Тәзкире-и Бұғра хан

Шейх ғұлама құтыбаз шежіресі

Бисмиллаһ-ир рахман-ир рахим!

Жетінші бөлімде ғұлама зікірпаз шейхтің тәзкире естеліктері, барлық хал-ахуалы, зікірлері баяндалады. Бұндағы «құтыбаз» деудің мән-жайы бар.

Қашанда дәруіштік мәртебесінде бір қиындыққа тап келсе, құтының ауызын ашып, назар қылған заманда істері оңайлана бастайды. Осы тұрғыдан машайхтар бұл әзизді «құтыбаз дәруіш» дейтін. Бірақ бұл әзиз барлық жағдайда бір қалыпта болатын. Ол жақсы іс жасауда, керемет көрсетуде, мақамда, мәртебеде, жомарттықта теңдессіз еді. Ол әр жағдайда тыныш күйде болатын. Дүниенің барлық қызықтарынан аулақ жүріп қанағатта күй кешкен. Бұлардың ешкімге қажеті жоқ-ты. Ешкімге пайдасы да жоқ-тұғын. Отыз алты жасында үшбу сипатта болатын. Сондай-ақ кереметтері сондай ғажап болатын. Әр нәрсені қалап назар салса, ол нәрсе оның қалағанындай болатын. Бір күні ғибадатханада отыр еді. Шабыты өрши түсті. Сол заманда орнынан тұрып жүре-жүре семағ[1] қылып естен танған-ды.

Әзіреті Мұсаның қолында бір алтын құтысы бар-ды. «Әй, ғұлама ғалым, хабардар болғай, бұл қолымда қарапайым бір құты бардай, бірақ оның ішінде ақиқаттың сырлары, халықтың қазынасы бар. Ұзақ уақыт көп тауқымет, азап тартып жүріп, бұл құтыны қолға түсірдім. Бұл әлемдегі, аспандағы, әруақ әлеміндегі нәрселер осы құтының ішінде бар. Әзіреті Сүлеймен жүзігінің қасиеті арқылы бұл әлемнің қасиеті мен патшалығы үшін бейтаныс, алыстағы жын патшалығын билесе менің басыма қиындық туғанда бұл құтының ауызын аша қалсам болғаны, ол ауыртпалық жеңілдене түсетін еді, тіпті, Құдай Тағаланың дәргаһына сырласуға барған кезде де бұл құтының ауызын ашып пал қарайтын едім. Құдайдың достарының еш қайсысына бұл құты нәсіп болған емес. Әй, перзент, әр іске қадам бассаң, кереметтерін көрерсің, әрі жалған дүниенің патшалығында қызметте болғаныңда халықтың мұң-мұқтажын патшаға жеткізіп тұр. Кедей-кепшік халыққа пайдаңды тигізе жүр», – деп, құтыны бұл әзиздің қолына берді. Оянып бір қараса, қолында  құты бар. Қатты  қуанып, орнынан тұрып, ғұсыл дәрет алды, екі рәкәт намаз өтеді. Намаздан кейін басын сәждеге қойып: «Әй, Алла, пайғамбарға берген құтыны маған бердің, мендей күнәһар әрі әлсіз пақыр пендең бұндай ұлы баққа лайықты емес-ті. Бұл баққа лайық қызмет жасай алармын ба, әлде атқара алмаймын ба» деп мінәжат қылып тұрып айтты.

Ғайыптан әуез келді: «Көтергін», – деді. Бұл ұлық қуанып, басын көтерді. Сол замат: «Бұл әлемдегі барлық мағыналар маған мәлім болады» дегені есіне түсті. Құтыны қолына алып, ауызын ашайын деді. «Әй, ғұлама, Құдайдың дергаһына бұл баққа жеттің, қандай құлшылық еттің? Алла әулиелері жылдар бойы тауқымет тартып, Құдайға қауышпақ. Бірақ мың әулиеден бірі бұл құтыға қол жеткізе алған» деп өзіне-өзі насихат етіп айтқан-ды.

[Ол] Құдайдың құлшылығына кірісіп, зар етумен бірге он екі жыл Құдайға құлшылық етті. Тағы басын сәждеге қойып: «Әй, Алла, бұл халық атымды «ғұлама ғалым» деп қойыпты. Ғұлама ғалымның мағынасы «бәр нәрсені білуші» деген болар. Мен өзі қарапайым түрікпін. Мені ғұлама ғалым десе ызаға ұшырармын. Құдай өз ілтипатыңа бөлеп ғұлама ғалымға лайық ғылым бергейсің. Егер де ғылым бермесең, бұл әлемнен көтергейсің. Өйткені, халық ішінде ызаға ұшырап жүруге шыдамым жоқ», – деп мінәжат қылды.

Ғайыптан: «Әй, ғұлама ғалым, барлық ғылым сенде тұрғанда неге менен ғылым талап етесің?» деген әуез келді. Бұл әзиз қуанып, кенет: «Егер Құдай Тағала маған ғылым берсе, бұл ғылымды Құдайдың еш бір пендесінен аянбас болар ем» деп ниет қылды. Қайтадан құтыны қолына алды. Әзіреті Мұса пайғамбардың пәк рухынан медет тілеп, бұл құтының ауызын ашты. Бұл құтының ішіне қарады. Лезде көңілінде бір жеңілдік жарқ ете пайда болды. Ғажайып таң-тамашаларды көрді. Құранды ашып, оқып қараса, бір нүктесі қалмай барлық мән-мағынасымен айқын болды.  Бұл әзиз Құдайға өте-мөте шүкір айтып мадақтады.

Әлқисса, он екі жыл аяқталғаннан кейін ғылым табу үшін құтының ауызын ашты. Мәңгі дәулет, мәңгілік бақытқа кенелді. Әулие Алланың дін  жолында көп машақатты іске кірісті. Бұл әзиз құтының қасиетінен кемелге жетті. Алайда, анығы бұл әзизге Мұса пайғамбар: «Дүниеуи патшаның қызметінде болып халыққа пайдаңды тигіз», – деп бұйырады. Бұл әзиз әзіреті Мұсаның әмірлерін ұстанып, ойланып отырып, патшаның қызметінде болуды шешті. Содан соң бұл әзиз патшаның ордасына барып, бір шетінде құбыла жаққа қарап отырды. Патша да ішкі түйсігі бар адам-ды. Құдайдың бір досы келіп отырғанын білді. Патша кенет арнайы сарайынан шығып, жан-жаққа қарады, барлық жақсы мен жайсаңдар, әмірлер отырған-ды. Бұл әзизді көріп ғашық болды. Патшаның көңілінде бір от пайда болды. Патша жүгіріп бұл әзиздің жанына барды. Қолдарынан ұстап, патша сарайға алып кірді. Тақтың үстіне отырғызды. Сосын: «Әй, ұлық, сіз тақта отырып патша болсаңыз, мен сізге қызмет қылайын», – деп патша болуына ұсыныс жасады.

Сонда бұл әзиз: «Әй, патша, сіздей патшаның мәртебесі тақта отырып, аспанның мәртебесін пәс қылмақ. Мендей пақырдың мәртебесі [оның] алдында тұрып қызмет жасау. Сіздей падишаға кедейлік лайық болмас. Мендей пақырға патшалық лайық емес. Оған пақырдың қандай хақы бар, әзіретке ұқсап патша тағында отырғандай» деп [патшаның ұсынысын] қабыл алмады. Әрі бұл әзиз: «Әй, патша, сізден қалауым – мені өзіңізге жақын қызметке қабылдап, дәулетіңіздің саясынан жай беріп, қарапайым халыққа жаман көрінетұғын қатаң мансап берің», – деп өтінді. Патша бұл әзиздің бұ сөзін естіп, қайран қалып:

«Әй, ұлық бұнша ұлы мәртебелі бола тұра мендей күнәһар дүниеуи патшаның қызметінде болып, халықтың арасында жаман көрінетін мансапты таңдауыңыздың қандай себебі бар екен?» – деп сұрады. Бұл әзиз: «Әй, патша, мен өз қалауыммен сіздің қызметіңізде болуды таңдамадым. Бәлкім, пайғамбар Мұсаның бұйрығымен сіздің қызметіңізде болуды таңдадым. Менің өз қалауымда болған болса, һәр кез сіздің ісіңізге қызмет жасаймын ба, ол – белгісіз. Маған сіздің қызметте болуды бұйырғанда неменесі бар екен? Халықтың арасында жаман көрінетұғын іске бұйырып сынамақ [емтихан] болған шығар», – деді.

Патша бұл сөзін естіп қатты қуанды. Патша: «Әй, ұлық, бұл жайында менде билік жоқ. Сіздей ұлық әзіреттің менің қызметімде болуын қабыл қылған дәулет пен тағдырымның хоштығына Құдайға шексіз шүкір қыламын. Қай мансапты өзіңнің абыройыңның ыңғайына лайық деп білсеңіз, сол мансапты таңдауына болады», – деді.

Бұл әзиз патшаның есігінде жасауыл қызметінде болуды таңдады. Патшаға солай қызметке кірісті. Күндіз-түні, әр бір сәтте патшаның есігінен жырақ болмады. Мақсаты патшаға қызмет қылу емес-ті. Бәлкім, мен бір сәтке патша есігінен жырақ қалсам, кедей-кепшік халықтың зарына жетісе алмай ұят болар ма екен деп, бұл әзиз өмір қызығынан құр қалса да сол мұрат-мақсатты көздейді.

Бұл ұлықтың дәуірінде залымдар жоғалып, еш кісіге зұлым қылмады. Бұл ұлықдар патшаның қызметінде жүргенде дүниеуи ақиқат үстем болып, патша тура жолда жүруі, әдепті үйренуі – Құдайдың әмірін қабыл қылып, мақсатыма жеткенім деп бұл әзиз патшаның қызметінен бір сәтке де жырақ қалмады. Бұл әзиз не нәрсе қаласа, оның қалағаны болды. Һәр нәрсе сұраса, оның сұрағаны орындалды. Барлық бектердің, ғалымдар мен әмірлердің мұң-мұқтажын патшаның алдында осы әзиз қарады. Халықтың қаншама шиеленген істерін бұл әзиз ұдайы оңайлатты. Осыған орай халық түгелдей бұл әзизге дұға қылып, жақсы ниетпен істеріне оң баға беріп дұғаға қосып отыратын. [Ол] сырты бүтін залым кісінің ішін түрінен көретін. Көрмеген кісіге бұл әзизден жақсылық келмес еді.

Бірде осы шаһардың дәруіштерінің бірі дәруіштік тариқатында бір күрделі сөзге тап келді. Қаншама тыраштанса да, бұл сөздің түйінін шеше алмады. Күннен күн өткен сайын бұл сөз күрделене түсті. Бірнеше жыл өтіп еді. Бұл сөз түйіні әбден күрмеліп кетті. Бұл дәруіш сол жақтан көшеге де шыға алмады. Бір түні зарлап жылап, тұрып ғұсыл дәрет қылып, екі рәкәт намаз өтеп, намазын аяқтап басын сәждеге қойып: «Илаһи, бар нәрсені білуші сенсің, біз білмейміз. Кемел ғылымыңмен біліп тұрасың. Менің күйреген көңілім неше жылдан бері осы күрмелі сөзден шыдам таппай, барғанша күрделеніп бара жатыр. Бұл сөздің салдарынан менің ажалым жақындап тұр», – деп мінәжат оқып тұрған-ды. Көздеріне ұйқы кірді. Түсінде біреу хабар берді: «Әй, дәруіш, бұл көңіліңіздегі шешімі табылмаған күрмелі сөзіңізді анау патшаның есігіндегі пәлен жасауылдан сұра. Ол оңай шешіп береді», – деп сүйінші береді. Бұл дәруіш оянып, көздерін ашып қараса, ешкім маңында жоқ. Көңілінде қатты қуаныш болды. Іштей уайымдап ойлады. Патшаға күзетші болған кісі мұндай сөздерді оңай шеше алатыны мүмкін емес деп жорыған-ды. Әйтсе де, қалай болса да барайын деп ертесіне қарауылдың алдына барды. Қараса, ол бұзық мінезді, қатал кісі екен. Одан көңілі қалмаған ешкім жоқ екен. Бұл дәруіш көріп таң қалады. Бір мезгіл тұрып еді. Алдына барғанша ділазар болып қалатынын көріп, бұл дәруіш қайран қалды. Содан сөзін мұндай ызақор, жаман қылықты кісіге ұғындыру оңай болмайтыны мәлім болды. Бұл «менің көрген түсім шайтан екен» деп, келгеніне жүз мың өкінді. Сол заман іші күйіп, мұңы бұрыннан да арта түсті. Жылай-жылай ұйқыға кетті. Кешкісін түсінде біреулер: «Бұл сөзіңіздің түйінін сол қарауылдан сұра», – деп хабар берді. Бұл дәруіш оянып: «Мен кімді жаман көрсем, түсімде ұлылар мені сол кісінің қасына барасың», – деп бұйырады деді. Қайран қалып, әлгі дәруіш ертесіне тұрып, бұл жасауылдың алдына барады. Түнеукүніден жүз есе ділазарлығы арта түсті. Өз өзіне: «Әй, дәруіш, мәлім болды, сенің бұл көрген ісіңнің нақты себебі шайтан екен» деп қарауылға ерегесіп, өрттей жанды. Үйіне оралып, ақшамға дейін жылады. Кешкісін тұрып ғұсыл дәрет жасап, екі рәкәт намаз өтеді. Басын сәждеге қойып жылай-жылай көздері ұйқыға кетті. Тағы да түсіне бұл әзиз: «Бұл сөздің түйінін қарауылдан сұрамайынша, ешқашан шешілмейді. Ол қарауылдың түрі қатал көрінгенімен, сенің сөзіңнің түйінін оған ұқсас жүз мың сөздің күрмесі болса да, ол бір мезетте шешеді. Ол Құдайдың достарының қатарында», – деп ишарат берді. Бұл дәруіш қайран қалып: «Ғажап екен, менің сөзімнің түйінін бір кісіге  бұйырады. Ал, ол кісіде бұл сөздің түйінін шеше алатындай ешқандай белгі көре алмадым», – деп, жүз ойлана тағы да барды. Қараса, оның ділазарлығы бұрынғыдан жүз есеге арта түскен. Дәруіш бұны мүлдем терістеп, «бұл сөзімнің түйінін шеше алмасам, шешілмей-ақ қойсын. Мен бұндай кісінің жанына баруға шыдамым жетпейді» деп күйіне айтты. Бұл қарауылға мәлім болды. Дәруіш мүлдем үмітін үзді. Енді ешқашан келмейтін болды. Бұл сөздің түйіні сол күйінде қала беретін болды. Бұл дәруішке қарауылдың жаны ашыды. Шақырды: «Әй, дәруіш, тоқта, үш күн бұл жерге келіп, енді неге қайтып бара жатырсың?», – деп сұрады. Бұл дәруіштің қолынан ұстап, бір бұрышқа алып барды. Көп уақыттан бері шешімі табылмаған сөзінің түйінін айтып берді. Сонда бұл дәруіш жылап, қарауылдың аяғына жығылып: «Әй, қарауыл, мұндай ұлық мәртебелі мансапта тұра, неге мұндай ділазар қарауылдық жұмысты таңдадың?» – деп арыз айтты.

Оған бұл қарауыл: «Мен өз таңдауым бойынша қарауыл болмадым. Бірақ менің саған қатал залым кейпінде көрінудегі мақсатым – сені сынамақ болғаным, сен мені танымай теріске шығарып, дәруіштік тариқатында кәпірге айналып ең. Саған жаным ашып, өмірің зая кетпесін деп өз «менімді» өзім әшекереледім. Әйтпесе, сен терістеу теңізінде батып кетер едің. Әй, дәруіш, әулиелерді теріске шығармақ – «құпия күпір» болып табылады. Тағы да білгенің жөн, бұл әлемде әулиелер қандай бір жаман іс жасағаны мәлім болса да, әулиелікті теріске шығару [мүмкін] еместігін» айтып насихат қылды. Онда ол дәруіш жылап, қарауылдың аяғына жығылып: «Бұндай биік мәртебеге ие бола тұра, қарауылдықты не үшін таңдадың?» – деп сауал қойды. Сонда бұл әзиз: «Менің мақсатым бұл патшаның істерін реттей отырып, халықтың арасында ізет пен құрметке ие болайын деп қарауыл болмадым. Бәлкім, Құдайдың пенделерінің арман-мұратына жеткізуге патшаға ықпал жасап, халықты мұқтаждықтан шығарып, олардың көңілдеріне шаттық ұялатсам, ақыреттің патшалығына лайық болар ма екенмін деп жасауыл болдым. Бір мүміннің көңіліне ауыртпалық түскен болса, мүміннің арманын патшаға айтып, ол кісінің сұранысын қанағаттандырсам, ақыретте оның нәтижесін, игілігін көрер ме екем деп жасауыл болдым»,-деді. Әрі: «Әр дәруіш мынаны білгені жөн, халыққа Құдайдан жырақ көрінгенмен, іштей Құдайға құлшылық етіп, иманды бол», – деді.

Бұл сөзден дәруіштерге кеңес мынадай: «Дәруіш кісі кемелге жеткенше халыққа өзін Құдайдан жырақ көрсеткендей болып, іштей Құдайға мына бәйітте жыр болғандай [ұстайды]:

Іштей таныс, сырттай бөтен

Сұлулық бұл жаһанда аз екен.

[Сол себепті] «Дәруіштің дәруіштігін кісі білмесін деп, сыртымды қатал залым кейпінде қылдым» деді. Бұл кеште патша менің қызметімде не болып жатқан екен деп түн жарымында тұрып аралауға шыққан-ды. Қараса, халықтың бәрі ұйықтап қалыпты. Бұл қарауыл болса, құбылаға қарай қарап мінәжат қылып тұр. Құдайға жылап: «Әй, Алла, мені бұл патшаның сарайына қардар қылып, патшаны тақтың үстінде әзиз қылыпсың. Бұл патша сенің дергаһыңа бас исе екен деп талап қылдым. Мен сол үшін оған қызмет қылып едім. Ол арманым орындалмады. Енді мені бұл патшаның есігінен босатқаныңды қалаймын» деп айтып жатыр екен. Патша қарауылдың бұл сөзін естіп, қатты абыржып қалды. Сосын: «Әй, қарауыл, сенің ынсапыңа рахмет, табысыма дұға қылып [Алладан] күнде сұрайсың, азғындықтың алдын алуға тырысасың, жамандыққа қарсы берік тұрасың. Кел, мен де бұл патшалықты тастап, бірнеше күн Құдайдың жолына тиісті істерді орындайын», – деді. Күйініп үйіне кірді. Таң атқанша жылап, түнді ұйқысыз өткерді. Ертесіне қарауылды шақырып: «Әй, ұлық, бүгін кеште менің көңілімде бір от пайда болды. Бұл патшалықты тастаймын. Сіз не дейсіз?» – деді. Қарауыл: «Не себептен көңіліңізде от пайда болды?» – деді. Патша: «Өмірім босқа өткенін ойланғасын көңілімде от пайда болды», – деді. Сонда бұл жасауыл: «Құдай жолына қарай бет бұрғаның мүбәрак болсын», – деді. Сонда бұл патша: «– Әй, ұлық, менің мәслихатыма сіз пәрмен берсеңіз, қабыл аламын», – деді. Қарауыл: «Әй, патша, күнде кешкісін менімен сұхбаттас бол, бірақ патшалығыңызды тастамаң. Сізге жаңа жұмыс қажет емес», – деді. Патша бұл кеңесті жан-жүрегімен қабыл алды. Күндіз тақта отырып патшалығын жасады. Кешке болса, қарауылмен бірге бір ғибадатханада Құдайға құлшылық етті. Патша бірнеше жыл осылайша өткізіп, кемелге жетті.

Енді мынаны білген жөн, бұл ғұлама ғалым шейх Құтыбаз қарауыл болмағанда да уәли еді, алайда айтарлықтай кемелді емес еді. Өйткені, осыған шейін шейх Құтыбаз тоқсан жасады. Қырық бес жыл патшаның есігінде қарауыл болды. Халықтың арман-тілегін патшаға жеткізіп тұрды. Мұсылмандардың қажеттерін өтеді. Патшаны кемелге жеткізді. Ал, ғұлама шейх Құтыбаз жасауыл болмағанда кемелге жетпес еді.

Сол күні кешкісін ғұлама шейх Құтыбаздың құлағына ғайыптан: «Әй, ғұлама  шейх, қашанға дейін патшаның есігінде қарауыл боласың? Менің дәргәһыма келетін уақытың болды. Меккеге бар», – деген әуез келді. Ғұлама шейх Құтыбаз бұл әуезді естіп қуанды. Жиналып барып, патшадан рұқсат сұрады. Патша: «Әй, ұлық, менде сіздей әзіреттің қызметінде болып сізбен бірге барайын», – дейді. Сонда ұлық: «Әй, патша, сізге насихат қылмай-ақ, сөздің анығы – сіз өз шаһарыңызда отырып әділдікпен мұсылмандардың көңілін алып, Пайғамбар ғалейһи-с саламның хадисінде: «Бір мәрте әділдік жасаған, жетпіс жыл Құдайдың дәргаһына риясыз құлшылық қылғаннан абзал. Өйткені, Мекке деген – бір үй. Ал, мұсылмандардың көңілі – Құдай тағаланың тағы» деген. Сіздің шаһарыңызда жүздеген мүмін бар. Солардың көңілін хош қылғаныңыз –Меккеге тәуап қылғаннан артық. Құдай тағала шексіз ғылыммен сіздің әділдігіңізді, патшалығыңызды біліп, бұл халыққа патша қылған. Сіз өз таңдауыңызбен патшалықты тастамаң. Егер басқа біреу сіздің орныңызға патша болып, бұл халыққа зорлық-зомбылық қылып тұрса, Құдайдың ғазабына кіріптар болар», – деп айтты.

Сөйтіп, патшаны жолсерік етіп Меккеге алып жүруді ғұлама шейх қабыл қылмады. Әрі бұл әзиз: «Әй, падиша, аса абыржыма. Мен сіздің орныңызға Меккеде тәуап етемін», – деп патшаның көңілін жұбатты.

Меккеге қарай жолға шықты. Алты ай жол жүрді. /Құдайдың ілтипатымен Меккеге жетті. Тәуап қылып жүргенде бұл әзиздің құлақтарына: «Әй, ғұлама, өміріңізді Меккеде өткізіңіз» деген әуез келді. Бұл әзиз қуанды. Жетпіс рет айналды. Бұл әзиз Меккеде он жыл тұрып, бес жүз кісіні тәрбиелеп, кемелге жеткізді. Өзі әзіреті Мұса пайғамбардың пәк рухынан тәрбие алды. Әзіреті әмірәл-мүмінин Әлидің пәк рухынан да тәрбие көрді. Әзіреті Жүсіп ғалейһи-с саламның пәк рухының да назарында болды.

Бір күні бұл әзиз Мекке мүбәракта отырғанда: «Әй, ғұлама, екі дүниенің дәулеті саған мүмкін болды» деген әуез келді. Бұл әзиз бұл сөзді естіп, мұнан артық қандай бақыт болар екен деп отырған-ды. Бірнеше әулие келіп бұл әзизге көсемдік мәртебесінің киімін кидірді. Фатиха оқып көсемдік мәртебесін паш етті. Бұл әзиз тоғыз ай көсем болды. Аспан мен жерді өз билігіне алды. Бір күн бұл әзиз мешітте отырғанда ғайып абзалдардан [ерендерден] төртеуі алдына келіп: «Тұрыңыз, әй, ғұлама, Құдай тағала сізді ғайып ерендерден қылды», – деді. Бұл әзиз қуанып, ғайып ерендерге қосылып кетті. Бәқиһ[2] – Қабірстанда жерленгендер жайындағы шындық рауаятқа қарағанда ғайып абзалдарға қосылып кеткен-дүр. Бұл әзиздің пәк рухының құрметіне Бәқиһ Қабірстанда жатқан кісілерге ұқсас барлық мұсылмандарды көр азабынан халас қылғайсың. Дәруіштік тариқасымен келетін жоғары мәртебеге жеткізгейсің. Ақылдыға ишарат дүр – бұл әзиздің құрметінен Бақиһ Мазарындағы мұсылмандарға азап жоқ. Тәмәм. Дұрысын Алла біледі!

 

[1]Семағ /а – арапша зікір түрі, үндесу, жағымды әуен.

[2]Бәқиһ – Мәдине қаласындағы мазарлықтың есімі.

аударған Серікбай ҚОСАН

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған