Күдеріқожа би Көшекұлы

Әдебиет зерттеушісі Ибрәһим Мұхаммеджанұлы естелігінен

Күдеріқожа Көшекұлы әдебиет тарихында айтыскер  суырып салма ақын. Сыр сүлейлерінің ХІХ ғасырдағы бастауының бірі. Академик В.Радловтың «Образец турецкой  литературы» атты еңбегінде  жазылған дерек бойынша Күдері 1820 жылы туылып, 1858 жылы дүниеден өткен. Қазақ энциклопедиясы мен «Бес ғасыр жырлайды»  атты кітаптарының 2-ші томында  ақынның туған жері Қызылорда облысы Тереңөзек ауданы «Шіркейлі» совхозы, қайтыс болған жері Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы деп көрсетілген.

Қазақтың ел билеу дәстүрінде шешен мен билер  хандар мен сұлтандарға, болыстар мен ауылнайларға кеңесші мен жарастырушы, елшілік қызметтерді атқарып келген. Ел мен ел, халық пен халық, ұлт пен ұлт, мемлекет пен мемлекет арасындағы сан алуан дау-жанжал, соғыс мәселесін тіл шешендігі, зеректігі, жүйрік ақындығы, терең заңгерлігі және білімділік қабілеттері арқылы бірлік пен тыныштықты сақтап, екі жақты мәмлеге келтіріп отырған. Ондай билер төрт дәрежеде болған: ханның биі, аға сұлтан биі, болыстың биі, ауылнайдың биі деген сияқты. Халқымыздың осыншама кең байтақ жерге ие болуында да дана билерінің де үлесі баршылық. Халық мұндай билерге арнап

Билері  мықты бола алса,

Ханның тағы қозғалмас.

Би ақылын хан алса,

Елдің бағы жоғалмас, -деген даналық жолдары куә.

Күдеріқожаның бабасы – Қылыш малды өрісінде, құлынды желісінде, баланы жас кезінен сынап, танитын аса зерек болжағыш, ақылды шешен, бидің дүрі болған екен. Ол кісіден бала сыны жайлы бүгінгі күнге мынадай нақыл қалған:

Қошқар болар қозының,

Маңдай жағы дөң келер,

Көсем болар баланың,

Сөзі мен ісі жөн келер.

Шешен болар баланың,

Ақыл мен тілі тең келер.

Кісі болар баланың

Алды мен арты тең келер.

Дүние табар мал табар,

Алуан-алуан өзгерер.

Адам болып ер жетсе,

Кім екенін көз көрер.

Жақсы мен жаманын,

Бақыт пен дәулет теңгерер.

Күдеріқожаның он бестегі кезі екен. Бір күні ат суарайын деп көлге барған ол, оның жағасындағы шабындықта төбелесіп жатқан 5-6 адамды көреді де,  әлгілерді зорға айырады. Сосын жанжалдасудың себебін сұрайды. Олар «Шабындыққа таластық» деп жауап береді. Бәрі де сақалды кісілер екен. Сонда Күдеріқожа былай деп аралық билік айтыпты:

Өзімнің атым – Күдері,

Ер Көшектің баласы.

Талассаң бағың кетеді?

Бірлік қылсаң ағалар,

Анау тұрған шабындық,

Баршаңызға жетеді.

Дүние шіркін жалған ғой,

Бастарыңнан әлі-ақ өтеді.

Сонда барып ересектер одан ұялып:  «Балам, сөзің жөн», деп тарасыпты. Артынша баланың сөзіне таңырқасып, елге таратыпты.

Күдеріқожа жиырма төрт жасында Арқа, Сыр, Батыс, Шығыс өлкелерінің  көптеген дау-жанжалын бітістіріп тапқырлығымен талайды тәнті етіпті.  Сондықтан да 1844 жылы Қүдеріқожаға қатты қызыққан орта жүздің арғын, найман руларының игі жақсылары: «Біздің елде бір үйіңіз болсын. Елімізге сіздей қожа керек-ақ,таңдаған қызымыз сіздікі», деп оны Қарқаралыға біржола көшіріп алған. Сонда өмірінің соңына дейін (14жыл) арқаның алты дуанын аралап, билік айтқан. Оның сөзі де Арқада қалды. Қызметі де Арқамен тығыз байланысты.

1852 жылы Қарқаралыда Құнанбай Өскенбайұлы аға сұлтандыққа сайланарда сол әйгілі жиынға Күдеріқожа да құрметті бидің бірі ретінде қатысады. Жиын ұзаққа созылып,  билердің сөзі әрқилы шығып, Құнанбайдың сайлау-сайланбасы екідай дау туғызыпты. Сонда Күдеріқожа  орта жүздің барлық билеріне арнап былай деп басалқы айтады:

Атаңнан артық тусаң ту ұстарсың,

Ез болсаң тезегіңді уыстарсың.

Біріңді-бірің түртіп не қыласың,

Түбің бір исі қазақ туысқансың.

Құнанбай Орта жүздің тұзы емес пе,

Көнеден арнасы бір  із емес пе,

Қарадан хан болса да реті бар,

Салмаңдар қу кеңірдек, қыл өңешке.

Су екеш су да ағар жүйесімен,

Жарасар көштің сәні түйесімен.

Кімің бар Құнанбайдан озып туған,

Айырма елді нағыз иесінен.

Арғымақ қанша шапса арындаған,

Қиыннан жол табады дарын адам.

Сыртынан алтын сары, мыс та сары,

Жақсыны жарым жандық танымаған,-деп өлеңдетіп келіп әрі қарай тақпақтай жөнеліпті.

Тұз болмаса ет бұзылады,

Дін болмаса ниет бұзылады.

Ел ерімен көркем,

Жер көгімен көркем.

Ақылы асқанды хан тұтын,

Білім асқанды пір тұтын.

Жасыңды қадірле,

Жаманыңды тәрбиеле, қазағым.

«Арбаға тоқпақ көргенді жекпе,

Соқпақ көргенді жек» деген.

Әңгімені төлдете бермей,

Төрелі сөздің түйініне келіңдер.

Сонда Орта жүздің билері су сепкендей сап тынып: «Қожеке, аруағыңыздан айналайын, кешіріңіз» деп бәрі орнынан тұрып, Күдеріқожаның қолын алыпты. Сөйтіп Күдеріқожа сөзіне тоқтап, Құнанбай аға сұлтандыққа сайланған. Сонда 48 жастағы Құнанбай орнынан ұшып тұрып Күдеріқожаға: «Алла тағала пайғамбарлықты сіздерге берген, сіз оның ұрпағысыз. Батаңызды беріп, маңдайымнан бір сипаңызшы» деп қолын жайған екен. Сонда Күдеріқожа іркілмей өлеңдете жөнеліпті:

Баянды мінер тағың құтты болсын,

Денсаулық әрқашан да мықты болсын.

Бақытың абыроймен  өрлей берсін,

Қайғысыз дәулет-дәмің тұщы болсын,

Әділ бол, халқың іштен қас болмасын.

Жаратқан барлығыңа бірлік берсін,

Нәһандай өрге сүйре елдің басын.

Аман-сау тату болсын жамағатың,

Алланың таза сақта аманатын.

Жоғалтпа мұсылманның бес парызын,

Шықпасын алты алашқа жаман атың.

Жігіттің кісілігі – уәде, сенім,

Адамда ғайып бесеу, екеу өлім.

Сенімін ел, халқыңның адал ақта,

Мінеки, сізге сенді қаншама елің.

Ноқтасын үзеді, ел дін болмаса,

Бұлбұл да сайрамайды  гүл болмаса.

Орта жүз сусындасын исламнан,

Кең мешіт салдырарсың тым болмаса.

Алладан медет,

Пайғамбардан шапағат,

Әруақтардан аян,

Әулиелерден  шарапат,

Ішіңнен сабыр қанағат,

Ісіңнен ләззат, рахат тап,

Аллаһу акбар, – деп оның маңдайын сипапты.

Сонда Күдеріқожа 32 жаста, Құнанбайдан 16 жас кіші. Аға сұлтан болысымен Құнанбай  Қарқаралыда үлкен мешіт салдырады…

Күдеріқожа мен Құнанбай заманы туралы тарихи деректер мен ел аузындағы әңгімелерді салыстыру мынадай қос сауал туғызады: Күдеріқожаның халқына соншалықты қадірлі болуының себебі не? Қазақта ондай  би мен ақын аз ба? Енді соған тоқталайық. Құнанбай мен Күдерінің  дәуірі орыс имперясының Қазақстанды отарлауының екінші кезеңі болатын. Бұл кезеңде қазақтың шұрайлы жерлеріне орыстарды қоныстандыру саясаты жүріп жатқан еді. Бірақ әлі дінімізге, тілімізге, салт-дәстүрімізге ықпал жасай қоймаған. Сондықтан бұл кезде әлі мұсылман идеологиясы сол қалпында өктем болатын. Күдеріқожа осы идеологияны жүргізуші, аузынан шыққаны бұлжымай қабылданар нәсілі араб, ақсүйек атанған қожалығы оған айырықша артықшылық береді. Қызметін қазақтың ізгілікті жолымен де, дін жолымен де шебер үйлестіре алған шешен-би  дәрежесіне жеткен.

Сол заманғы араб, парсы, түркі дүниесінің ілімінен мол хабардарлығы да аз рөл атқармағандығы айтпаса да түсінікті. Өзі әдеп-әсемдік мәдениеті жоғары, рухани бай, биік парасат иесі болған. Оның үстіне кішіпейіл, жаны сері, жомарт мәрт еді деседі.

Ислам діні бұған дейін Орта Азия мен Қазақстанды түркі заманынан бермен қарай 1152 жыл өмір ішінде: өзінің адам тәрбиесі үшін мейілінше пәк, таза халықты басқаруда адал, әділдігін әлемге әйгілеп, талай-талай ғаламат ғұламалар мен ғалымдар тудырған дін екендігін Құнанбай сияқты қазақтың жоғары саналы, зиялы қауым өкілдері жақсы білген. Сондықтан Орта Азия халықтары қожаға дін иесі, пайғамбар әулеті деп құрметпен қарайтын. Сонымен қатар Құнанбай мен Күдеріқожа талай-талай  мәжілісте болып, бірін-бірі жіті таныған.

Күдеріқожа ірі тұлғалы, бойы сымбатты, көркем келбетті, жігіттің сұлтаны болған.  Асқан шешендігі, суырып салма ақындығы, оған қоса әділ билік айтатыны Күдеріқожаны сол заманғы қазақ үшін айырықша қадірлі етуінің сыры осылар. Бірақ Алла оған ұзақ ғұмыр бермеген. 38 жасында  1858 жылы дүниеден тым ерте өткен. Бұл дерек пен ел аузындағы әңгімелер қазақтың  көрнекті ақыны, белгілі Сыр сүйлейлерінің бірі Қуаныш Баймағамбетовтен 1966 жылы жазылып алынған-ды. Күдеріқожаның Құнанбайды аға сұлтандыққа сайларда айтқан шешендік сөздері мен берген батасын Қуаныш Баймағамбетов 1936 жылы Алматыда республикалық халық таланттарының слетіне қатысқан, белгілі ақын, әнші Тайжан Қалмағамбетовтың аузынан жазып алған. Тайжан Қалмағамбетов Жезқазған облысы, Ұлытау ауданының азаматы. 1878 жылы туылып, 1938 жылы дүниеден өткен.  Біржан, Ақан, Ыбырай Сандыбайұлы әндерін, өлеңдерін кейінгі ұрпаққа жеткізушілердің бірі. Қуаныш та ән шығарған әрі  атақты Нартай Бекжановтың өнердегі ұстазы, рухани досы. Бұл деректермен Нартай да жақсы таныс болған. Бірақ Қуаныш та, Нартай да  мұны еш жерде жариялап айтқан емес. Өйткені:

Ханның сөзін сөйлеме,

Құрбандыққа шаламыз.

Бидің сөзін сөйлеме,

Тас қамауға аламыз.

Байдың сөзін сөйлеме,

Тірі азапқа саламыз.

Қожаның сөзін сөйлеме,

Қазулы тұр молаңыз.

Төренің сөзін сөйлеме,

Қазықтай жерге қағамыз.

Тарихыңды айтып сөйлеме,

Итжеккенде жазаңыз.

Салт-дәстүрді жинап қой,

Социалистік санамыз.

Қазаққа дін сіңбеген,

Құдайыңды білмеген,

Біз коммунист боламыз, -деп дүрілдеп тұрған нағыз әпербақан заманның тар құрсауынан сытылып, олардың ашық сөйлеуі мүмкін емес еді.

(Өткен әзиз әулиелер. Тарихи әпсана, аңыздар» Құрастырушы Шайдарбек Қажы Әшімұлы. «Полиграфия баспа үйі» Қызылорда.2014 жылы)

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Балықшы әулие

Бұл әулиенің мүрдесі Теріскейден Түркістанға асатын Суындық деген жерде. Басында  үлкен бұлағы бар. Бұлағында шүпірлеген …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған