Әлқожа кесенесі

Әбу Бәкір Сыддық ұрпақтары

«Тарихсыз болашақ жоқ. Ұлы далада  күллі Еуразия құрлығын уысында ұстаған талай алып мемлекеттер болды. Алып кеңістікті жайлап, еркін билеп-төстеген айбарлы халықтар өмір сүрген. Бүгінгі Қазақстан сол бабалардың заңды мұрагері»,-деп Нұрсұлтан Назарбаев қадап айтқандай, қазақ даласының тарихы шынында теңдессіз. Еліміз еңсесін тіктеп, Мәңгілік Елге бет алғанда, алдымен шаруаны тарихыңды  танудан бастаған абзал. Осынау идеяның негізінде елімізде үлкен істер  атқарылып жатыр. Осы  орайда «Қазақ хандығының 550 жылдығын» атауға болады. Бұл-Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей идеясымен іске асқан үлкен шара болды. Президенттің көреген саясаты Қазақ елінің тарихын әлемге танытуға жол ашты, шын тарихи құндылықтарымызды  жүйелеуге зор мүмкіндік тудырды.

Ұлы дала тарихын екшегенде Түркістанды айналып өту  мүмкін емес. Киелі шаһардың әрбір тасы мен топырағы құнды тарихи мұра екені даусыз. Өңірдегі Сауран, Сығанақ, Қарашық сынды ескі қала орындары қазақ өркениетінен мол мағлұмат береді.

Осынау тарихи жәдігерлермен қатар, өлке киесін арттырып отырған ұлы бабалар рухы тағы бар. Шаһар атырабында Ахмет Ясауи, Арыстанбаб, Қарашаш ана, Гаухар ана сияқты есімі күллі түркі әлеміне мәшһүр бабалар рухы мәңгі тыныстап жатыр. Кеңес Өкіметі тұсында ислам дінінің ірі тұлғаларының есімін атауға тиым салынған кезеңде, қазақ даласындағы ұлы бабалар ел жадынан өшуге шақ қалғаны рас. Егемендік – есіл бабаларымыздың рухын қайта жаңғыртуға, жоғалған мұраларымыз бен аты ұмыт болған бабаларымызды зерттеуге мүмкіндік берді.

Бүгінгі Түркістан атырабында, қазақ даласында ислам өркениетінің шырағданын маздатқан Ұлық бабалар мазары көптеп кездеседі. Мазар басына жергілікті тұрғындармен қатар түркі жұрағатынан зиярат етіп келушілер көп. Зияратшылардың көпшілігі қасиетті баба атын білгенімен, баба рухының қастерлігі неде екендігін толық түсінбейді. Бүгінгі мақаламызда Түркістан өлкесі жауһарларының бірегейлері Әбдімәлік, Әлқожа, Шәмшідін бүзірік бабалар мен Гауһар ана қасиетіне аз-кем тоқталуды мұрат етіп отырмыз.

Әбдімәлік ата мешіті

Алдымен, Ұлы дала және Ислам өркениетіне тоқталсақ. Ислам діні- қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі. Қазақстанның тарихы мен мәдениеті көп ғасырлар бойы ислам дінімен байланыса дамып келеді.

Исламның қазіргі Орта Азия мен Қазақстанға ене бастауын тарихшы ғалымдар VІІ-ғасырмен байланыстырып жүр. Сондай-ақ, Ұлы Тұран өлкесіне мұсылмандықтың дәнін сепкен Әбу Бәкір, Омар, Әзірет әліден өрбіген ұрпақтар деген тұжырымдар бар. Олар – Орта Азия мен осы күнгі Оңтүстік Қазақстан жеріне келіп діни дәріс беретін мешіт, медресселер ашып, жергілікті халыққа дінді уағыздап, жергілікті халықпен етене араласып кеткен.

Қазақ даласында, ислам дінінің ғұламалары Оңтүстік өңірі оның ішінде Түркістан атырабын көптеп мекендеген. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың ең жақын, ең сенімді серіктері, шәкірттері болып табылатын жоғарыда аталған үш ұлық кісілерден тараған ұрпақтарды содан бері жергілікті халық «Қожалар» деп атайды.

Қожалар – қасиетті құранды түсіндіріп халыққа жеткізуді өздеріне мұрат еткен ұрпақ. «Қожа» сөзі – оқымысты, мырза мағынасында ислам діні тараған елдерде діни адамдарға берілетін құрметті лауазым болса, парсы тілінен аударғанда «хваджа» – “еге”, “ие”, “мұсылмандықтың егесі”, ал араб тілінен аударғанда “ағартушы”, ұстаз деген мағынаны білдіреді. Қожалар елдің рухани өмірінде мұсылмандық мәдениетінің ең жоғарғы қызметшісі, атқарушысы, орындаушысы, сондықтан да Орта Азия халықтары мен қазақтар арасында Ислам дінін таратып, уағыздаушы әрі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың алғашқы Халифтарының ұрпағы болып есептеледі.

Әлқожа кесенесі

Бүгінгі таңда қазақ халқын құраған іргелі ру-тайпаларының бірі болып отырған қожа әулеті тікелей осы аталған сахабалардан өрбиді. Солардың ішінде Әбу Бәкір Сыддықтан тарағандар «Қылауыз» және «Шәмші» («Молда Шәмші»), Омардан өрбігендер «Қырықсадақ», Әзіреті Әліден тараған ұрпақтар – «Қорасан», «Диуана» (шын аты Мәді қожа), «Сейт», «Сабылт», «Қарахандық», «Қылышты», «Аққорғандық», «Бақсайыс» қожалар деп бөлінеді.

Қожалар шежіресінің бастауы саналатын Әбу Бәкір Сыддық – ислам дінінің ең ардақты тұлғаларының бірі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең жақын досы, сенімді серігі, ізбасары, бірінші халифы. Әбу Бәкірге «Сыддық»,-деген атты халық берген, ал оның төл аты Абдуллах болған.

Әбу Бәкір Алланың елшісін, Құранды, мұсылмандықты ерлердің ішінен алғаш қабылдаған сахаба. Ол өзінің ақылы мен шешендік қабілетіне сүйеніп, кедей мұсылмандарға материалдық көмек көрсетіп, исламды бар жан-тәнімен уағыздаған сахаба.

Әбу Бәкірдің өзінен тараған 21-ші ұрпағы Әбуләйіс қожаның екі ұлы болған. Олардың бірі – Жақып қожа, екіншісі- Әбдімәлік қожа.

Әбуләйс баба Құранды тәпсірлеу жөнінде 4 томдық түсіндірме жазған ғұламалық дәрежеге ие тұлға. Бүгінде ұлық баба мазары Самарқанд қаласында. Әбуләйс атында мешіт пен тарихы 1000 жылға жуықтайтын ауыл да бар.

Жақып пен Әбдімәлік Самарқанда туылып, ер жетіп, медреседе білім алған. Түркістан атырабына келгеннен кейін ағасы Жақып, Сырдың төменгі ағысына қарай өрлеп, Өзгент шаһарына қоныстанады. Ал, Әбдімәлік ата Түркістанда қалады. Бұл кезең ХІІ-ғасырға тура келеді.

Гауһар ана кесенесі

Әбдімәлік Түркістанда Қожа Ахмет Ясауидің медреселерінде және мешітінде қызмет атқарады. Тіпті, Ясауимен бірге екі рет Меккеге қажылық жасаған деседі.

Өз кезеңінде Әбдімәлік ата Түркістан өңірінде ірі тұлға саналған. Оның ислам діні үшін сіңірген еңбегін түркі жұрағатының данасы Ахмет Ясауи өте жоғары бағалаған. Онымен құда болып, Әбдімәліктің баласы Әлиқожаға (Әлқожа) қызы Гауһарды қосқан.

Әбдімәлік ата өмірінің соңғы жылдарын Түркістан шаһарының іргесінде орналасқан қазіргі «Ынтымақ» ауылында өткізген. Осы жерде, медресе ашып, бала оқытқан. Жергілікті халық өте қадірлеген. Қазіргі кезде оның жерленген жері «Әбдімәлік ата мазары» деп тағзым етіп тұратын қасиетті орынға айналған. Биыл ұлық бабаның ұрпақтары жаңа мешіт салдырды. «Әбдімәлік ата атындағы мешіт» тұрғылықты халық игілігіне жұмыс істеп тұр. Бүгінде Қазақстан Республикасы Діни Басқармасында тіркелген.

Отырар мен Түркістан арасын жалғаған күре жол бойы аты аңызға айналған бабалармен бай. Осы жол бойында Гауһар ана кесенесі  бар. Кеңес заманында қараусыз қалған әже басына, шырақшы Нұрғали ата 1990 жылдардың алғашқы жылдарынан бастап қарап келеді.  Қазіргі таңда ол кісінің өзі тұрғызған сәулетті кесенесі  бар. Бүгінде әже басына тәу етіп келушілер көп. Қасиетті құдығы бар киелі жердің өз құдіреттері бар деседі жұрт. Ахмет Ясауидің қызы  Гауһар ана туралы түрлі аңыз деректер сақталған. Ол кісінің өз заманында ақылы көркіне сай болған жан екендігі де айтылады.  Ал, Әлиқожа ата туралы да айтылар әңгіме аз емес. Қ.А.Ясауидің артында қалған барлық мұраларын кейінгі ұрпаққа жеткізуде Әлиқожаның сіңірген еңбектері зор. Ясауидің сүйікті шәкірттерінің бірі болған деседі. Қазіргі таңда Әлиқожа ата басына тұрғызылған мешіт бар. Мұнда жергілікті тұрғындар бес уақыт намазын оқитын Алла үйіне айналдырған.

Осынау қасиет дарыған отбасында дүние есігін ашқан Сүлейман Уәлі де өз заманының ғұламасы. Әбдімәлік баба мен Ахмет Ясауи бабаның тікелей немересі атанған Сүлеймен Уәлі  тегіне тартып өте дарынды болған екен.

Ұрпақ сабақтастығы былай өрби түседі. Әбділ Әзиз Мәуләна (Әбілғазы Өзгенттік), одан Яхия қожа, Айна қожа туған екен.

Айна қожаның баласы Мәуләна Шәмшідін. Бұл кісіні Шәмші Бүзірік деп те атаған. Бүгінгі Шәмші қожалар (Молда Шәмші) осы әулеттен  өрбиді.

Мәуләна Шәмшідін турасында бірер сөз. Ұлық баба Қыр Өзгентте ғұмыр кешкен. Ол Өзгенттегі мешіттің имамы әрі сол елдің ұлығы болған. Мәуләна Шәмшідін ХІV-ХV ғасырларда өмір сүрген. Қасиетті ислам дінін, ілімін таратуда Мәуләна Шәмшідін бабаның ірі ғұлама, дін жолында үлкен тұлға болғанын көнекөз қариялардың сөзінен, ұрпақтан–ұрпаққа беріліп, жоғалмай келген шежірелік қолжазбалардан аңғаруға болады.

Мәуләна Шәмшідіннен қалған мұралар көп. Бабаның тікелей ұрпағы Дәумен Шоманұлы, бабаның артында қалған еңбектерін жинап 1995 жылы «Молда Шәмшілер шежіресі» және 1997 жылы «Мәуләна Шәмшідін (Шәмші Бүзірік) ХИКМЕТТЕРі» деген атпен бастырып шығарды. Ол кісінің бұл еңбектері бүгінгі ұрпақ үшін құны жағынан теңдессіз дүние деп айта аламыз.

Дәумен атамыздың дайындаған кітапшасында Шәмшідін Бүзүріктің ақындығымен  елге танылған дана кісі болғанына көз жеткіземіз. Ахмет Ясауи бабасына арналған өлең жолдары былай басталады.

 

Субхан изм бұйырды,

Ах Мустафа өзи дүр.

Бабам Арыстан теги дүр,

Шайхы Ахмед Иассауи.

 

Мустафанинг қарқасын,

Киди дейді лухмасын.

Тұтты қааба алқасын,

Шайхы Ахмед Иассауи.

Бақса Қабба көрінген,

Бақса ерлер түрілган.

Наданны ілімге өргіткан,

Шайхы Ахмед Иассауи.

Осы ізбен жазылған ақын өлеңдері көп-ақ. Шәмшідін Бүзүрік бабадан қалған асыл сөздерді жинаған Дәумен қария кітап алғысөзінде былай деген «Оқырман жұртшылықтың назарына ұсынылып отырған бабамыздың хикметтерін біз мүмкіндігінше түпнұсқаға жақындау болу жағын көбірек ескердік. Ыждағатпен көңіл қоя оқыған ойлы оқырманға ескі түркі тілінде жазылған шығармаларды түсініп, тану көп қиындық тудыра қоймасы анық».

Ұлы дала тарихын тану, ұрпаққа  жеткізу бүгінгінің ісі. Осы себепті елімізде ірілі-ұсақты ғылыми, тарихи танымдық еңбектер басылып, жазылып ел тарихының қатпарларын аша түскендей. Түркістан шаһарының төңірегі тұнып тұрған тарих екені айтылып та, жазылып та жүр. Осынау киелілігі мен қастерлілігі жоғарыда аты аталған бабалармен тығыз байланысты.

Мұхаммед пайғамбарымыздың сенімді серіктері-Ислам әлемінде әулиелік салтанатын құрған рухты бабалар. Ал олардан тараған бүгінгі өскелең ұрпағы «қожалар» деп танылған үлкен әулиет.

Түркістан атырабында жатқан әулиелер Әбдімәлік баба мен оның ұлы Әлқожа ата, келіні Гаухар аналар да текті, әулиелі бабалар. Бүгінгі қалың жұрт түрлі дауа мен шипа сұрап әулиелер басына зиярат етіп барып жатады.

Тірісінде зор ғұламалық шыңына көтерілген, ұлық болған бабалар рухы мәңгі тыныстаған Түркістан топырағы ежелден киелі. Бұл киелілігінің сыры, ислам әлемінің әулиелерінің рухы өзінде мәңгілік мекен табуымен ашылғандай.

2016 жылдың 16-қазанында «Әбдімәлік ата», «Әлқожа ата» және «Гауһар анаға» арналған танымдық-тағылымдық зиярат ұйымдастырылды. Бұл тұлғалар Түркістан тарихы мен руханиятының жәдігеріне айналып үлгергені белгілі. Шараны ұйымдастыруға «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы, сондай-ақ «Шәмші Бүзірік» мәдени орталығы атсалысты. Зияраттың соңында танымал тұлғаларға арналған ас берілді.

 

Асқат Кеңесұлы.

Түркістан қаласы

Сондай-ақ, оқыңыз

Құттықожаұлы Әбсаттар

Бәйменқожа ұрпағы Құттықожаұлы Әбсаттардың  өзінің басынан  өткендерін былайша еске алады: «Бір күні ішкілікке салынған  Сейсен …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған