Жарық нұрдың сәулесі

Кәрім қожа

Кәрім қожа ауыл моласынан хат танып, Қызылжардағы үш жылдық діни медресені тәмамдаған. Орысша, арабша еркін сөйлеген, парсыша, шағатайша оқып, түсіне білген. Ойы ұшқыр, алғыр. Құранды жатқа оқып, шариғатты тыңдаушысының  зердесіне құйып айтатын болған. Сәкен Сейфуллиннің  «жаңа заманның өмір-тіршілігіне аралас» дегеніне рахметін білдіріп,  «қызылдардың» қылышынан  қан тамып тұрғанда алған бетінен  қайтпай молдалық құрып, өмір бақи ел арасында Ислам дінін насихаттаумен өткен.

Бірде ел еркелерінің бірі  сексеннен асқан Үдіш ақсақал қатты  ауырып, кешігін келіп  көңілін сұрап отырған Кәрім қожаға ренжіп:

-Әй, Кәрім, аану ағаң Нақып күнде келіп «Ясинді» оқып дем салса,  сен аласуандатып «Құлхуалланы» жылдамырақ  қайырып, көңілімді аулап тезірек кетіп қалғың келеді,-депті.  Сонда Кәрім:

-Ой, пақырым-ай, дүниенің қызығына түсіп, Алланың сөзін шала ұғып өскендіктен  оның жолына күмәнмен қарайсың, әйтпесе менің  кінәм не? Осы үйге есіктен кірген жоқпын ба? Ал терезеден кірсем менің ақылымның дұрыстығына күмән  келтірер едің. Егер түсінсеңіз,  «Фатиха» мен «Ықылас» сүрелері бірі – есігі, бірі – табалдырығы  іспеттес болса,  «Ясин» төрі емес пе? Сізді шаршап жатқан болар деп қысқа аят оқығаным рас. Алланың сөзі мен ісін алалағаныңызға  жол болсын!-деп қарсы уәж айтыпты. Үдіш орнынан тұрып:

-Асылық айтсам кешір, құзырыңа құлдық,-деп қожаның қолын ұстапты.

Енді бірде көп халықтың ішінен шариғат айтып отырған Кәрімді жаңылдырғысы келген біреу:

-Кәке, аруақтарға  үйде отыып немесе бейіт басына  барып оқыған «Құранның» қайсысы тиімді? –деп сұрапты. Сонда қожа:

-Әй, шырағым, біреуден қарыз алсаң оны өзіңнің апарып бергеніңнің, әйтпесе, кездейсоқ адамнан беріп жібергеніңнің  қайсысы жөн деп білесің?-деп сұрақ қойыпты.

Осылайша Кәрім қожа шариғатты осындай түсінікті тілмен, ұтымды сөзбен  халықтың санасына жеткізе білетін болған.

«Ұлы Пайғамбар және ұрпақтары»шежіре-кітабынан алынды

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button