Тәзкире-и Бұғра хан

Хожа Әбу Нәсір Саманидің шежіресі

Бисмиллаһ-ир рахман-ир рахим!

Бұл бапта Хожа Әбу Нәсір Саманидың шежірелерін [тәзкирелері] баян қыла-дүр. Бұларда Құдайдың мейір-нұры көрініп тұратын. Құранды өте әуенді оқитын, сондай-ақ патшалық салтанатты әбден білетін һәм ислам шариғатын тарататын. Бұл әзиз кемелдікте, әдепте, мейірбандықта, сөз сөйлеуде, дүниеуи және рухани ғылымда шариғаттың үкімін қабылдауда жетік әрі мұқият болатын. [Ол] бұл дүниеге келгеннен өлгенше бірде-бір сөзі, не бірде-бір ісі шариғатқа қарсы болған емес-ті. Бұл әзиз бастапқы кездерде, яғни, әулие болмас бұрын Алланың пайғамбарының сүннетін ұстанып саудагерлікпен айналысты. Басқа саудагерлер сияқты нәпсісінің күйіне қарап саудагерлік жасамайтын.  Бәлкім,  пұл-мал  тауып,  Құдайдың  жолына арнап пенделерге зекет беріп – «зекеттің сауабынан махрұм қалмайын» деп саудагерлікпен айналысатын. Бір күні мүридлері: «Әй, ұлық, қанша жылыңды өткізіп, не үшін саудагерлікпен айналыстың», –деп сауал қылды. Әзіреті Хожа Әбу Нәсір Самани: «Әй, мүридтер, құп айтасызлар, менің ұстанымым – пайғамбардың (ғ.с.) жақсы сүннеттерін тәркі етуді қаламадым. Ол ұлық айтқан:«Сапарға шыққанымда, Отанда жүргенде мұсылманға зекет беріп, пайдамды тигізіп тұратұғынмын, егер саудагершілікті тәрк етсем, зекеттің  сауабынан махрұм қалар едім» деген.

– Әй, мүрид, мен бұл былай естігемін Пайғамбар (с.ғ.с.) Мүбәрак мешітінде отырған екен, бірнеше сахаба кіріп келді де: «Әй, Алланың Расулы, өзгелеріңіз зекеттің сауабын аласыз. Біз намұрат[1] беретін пұлымыз жоқтығынан зекеттің сауабынан да махрұм қаламыз. Зекеттің сауабын алатын бір жұмыс бұйырыңыз, соны етелік деп арыз қылды.

Пайғамбар (с.ғ.с.): «Әй, намұрат сахабаларым, күнде таңғы намазда парыз рәкәтін өтеп болғаннан кейін отыз үш рет субһану Алла, отыз үш рет әлхәмдулилла, отыз үш рет Аллаһу әкбәр, бір рет-лә-илаһа-илла-Аллаһ уәхдуһу лә шәрик лә-әлә-л мүлүк уә лә-әл хәмд уә һәдә әла кулла шәй-ән қадир десеңдер зекет бергеннің сауабын табасыз» деп бұйырды, бұл намұрат сахабалар қатты қуанып қалды. / Сол күннен бастап таңғы [31-п.] намаздан соңынан бұл зікірді оқыды. Неше күннен кейін ауқатты бай сахабалар да естіп олар да оқуға кірісті. Бұл намұрат сахаба тағы пайғамбарға (ғ.с.) қасына барып: «Әй, Пайғамбар бай сахабалар да біз оқыған дұғаны оқып, оның да сауабын алуда» деп арыз айтты. Онда Пайғамбар (ғ.с.): «Құдай Тағала зекеттің сауабын қалаған пендесіне берер. Мен не айтайын», – деп жауап берді. Осыған қарағанда зекетте шексіз сауап бар екен. Сондықтан мен саудагершілікті тәркі қылмадым», – деді.

Анығы Хожа Әбу Нәсір Самани сапарға шыққанда асқан қайырымды және жомарт болып халыққа ас беретін, Отанында тұрғанда тақуалықта қиындық тартып,  құлшылық еткендерін ауызға алып, айтқан емес-ті. Әр кеште Құранды бастан-аяқ бір оқып шығатын. Бес рет дәрет алып, әр ретке «Ясин» сүресін оқып, отыз екі рәкәт намаз оқитын. Кеш сайын  орындайтын  құлшылықтарының  бірі  былай-ды. Бір  күні  Әзіреті  Хожа  Әбу Нәсір Самани сапарға  баруға әзірленді. Бір түні  жатып  түс  көрді.  Онда әзіреті Пайғамбар: «Әй, Хожа Әбу Нәсір Самани, бұл кез сапарға  бармаң. Баратын кезіңде мен сізге рұхсат беремін», – деді. Сонда Хожа  Әбу Нәсір Самани: «Әй, Алланың елшісі сапарға  барғанды  тоқтаттым», – деп жан-жүрегімен қабыл алды.

Алты жылдан кейін бір күні тағы түс   көрді. Пайғамбар (ғ.с.):  «Әй,  Хожа Әбу  Нәсір Самани енді сапар  шегетін   кез болды.  Түркістан жаққа  сапар қыл. Түркістанда бір бағы мол пенде бар. Ол – менің бақытты  үмметім, бірақ кәпір кейпінде жүр. Оның мүбәрак қадірлі есімі Сұлтан  Сатұқ Бұғра хан ғазы аталады. Сондай-ақ, мен Миғражға шыққан түні  ғарыштың түбінде бір тақ көрдім. Төбесінде осы үмметімнің рухы отыр. Сенің рухың сол үмметімнің рухына Имани әл-Құранды үйретіп отыр  екен.  Көріп таң қалып: «Бұл қандай рух?» деп / досым Жебірейілден (ғ.с.) сұрадым. Әзіреті Жебірейіл /ғ.с./: «Құранды үйретіп отырған рух барып ол  рухты мұсылман қылғаннан кейін Түркістан өлкесінің халқын осы рух  мұсылман  қылып, шексіз  адамдарды  иманға  бөлейді» деді.. Әзіреті Хожа Әбу Нәсір Самани қуанып, шабыттанды. Құдай Тағалаға көп шүкір етіп, әзіреті Пайғамбарға шексіз сәлем берді.

Тағы алты жыл тақуалықта болып, әзіреті Пайғамбарлардың (с.ғ.с.) пәк рухынан медет тауып күнде бір рет  кездесіп тұратын.  Бір күні әзіреті Хожа Әбу Нәсір Самани «әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы жоғары әлемнен төменгі әлемге бар  болды ма екен,  оны  іздеп барсам  ба  екен?» деп отырғанда көздері ұйқыға кетті. Түсінде Құдайдың Елшісін көрді. Алланың Елшісі: «Әй, Хожа Әбу Нәсір Самани, құт болсын, ол шаһбаз[2] дүниеге келді, іздеп бар»-деп, сүйінші хабар берді. Сол заман  Хожа Әбу Нәсір Самани өте көңілді болып оянды. Хожа Әбу-л Фәттаһты жолдас қылып, Түркістан жаққа жолға шықты. Қаладан қалаға жүріп, «әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы атты ұлық бар ма екен?» деп сұрастырып,  Андижанға келді. Онда бір кісі: «Қашқар төресінің бір ұлы бар аты   Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы, бірақ ол кішкене бала, сенің сөзіңе жауап берер шамасы жоқ» деп хабар берді. Онда Хожа Әбу Нәсір Самани: «Оның кішілігінің маған қатысы жоқ. Менің өзімен ісім бар», – деді.

Үш  жүз керуенмен сол  әзизді  мұсылман етуге  Қашқар  жаққа бет алды. Неше күннен кейін Қашқарға келді. Әзіреті Сұлтанды тауып, айтатұғын сөздерін айтып, айтатұғын насихаттарын айтып, иманға  келтірді. Бұл сөздің баяны әзіреті Сатұқ Бұғра хан ғазының көңіліне қонды.

Өйткені, әзіреті Хожа Әбу Нәсір Самани жетпіс жыл тақуалық тауқыметпен Құдай Тағалаға құлшылығының арқасында адасып жүрген халықты иманға келтірді. Құдай тағаланың дәргаһына бір кісіні иманға келтіргеннен ұлық құлшылық пен ғибадат жоқ. Әзіреті Хожа Әбу Нәсір Самани неше жыл құлшылық пен ғибадат қылып, соңында шапағатына   бөленді. Сондай-ақ, әзіреті  Хожа Әбу Нәсір Самани әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазымен кездескеннен кейін он екі жыл Құдайдың құлшылығы мен ғибадатына кірісіп, әзіреті падишаны тәрбиелеп кемелге жеткізді.  Әзіреті Хожа Әбу Нәсір Самани сексен жыл өмір сүрді. Құдай Тағалаға құлшылық пен ғибадат қылды. Кешті таңға, таңды кешке ұластырып намазбен, оразамен өмірін өткізді. Тағы мың кісіні мұсылман қылды. Жетпіс кісіні тәрбиелеп, кемелге жеткізді. Елу кісіні оқытып ғалым қылды. Жалпы әзіреті Хожа Әбу Нәсір Самани сексен жыл өмірін тұтастай Құдайға құлшылықпен өткізді.

Үңгір досы, яғни әзіреті Әмір-әл Мүминин Әбубәкір Сыдықтан [Алла  оған  разы  болғай] тәрбие алып, уәйіс[3] болды. Әзіреті Жақып пайғамбар өмір бойы ұдайы жылап өтті. «Әй, дәруіш, мынаны білгін, көңіліңді аспандай биік тұтпа, ол тәкаппарлығың перде болып,  Құдайдың жалынын көре алмассың. Құдайдың сырынан хабардар бола алмассың. Сондықтан бұл пердеден аулақ болып, Құдайдың жалынын көруге тырысып жүр».

Мынандай бір рауаят бар: Хожа Әбу Нәсір Саманидың үйлері  Мәдинеде болған. Пайғамбардың (ғ.с.) рухынан рұқсат алып, Қашқар жаққа сапар шеккен. Киелі әлем уәйіс болып, ұлықтардың рухтарын  бастап келді. Олар жалпы жетпіс ұлықты ертіп келген. Еш қайсысы   әзіреті Хожа Әбу Нәсір Саманиге қол берген емес-ті. Бірақ, тариқатқа  ләзім нәрселерді үйрету қажет іс. Бұ жетпіс  кісінің арасында әзіреті Шейх Нәжм-ед-дин Аттар болды. Хожа Әбу Нәсір Саманиге:«Сізге Құдайдың әмірімен рухыңызды әулиелердің қасына апарарда мұндай азап   көрмейсіз. Өйткені, Алланың әулиелері Құдайдың жамалын арман етеді. Тәнмен ісі болмайды»,-деді. Сонда ол: «Менің де көздегенім осы еді. Хош келдіңіз. Аманатты алуға кірісіңдер», -деп жанын Хаққа тапсырды.  Бір сағаттан кейін қызметшілерден біреуі келіп қараса, әзіреті Хожа Әбу Нәсір Саманидың жүзіне бетперде тартып, құбылаға бетін қаратып, мәйітін  ұзынынан жатқызыпты. Бұл қызметші қайран қалды. «Ешқашан мәйіт ұзыннан жатпайтын. Ешқашан мұндай  бойын көрсете жатпайтын-ды» деп, бір мезгіл  аялдап қалды. Дүниеден өтіпті. Қызметшілер арасында қиқу сөз болды. Болған жағдайды Хожа Әбу-л Фәттаһке, Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазыға хабар берді. Сонда мүридтердің бірі әзіреті Сұлтаннан: «Әй, әлем патшасы, бұл әзизді кім жуып, ғұсыл  дәрет қылды екен?», –  деп  сұрады.

Әзіреті падиша:«Өздері біледі»,- деді. Әзіреті Хожа Әбу Нәсір Саманидың мәйітіне кіріп, жанында отырып: «Әй, мүбәрак ұлық әзіреті, жылдар бойы Құдай тағаланың ғибадатында күтімде болған тәніңді кім ғұсыл берер екен?»,- деп сауал қылды. Бұл әзиздің кеудесінен: «Нәжмед-дин мен перзентім жусын»,-деп әуез келді. Әзіреті патшаға да анық болды. Өйткені мен де перзентімін. Мені де қосты деп қуанды. Сөйтіп, әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы, шейх Нәжм-еддин Аттар, Хожа Әбу-л Фәттаһ бұл  үшеуі  Хожа Әбу Нәсір Саманиды  ғұсыл  қылды. Хожа Әбу-л Фәттаһ су құйып тұрды. Шейх Нәжм-еддин Аттар су тасып берді. Әзіреті Сұлтан жуындырды. Бұл әзиздің жаназасын ұлықтап, барлық халық көтеріп,  намаз орнына алып барды. Қарапайым жұрттан он жеті мың кісі, дәруіштерден мың кісі намазға тұрды.  Намазын  өтеп,  артынша  Мешһед деген кентте жерленді. Бұл әзиз дүниеден өткенде тарихта үш  жүз елу[4] [жыл] еді. Оны жерлеген кешкісін ғазылардың[5] бірі түс көрді. Түсінде бұл әзиз атқа мініп, ақ сәлде киіп тұр екен. Ол  ғазауатқа  шықса, осылайша шығатын.

Бұл ғазы: «Әй, ұлық, Құдай тағала Сізге не зат тарту етті?», – деп сауал қылды. Бұл Хожа: «Ұжмақтың төрінен маған орын берді»,- деді. Ғазы: «Құдай Тағала ақыретте не берді?»- деді. Онда Хожа:«Әй, ғазы, Кербалада шаһид болған халықтың мәртебесін берді»,- деді. Әрі: «Әй, ғазы, мен ілгеріде өткен ғазылар жолымен  ғазауат  қылғаным үшін Құдай Тағала осы биік дәулетке жеткізді. Сенде менің жолыммен ғазауат қылсаң, мен тапқан дәулетке кенелесің»,- деді. Тағы да:«Әй, ғазы, менің мүридтеріме айт, Алла жолында ғазы болғандар он  әулиенің  мәртебесіне ие болады»,- деді.

Иллаһи, осы ғазылардың әруақтарының Хаққа құрметі үшін барлық   күнәһар пенделеріңнің күнәсінен кешіп, арылып, қияметте жамалыңа жеткізгейсің. Дұрысын Алла біледі!

 

Мәтінді көне түркі тілінен аударған

филология ғылымдарының кандидаты  Серікбай ҚОСАН

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған