Hиязқожа баба

Тарихта әулиелігімен ғана емес халықаралық қатынастарда да орны бар Ниязқожа баба туралы бір үзік сыр

 Ниязқожа баба Төлеби заманында пәтуа айтқан қазы болған кісі. Жас әрі парасатты, сауатты болған баба әділдікті жақтаған дейді. Бұл жайында мынадай мәліметті ұсынғанды жөн көрдік. 2010 жылдың 30-сәуірінде «Егемен Қазақстан» газетінде «Хасакэ гун ма ту» немесе бір суреттің сыры» деген айдармен тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Б.Еженхан мен С.Мадуанның мақаласында Қазақ елінің тұңғыш Прези­денті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында, Алматыдағы «Дайк-Пресс» баспасынан 2005 жылы жарық көрген «Қазақстан тарихы туралы қытай деректеме­лері – тарихи-мәдени жәдігерлер» атты еңбектің ІІ томының соңғы бөлімінде Қытай елін билеген ең соңғы династиялық әулет – Цин империясы дәуірінде салынған, жазылып-сызылған сурет-картина­лар қазақ халқының тарихы, этнографиясы мен мәдениетіне тікелей қатыстылығы зерделенгендігін сөз етеді. Осы жарияланған материалда «Хасакэ гун ма ту – Қазақтардың Цин патшасына сәйгүлік сыйлауы» деп аталатын суреттің түпнұсқасының (қазір Париж қаласын­дағы ГИМЭ – Шығыс өнері мұражайының қорында сақтаулы) фото көшірмесін Алматыдағы Р.Сүлейменов атын­дағы Шығыс­тану институтының дирек­торы, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Әбусейітова 2004 жылы түсіріп әкелгені айтылады.

Осы мақалада мынадай жолдар бар: «…Сонда өлке билері Әбіліз, Төле би, Қойгелді және Сасық би ақылдаса келіп, Төле бидің ұлы Жолан, Хан­гелдінің аталас бауыры Пұсұр­манды елші етіп жіберіп, біздің атымыздан патшамен дидарласып келсін деген шешімге келеді. Олар өздерімен бірге патшаға беретін сыйлық ретіндегі 3 бөлік ат пен ам­банға (генералға) беретін сый­лық ретіндегі 1 бөлік атты апар­мақ, -деген деректен кейін елші­лікке жіберетін үшінші адамға Ташкент мұсылман отырықшылары­ның бір басшысы, Қожа Молда шәмші де өз елшісін қосуды өтінеді. Сөйтіп, Меңнияз Қожаны аттандырады. Картина-суреттегі үш адамның бірі – бас елші Төле би ұлы Жолан болса, екіншісі – Пұсырман би, үшіншісі – Мең­ниязқожа екені еш шүбә келтір­мейді. Қалған екеуі қызметшілері болса керек» деген мәліметті келтіреді («Егемен Қазақстан» газеті. 30 сәуір, 2010ж.).

Осы мақаладағы Меңниязқожа – баба Ниязқожа. Ол көріпкелдігі бар, емі еш кетпейтін әулие болған. Адам не мал дертке шалдықса оларды бір көргеннен жазып жіберетін қасиеті бар еді деседі. Осындай парасаттылыған таныған Төле би өзінің немересі Ардақ есімді қызды берген екен. Төлебидің немересі Ардаққа үйленгеннен кейін еншісіне Қазығұрт тауының баурайындағы Тұрбат елдімекенінің жанындағы Қарабау деген табиғаты әсем жайылымды сыйға тартқан. Батыр Жолдастың бабалары осы Қарабау елдімекенінен Зақтың бойына қоныс аударған.

Бабаның әулиелігі жайлы күні бүгінге дейін сан қилы мәліметтер айтылады. Соның бірі былай болып келеді:

Осы айтылған елдімекенге Ниязқожа баба келген кезде сол өңірдің белді байларының бірі Қарабайдың (руы ағанай) малдары ауруға шалдығады. Қанша ем жасаса да шипасын таба алмайды. Сонда Қарабай Ниязқожаны кездестіргенде сен Төле бидің ықыласына бөленген жансың, қожалығың тағы бар. Соның пайдасы тиер деп малдарымды осы беткейге өріп едім, шарапатын көре алмадым. Малдар бірнен соң бірі қырылып, мың сан малдан айырылып қалдым. Осындай да қожалығың болса мырзалығыңды танытпайсың ба? -деп назын айтады екен.

Айтқан сөзіне қасиетті баба ертең сәскеде бар малыңды менің алдымнан айдап өткіз дейді. Баба тұрған мекенде ойпаттау жер бар-тын ол соны меңзеп көрсетеді. Бірақ бір шартым бар дейді.

Қарабай:

– Ол қандай шарт?

Баба:

– Сенің шабармандарың мал айдап өткен сәтте менің жүзіме қарамасын, оларға осыны ескерт дейді.

Уәделескен уақытта, шабармандар малды айдап баба айтқан ойпаттан өткізіп жатады. Алайда шабармандар арасында жас бала бар еді. Ірі қараның арасында қозы мен қойларды айдап келген. Ол өзінің қызығушылығына бой алдырып, қарап қояды. Содан бала жанарынан айырылып қалады екен.

Сол жайттан кейін Қарабайдың малдары дертіне шипа тауып, өлімнен қалып, сауығып, малдың басы аман қалады. Осы жайттан кейін оның анасы әлгі жас баланы алып, Ниязқожаға келеді. Сондағы айтқаны:

  • Жарқыным, Қарабай жалғыз ұл еді. Әбестік қылса айыпқа бұйырмассың. Артық кеткені болса кешірерсің. Мұнан әрі ол аға сен іні болып татулықта болыңдар, ал мен саған да ана болайын дейді.

Ана сөзіне тоқтау салған баба қолын беріп:

– Сіз бүгіннен бастап маған да анасыз дейді.

Мұндай сөзді естіген Ажар ана Ниязқожаны бауырына басқан дейді. Сонда салихалы жасқа келген Ажар анамыздың қос емшегінен сүт аққан екен. Міне содан бері баба ұрпағына көрші болып келетін ағанайлар емшектес бауыр болып кеткен деседі. Содан бері ағанайлармен көрші болып келетін әулет қыз алып, қыз берместей туыс болып, ағайындай жақындасып кеткен.

Осы сәтте балаға көзі түскен қасиетті баба дертін сұрайды. Сонда ана былай дейді:

  • Бұл жетім бала. Кешегісін көпшілікпен бірге қозыларды айдап өткен еді. Балалыққа салынып, қызық көріп, саған қарап қойыпты, шырағым. Содан жанары өшіп, соқыр болып қалды.
  • Ниязқожа баба балаға қарап:
  • Не көрдің? Қане, шыныңды айтшы -дейді.
  • Мен Сіздің аузыңыздан лапылдап шығып жатқан отты көрдім, -депті, діріл қаққан бала.
  • Сен шыныңды айттың. Қорықпа, -деп баланың маңдайын сипағанда әлгі баланың жанары қайта ашылыпты.

Бүгінде бабалардың сол асыл мекені қаз қалпында сақталған. Ескі қыстақтары мен қорымдары көнеленген. Бұлақтарының суы мен сарқырап ағып тұрған сайдағы сулардың да тартылғаны қашшан. Кейіннен олар өздерінің қоныстарын жоғарыда сөз еткен үлкен Зах каналының бауырына қоныс аударған. Ал қазіргі «Қарабау» елдімекені бұрынғы «Қазақстанның 13 жылдығы» бүгінде «Жібек жолы» әкімдігіне қарасты аталатын шағын ауыл. Әулие бабаның бүгінгі ұрпақтары осы аталған елдімекенде қоныстанған.

Н.Б.Мансұровтың «Еңселі ерлер ерлігі» кітабынан

************************************************************************************************

«ХАСАКЭ ГУН МА ТУ» НЕМЕСЕ БІР СУРЕТТІН СЫРЫ

 Қазақ елінің тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өміргекелген “Мә­де­нимұра” мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында, Алматыдағы “Дайк-Пресс” баспасынан 2005 жылы жарықкөрген “Қазақстан тарихы туралы қытай деректеме­лері – тарихи-мәдени жәдігерлер” атты еңбектің ІІ томының соңғы бөлімінде Қытай елін билеген ең соңғы династиялық әулет – Цин империясы дәуірінде салынған, жазылып-сызылған сурет-картина­лар қазақ халқының тарихы, этно­графиясы мен мәдениетіне тікелей қатыстылығы зерделенуде. Сол қолданбалы көркемөнер туындылары ғылыми тұрғыдан тұңғыш рет қарастырылып, тарихи жазба деректер мен өнер туынды­лары салыстыра зерттелу үстінде.

Жоңғар күйрегеннен кейін Қазақелі Цин империясымен ғасырдан астам уақыт бойына сая­си-дипломатиялық, сауда-экономикалық және шекаралық істер бойынша тығыз қарым-қатынас орнатты. Осы кезең туралы Қытай мұрағаттарында аса құнды ресми тарихи жазба деректер, құжаттар молынан сақталған. Сондай-ақ, хатталған тарихи-мәдени көркемөнер ескерткіштері санатында Қазақ хандықтары тарапынан Цин императорларының ордасына арнайы жіберілген кейбір елшілер­дің, руба­сылар мен олардың әйел­дері­нің, қарапайым қазақ шаруа­лары, т.б. туралы тарихи-этно­графиялық құн­дылығы аса зорсурет-картина­лар кездеседі. Бұл баға жетпес ескерт­кіштердің, көркемөнер туын­ды­лары­ның едәуір бөлігі Қытай, Еуропа елдерінің мұражайлары мен кітапханалары­ның сирек қор­ларында сақтаған. Сол жәдігерлер­дің ішіндегі бірегейі, жауһары “Хасакэгунма ту”, яғни “Қазақтардың Цин патшасына сәйгүлік сыйлауы” деп аталады. Суреттің түпнұсқасы қазір Париж қаласын­дағы ГИМЭ – Шығыс өнері мұражайының қорында сақтаулы тұр. Оның фото көшірмесін Алматыдағы Р.Сүлейменов атын­дағы Шығыс­тану институтының дирек­торы, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Әбусейітова 2004 жылы түсіріп әкелген.

“Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелерінің” ІІ то­мын­да жарияланған “Цин дәуірі сурет­теріндегі қазақтар” атты мақаланың “Джузеппе Кастильони салған “Хасакэ гун ма ту атты сурет” деп аталатын бірінші пара­гра­фында көрсетілген. Осы арада сурет авторы туралы оқырмандарға аз-кем мәлі­мет берекетсек дейміз. Джузеппе Кастильони (Gіusseppe Castіlіone, қытайша есімі Лан Шинин) католик миссионері ре­тін­­де 1715 жылы Қытайға барып, Цин патшасының сарай суретшісі болып, циннің үшінші дәрежелі лауазым шенін алған. Циннің үш патшасына (Канси, Юнчжэн және Цяньлунға) қызмет көрсеткен. Оның тарихта атын қалдырған еңбектері: 1) әйгілі патшалық саябағы әрі сарай кешені – “Юань минюаньді” жобалау жұмы­сы сол секілді “Жоң­ғар мен Хуэйбуды (Қашқарияны) ­ты­­­­ныш­­тан­­­дыру операциялар”, “Цяньлун бұғы аулауда”, “Жүз арғымақ”, осылардың қатарында “Қазақтардың Цин патшасына арғымақ сыйлауы” да бар. Сурет туралы мақала автор­лардың бірі (Б.Еженхан) тара­пынан бұл сурет туралы “Абылай хан қатарлы қазақ көсемдерінің Цин патшасы Цяньлунға жіберген елші­лері (1757 жылы) және олардың Цяньлунға апарған арғымақтары бейнелен­ген” деген тұжырымдама жасал­ған. Бұл жерде біз өзіміз төменде келтіретін тарихи жазба дереккөздерін ес­кермеген­дейміз. Мыса­лы, жоғарыда келтір­ген “Қазақ­стан тарихы” туралы дерек­теме­лері­нің екінші томының 50-51 беттерінде “…Абы­лай Әмір ­сана­ның және Жоңғархандығының дәурені келмеске кеткенін, өз іргесіне жой­қын күштің ақыры мықтап келіп жеткенін, ендігі жерде Қазақ елінің мүддесін дипломатиялық жолдармен қорғау қажет екенін түсінді. Сон­дықтан Цин патшалығымен бітімге отыру үшін және Қазақ-Цин ара­сын­дағы шекара жер мәселесін шешу жолын іздестіру үшін Цин патшасы Цяньлунға өзелшілерін жіберді. …Цин патшасы­ның жоңғарларды жаныштау армиясы­ның оң қолбасшысы генерал Чжау Хуэйдің өз патша­сына жіберген мәлімде­ме­сінде былай делінеді: “Абылай… …өтініш хаты­мен бірге 4 арғымақ сыйлап, Хэнцзигээр (Кенжеқара) қатарлы жеті адамды елші етіп, патшамен жүздесуге жіберіпті. Бұдан тыс ол елші жіберіп, сыйлық ретінде маған да арғымақ берген екен”.

Көріп отырғанымыздай, гене­рал өзінің мәлімдемесінде патшаға сыйлық ретінде Абылайханның 4 арғымақ жібергенін, жеті елшінің санын, аты-жөнін анық көрсеткен. Ал, “Хасакэ гун ма ту” сурет-кар­тинасында 3 арғымақ, үш елші және екі қызметші бейнелен­ген. “Хасакэ гун ма ту” сурет-кар­ти­насында бейнеленген бұл елші­лердің 1757 жылы Цин империя­сына Абылай хан жіберген елші­лер емес, 1758 жылы Ташкент шаһары­нан Төлебидің Цин импе­ра­торы Цяньлунға жіберген елші­лері екен­ді­гін толық дәлелдеп тұрғандай. Олар Цяньлун патшаға “беретін сыйлық ретіндегі 3 бөлік ат” алып барған Төлеби ұлы Жолан (бас елші), Пұсырман би және Меңнияз қожа екендігі күмән келтірмейтіндей.

“Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері” “Цин патшалық дәуірінің мұрағатқ ұжат­тары” сериясының ІІІ томында жария­ланған №10 құжаттағы Амбан Фудэнің (Цин императоры­ның генералы) өзінің әскерін бастап Қазақ жеріне барып, Қа­сақ­ шираны тұтқындау ісін орын­дай алмағандығы және патшамен дидарласпақ болған қазақ және хуэйцзи (отырықшы мұсылман) елшілерін қорғап әкеле жатқан­дығы туралы маньчжур тілінде жазған 1758 жылғы 5 қыркүйектегі мәлім­демесіндегі мына жолдар сөзімізге мысал бола алады. “Мен, патша­ның құлы Фудэ, осы мәлімдемені жазып жібердім. Патша ағзам төмендегі айтылған іс тура­лы хабар алғай. Жақында мен, патшаның құлы, Моңғолдай мен Хешан қатарлыларды Батыс бөлік қазақтарға жіберген кезімде оларға егжей-тегжейіне дейін түсіндіре отырып мынадай тапсырма бер­гем: “Сендер Батыс бөлік қазақ­тарға барған­нан соң, егер Қасақ ­шираның сонда екендігін анықтасаңдар, онда оны қайтсеңдер де тұтқындап, айдап әкеліңдер. Ал егер ол расын­да да ол жерде бол­маған жағдайда, сен­дер міндетті түрде Төлеби (мәтінде ТиlіЬаі) мен Тілеуке (мәтінде Теlіukе) қатарлыларды өздеріңмен бірге ертіп келіңдер”, – дейді де, “Әбіліз хан мен барлық батыр, қожалар бірауыздан: “Сіздер айт­қан опасыз қарақшылар шынындада бізге келмеген. Егер олар бізде болса, біз оларды қалайша сіздерден жасырып алыпқалмақ едік! Біздің осы Қазақ жеріндегі болып жатқан барлық істер Төлебидің басшылығымен шешіледі. Ертең Төлебидің өзі осында келмек. Ер­тең біз бас қосып ақылдас­қаннан кейін сіздермен кездесіп, бір келісімге келейік” дегенді айтты”.

Сонымен “Әбіліз, Төлеби, Қойгелді және Сасықби ақылдаса келіп, Төлебидің ұлы Жолан, Хан­гелдінің аталас бауыры Пұсұрманды елшіетіп жіберіп, біздің атымыздан патшамен дидарласып келсін деген шешімге келдік. Олар өздерімен бірге патшаға беретін сыйлық ретіндегі 3 бөлік ат пен ам­банға (генералға) беретін сый­лық ретіндегі 1 бөлік атты апар­мақ”, – деген деректен кейін елші­лікке жіберетін үшінші адамға Ташкент мұсылман отырықшы­лары­ның бір басшысы, Қожа Молдашәмші де өз елшісін қосуды өтінеді. Сөйтіп, Меңнияз Қожаны аттандырады. Картина-суреттегі үшадамның бірі – бас елші Төле- биұлы Жолан болса, екіншісі – Пұсырман би, үшіншісі – Мең­нияз қожа екені еш шүбә келтір­мейді. Қалған екеуі қызметшілері болса керек.

Бұл арадағы негізгі айтайық дегеніміз, “Қазақтардың Цин императорына сәйгүлік сыйлау сурет-картинасының идеясымен жасалған жаңа интерпретация еке­нін айта кетуді парыз санай­мыз. Бұған қоса суреттің фото көшір­мес­і­нен көшірмесін жасаған реп­ро­дукция” суретші Асейн Жұма­беков, жоба жетекшісі Ерболат Төлепбай екенін де айта кеткен жөн. Тарихи деректерде әртүрлі пікірлер болып жатады. Бірақ оның бәрін қолымен қойғандай, үзілді-кесілді Абылай ханның, болмаса не Төлебидің елшілері деуге келмейді деп топшылаймыз. Соңғы айтарымыз, бүгін Президенттік мәдениет орта­лығында тұсау кесер рәсімі өткізіл­гелі отыр­ған “Қазақтардың Цин импера­торына сәйгүлік сыйлау” сурет-картинасын ол замандағы қазақ жұртының сөзін сөйлеп, билік айтқан, көрші мемлекет­термен қайтсек қарым-қатынасты жақсар­тып, береке-бірлікте халқы­мызды сақтап, ұрпағымызды алаңсыз өсіреміз деген ұлы тұлға­лардың көрші мемлекетке жіберген елшілерінің жиынтық бейнесі десек, ұтылмаймыз. Тарих көші қилы кезеңдерде қайталанып оты­ра­ды. Дәл сол Абылайхан мен Төлеби заманындағыдай елшілік жіберіп, ел билігін бекіту бүгінде де жалғасын тауып отырғанына куә болудамыз.

Бақыт ЕЖЕНХАН, тарихғылымдарыныңдокторы,

Сейтқали МАДУАН, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

«Егемен Қазақстан» газеті,

30-сәуір, 2010.

Сондай-ақ, оқыңыз

  Мұқаң мен Бәукең

Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл  Қазақ руханиятының нартұлғаларының қатар жүріп, қадірін білген кездерінен қалған сырды …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған