Білген Шайыр айтады

Ұмсын қыз бен Заман қожаның айтысы

Ұлы жүздің ішінен шыққан ақын Ұмсын қызбен Заман қожаның айтысқаны

 

Қыз айтыпты: «Бұл қожадан үш түрлі сұрау сөз сұраймын, екеуіне жауап берерде біреуіне келгенде қайраңдар,тоқталар. Тоқтаса, шын қожа болғаны. Онда ол пірлікке жарайды. Менмендікке салып тіл мен жағына сүйенсе, шын қожа болмағаны. Көп жиылған аһли сүннаттың ішінде қыз айтысады деген ойында жоқ, Қожа көңілді күйінде отыр.

Ай – Алланың аманаты бізге міндет,

Йә, Мұхаммад пайғамбар болдық үммет.

Күнәдан пәк қылғайсың, я, құдырет,

Ажалға сабыр бергей, екі жендет.

 

Йә, Алла аманатың бізге міндет,

Йә, Мұхаммад пайғамбар болдық үмбет.

Күнәның зардабынан қорғамасаң,

Кетіпті Құрайышта мың бір дәулет.

 

Жомарттар ақырында иман табар,

Сираттың көпіріне бәріңді айдар.

Күнәдан бұл дүниеде пәк болсаңыз,

Сегіз жұмақ ішінде Дүрден сыйлар.

 

Дін күтсе, иман берсе жомарт ерге,

Қол берген сауаб дейді жеті пірге.

Ақыретке барғаныңда сұрау жоқты,

Сегіз пейіш ішіне кіргеніңде.

 

Дін тұтса иман берер жомарт ерге,

Қол берген сауаб дейді жеті пірге.

Ассаламуәлейкум деген мен тік,

Бәрімізге дуа қылып жүргендерге.

 

Ассалаумуәлейкум парыз салам,

Аршы, күрсі жаратты лауқы, Калам.

Үлде киіп хор қызын құшар дейді,

Сегіз пейіш ішіне кірген адам.

 

Ассалаумуәлейкум парыз салам,

Аршы, Күрсі жаратты Лауқы,Калам.

Жеті дозақ ішінде жатар дейді,

Иманынан айрылып қалған адам.

 

Қыз шыдап отыра алмады,өлеңдетіп қоя берді. Ұмсын қыз

Ассаламуәлейкум бердік салам,

Біз сөйледік, ұлықсат берсең қожам.

Білмегеннен сұраймын айтқан Құдай,

Қай сауабтан пейішті көреді адам.

 

Қожа айтады:

Дін мұсырман бендеге жаза қылмас,

Ораза мен намазды қаза қылмас.

Малдан зекет, қолынан қайыр берген,

Сол себепті пейіштен құры қалма.

 

Қыз

Ассаламуәлейкум бердік салам,

Біз сөйледік ұлықсат берсең қожам.

Білмегенді сұра депті Құдай тағалам,

Қай қылмыстан дозаққа барар адам.

 

Қожа

Қиямет қайым болғанда, Ақыр заман,

Ақыретте жаныңа күнә жаман.

Өтірікші, зинақор, ұры болып,

Сол себепті дозақты көреді адам.

 

Қыз

Кім көнбейді, Алланың салғанына,

Бейшараның дозақта қалғаны ма?

Күна менен зинадан мұқым болып,

Тамам қожа пейішке барғаны ма?

 

Қожа

Мұсылманшылық – көп пайда жандарыңа,

Жан қиналар күнәның салдарына.

Қожа, қара демеңіз бәрі бірдей,

Жолықпаса алданың оңдарына.

 

Қыз

Қол берейік пірлердің төрт жарына,

Жолықтырғай Алланың оңдарына.

Шынжау тас, шартық қошқар, нияз сарсым,

Қандай пайда береді жандарыма.

 

Қожа

Нияз сираң бересің өз қамыңа,

Өлгенен соң жағарсың жер тамыңа.

Шынжау тас, шартық қошқар, жаназасы,

Қожекең бас болады алдарыңа.

 

Қыз

Ажал келсе аңсызда не айла болар,

Он екі иман жаныңа пайда болар.

Алланың аманатын бергеннен соң,

Жумла жанның тұрағы қайда болар?

 

Қожа

Ажал келсе амалсыз Құдай қылар,

Иман берсе өлгенмен несі құрар.

Жумла жанның тұрағын иман сұрар,

Инша Алла пейіш бар сонда тұрар.

 

Қыз

Ажал келсе аңсызда не айла болар,

Он екі иман жаныңа пайда болар.

Алланың аманатын тапсырған соң,

Періштенің сұрауы қайда болар.

 

Қожа

Ажалдыны амалсыз Құдай қылар,

Иман берсе пенденің несі қурар.

Сырат деген көпірін сауал қылар,

Періштенің сұрауы сонда болар.

 

Қыз

Ажал келсе аңсызда не айла болар,

Жаныңа он екі иман пайда болар.

Алланың аманатын бергеннен соң,

Қыз, жігіт күнайына қайда болар?

 

Қожа

Ажалдыны амалсыз құдай қылар,

Иман берсе өлген мен несі қурар.

Күнәң үшің қожаңа сақат берсең,

Жаныңа бір шыбындай пайда болар.

 

Қыз

Ажал келсе аңсызда не айла болар,

Он екі иман жаныңа пайда болар.

Алланың аманатын бергеннен соң,

Естір құлақ, сөйлер сөз қайда болар?

 

Қожа

Ажалдыны амалсыз құдай қылар,

Иман берсе өлгенмен несі қурар.

Еститұғын құлағың  сірәдә өлмес,

Сөйлейтұғын қызыл тіл әруақ болар.

 

Қыз

Ажал келсе аңсызда не айла болар,

Он екі иман жаныңа пайда болар.

Алланың аманатын  бергеннен соң,

Көздің нұры, көңілмен қайда болар?

 

Қожа

Ажалдыны амалсыз құдай қылар,

Иман берсе өлгенмен несі құрар.

Ақылыңды ат қылып мініп жүрер,

Топырақты тон қылып киіп жүрер.

 

Қыз

Алланың мың бір аты Алла жар ма?

Қожеке, осы сөзден бізге дәрмен бар ма?

Адамды өлгеннен соң бес бөліпті,

Оның сірә, қосылар жері бар ма?

 

Қожа

Қожа Құдай пендесі о дүнияда дүр,

Мұхаммадтан басқа да жоқты өнер.

Қыямет қайым болғанша қосылмақ жоқ.

Жұмла жан сол жақта тұтылған дүр.

 

Қыз

Қожеке, Сіз – ақсүйек, біз – қарамыз,

Бәріміз тәңір алдына бір барамыз.

Тәңір алдында табамыз нендей сауап,

Дүниені білмеген бейшарамыз.

 

Қожа

Ұмсын неге мұнша қайсағаның,

Көп дейді сұрағаннан сұрамағың.

Шыныменен пірім деп нияз қылсаң,

Тәңріңе таудай иман тапсырамын.

 

Қыз

Бір мағына сөз ішінде Заманеке,

Қиялы бұзған қалайды адамдікі.

Мұртын бастап қияға пір апарса,

Енді неге біз дейді мұртыныкі.

Қожа

Қожа айтады кітаптан көрген сөзін,

Күнәң қалмас мыңының көрсең жүзін.

Ғалым қылған некені арам қылсаң,

Қас доңыз болғаның бір мәңгі  жын.

 

Қыз
Қожекем, қара құлып алтын сандық,

Тақсыр Сіздің жауапқа қайран қалдық.

Сөз сұрасам теңейді мәңгі жынға,

Қай жерінде қалды екен пұсырмандық.

 

Қожа

Әркім-ақ бұл дүниеден өтер деймін,

Өткен жанның жұмысы бітер деймін.

Ісіне шариғаттың талас қылдың,

Күнәһің асып таудан кетер деймін.

 

Қыз

Қожеке, адал көп пе арам көп пе,

Жеті қат жер, жеті қат аспан көп пе.

Қараған көз, сөйлеген сөз бәрі куә,

Қожеке, осыны айту сізге еп пе?

 

Қожа

Шыныменен Құдайдан қылсаң қауіп,

Тілеулі құл жүреді иман тауып.

Шын дінің серік болса Ұмсын ақын,

Үлкеннің күнәсы жоқ істер сауық.

 

Қыз

Қожекем кітабымен болмайды екен,

Екі жаннат кітабында  сыймай ма екен.

Көз бен тілден күнәдан пәк болса адам,

Қожеке сондай күнә қандай екен.

 

Қожа

Ұмсын-ау, сөз күнәсі өтіріктен,

Нафсінің бар күнәсі макруһден.

Залалы жоқ адамды хайбат қылма,

Аллаға тіл тигізбе үммат болсаң.

 

Қыз

Қара кісі қожаны Я-пір дейді,

Құдайға тіл тигізген кәпір дейді.

Пендесінің күнәсі сол-ақ болса,

Білмеген қанша күнә жатыр дейді.

 

Қожа

Я, Расул-Жаббардың есі қалса,

Сауабтан обал көп деп ойламас.

Қол берген пірді салма көңліңізден,

Күнә сол ата-анасын сыйламаса.

 

Қыз

Қожеке, сол пірлікпен тоқтармысың,

Пірді ұмытқан Құдайға болар дұшпан.

Тәңірі алдына барғанда тақсыр қожам,

Біз сол жерде көреміз, қандай қылсаң.

 

Қожа

Ұмсын-ау, айтқан сөзге нанбаймысың,

Сен данышпан ақылдан озғанбысың.

Тәңір алдында бар дейді талай қысаң,

Әркім тартар өзінің қылмысынан.

 

Қыз

Қожеке, сол көрген сөз мысал аманыңан,

Бендесі құтылмайды бір қазадан

Қара кісі тартады қылмысынан

Қожа қалай болады исхат алған.

 

Қожа

Ұмсын-ау, мен исхатты алушымын,

Исхат алған қожаның ақылы кім.

Исхат алған қожаның тауаяты бар,

Өтейді намазының сауабынан.

 

Қыз

Қожеке,олай дейміз Алла жайын,

Кім сыйынбас Алланың дәргәйіна.

Исхат құр деп жақсы екен жиынды аһат,

Сонда берер қожаның жауабы не.

 

Қожа

Я, Расул Жаббардың исі көпті,

Екі жендет исхат құр қайда депті.

Сонда берер қожаның жауабы жоқ,

Күнә болар айтпаймын ол түркетті.

 

Қыз

Қожалардың қойнында сөз бар екен,

Өлгеннен соң кеңірек жай жоқ екен.

Исхат құр деп шақырса онда мұнда,

Қожа молда бір сұрау мол бар екен.

 

Қожа

Я,Расул, Жаббар деген исі бір дүр,

Өзің құрбы әйелден сен бір дүлдүл.

Айтқан сөзің кем емес шариғаттан,

Құдайдың осы тұрған жері бар дүр.

 

Қыз

Шариғат құпия ма жария ма,

Қожеке, біз – шұқанақ Сіз – дария.

Сұралмаған бір сөзім қалған екен,

Өлмес жан, өтпес дүние жаралған ба?

 

Қожа

Сірә,  жоқ Мұхаммедтей Арзы жеткен,

Идрис, Ғайса пайғамбар тірі кеткен.

Ұмсын-ау, сұлумын деп қапы қалма,

Мынау жалған дүниеден бәрі де өткен.

 

Қыз

Иманды адам өлгенді қалайды-мыс,

Көкіректе дірман жоқ, дүниеде күш.

Ман Раббик деп келгенде екі жендет,

Сынаптай тіріліп не дейді-мыс?

 

Қожа

Тірлікте көңіл күйі бір әдетке,

Имандай адам бар еді ғаныбетке.

Ман Раббик деп келгенде екі жендет,

Жауап берер таянған құдіретке.

 

Қыз

Я,бисмилла сақтай гөр ман Раббуктен,

Тақсырға қол бермедік әйел деген.

Сұралмаған бір сөзім қалған екен,

Елден бұрын сауабқа не, не біткен?

 

Қожа

Я, бисмилла сақтай гөр, мин Раббуктен,

Бір бисмилла мың жылда азар біткен.

Сауабтың бисмиллада байлауы деп,

Имам Ағзам осылай айтып өткен.

 

Қыз

Қожеке сауатың тауып саламат бол,

Сізде біздің сұралмай қалды бір жол.

Заманеке, Сізді біз Пір тұтайық,

Таңда Машхар болғанда хабардар бол.

 

Қожа

Ұмсын-ау, екі дүние саламат бол,

Жабулы болмысынан қалсын бұл жол.

Бізді сыйлап қожа деп Пір тұттыңыз,

Таңда махшар имам Ағзам қаумында бол.

 

Қыз

Дәуіт темір соғады мылтық ата,

Бір құдайдан басқада көп дүр қата.

Заманеке Сізді біз Пір тұтайық,

Қаласаңыз, қол жайып берсең бата.

 

Қожа

Мұса пірдің көлінде бар дүр сана,

Жаратқан жаббар құдай өзі пана.

Ұмсын-ау, түрегеліп қолыңды жай,

Өмір мен иман берсін Я, раббана!

Бұл қай заманғы сөз. Ауыздан ауызға ауысу мен бұл заманға келген-ді.

 

Машһүр Жүсіп Көпейов қолжазбасынан аударған Сейтомар Саттаров.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button