Білген Шайыр айтады

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

Майлықожа Сұлтанқожаұлы (1835-1898) – қазақтың халық ақыны (суырып салма ақын). Қазiргi Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының Қожатоғай ауылында дүниеге келген. Ауыл молласынан сауат ашып, ескіше хат таныған. 14 жасында әкесiнен айырылған ақын тағдыр тауқыметiн көп көрiп, терме-толғаулар шығарып айтыс өнерiне бет бұрады. Ұлдары Асан, Жолбарыс, Исабек әке жолын қуған сөз шеберi апайтөс ақындар болып өмiрден өткен. Майлықожа Сұлтанқожаұлы XIX ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың ішінде өзіндік орны ерекше, артына мол мұра қалдырып, халықтың ықыласына бөленген ақын. Атақты Жамбыл ақынның өзі оның ақындығына, ғибраты мол өлең-термелеріне «Майлықожа, Сүйінбай, пірім еді сиынған» деп бағасын да беріп кеткен.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы өлеңдерін ауызша шығарған, өзі жазып қалдырған мұралары да кездеседі. Майлықожаның әдеби мұрасын жанры мен мазмұнына қарай бірнеше тақырыптарға бөлуге болады: ғибрат, нақылдар («Ер көгерер дұғамен», «Жолдас болсаң жақсымен», «Жақсы адам қартайса»), арнау өлеңдер («Ахмет төреге», «Тұрлыбекке», тағы басқалар), дастан- мысалдар («Қасқыр», «Тотынама», «Аңқау мен қу», «Шора батыр», «Үш жігіт»), айтыстар. Майлықожа ақынның Сүйiнбай, Мәделқожа Жүсіпқожаұлы, Күдеріқожа, Құлыншақ, Айман-Гүлханым, Ұлбике, қырғыз ақыны Жаныстармен сөз сайыстыруы ақын атамыздың терең ойлы шындықты ту еткен бiлiмдi шайыр екенiне көз жеткiземiз.
Мысалы, замандасы Құлыншақ ақынның:
«Майлы, Майлы дегенмен май болмадың,
Жұрттан алып жегенмен бай болмадың» – дегенiне лезде сөз тауып:
Сен Құлыншақ болғалы талай болды.
Не құлын, не жабағы тай болмадың.
Немесе Гүлханым арудың:
Кедейсiң қызды жылқысы көп бай алады-деген әзiлiне:
Бибiмiз тегiн қызды күндемейдi,
Алдың деп мұны қайдан үндемейдi.
Батыр бiр оқ, бай бiр жұрт бәрi бекер,
Дүниенiң байлығы тiлде дейдi, – деп орнықты, ойлы жауап бердi.
Қырғыздың Асыл деген байының тойында қазақ ақындары бет қаратпаған Жанысты тарих жолымен жiпсiз байлап:
Молдалар кiтап оқып мән айтады.
Бiлмесе бекер сөздi неге айтады.
«Қыс-асыл әмбиенiң» кiтабында
Қырғыздың ата тегiн ит деп айтады,-деп иттей қапқан Жаныc ақынды Жолбарыстай талауы Майлының мықтылығы Бұхара – Самарқанда бiлiм алғандығының септiгi.
Бiрде Қасымбек болыстың бәйбiшесi ақынның тартпа желдiгiн қойып «Үш күн күттiк бiздi бiр мақтамадың тартпа желдiгiңмен құрып кеткiр Майлықожа» дегенiне сөз сүлейi:
Қазақтың оза шапқан майлысы едiм,
Бұл өлеңiм болмаса қай кiсi едiм,
Бес-алты ауыз өлеңдi айтып берiп,
Көңiлiн қош қылайын бәйбiшенiң
Жоғалмаса құрысын тартпа желдiк
Бұрын қай ер-тоқымы сай кiсi едiм, – деп елдi риза етiптi.
Майлықожа ақынның бір топ өлеңдері Я.Лютиштің құрастыруымен 1883 жылы Ташкентте басылып шыққан «Қырғыз хрестоматиясы» кітабына енген. Майлықожа Сұлтанқожаұлы ауыз әдебиетін жақсы білген, фольклоршы Ә.Диваев мол деректерді Майлықожадан алған. Көптеген өлеңдері «Үш ғасыр жырлайды» (1964), «Бес ғасыр жырлайды» (1964), «Ай, заман-ай, заман-ай» (1991) кітаптарында және «Нақыл» (1972) атты жеке жинағында жарияланған. «Айтыс» жинағына (2 том, 1988) ақынның бірқатар айтыстары енген.
Шымкент қаласында Майлықожа Сұлтанқожаұлына ескерткіш мүсін орнатылып, бір көшеге есімі берілген.
Дерек көзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 6 том.
ӨЗІҢДІ ТІЛГЕ АЛАЙЫН
Жаратушы Аллайым
Өзіңді тілге алайын.
Ғалымдар айтқан кітапта
Он сегіз мың аламның
Біледі дейді әл жайын.
Өз өнерім қызыл тіл
Көп ішінде сайраған.
Қам сүт емген таңдайым
Әдемі сөз жайласын
Ләззатты шырын балдайын.
Лашын құстай шүйілі
Ителгідей түйіліп
Сұңқардайын самғайын.
Жақсының көңілі басылмас
Дүниеге баспай таңдайын
Не жақсы өтті дүниеден
Қалмаған орны бірінің
Ақылмен әр іс аңлаңыз
Жақсылар болса білімің
Аплотон өтті дүниеден.
Әлемнің білгін ғылымын
Ойламас ешкім өткенді
Болған істі көз көрмей
Қисық ағаш түзелмес
Қозға салып тезделмей
Шәйі киіп мастанған
Басылмайды бөз көрмей
Жаратқан қанша мақұлық
Тұралмайды өзгермей
Ғалымдар айтқан нұсқада
Жаратқан дейді пәндесін.
Мақұлық дейді тағы да
Алладан басқа өңгесін
Өткінші өмір өткесін
Екінші мәлім келмесең
Ісің мақұл бола ма
Бақыт қонып жұртқа ұнамай
Дәулет болмас тапқанмен
Алласы қолдап құрамай.
Емшек бермес анасы
Бесікте бала жыламай
Теңізге кеткен малтығып
Толқынға ағар шыдамай
Мезгілді күні біткен соң
Таулар да тұрмас құламай
Азғындаса арықтап
Арғымақ қалар жүре алмай
Жалпылама жөні айтпай
Ең жақсысын сыйламай
Жаманды сүйеу көрсеңіз
Қаларсың одан шыға алмай
Бұл қалай деп қалмаған
Әрбір істі біле алмай
Молдалар мақтар нұсқада
Мейман күткен сақыны
Жаман адам білмейді
Алыс пенен жақынды
Екі талай іс болса
Намысқа шабар ата ұлы
Мақтағанмен болмайды
Болмаған ердің татымы
Алыста болса жақын бол
Жақсы болса нәсілі
Талайларды көшірген
Біреудің алып жалғызын
Шамшырағын өшірген
Дүниеге талай мас болып
Аяғын шіреп көсілген.
Дәулетке мас боп кейбіреу
Көтеріліп есірген
Салтанатты сәнім деп
Мақтан қағып ісінген
Сәулетіне тасқындап
Дүниеге көңіл ісінген
Бір күні ажал келген соң
Мұны да демнен түсірген
Қай жаққа кетті ата-ана
Алақанда өсірген.
Құрбан болып жолыңа
Бала үшін өкпе тесілген
Қайрауы жеткен не асыл
Жүзінен сынып кетілген
Бұрынғы өткен тарихта
Өлместен кім жетілген
Бір күні ажал кез келсе
Дүниеден көшерсің
Гүлің солып сарғайып
Шам шырақтай өшерсің.
Жас кетіп біреу дүниеден
Арт жағына қалдырған
Әкесі мен шешесі
Қартайып жетсе ажалы
Төлейді бала есесін.
Қолымдағы домбырам
Өзімнің құрал сайманым
Бұлбұлдан бүйтіп сайрау жоқ
Араңызда өстіп жүргенде
Ажал кеп салса қармағын
Насихат сөзді аңдамас
Адамның аңқау қопалы
Бұл дүние белгісіз
Өтерміз бір күн ақыры
Арғымақ жалсыз, ер малсыз
Бұрынғының нақылы.
Бақытына жігіттің
Себепші болар қатыны
Тақыс пенен нақыстар
Айтқанмен алмас ақылды
Тыңдасаң халқым құлақ сал
Аз әңгіме құралы
Денсаулық үлкен дәулет бақ
Талап кісі мұраты.
Өнер қалмақ артында
Дүниенің өшпес шырағы
Кісіге еткен жақсы ісің
Алдыңнан келіп шығады.
Барымта ұрлық істесең
Жағаңнан әркім буады.
Насихат артқа сөз беріп
Я күміс, я жез беріп
Алдымда өлім қорқыныш
Қауіпті көңіл тұрады
Аз әңгіме қыламын
Шаршамай, талмай сөйлеуге
Бір күні ажал келген соң
Кетермін мен де дүниеден
Ажалдың болып ылағы.
Ата-анадан пайда боп
Дүниеге келгенім
Туғаннан соң өлім хақ
Ақиқат рас өлмегін.
Не адамдар жоқ болды
Таса боп көзбен көргенің
Ұстаусыз аспан жаратқан
Алланың күшті жарлығы.
Аллаға жылап жалынсаң
Болмайды дейді арлығы
Кәрілік кедей қабаттап
Ұласса дүние тарлығы.
Дүниеден өтеді
Махлұқаттың барлығы.
Тумақ сүннет адамға
Фарыз дейді өлмегі
Екі жоқ өмір келмегі.
Қараңғы надан көңілі
Парасат істі көрмейді
Бұл дүние екі парық
Екеуін бірдей бермейді.
Жүрмеңіздер ғапыл қап
Босқа қуып дүниені.
Алланың аты ашады
Көңілдегі қараңды
Нышаны дейді пейіштің
Жазғы соққан самалды.
Ызғары дейді тамұқтың
Қысқы суық амалды
Шариғат жолын нық ұстасаң
Тайдырмас отқа табанды.
Басыңа сауда салады
Жолдас қылсаң жаманды
Ілтипатты жан болсаң
Атаң мен сыйла анаңды
Ақыретке барғанда
Сақтайтын қағба панаңды.
Адал жүріп, анық бас
Біреудің алма инесін
Озбырлық қылып зорлықшыл
Кесірің жұртқа тимесін.
Не байлар өтті дүниеден
Шоқпардай қылып шүйдесін
Төре мен өтті манап та
Жасақ ұстап айбатқа.
Жалтыратып шен түймесін
Жаман жолдас ертсеңіз
Саят болмас жаныңа
Әркім болар ағайын
Ықпал менен бағыңа.
Арғымақ аттан арық деп
Жабдық қылма жабыға
Қалдырар жаудың жолында
Іс түскен басқа шағыңда.
Басыңда дәулет тұрғанда
Ағайын жақын жаныңа
Жаман-жақсы ағайын
Оралып жүрер маңына.
Елемеген аз кесел
Денеңе сіңіп тырайтар
Қулықты әдет қылсаңыз
Ақыры бір күн мұңайтар.
Құлық арты бір тұтам
Құйрықсыз тастап шұнайтар
Талапты туған ер жігіт
Батыл сөйлеп шын айтар.
Өсектен тілін тартпаған
Пәлені басқа ұлғайтар.
Әділдікті қолыңа ал
Әр іс келсе көзіңе
Сабырлық тағат есіңе ал.
Ашуың келсе тезіне
Едірейіп жүрмегін
Жан көрінбей көзіңе.
Сыртқа біткен жалғыз қайыңнан
Сазға біткен тал жақсы
Тоя жеген жасықтан
Бір асаған май жақсы.
Ақауы шыққан айраннан
Терлеп ішкен шәй жақсы.
Мініс бермес шабаннан
Жеңіл аяқ тай жақсы
Тәжісі үлкен моллаға
Бер дегеннен ал жақсы.
Әдебі жоқ жігіттен
Насихат айтар шал жақсы
Жауыны ала көктемнен
Желсіз тұнық жаз жақсы.
Адамдыққа ойласаң
Мал менен бақтан ар жақсы.
Көпшілік айт деп қаласа
Тоқталайын мен неден
Тасқыны қатты күшті жыр
Ашылсын бұлақ көмбеден.
Қарыздар болсаң жаманға
Жүгіріп келер дембе-дем.
Мен де тудым атадан
Артықсың ба сен менен
Деп лепіріп кей надан
Мұрнының астын көрмеген.
Әкеңде болса бір жолдас
Жарасқан әзіл теңменен.
Болымсыз туған бозбала
Басында бостан міні боп
Кісі айыбын тергеген.
Дәулет бітсе жаманға
Сәлем берер жеңменен.
Бір өзің қайда барасың
Адамсың халық елменен.
Бір күн опық жегізер
Ерегіссең ерменен.
Ақын елдің тұлпары
Кетпейтін басы кермеден.
Ақтұйғын келіп ілінер
Алдын жайып торласа.
Қисық ағаш түзелер
Тезге салып морласа.
Арғымақ ат жығылар
Алдын қазып орласа.
Әркім болар ағайын
Дастарханың мол болса.
Бірің екі болады
Ісіңді Алла қолдаса.
Жігіттің бағы қайтады
Ағайын жұртын алдаса.
Бұлбұл құсқа жарасар
Гүл бағында сайраса.
Жаздың сәні кетер ме
Гүл бәйшешек солмаса.
Ағаш сұлу көрінбес
Жапырағы болмаса.
Үйретіп ақыл не керек,
Кеуіліне барып қонбаса.
Лашын ұшпай қалмайды,
Қос қанатын қомдаса.
Көл қадірін көз білмес
Тоқсан түсіп қыс болып
Бетіне мұзы тоңбаса.
Жаздың көркі енбейді
Шағалалы көл көркі,
Қаз үйрек келіп қонбаса.
Келмей қалмас алдына
Ер жігітті қорласа.
Жамандарға сөз айтсаң
Жағаңнан алар жармаса.
Батыр қайта шабады
Намысқа түйіп арланса.
Ажалға қарға кез болар
Бүркітпенен ойнаса.
Кілем сұлу көрінбес
Бетіне кесте оймаса.
Бұлбұлдан шешен бір құс жоқ
Жұдырықтай қараса.
Оқтан жылдам ажал жоқ
Тырнақтайын жараса.
Мал аласы сыртында
Ішінде адам аласы.
Насихат сөзді тыңдамас
Адамның бір парасы
Басына кемнің сарасы.
Қызметімен білінер
Адам мен адам арасы.
Аңдысқан мынау дүниеде
Біреуге біреу таласы
Қарадай кетті нендей жан
Кімдердің бүтін жағасы.
 
БІЛГЕН ШАЙЫР АЙТАДЫ
 
Білген шайыр айтады
Лайық сөзін заманға,
Әркім қылар қошамет
Құдай берген адамға.
Еңбек қылған ер жігіт
Біреудің малын бағар ма?
Талап, ілім балмаса
Сөз жүйесін табар ма?
Ағарғаны шашыңның
Алладан келген хабар ма?
Ауырғаны беліңнің
Алайын деген амал ма?
Ісіңді құдай салмасын
Жетесі жоқ жаманға,
Басыңа қиын іс түссе,
Жақының жаман жолықса
Ұстап берер табанда
Итере салар аранға.
Көптен бері көрмеген,
Иіліп сәлем бермеген,
Алдымдағы ағалар,
Ауданың тегіс аман ба?
Осындай кезім келгенде,
«Сөйлегін ақын» дегенде
Бес алты ауыз жел сөзім
Дидарыңнан садаға!
Қырық пен отыз ішінде
Құтырған кез базарың,
Елуге жасың келген соң
Қалпыңда тұрмас ажарың.
Бір екі ауыз сөз сөйлейін,
Алдымдағы ағайын
Пәс болмасын назарың.
Бісміллә деп бастайын,
Ал жақсылар тыңдаңдар:
Жүйрік мініп, бәйге алып
Бай баласы бұлғаңдар,
Қас кедейдің баласы
Көтерме киіп шұнаңдар.
Атқа бермес құнан бар,
Қызға бермес жуан бар,
Шариғат сөзін сұрасаң
Молдаларда құран бар.
Ел болған соң ішінде
Жанның бәрі бірдей ме?
Үш пұлға өтпес қулар бар,
Байдың малын қызғанып
Кейбір надан сумаңдар.
Ал, тыңдаңдар жақсылар,
Жүрген жерім мереке,
Жыршы бар жерде думан бар.
Намысты жерде бас қалсын
Ат басын бұрып қалмаңдар.
Матаның да қарты бар,
Шақатың келсе артық ал,
Жаман менен жақсының
Арасында білгенге
Аспан мен жерше парқы бар.
Дүбірге тұлпар шыдамас,
Аяғанынан қалса да
Белдеуде тұрып арқырар.
Менсінбеген қаз етін
Ақсұңқар құс пенде боп
Қолға түссе талпынар.
Бір азырақ сөйлейін,
Опасыз жалған дүниеден
Қай пенде өлмей артылар?
Біреудің артық асы бар,
Біреудің артық басы бар
Әркімнен өтер бір қате.
Аузы аңқиған қара жер
Бәріңді бір күн жасырар.
Кез келгенде осындай,
Бір азырақ сөйлейін,
Құлақ салып тыңдасаң,
Алдымдағы жақсылар.
Ақыр заман болғанда,
Тау күйіп, тас жанғанда
Құры аңқиып сай қалар.
Дастарқаны жайылған,
Дәулетпен жұртын қайырған
Бір кесапат байда бар.
Құлақ салып тыңдасаң,
Жайсаң менен жақсылар,
Шымалдай дәулет берсе де
Есебін тапқан ер жігіт
Бас басына басқарар.
Бай болсаң- жайлау тауға бар
Батыр болсаң – жауға бар,
Аман көріп бәріңді
Тамаша қылып отырмыз,
Осындай дәулет қайда бар?
 
ШЫН ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН СӨЗ
 
Аңғарып көрсем пайымдап
Қара қандай, ақ қандай?
Белгісі жоқ көп сөзден
Қандай болса болса хат қандай?
Шын жүйріктен шыққан сөз
Тасқа таңба басқандай,
Өтірік сөз өркенсіз
Майлы күйе жаққандай,
Ауыздан шыққан асыл сөз
Жаһанға жәуһәр шашқандай,
Есіттім деген кейбір сөз
Далаға жалғыз лаққандай.
Бағзы бір мәнзүр мақал бар
Түсінген ләззат тапқандай,
Сол мақалдың бағзысы
Салмағы ауыр батпандай.
Бақылға берген бақ дәулет
Итке теңге таққандай.
Жаманнан шығар шірік сөз
Шәк ұрып шаян шаққандай.
Жақсымен болған үлпәтің
Машарықтан таң атқандай.
Сөйлесең тарқар құмарың
Көңілде шүбә дақ қалмай.
Білмеген сөзді білдірер
Сауалдан сауат ашқандай
Адамда қанша нарық бар
Артығы нағыз ақ таңдай
Жарды кешу, жатты ел ғып
Басыла сөйлер мақтанбай.
Қарындасқа қамқор боп
Баршаның бабын тапқадай.
Айтқан сөзге бас берер –
Екінші сөзге тайсалмай.
Халыққа қымбат қадірлі
Сыртына дәрпі басқандай
Тал жібектей есілген
Жақсының жайы осындай.
 
ТӘТТІ ЖЫРЫМ ТӨГІЛСІН
 
Ал, халқым, енді сөйлейін
Тәтті жырым төгілсін
Тыңдаушының көңіліне
Гауһардай нұры себілсін.
Арқасында өнердің
Аралап жүрмін ел ішін,
Ағайын туған халықтың
Таныс қылдым көбісін.
Өлеңмен берсем ыбырат
Өзімнің қазақ халқыма
О да менің жемісім,
Сіздер де халқым алып қал
Сөздің піскен жемісін.
Малға кедей болсам да
Сөзімді балап сатпаймын
Бергін деп байға жең ұшын.
Сөйле біраз көмейім,
Жыр әсілін төгейін,
Жиылып халқым келгенде
Ағайын жұртты көргенде
Боз жорғадай желейін.
Көктемде жауған нөсердей
Жыр бұршағын себейін.
Таудан аққан бұлақтай
Тасқыны тұрған шыдатпай,
Төгіліп жырым сарқыра,
Қызмет етіп халқыңа,
Амандықта кез болдым
Ағайын-туған жалпыңа.
Сөйле деп маған сөз бердің
Түсінгендей парқыма,
Орындайын көптің тілегін
Келе алсам шарқыма.
Сіздер де халқым, түсінгін,
Жақсы сөздің парқына,
Мақсатым болды өзімнің
Бағасы болса сөзімнің
Сөз қалдырмақ артыма.
Жақсы адам қартайса
Көкірегі хат болар,
Жаман адам қартайса
Бықсып жанған от болар.
Жақсы қария белгісі
Жанып тұрған шам болар
Жаман қария белгісі
Қайраңдап қалған сал болар.
Әдепті өскен бозбала
Ырғалып біткен тал болар,
Әдепсіз өскен бозбала
Жүрген жері шар болар.
Төңіректі болжайсың
Төбенің шықсаң басына,
Әдепті тәлім аласың
Жақсының ерсең қасына.
Қырғауыл құс пен қоңыр қаз
Жан сүйсінер даусына,
Өзіңе де сауда бар
Өлгенге жылап жасыма.
Өзің еңбек етіп бақ
Өрге итерген тасыңа.
Басыңнан дәулет кеткен соң
Нәмәрт дос келмес қасыңа,
Ағайын келер алданып
Қайнаған қазан асыңа.
Мезгілінде қонақтар
Дәулет құс ұшқан қаршыға,
Заты жоқ жерден қыз алсаң
Перзентің толмас аршынға,
Дәурен екі келмейді
Шапқанда атың қамшыла.
Қазынасы кең Алланың
Бергенін сірә тарсынба,
Шарбақтың көркі талсың да,
Соймаққа біткен малсың да,
Кәрі-жастың бәрі өлер
Иманмен құдай алсын да.
Сарқырар сулар саладан,
Асыл сөз шығар данадан,
Жалған, мақтан сөз шығар
Ақылы жарым шаладан,
Әр нәрсенің тұқымы өсер
Ата менен анадан,
Шариғат тыңда молдадан
Насихат тыңда қариядан.
Бұлбұл торғай жарасар
Сәһәрде тұрып сайраған,
Шапса тасты кеседі
Асылын тауып қайраған.
Өлерінде өкінер
Өмірге сенім байлаған.
Аусыз балық ала алмас
Айдынды көлді лайлалаған.
Суретіңді көресің
Қарасаң су мен айнадан,
Асы жоқ болса алтын үй
Кем қасиет қара шайладан!
Қемерден қонған тал жаман,
Қайырсыз біткен мал жаман.
Ел тыныштығын ойламай
Есіріктенген шал жаман!
Есерліктің белгісі
Дарияға есек жалдаған.
Орнына келмейді
Өтірік сөзді жалғаған,
Ақшасы көптер базарда
Қымбат бұйым таңдаған.
Арзан баға, пәс бұйым
Кәләміштерден қалмаған,
Баянды дәулет тұта алмас
Баласы тілін алмаған!
Мәдет тілеп сөйлейін
Атын айтып Алланың,
Алладан медет жетілсе
Көңілден қалмас арманың,
Балдақты сойыл бақанды
Арқалап шаршап қалмағын,
Ас қайырың болмаса
Азар боп жүрер жан жағың.
Әділетің тайғанда
Әркімнен қайтар әруағың.
Үлкен ісің болмаса
Ұлық алдына бармағын.
Алым алдында аузың тый,
Бейәдеп сөйлеп қалмағын.
Күшіңе көңілің сенбесе
Көтерме көптің салмағын.
Дұшпанның сөзін рас тұтып,
Қатты иланып нанбағын,
Қатты иланып берілсең
Қапылетте басың қалғаның.
Тілеуін тәңірім тез берер
Сәһәрдә тұрған пәнденің.
Қапылда өтер дүние
Таусылмай қалар арманың,
Қанағатсыз ас жесең,
Хайуандай тоят алғаның.
Аш сұңқар мен ойнайды
Ажалы жеткен қарғаның.
Көз құмары сұлу қыз
Қадала қарап қалғаның.
Қолың жетер күн болса
Көрінбес көзге бар малың!
Жаз бенен күзге сенбе
Қаңтары күшті қар қалың.
Айыбы жоқ, жігіттер,
Жақсыны елден таңдағын.
Көркімен жақсы болмайды
Байқағын ақыл саңлағын.
Жеңгелері мақтаса
Әжеп болар алмағың.
Шешесі қызын мақтаса
Оған сірә бармағын!
Жақсы болса алғаның
Қоғамды болар жан-жағың.
Жаман болса алғаның
Үйіңнен кетпес жанжалың,
Бала-шаға отаның
Орнаған бау шарбағың.
 
ДҮНИЕНІҢ ҚАЛПЫ КӨП
 
Дүниенің қалпы көп
Алдайды деген даңқы көп
Түнде жанған жалындай
Түрлендірген толқын боп
Қиямет күннің зарпынан
Құлақта шаншу, қаңқу көп
Нәпсің масыл айдап жүр.
Малдан басқа жақын жоқ
Алпысқа жасың жеткенде
Қарындас, қатар халқың жоқ.
Ақырап, қауыс тоқсандай
Кетеді бойың салқын боп.
Әр нәрсені көрсең де
Көңілде қалқып, тасу жоқ.
Өз көңіліңде ойлайсың
Баяғыдай парқым деп.
Қыз айттырсаң бермейді
Қызықты базар нарқың жоқ.
Қырымды көзің көргендей
Қыйырдан асар шарқың жоқ.
Құйқылжыған құрдас жоқ
Иіліп тұрған жеңге жоқ
Амансың ба жарқын деп
Асы жоқ үйдей болған соң
Асық болар қатын жоқ.
Қалағанын құданың
Қалағаннан басқа мақұл жоқ.
Ағайыннан басқа жақын жоқ
Алланың нұры әзіз жан
Ауыздан шығар жасын боп.
Кідіріп қалар пасыл жоқ
Жалтарып қалар тәсіл жоқ
Тәнеңде қуат, күйде жоқ
Ақылда жоқ, мида жоқ.
Тар лақатта қаласың
Басыңа тіккен үй де жоқ.
Күнде көрген күнде жоқ
Иман нұрың орнаса
Хурлар келер бірге боп
Олардың жүзін көргенде
Үйіңді сірә көргің жоқ.
Көңіліңде арман мұңда жоқ
Пайғамбарым Ан- Хазрет
Әрлі ислам дінім шоқ.
Қадір Алла рахым етсең
Ешнәрседен қайғым жоқ.
 
ТАТҚЫЗЫП ТІЛДІҢ ШАРАБЫН
 
Бұрынғылардың жолы деп
Ақынның тұттым амалын,
Шат қылғай да көңілін
Жиылған іні, ағаның,
Қандырайын бәріңді,
Жасың менен кәріңді
Татқызып тілдің шарабын!
Бұлбұлың келді сайрауға
Миуалы гүлдер дарағым,
Себебімен тірліктің
Болып тұр өтер жарағым.
Ал сөйлейін, домбырам,
Әр түрлі күйден қалмағын,
Қате кетіп басылма,
Сегіз перне, бармағым.
Сен тұрарсың, мен қарап,
Заманның түрін аңладым.
Он төрт жастан асқан соң
Сен болдың жолдас һәм дәмім,
Әуеніңе сенің алданып
Қылмадым ісін шаруаның.
Базарыңды қыздырып
Сөйлейін білген сөзімді.
Жігіттіктің басымнан
Өткіздім міне керуенін,
Не түрлі жұмыс көрмедім
Демесем жалғыз тіріміз:
Туғаннан бері келеді
Итшіліп өтіп күніміз!
Ауыл малы бұралқы
Ақылы жоқ жаманға,
Пайда екен деп ұқпайды
Насихат айтсаң наданға,
Атаңды адам ескермес
Әзіргі қара қадамға,
Қалып ниет қас болар
Жақсылық қылған адамға.
Мегежінде мейір жоқ,
Қайғы болмас қабанда,
Әдебі жоқ жігіттен
Айуан жақсы жапанда,
Алыстан болған тамырың
Абайлап сыйлар шамалға!
Атасын алдар баласы
Не десең болар заманға?!
Таймайды деп сенбеңіз
Тайқы тұяқ табанға!
Малың жанға саяң-ды,
Жоқ табылмас аян-да,
Ерегіспен етпе алыс
Ерлі-зайып араңды!
Опа жаққан әйелдің
Көңілінде бар қарлығы,
Ас құяры кең адам
Арылмайды азығы.
Батыр болып бақ қонса
Жігіттің ол бір хандығы.
Қалыңға құсты қашырсаң
Қайтып қонбас қолыңа,
Қалып ниет қарындас
Ілессе қиын соңыңа.
Қас сорлының саяты
Қарақұс түсер торына.
Әркім тайып жығылар
Біреуге деп құрғанмен
Өзінің қазған орына.
Қоғамды болғын қоңсыңа
Жыландай шағып ысқырма!
Әсіреті көп дүние,
Көңіліңді әсілі құш қылма.
Не жүйрік өтті дүниеден
Тізелерін кемірген,
Табылар сөздің сарасы
Сөз шығарсаң көңілден.
Ақын да өтті серімен,
Не батырлар өтіпті
Денесі күшке керілген.
Рүстем -Дастан палуанды
Көп мақтайды молдалар
Алысты деп дию перімен.
Қай адам шықты белгілі
Айтпаса теңеп Фердауси,
Араптарда шығыпты.
Әзіреті Омар, Әлі шерімен,
Бәріде өтті дүниеден
Шығыса алмай өліммен.
Не жақсы өтті біз көрген
Дәуірлеп осы өңірден,
Дүниеге баян қыла алмай
Ажалға бәрі жеңілген,
Өткенді болжам қияс қып,
Дүниеден көңіл шошиды
Шығыса ма деп менімен.
Аплатондай дүниеде
Не жақсы өтті білікті,
Қанша жақсы болғанмен
Ажалға ақыр ілікті.
Атадан ұлды суытты,
Баладан көңіл суытты,
Қайнап тұрған қазанға
Мұз бенен су құйылтты.
Қызып тұрған дүкенді
Дауыл келіп жығылтты,
Жапырды келіп жайқалған
Сайдағы сәмбі шыбықты.
Көзді саласаң дүниеге
Көре алмайсың түзікті.
Ақындық маған ат беріп
Түсірдің халықтың көзіне,
Сары алтынның нарқын бер
Саудаға салсам жезіме!
Танымаса гауһар тас
Наданның пұрас көзіне,
Әңгіме дүкен жүргіздім
Ерлердің шыққан кезіне,
Тақыс болса табыңдар,
Бар болса міні алыңдар,
Ақылдың салған тезіне!
Бар болса айып көрмедім
Сөзімнен шыққан мінімді,
Бей айып Алла бір өзі,
Бенделер момын білуді,
Ажал келсе бендесі
Терең орға жығылды,
Кешіргейсің, жаппар хақ,
Алдамастан момынды
Айтып жүрсем шынымды!
Жаратып ең пенде ғып
Білесің өз сырымды,
Тағы айналып келгенше,
Саламат Сырды көргенше
Жаратқан Жаппар құдай-ай,
Сақтағын өзің шыбынды!
 
БИІККЕ ШЫҚСАҢ – БЕКІНГІН
 
Биікке шықсаң – бекінгін,
Селкеулік қылсаң секіртер,
Қатерлі тауда жүргендер
Қайрат қып бойын бекінтер.
Теңізге жүзбе үйір боп
Деміңді қысып кетілтер,
Наһанға салма қармақты
Қармақты жазып өкінтер.
Айдаһармен арбаспа
Алқымынан өтілтер,
Әдепсіз барсаң үлкенге
Аңсызда жаза жетілтер.
Құламас деп сенбеңіз,
Қумнан қазған құдықты
Жаңбырдың суы езілсе
Түбіне айдар жұлықты,
Құрдас деп үйір болмаңыз
Өзіңнен күшті ұлықты,
Қысымын қояр өткізіп
Ойласа қылар қылықты.
Ағайын-туған еліңе
Ақыл деп қылма қулықты.
Жақсының жолы сара-дүр
Жаманның жолы бүлікті.
Қарабайыр ат бақсаң
Әрі майлық сулық-ты.
Аға болмас демеңдер
Саһатты туған жігітті.
Ұстын болмас демеңдер
Шарбаққа шанышқан шыбықты,
Нақтыңды сатпа несиеге
Алғанша қашан ілік-ті,
Өз қолыңнан кеткен соң
Кісінің малы кілітті.
Су алмай шөлге шықпаңыз
Жауар сеніп бұлтты,
Су алмай шөлге шықсаңыз
Су таппай құрыр құлқының.
Жәннәттән кейін демеңіз
Жақсының дидар сықылын,
Ауам болып мән айтсаң
Ашылып қалар жыртығың,
Алымға мойынсұнбасаң
Мұсылман емес бір түгің!
Мүсәпірлік тартпасаң
Білмессің қадірін жұртыңның,
Сары жұлдыз туған соң
Басқаны зиян ұйқының.
Ет сіңірмей ұйықтасаң
Ебі кеп қалар дертіңнің.
Мың жылғы жасқа мезгегін,
Жақсы мен өткен бір күнің.
Сабындай болат найзаның,
Шамалы дәулет жылқының.
Маслихатпен іс тұтсаң,
Еліңнен қашпас бітірің.
Аш бөріден қашпаса,
Азабы қойдың көтінің.
Арпаның ұнын қам жесең,
Ажары сынар бетіңнің.
Алқымыңнан буынтар,
Ауыздан шыққан қотыр үн.
Көздің қыйын жоғынан,
Көкірегі надан соқырдың.
 
ӨЛШЕНІП БЕРГЕН ӨМІР БАР
 
Дүниеге мейман көңілім
Мақтансам дауа тілерсің,
Өлшеніп берген өмір бар
Уақытыңмен жүрерсің,
Кейбір күнде қапа боп,
Кейбір күнде күлерсің.
Бір қалыппен еш пенде
Бітіре алмас үдесін,
Көлеңкелі бұлттай,
Көшпелі болған дүниесің!
Ажал келсе жатқызар
Маңдайдан басқан ұйқыдай,
Пендені дәулет мас қылар
Қырауды кешкен жылқыдай,
Бауыры бүтін, басы есен
Сағынар сауық күлкіні-ай.
Қызықтырған түлкідей
Дүние өтер бір күні-ай
Бай кедейді есіркер
Қызметінде терлесе,
Ептеп кісі бай болмас
Маңдайға құдай бермесе,
Ақыретті кім ойлар
Ажал жетіп өлмесе.
Жырлағанмен не пайда?
Тыңдаушы баға бермесе,
Диқан тоймас жер десе,
Ер тілеуін береді
Ерте тұрып еңіресе!
Ұят беттің пердесі
Қымбатты ердің зердесі.
Майлықожа ақынның
Ыбырат қып айтқан термесі.
Құлақ салғын халайық,
Ақынның айтқан кебіне,
Қызығысып алғанша
Келмейді даусым ебіне.
Тақыс пейіл мінезі
Қарайды малдың көбіне,
Құда болсаң сараңмен
«Дүниені көп бер» деп
Қарамас қылған себіңе,
Жолдас болсаң жаманға
Тас тығып тұрар жеңіне,
Есіткен халқым бір аңсап
Сағынса екен мені де!
Мәһәлің қайтқан шағыңда
Шақырмаса қадірлеп
Қыдырып барма есікке.
Танысың берген аз олжа
Қосылмайды несіпке,
Жақыныңа жау болып
Құртамын деп өшікпе,
Кезек екі дүние
Тығамын деме тесікке!
Сырттың жалған өсегін
Өз көзіңмен көрмесең
Рас қой деп есітпе,
Қашқан жауға қатын ер,
Болатын істен кешікпе,
Сопы болма нәпсі үшін
Сәлдеңді тастап мешітке!
Дүние ескі көнеден,
Шамасын кім елеген?
Не жүйрік өтті дүниеден
Аузымен айды бөлеген
Не сыншы өтті дүниеден
Халықтың ісін шенеген,
Батыр да өтті дүниеден
Жауына қарсы оқ атып
Төрт қырлаған жебеден,
Тайсалмай жаумен егесіп
Найза өткерген көбеден,
Не дана өтті дүниеден
Ақылы дана көреген
Шығыспастан дүниеге
Аттанып бәрі жөнеген!
Асылық сөздің арты шақ,
Асылық қылсаң тұрмас бақ.
Орынсыз бекер іс қылар
Ақылы саяз ақымақ,
Батылдық пенен парасат
Теңдей боп келсе екі жақ,
Айласын істің таппайсың
Бірісіз болса, бірі тақ,
Шын жүйрік шұғыл басады
Ұзақ жолда жүріс ап,
Арам мен адал аңдысқан
Сұғанақ бірі, бірі-сақ!
Құлазыса қу дала
Жапанда жалғыз көрінер,
Лашын тисе топ үйрек
Көлден ұшқан бөлінер,
Қар бұлт қоршаса
Көктен жаңбыр төгілер,
Жалғызы өлген көп жылап
Қабырғасы сөгілер,
Жанашырың келгенде
Тоқтамай көңіл егілер,
Тарыға түскен ұзақша
Дән теріп жеп семірер,
Семіргені бейбаян-
Аш құс басын кемірер.
Көрінгенін молдалар
Кітапқа қарап айтады,
Саһар уақыт болғанда
Пәленің бәрі қайтады,
Көңілінде құдай жоқ адам
Күн шыққынша жатады,
Күн шыққынша жатқан соң
Шайтанға дінін сатады!
Тағат қылған пендесі
Сауапқа ақыр батады.
Бағасы кеткен жігіттің
Бетінен алар зайыбы,
Бір Алладан басқаның
Көп дүр қылған айыбы!
Тыңда, мұны әлеумет,
Үлкен-кіші ағалар,
Қайсыңда сенің сана бар?
Жақсы аттан жығылса
Жамандар тұрып табалар,
Кәрие қалды ақылдан,
Ендігі күнге кім жарар.
Қайырлы сақы қарамас
Өзінің артық-кеміне,
Тірлікте гауһарсың,
Өлгеннен соң мазарсың,
Біз түгіл өткен дүниеден
Патша болған Сүлеймен
Тілләдан соққан кебісін,
Қанағат қылып адал же
Құдайдың берген ырысын!
 
ДҮНИЕ, ДҮНИЕ –ДҮНИЕСІҢ
 
Дүние, дүние – дүниесің,
Несіне көңілім сүйінесің?
Жарықтың арты – қараңғы
Сүйінсең, бір күні күйінерсің,
Жағасы жоқ, жеңі жоқ
Бір көйлек ақыр киінесің,
Арпа сияр әр жерден
Көктей шаншыр инесін,
Балық құйрық дүниенің
Тұрмасын қолда білгейсің.
Бір атадан болсаң да,
Бір анадан тусаңда,
Әрқайсың әрбір үйдесің,
Бірің кедей, бірің бай
Әр қайсың әрбір күйдесің,
Бір-біріңе қас болып
Үрпитесің несіне
Желкеңнің бес күн шүйдесін?!
Атаның жүрген жолымен
Баласы неғып жүрмесін?!
Басыңа қиын іс түссе
Қай тақылет күйдесің?!
Бұйырған дәм татасыз,
Таусылған соң несібе
Ақырет барып жатасыз
Тіл жазығын кешіргей,
Пендесі бар ма қатасыз?!
Мына жалған дүниеде
Біреулер болды атасыз,
Біреулер болды анасыз
Біреулер болды ағасыз,
Біреудің жоқ інісі,
Қай жұмысқа бұйырар-
Алланың еріксіз бұл ісі!
Не бір жайсаң наһандар
Құлаған тайып табаннан,
Ұшқан құстай жүйріктер
Кейін қап жүр шабаннан,
Аз ғана терме қозғайын
Өткінші осы заманнан.
Адамзат мысал керуен
Қылатын аз күн серуен,
Уақыт күні біткен соң
Құтылған жоқ өлімнен
Еңбектің көр зейнетін
Мынау қысқа өмірден
Өлгеннен соң пайда жоқ
Алтын, күміс зеріңнен!
Не байлар өтті дүниеден
Жәһанға малы сия алмай,
Кедейге бір пұл қия алмай!
Кінәлі демде боламыз
Нәпсімізді тыя алмай,
Мекерлер жүр сабылып
Жер жүзін былғап шыға алмай!
Tек арасы тіреусіз
Аспан менен жер қандай!
Ауада үркер көп жұлдыз
Жыбырлап қарап тұрғандай,
Адамға раушан жарығы
Толған ай мен күн қандай!
Бағзылардың пейілі тар
Ашуы тез жылдамдай,
Неше әріпті жазады
Қолында қалам сызғандай.
Шаруаның көңілін құш қылар
Көгалға қонып көшкені,
Диқанның көңілін құш қылар
Дақылдың бітік өскені,
Нәубетшілді құш қылар
Деңгене болса жескені,
Шыдатпайды жігітті
Қыздың «мақұл» дескені,
Бар қызықты бәрһам қып
Пенденің талақ кешкені.
Дүние шіркін қандайсың
Ешкімге тоқтап қонбайсың,
Алдандырып дүниеге
Қайғы мен қамға молғайсың.
Кімді, дүние, жақтырдың?
Кімге опа таптардың?
Жолдас болған жақсыңа
Қаншалық нәрсе арттырдың?
Күйгенімнен қу дүние
Сені біраз хат қылдым!
Өлең сөзбен үлгі етіп,
Перзентім, әм әулетім
Сіздерге мұны тапсырдым.
 
ҚАС СҰҢҚАР ТАУДА ШАҚЫРАР
 
Қас сұңқар тауда шақырар
Шақырған даусын есітіп
Құзғын қарға бақырар
Екі көзі сұлудың
Айнадай боп жарқырар,
Бұл дүниенің қамы бар,
Өлім деген әлі бар
Ақылыңмен барласаң
Бар нәрсенің нарқы бар,
Арзан менен қымбаттың
Өзіне лайық парқы бар.
Бақылға миллион мал бітсе
Тойдым демес тарылар,
Шалқұйрықтың баласы
Сары қоңы тайып жануар
Ауыр жүктің астында
Созбұйда болып тарынар,
Қаздан басқа жемеген,
Қарғаны тоят демеген
Сулап ұшқан ақ сұңқар
Қолға түсіп қор болып
Тұғырыңда талпынар,
Дәулетіне мас болып
Зерлі байлар шалқынар,
Нарға ауыр жүк артып
Өрге тартсаң алқынар.
Қас сұлуда қал болар,
Аттың көркі жал болар,
Ақылым айран, дал болар,
Бір нәрсеге таңданар:
Құдай берген әр ердің
Өрісі тола мал болар,
Қызыл тиын таба алмай
Кедейлер жағы сандалар!
Білімді ердің белгісі
Өткізбей уақытын қамданар,
Арбалағанша алыстан
Жақын жерден дорбалар,
Жолбарыспен ойнаған
Бұғының қаны сорғалар,
Қарайғанда қармалар,
Сақсынып жүрген сауысқан
Қулықтың бәрін тауысқан
Ақ сұңқарға кез болса
Топ шеңгелді далдалар,
Жасыра алмай денесін
Арасында жорғалар.
Арғымақ аттың шабуы
Әрі мақпал, әрі жал,
Тілі шайпау қатындар
Болар депті ерте тұл,
Қапалық қара тұмандай,
Қуанышты көңіл, жазғы жыл,
Ашылған жайнап қызыл гүл,
Қурап тозып күл болар
Ақылың болса жыр таңдап
Насихат сөзді құлаққа іл,
Жаман сөз жанға пайдасыз,
Қор болмассың тыйсаң тіл!
Өкінішпен қайтпас өткен іс
Мейлің жыла, мейлің күл,
Мақал бар әуел қызмет қыл,
Қызмет қыл да, міндет қыл!
Жаманға ісің түспесін,
Жыласаң жақсы кешкейді,
Жаманды жан демейді,
Адам болар жігіттің
Етек-жеңі кең болар,
Қошқар болар қозының
Маңдайлары дөң болар,
Асыңды халықтан қызғансаң
Қызыл итке жем болар,
Дуалы ауыз жақсының
Айтқан сөзі ем болар,
Ата-анасыз жетімнің
Жүрегі шерлі дем болар.
Жасырып қолдың сынғанын
Сақтайтұғын жең болар,
Дәулеті қайтса бір ердің
Беті шарық көн болар,
Сұлу қызда мең болар,
Суықтарда сең болар,
Абыройы кеткен жан
Қара жермен тең болар
Жастықта көңілі мас болар
Дұшпаның қорқып пәс болар,
Қариялар өтсе дүниеден,
Қара жармен дос болар,
Азаматтан айрылсаң
Алатауың пәс болар,
Көкірегің қамығып
Көзіңнен аққан жас болар,
Қайғысыз ішкен қара су
Қарынға қорек ас болар,
Ынтымақ, үлгі кеткен соң
Аға мен іні қас болар
Үлкеннің сөзі ем болмас
Мейірі қайтып тас болар,
Қасірет қайғы өш болар.
ЖАЛҒАСЫ БАР

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған