Басқы бет / Сыр-сұхбат / Орта Азияға талас: Атлақ шайқасы

Орта Азияға талас: Атлақ шайқасы

izobrazhenie-1605Орта Азия аймағы ежелден Шығыс пен Батыстағы ірі елдердің назарында болып келген аймақ.  Оның стратегиялық орны бүгінде қандай маңызды болса ерте және ортағасырлар да да сондай маңызды болған. Ол кезде аймақтағы геосаяси ойыншы ретінде шығыстан Таң, Тибет, батыстан Араб империялары өңірге сұғынып кіре бастады. Олардың назарын аударған ең әуелі аймақты басып өтіп жатқан жібек жолы мен өңірдің өзіндегі табиғи байлықтар мен адами ресурстар, қалалар мен ауылдардың, жайылымды алқаптардың дамуы болды. Бұдан сырт, әрбір тарап осында өзінің діни-рухани құндылықтарын орнықтыруға тырысты.

Біздің дәуіріміздің VІІІ ғасырының басында Екінші Түркі қағанатының (681-745) күшеюіне байланысты,  Таң империясы бұрын Батыс Түрік қағанатына бағынышты болып келген Он иеліктегі (Он Оқ) түркі тайпаларына қаратқан үстемдігінен айырылғанымен, Бесбалық (Үрімшінің солтүстік-шығысындағы маңызды кент) секілді жерлерді әскери бекіністерін бермей, Орта Азияны, Жетісу мен Қашқарияны қайтадан жаулау ниетінде болды. 749-жылы Орта Азияда арабтардың Омея хандығы құлап, оның орнына жаңадан Аббасидтер хандығы құрылды. Бұл хандық Орта Азияның оңтүстік бөлігін тездетіп өз ықпалына алуға ұмтылды. Арабтардың бұлайша күшеюі бұл аймақта Екінші Түркі қағанатының ықпалының жоғалуына байланысты болды. 745 жылы Екінші Түркі қағанаты құлағаннан кейін, Ашына түріктерінің бұл жерлерге орнатқан бақылауы жойылды. Осы сәтті пайдаланып аймақта өз үстемдігін орнатуды көздеген Араб, Түбіт (Тибет) және Таң жаулаушылары бір-бірімен бәсекелесе,  жанталаса қимылдады.

722-жылы түбіттер Таң имепиясының Шығыс Түркістандағы қамал-бекіністерін жою үшін Алатау аймағындағы Кіші Болюй (小勃律, қазіргі  Пакистанның солтүстігіндегі Гилгит аймағы) мемлекетін қоршап алып, ол жерлерді мәңгілік отарына айналдыруды көздеді. Таңның империя армиясы олармен кескілесе шайқасып, ақыры Түбіт қолын кейін шегерді. Арада он неше жыл  тыныш өтті. 740 жылы  Кіші Болюдің ханы қайтыс болып тағына оның ұлы Сұслы (тибетше Суджо-раджи) отырды. Тибеттер өз тарапынан Хрима-лод ханшайымды оған күйеуге беріп, бұл елді өзіне қаратып алады. Таң имерия армиясы жағдайды көре тұра ештеңе істей алмады.

742-746 жылдары Таң ордасы үш мәрте Гай Цзяюнь, Тянь Рэньван (田仁琬), Фу Мэнлин (夫蒙灵) бастауында түбіттерге қарсы ауыр қол аттандырып, бәрінде олардың қолынан Кіші Болюйді ала алмады. 747 жылы Тан Шуанцзун патша Гао Сянчжэ (高仙之) бастаған Таң армиясын қалың қолмен Кіші Болюйге қарсы соғысқа аттандырды. Таңның жорықшы қолы Күшар арқылы Ақсу, Қашқар, Памир және Телман асуын басып,  Тәжіктер жері арқылы Кіші Болюйге төніп келіп, ондағы Тибет қолымен соғысты. Тибеттер осы соғыста жеңіліп, Кіші Боюйден шегінуге мәжбүр болды. Артынша 748-жылы Таң қосындары Ван Чжэнцзянның бастауында Сұябқа[1] шабуылдап, оны да басып алды.

750-жылы Шешік бастаған түрік қосындары Таң үстемдігіне қарсы көтерілді. Осы кезде Тоқар ябғұсы Сүлік Тажари Таң ордасына хат жазып, Таң мемлекетінен «Түбіттерге сатылып» Кіші Болюйдегі Таң қосындарына астық апаратын  жолды бөгеп тұрған Шешікті жазалауды талап етті. Сол жылы Гао Сянчжэ әскер жіберіп Шешіктің қолын  жойып, оның басшысы Бөд шадты талқандап, өз қолайына келетін  Сурханы (Бөд шадтың інісі) шад етіп белгіледі.

Осы кезде түріктермен ежелден жау Ферғаналық Ихсад Таң ордасынан Ташкентті талқандауға көмектесуін сұрады. Гао Сянчжэ осы орайда Тәшкентке елші жіберіп, жалған одақ құрып, олардың көңілін жайландырып қойып, артынан іле-шала шабуыл жасады. Шабуыл сәтті болып Ташкентті талқандалды. Гао Сянчжэ амалымды асырдым деп ойлады әрі Ташкент бегі Шыбаш пен халқын тұтқындап қайтты. Ел-жұртынан айырылған Ташкенттіктер аса қиын жағдайда қалды. Араб және қытай деректері Гао Сянчжэ олардың кәріп-кәсірлерін түгел өлтіріп,  алтын-күміс қазынасын, мал-мүлкін,  еңбекке, соғысқа жарамды еркек кіндіктісі мен әйелдерін түгел тұтқындап алып қайтты деп жазады.

Осылай дей отырып, Қытай деректері Гао Сянчжэні жақсы атамайды. Оның ашкөздігін, алдамкөстігін Таң армиясының кейінгі масқара жеңілісінің негізі болды деп есептейді. Деректе былай делінеді: «20-желтоқсанда Ансидің төрт бекінісінің тежеуілі Гао Сянчжэ Шаш (Ташкент) елінің ханымен жалған келісім жасап, артынан әскер бастап барып тұтқиыл шабуылдап, шаштың ханы мен талай адамын тұтқындап алып қайтты. Олардың кәрі-құртаңын түгел қырып тастады. Тойымсыз, дүниеқор Гао Сянчжэнің олардан тартып алған асыл тастары он неше ху болды. Алтынның өзі бес-алты  түйеге жүк болды. Бұдан өзге де заттар мен ол айдап әкеткен жылқының нарқы да осылармен парапар еді. Осылардың бәрін ол өзі иемденіп алды»[2]. Осы кезде таңдықтар жеңістен жеңіске жетіп, Орта Азия мен Шығыс Түркістанда түбіттердің ықпал күші бәсеңдей бастады. Таңдықтардың шабууылымен ел-жұртынан айырылған Шаш (Ташкент) бекзадасы жан-жаққа тентіреп, көмек сұрап жүріп жергілікті түркі тайпаларының және арабтардың қолдауына ие болды. Сол кездегі Араб Аббасидтер хандығының Хорасандағы әмірі Абу-Мүсілім оған көмек ретінде қалың қолмен өз  сардары Зияд ибн-Салихты жіберді.

Бұл жағдайдан алдын ала хабарлан Таң сардары Гао Сянчжэнің 100 мың қолы Талас өзенінің жағасына келіп, Атлақта шеп тартып дайын тұрды. Екі жақ бес күн бойы жан алып, жан беріскен соғысты бастан кешірді. Араб тарихшысы Ибин әл-Асир өзінің «Китаб аль-камил фит-т-тарих» (Тарих туралы толық кітап) атты еңбегінде жазуынша осы жолы Таң армиясынан 50 мың адам өліп, 20 адам қолға түседі. Қалғандары бас сауғалап қашып кетеді. Қытайдың «Тундянь» (通典)[3] атты тарихи дерегінде де Гао Сянчжэ тараптан 70 мың адам өлгені айтылады. Тарихи деректерде соғыс жүріп жатқан кезде жергілікті түркі тілдес тайпа— қарлұқтардың арабтар жағына өтіп кеткені баяндалады.  Қарлұқтар шын мәнінде Гао Сянчжэнің Ташкенттіктерге істеген опасыздығын оның өзіне істетті. Бұл бәлкім Шаш (Ташкент) бекзадасының қарлұқтармен алдын ала келісіп істеген ісі болса керек. Соғыстың соңғы сәтінде Гао Сянчжэ біраз қолмен қашып құтылады. Ол туралы «Билік ғибыраттары» (自治通鉴) атты кітапта: «Гао Сянчжэ ойсырай жеңіліп, әскері қырылып, бірнеше мың адамы ғана қалды. Оң айбынды тосқауыл санғұн Ли Сыие түн қараңғылығын жамыла қашайық деп Гао Сянчжэға кеңес берді. Шығар жол тар, Ферғаналықтар алдын орап кес-кестеген, адам мен мал жолдарда кептелген жағдайда Ли Сыие алдыға түсіп жол ашты. Ол қарсы алдындағы адам мен малды оңды-солды шоқпармен шайқап, зорға дегенде Гао Сянчжэні қоршаудан алып шықты» -делінеді.

Қалай дегенмен де Талас шайқасы Таң империясының Орта Азияға бағыттаған шапқыншылық саясатына нүкте қойды. Осы оқиғадан соң империяның Шығыс Түркістандағы әскери бекіністері де түгелімен жойылды. Араб басқыншылығының тегеуірі нәтижесінде  түбіттер де  Орта Азия мен Шығыс Түркістаннан бас тартуға мәжбүр болды.

[1] Сұяб—Шу өзенінің оңтүстігіндегі көне қала. Қазіргі Қырғызстанның Тоқмақ қаласының маңцында. Кейбіреулер оны қазіргі Шу қаласының (пос. Чуское) орнында дейді.

[2] 自治通鉴 (Билік ғибыраттары), 卷216 ,高仙之传。亦见 «旧唐书»,李嗣业传与段秀实传。

[3] «通典» 卷185,  «边防类», «总序自注» 云: « 高仙之伐石国于恒逻斯,七万众尽没»。

 

*********************************************************************************

  Сейіт-Омар САТТАРҰЛЫ ага

Шейх Абсаттар қажы Дербісәлінің «Ислам-религия мира и созидания», «Ислам бейбітшілік және жасампаздық діні» деп аталатын кітабы 2010 жылы жарыққа шықты. Кітапта Орталық Азия, Түркістан өлкесі,Түркілер еліне Ислам дінінің келуі, исламды халықтың қабылдауы мен қатар исламның дін, мәдениет болып қалыптасуы үшін  Атлах соғысына үлкен мән береді. «Ислам дінінің қазақтар арасына тез тарап қана қоймай, халық арасында үлкен беделге ие болуына 751-жылы Талас өзенінде болған соғыста Араб әскерлерінің Қытайдың әскерін күйрете жеңуі басты себеп болды» дейді. Аталған кітаптың 189 беті.

Осыдан 1265-жыл бұрын Тараз маңындағы Атлах деген жерде Қытайдың 100 мың әскері мен Араб әскерінің соғысы, ерте замандағы адамзат тарихындағы алапат қырғынның біріне саналады. Бірақ бұл жай осы уақытқа дейін еш жерде жүйелі түрде айтылмай, зерттелмей келді. Көптеген ғалымдар Орталық Азия, Түркілер еліне  «ислам аша» келу тарихы еш уақытта да тура және дәл айтылған емес дейді. Себебі, әр билік ауысқан сайын тарих өзгеріп отырды. Бір ғана «Қарахандықтар» атты тарихи кітапты жазған Қырғыз ғалымы Караев  Наршахидің «Бұхара тарихы» атты тарихи еңбегінің 5 рет қайта жазылғандығын айтады.

Түркістан-Орталық Азия, Қазақстан тарихында күрделі бір түйін Атлах қаласының тарихы. Қаз.ССР-энциклапедиясының бірінші томында 551-ші бетінде; Атлах-ертедегі қала (6-12 ғ.) Жазба деректерге қарағанда, Талас алқабында болған. Орта ғасырдағы Тараз қ-сына таяу жерде. Максидидің-985 жылғы жазуы бойынша; «Атлах үлкен қала, көлемі жағынан орталық қалаға жақын, айналасы биік дуалмен қоршалған. Бау-бақшасы көп,жүзім мол өседі. Мешіті-орталығында,базары-«Рабадта»(қала шетінде) болған.

Махмуд Қашқаридың айтуынша «Атлах-Тараздың маңындағы қаланың аты». А.Н.Бернштамның пікірінше, Атлахтың қалдығы – Жуантөбе. Қазір ол құлаған. Қамал мен қаланың қалдығынан төбеге айналып, 280-140 м жерді алып жатыр.Төңерегінде қорғаны, оның сыртында егін алқабы болған» -деген дерек кездеседі. Бар болғаны осы ғана. Ал тарих не дейді?

«737 жылы Түркеш қағаны Сұлық өлтірілгеннен кейін «Сары» түркеш пен «қара» түркештер арасында билік үшін ұзаққа созылған  соғыс басталды. Өзара қырқыс пен арабтарға қарсы ұзақ жылдарға созылған соғыс  түркеш қағандарының қуатын әлсіретті. 746 жылдан бастап Алтай мен Тарбағатайдан көшіп келе бастаған қарлұқтарға олардың қарсылық көрсетуге шамасы келмеді. Түркілер елінде осы қыйыншылықты көрген, енді қимылсыз отыра берсе мына кең даладан айрылып қаларын сезген Тан империясы да, бұл жерден өз үлесін алып қалуға ұмтылды. Жетісу жеріне олар Гао Сань Чжи бастаған 100 мың әскер аттандырды.748 жылы түркештер астанасы Суяб қаласы қыйратылды. Келесі жылы Ферғана ихшиді мен Шаш падшасы арасындағы қақтығысқа араласып, Ферғана әскерімен бірігіп Шашты басып алды. Шаш падшасы өлтірілді. Шаш падшасының ұлы арабтардан көмек сұрады. Абу Муслим Зияд ибн Салих бастаған әскерді Қытай әскеріне қарсы аттандырды. Екі әскер Талас бойында 751 жылдың Зул-хиджа айында ұшырасып, соғысты. Ұрыстың бесінші күні Қытай әскері құрамындағы Қарлұқтар көтеріліс шығарды. Қытайлар екі жақты қысымға түсіп, жеңіліске ұшырады. Қытайдың 50 мың әскері өліп, 20 мың әскері тұтқынға түседі. Гао-сань-чжидің өзі зорға қашып құтылады». Талас соғысы тарихын арнайы зерттеген О.Б.Большаков әл-Мақдиси дерегіне сүйене отырып, Таразда Қытайлар келмей тұрып,  араб горнизонының болғанын айтады. Ол әскерге Саид ибн Хумайд атты кісінің басшылық жасағанын. Қытайлармен соғысқан Саид ибн Хумайд бастаған араб әскері. Ал Зияд ибн Салых оған көмекке барған. Бұл кезең араб «ислам аша»келген қолының Абдуқахһардың екінші ұлы Абд ар-рахим (Қылыш Қараханның) Қашқарға барып қалған кезі еді. Міне осы жерде Қарлуктар әскерінің ішінен шыққан көтерілісті Қашқарға жеткен Абд ар- Рахим Қылыш Қараханның өз діндестеріне жәрдемге умтылған қолы деп бағалаған мақул.Оған себеп Қашқарға барып енді ғана орналасып жатқан Абд ар-Рахим билігі, Қытай басшылығының Ферғана, Шаш арқылы Таразға шығып артын қырқып тастап, мұсылман елдерімен ара қатынасын үзсе,мына жан жағынан исламға анталап тұрған өлкеде туншығып қаларына көзі жетті.  Бұл жердегі бір күрделі жағдай осы кезге дейін Қарахандық билік дәуірі жайлы жүйелі түрде мәлімет жоқ. Бұл саясаттың кесірінен болып келген мәселе.  Қытай әскеріне қарсы тұрған топ арабтың «ислам аша» келген қаумының жауынгерлері Саид ибн Хумайд бастаған қол екенін, жәрдемге келген қолдыңда араб әскерінің қолбасшысы Зияд ибн Салыхтың әскері екенін білген соң осы маңда осы дәуірде арабтардға достық, тілеулестік  ықпалында болған бір ірі мемлекеттің бар болғанын болжасақ керек. Болмаса есі бар адамға 100-мыңдық Қытай қолы келе жатқанын біліп отырып, алдын ала дайындық жасап, жер қайысқан қолды қарсы алып, қолға түсіріп жойып жіберу үшін мықты мемлекеттік жүйе керек екені бесенеден белгілі жай. Жер қайысқан қолды майдан даласында күтіп алу үшін дұшпан қолына тең түсетін дәрежеде қол жасақтап, ас ауқат пен қару жарақпен, ат, көлікпен, тастай түйілген тәртіппен бекітілген мемлекеттік жүйенің болғанын мойындау керек.Дәл осындай мемлекеттік жүйе болу үшін ең кемінде 350-400 мың түтіндік елі бар, тас түйін тәртібі бар, жүйелі діні, берік ділі бар, ел басында көреген, кемел падшасы болуы шарт. 8-ғасырдың ортасында Түркілер еліне «Ислам аша» келген қауымның жергілікті тұрғындармен бас біріктіріп,төскейде малы,төсекте басы қосылып, рухани бір Алланы мойындап, бір қыблаға бет түзеп қалған кезі болған еді.

Демек Түркілер ішінде қысылған сәтте, ел шетіне жау келгенде «Аттан» салған орданың үніне құлақ асатын тәртіпті, тыянақты, биліке сенетін ел, елге арқа сүйейтін ер, бас бұрғызбас қатал заң мен жұмыс істеп тұрған биліктің болғаны. Ал бұл қағидалар кешегі осы ұшы қыйыры шексіз даланы жайлаған ержүрек халықтың бұлжымас заңы еді. Егер осы дәуірде араб әскері жергілікті халыққа арқа сүйеп, жергілікті халықтан әскерге жасақ, азық түлік, ат-абзал алмаса, ту Арабия жарты аралынан әскер мен оған қажетті заттарды жеткізіп алды деу ақылға сыймайды. Олай болса Түркілер елінде Құдайды бір, Құранды шын, Мұхаммедті (с.а.у.) Алланың елшісі деп мойындаған бір ірі мемлекеттің болғанын мойындау керек. Мүмкін біз әліге дейін атын атап, анықтап жіп таға алмай жүрген Қарахандық билік осы шығар. «Әулие ата» деген атақты ата-бабамыз бостан босқа бермеген болар. Осы тұрғыдан келіп Қарахандық дәуірдің басталуы осы Атлақ соғысына тікелей байланысты деп түсіну керек.

«Қытай әскері Талас бойында тас талқан етіп жеңілгеннен кейін, енді қайтып түркілер еліне беттей алмады. Қытай әскері Талас бойындағы жеңілістен соң өзінің Орта Азияға жүргізген экспанциялық саясатынан бас тартты. Ұйғыр мен Тибеттіктердің қысымынан, Қытай тек Жетісу емес, шығыс Түркістан жерінен кетуге мәжбүр болды. Арабтар бұл өңірде өз билігін жүргізе алмады. Түркі империсы құлағаны мен жер түркі халқының қолында қалды. (Зікірия Жандарбек. «Насабнама нұсқалары және түркі тарихы» Алматы.  2002ж.  90-91-92 беттер).

Бұл өңірде өмір сүретін халық түркілер болған соң, жер кім жеңсе де түркінің қолында қалады. Ауысатын тек саясат қана. Арабтарға жүз жылдан астам қан төгіп «ислам ашып» еткен еңбегі күйіп кетпесе болды. Халық дінді ұстанса басқасында шатағы болмаған. Оларға, яғни «ислам аша» келгендерге халықтың исламды дін ретінде ұстанып қалғаны, осы маңда сол «ислам аша» келгендердің «мазар», «сағана», «мола» болып қалуымен, ұрпағының осы жерде өсіп-өніп отыруы, араб әскерінің түпкілікті жеңісінің бірінші дәлелі болса, екінші, сол Ұлық заттарды осы маңдағы халықтың әулие тұтып әлі күнге дейін басына барып зиярат етуі деп білмек керек. Шекарадан бастасақ Сарыағашта Ыса ата, Шаймерден ата, Сөксек ата,Тұрбатта (Қазығұрт) Исмаил ата, Исхақ ата, Сырдың орта ағысының күн батысында Қызылқұмның шетіндегі Абд ул-Жалил баб (Хорасан ата), осы жердің күн шығысында Сунақ ата орын тепсе, Қара тауда Исхақ бабтың сағана мазары, Түркістанда Құл қожа Ахмед Иасауий, Отырарда Арыстан баб, Таразда Сатук Богра Табғаш Қылыш Қарахан (Әулие ата), Айша бибі, Тектұрмас әулие, Сайрамда Ибрахим шайх, Жаңақорған-Байенжеде Бақшайыщ шайых, Арқада Аққу ешан, Бағдат ешан, Мұрат ешан, Исабек ешан,Марал ешан, Құлжан әулие, Балқаштың Ақтоғайында Өтеген әулие, Арқатта Әбдіқожа Шұбартауда Қожампадша (Қарақожа), Баршатаста Жаппарқожа тағысын тағылардың сағана, мазар, турбаттары тұр. Аталған әулиелердің тараған әулеттері осы аймаққа келіп орналасқан ата бабасының мекені болған қазақ халқының қурамында өсіп өніп, ел болып 13-ғасырдан бері  өмір сүріп келе жатыр.

Исламды дін деп қабылдап, бір Аллаға бас ұрған түркі қауымы бұрын дінсіз болған емес. Бұл жерде Тәңір діні деп атап жүрген «Шамандық», «Зардуш», отқа, бұтқа, желге, оқшау тұрған ағашқа, оқшау жатқан тасқа сыйыну болған. Қалай болғанда да халайық әйтеуір бір Ұлы күштің бар екенін мойындаған, шынайы шындық пен ақиқатқа көптің көзін жеткізу ғалымдық. Шайх Абсаттар қажы Дербісалы; «Қазақ халқының мәдениетін Ислам салт-дәстүрінсіз көзге елестету қыйын, себебі біздің ұлттық санамыздың қалыптасуына исламның зор ықпалы болды. Қазақтардың ата-бабасы ислам мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз еңбек етті. Ислам мәдениетінің Орталық-Азия аймағына келуі 8-ші ғасыр мен белгіленеді. 751-жылғы Талас өзенінде Қытайлар мен Арабстаннан келген мұсылмандар арасында орасан зор соғыс болды. Арабтықтардың жеңіске жетуі Ислам діні мен мәдениетінің орасан зор аймаққа тарауына айтарлықтай ықпал етті».

Түркілер еліне Ислам дінінің келуі мен ислам мәдениеті қосыла келді. Бұл жайды ғалым ағамыз Түркілер оның ішінде Қазақстан аумағынан шыққан ғуламаларды нақтылап атап отырып дәлелдеп; 38-томдық Ислам энциклопедиясына сілтеме жасай отырып біріндеп атап өтеді.Ең бірінші әлем мойындаған жерлесіміз Отырардан шыққан Абу Насыр ал-Фарабидің араб тілінде шыққан 72-еңбегін атап өтсе Түрік тілінде 18-кітабының,ағылшын тілінде 7-кітабының шыққанын. Соны мен бірге Ұлы ғуламадан басқа Отырардан шыққан басқада ғуламаларды, Кердерілер, Түркістандықтар, Сығынақтықтар, Женттіктерді атын атап отырып және Баласұғындық жерлесіміз Жүсіп Баласұғынидің «Құтты білік»атты еңбегінің  Қазақ, өзбек, орыс және басқа тілдерге аударылғанын мақтана жазады.

Демек Ислам дінінің Орталық Азия-Түркістан,Түркілер елінде тұрақтап қалуында Атлах соғысы шешуші орынды илеленген болып шығады. Бұл жайды Өзбек ғалымы Х.Мухсумадьен былай түсіндіреді;. Мұсылмандар 712-жылы Қашқарға жетіп Сюань-цзунға айтарлықтай қауыпты бола бастады. Ол қарсыласын кейін шегіндіріп,көп қыйыншылықпен өз мемлекетінде тәртіп орнатты.751-жыл Карлуктармен одақтасқан Зияд бин Салих басқарған Араб  әскері Тараз қаласына жақын,  Талас өзенінің бойында Гао Сян чжи басқарған Тан әскерін тас-талқан етіп жеңді.Жетісу аймағы Тан әскерінен тазартылды. Қытай орталық азия елдерінің саясатына араласуын тоқтатты.Карлук ягбу (басшы)лары бұл жерде өз мемлекетін Түркістан қағанатын (Қарахандықтар мемлекетін) құруға жол ашты. (Х.Мухсумадьен. Узбеки и вокруг них.131-134 беттер. Алматы.«Дайк-пресс»2006).  Егер Тараздағы ислам қосынына Зияд ибн Салыхтың әскері мен біз Қарлуктар деп жүрген жергілікті Түркі қаумының қосыны жәрдем етпеген де Орталық Азияда ислам қосынының жағдай өте күрделі болар еді. Ғалым Мақаш Тәтімов айтқанда, егер ислам діні болмағанда жергілікті Түркілер бурят, саха, якут, ненецтер секілді әлде қашан өз тегін, тілін, ұмытып кеткен болар еді.

Бұл өлкенің халқының исламды қабылдауы Алланың қалауы болғанын естен шығармаған жөн.  Міне, осы 751-ші жылдан бастап есептегеннің өзінде ислам дінінің Түркілер еліне келуіне, орнығуына, жергілікті халық пен бірігіп берік патшалық, орталық құрып өз отанын шет елдік жаулардан бірігіп қорғағанына 1260-жыл толып отыр. Бұл атап өтетін,назар аударатын жай деп есептейміз. Қарахандық дәуірде осы кезден басталды деп есептеуіміз керек секілді

 

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Қарт Қаратаудың қазынасын әлі ашқанымыз жоқ

    Халқымыздың жыраулық дәстүрін сөз ете қалғанда көкіректен құйылған жырдың екпінін көмеймен, таңдаймен түрлендіріп төгетін …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған