Басқы бет / Ғақлиат / Алла хақпен үкім шығарады

Алла хақпен үкім шығарады

Ислам шариғатында құқық сөзінің баламасы ретінде «фиқһ» термині қолданылады. Фиқһ сөзі адам мен Жаратушының және қоғам мен отбасындағы адамдардың қарым-қатынастарын нақты дәлелдерге жүгіне отырып қарастыратын ілімге қолданылса, құқық сөзі жалпылама адамдардың отбасылық, азаматтық, әлеуметтік және саяси қарым-қатынастарын, яғни адамның өзге адамдармен байланысын қамтитын салада қолданылады. Фиқһ термині нақты шариғи ілімге қатысты болса, құқық сөзі жалпылама зайырлы әлеуметтік нормаларға қолданылады.

Құқық сөзінің тілдік және терминдік мағыналарына келетін болсақ, «құқық» араб тіліндегі «хақ» сөзінің көпше түрі, ол «ақиқат», «белгілі бір үлес», «әділеттілік» деген ұғымдарға саяды.

Хақ сөзі тілдік тұрғыда Құран Кәрімде оннан астам мағынада келеді. Олардың кейбірі:

Алла Тағаланың есімі ретінде «Одан кейін хақ иесі Аллаға ұсынылады» [1, 6/62] аятында берілсе;

Әділдік мағынасында «Алла хақпен (әділдікпен) үкім шығарады» [1,40/20];

Ислам мағынасында «(Мұхаммед (с.а.с.)) шынында сені қуандырушы, қорқытушы етіп, хақпен (ислам дінімен) жібердік» [1,2/119];

Шындық мағынасында «(Алла Тағала) Ақиқат осы. Мен хақты (шындықты) айтамын» [1,38/84];

Ақиқат мағынасында «Көк пен жердің Раббысына серт. Шүбәсіз бұл, сендердің сөйлегендерің сияқты хақ (ақиқат)» [1,51/23];

Даналық мағынасында «Алланың көктер мен жерді хақпен (даналықпен) жаратқанын көрмедің бе?» [1,14/19];

Үлес, несібе мағынасында «Сондай олардың малдарында белгілі хақ (үлес) бар, сұрағанға да, сұрамағанға да» [1,70/24-25];

Өлгеннен кейін тірілу мағынасында «Өлім есірігі хақты (өлгеннен кейін тірілуді) келтірді» [1,50/19] аяттарында келеді.

Ал, енді құқықтың терминдік мағынасына келер болсақ, ол әрбір салаға қарай әрқилы түсіндіріледі. Кейбір мұсылман құқықтанушылары құқық дегеніміз – шариғат тарапынан белгілі бір тұлғаға берілетін және басқа біреуге өтпейтін игілік десе [2,10-11б.], бүгінгі құқықтық мемлекеттердің заң жүйесіндегі құқықтанушылар: «Құқық дегеніміз – адам мен қоғамның жаратылысымен байланысты, тұлғаның бостандығын білдіретін, формалды түрде анықталған, қоғамдық қатынастарды реттейтін, мемлекеттің күшімен қамтамасыз етілетін жалпыға бірдей тәртіп ережелерінің жиынтығы» [3,21б.] немесе «Құқық – бүкіл қоғам ауқымында қоғамдық қатынастардың заңи тәртіптемесін қамтамасыз ететін мемлекеттік мәжбүрлеу күшімен қорғалатын жалпыға бірдей әлеуметтік нормалар жиынтығы» деген анықтама берген [4, 6/100 б.].

Ислам құқығы әдетте фиқһ деген атпен белгілі. Барлық шариғат кітаптарында фиқһ сөзі кең қолданыста.

Фиқһ сөзінің тілдік мағынасы: білу, түсіну, бір нәрсені жан жақты меңгеру.

Шариғаттағы терминдік мағынасы: Шариғат үкімдерін көзқарастар мен нақты дәлелдерге негізделе отырып зерттейтін ғылым.

Тағы бір анықтамасы: Іс-әрекетке (амалдарға) қатысты шариғат үкімдері мен мәселелерін дәлелдерге негізделе отырып толыққанды білу.

Фиқһ адамның Жаратушысымен, әрі өзге адамдармен болған қарым қатынастарын реттейді. Ал қазіргі таңдағы құқықтық жүйеде адамдардың арасындағы қарым қатынас қана қарастырылады.

Фиқһ ілімнің тарихы мен даму кезеңдеріне тоқталатын болсақ:

Ислам құқығын зерттеуші мамандар фиқһтың даму кезеңдерін келесідей бөліп қарастырады.

а) Уахи дәуірі:

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) заманы. Бұл кезеңде шариғат негіздері тек Кітап пен Сүннетке сүйенетін.

ә) Сахаба дәуірі (Төрт халифаның дәуірі):

Бұл кезеңде де шариғаттың қайнар көзі Кітап пен Сүннет болатын. Сонымен қатар сахабалардың ижтиһады мен ижмағ дәлел ретінде қолданыла бастады. Осы кезеңде Кітап (Құран) жинақталып, көбейтіліп таратылғаны секілді, Пайғамбар хадистері жинақтала бастады.

б) Табиин дәуірі:

Бұл дәуірде мұсылмандар діни саяси топтарға бөлінді. Дін ғалымдары жан жаққа тарады. Әдет ғұрыптардың әсерінен көптеген келіспеушіліктер орын алды. Құран мен сүннеттен (настан) үкім шығару негіздері қаланды. Сонымен қатар шариғаттың екінші қайнар көзі хадисте жалғандық әрекеттері белең алды. Ғұламалар Хадис иелері және Рай иелері болып бөлінген кезең.

в) Ижтиһад дәуірі (100|718-350|960):

Бұл дәуір үлкен имамдар мен мужтаһидтер кезеңі. Бұл кезеңде Құран Кәрімнің қырағатына, тәпсіріне көп көңіл бөлініп, хадистер жүйелі түрде жазылып ретке келтірілді. Фиқһ негіздері бекітіліп, тармақ мәселелерінде келіспеушіліктер көбейді. Фиқһ саласының негізгі кітаптары жарық көрді.

г) Тақлид дәуірі (350|656-960|1258):

Мәзһабтар көбейіп, кең таралды. Белгілі бір мәзһабты ұстанып, мәзһаб имамдарының ижтиһадтарының аясында ғана ижтиһадтар жасалды.

д) Тұрақтылық дәуірі.

Ғұламалар арасындағы байланыс үзілген, әрбір өлке өз өздерімен болды. Фиқһ мамандары ілгеріде келген имамдардың еңбектерін түсіндіріп немесе ықшамдаумен шектелді. Осылайша фиқһ ілімі тұрақтылық танытқан. Дегенмен, соңғы кездерде басқа салалар секілді фиқһ саласында да жандану байқалады [5,47 б.].

Ислам дінінің құқықтық жүйесі Құран мен сүннетке және екеуінен туындаған қағида-ережелер мен діни заңдар жиынтығына негізделеді. Яғни ғалымдардың бір ауыздан келіскен қайнар көздер – Құран, сүннет, ижмағ, қияс және өзге де қосымша негіздерден бастау алады.

Құран – мұсылмандардың діни, отбасылық, қоғамдық-саяси қатынастарын реттейтін ережелер мен алғышарттарды қамтыған ислам шариғатының бірінші қайнар көзі болып табылатын мұсылмандардың қасиетті кітабы.

Құран Кәрім аяттарында, оның ішінде мәдиналық кезеңде түскен сүрелер мен аяттарда көптеген құқықтық алғышарттар қамтылған.

Құран Кәрімнің қамтыған тақырыптарын жалпылама үшке бөліп қарастыруға болады. Олар:

а) Мұсылманның Жаратушысына сенуімен байланысты теологиялық мәселелер;

ә) Біздің тақырыбымызға байланысты болған көркем мінез-құлық пен ар-ождан мәселелері;

б) Құқықтық мәселелер;

Құқықтық нормаларды қамтитын сүре, аяттар өз кезегінде келесі топтарға бөлінеді:

  1. Неке, мұрагерлік, қамқорлыққа алу, азаматтық құқықтан айыру және басқа да мәселелерді реттейтін «жеке бас мәртебесіндегі» нормалар;
  2. Келісімшарт қатынастарын, кепілдікті, аманатты, ортақ мүлікті және басқаларды реттейтін азаматтық құқықтық нормалар;
  3. Қылмыс болып табылатын кейбір әрекеттерді анықтайтын қылмыстық құқықтық нормалар және оларды жасағаны үшін қолданатын жаза түрлері;
  4. Сот ісін жүргізу, куәгерлік мағлұмат беру, ант қабылдау және т.б. реттейтін процессуалды нормалар;
  5. Басқару әдісін, әмірші мен қоластындағылардың арасындағы қарым-қатынас түрін және т.б. анықтайтын конституциялық құқықтық нормалар;
  6. Бейбітшілік және әскери уақытта ислам мемлекетінің басқа мемлекеттермен қарым-қатынастар орнатқан кезде сүйенетін халықаралық құқықтық нормалар;
  7. Экономикалық және қаржылық мәселелерге қатысты нормалар [6, 18 б.].

Құран Кәрім – діни әрі болмыс заңдылықтарына қатысты барлық мәселелерді толықтай қамтыған иләһи кітап. Негізінен, Құран Кәрім аяттарының біраз бөлігі мағына тұрғысынан толықтай түсіндірілген болса, басым бөлігі жалпылама түрде берілген. Сондықтан Алла  Тағала Құран Кәрімде жалпылама түрде берілген аяттардың мағынасын ашып түсіндіру міндетін тікелей елшісі Мұхаммедке (с.а.с.) жүктеген. Яғни, Алла елшісінің (с.а.с.) сүннеті Құран Кәрімнің басым бөлігін құрайтын мағынасы жалпылама түрде берілген аяттарын баяндаушы, ең алғашқы тәпсірі болып табылады.

Сүннет – Алла елшісі Мұхаммедтің (с.а.с.) сөздері мен іс-әрекеттері және сахабаларының іс-әрекеттерін құптауы. Ол Құранда арнайы нұсқаулар болмаған жағдайда мәселелерді шешуде жүгінілетін Құран Кәрімнен кейінгі екінші қайнар көз. Оның дәрежесі мен маңыздылығын Құран Кәрімнен үйренеміз.

Ижмағ дегеніміз – мұсылман үмбетінің Мұхаммед (с.а.с.) дүние салғаннан кейін, әр ғасырлардағы шариғи үкім шығарудағы мужтаһидтердің келісімі. Егер ижмағ дұрыс жолмен бекітілген болса, онымен амал жасау шариғи міндет. Ол Құран Кәрім мен пайғамбардың сүннетінен кейін, осы үмбеттің ерекшелігіне әрі мужтаһидтерінің ақыл, пікірлері асқақтығының дәлелі. Осы аталған үш негізден нақты шешімі табылмаған жағдайда аналогиялық тәсілімен үкім шығарылады. Шариғатта бұл қияс тәсілі деп аталады.

Қияс дегеніміз – үкіміне анық дәлел келмеген мәселені, дәлел келген мәселенің үкімімен сипаттау немесе ортақ себебі болғандықтан жаңа бір мәселеге бұрын келген мәселенің үкімін беру.

Мысалы: Алла Тағаланың «Ей, иман еткендер! Ішімдік, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар» [1, 5/90] деген сөзінде арақ тыйым салынған. Бірақ Құранда арақтан басқа мас қылатын ішімдіктер айтылмаған. Мұсылман құқықтанушылары мас қылатын ішімдіктер мен есірткі секілді нәрселердің барлық түрлерінің ақылдан айырып, денсаулыққа кері әсер тигізетін теріс нәтижелерін есепке алып, арақпен салыстырып, харам деп қатаң тыйым салған.

Сол секілді жұма күні намазға азан шақырылып жатқан кезде сауда жасауға анық келген Құран Кәрім аятымен, ал осы уақытта жалға беру, сауда-саттыққа келісімшарт жасауға қияс арқылы тыйым салынған. Өйткені екі жағдайдың ортақ себебі, Алла Тағаланы еске алуға, яғни намазға кедергі болады.

Ислам шариғатының жоғарыда келген төрт қайнар көздерін барлық құқықтық мектептер мен жекелеген ғалымдар аталған реттілік бойынша бір ауыздан мойындаған. Сонымен қатар осы негіздерден бөлек, ғалымдардың барлығы бір ауыздан келісе бермейтін истихсан, истисхаб, әл-маслахату әл-мурсалә секілді қосымша қайнар көздер де бар. Біздің тақырыбымыз адам баласының жалпы құқықтарына қатысты болғандықтан, бұл тақырыпты аталған негіздерді толыққанды әрі кеңінен зерттейтін ислам ілімдерінің бірі – фиқһ негіздері ілімінің еншісіне қалдырамыз.

Ислам шариғатында құқық түрлеріне қатысты фиқһ ғалымдары мен фиқһ негіздері ғалымдары арасында айырмашылықтар бар.

Фиқһ негіздері ғалымдарының түсіндіруі бойынша құқық өзінің қатыстылығына қарай үш түрге бөлінеді:

  1. Алланың хақысы, яғни адамның Алла алдындағы міндеттері. Оны келесідей қарастыруға болады:

Кіршіксіз құлшылық. Оған Аллаға иман, намаз, ораза, зекет секілді ғибадаттар жатады. Бұл құлшылық түрлері діннің асыл мақсаттарын сақтауға негізделген пенде мен Жаратушының арасында орын алатын шариғат талаптары.

Қамқорлық мағынасындағы құлшылықтар. Бұл міндетті түрде екінші бір тұлға арқылы жүзеге асады. Мысалы: пітір садақасы секілді құлшылықтар.

Құлшылық түріндегі қамқорлық. Оған міндетті болған егін, жеміс өнімдерінен берілетін ұшыр садақасы жатады.

Жаза ретіндегі қамқорлық. Мысалы: хараж салығы.

Ешқандай құлшылық пен қамқорлық мағынасын қамтымайтын жазалар.

Мысалы: зина, ұрлық секілді іс-әрекеттердің жазалары.

Адамның тәні мен мал мүлкіне зиян келтірмейтін жаза. Мысалы: мұрагерлікке құқылы тұлғаның мұра иесін өлтіргендігі себепті оны мұрагерліктен айыру.

Құлшылық мағынасындағы жаза. Оған рамазан айының оразасын әдейі бұзған адамның кәффараты, абайсызда кісі өлтірген адамның кәффараты секілді өтемдер кіреді [2,17 б.].

Өз кезегінде аталған құқық түріне қылмыстың алдын алу мен оған қарсы күресу және бүкіл қоғам болып пайдаланатын су, жолдар секілді нәрселерді бекітілген тәртіппен, таза күйінде пайдалану да жатады.

Алланың хақысы болып табылатын сұрақтарда іс қазыға, яғни басшыға жеткеннен кейін тиісті жазаны қолдану керек болады. Бұл жерде кешірімге, келісімге келуге және амнистияға жол берілмейді. Мысалға, ұрының ісі қазының қолына түскенге дейін жәбірленуші оның істеген қылмысын кешіруі мүмкін, ал іс қазының қолында болған уақытта ол кері қайтарылмайды.

  1. Адамның хақысы. Бұл жерде жеке тұлғаның мүдделерін қорғау қарастырылады. Мысалы, адамның өз денсаулығын, балаларын, мүлкін, ары мен намысын қорғауы және сонымен қатар мемлекетпен қамтамасыз етілген ортақ құндылықтарды пайдалануы, ана, әке, бала болуы және т.б. жатады. Бүгінде кеңінен қолданылып жүрген адам құқықтары құқықтың осы түріне жатады.

Субъект, яғни осы құқықты иеленуші тұлға одан бас тартуға құқылы. Сонымен қатар істі келісімге келумен де аяқтауға болады. Біздің негізгі тақырыбымыз да осы құқыққа қатысты болмақ.

  1. Ортақ (бірлескен) құқық. Бір сөзбен айтқанда, бір затта Алланың да, Оның құлының да хақыларының шоғырлануы. Өз кезегінде Жаратушының не Оның құлының құқығы жоғары қойылуы мүмкін.

Фиқһ ғалымдары құқықты мүліктік және мүліктік емес құқық деп екіге бөліп қарастырады.

Мүліктік құқық жеке тұлғаның иелігіндегі мал-мүліктерге қатысты. Мүлік иесі қолындағы мүлікке иелік етуге, оны пайдалануға, ауыстырып сату секілді құқықтарға ие. Ал мүліктік емес құқықтарға мал-мүлікке қатысты болмаған құқықтар жатады. Мысалы: кәмелетке толмаған балаға өкіл болу құқығы, саяси құқықтар, т.б.

Сол секілді сотқа қатыстылығына қарай адам құқықтары екі түрге бөлінеді:

а) Соттың қарауына жататын құқық. Бұл сотқа жүгіну жолымен соттың үкімі (шешімі) бойынша иеленуге болатын құқықтар.

ә) Соттың қарауына жатпайтын құқық. Оған сот үкім шығара алмайтын құқықтар «діни құқық», яғни дінмен нақты бекітілген құқықтарды айтуға болады. Бұл құқықтың бұзылуына жол берген тұлғаны сот үкім шығарып, жазаға тарта алмайды. Ол істеген ісі үшін өзінің ары алдында және ең бастысы Алланың алдында жауап береді. Бұл ислам дініндегі ең маңызды құқық, ол тектес құқық зайырлы құқық жүйелерінде кездеспейді.

Айталық, белгілі бір нәрсені қарызға алған тұлға оны алғандығын мойындамайды, ал иесінің оны айғақтайтын дәлелі болмағандықтан, сот талапкердің жауапкерден еш нәрсе талап етуге құқығы жоқ деген шешім шығарады. Ал діни құқық болса, талапкерді құқық иесі деп танып, өзгенің мүлкін теріс жолмен иемденуге тыйым салып, оның келешекте болмақ ауыр жазасын ескертеді.

Сонымен бірге, құқықты қайнар көздеріне, яғни туындау себептеріне қарай үшке бөлуге болады:

а) Шариғат бойынша бекітілген құқықтар, яғни Алла шариғатының ережелеріне сәйкес пайда болатын құқықтар.

ә) Тараптардың өзара келісімі бойынша бекітілетін құқықтар. Мысалға, сауда-саттықта, сыйға тарту, жалға беру барысында туындайтын құқықтар.

б) Белгілі бір тұлғаның еркімен бекітілген құқықтар. Мысалға, сөз беру, өзіне-өзі міндет жүктеу секілді [7, 16-20бб.].

Қуаныш ТОҚСАНБАЙҰЛЫ, дінтанушы

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз

Түркістанда ғаріп болды Кұл Қожа Ахмет

77-хикмет Аяу, достар, ғашық, ышқы болмайынша, Уахаданият дариясына сүңгіп болмас. Ол дарияның гәуһары дүр Хақ …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған