Ясауи мұрасы

Ясауи жылы – қазақ руханиятының жаңа белесі

e36a512fe5b90101a88ae780e05256f8_XL
Айнұр Әбдірәсілқызы, әне-міне дегенше тағы бір жылды артқа тастадық. Есік ашып енген 2016 жылдың алғашқы айын да еңсеріп қалдық. Ендеше, жыл бастамалары несімен ерекшеленгелі тұр деген сауалға назар аударсақ.

– 2016 жыл – рухани мәдениетіміздің алтын белесіне айналатын мәртебелі жыл. Бұл жыл ЮНЕСКО көлемінде «Қожа Ахмет Ясауи жылы» болып жарияланды. Демек, әлем халықтарының назары Қазақстанға ауатын, Ұлы Дала Елінің асқаралы рухын асқақтата түсетін абыройлы жыл келді.

– Ендеше сұхбатымызды дәл осы тақырыпта өрбітелік. Жаттандылау көрінсе де жалқы сауал: Қожа Ахмет Ясауи кім, қандай тұлға?

– Қожа Ахмет Ясауи – түркі халықтары рухани мәдениетінің барлық саласында – әдебиетінде, тарихында, мәдениетінде, дүниетанымында, ойлау жүйесінде өшпес із қалдырған дара шығармашылық иесі, бірегей рухани-моральдық ілімнің негізін салушы тұлға. Бүгінгі күн биігінен алғанда Ясауиге осындай анықтама берген жөн дер едім. Өйткені «Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның» деп Мұхтар Шаханов ағамыз айтпақшы, замана кейде алтынның да қадірін әртүрлі бағалап жатады.

«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,
Жамандар жақсымын деп айқайлайды.
Жүрген соң бауырында күнде көріп,
Таулардың биіктігі байқалмайды»
дейді атамыз қазақ. Өзін «жақсымын» деп айта алмаған, «Барша –жақсы, біз – жаман, Барша – бидай, біз – сабан» деп, өзін кішік тұтумен өмірі өткен, «О, Алла, әлем халқы оңалды, мен оңалмадым» деп, әр таңда жағасын тұтып, зар жылаған, өзін тану арқылы Алланы тану үшін нәпсісін тыйып, рухын жетілдіріп, «мен» емес, «ОЛ» деп өткен ерендердің бірі де бірегейі Ясауи еді.

Бүгінгі байбаламшыл базбіреулер секілді оның өзгенің мінінде шаруасы болған жоқ. «Құл Қожа Ахмет, нәпсіңді теп, нәпсіңді теп», «Құл Қожа Ахмет, насих (уағызшы) болсаң, өзіңе бол», «Қайда көрсең, жетім, ғаріп көңілін аула», «Дүниеқұмар тексіздерден бойыңды тарт», «Сақал-шашым көп ағарды, көңілім қара», «Саған аян, амалсызбын, көп-дүр күнәм» деп, өзін-өзі айыптап, өзін-өзі тыйып, тәрбиелеп, тазартып, табан ақы, маңдай терімен күн көріп, Құдай берген ілімімен қайрат еткен пәк табиғат иесі еді Ясауи.

Хикметтерінде айтылғандай «Хақ Мұстафа Миғражда рухым көрді», «Алты жаста сабақ алдым періштеден», «Барша ұлық жиылып кеп, үлес берді» екен деп, өзін асқақ тұтпады, керісінше, «Хорасан, Шам, Иракқа сапар шегіп, Ғаріптіктің көп қадірін білдім мен-а» деп, дүние ғұламаларынан ілім алу үшін ел кезіп, табанынан тозды. «Туған жерім – мүбәрак Түркістаннан Бауырымды тасқа ұрып келдім мен-а» деп жат жұртта жапа шекті. «Көзім жасты, жаным дертті, жүрек жара» деп жүріп, Түркістан жұртына қатысты «қасиетті» деген теңеуді алғаш қолданған да Ясауи еді. Сөйтіп жүріп түгел түркінің руханиятына негіз болған рухани ілімді жасады, әдебиетіне ұлы реформа алып келді. Жасайын деп жасаған жоқ, оның таза, текті, дара шығармашылық тегеуріні еріксіз осындай нәтиже берді. Содан кейін Түркістан Ясауиімен қасиетті атанды…

– Ясауидің өмірдерегінен мәлімет бере кетудің осы тұста орайы келген тәрізді…

– Ақынның дүниеге келген мерзімі туралы нақты дерек жоқ. Ортағасырлық жазбаларда Қ.А.Ясауидің хижраның 562 жылы (б.ж.с. бойынша  1166 жылмен сәйкес) дүниеден өткені айтылады. Осы дерекке және хикметтердегі мәліметтерге сүйене отырып,  ақынды 63 жыл өмір сүрген деп санайтын зерттеушілер оның туған жылын 1103 жылмен шендестірсе, 73 жыл жасаған деп есептейтіндер бұл мерзімді 1093-94 жылдармен белгілейді. «Ясауи 125 жыл өмір сүрген» деген болжамға ден қойған ғалымдардың үшінші тобы оны 1040 жылдары туылған деп есептейді.

Ежелгі Сайрам (Испиджаб) қаласында дүниеге келген Ясауи рухани тәрбиенің алғашқы сабақтарын өз әкесі Ибрахим шайхтан алады. Әкесі дүниеден өткен соң, Арыстан бабтан аманат-ілімді қабылдаған болашақ Түркістан пірі біршама уақыт Ясы (Түркістан) қаласын мекен етеді. Есейе келе ілім іздеп, өз хикметтерінде айтылғандай, «Хорасан, Шам, Иракқа сапар шеккен» Ясауи өз дәуірінің көрнекті дін ғұламаларымен сұхбаттас болып, рухани тәжірибесін жетілдіріп, кемелдену сатыларын өткеріп, толысқан шақта Ясыға оралады. Сонда тұрақтап,  рухани ілімін таратады, өзінің ғибратты хикметтерімен мәшһүр болады. Өмірін Алла жолына арнаған, сансыз көп шәкірт тәрбиелеп, рухани кемелдікке жеткізген Ясауи 63 жасқа келгенде «Мұстафаға матам /аза/ тұтып» жер астындағы құлшылық мекеніне – қылуетке түседі. Ойшыл ақын өмірінің неше жылға созылғаны бәймәлім, бұл жайында тек аңыздарда келтірілетін Ясауидің өзі айтты делінген: «Жер бетінде неше жыл өмір сүрсем, жер астында да сонша жыл өмір сүремін» деген сөзі мен «Жүз жиырма беске кірдім, біле алмадым» деген хикмет жолдары ғана сақталған.

Ясауи дегенде ең алдымен оның ақындығы ауызға алынады. «Ясауи қандай ақын?» деген сауалға қалай жауап беруге болады?

– Ясауи – отаншыл, ойшыл, діндар ақын. Ұлт әдебиетіне «Диуани хикмет» сынды өміршең мұра қалдырған Ясауидің рухани кемелдік ілімін насихаттап, Жаратушыға деген махаббатты арқау еткен хикметтері өз кезегінде көркем әдебиет туындысына қойылатын талаптарға толығымен сай келетін көлемді де кең өрісті поэзиялық шығарма болып табылады. Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығында ғазал, мінәжат, мадақ, айтыс, дастан секілді араб-парсылық және түркілік жанрлардың әрбірі жеке түр ретінде қамтылған және сонымен бір мезгілде осы шығармашылық құбылыс нәтижесінде аталған жанрлардың барлық ерекшеліктерін бойына сіңірген көп өлшемді, кең ауқымды симбиоз жанр – хикмет қалыптасқан.

«Диуани хикмет» арқылы негізі қаланып, ғасырлар бойы жалғасын тапқан аталмыш жанрда көптеген әдеби туындылар дүниеге келді. Ясауидің поэтикалық мектебінен нәр алған ақындар негізінен хикмет дәстүрін жалғастырып, осы жанрда жырлады. Орта Азиядағы кеңінен танымал әдеби мектеп – Қожа Ахмет Ясауидің ақындық мектебі болды.   ХІІ–ХVІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген Сүлеймен Бақырғани, Камалиддин Иқани, Жүсіп Байдауи, Шәмсатдин Өзгенди, Құл Убайди, Құл Шариф, Шайх Худайдад секілді ақындар осы мектептің даңқты өкілдеріне айналды.

Түркі топырағындағы бай әдеби дәстүрден бастау алған Ясауидің «Диуани хикметінде» алғашқы кезекте төл поэзиямыздың көркемдік және құрылымдық ерекшеліктері дамытылды. Рухани ізденіс барысында араб және парсы поэзиясының көрнекті өкілдерімен сұхбаттас болған ақын аталмыш халықтардағы сөз өнерін де терең игерген. Ойлы мазмұнды басты бағдар тұтқан, жалаң пішіншілдіктен іргесін аулақ салған  Ясауи хикметтері түркі өлеңін аруз экспансиясынан сақтандыруда елеулі роль атқарды.

Ясауи поэзиясы түркі халықтары әдебиетіндегі көптеген үдерістерге негіз болған. Танымдық, тәрбиелік және идеологиялық роль атқаратын Ясауидің заманалармен замандас хикметтері  – өз кезеңі үшін де, кейінгі дәуір аудиториясы үшін де тағылымдық мәні зор туынды. Имандылықты, рухани құндылықтарды ұстын еткен түркі дүниесіне ортақ шайырлар мен қазақ ақын-жыраулары поэзиясының көркемдік-құрылымдық бітімінен Ясауи туындыларының айқын әсері байқалады.

Жалпы, Ясауидің ақындық әлеміне қатысты әрбір тақырыпты жеке-дара сөз еткен дұрыс, өйткені жинақтай айтқанда ешбірінің мәні толық ашылмайды. Сондықтан Ясауи жылының өн бойында зерттеу мақалаларының сериясын жариялап отырғанымыз жөн деп білемін.

– Ясауи мұрасын зерттеудің әлі де жүзеге асырылмаған жұмыстары көп болса керек. Қай мәселелерге бірінші кезекте назар аударуды жөн көрер едіңіз?

– Ясауидің «Диуани хикмет» атты шығармасының мәтіні біздің дәуірімізге дейін сегіз ғасырдан астам уақыттың сүзгісінен өтті. Туындының ғылымға белгілі ең көне қолжазбасы ХVІІ ғасырға тән деп есептеледі, яғни бұл – жазылған мерзімінен 500 жыл кейінгі уақытта сан рет көшіріліп, талай өзгеріске ұшыраған, ақын жолын жалғастырушы бірқатар шәкірттердің қолтаңбасы қалған нұсқа. Мұндай тағдыр Ясауи қолжазбаларының барлығына тән. Әлемнің әр шалғайындағы секілді Қазақстан жерінде де «Диуани хикметтің» көптеген қолжазба және баспа нұсқалары сақталған. Жоғарыда аталған себептерге байланысты олардың бір-бірінен қамтылған хикметтер саны, мазмұны, тілдік ерекшелігі жөнінен едәуір айырмашылықтары бар. Дегенмен бүгінге дейін республикамыздағы барлық мемлекеттік және жеке қорлардағы «Диуани хикметтің» қолжазбаларын жинау, жүйелеу, жарыққа шығарып, ғылыми айналымға енгізу, мәтінтанулық талдаулар жүргізу секілді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылмағандықтан, іргелі зерттеулерге іркілмей арқау етуге тұрарлық  хикметтердің жинақтық мәтіні немесе ғылыми-сыни мәтіні секілді бірде-бір сенімді нұсқа қалыптасқан жоқ. Ясауитанудағы ізденістердің адымын аштырмай отырған басты мәселе – осы. Сенімді нұсқаға сүйенбей жасалған қазіргі зерттеу жұмыстары мен хикмет аудармаларының елеулі олқылықтары бар екендігі қарусыз көзге де оңай аңғарылады.

Сондықтан Қазақстандағы «Диуани хикмет» қолжазбаларының каталогын құрастыру, соның негізінде хикметтердің жинақтық мәтінін жасай отырып, мәтінтанулық талдауларға жол ашу – кезек күттірмейтін мәселе болып табылады. Аталмыш саладағы каталог түзу бағытында жүзеге асырылған бірден-бір жұмыс өз кезінде Түркістан қаласындағы Ясауитану ғылыми-зерттеу орталығы жариялаған «Диуани хикметтің» қолжазба каталогы» болып табылады. Бірақ бұл еңбектің тек Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясының Шығыстану институтындағы қолжазба қорында сақталған нұсқалар негізінде жасалғанын және өзбек ғалымдарының басшылығымен даярланып, өзбек тілінде жарық көргенін ескерсек, отандық ясауитану ғылымында атқарылуға тиіс жұмыстардың өзекті күйінде қалып отырғандығы айқындалады. Бұл орайда Ясауи ілімі мен әдеби мұрасы дүниеге келген топырақта сақталып қалған қолжазбалардың құндылығы, түпнұсқаға жақын болу мүмкіндігінің жоғарылығы, ұлттық сипатының тереңдігі дау туғызбайтындығы анық.

Хикмет мәтіндерін жинақтауға қатысты ендігі бір мәселе – Ясауидің жаңадан табылған хикметтерін дер кезінде ғылыми айналымға енгізіп отырумен байланысты. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам елді мекенінің тұрғыны Атахан Азларханоғлының жеке кітапханасынан табылған Қ.А.Ясауидің бұрын ғылымға белгісіз болып келген 50-ден аса хикметтері түрік ғалымы М.Акардың дайындауымен 2004 жылы Анкара қаласында баспа жүзін көрді. Ата жұртымыздағы асыл қазынаны игеруге деген салғырттығымыздың салдарынан ай-күннің аманында қолдан шығарып алған қымбатымыз бір бұл ғана емес. Табылған мерзімінде тізімделіп, мемлекет мүлкіне айналдырылмағандықтан ақын хикметтерінің бірқатар нұсқаларының жоқтау-сұраусыз жоғалғаны көзкөргендердің ауызекі ақпараттарынан мәлім. Мұндай мәселелерде әдеттегідей көршілес өзбек ғалымдары сергектік танытып келеді. Өзбекстандық зерттеуші Н.Хасан ӨзРҒА Шығыстану институтында сақталған қолжазбалардың бірқатарына мәтінтанулық  талдаулар жасау арқылы Ясауи қаламына тән бұрын жарық көрмеген 73 хикметті жеке жинақ етіп жариялады. Жалпы, Ясауи шығармаларының мәтініне байланысты ізденістер жасау барысында ортағасырлық мәтіндерді игеру ісінде толымды тәжірибе жинақтаған Түркия, Өзбекстан ғалымдарының зерттеу нәтижелерімен ұдайы танысып отыру, мүмкін болған жағдайда бірлесе жұмыс жүргізу – қажетті әрі нәтижелі үдеріс болмақ. Сондай-ақ ақын өмір сүріп, шығармашылық із қалдырған Түркістан өңіріндегі жеке тұлғалардың қолында қазірге дейін «Диуани хикметтің» көптеген нұсқалары мен Ясауи негізін салған хикмет дәстүрінде жырлаған авторлардың туындылары, Ясауи рухани-моральдық ілімінің тарихы мен танымына қатысты еңбектер сақталып отырғанын, олардың ғылыми айналымға енгізілуі ортағасырлық әдебиетімізге қатысты  бірқатар ақтаңдақ беттердің орнын толтыратынын ескерсек, Оңтүстік өңіріне ғылыми экспедициялар ұйымдастыру ісінің де күн тәртібіне қойылуы қажеттігі айқындалады.

– Ясауидің өз хикметтерін түркі тілінде жазуын зерттеушілер оның түркі халықтарына түсінікті болуы үшін мақсатты түрде жасаған іс-әрекеті деп қабылдайды. Сіз қалай ойлайсыз?

– Шығармашылық адамында мақсаттылық емес, табиғилық бірінші орында тұрады. Ясауидің өз хикметтерін түркі тілінде жазбауы мүмкін емес еді. Ақынның тегі араб жұртына, Мұхаммед пайғамбар әулетіне барып тірелгенімен, он үш атасы түркі жерінде өсіп-өнген Ясауидің туған ортасының – түркілік орта, тұтынған тілінің – түркі тілі екенінде дау жоқ. Эмоциялық сәттердегі сезім құйылысының сәби шақтан санаға сіңген тілде ғана төгілетіні тағы мәлім. Ендеше, хикметтердің түркі тілінде жазылуын табиғи құбылыс ретінде қабылдап, сыршылдық табиғатын мойындаған жөн. Өзін түркі перзенті ретінде сезінген, түркі жұртын өз жұртым деп білген, Түркістан өлкесін «туған жерім» деп жырлаған Ясауидің өз хикметтерін бөгде тілде жазуы қисынға келмейтіні ақиқат. Осыдан кейін ғана мақсатты мәннің үстемеленуі жайлы ой қозғауға болады. Яғни, хикметтердің түркі тілді аудиторияға түсінікті болу, түркі тілінің өміршеңдігін сақтау мақсатымен түркіше жазылуы аталмыш табиғи сезімдердің ізін ала жүріп отырған қалыпты құбылыс деп таныған жөн. Ясауидің түркілік туындыларында «өзім» деген өзектен жарып шыққан перзенттік пейіл басым. Ясауи өзін түркінің төл перзенті санады. Біз неге жатырқауымыз керек оны?

Ясауи жатқан топырақтың иесі – қазақ жұртына бүгінде түгел түркі халқы қызыға да, қызғана да қарайды. Рухани ілім қайнарынан қану үшін хикметтерін таласа-тармаса өз тілдеріне аударып, әдебиеті мен мәдениетінің, философиясының, дінінің тарихына мызғымастай етіп енгізіп қойған. Білім беру саласының барлық деңгейлерінде Ясауи шығармашылығын оқытады. Соның ешбірінде олар Ясауиді «қазақтың жерінде жатыр ғой» деп шет қақпайды, керісінше «бабамыз» деп бауырына тартады. Бұл жерде ен байлықтың ортасында ғана емес, ордасында да біз отырмыз! Рухани байлықты айтамын әдеттегідей…

Сондықтан Ясауи жылы – қазақ рухының, бірлігінің, елдік қасиетінің сыналар жылы. Көк Түріктер қағанатының абыздары аңсағандай, «Елдігімізді елсірете, Қағандығымызды қағансырата» аламыз ба, әлде ісімізді, күшімізді берер жерімізді білмей, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен ен байлыққа аңыра қарап, құр қаламыз ба – ол осы жылғы қажыр-қайратымыздан айқындалмақ.

– Сұхбатыңызға үлкен рахмет!

«E-Islam»

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған