Ғалымның хаты

Қазақ халқының  саяси құрылымындағы қожалар институты

 

 

Қожалар қазақ халқында үш жүздік құрылымға енбейтін, өздерінің болмыс-мінезімен, әдет-ғұрпымен дараланған субэтникалық топтың бірі. Қожалар елдің рухани өмірінде мұсылмандық мәдениеттің ең жоғарғы қызметшісі, сондықтан да Орта Азия мен қазақ халқы арасында мұсылман дінін таратып уағыздаушы, әрі Мұхаммед пайғамбардың алғашқы халифтарының ұрпағы болып есептеледі.

Қожалар ел өмірінде ислам дінін уағыздап, әрбір қазақ руларына пір болған руханияттың басты өкілі ретінде танылумен бірге, саяси әлеуметтік құқықтық мәселелерде де олардың орны ерекше саналды. Жалпы тіршіліктің рухани сферасына  үстемдік жасап, елдің рухани  құндылықтарына бағыт бағдар беру үшін қожа тобының әлеуметтік артықшылықтары болғандығы белгілі [1,146-б.].

Қожалар  қазақ халқындағы ру-тайпаларға рухани мәдениет өкілі ретінде танылып, бірте-бірте сол ру-тайпалардың атасына айналды. Қазақ шежірелері тарихының генеалогиясынан қожа есімдері орын алды. Қазақтардағы сияқты түрікмен, өзбек, ұйғыр, қырғыздар арасында да «қожа» атымен кездесетін есімдер көптеп кездеседі. Мұндай есімдер көп жағдайда көптен күткен балаға қожаның берген батасының негізінде дүниеге келгеннен кейін қойылса, енді бірде осындай қуанышты сәттердің бірінде қожаның сол үйге келуімен де байланыстырылады. Қазақ халқының шежірелік деректерінде «қожа» атауларымен кездесетін есімдерді кездестіруге болады.  Мәселен, М.Ж.Көпеевтің «Қазақ шежіресіндегі» Орта жүз тарихында Жанарыстың екі әйелі болып, олардың бала көтермей жүргендерінде, үйіне Қарақожа, Аққожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа, Есімқұлқожа, Қосымқожа аталған 6 қожаның келгенін, оларға;

Ой, құдай-ай!

Берді ғой бала беретұғын,

Әулиелер келді ғой.

Сыйынбасам маған серт,

Қолдамасаң саған серт,

Сарт болсаң садағам кет – деп сый-сияпат көрсеткен. Сонымен, қожалар ықылас, пейілге разы болып «алтауымыз да атымызды бердік, алты ұлға ата боласың» деп бата бергеннен кейін ғана дүниеге 6 ұл келгенін жазады. Мұндай есімдер қазіргі күнде де  жергілікті халық арасында, айталық сол елге «пір» болған қожаның аты немесе қожаның ерекше бір қасиеті үшін көптеп кездеседі. Айта кетелік, қазақ халқы арасында діни әдет ғұрып жүргізу қожаларға тән болды. Олар белгілі бір жергілікті халық арасындағы қазақ руларына «ишандық» қызмет атқарып, «пір» болды, ал қазақ рулары оларға «мүрид» болған. Мұндай шындықтарды айтар болсақ, «Әзіреті Ысмайл Ата туралы аңыз» деп аталатын мақалада Ысмайл Атаның әкесі Ибрахимнің 400 жыл бұрын (ХІҮ-ХҮ ғ.ғ. шамасы болу керек) қазақ руы қаңлылардың «Омыртқа», «Мандуд» әулеттеріне пір болғандығы айтылса, ХҮІІІ ғ. қазақтар бас қосып жиылып қажылыққа Құнанбай бастап барғанда, ноғайлар мен сарт өкілдері таласып; бірі маскүптік (мәскеулік- И.З.) десе, сарттар бұқар тілділер  деп таласады. Ақыры Мекке Медине шәріп, шайқылары қазақ қауымынан қажылыққа барғандарды шақырып алып сұрағанда, Құнанбай; «біз маскүп-саскүбіңді, бұқар тіліңді де білмейміз» деп қазақ қоғамындағы қожалар мен төрелердің беделін айтып кеткен. Оның ретін «Біздің тіріміздің билігі «Алдияр» ұранды төреде, өліміздің билігі «Алла» ұранды қожада» деп жауап бергендігінен байқалады. Осы негізде, Құнанбай қажы Әуез қожаны (М.Әуезовтің атасы) Тобықтылардың піріне айналдырып, оған қол бергендігі де белгілі.

Қожалар қазақ халқының рулық, жүздік құрылымдарының пірлеріне айналды.

Қожалар саяси мәселелерден де тыс қалмады. Олардың қызметі халық арасында діни ғұрыптарды орындаумен бірге мұсылмандықты насихаттау болды. Жауапты қызметтер саналған дипломатиялық қызметтерде, ел басқару істерінде де сейіттер (Әзіреті Әлі мен Фатимадан өрбіген ұрпақтар –И.З)  өз ықпалдарын жүргізіп отырды [2, 507-б.]. Олар Мұхаммед ұрпақтары ретінде сейіт, шейх, қожа, әмір деген атақпен діни бекзадалар сияқты жоғары дәрежелі тап болып отыр. Дін басылары ретінде танылған діндар халықтың шексіз құрметіне бөленіп, әміршілерге  ықпалын жүргізіп отырған тұқым қуған дін басылары Мұхаммед ұрпақтары сейіттер мен қожалар  және олармен бірге халифалар мен әртүрлі әулиелердің ұрпақтары (шейхтар) орын алды.  Дін басыларының және бүкіл дін қызметкерлерінің  басында бір қожа кәлән «ұлы қожа» – дін басыларының  қызметін бақылап отыратын ең жоғарғы діни лауазым және суфизм орденінің басшысы ишан-накиб («накиб» сөзінің мағынасы саяси діни идеологиялық процестерде кең орын алған) және бас ишандардың бірі ишан сүдірлер отырды [2, 504-б.]. Сондай-ақ маңызды мәселелерді талқылау жағдайында әмір алдында діни, азаматтық және әскери негіздерде кеңес болды. Бұл кеңеске діни адамдар қатарынан қожа калон (қазы), шейх-уль-ислам, накиб және раис қатысты [3, С.49]. Мұндағы шейх уль-ислам, қазы калон және раис  үлемдер сословиесіне енді. Үлемдердің де өзі юристер мен судья және мұғалім міндеттерін де атқарды [2, 504-б.]. Әдетте, мұсылмандық заңды реттеп, дін басыларының жоғарғы сословиесі ретінде Таяу және Орта Шығыс елдерінде үлемдер танылды. Олар діни мекемелер, сот істері, мектептер және олардың байлықтары мен ақша қазыналары сияқты маңызды мәселелер осы үлемдердің қолында болды. Мұсылман қауымының басшысы саналған шейх ул-ислам мемлекеттегі алғашқы діни адамдардың бірі болды. Оның негізгі қызметтерінің бірі Мұхаммед пайғамбардың және оның серіктерінен таралғандардың мәселесіне қатысты шағымдар мен өтініштерді қабылдады. Екінші кезекте шейх ул-ислам  орнын қазы калон иеленді [4, С.30]. Қазы калон (қази кәлән) -бас қади ретінде танылса, раис дін қағидаларының орындалуын бақылап отырды [2, 504-б.].  Бұл діни адамдардың барлығы да сейіттер мен қожалар тегінен шығуы міндетті болды [5, С.37]. Сондай-ақ қарақалпақтар арасында да қожалар мен шейхтар саяси мәселелерге араласып отырды және олардың беделінің кейбір жағдайларда хандардан да жоғары болғандығын П.И.Рычков атап өткен  [6, С.55].

Бұқар хандығындағы дін басылары да барынша беделді тап болып көрінді. Олар ерекше дәрежелі топтардан шыққан сейіттер, қожалар және мирлар, атап айтқанда мұсылмандықты түсіндірушілер, құқық, шариғат білгірлері болып табылды. Сондықтан да олар Бұқар хандығында заң түсіндірушілер, оқытушылар және сот ісі орындарында болды. Аталған қожалар, сейіттер, мирлар дін басылары ретінде басқа да міндеттерді атқарумен бірге жалпы атпен үлема деп аталып, діни атақ немесе шен алды [5, С.37]. Ал XIX ғ-дың 40-жылдарында діни шендердің көп бөлігін  тек қожаларға, кейбірін қарапайым адамдарға берген. Алайда, діни қызметкерлер болып табылатын мүфтилердің діни атақ дәрежесіне ие болғандығын да ескерткен [7, С.190]. Ахундар алым-салық төлеуден босатылған. Ал, сейіттер ел басқару ісінің басында отырды, оларды жауапты қызметтерге, тіпті дипломатиялық қызметтерге де пайдаланған [2, 507-б.].  Сондықтан да діни қызметкерлер саналған қожалар жергілікті халық арасында ерекше құрметтелді.

Орталық Азия елдерінің отырықшы шаруа мұсылмандардан ерекшелігі сейіттер мен қожалар қоғамның саяси  жүйесінде маңызды орын алып,  әлеуметтік реттеушілік қызметтерді де атқарды [8, С.32].

Мұхаммед ұрпақтарының генеалогиясындағы қожалар әлеуметтік статус мәселесінде қазақ руларына қарағанда, немесе басқа да қоғам мүшелері алдында артықшылықтары бар заңды құқықтарды иеленді. Айталық, Орал даласындағы қожалар жалпыға бірдей құрметті пайдаланды, сонымен бірге тән жазасынан (ұру, соғудан) босатылды. Мұндай ерекше артықшылықтар әдеттік құқықтық заң бойынша белгілі бір қылмыстар үшін қарапайым адамдардың қожаларды, сондай-ақ сұлтандарды тіл тигізіп, ренжіткені, ұрып-соққаны т.б. үшін әр түрлі жазаға тартылғандығынан айқындауға болады. Мұны Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» бойынша анықтасақ, бірінші жарлығында халықтың ханы, сұлтаны, пірі-Әзіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін деп көрсетіліп, қожалардың орны былайша анықталған «Сұлтанды немесе қожаны өлтірген адам өлтірілген адамның туыстарына жеті адамның құнын төлейді, тіл тигізіп ренжітуші 9 мал, ал соққыға жығушы 27 мал айып төлейді»  немесе саусағын кеседі [9, С.43]. Сонымен, Тәуке ханның  бірінші жарлығын бізге келіп жеткен бұл дерек растап отыр. Қарапайым ер адамның құны 1000 қой немесе 100 түйе, не болмаса 200 жылқы болса, сұлтан мен қожаның құны әдетте, олар халықтың ханы, сұлтаны, пірі, Әзіреті болған жағдайда 7000 қой, болмаса 700 түйе, немесе 1400 жылқыға тең.

Екінші жарлығы бойынша, төрелер мен қожалардың жәй қатардағы біреуі өлтірілсе, олардың әрқайсысына (ақсүйектің, пірдің тұқымы деп) екі кісінің құны төленуі тиіс. Ал, қожаларға немесе сейіттерге өлім жазасы мен жан қинау жазасы қалай болғанда да қолданылмайды және олар алым-салықтан босатылған. Халық оларға сиынып, мейлінше қадір тұтқан [2, 507-б.]. Осы негіздердегі қазақ әдет-ғұрып құқығы заңдары бойынша орын алған құқықтық шарттар  Омбы қаласындағы Батыс Сібір генерал-губернаторының шешімі бойынша Уақытша Комитетте бекітілген Батыс Сібір қазақтарының әдеттік құқықтарына Уақытша Комитет өз ұсыныстарын енгізген. Бұл ереже бойынша, қазақтардың  әдеттік құқықтық заңдары негізіндегі қожалар мен сұлтандардың орны былайша көрсетілген  [9, С.42]:

  1. Кім болса да қожа руынан молдамен таласса, онда қырғыздардың (қазақтардың –И.З.) әдеттік заңы бойынша, олардың (қожалардың) артықшылықтары мен оған қоса олардың діни қызметтері мен дәстүрлі әрекеттерін ескере отырып ұруға қақысы болмаған, ал басқадай жағдайда егер қожаны жарақаттаса жәбірлеуші жәбірленушіге құрамында 1 түйе бар 27 мал айып төлеген, ал төлейтін ешқандай мүмкіндігі болмаса, онда бір саусағын кескен, алайда қожаның өзі бастаған болса, онда талап ету құқы қанағаттандырылмаған.
  2. Егер кімде-кім қожаны өлтірсе, кінәлы және бүкіл болыс болып мәйіт болған қожаның туыстарына 7 адамның құнын төлеген, егер төлемейтін болса онда кінәлының туыстары жақын болыстың бірінен 7 адамды, мұның ішінде жәбірлеушінің өзін де қоса дарға асқан.
  3. Қожа немесе сұлтанды сөзбен балағаттаса, немесе бірақ ұрмай қағып кетсе, онда жәбірлеуші 9 мал айып төлейді, егер ұрса 26 мал (құрамында түйе бар), немесе саусағын кеседі.

Ал, керісінше, қожа немесе сұлтан қарапайым қырғызды ренжітсе, онда олар кінәлы болып есептелмеген. Бұл туралы:

  1. Сұлтан немесе қожа қарапайым қырғызды ренжітсе және ұрғаны үшін жазаланбайды. Одан басқа көпшілік көзінше сұлтан, немесе қожа қарапайым адамға қол тигізсе, онда ол кінәлы болып есептелмеген, алайда бұл үшін жәбірленушіге 1 жылқы мен 1 шапан берген. Ал сұлтан немесе қожа қарапайым адамды өлтіріп алса, онда өлген адамның туыстарына толық 1 құн төлеген. Егер сұлтан немесе қожа осы құнды төлей алмаса, немесе төлеуге мүмкіндігі жоқ болса, онда құнды бүкіл болыстық болып төлеуге міндетті, алайда кінәлы сұлтан немесе қожа өлім жазасына кесілмейді, дегенмен де ол болыстықта беделінен айрылған.

Ал, абақ керейлер ережесіндегі қазақтың әдеттік заңы бойынша: бай, би, молда қатарлы қожалар кедей, жарлы, ғаріп, жетім-жесірлерді жәбірлеп, өктемдікпен басыну қылықтарын көрсеткен болса шариғат бойынша қамшылау, дүре соғу айыбы жүктелді және молда, қожа дін уағыздаумен қатар өзі ұрлық жасаса, басқаның басыбайлы әйеліне ұмтылу қатарлы лайықсыз әрекет жасаса, оны молдалығынан, имандығынан аластап, жер аудару сияқты жеңіл айып түрі белгілендi [10, 146-б.]:

Қожалар басқа қазақ руларына қарағанда артықшылықты иеленгенімен, олар Шыңғысханнан тараған әулеттің мүшелерін өлтіріп алған жағдайда 7 есе құн төлеген. Бұл бойынша:

  1. Алда-жалда қожа сұлтанды, немесе сұлтан тұқымынан кімді болса да өлтіріп алса, онда 7 адамның құнын төлеген. Сондай-ақ өлтіріп, оның денесін далаға тастап, ол құс пен аңға жем болып зақымданған болса, онда сол құнды артығымен 1,5 есеге (яғни 10,5 адамның құнын) және бұған қоса 1 түйе айып төлеген, онымен бірге мәйітті жабатын кілем және қаралы атпен 1 қыз, ол мәйіт болған адамның үйіне түйені жетектеп баратын болған, алайда мұндай айыпты орындамаса, онда оның ұрпақтарына (шөбересіне дейін) қарыз болып қалған.

Ал сөзбен балағаттап, қол тигізген жағдайда қожа мен сұлтанның құқықтары тең дәрежеде болды.

  1. Егер сұлтан немесе қожа өз әулеттеріндегі сұлтанды немесе қожаны, сондай-ақ сол әулеттің біреуінің әйелі мен баласын сөзбен айыптаса, немесе қол тигізсе, және ұрған болса, онда сотта ешкімнің де талқысына  түспейді. Жәбірлеуші жәбірленушіден кешірім сұрау керек, егер бұл жағдайға келіспесе, онда басқа сұлтан оларды татуластыруға тырысу керек, бірақ оған да сот араласпайды.

Енді бір деректе, қожалардың айыбын сұлтандар ғана қарай алды. Онда «қожалар айыпты болған жағдайда, айыпты қожаның мәселесін тек сұлтандар ғана қарай алады». Қожалар қоғамның басқа мүшелері алдындағы тағы бір артықшылығы, олар билік институтпен тең дәрежеде болды.

«Халық сотында қожалар бимен қатар тең дәрежеде орын алып, билік қызметке сайлана алатындығын» Г.Загряжский өзінің «қазақтардың заңдық құқықтары» деп аталатын еңбегінде атап көрсеткен.

Қожалар көшпелі қазақ қоғамында далалық исламды таратушы және діни ғұрыптық дәстүрлерді орындаушылар ретінде танылып Әз Тәукенің «Жеті жарғысында» және одан кейінгі қазақ қоғамындағы дәстүрлі әдет-ғұрып құқығы ережелерінде де ерекшеленді. Сондықтан да олардың ережелерінде де қожалардың артықшылықтары белгіленіп, қазақ даласындағы ғасырлар бойы қалыптасқан жүйені ұстанды.  Осы орайда қожалардың ел арасындағы  болмысы мына  негіздерде орын алды:

Қожалардың саяси-әлеуметтік заңдық статустық сипаты, олардың өзіндік заңдық құқықтық жағдайын айқындап, басқа қазақ руларына қарағанда ерекшеленіп, қазақ қоғамында және Орта Азия халықтарында да  қожалар басқа қарапайым адамдармен тең болмады.

Қазақ тұрмысында билік айту дәстүрінің  құқықтық талабы ескі әдеттердің негізінде болған.  Ислам діні енген уақыттардан бері  қожалар қазақ ортасына шариғат тәртібі мен құқ-канун жолдарын да уағыздаған [11, 340-б.]. Қожалар жерді иелену құқына ие бола отырып, оған салық төлеуден босатылды, және ол мұрагерлік сипат алды. Діни адамдар ретінде танылған қожалар мен сейіттер азаматтық, әскери, діни негіздердегі кеңестерге қатысып, талқылау жасады. Сондай-ақ олар құқықтық шариғат негізінде сот ісіне де араласты.

Аталған заңдық құқықтар мен артықшылықтар,  Кеңес өкіметіне дейінгі кезеңдердегі, қожалардың қоғам өміріндегі саяси және әлеуметтік ерекшеліктерін сипаттады.

Ибадуллаева Зылиха Өмірбекқызы,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, т.ғ.к.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Артықбаев Ж.О., Дауенов Е. Ақкөл-Жайылма өңірінің қожалары: тарихы мен қазіргі жағдайы // «Қожа Ахмет Ясауи мұралары мен ілімінің зерттелу мәселелері» атты ғылыми практикалық конференция материалдары. Алматы, 2008. – 250 б.
  2. Уәлиханов Ш.Ш. Алтышаһардың немесе Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бұараның) Шығыстағы алты қаласының жайы туралы //Таңдамалы. – Алматы: Жазушы, 1985. – 560 б.
  1. Шубинский П. Очерки Бухары. СПб., 1892. С.140 //Кисляков Н.А.  Патриархально-феодальные отношения среди оседлого сельского населения Бухарского ханства в концеXIX – нач.XX в. – М.,1962.
  2. Семенов А.А. Очерки устройства центрального административного управления Бухарского ханства позднейшего времени //Материалы по истории таджиков и узбеков Средней Азии. – Сталинабад: 1954.
  3. Кисляков Н.А.  Патриархально – феодальные отношения среди оседлого сельского населения Бухарского ханства в конце XIX – нач.XX в. – М – Л. Изд. АН СССР:1962. – 170 с.
  4. Материалы по истории каракалпаков. – М-Л.: Изд. АНСССР, 1935. – 279 с. – С. 55.
  5. Ханыков Н.В.  Описание Бухарского ханства. Спб., 1843. – С.189-191.
  1. Ерофеева И.В. Родословные казахских ханов и кожа ХҮІІІ-ХІХ вв. (история, историография, источники). Алматы, 2003. – 178 с.
  2. Материалы по казахскому обычному праву. Сборник. – Алматы:1948. – С.43
  1. Абақ Керей ережесі Қазақтың заңы хақында. Монғол Республикасы Ғылым Академиясы Тарих ғылыми зерттеу институтының қорынан. Ф.2. Т.2. Хн-58. 13-б //Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Құраст. З.Кенжалиев. – Алматы: Жеті Жарғы, 1996. – 208 б. – 146-б.
  1. Алпысбес М. Қазақ шежіресі: тарихнамалық деректанулық зерттеу. Астана, 2013. – 380 б.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button