6 адамды дайындаймыз. Оған сеніңіз», – деген жолдар қалыптасқан мәселені шешудің жолдарын іздестіруден туындағанын байқатады.  Шекарадағы шиеленісті жағдайды реттеу мақсатында генерал-губернатор Әбдіжәлел қожа, Жанұзақ, Боранбай сынды старшындарды Ерәлі сұлтанға жібереді [10, 146-153 б.]. Ішкі келісім нәтижесінде көп ұзамай Ерәлі сұлтан шекараға соққы беру райынан қайтады. Ол турасында О.А. Игельстром 1789 жылы 10 мамырда  ІІ Екатеринаға полковник Д.А. Гранкин тарапынан жазылған айыпқа жауап ретінде жазған түсініктемесінде  Әбдіжәлел қожаның орыс-қазақ келіссөзіне дәнекер болғанын айрықша атап өтеді [9, с. 108,127].

ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Әбдіжәлел қожаның жазбаша генеалогиясы сұлтан Жүсіп Нұралиевтің бастамасымен дайындалды. Зерттеуші И.В.Ерофеева: «Заслуга в инициировании создания письменной родословной авторитетного и влиятельного в степи во второй половине XVIII-первой четверти ХІХ в. клана западноказахстанских кожа во главе с авторитетным наставником казахов Абу-л-Джалил-кожа б. Фар (Пир)-Мухаммад-кожа, составленной его внуком Тореджан-кожа Араслановым, принадлежит султану-правителю средней части степи Оренбургского ведомства в 1829-1841 гг. султану Жусупу (Юсуфу) Нуралиеву. В 1837 г. он обратился к представителям группы кожа вверенного его управлению административно-территориального подразделения казахов Младшего жуза с предложением о написании генеалогий своих родов и после получения от Тореджана Арасланова рукописи восходящих звеньев его фамильной ветви по алидской силсиле направил подлинный текст этого материала на тюрки и его русский перевод в Оренбургскую пограничную комиссию. Благодаря проявленной Ж.Нуралиевым инициативе на свет появилось одно из первых письменных шежире клана корасан казахских кожа, которое и поныне хранится в фонде Пограничной комиссии в Центральном государственном архиве Республики Казахстан», – деп тарқата түседі [3, с. 26-100].

Зерттеушілер осы дерекке сүйеніп, Әбдіжәлелді қожалардың қорасан тобынан таратады. Қожалар негізінен генеалогиялық құрылымы бойынша 9 негізгі топқа бөлінеді. Олар: аққорған, қорасан, дуана, қарахан, саид-қожа (сейіт-қожа), қылауыд (қылауыз), қырық-садақ, керейіт, сунақ. Солардың бірі қорасан тобының өкілдері өздерінің генеалогиясын VII ғасырдағы Әбдіжәлел бабтан (Қорасан атадан) бастайды. Бұл өз кезегінде, бір деректер бойынша, Әли Әби Талиб атты жетінші атасының баласы Мұхаммед әл-Ханафиядан таратады, екінші деректер бойынша, пайғамбардың қызы Фатиманың күйеуі имам Зайн әл-Абидиннің баласы имам әл-Құсайын Әлиден таратады.

Әбдіжәлел қожа генеалогиясының басы Абдулматалаб Гашемовтан басталады. Абдулматалабтан Абиталиб, одан құрметті Әли («құрметті» сөзі есімімен қосарлана келген –Ә.М., Ж.Н.), оның баласы Мұхаммед Ханафия, оның баласы Баттал Гази, оның баласы Жаян қожа, оның баласы Якуб қожа, оның баласы Қорасан қожа, оның баласы Жаян қожа, оның баласы Якуб қожа (шежіреде аттас адамдар өте көп болған – Ә.М., Ж.Н.), оның баласы Ахмет қожа, оның баласы Ғұсман қожа, оның баласы Жүсіп қожа, оның баласы Үнжі қожа, оның баласы Шад-Мұхаммед қожа, оның баласы Атлы қожа, оның баласы Сүлеймен қожа, оның баласы Құдақұлы қожа, оның баласы Құсайын қожа, оның баласы Қожа Ахмет, оның баласы Аюб қожа, оның баласы Якуп қожа, оның баласы Фармұхаммед қожа, оның баласы Әбдіжәлел қожа (шежіреде Абдулзелил қожа деп жазылған – Ә.М., Ж.Н.) таратылады.

ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында айрықша көзге түскен  Әбдіжәлелде 9 бала болған. Олар Араслан, Құдайқұлы, Нұрмұхаммед, Қарабай, Құстауыр, Әділ, Басман, Досмұхаммед, Есмұхаммед. Арасланда Төрежан, Әділде Сұлтан. Құдайқұлдан 12-ші дистанцияның басшысы Якуб қожа туылған. Басманнан  Әжіхан, Иман, Нұрмұхаммедтен Тілеу-Мұхаммед, Сейіт-Ахмет, Шынанғали, Ишғали, Қарабайдан Бақыржан, Ишмұхаммедтен Аймұхаммед, Қалды, Меңді қожа тараған. Ал Құстауыр мен Досмұхаммедтен ұл  болмаған. [3, с. 26-100].

Әбдіжәлел қожа да ата дәстүрмен Шыңғыс хан ұрпақтарымен тығыз қарым-қатынаста болып, өзара құдандалықты жалғастырған. Мәселен, Әбдіжәлел қожаның баласы, Орынбор шекаралық комиссиясында қызмет еткен, полковник Нұрмұхаммедтың әйелі Той-Қара ханшайым – Нұралы ханның қызы. Ханым Орынбор әскери губернаторы, барон О.А. Игельстромның сеніміне ие болған тұлға. Бұл турасында 1901 жылдың 23 ақпанда «Астраханский листок» газетіндегі И.С.Ивановтың «К столетнему юбилею Внутренной (Букеевской) киргиз-кайсацкой орды» атты мақаласында: «Из дочерей Нурали-хана обращает на себя внимание княгиня Той-Кара, умная и красивая женщина, бывшая замужем за чиновником, служившим в Пограничной комиссии. Она постоянно жила в Оренбурге, но бывала и в столице, где усвоила себе наружную светскость и лоск, но одевалась всегда по-азиатски. Княгиня имела сильное влияние на барона Игельстрома, бывшего в 1797-1799 гг. военным губернатором», – деп жазылады [11].

Мұндай пікірді жалғастырған И.В. Ерофеева: «Одной из самых видных и влиятельных династий сайидов (группа сайид-кожа) в Казахской степи был разветвленный клан потомков племянника некоего авторитетного суфийского пира (шайха – наставника) казахов трех жузов сайида Мухаммад-кожа, который вместе с ханом Абулхаиром (1710-1748) еще в конце первой четверти XVIII в. переселился со своим семейством из г. Туркестан в Северо-Западный Казахстан. Внучка этого «святого», дочь его старшего сына Мурза-кожа в начале 50-х гг. XVIII в. была выдана отцом замуж за сына Абулхаира от волжской калмычки Баяны султана Чингиза (ум. в 60-х XVIII в.), а после его смерти унаследована по обычаю левирата ханом Младшего жуза Нурали (1748-1786). Последний имел от этого брака красавицу-дочь знаменитую княгиню (так она именовалась в российских официальных документах той эпохи) Тайкару (Той-Қара –Ә.М., Ж.Н.) (ум. после 1806), ставшую женой одного из знатных «потомков» по восходящей силсиле имама Мухаммада б. ал-Ханафийа (ум. в 700) надворного советника Нур-Мухаммад-кожа (Абжелилова, Абзелилова, Абзялилова; ум. после 1819), сына влиятельного «пира киргиз-казахского йурта» кожа Абу-л-Джалила б. Фар (Пир)-Мухаммад-кожа, а позднее – фавориткой оренбургского военного губернатора (1796-1798) барона Отто Генриха фон Игельстрома (1737-1823), возведенного в 1792 г. в графское достоинство Священной Римской империи германской нации», – деп толықтыра түседі. Бұл деректен біз Той-Қара Нұралықызының нағашылары қожа, нақтырақ айтсақ, сейіт-қожа екенін және оның әжесі Баян есімді қалмақ болғанын, сонымен қатар оның анасы Нұралы ханға әмеңгерлік жолмен келгенін біле аламыз [3, с. 19-20].

1799 жылы 21 мамырда патша жарлығымен Орынбор әскери губернаторы Бахметевке: «Отвести для табунов и стад Тойкара удобную пастьбу в окрестностях Оренбурга … из уважения к ее породе», – деп тапсырылған болатын [12, с. 140].

Әбдіжәлел қожаның балалары, қожалар қазақ қоғамының алдында болды. Мәселен, 1791 жылы қыркүйек айында құрылған Ерәлі ханның Кеңесі құрамына Әбдіжәлел қожаның баласы Нұрмұхаммед  енгізілсе [10], 1792 жылдың 13 қазанында жазылған Уфа-Симбирскі  генерал-губернаторы А.А. Пеутлингтің ІІ Екатеринаға Елек қалашығына Сырым батырдың шабуылы туралы баяндамасында  Нұрмұхаммед қожаның титулдық кеңесші қызметін атқарғаны (мұндағы титулдық кеңесші – 9-шы категориядағы азаматтық шен) белгілі болады [9, с.140-141]. Ал 1805 жылы Нұрмұхаммед патша жанындағы кеңесші қызметінде болды деген мәліметтер кездеседі [13]. Бұған қарағанда, осы жылдар аралығында Нұрмұхаммед қожаның шенінің жоғарылағанын байқау қиын емес.

Нұрмұхаммед қожа  еліндегі өзгерістерді қалт жібермеген. Ол ХІХ ғасырдың бірінші ширегіндегі дәстүрлі басқару жүйесіндегі Ресейлік саясатты сезе білді. Сондықтан 1817 жылы шамамен 16 тамызда Кіші және Орта жүздерінің сұлтандары, билері және старшындарымен бірге Орынбор әскери губернаторы П.К. Эссенге жолданған хатта хандыққа Шерғазы ханның орнына Арынғазы сұлтанды сайлау қажеттігі туралы ашық хабарланды [9, с.302-314]. Кейін 1819 жылдың 27 шілде-5 тамыз аралығында жолданған дәл осындай мәтіндегі хатта Нұрмұхаммедтің қазақ халқы атынан депутат және империя кеңесшісі болғаны айтылып, хатқа оның жанында жүрген қожалар шөмекей руының атынан қожа, старшын Шүкірәлі Сұлтанмұхаммедов (бір деректе Шүкірғали Сұлтанбетұлы немесе Сұлтанмұхаммедұлы – Ә.М., Ж.Н.)  шекті руының жақайым бөлімі атынан Берді қожа Қазырбаев пен Үзекі қожа Бакеевтер мөрлері мен қолдарын қояды [9, с.322-323].

Әбдіжәлелдің немересі Якуб Құдайқұлұлы 1831 жылы Кіші жүзде басқарудың жаңа бекінісаралық әкімшілігінің құрылуына байланысты 12-ші дистанцияның басшысы болып бекітілген. Оның құзырында жергілікті халықты тыныштықта ұстау, орыс үкіметіне бағынуын қадағалау т.б. болды. 1842 жылы Орта бөлікте толтырылған ақпаратта оның тегі қожа, жасы 46 екені жазылса, 1852 жылы жасы 62, хорунжий атағы бар делінген. Берілген мінездемеде «Уважается киргизами за справедливое и беспристрастное суждение при разбирательстве киргизских претензий» деген жолдарды оқуға болады [14, с. 60, 208   ].

Жоғарыдағы тарихи деректегі  Шүкірәлі қожаның да қазақ-орыс қарым-қатынасында өзіндік орны бар. Шүкірәлі қожаның қоғамдық-саяси қызметі туралы туралы толыққанды мәліметтер тарихшы Ұ.Т. Ахметованың «Арынғазы хан» атты монографиясында берілген. Зерттеуші Шүкірәлінің сол кездегі, яғни Арынғазы хан билік еткен кезеңіндегі қоғамдық-саяси қызметін жан-жақты етіп баяндап, оны  Әлмұхаметұлы деп көрсеткен. Ғалым бұған қоса, 1821 жылы 9 шілдеде Орынбордан Санкт-Петербургке патшамен кездесуге шыққан Арынғазы ханның жанындағы 10 адамның ішінде қожа Шүкірәлі Әлмұхаметұлының болғанын анықтады [15, 100-107 б.].

Ресей патшасы І Александр Арынғазыны Ресейде қалдыру туралы шешімін қабылдаған кезеңде оның жанында өзге жерлестерімен бірге Шүкірәлі де болатын. Қазақтарды Ресейде ұстап қалу шешімін патша Сыртқы істер министрі К.В.Нессельроде ұсынысы арқылы қабылдайды. Кейін Азия комитеті К.Нессельроде әкімшілігі шығарған қорытынды бойынша 1822 жылы 24 ақпанда В.П.Кочубей, Г.С.Волконский, М.М.Сперанскийдің қатысуымен Арынғазыны Калуга қаласына жер аударуға шешім қабылданады. Дегенмен бастапқы кезеңде оны Санкт-Петербургте ұстай тұру қажет деген жоспар жүзеге асырылады.

Ресейде Арынғазы хан бастаған қазақтар қарап жатпай ел қамын жеп Ресейдің әскери күшін Хиуаға қарсы пайдалануға ұмтылып, патшаға, орыс үкіметі шенеуніктеріне хат  жібереді. 1822 жылдың сәуірінде Арынғазы сұлтанның І Александрға жазған хатында Хиуа ханы Мұхаммед Рақымның тарапынан қожа Шүкірәлінің отбасының қолға түсіп, малының талан-таражға салынғаны хабарланады [9, с.397,404]. Шүкірәлі қожа да Санкт Петербургте болған кезеңінде жолдастарымен бірге Кіші жүзде қалыптасқан саяси ахуал жайлы  І Александрге екі рет хат жолдайды [15, 100-107 б.].  Хат соңында: «Хожа Шукур-Али Султан-Мухамбет улы свою печать приложил», – деп өз қолы мен мөрін қояды [9, с.384-397]. Көп ұзамай Арынғазы мен елшілікке келген қазақтар орыс үкіметінің құйтырқы саясатын толық сезінеді. Содан соң не болғанда да елге жетудің жолдары қарастырылады.  Арынғазы өтінішінен соң қазақ елшілерінен М.Жәдігерұлы, И.Даниярұлы, С.Сатұлы, Қ.Мұсылманбиұлы елге аттанады. Араға уақыт сала Арынғазы Шүкір­әліні, Қаражігітті және Бармақты қырға қайтару мәселесін көтереді. Қаражігіт Бектауұлы бастаған бұл екінші топ елге 1822 жылғы қазан айында жетеді [16].

Шүкірәлі қожа елге жеткен соң патша үкіметінің құрғақ сөзінен әрі аспайтынын толық сезініп Ресейге қарсы әрекеттерге көшеді. Ол турасында 1822 жылдың 25 қарашада Орынбор шекаралық комиссиясының Гирьял ауылынан келген, Кіші жүз ханы жанындағы пристав, полковник А.З. Горихвостовтың жазбаларынан байқаймыз. Полковник: «Ресей астанасындағы Арынғазы жанынан елге оралған Қаражігіт молда, Шүкірәлі қожа, старшын Бармақ Болпашұлының Ордаға келгеннен бергі мінез-құлықтары үкімет мақсатымен үйлеспейді. Олар халықты жинап, осыдан бастап үкіметке орыс тұтқындары мен қуылған жылқыларын, шептен тоналғандардан ештеңе қайтармауға үгіттеп, көндіруде» – деп хабарлайды [9, с.414-415].

1822 жылдың 22 желтоқсанында Шерғазы хан Сыртқы Істер министрлігінің басшысы К.В. Нессельродеге пристав полковник А.З. Горихвостов пен әскери губернатор П.К. Эссеннің әрекеттері туралы  жазған арызында Қаражігіт, Шүкірәлі қожа мен Бармақтың 200-300, кейде 500-600 адам жинап, елдің тыныштығын бұзғаны туралы ашық хабарлайды [9, с.417,427].

Қазақ хандығы тарихында ерекше көзге түскен қожалардың бірі – Сарығалдақ қожа. Уақ руының рубасшысы Сарғалдақ қожа Өтеш қожаның баласы, Абылай ханның әйелі – Зухраның ағасы еді [3, с. 29-32]. Бұған қоса, діни сауатты Сарығалдақ қожаның кейінгі ұрпақтары да атағы елге жайылып, еліне сыйлы болған.  Сарғалдақ қожа тарихи деректерде бірде Уақ, Керей руларының старшыны, енді бір деректе Арғын руының Атығай бөлімінде старшын аталады. Тарихшы Н.Бекмаханова зерттеулерінде қожаның бауырлары Елеусіз, Темірбаймен бірге Е.Пугачев бастаған көтеріліс кезінде орыс шептеріне қарсы жорық жасағанын жазады [17, 124-125 б.]. Ғалым З.Тайшыбай осындай жайлар белгілі болған соң шекарадағы орыс әскерилері Темірбайды дарға асты деп есептейді [18, 317 б.].  Аталған деректер Өтеш қожа ұлдарының белсенділігін айғақтайды.

Сарығалдақ қожаның қызы Айғаным – Абылай ханның үлкен ұлы Уәлидің кіші әйелі, Шоқан Уәлихановтың әжесі, ал оның ағасы Пірәлі қожа – аузының дуалылығымен тарихта қалған тұлға. Бұл туралы Д.Шөкшир: «Айғаным Сарғалдаққожақызы Ұлы Абылай ханның тұңғыш ұлы, тақ мұрагері, Орта жүзді 38 жыл басқарған Уәли ханның кіші ханымы. Уәли хан қайтыс болғаннан кейін, ханның орнын (1821-1822 жж.) басып хан сайланған. ХІХ ғасырда қазақ әйелдерінен шыққан қоғам қайраткері. Ұлы ғалым Ш.Уәлихановқа адамгершілікпен, ғылымның жолын ашуда өнеге болған әжесі», – деген мәлімет келтіреді. Сонымен қатар Айғаным 6 тіл меңгерген, озық ойлы, мемлекет ісіне араласқан тұлға болып табылады. Айғаным Уәлиден 9 құрсақ көтереді. Ең үлкені – Шыңғыс. Шыңғыс дүниеге келер күні Айғанымның ағасы Пірәлі қожа келіп қонады. Осы кезде Айғаным толғатып жатса керек. Айғаным аман есен босанып, дүниеге ұл келеді. Сүйікті әйелінен туған тұңғышына, көңілі шалқып, қуанған Уәли, аузы дуалы қожа қайнағасына балаға ат қоюды өтінеді. Пірәлі арғы бергі тарихты саралай келе, Уәлидің өз ата бабаларының атын беруді ұйғарған [19].

ХІХ ғасырдың І жартысында Батыс Қазақстан территориясындағы қожа өкілдерінің ішінде бірден-бір қуатты, мейлінше күшті және ықпалды адам – Қарауыл Бабажанов (1775-1850)  саналды. Ол сол уақыттағы Ішкі Орданың экономикалық, саяси және әлеуметтік-мәдени өмірінде үлкен рөл атқарды және батыс аймақтағы билеуші шыңғыстық элита өкілдерімен терең туыстық қарым-қатынаста болды. Оның Салиха атты қызы 1844 жылы Жәңгір ханға, екінші қызы – Шынқара сұлтан Сүйінғали Жаналиевке, үшінші қызы Айғана – сұлтан Тәуке Бөкейхановқа, төртінші қызы Ханифа – сұлтан Шыңғали Жанбөбековке тұрмыста ұзатылған-ды.

Онымен қоса, Қарауыл қожа өзінің қарындасы Жаманы Ішкі орданың ықпалды сұлтаны Қайыпқали Есімовке ұзатады. Бірінші әйелі Ұлбибі Данышмеңдіқызынан туған ұлдары Мұхамедшах пен Сұлтан-Мұстафаны Шығай сұлтан мен Жанбөбек сұлтанның қыздарына,  үшінші ұлы Мұхаммед-Салықты сұлтан Меңдігерей Бөкейхановтың қызы Ғазизаға үйлендіреді.

Қарауыл қожаның үлкен ұлы Көпболсын 1823 жылы Бөкей ордасынан Орынборда ашылған Неплюев әскери училищесіне барған алғашқы үш баланың бірі болып, сұлтандар Күшікғали Шығаев, Шәмсиддин Досқазиевпен бірге оқуға түседі. Көпболсын Қарауылов училищені тәмамдаған соң, 1831 жылы Хан ордасына қызметке шақырылады [20, 60,65 б.].

1840 жылы толтырылған формулярлық тізімде хорунжий Көпболсын «28 жаста, 1833 жылдан Ішкі орда ханы жанында, атағын 1834 жылы алған, Неплюев әскери училищесінде француз, неміс, орыс, араб, парсы, татар тілдерін оқыған» делінген [21, с. 576].

Жәңгір хан 1831 жылы Бөкей ордасына қарасты Каспий теңізі жағалауындағы қыстауларды бес саяси элитаға бөліп берген. Олар: сұлтандар Жанбөбек Бегалиев, Дәуіт Қарымсақов, қожа Қарауыл Бабажанов, старшын Қойбас Бекбаев және Жәңгір ханның өзі. Тарихшы С.Ғиззатов аталған деректі Ордадағы есаул Қарауыл қожа Бабажановтың төлеңгіттері 1852 жылы Орынбор Шекаралық комиссиясына жолдаған хаттарында Жәңгір ханның Орда жерлерін 1831 жылдан бастап үлестіргендігі туралы мәліметінен алған. Зерттеуші: «Ордадағы қауымдық жерлердің жеке меншікке берілу уақытын 1831 жыл деп көрсеткен Қ.Бабажанов төлеңгіттерінің, қатардағы көшпелілердің деректері шындыққа жанасады. Оның үстіне бұл тұжырымды Астрахань облыстық мемлекеттік мұрағатынан табылған құжат та дәлелдеп отыр. Мемлекеттік шенеуніктер мен Уақытша Кеңес мүшелері жинастырған осы құжатта «Жер телімдеріне бөлінген Ішкі Орданың картасы» атты сызба кездеседі. Картаның авторы белгісіз, бірақ ұқыптылықпен, дәлдікпен, кәсіби тұрғыдан сызылғанына қарап, межелеуші шенеуніктің ісі деп болжай аламыз», – деген қорытындыға келеді [22, 109-115 б.].

Мұның өзі Қарауыл қожаның ірі жер иеленушіге айналғанын дәлелдейді. Қожа 1805 жылы старшын атанып, 1809 жылы Ішкі ордаға тұрақтап, 1826 жылдан полк есауылы шенін иемденген. Дәл осы уақытта ол ірі саудагерге де айналып үлгереді. Қарауыл қожа осындай іскерлігімен  Астрахань, Орынбор, Орал қалаларының мемлекеттік шенеуніктеріне, көпестеріне, помещик саяжайларының қызметкерлеріне танымал болды. Қарастырып отырған кезеңде Жәңгір хан Қарауыл қожаның қызымен әлі некеге тұрмаған. Бұл жайында К.Есмағамбетов: «Зерттеушілер 30-жылдарға қатысты оқиғаларға байланысты Қарауылды Жәңгірдің қайын атасы деп көрсетеді, ол шындыққа келмейді. Жәңгір Қарауыл қожаның төртінші қызы Салихаға 1844 жылы үйленеді», – деп анықтайды [23, 106 б.].

Қожаға берілген жер Кокоревск постынан басталып, солтүстікке қарай Жиделі, Жаманқұм, Бекетай құмдарына дейін созылады және біртұтас аймақты құрайды. Жалпы көлемі 390 000 десятинаны құраған бұл жер телімі Ордадағы жеке иеліктердің ең көлемдісі саналады. Ал сұлтан Дәуіт Қарымсақовтың меншігі Қарауыл қожа Бабажановтың иелігімен жапсарлас орналасқан. Қ.Бабажановтың сол жақ бетіндегі жайылыстар Қойбас Бекбаевқа тапсырылады.

Сонымен қатар жайылымдарды, шабындықтарды бөліске салу үрдісіне Жәңгір хан үнемі араласа бермеген. Мұндай істерді өзі тікелей нұсқау беру арқылы туыстары мен сенімді адамдарына жүктеген. Нәтижесінде хан арнайы жер үлестірушілер жасағын қалыптастырды. Оның құрамында сұлтандар Тәуке Бөкейханов, Меңдігерей Бөкейханов, Жанбөбек Бегалиев, қожа Қарауыл Бабажанов, төлеңгіт Шоқы Еділбаев, старшын Кенжәлі Құрманқожаев және тағы басқалары болды [22, 109-115 б.].

Жоғарыда айтылғандай қожалар қазақтар құрамына сіңіп, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында –ақ бір ру ретінде жазыла бастады. Ол жөнінде А.Харузин: «Что касается Ходжей, то родом они официально считались уже при Джангире» – деп анық жазған-ды. Оны зерделеген шежіреші С.Сүйінов: «Шынында да Жәңгір көзінің тірісінде  қожаларды бір топ етіп шығарып, ру басына өзінің қайын атасы Қарауыл Бабажановты сайлап, оларға ру белгісі ретінде хан таңбасын (М) берген» деген қорытынды жасайды [24, 57 б.]. Бөкей ордасында  қожалар үш атаға – Мырза қожа, Төре қожа, Кедей қожа болып бөлінген.

Қайткенде де қожалар Бөкей ордасында ғана емес, барша қазақ арасында Мұхаммед пайғамбардың ізбасарларының ұрпақтары ретінде саналғаны жасырын емес. Оған лайықты болуы үшін олардың өздері де қоғамда ерекшеленуге тырысты.

Ол турасында Е.Бекмаханов қожалардың өздерін қалай бағалайтыны туралы Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасына Кенесарыны жақтаушы ретінде сотқа тартылған Мұхаммед Ғали Оспановтың жолдаған хатындағы «Мен пайғамбардың ұрпағынан тараған қожамын. Сондықтан өзімді асыл тектілерден өрбідім деп есептеймін. Бірақ осындағы абақтыда ұрлыққа, қарақшылыққа байланысты ұсталған, ар-ұяттан жұрдай тексіз адамдардың менімен бірге орналастырылуы мен үшін қорлық, сол себепті сұлтандар, билер сықылды асыл текті адамдар жатқан ерекше бөлімшеге мені ауыстыру жөнінде жарлық берілуін қиыла өтінемін» деген жолдармен анықтайды [25, 102-103 б.].    Хат қожалардың өмірлік түсінігі мен дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан қарым-қатынасты толық аша түседі. Дегенмен Қазақ хандығындағы қожалардың қоғамдық жағдайы Орта Азиядағы хандықтармен салыстырғанда бірдей болды деп анықтауымызға болмайды. Мұрағат құжаттарында ерекше көзге түсіп хатталған қожалар да көп емес. ХҮІІІ ғасырдағы Мұхаммед, Сарғалдақ, Әбдіжәлел, ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Нұрмұхаммед, Шүкірәлі қожалардың қоғамдық-саяси қызметін де толыққанды саралау қиынның-қиыны. Бұл арада ірі жер иеленушіге, әрі ірі кәсіпкерге айналған Қарауыл қожаның орны тіпті бөлек. Онымен өзгелерін салыстыру мүмкін емес.

Е.Бекмаханов: «Мұсылман дінінің шонжарлары арасында, мысалы, ХІХ ғасырдың бас кезінде старшын болған Тамық Шақатаев, Шүкірәлі Сұлтанмұхамметов және басқа қожалар сияқты тек жекелеген өкілдері ғана ерекшеленеді. Мұның себебін, бір жағынан, исламның Орта Азиядағы басқа елдерге қарағанда Қазақстанда едәуір кеш тарағандығымен, екінші жағынан, көшпелі өмір салты қырда исламның нығаюына мүмкіндік бермегендігімен түсіндіруге болады (қазақтарда мешіттер, медреселер, т.т. мүлде дерлік болмады, осыдан келіп мұсылмандықты уағыздаушылар да аз болды) және ақырында  мәжусилік діннің сарқыншақтары (шаманизм) қазақтарда күшті болды, осыдан келіп «бақсы» дейтіндер көбейіп кетті» дей келе, «Демек, қожалар, жалпы мұсылман дінінің өкілдері өзбектерде және Орта Азияның басқа да халықтарында ие болған беделге қазақтардың арасында жете алмаған» деген қорытынды жасайды [25, 102-103 б.].  Мұндай пікірді со заманның куәгері Шоқан Уәлиханов «Сахарадағы мұсылмандық туралы» еңбегінде: «Мұсылмандық әзірше біздің сүйегіміз бен қанымызға сіңіп қойған жоқ. Қазақтардың арасында әлі Мұхаметтің атын да білмейтіндері көп және біздің бақсыларымыз қырдың көп жерлерінде өздерінің мәнін жоғалта қойған жоқ» деп ашық жазған болатын [26, 197 б.].   Біздіңше ғалымдар пікірі ақиқат. Мұрағаттағы құжаттар соны айғақтады.

Ә. Қ. Мұқтар, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Ж.К.Нұрмұханов, педагогика ғылымдарының магистрі

 

Әдебиеттер

1 Ибадуллаева З. Қожалар әлеуметтік топ ретінде қазақ руларынан жоғары тұрды // Аңыз адам. – №13. -2014. – 55 б.

2 Георги И.Г. Описание всех обитающих в Российском государстве народов. – Санкт-Петербург: Типография Шнора И.К., 1776. – 117 с.

3 Ерофеева И.В. Родословные казахских ханов и кожа XVIII-XIX вв. (история, историография, источники). – Алматы: ЖШС «Print-S», 2003. – 178 с. + вкл. 8 с.

4 Ресей мемлекетінің Тарихи мұрағаты (алда РМТМ) 853қ., 1т., 22 іс, 51п.

  • РМТМ.1291 қ., 82 т., 1 іс, 52 п.

6 РМТМ. 853 қ., 2 т., 31 іс, 15 п.

7 Казахско-русские отношения Ка­захско-русские отношения в XVI-XVIII веках. Сб. документов и материалов. -Алма-Ата, 1961. -740 с.

8 История Казахстана в русских источниках XVI-ХХ веков. III том. Журналы и служебные записки дипломата А.И.Тевкелева по истории и этнографии Казахстана (1731-1759 гг.). –Алматы: Дайк-пресс, 2005. –484 с.

  • Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 г.г.). –М.-Л.: АН СССР, 1940. -543 с.

10  Мұқтар Ә.Қ. Азаттық таңы жолында (Қазақстанның батыс өңірі: XVIII ғасырдың екінші жартысы және ХІХ ғасырдың бірінші ширегі аралығындағы тарихи жағдайлар). – Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2001. – 258 б.

11 Иванов И.С. К столетнему юбилею Внутренней (Букеевской) киргиз-кайсацкой орды // Астраханский листок. – №42, 23 февраль, 1901. – 4 с.

12 Крафт И.И. Сборник узаконений о киргизах степных областей. – Оренбург: Типолитография И.И.Жаринова, 1898. – 867 с.

13 Денисов Д. Биография муфтия Габдессаляма Габдрахимова в свете новых исторических источников // idmedina.ru. Пайдаланған уақыты: 9.04.15

14 История Казахстана в русских источниках ХҮІ-ХХ веков. ҮІІІ том. Часть 2. О почетнейших и влиятельнейших ордынцах. –Алматы: Дайк-Пресс, 2006. -962 с.

15 Ахметова Ұ.Т. Арынғазы хан. – Ақтөбе: «А-Полиграфия» ЖШС, 2004. – 168 б.

.    16 Мұқтар Ә.Қ., Ахметова Ұ.Т. Ар жақта дүмбірлеген Арынғазы // referat.resurs.kz. пайдаланған уақыты: 15.04.15

17 Бекмаханова Н.Е. Көктемір туралы аңыз. – Алматы: Жалын, 1983. -184 б.

18 Қазақтың ханы – Абылай: Дәуірі, өмірі мен қызметі: Ғылыми басылым. – Алматы: «Ел-шежіре» ҚҚ, 2011. Т.2. – 640 б.

19 Шөкшир Д. Айғаным Ханша еленбей қала ма? // tore.com.kz. Пайдаланған уақыты: 9.04.15

20  Масанов Н.Э., Ивлев Н.П. Белгілі ғалым М.С. бабажанов // ҚазССР ҒА Хабаршысы. -1928. – №11. -60-65 б.

21 История Букеевского ханства. 1801-1852 гг. Сб. Докментов и материалов / Сост. Б.Т.Жанаев, В.А.Иночкин, С.Х.Сагнаева. – Алматы:Дайк-Пресс, 2002. -1120 с.

22  Гиззатов С.М. Бөкей Ордасындағы аграрлық саясат (ХІХ ғасырдың І жартысы). Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Орал, 2010. – 160 б.

23  Есмағамбетов К.Л. Азат рухтың күрескері. –Алматы: Өркениет, 2003. -176 б.

24 Сүйінов С. Бөкей Ордасы. –Алматы: Өлке баспасы, 2000. -184 б.

25 Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. –Алматы: Санат, 1994. -416 б.

26 Уәлиханов Ш. Таңдамалы. 2-бас. –Алматы: Жазушы, 1985. -560 б.

Сондай-ақ, оқыңыз

Қос ғасырдың қазынасы

Заман мен зар Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкі­лі, әйгілі жыр жүйрігі Шортанбай Қанайұлының шығармашылығын ел …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған