Тәзкире-и Бұғра хан

Шейх хожа бәһау-ед-ддиннің шежіресі

Бисмиллаһ-ир рахман-ир рахим!

Рауаятшылар мен айтушылар aлтыншы бапта шейх Бәһауеддин әзиздің өмірбаянын әңгімелейді. Ол шейх дін мазһабының шырағы еді-дүр. Исламның және мұсылмандардың күні еді. Барша  дәруіштердің   көсемі   еді. Ол әзиз ғылым мәселесі мен абыройда, жұмсақтық пен жомарттықта   және ар-ұятта  әзіреті  Осман  мен  Әлиден кейін бұ әзиздің кезіне дейін  оған ұқсайтын ұлық жан келген емес. Сондай-ақ, мәлім болғандай, бұ әзизді  аталары  бес  жасында  мектепке  дүнияуи  ғылым  оқуға  берді.

Мектепте бұл әзизге дәруіштіктің қасиеті пайда болды. Сол тариқатпен мектепке барған күні молдалары әфтиектен бастап, әліпбиді тақтаға іліп қойды. Молдалар айтты: – Әй, балақай, «иә, Құдай, дең»,-деді. Бұ әзиз: – Иә, Аллаһ,-деді. – «Әлиф» дең,-деді. –  Әлиф,-деді. «Бе» дең,-деді. «Бе»,-деді. «Бе» дегені ұнады.  Молдалар айтты: – Әй, балақай,  асаулық  етпең, ғылым үйренушілерге асаулық қылған Құдайдың алдында [дәргейінде]  кәпір  болар. Өйткені, білім алу – барша мұсылмандарға парыз. Сондай-ақ,  Алланың Елшісі де айтқан: «Ғылымға талаптану барша мұсылман әйелдері мен ерлеріне парыз. Әрбір адам бұл парызды қабылдамай  жоққа  шығарса,  Алла тағаланың құзырында кәпір болмақ» деген, – деп насихат қылды. Бұдан соң молда айтты: – Балақай, мені кішкентай ғылым оқушысын керекетпейді деп күмәнданба. Кішкентайдың  немесе үлкеннің ғылым үйренуде ешқандай айырмасы жоқ. Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде: «Бесіктен  көрге шейін ғылым ізде»-депті.

[9-п.] [Молда] – Әй,  балақай, «бе» дең, – деді. Бұл әзиз немене деп  айтамын?» – деді. Молда қатты ашуланып, – Ей, бақытсыз, Құдайдың  алдында кәпір болдың,-деді. Сонда әзиз: – «Бе» демеген кәпір бола ма, Құдайды «екі» деп сенген  кісіден  хабарым  жоқ, -деді. Молда бұл сөзді естіп қайран қалды. Молда: – Әй, балақай, «бе» дегенмен Құдайды «екі» деген болар ма?-деді.

Сонда әзиз айтты: – Ақиқатта «бе»  деген – Құдайды «екі» деген  болар. Бірақ шариғатта олай емес,-деді. Тағы айтты: – Әй,  молда, «әліп» деген – «әбжәд» есебінде «бір» деген Құдайдың бірлігіне ишарат. «Бе» деген Құдайды «екі» деген болар. Құдайдың затына екілік симайды,-деді. [Одан соң] «Сондай-ақ, мақсатымыз – білім алудан, Алла – бір, оның  бірлігіне еш шүбә  жоқ. Кісіге ең әуелі сондай түсінік пайда болатын болса, оқып не қылалық?»-деді де орнынан тұрып, заттарын алды да түзге қарай бет алды. Бірнеше қадам жол жүргеннен кейін бір келбетті таза жан алдынан қарсы жолықты.

Әй, балақай, қайда барасың, қандай арманың бар ойлаған? Меніңше,  сен бір әйелге ғашық болып, соның отына күйіп, шыдай алмай  шыққансың-ау? – деді. Ұлық [бала]: – Ей, ата, қиялымдағыны жақсы таптың,-деді. Сонда ақсақал: – Әй, балақай, сүйіктіңнің атын маған айт, саған  рахым қылып, жағдайыңнан  хабардар болайын,-деді.  Ұлық: – Ей, пір, мені мектепке беріп еді. Әптиектен бастап, тақтаға әліпбиді іліп берді. [Сосын] «Әлип  де» деді. «Әлип» дедім. «Бе де» деді, «бе» дедім. Ойыма «бе» дегенді бекер айтқан болар: бірі – Құдай (Алла  тағала), тағы бірі «кім  екен?» деп тұр едім,  шайтан (лағнет  болғай!): «бірі – мен»,-деді. [10-п.]  Мен: «Әлиптің  махаббатына  зармын, «бе» дегеннен  безермін. Құдайды іздеп табудан үміттімін. Тауып, кездескенше сабырым жетпес»,- деп  жылап,  шығып  кеттім, -деді.  Пір:

Ей, балақай,  тоқта,  айтатұғұн  бірнеше сөзім бар. Сол сөзімді іске  асырсаң, Құдайды тауып аларсың. Сосын амал қылмасаң, жолыңнан  адасасың. Бұл шөлде бір бәлеге ұшырасасың. Өйткені, талай жұрт бұл  шөлде жолдан  адасып,  мақсатына жете алмай  бәлеге ұшыраған-ды. Және кішкентай  балаға  бұл  жолға жалғыз  кірмегі жақсы  болмас. Егер  біраз жолдың ішінде жүрсең, бұл жолдың ұрысы да, қарақшысы да бар. Қарақшысы – шайтан-дүр. Ол сені жоқ етуге  ниеті бар, байқауың  керек. Енді саған кеңесім мынау: біршама жерге дейін менімен бірге жүр. Топырақ басқан көзің махаббат дариясының суымен жуылып, тозаңы кетіп, нұрлансын. Шыдамсыз көңілің сұбхаттың қасиетінен  тынышталсын.

Содан  соң,  шайқастың  жарағын  қолыңа  алып, қай жерге барсаң да дұшпан  саған зиян  тигізе  алмас.  Өйткені,  соғыстың  жарағы  адамның  қолында  болса, дұшпан  қарсы  шыға  алмайды,-деді.

Пірдің бұл  сөзі  жастың  көкейіне  қонды. Бұл  пірмен жолдас болды. Сөйтіп, бұл ер жігіт отыз алты жыл пірмен бірге болды. Бұл  пір  ер жігітті  тәрбиелеп, кемелге жеткізді. Бұл  ер жігіт  пірден сұрады: – Әй, пір, маған бұл кемелдіктің бағы қайдан мүмкін болды. Әзіретілері кім болды? Қасиетті есімдері [есім шәрифлері] кім  екен?

Пір [айтты]: – Әй, балақай, бақтың миуасының егесін сұрама, мен  сондай кісімін, жүз-мыңдаған сізге ұқсас жолдан адасқандарды  [Құдайдың дәргейіне лайық халқына] және Құдайдың махаббатына күйгендерді, жетім балаларды адасудан құтқарып, Құдайдың жолына жақындату бағытын көрсетіп, мақсатына жеткізе-дүрмін. Енді сенің жұмысыңыз аяқталды, қайда  қаласаңыз  барыңыз,- деді.

Хожа Бәһауед-динге әзірет Хожа «зенде делан[1]», яғни Қызыр пайғамбар екендігі мәлім  болды.

Бұларға барлық кемелдіктер осылардан болып жүргендігін білмей [11-п.] сөйлегендеріне ұялып, бұл әзизге барлығы да сәлем берді. Бұл әзиз әлик  алып орнынан тұрып, бұ халықпен көрісті. Бұ әзиз мектепке кірген  [сәтте] барлық халық ұлықтың аяғына жығылып: – Ей, мәртебелі, біз бұ  дүниеге былғанып едік, бәленің ішінде қалып едік. Біздің  өлкемізде ешкім жоқ еді – бізді  бұ  дүниенің  тұтқынынан  алып,  Құдай  тағаланың жолына салғай. Әл-Хамдуллаһ әзіреттері [ұстаған] өз ілтипаттарымен бірге бұл тілекте  жүрген  халықты арыз-армандарына жеткізер болғай, бұл халық әзіретітерге қол беріп, тәубәға бел буып, әзіреттердің дәнекерлігімен мәңгі  баққа және мәңгі бақытқа жетсе, [Сөйтіп] Құдайдың алдына осы халқың танылса,-деп  арыз  айтты.

Сонда шейх: «Әй, достарым, тариқатымда[2] мүрид[3] алу дәстүрі жоқ, маған  рұхсат та жоқ»,-деді  Сонда   халық:«Әй, ұлық, ондай болса не деп кеңес бересіз?» Ол әзиз:«Әй, жарандар,  бұлістімедресседебәрімізбіргеАлла тағалағақұлшылықетуарқылыатқарайық»,-деді. Халайыққабылалды.

Содан қырық құжыралық [бөлме] медресе салды. Әр бөлмеде төрт  кісі  ғибадат  етуге  кірісті.  Сол  уақытта  бұ  әзиз  қырық жасқа толған-ды.  Бұ  әзиз құлшылық етіп, бір жерде отырып, су мен тағамнан сақтанып жүз  жасқа толған болатын. Cөйтіп, құлшылықтарын орындап еді. Бұл әзиз ұдайы: «Құдайды көрдім, өз көзіменен», – дейтін.  Сол сөз ел  арасына да  тараған-ды. «Бұл сөз шейхтан шыққан, Құдайдың көзі бар деген кісі кәпір болады. Бұл шейх та кәпір болған», – деп қазыға алып бармақшы болды.

Ел ішіндегі ғалымдардың бірі: «Әй, достар, шейхті жайына қалдырып, бұл сөздің себебін одан  сұраңдар», – деді. Оның  сөзіне зер салмай  жатып сотқа алып бару болмас. [12-п.] Бәлкім, бұл  әзиз сөздің мәнін ұға алатұғын дәрежеге жеткен шығар.  Онда біз білместікке салып, оны қорлаған болып, бір бәлеге ілігерміз. Сол  үшін де әулиеге әбестік іс қылудың кесірінен нәпсісін күйдіретін отқа ұмтылғандай бәріміз күйіп күл болармыз»,-деді.

Бұл әңгіме бүкіл жамағатқа мақұл естілді. Бәрі кешірім сұрады. Сол күні бір кісі батылданып шейхтен: «Көрдім мен Құдайымды көзімен» деген сөздің шынайы мағынасын бізге баян қылсаңдар; өйткені, сіздей ұлық әзіреті дәруіштен біз ақиқатын естуге  тиіспіз»,- деді. Шейх Алланың  пәк жаны: «Есіткен қашан көргендей болар. Маған ұқсай көрсең білер едің, саған айтып қалай дұрысын ұқтырайын, сабыр қылғай, таңда жауабын естір болар»,-деді. Әлгі кісі тағы да жұлқына: «Шешімін айтсаңыз екен»,-деді. Әзіреті Бәһауеддин:

«Сабыр қылың, таңда жауабын  айтайын»,-деді. Ертеңіне шаһардың ұлы-кішісі жиылып, бұл сөздің сырын білуге шейхтың алдына барды. Әзіреті  Хожа Баһауед-дин жамағаттың алдына шығып, хан қасына кіруді бұйырып,  барлығын төрге отырғызып, өзі босағаға жайласты. Сол кезде бұршақ (тағамға қосатын дақыл) толы қамыр көже табақпен топтың алдына тартылды. Шейх көжеге назар салды. Қамыр көже бұл топтың көзіне алтын  теңгедей  көрінді. Бұршақтары меруерт болып көрінді. Адамдар бір-бірінің бетіне  қарап «ғажап жағдай ғой» деп қайран қалды. Тағы бір көз жібергенде қамыр көже салынған табақтар көл болып көрінді. Адамдар суға  шомылып  жүрген-ді.

Бұл жиында ел ұлықтың кереметтерін көріп бір-біріне: «Әй,  достар,  бұл сиқыр жасаған кісі емес екен. Ұлықтың қасынан аман-есен шығып кету үшін сұрайтын сұрақтарыңды сұраған болсаң, пәлен кісі айтқан екен  деп, бәріміз  отына күйіп кетпес үшін бәлесінен аулақ болайық», – деді.

[13-п.] Көпшілік тағамдарын жеп болып, дұға-тәкбірден кейін шейх сөз  бастады: – Әй, достарым, ол сөздің жауабын айтайын. Хабардар болыңдар, адамзаттың алты мәртебесі бар. Әуелгісі – жоқ; екінші мәртебесі – анасының құрсағында тұрғаны; үшінші мәртебесі – дүниеге келген күні; төртінші мәртебесі – балалық кезеңі, бесінші мәртебесі – ержеткендік; алтыншы мәртебесі – көрге бару. Мен пақыр пенде жоқ мәртебесінен өтіп, руханият мәртебесіне келіп, әруақтармен  бірге түсіп, кейбір рухани әлемге тиісті нәрселерді тұтып, неше жылды өткізіп, мақсатқа жетуде көретұғынды  көріп, жаңа мәртебеге барғанды армандап, бұл мақсатқа жетуге анамның құрсағынан ақиқат әлеміне жеттім. Алла тағала аштық мәртебеден бұл  мәртебеге жеткізді. Тоғыз ай анамның құрсағында суға малтып жаттым. Алла тағаладан арман еттім: Қашан бұл қараңғыхана қанағатынан шығып, «Бар» әлеміне қадам қоярмын деп; Кенет тоғыз ай да өтті. Алланың  әмірімен бұл әлемге келдім. Сол заман Құдайдың, ілтипат махаббат көзімен Алланы көрдім. Көңіл шаттығының асқақтауынан «Көрдім Құдайды өз көзімен, – деді. Өйткені менің өз жағдайымда Құдайды  көргеніне көзімнің қуаты жоқ еді. Болғанда да толыққанды емес-ті. [Хақ затын] таза өз көзімен көрдім. «Бұл сөзде – Құдайды жазғыру» дегенсіздер. Мен – Әй, Алла мені «бар болу» мәртебесінен артығырақ қылғайсың, сөйтіп, сенің зікіріңе тілім анық болғай  деп сұрадым. Бір жастан асып едім, анама сөз қаттым. Алланың құдіретімен ол [сөз] тіліме айқын болып, «Көрдім Құдайды Алланың көзімен», – дедім. Осы сөз тіліме оралды. Бұның бәрі Алланың қалауымен болды. [Бірақ] бұл «жетілмеген мәртебеден» деді.

Одан: «Әй, Алла, бұл пақыр пендеңді сөздің көркемдік мәртебесіне жеткіз. Бұл пақыр пендеңе барлық ғибадаттар парыз болса екен»,-деп тіледім. Өйткені, ержеткенше оған намаз, ораза, еш нәрсе парыз болмайды. Бұл әзиздің ержеткендігінен қылған ғибадаты бекер болар деді. Хақ субхан тағала өз ілтипаты, жомарттығы мен шешендік беріп, құлшылық пен ғибадатын парыз қылды. [14-п.] Барлық сопыларды таныды, – деп бұ халыққа жауап берді.

Одан кейін бар халық күйіне бір «аһ» тартты. Ауыздарынан бір от шықты. Іштері күйді. Сонда шейх: «…күйдірмең, азапқа салмаң, бұл  жақсы болмас», – деді. От өшті. Бар халық оны көріп, шейхқа «айыбымызды кешір», -деді. Шейх: «Әй, жарандар, шариғат үкімі қияметке шейін… Сіздерден көңілім ауырған жоқ, көңілдің кірін кетіру үшін сіздерге бұл хикаяны баяндадым. Одан соң бір-бірімізге жақын екендігіміз мәлім болсын», – деді.

Осы хикаяны шейхтан есіткеннен кейін [жұрт] сыртқа шықты. Шейх бұл халықтың артынан он екі қадам ұзап шықты. Дәруіштер: «Не себептен  жеті  қадам тысқары шықтыңыз?», – деп  сұрады. Шейх: «Жеті қадам алдыға шығып, он екі қадам жерге ұзап, қоштасу Пайғамбар сәлли Аллаһу ғалейһи-с саламнан сүннет қалған», – деді. Әзіреті шейх әзиздің жоғарыда айтқан сөзінің мәні  былай болған: «Халық хабардар болсын – адамзаттың «барлық» мәртебесін алып, әруақ әлеміне кіріп, ондағы нәрселерді білсін» деген дәруіштер: «Көрдім Алланы раббының көзімен» дегенде таң қалмас. Өйткені, бұл сипаттағы дәруіштерге Құдайдың ілтипатымен бірге бұ әлемде еш нәрсе құпия қалмас-ты. Сондай-ақ, бұл  халық шейхтің алдынан аман шыққанға Құдай жолына садақа айтты. Шейхті сот алдына алып барғызбаған кісіге көп алғыс айтты. Бұл әзиз сөзінің  жауабына орай естіген хикаямен – сөз өнеріне жеткенде барлық  мәртебелерді, сатыларды және өткен жолдарды саяхат қылып, мақсаттарына жеткендерін мәлім қылды. Алайда, бұл әзиз де сол уақытта «діңгек» мәртебесіне жетпеген-ді. Бұл жөнінде: «Діңгек болар мәртебеге жеткен дәруіш әр нәрсеге қарап көз салғанда Алладан бөлек нәрсе  көрмес-ті» деген аят бар. Бұл аятқа мазмұндас мына өлең жолы:

Сенген  дана  адам… [біледі],

Әр нәрсеге қарай қойса, Алланы көреді.

[15-п.] Құдайдың рахмет теңізіне шомылған дәруіштің назарына Алладан басқа не ілігер дейсің, ол дәруіш не үшін «Көрдім рәббін, рәббінің көзімен» демесін. […] айтыпты: «Он екі жыл бойы Құдайымның сөзі  тілімде болған-ды. Мен Құдайдың жұбанышымен сөйледім». Ендеше, әзіретіі Шейх Бәһауед-динның «Мен көрдім Алланы Алланың көзімен» дегені оныкі емес-тін. Бірақ Шейх Бәһауеддин он екі жыл осы мешіттің мінбесінде тұрып, он екі мың кісіні баққа  бөледі. Кемелге жеткізді. Бұдан басқа да отыз кісіні өз орнына орынбасарлық [халифа] мәртебесіне  жеткізді. Одан кейін бұл  ұлық халық арасынан шығып мешіттің [жанына] тұрды. Өзі күнде екі жарым мысқалдан аспайтын тағам жеді. Нәпсіні тазартты. Сөйтіп, ондажаннан бөлек қуат қалмады.

Жеті жыл осы тариқатпен тауқымет шегіп ұлы әулие болды. Құдай тағаланың ақиқатынан хабардар болды. Сенің халің бұл ұлықтардың алдында қоқым-қоқыстай да беделі жоқ. Олар тек дәруіштікті сөз қылды. Ал, кімде кім дәруіш болатұғын болса, бұл тариқатта тауқымет пен азап тартатындарға ишарат болған-ды.

Бір күні бұл әзиз мешітте отырған еді. әзіреті Зенде-делан Қызыр кіріп  келді. Бұл әзиз сәлем берді. Ол әзиз де «әлейк», – деді.  Сосын шейх: «Әй, жетекші  пір, әй, дана жан – Құдайдың пайғамбары,  бұл  пақырды мұнша ұзақ уақытқа тастап кеткеніңіздің себебі не? Сізден ажырап қалудың мұңы жанды оттай жағып, шыжғырды. Өзіңіз тәрбие беріп салған шаһарыңызды, шаһарыңыздың әскерін күйреттіңіз, бұл пақыр пенде құзырыңызға жету қиялымен  ішіне қан  толып, көзінен  ақты», – деп  айтты. Онда Хожа Қызыр: «Көріністе сізден бөлек едім, бірақ іштей сізге жолдас ем. Әй, перзент, уақыт тығыз, уақытты ғанибет санап  әңгімелесейік. Жол – жырақта, баспана күйреуде, бұл жолдың  бағытына  құт мекенде [16-п.] аялдап, мұсылмандарды тәрбиеледің. Әл-хәмдулла, сенің қадамың бұл  мұсылмандардың өркені болып, Құдайға жетті. Ендігі сөз – Мекке-Мұғазземеге барғаныңда. Онда көптеген данышпандар, бақытты жандар бар.  Өзің өз басыңмен Құдайға жете алмайсың. Бір таза жанның жолына  тоқтауың керек. Әйтпесе, Құдайға иман жолында кесірін тигізер»,-деп  әмір етті.

Бұл әзиз құп алды. Бір-біріне жолдас болып жолға шықты. Құдайдың  ілтипатымен  Меккеге келді. Бұл әзиз мұқтаж жүзін мұқтажсыз Құдайдың  дәргаһына қойды. Айқай салып: «Көрдім Алланы Алланың көзімен»,- деп  тәуап  қылды.

Қағбаны айналып жүргенде Меккеден дауыс шығып: «Әй, Баһауеддин, жақсы келдіңіз, Мекке – сіздіңкі», – деп сүйінші хабар айтты. Бұл әзиз тауаптан босаған соң, «Әл-һәмдулла, көңілдегі арманым орындалды»,-деп қуанды. Олардың  Меккеге  келгендерінен  халық үлкен қуанышта болды.

Әлқисса, бұл әзиз жиырма төрт жыл тұрып, тәфсірлік[4] дәріс оқыды. Бақытты жандарға «уәйістік» тариқатында ішкі түйсіктер ғылымынан алты жүз кісіні данышпан мәртебесіне жеткізді. Тоғыз жүз кісіні мағынауи ғылымдарға дайындады.  Бірақ осы жиырма жыл ішінде  қарапайым  халық   қатарында  жүрді.  Діңгек  болу  мәртебесіне  жеткенде  бұл  әзиз жеті жыл он күн діңгек болуында үш рет «миғраж»[5] болды. Пайғамбардан басқа, әзіреті сопылар сұлтаны – әзіреті сұлтан Бәйәзид  Бәстамидан  басқа  кісіге мұндай «миғраж» мүмкін болған емес-ті.

– Әй, дәруіш, әулиелер тауқымет пен азап арқылы ондай ұлық мәртебеге  жеткен-ді. Әй, дәруіш, бар ынтаңмен кешті күндізге, күндізді түнге ұластыра  отырып, аштық, сусыздықты өзіңе дағдыға айналдырып, бұл әзиз  жандардың  мәртебесіне жетуге тырысып, олардың алдында жоқ болып, Құдайға қауышқандардың қатарында болғайсың. Әй, достар, бәріміз Құдайдың  пендесі болғандықтан, ақырында Құдай жаққа барамыз. Күнә қылғандар тәуба жасауға тырысқандары жөн. Мынаны да білген жөн: бұл әзиз ғұмырында отыз екі кісіні өз орынбасары [халифа] етіп жеткізді. Өзі болса әзіреті Хожа [17-п.] Қызыр пайғамбардың тәрбиесінде кемелденді. Уәйістің тариқатында да болған-ды. Дәуіт пайғамбардың рухына да назар салған-ды бұл әзиз. Замана күз тоқсан еді. Бұл ғаламға дүниеге келіп, сексен жыл, он екі күн өмір кешті. Он үшінші күні бұл әзизге өлім хабары жетті. Бұл әзиз сол замат тұрып, дәретін жаңалап, екі рәкәт намазын өтеді. Намаздан кейін барлық  мүридтерін  жиып, ризалық  көңілдерін бөлісті. Мүридтері жылап: «Туған жерге келіп, көңілдегі шаһарға жетіп, Мекке Мұғазземеден сол жерге барарға, сондағы жерлестеріңмен ризаласып қалуға ұмтылмайсыз ба?», – деді. Онда ұлық күлді: «Әй, жарандар, бұл пақырың туған Отанға баруға ынта-ышқысымен асық. Бірақ негізгі Отан сіздер ойлаған жер емес. Бәлкім, Отан деп «ақыретті» айтамын. Мені осы мекенге аманатын сақтайтын аманатшы етіп қойған-ды. Аманатын саламат етіп сақтадым. Енді  кедергі қалмады. Аманатын  енді егесіне беремін. Оның үшін сіздерді шақырдым. Бұл аманатты қастарыңда [бұрын] қандай болса, сондай күйде сақтадым. [Ендіоны]қастарыңда бере-дүрмін.

Жетпіс мәртебе: «Ассалаум-а әлейк, йә, Расул-улла», – деді. Жиырма мәрте «Әй, Бар Құдая, илаһи, мен сенің қызметіңде тұрып неге әмір қылсаң, соны орындаймын», – деді. Сосын басын төмен салып, «мұрақебеге» барды. Сол мезетте жанын Хаққа тәсілім қылды. «Алла қалай айтады, сол кезде ораламыз» дегендей болды. Келбеті шырайлары өзгермеді. Ешбір мүшесі суымады.  Мүридтер «ұлық мұрақебеге барған» деп ойлады.

Бір мезгілден кейін қараса, бұл әзиз дүние салыпты. Мүридтер айқай салып жыласты. Мүридтердің құлағына бұл әзиздің мәйітінен: «Әй,жарандар, сабыр қылыңдар. Құдай Тағала сабыр қылушыларды дос тұтады» деген әуез келді. Мүридтер бұл әуезді естіп, жылағандарын тоқтатты. Күнде бұл әзиздің алдында айтатын зікірлерін кідіріп қалмасын деп, өздері мақұлдаған мүридті бұл әзиздің орнында халифа қылып, зікір ісіне кірісті.

[18-п.] Әзиз дүниеден өткен жерде отырған-ды. Мүридтер зікір айтып болған соң ресми түрде  бұл  әзизді  жерлеу туралы кеңесті. «Қандай бақытты жан бұл әзиздің сүйегіне кірер екен», – деп. Сонда Шейх Әли Мысыри – бұл  әзиздің ұлық мүриді [Алла тағала рухын шат қылғай]: «Бұл әзизден рұхсат  болмайынша кім бұл әзиздің мүбәрак мәйітіне жүзін салса, [оның] жазасы болар. Рұхсатсыз бұл әзиздің сүйегіне кіру мүбәрак тәнін  көрген болар»,– деді. Бұл әзизден: «Кімде-кімнің Бәһауеддиннің денесін көруге шыдамы болса, сол кісі кірсін! деп әуез келді. Бұл әуезді естіген мүридтерінің  көңілдерінде қорқыныш пайда болды. Шейх Әли, Ер Ахмет,  Шейх Әбу Жүсіп [Алла тағала жүздерін пәк қылғай] бұл төртеуі ғұсыл қылуға кірісті. Өйткені, әзиздің бұл төрт мүриді күндіз-түні ылғи бір сұхбаттас болып жүретін. Сондай-ақ, шейх тірі кезінде бұл төртеуіне бұйырған-ды. Бұл Әзизді ғұсыл қылып, ақырет кебін орап, жаназасын шығаруға намаз мекеніне алып  барды.  Елу мың  кісі бұл әзиздің намазын өтеділер. Содан соң бұ әзиздің табытын көтерейік деп тұрған-ды. Бір жақтан түйеге мінген жүзіне жамылғы жапқан бір жуан кісі пайда болды да, шейхтің жаназасын түйенің алдына өңгеріп жүріп кетті. Бірнеше мүридтері жүгіріп еді, жете алмады. Шейх Әзиз әулие бір қаршыға бейнесіне еніп, шейхтің соңынан ұшып барып, тау биігіне қонды. [Әзиз] шейх ӘлиМысыридіңкөріп: «РахметСізге, пірлік қызметін орындадыңыз. Мені өз қолыңызбен көрге жерлеңіз?» –деді. Шейх Әли Мысыри өз қолымен көрге жерледі. Шейх Әлиге түйеге мініп келіп, шейхтің жаназасын алып кеткен өзі екендігі мәлім болды. Өйткені, рухани діңгектер дүниеден өтсе, «Ләбан» тауында жататұғын. Бұл әзиз жаңа бір пірді  қаламағандықтан сол кейіпте түйеге мініп  келіп, өз сүйегін «Ләбан» тауына алып барған-ды. Екі күннен кейін шейх Әли Мысыри Меккеге –  мүридтерінің  жандарына барды.

[19-п.] Барлық жарандар мен мүридтер: «Әй, ұлық, шейхтің сүйегін жерлеп келдіңіз бе?», – деп сұрады. Бұл әзиз көрген, естігендерін бір-бірлеп баяндап берді. Мүридтердің бәрі де қуанып, Шейх Әли Мысыридің аяғына жығылып қошамет көрсетті. Мүридтердің өздері де көңілді болды. Сол кеште Шейх Бәһауеддиннің мүридтерінің бірі түс көрді. «Бұл ұлық ақ киім, ақ сәлдесімен рухани діңгектердің, көсемдердің ұлықтары болып барлық көсемдердің төрінде отыр екен. Мүридтері: «Әй, ұлық, Құдай  Тағала сізге  немене  тарту  етті?», – деп  сұрайды. Онда  Хожа  Бәһауеддин: «Айтып, дұрыс келіпсіз – маған Құдай Тағала рахым сыйлады. Әй, мүридтер, тірліктеріңде мен қылған істерді қылсаңдар, ақыретте мен жеткен баққа жетесіздер», – деп  кеңес берді. Мүридтердің бәріне айтқыл, шейх Әли Мысыриді ғанибет  білсін  де  орнымда соны  көрсінлер, оның айтқандарын  екі  етпеңдер.  Шейх Әли Мысыриден тәрбие алғандар Құдай Тағалаға жақындай түсетіні анық. Өйткені, Шейх Әли Мысыридің мәртебесі биік, одан ешкімнің хабары жоқ», – деді.

Бұл  мүрид оянып, түсін мүридтердің бәріне айтып  берді.  Барлығы  да  бірге жан-жүрегімен қабыл алды.

«Әй, дәруіш, ынта-ықыласпен Құдайдың  жадынан қапыл болма, бұл дүниеде істің абзалы – Құдайды еске алу, басқасы бекер болмақ. Илаһи, ғапыл болма, қалғандардың барлығына осы әзиздің пәк рухына, оның құрметіне өзіңнің зікіріне кіріскендей құлшыныс бергейсің. Аштық пен тоқтықта әр не берсең, сен берерсің. Біздей пасық, жаман пікірдегілерге берсең де ғажап емес». Әр істің дұрысын Алла біледі.

 Мәтінді көне түркі тілінен аударған: филология ғылымдарының кандидаты  Серікбай Қосан

[1]Зенде делан сопылық әдебиетте «сергектік, серілік» ұғымын білдірген.

[2]Тариқат – сопылық жол.

[3]Мүрид – шәкірт.

[4]Тәфсірлік дәріс – Құран аяттарын және басқа да ғылым пәндерін дұрыс ұғынып, түсініп оқу ілімі.

[5]Миғраж – рухани көк әлеміне көтерілу.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button