Басқы бет / Сыр-сұхбат / Мен білген Мұқаң

Мен білген Мұқаң

Қазiргi қазақта Мұқаңды ұстаз тұтынбайтын кiсi жоқ қой. Солардың қатарындағы бiз ол кiсiнiң қарауында шәкiрт болып жүрген шақтарымызды өзiмiзге зор бақыт санаймыз. Республика Ғылым академиясының Әдебиет пен өнер институтында үш жыл ұдайы аспирант тiршiлiгiн кешкен кезiмiздiң бiр жарым жылдан астамы Мұқаң марқұмның жетегiнде өттi.

Ғылым жолын қуып, аспирант болуға талаптанған әрбiр жастың алда өзi зерттейтiн ғылыми тақырыпты күн iлгерi белгiлеп барғаны ұтымды екенiн өмiр тәжiрибесi көрсеткен. Бiз де осыны ескерiп, 60-шы жылы академияға өткен XIX ғасырдың екiншi жарымы мен XX ғасырдың басында Қаратау атырабында жасаған ақындар Мәделiқожа Жүсiпқожаұлы, Құлыншақ Кемелұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Мұсабек (Молда Мұса) Байзақұлы, Нұралы Нысанбайұлы, Ергөбек Құттыбайұлы мұрасын зерттеудi нысана етiп барғанбыз.

Бiлмейтiнi болмайтын Мұқаң бұлардың да аты-жөнiне қанық екен. Сонда да болса әлгi ақындар шығармашылығы төңiрегiнде ойланып-толғанып көп жүрдiм. Жолдас-жораларымның бәрi дерлiк тақырып жөнiн анықтап, ғылыми кеңесте бекiттiрiп алып жатқанда мен 3-4 айдай құр жүрiп қалдым. Ақыры жеме-жемге келгенде Мұқаң өзiм таңдаған ақындардың еңбегiнiң қайшылықты жақтары да бар екенiн, ол сол тұстағы қазақ даласындағы саяси-әлеуметтiк жағдайдың қым-қиғаштығынан туындағанын жүйелеп айтып түсiндiрдi. Мүмкiн мұндай тым күрделi тақырыптан гөрi зерттелуi зәрурiрек болып тұрған Ұлы Отан соғысы жылдарында туған солдат жырлары тақырыбын таңдарсын деп өз тарапынан маған қолайлырақ болады-ау деген ұсынысын айтты. Бiрақ бұған мен ыңғай бере қоймаған соң едәуiр уақыт ойланып отырды да, әуелгi тақырыбымның мақұлдаушыларынан гөрi қарсыластарының көбiрек болуы кәдiк екенiн айта келiп, бұл жолда идеялық қазықтың мықты болуы қажеттiгiн, сыпыра мақтауға салынудың пайда бермейтiнiн, барды барша, жоқты жоқша айтқан жөн екенiн ескерттi. Осыдан көп ұзамай менiң диссертациялық тақырыбым Мұқаңның өзi бастан-аяқ қатысқан ғылыми кеңесте бiржола мақұлданды.

Мұқаңның көрiпкел әулиедей боп айтқан сол бiр ескертуi, арада үш-төрт жыл салып, асыл ағамыздың кенеттен мәңгiлiк бақи болғанынан кейiн, атойлап алдымнан шықты. Дер мерзiмiнде жазылып дайын болған диссертациялық жұмысымның дос-тiлеулестерiмен бiрге сыншылары мен мiншiлерi де, тiптi, iске алғысыз деп бiлушiлерi де көбейдi. Бәлкiм, соңғылары бел бермейтiн белсендiлiк таныта бастады десем де, артық айтқандық болмас. Олардың кейбiреулерi тiкелей жойымпаздық мiнезге басты. Жойымпаздық мiнез демекшi, бiздiң қазақта орынды-орынсыз белсендiлiкке бел буып тұратын бiр қиямпұрыстық әдет бар ғой. Сондай қызылкөздiктiң ыңғайластарының қолтығына жел үрлеп, дем берушiлер қатарында, құданың құдiретi, менде бес бересi, алты аласы ештеңесi жоқ адам — қазақтың Абай атындағы пединститутының қазақ әдебиетi кафедрасының сол кезде меңгерушiсi профессор (кейiн академик) Қажым Жұмалиев, ол кiсiнiң айтқандарын өз тарапынан өзiнше қайталаушы академик-жазушы Ғабең — Ғабит Мүсiрепов тарықтық болып бой көрсеткенде менiң таңданысымда шек болған жоқ. (Айтпақшы, осы кiтапта келтiрiлген Әбдiлда Тәжiбаев атамыздың көкеме жазған хаттарында да Ғабекеңе тән пендешiлiктiң бiр көрiнiсi орын алғанын атап кетпекшiмiн. Е.Ә.) Ара ағайын адамдардың айтуына қарағанда, елiмiздiң аса беделдi осы ғылым-өнер қайраткерлерiнiң мiнездерiндегi пендешiлiк бiр осалдық — жақ-жақтыққа, өздерiне ғылыми шығармашылық iзденiс iстерiнiң бағыт-бағдары онша ұнай бермейтiн адамдардың жетегiнде жүр-ау дегендердi нақақтан-нақақ аққұла жазғыруға бейiмдiлiк барлығы көрiнедi. Соның ашықтан-ашық бұлттартпас мысалы ретiнде бүкiл астанаға, Алматыға әйгiлi болған Қажекең мен Бейсекеңнiң — қазақтың Мемлекеттiк университетiнiң қазақ әдебиетi кафедрасынын меңгерушiсi профессор Бейсенбай Кенжебаев арасындағы кереғарлық жайы болатын. Күнгейлiк Бейсекеңдi сол жақтың тумасы Әсiлхан Оспанұлы секiлдiлер қалай арқа тұтпайды, қалай жақтап-жандап жүрмейдi деген ой Қажекеңе қалай жат болсын десетiн. Оған мен не сенерiмдi, не сенбесiмдi бiлмеймiн. Сөйтiп жүргенде…

Иә, сөйтiп жүргенде менiң өткендегi күнгей ақындарының шығармашылығын талдап жазған диссертациямның нұсқасы қазақтың Абай атындағы пединститутының қазақ әдебиетi кафедрасының мүшелерiнiң сынына салынды. Күндердiң, күнiнде профессор Қажым Жұмалиевтiң қолы қойылған қорытынды пiкiр де келiп қолға тидi. Еңбегiм аталмыш кафедраның 1963 жылғы 29 мамыр күнгi мәжiлiсiнде талқыланыпты да төмендегiдей қорытынды пiкiрлер айтылыпты:

«Майлы поэзиясына сыншыл реализм сипаты жалған таңылған… Майлы әдебиетiмiз тарихынан елеулi орын аларлық тұлға ма, оның творчествосы халық кәдесiне жарарлық дүние ме? Және Майлының өмiрi мен творчествосын зерттеудiң бүгiнгi таңда қандай актуальдiгi (зәрулiгi Ә.О.?) бар?»

«Манатпен айтысқан… Шәдi емес, Мұсабек екенiн дәлелдеу дауы көп орын алған Мұсабек мысалдарының Крылов мысалдарымен сабақтастығы нанымсыз, үстiрт айтылған».

«Зерттелiп отырған ақындар поэзиясындағы дiни ұғымдар әсерлерi туралы мәселе әлi дұрыс ашыла түсiндiрiлуге тиiс».

«Кафедра осы жағдайды ескерiп, Оспанұлының жұмысын қорғауға ұсыну яки ұсынбау жөнiнде әзiр үзiлдi-кесiлдi пiкiр айта алмайды».

Мiне, осы қорытынды қолға тиiсiмен менiң сансырай сандалуым басталды. Бұл жағдай аттай бiр жыл уақытымды босқа сарып еттi. Айтпақшы, әлгi қорытындыдан кейiн академияның екi бiрдей ғылыми-зерттеу мекемесi — Тiл бiлiмi институты мен М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңестерiнiң бiрiккен шақырылып, диссертация сонда талқыға түстi. Мұнда ендi Ғабең — Ғабит Мүсiрепов ағам кес-кестедi. Және ол кiсiнiң сөз бастау ауаны менi айран-асыр еттi.  Ол кiсi ай-шай жоқ, салған жерден: «Мен өзiм қожа деген халықты жек көретiн кiсiмiн» деп салғанда орнымнан қалай атып түрғанымды байқамай да қалдым. Абырой  болғанда қасымда жерлес ғалым Рақыманқұл Бердiбаев отыр едi. «Әсеке, не айтпақсыз», деп қолымнан ұстай алды. Сонда мен Ғабеңе «қубастығыңызды сүндетке отырғызған қожадан көргенiңiз бе бұл» демек екенiмдi айттым. «Өйтсеңiз күллi күнгей ақындарының обалына қаласыз, қойыңыз» деген рәуiште тоқтам айтты Рекең. Басқа амалым қалмаған мен сылқ етiп орныма отыра кеттiм. Уақыт оза Ғабеңнiң сондағысы ұзақ уақыт Мұқаңның көлеңкесiнде қалып қойғандығынан болар деп ұғындым. (Мұхтар Әуезов – бақсайыс қожа. Е.Ә.)

Құдай жарылқағанда Қыздар пединститутының ғалым (қазiр академик) Зәки Ахметов бастаған әдебиетшi ғалымдары, академик Iсмет Кеңесбаев, профессор Бейсенбай Кенжебаев, Мұқаңның жандай дос-серiгi Әдебиет және өнер институтының төңкерiске дейiнгi қазақ әдебиетi бөлiмiнiң меңгерушiсi Ысқақ Дүйсенбаев басқарған әдебиетшi ғалымдар менiң зерттеуiме ара түсiп, құдайлықтарын айтты. Бұған негiзiнен Ысқақ Тәкiмұлының мына сөздерi мұрындық болды десем артық кетпеспiн.

«Аспирант Ә. Оспанұлының зерттеуi әдебиетiмiздiң тарихында тың жатқан тақырыпты қозғауға арналған. Қазақстан күнгейiнде, Қаратау атырабы мен Сыр бойында зерттелуiн, әдебиет тарихына енгiзiлуiн күтiп жатқан көптеген ақындар болатын. Бұл еңбек солардың үшеуiн — Майлықожа, Мұсабек, Нұралы творчествосын нақты қарастырады, материалға барынша бай. Диссертациялық жұмыстың негiзгi өзегi Майлықожа. Бiрақ аспирант тек онымен шектелiп қоймай, айналасын, дәуiрiнiң тарихы, саяси-әлеуметтiк жай-күйiн жан-жақты шолады. Егiншi ел жағдайында өмiр сүрген Майлықожа көрнектi лирик, эпик және айтыскер ақын болғанын көремiз. Ақын көзкарасындағы көлеңкелi жақтарда — дiншiлдiк, қазақ халқының Россияға косылуының прогрестiк мән-маңызын ұғынбауы жерiне жеткiзе айтылған. Сонымен бiрге, Мәделiқожа, Құлыншақ, Мұсабек, Нұралы ақындарға да дұрыс баға берiлген. Әсiресе Мұсабек пен Манат қыз айтысы жөнiнде келтiрiлген деректер дәлелдi. Әсiлхан iстеген тағы бiр тиiмдi iс — Майлықожа, Мұсабек шығармаларының институт шығарып жатқан жинақтарға енгiзiлуi. «ХVIII-ХIХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» жинағында жарияланған Майлықожа өлеңдерi жөнiнде жұрт жоғары пiкiрде жүр.

Диссертациялық жұмыстың жоғарыдағыдай жақсы жақтарымен бiрге «әттеген-айлары» да жоқ емес. Композициялык құрылыстың тұтастығы, ойдың жүйелiлiгi жетпей жататын да жерлерi бар. Басқа еңбектерден алынған үзiндiлерде дәлдiк сақтала бермейдi. Кейде орынсыз салыстырулар жасалады. Мәселен, екеуi қазақ жерiнiң екi түкпiрiнде жатқан Майлықожа мен Абай өлеңдерiн салыстыру жайы осындай. Зерттеушiнiң тiлi құнарлы, бұл жағынан алғанда Оспанұлы жолдас Мұқаң марқұм жиi айтатын бiр ақиқатты дәл басқан: әдебиет туралы сүлесоқ жазуға болмайды дейтiн ол кiсi. Бiрақ, осылай екен деп, зерттеушi кейде бояуды қалыңдатып жiберетiнiн кұптай алмаймыз. Шора батырға байланысты жырлардың жайына шамадан тыс қарайлау — негiзгi мақсаттан алыстатып әкетуi мүмкiн. Өйткенi ол өз алдына зерттелетiн мәселе.

Ә. Оспанұлының диссертациялық жұмысы филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесiн алу үшiн толық жарамды еңбек».

Сол бiр жан-тән қиналыстарым жиi кұрсаулаулы тұста ретi келген сәтте маған деген тiлеулестiктерiн бiлдiрiп жүрген екi бiрдей айтулы адам болды. Олар академик Ахмет Жұбанов пен профессор Мәлiк Ғабдуллин-тiн. Бiрде, ұмытпасам, 1963 жылдың күзге салымы ғой деймiн, Әдебиет және өнер институтының дәлiзiнде ұшырасып қалған Ахаң менi қолтығымнан жеңiл демеп өзiнiң жұмыс кабинетiне ертiп кiрiп, ерекше қамқорлық-iлтипатпен орындыққа отырғызып, жай-күйiмдi бiраз сұрастырып отырды да:

— Осы мен бiздiң жiгiттердi түсiнбеймiн, халқымыздың қадiр-қасиетiн арттыратын зәредей нәрсенi неге iлiп алып кетпейдi?! — деген өкiнiштi сөздердi бiр түрлi күрсiнiстi қалыппен айтты. Кәдiмгiдей қанаттанып, көңiлiм едәуiр сергiп қалған мен аяулы ағама деген сондағы алғыс сезiмiмдi әлi күнге айтып жеткiзе алар емеспiн.

Ал ендi бiр жолы күлiмсiрей қасыма келiп, арқамнан қағып тұрып ғылыми жұмысымды қорғауым жайын сұраған Мәлiк ағама айтып салған ағат, ағат қана емес-ау, оспадар сөзiм есiме түскен сайын өзiмдi-өзiм жер-жебiрiме жете жерлеймiн. «Сiздердiң арқаларыңызда сандалып жүрмiз ғой!» дедiм-ау сонда. Жаны күйзелген жан құдайын да қарғайды деген ғой деп ойлады ма екен, кiм бiлсiн, көңiлi көл, жаны жайсаң аяулы аға пәлен деп тiс жарып ештеңе демеген күйi жөнiне жүрiп кете барды. Ой, өлiм-ай! Жақсылыққа-жамандық  деген осындай болса керек. Бұндай бетбақтықты басқаша қалай бағалауға болар?!

2

Күнгейдегi Қаратау, Сыр сапарынан астанаға қайтып оралған бiр тұста Мұқаң академияның Шевченко көшесiндегi бас ғимаратынан өзiмен бiрге ерте шығып, Мұқан Төлебаев көшесi бойындағы үйiне шейiн әңгiме шертiп барды. Хал ахуалымды, ғылыми жұмысымның жай-күйiн сұрастырып бiлiп алғаннан кейiн Шаян (бүгiнгi Бәйдiбек), Созақ аудандарын аралағанын, бұрынғы жапан даладан шаһар деп атарлық керемет мекенжайлар — әлуеттi совхоз орталықтары бой түзегенiн сүйсiне әңгiмеледi. Кешегi қилы-қилы кезеңдерде шет шығып кеткен кейбiр ағайындардың атамекенге жыл құсындай қайта оралып келiп жатқанын балаша қуаныш еттi.

Мұхтар Әуезовтiң туған халқына деген шексiз махаббаты мен ыстық ықыласының осындай тағы бiр мысалы жадымда сақталып қалыпты. «Өскен өркеннiң» жазылып жүрген сәтi екенiн кейiн бiлiп жүрмiз ғой. Әдебиет пен өнер институтының ауыз әдебиетi бөлiмiнде сол тұста академияның корреспондент-мүшесi болған Сильченко мен Мұқаң екеуiнiң арасында Созақ жерiндегi Баба ата қыстағында өткен Үмiт деген қазақ қызының күйзелiстi халi жайлы мәмiле болып қалды. «Өскен өркенде» оның ныспы Алуа деп алынған.

Кейiн романда оқығанымыздай, ашаршылық азабы айдап келiп қаусаған Қанай қарттың тәлкегiне түскен, содан қорлықтан құтылу жолын қармап жүрiп, Қоңқай деген санасыз бiр жiгiтпен көңiл қосқан, ақырында олары елге әйгiленiп қалып, ел билеушi әкiмдер дiнбасыларға шығартқан пәтуа бойынша өзiнiң мүшты кемерiнен шыққан баласы Кенжебектiң көзiнше азаптап өлтiрiлген бейбақ жайын тебiрене әңгiмелеп бердi де, Мұқаң осы оқиғаны көркем шығармада көрсетуiм керек пе, жоқ па деген сұрақ қойды. Митрофон Семенович көрсеткенiңiз жөн деп тапты. Қазақтың басқа жұрттың оқитын оқырманы бұл оқиғаны қалай қабылдайды, халқымызды қатыгез де қаражүрек деп түсiнiп қалмай ма, дүйiм жұртты жаманатты етiп жүрмеймiн бе деген төркiндес сұрақтарды қайта-қайта қайталаумен болып едi сонда Мұқаң.

Бөлiмдегi бiздiң бәрiмiз де Сильченко сөзiн қуаттаған соң барып, аяулы ағамыз тыншу тапты. Бақсам, ол кiсi жазатын немесе жазу үстiндегi шығармалары турасында айналасындағылардан өстiп сыр да тартып жүредi екен, мұнысы, шамасы, өз оқушысымен сан алуан байланысының бiр түрi саналған секiлдi.

Жазушының осы секiлдi жұртпен сырласа, ақылдаса жүруiнiң және бiр жайы мынау. Бiздiң ғылыми-зерттеу институтымыз ол кезде алты кiтапты үш томнан тұратын «Қазақ әдебиетiнiң тарихы» (1961-1968) атты iргелi зерттеу еңбектi әзiрлеп жатқан кезi. Бiздiң ауыз әдебиетi бөлiмi соның бiрiншi томының қазан төңкерiсiне дейiнгi ауыз әдебиетiмiздiң тарихы баяндалатын, Мұқаң басшылығымен шығарылатын бiрiншi кiтабын әзiрлеу үстiнде едi. Әдебиет зерттеушi Оразгүл апай (Нұрмағанбетова) тасқа басылып шыққан кiтап тарауларын оқысып жiберуiмдi өтiндi. Сондай күндердiң бiрiнде бөлiмге келген Мұқан өзiнiң «Қарагөз» қасiретнамасындағы басты кейiпкерi есiмiнiң қалайша жазылғаны келiстi шығатыны жайында сыр тартты. Ана тiлiмiздегi сөздердiң, сондай-ақ бiрiккен түбiрден түзiлетiн кiсi есiмдерiнiң де түбiрiн сақтап жазылатыны жайында сол кезде қолданылып жүрген жазу ережемiзге сәйкес «Қаракөз» болып жазылуы дұрыс дестiк бiз. Мұқаң мұнымызды қостамады. Қатқыл айтылып, құлақты қырнай естiлетiн «Қаракөзден» гөрi жұмсақ, жағымды «Қарагөздiң» үндiлiгi, әсем нәзiктiгi әлде қайда басым жатқанын жақтай сөйледi. Ендi ойлап қарасам, тiл ұстарту дегенiмiз осы екен ғой.

3

Өз әдебиетiмiз ғана емес, бауырлас елдер әдебиетiнiң де бiлгiрi болған Мұқаңның. олардағы бiлiктi қаламгерлерге қадiр-құрметiнiң қандайлық екендiгiнiң бiр мысалын әңгiмелей кетейiн.

Республикамызда өзбек әдебиетi мен өнерiнiң он күндiгi өткiзiлетiн болып, соған алдын-ала әзiрлiк жұмыстары қарбалас жүрiп жатқан. Өзбек әдебиетiнен бұрын бiрдi-екiлi шығарма аудармалап, тәжiрибе жасап көрген жағдайым болған. Сол кездегi қазақтың мемлекеттiк кiтап баспасынан (қазiргi «Жазушы») барып Абдолла Каһһар әңгiмелерiн түпнұсқадан аудармақ ойым барын көркем аударма бөлiмiнiң басшысы Iсләм Жарылғапов ағаға айттым. Ол кiсi жазушы Станюковичтiң бiр хикаясының мұхит бетiнiң күн батар шақтағы көрiнiсi суреттелген тұсын аудартып көрдi де, аудармаға икемiм барын, алдын-ала шартқа отырмастан аударып әкелуге келiссем, iске кiрiсе беруiме болатынын айтты.

— Аудармаңды жарамды деп тапсақ — басамыз, әйтпесе — өкпелемейсiң, — дедi.

Содан аударманы бастап жiбердiм, белгiлi өзбек жазушысының «Қабiрден шыққан үн» деген әңгiмесiнiң аудармасын «Социалистiк Қазақстан» газетiнде жарияладым. Сонда Қаһһар әңгiмелерiн аударғаным қалай боларын ақылдасқанымда Мұқаң қазiргi өзбек әдебиетiндегi әңгiме түрiнiң шын шеберi сол кiсi екенiн ескерттi. Мұқаң сөзi қанаттандырған мен ақыры Абдолла Каһһардың жиырма төрт әңгiмесiн қазақшалап жинақ құрастырдым. Ал, Iсләм аға уәдесiнiң үдесiнен шығып, оны «Анар» деген атпен 1961 жылы кiтап етiп шығартты. Бiр өкiнерлiгi, бұл еңбегiмдi көрсетiп ұлы ұстазымды қуантудың сәтi түспедi.

4

Мұқаңның шәкiрттерiмен қарым-қатынасы да көңiл аударарлық екен. Ол кiсiде кейбiр ғалымдарда кездесетiн жалпақшешейлiк мiнез байқала бермейтiн. Мұқаң аспиранттан өз бетiнше талпынып жұмыс iстегендi, әрдайым бiлiм-бiлiгiн арттырады-ау деген мәдени шаралардан қағыс қалмауды талап ететiн секiлдi көрiнетiн. Белгiлi бiр ғылыми жиын-жиналыстар кездерiнде мәжiлiс басталмас бұрын зал iшiн қадырыстай қарап, әлдекiмдердi iздестiрген сыңай танытып тұрған Мұқаңды көрер едiк. Сондай кезде көзiне көрiнiп қалсаң аз-кем ишаратпен өз iлтипатын шырайлана аңғартып, көңiлiңдi демеп тастайтын.

Осы жерде Мұқаңның шәкiртке деген талапшылдығын әйгiлейтiн екi оқиғаға тоқтала кетейiн. Оның бiреуi өзiм сыртекi хабардар болып жүрген жорналшы ма-ау, әдебиетшi ме-ау көкшетаулық Сопы Жекенұлы дейтiн жiгiт жағдайы тұғындағы, екiншiсi өзiмнiң Мұқаң алдында емтихан ұстауыма қатысты тұғын.

Естуiмше «Абай жолы» эпопеясының алғашқы кiтабы жарияланысымен сол кiтаптың үстiне қара бұлттар қаптап берген тұста жаңағы Сопы тарапынан Мұқаң туындысын қызу қолдаған, қарлығаштың қанатымен су сепкендей пiкiр айтылған сыңайлы. Кейiн сол жiгiт академия аспирантурасына түсiп, оған жетекшiлiкке Мұқаң белгiлендi. Алайда Сопы тағдырдың тайғақ жолын таңдап iшкiлiкке салынып кетiп, ғылыми iзденiстi қожыратып жiбердi. Ақсары iреңдi, кесек бiтiмдi Сопыны мен де сырттай сыйлап жүретiнмiн. Себебi, 1956-1958 жылдары өзiм сарашы болып iстеген Шаян аудандық (Шымкенттiң қалалық аудандарының таралуына байланысты бос қалған Әл-Фараби атын алғаны мәндiрек болатын ол аудан әттең ойда жоқта Бәйдiбек ауданы аталып кеттi) «Социалистiк колхоз» газетiнiң шөп шабу науқанына қатысты жарияланған мақала-хабарларына шолу жазып, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетi шығартып тұратын басылымда құпталған пiкiр айтқан жайы бартұғын оның. Мiне сөйткен Сопының дәйдiлiк қылығынан әбден мезi болған Мұқаңның институттың бiр ғылыми мәжiлiсiнде «Қалған көңiл — шыққан жан» дегендей қабарулы қабақпен:

— Менi осы ана Жекенұлы дегендерiңнен құтқара көрiңдершi! — деген қиналыңқы, бәлкiм, жалынышты өтiнiшiн естiгенiмде өзiмнiң де жүрегiмнiң зырқ ете қалғаны бар. Жекенұлынша жақпай қалған күн туа қалса, жағдайым қалай болады деп қауiптенгендiк пе, кiм бiлсiн.

Ал ендi өз басымнан өткен оқиға былай болды. Өзiммен академияның аспирантурасына оқуға бiрге түскен, ол кездегi Қызылқұм (қазiргi Отырар) ауданының азаматы өзiм құралыптас Есназаров Өмiрзақ екеумiз ғылыми атақ алу жолындағы сын емтиханнан өтетiн болдық. Емтихан қабылдаушыларымыз Мұқаң менен институт жетекшiсiнiң орынбасары, бiр жыл бұрын ғылыми iзденiс сапарыма төленетiн қаражатымды «зерттеп жүрген ақындарыңның шығармалары түгелге дерлiк жиналып қойылған» деген себеп айтып төлетпей қойып, екеумiз жанжалдасып, академик Iсмет Кеңесбаевтың алдына дейiн барысқан Мүсiлiм Базарбаев екен. Өмiрзақ өз талайына түскен сұрақтарға батыл, мазмұнды жауап берiп самбырлай сөйлеп «өте жақсы» деген баға алып шығып кеттi. Бiр қыдыру уақыт әзiрлiк үстiнде отырып қалған мен жауабымды тым сылбыр, дауысым шығар-шықпас қалыпта сөйлеп бастадым. Тақауи Ақтановтың «Қаһарлы күндерiндегi» Бауыржан Момышұлы мен Иван Васильевич Панфиловтың түп тұлғалары делiнiп жүрген Мұрат пен Панферов бейнелерi төңiрегiнде тұтқырланыңқырап жауап берiп жаттым.

— Панфилов пе, Панферов пе? — деп қалды Мұқаң бiр сәт.

— Жоқ, ағай, Панфилов емес, Панферов! — дедiм мен сол мезет даусымды сенiмдi шығарып.

Мүсекеңнiң не дегенi есiмде жоқ. Сонымен, әупiрiмдеп мен де сыннан өтiп шықтым-ау.

— Сен неге мұншама қыстығып күмiлжiп жауап бердiң, ана жолдасың Өмiрзақша сөйлемегенiң, қалай? — дедi Мұқаң дәлiзге шыға берiп. Сөйткенiңде сен де сондай жоғары баға алатын едiң ғой дегендей болып естiлдi маған онысы, Бiрақ менде сол сәтте ол кiсiге пәлен деп жауап қайтарарлықтай хал жоқ-ты.

Иә, бiз сөйтiп Мұқаңдарға да емтихан тапсыру бақытын бастан кешiрген ұрпақпыз.

5

Мұқаңдағы халық мұрасын жiтi байқағыштық, орнықты бағалағыштық қасиеттерге мысалды алыстан iздеп жатудың қажетi шамалы. Бiздiң Қаратау аймағы мен Сыр бойының сөз саңлақтарының талайы туралы да тұңғыш сөздi сол кiсi айтқан. Бiрқатар ғылыми мақалалары мен зерттеулерiндегi Майлықожа, Молда Мұса, Мәделiқожа ақындығын аңғартатын сiлтемелерi, мәселен, бiздiң диссертация жазу жолымыздың ауырын жеңiлдеткен жайлар болғанын асқан ризалық сезiммен еске түсiремiз қазiр. Тiптi сол сөз iсмерлерiнiң өлең үзiндiлерiн өзiнiң күнгей сапарынан жазған шығармаларында да пайдаланып отырғаны белгiлi. Мысалы, Қаратау өңiрiнiң байлығын, жерiнiң құт-құнарын таңдана суреттегенде Мұқаң ақын Мәделiқожаның мына бiр өлең үзiндiсiне жүгiнедi.

«Жау жұмыры құмғандай,

Жесең көңiлiң тыңғандай.

Осындай жердi жамандап,

Неден болдың қу мандай?

Жуасы бар таяқтай,

Әр бұтаның түбiнде,

Етi жатыр табақтай».

Сонау, 1937 жылдың өзiнде алтыншы класс оқушыларына арнап қазақ әдебиетi хрестоматия түзiп, соған өзi «Молда Мұса» деген арнаулы тарау жазып енгiзгенi де Мұқаңның күнгей өнерпаздарына айрықша iлтипатпен қарағандығының дәлелi деймiз. Онда Мұсабек «Молда Мұса» Байзақұлының «ақындық еңбегiнiң өнiмдi болған дәуiрi өткен ғасырдың 80 жылдарынан бастап 1910 жылдарға дейiн созылатын», «өз уақытына қарағанда оқымысты адам деп саналғанын», «араб, парсы, шағатай әдебиеттерiн, тарихтарын жақсы бiлгенiн, бұрын «заман желiмен ығып бай кiлемiне түсiп кеткенiн», «кеңес тұсында «бұқара мүддесiн танып, ниетiн қосқанын» дәл тауып, тап басады. Ақынның Манат қызбен арадағы айтысының алғашқы талдауларының бiрi де сол кiсiнiкi.

Өзiне дейiнгi де, өзiнен кейiнгi де өнер бiткеннiң өлшеусiз досының дарқан дарын иесiнiң сыр-сипатын саралап айта берсек, әлi талай әңгiмеге арқау болары ақиқат. Бiрақ, өлмес өмiрлi, өшпес өнерлi Мұқаңдай алып адамға онымыз таңдай қағып, құр таңдану болмастан, бүгiнгiмiзге дейiнгiден де тереңiрек талдап, танып, бiлуiмiзге бағдарланғаны лазым. Ұлы ұстаз алдындағы парыз-қарызымыз сөйтсек қана өнiктi өтеледi.

6

Шыдамның да шегi бар деп жатамыз ғой әдетте. Дегенде адам мiнезiндегi шексiз шыдамдылықты да мен Мұқаңның бiтiм-болмысынан тапқандай болдым. Бiрi 1959 жылдың қара күзiнде, екiншiсi 1960 жылдың күзге салымында ма екен, екi жиын-жиналысқа қатысуыма тура келдi. Екеуiнде де Мұқаң болды да, өзiне тән шыдамдылықтың үлгiсiн көрсетiп кеттi.

Алғашқы жиын «Қазақ әдебиетi» газетiнiң сол кездегi бас сарапшысы Зейнолла Қабдоловтың басшылығымен өтiп, әдебиет сынының жай-күйi жайындағы мәселеге арналды ғой деймiн. Сонда әдебиетшi әрi ақын Балтабай Адамбаев пен белгiлi ақын, бiрақ менiң өзiм кейiн керемет жорналшы әрi шебер аудармашы қаламгер деп танып кеткен Хамит Ерғалиев екеуiнiң арасындагы төбелеске бергiсiз бiр аласапыран айқас бұрқ еттi дейсiз, құдай басқа салмасын. Мәселе, сол тұста бiр басылымда Қамаңның «Құрманғазы» романы жайында Балтаекең жариялаған сын мақала төңiреңiнде өрбiдi. Қаламдас ағайындардың кейбiреулерi өз шығармасын қорғаштау барысьiнда қарсыласын балағаттауға дейiн баратынын сонда көрiп, қатты түңiлгенiм бар. Өлеңмен жазылған аса көлемдi дүниенiң көркемдiк кестесiнен өзi байқаған селкеулiктердi көрсеткен сыншыны шығарма иесi сөздiң тура мағынасында жеп қоя жаздады. Ақын адамның өз шығармасын басқа бiреуге сынадың деп шала бүлiнгенi соншалық ерсi көрiндi.

Екiншi жиналыс Қазақстан Жазушылар одағының мәжiлiс жайында өттi-ау, шамасы. Төрдегi орындардың ортанғысында Мұқаң, ол кiсiнiң оң жағында профессор Бейсенбай Кенжебаев, сол жағын ала профессор Қажым Жұмалиев отырды. Мiнберде аспирант жiгiт өзiнiң болашақта қорғамақ ғылыми диссертациясы бойынша баяндама жасап тұрды. Әңгiменiң өзегi қазақ әдебиетiнiң тарихын Бұқар жырау Қалқаманұлынан бастауымыз қалай болады, қазақ халқының құралып, халық болып қалыптасуы онан көп бұрын емес пе, атам заманда-ақ қаһандық (қағандық) қалпында өз мемлекетiн құрған түркi тайпалары туыстас барша халықтардың, соның қатарында қазақ халқының да түп тегi емес пе, ендеше әдебиетiмiздiң тарихи тамырын неге Орхон-Енесай, Талас жазба ескерткiштерiнен, әсiресе «Күлтегiн», «Тоны-көк», «Бiлге қаһан» жырларынан бермен қарай таратпаймыз деген мәмiлелер төңiрегiнде болды. Дана Мұқтардың, алдында iркiлмей сөйлеп тұрған бала аспирант болмысы, басқаны қайдам, менi қатты таңдандырды және iштей соны жақтап отырдым. Барынша байсалды бiтiмдi Бейсекең сөзi шымырлап аққан терең дарияның суындай тыныш, ал қызу қанды шалт мiнездi Қажекең сөздерi сарқырап жатқан құлама тау өзенiне тән қалыпта бұрқырап-сарқырап шығып жатты. Беделдi ұстаз бен жас шәкiрттiң ғылыми шарпысы күнi бүгiнгiдей есiмде.

Мiне осы екi бiрдей талқы-тартыс тұстарында Мұқаң тiс жарып тiл қатпаған қалпынан бiр жазбады. Айтысушы-тартысушы жақтардың ешқайсысына «сенiкi дұрыс, ал сенiкi бұрыс» демедi. Бұнысына мен қазiрге дейiн таңданулымын. Шынында ол кiсiнiң сөзiне сол тұста тоқтамайтын, құрық бермейтiн қазақ баласы жоқ едi ғой деп ойлаймын да жүремiн.

7

Айтпақшы, Мұқаң жайындағы осы естелiгiмдi жаңартып жариялаған сайын (осымен бұл үшiншi мәрте жаңартып жазуым) еске түсiрудi ұмытып кете беретiн бiр жағдайым бары ендi есiме түсiп отыр. Мұқаңның мезгiлсiз қаза болғаны жөнiндегi қаралы хабарды Сыр бойындағы «Қожатағай» шаруашылығының орталығында түске таман естiдiм. Онда атақты Майлықожа ақынның немересi Iлиясхан Исабекұлының үйiнде жатқанмын. Шаруам — Исабек ақынның кенже баласы, термешi-жыршы Әбдiмүтәлiптiң (Әбушенiң) айтуынан бабасының бал жырларын жазып алутұғын. Майлықожаны кейiн мемлекетiмiз көлемiне, қала бердi Орталық Азияның, тiптi дүние жүзiнiң қазақтарына майталман сөз зергерi ретiнде танытқан терең ойлы термелер ендi ғана қағаз бетiне түсiп болған-ды.

Арыс қаласына қарай жол тартқан бiр жүк мәшинесiне мiнiп, Арыс темiр жол стансасына келiп түстiм де, сондағы байланыс бөлiмшесiне бас сұқтым. «Мұхтар Омарханұлынан айрылып қазақ әдебиетi жетiм қалғандай болды» («Лишившись Мухтара Омархановича казахская литература как бы осиротела») деген сөздер жазылған жедел хатымды қабылдаған егде тартқан орыс әйелi аңтарылып бетiме бiрауық қарап отырып қалды. Шамасы, ол кiсi бұл хабардан құлақтанбаған-ау деп ойладым.

Қызығы, кейiн астанаға, институтыма келгендегi естiген хабарым болды. Тiл және әдебиет институтының директоры академик Iсмет Кеңесбаевтың орынбасары, ол кезде ғылым кандидаты Мүсiлiм Базарбаев қолына менiң жеделхатым тиген соң бұлқан-талқан боп ашулансын кеп. «Мынау не деп тантиды-ай, Коммунистiк партия, Совет өкiметi тұрғанда қазақ әдебиетi қалай жетiмсiреп қалмақ?» деп. Сөйтiп, осы жеделхатты көпшiлiк көзiне түспесiн деп басқа көңiл айтулар қатарында қабырғаға iлдiрмей кояды.

Иә, достар, бiздiң ұрпақ  осындай да талай оқиғалардың куәсi болған.

Әсiлхан ОСПАНҰЛЫ

                                                                                                                                                 «Жұлдыз» журналының 9 саны,

                                                                                                                                  117-123-шi беттер, Алматы, 2000 жыл

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Шортанбайдың «Жиырма бес» әні

Қазақ әні мені қай жерге, қай қиырға апармады. Әлі де… әлі де  жол үстіндемін. Тағы …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған